• Заманхат
  • 28 Ақпан, 2021

ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ – ЖАСТАРҒА СЕРТ

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ, 
журналист

Дүние көшіне қазақ дейтін іргелі, текті жұрттың тәуелсіздік туын тігіп, егемен ел атанып, өзге елдермен иық теңестіре, қатарласа қадам басу жолында ұлтымыздың ұпайы түгел болуы үшін жастар мәселесіне де көңіл қойып, назар тіктеп, зер сала қарайтын шақ туды. Себебі бұл жайында көңілге алаң кіріп, жүрегімізді шым-шымдап толғандыратын шиыршық атқан сауалдар жоқ емес. Солардың қатарында – қазақ жастарының оң-солын танып білгеннен кейін, қанаты қатайып, топшысы нығайған соң, әне-міне өз еліне қызмет жасайды-ау деген шағында шекара асып кетіп, бақытын да, бағын да қаймана жұртының ортасынан емес, шет мемлекеттерден көбірек, жиірек іздеуі әсте ойландырмай қоймайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан халқы Ассамблеясының алқалы басқосуында нақ жастардың демесе де, кейбір отандастарының шетелдерге кетіп жатқанына қатысты қынжылысын жеткізгені күні кеше еді. Әрине, бұл жердегі негізгі емеурін үлкендер емес, жастарға қатысты жасалғаны айтпаса да түсінікті. Шынтуайтына келгенде, бұл өте өзекті мәселе екені баршамызды ойландыруы керек-ақ. Өйткені жастар – елдің болашағы, келешегі дейміз. Елінің ертеңін өрге сүйрейтін, мемлекетіміздің іргетасын нығайтып, тәуелсіздігімізді баянды қылатын білімді, ақылды, қайратты жастардың шетелдерге көбірек көз тігіп, солай қарай иек артуы, өзінің ертеңін бүгінгі елімен, жерімен емес, басқа елдерден көргісі келетіні жастар мәселесінде кеңінен отырып талқылайтын түйткілдердің бар екенін көрсетеді. Жастардың рухани әлемі, өмірге көзқарасы, өзіне және өзгелерге, тіпті, қоғамға, мемлекетіне қояр талабы дейміз бе, қай деңгейден, қай дәрежеден көрінеді, жалпы, жастар нені қалап, қандай мұрат-мақсатты көксейді, олардың мінезімен, психологиясымен, ниет-көңілдерімен есептесіп, санасып жатқан біреу бар ма? Осы тұрғыдан келгенде ең басты міндет – бүгінгі қазақ жастарының ой-арманын білу, олардың бойындағы талантты, рухани-мәдени әлеуетті, талпынысы мен жігеріне жауап берерліктей, яғни, өздерінің жастарға тән ішкі қуатын өз елінде жүріп толыққанды жүзеге асыратындай және түрлі бюрократиялық кедергілерге тап болмайтындай жағдай туғызу – осы күндегі маңызды міндеттің бірі болып отырғаны сөзсіз. Бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел жастарының мәселесіне жіті көңіл аударатынын өз қызметіне кірісе сала бірден байқатты. Бұл өте дұрыс қадам. Өйткені өркениетті елдердің көбі жастарымен, олардың талап-тілегімен санасатынын әлемдік БАҚ құралдарынан көріп, оқып, естіп жүрміз. Ахмет Байтұрсынұлының ғажап сөзі бар: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген. Осы ұлағатты пікір өзінің өзектілігін әлі де жойған жоқ. Қайта дәл бүгінгі маздаған шоқтай, алаулаған оттай маңыздана, айқұлақтана түсті. Ахаңша айтсақ, елім дейтін баланы өсіріп, тәрбиелеп шығару үшін балам дейтін елге айналуымыз керек қой. Данышпан қазекем: «Өсетін баланың бетін қақпа, белін бу» демей ме. Жастардың жігерін жасытпай, маңдайынан сипап, қамқорлық таныту, олардың да айтар ой-пікірін тыңдау, ұсыныстары мен тұжырымдарына құлақ асу, өтініштерін аяқсыз қалдырмау тәрізді қарапайым қағидалар орындалмайтын болса, жастар да үміт үзіп, өзіне ыңғайлы, таланты мен білімін мойындайтын және соған лайықты қаражат төлейтін ортаны іздей бастайды. Талантты жастар өз елінде қажетсіз болып жүргенін шетелдік мамандар да бірден байқап, ат-көлігін ұсына қоятыны белгілі. Жақсы қызметке шақырады. Қазір ақылды жастар кез келген мемлекетке керек. Олар сол мемлекеттің гүлденуіне, көркейіп дамуына тікелей үлес қосып, атсалысады. Советтік кезеңнен қалған психология біздің қоғамда әлі де қалмай келеді. Жастарды баласыну, менсінбеу деген сияқты бүгінгі заманға тіпті үйлеспейтін біртүрлі, қым-қиғаш мінезден бүкіл қоғам арылу керек. Әлемді аузына қаратып отырған «Фейсбук» желісін Марк Цукерберг бастаған жастар ойлап шығарған. Бұл көрсеткіштің өзі АҚШ қоғамындағы жастар саясатына деген көзқарастың, жүйенің дейміз бе, барынша дұрыс, оңтайлы құрылғанын байқатып отыр. Кейде отандық телеарналардан көріп қаламыз, пәленбай ауданда, пәленбай ауылда бір жас бала ғылыми жаңалық ашыпты, өмірге керекті бір нәрсе жасап шығарыпты деп айтылып жатады. Бірақ, соларды әрі қарай қолдауға, қамқорлық жасауға келгенде шабандығымыз бар екенін де мойындауымыз керек. Өз жастарымызға өзіміз сенгіміз келмей ме, әйтеуір, уақытша бола салған құбылыс ретінде қабылдай салып, әрі қарай бұл мәселе қалай өрбіп, қалай дамуы керек, ол ғылыми жаңалықтың мән-маңызын кең қолданысқа ендірейік деп шауып жүрген ешкім жоқ. Әлгі жастың жігері құм болмағанда қайтеді. Марк Цукербергтер «Фейсбук» желісін университет қабырғасында жүріп-ақ өмірге әкелді. Демек, олардың жоғары оқу орындары да осындай таланттардың өсіп-өнуіне жағдай туғызған. Қазақ жастары дарын мен қабілет, талант пен интеллектуалдық дәреже жағынан ешбір елдің жастарынан кем түспейді. Әйтпесе, олар шетелге кетіп, атақты компанияларға қызметке тұрмаушы еді. Демек, барлық кілтипан, барлық негізгі себептердің бірі – өз жастарымызды өзіміз лайықты дәрежеде бағалай алмай отырғанымызда. Өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, оқуын енді бітірген жас маман жұмыс іздеп барса, тәжірибең жоқ деп жұмысқа алмай жатады. Бұл не деген сорақылық. Осы көзқарасты біз түбегейлі өзгертуіміз керек қой. Оқуын енді ғана бітірген жас маманда қайдағы тәжірибе? Ол тәжірибені жұмыс істеу барысында жинайды ғой. Бюрократиялық кедергілер де жастардың бойындағы талантын, қабілетін жүзеге асыруына көп жағдайда тосқауыл болатынын ашық айтуымыз керек. Жастарға деген қоғамның көзқарасы өзгермей ештеңе де өзгере қоймайды.

Жастар елден неге кетіп жатыр деген мәселенің тағы бір себебіне тоқталатын болсақ, бүгінгі әлемнің сипаты өзгеріп бара жатқанын көріп отырмыз. Дүниежүзі елдерінің халықтары бір-бірімен тығыз араласып, алыс-беріс, барыс-келіс көбейді. Бір елде өмір сүріп, екінші елде жұмыс істеп, үшінші елге барып мейрамханадан ауқаттанып жүрген адамдар аз емес. Әлемдегі миграциялық, урбанизациялық үрдістердің ауқымы да, көлемі де арта түсті. Оның үстіне жаһандану дәуірінде өмір сүріп отырғандықтан, интернет, ұялы телефон тәрізді байланыс құралдарының шексіз түрде дамып кеткендігі де жастардың санасын өзгертіп, психологиясына да ықпалы мен әсерін тигізуде. Жастар табиғатынан жаңалыққа жаны құмар, жақсылыққа ұмтылғыш болып келеді. Олар дәл бүгінгідей кезең-уақытта бір орында тұрып қалуды хош көрмейді. Бүгінгі жастар бірнеше тілді меңгерген, арманшыл, сол армандарына қол жеткізбей тоқтамайтын жігерлі адамдардың қатарынан саналады. Себебі әлемдік дамудың динамикасы өте қарқынды деңгейге өтіп кетті. Ал жастар болса өз уақытының нағыз қаһармандары. Бұлай деп айтуымызға толық негіз бар. Өйткені жастар өмірдің бел ортасында, нағыз қайнаған тұстарында тіршілік кешіп жүреді. Демек, олар өз мезгіл-кезеңдерінің алдыңғы лекте келе жатқан сом да дара кейіпкерлері. Оларды ұстап тұру, белгілі бір стандарттарға, қатып-семіп қалған қағида тұжырымдарға кіргізіп жіберу мүмкін емес. Бұрын мүмкін болған шығар, енді мүмкін емес. Себебі заман өзгерді. Заманның бет алысы, өмір дариясы басқаша толқиды, өзгеше ағады. Демек, жастарға деген көзқарас басқа болуы керек. Бүгінгі жастар ең бірінші кезекке – адамның жетістігі дейтін мәселені бірінші орынға қояды. Білім емес, ғылым емес, басқа да емес, бүгінгі адамның ең басты көрсеткіші – оның қол жеткізген жетістігі деп қабылдайды. Яғни, жастардың көзқарасымен зер салсақ, Жетістік, Сәттілік, Табыс тәрізді өлшемдер арқылы адамның білімін, ақыл-ойын, қарымы мен қабілетін айқындайды. Бүгінгі жастар қандай кітап оқыдың деп сұрамайды, көлігің бар ма, үйің бар ма дегендей, материалдық құндылықтарды ең алдыңғы орынға шығарады. Әрине, олар рухани құндылықтарды жоққа шығармайды, бірақ көбіне-көп адамның адамдық өлшемі, құндылық есебіндегі көрсеткіші оның өмірінің белгілі бір кезеңдеріндегі жетістіктерге жете білуімен бағалайды.

Әрине, бүгінгі қазақ жастары біркелкі, бір бағыттағы жастар емес. Олар – әртүрлі. Ұлт мұраты мен аманатын барынша сезінетін, сол жолда келе жатқан жастар бар да, сонымен бірге санасы космополиттенген, ұлтының тарихын, салт-дәстүрін, ана тілін білмейтін жастар да бар. Алғашқы топ, сөзсіз, ұлтымыздың кеңістігін, болмысын, дүниетанымын, рухани-мәдени мұраларын келешекке апарады. Апарып қана қоймайды, соған өздерінің таңдаған салалары арқылы үлес қосып, шама-шарықтары келгенше байытып, түрлендіріп, ғылыми жаңалықтар ашып, ұлтын да, өздерін де сапалы деңгейге көтереді. Ұлтының бақытты болуын терең ойлайтын саналы жастар да осы топтан шығады. Негізінен алғанда, бүгінгі қазақ жастары, олардың рухани-мәдени болмысы, арман-мақсаттары – әлеуметтік, ғылыми тұрғыдан толық зерттеуді қажет етеді. Өйткен себебі қазақ жастарының арасында да түрлі көзқарастар мен ұстанымдардың жетегінде жүргендер бар. Бірі – батысшыл,  бірі – дәстүршіл, бірі – жаңашыл, бірі – діншіл, енді бірі – прогрессивті дегендей жіктеліп кете береді. Тиісінше, бірінің ұстанған құндылығын екіншісі жоққа шығаратын жастар да жоқ емес. Асылында, бұл мәселе жастар арасындағы «ұлт бірлігі» деген мәселеде қарама-қайшылықты көзқарасқа әкелуі де мүмкін. Сондықтан, «Бүгінгі қазақ жастары ұлт мұраты жолында бірлік таныта ала ма?» деген мәселенің туындап отырғанын жоққа шығару қиын. Көзқарастар мен түсініктер әртүрлі бола беруі мүмкін, бірақ қазақ жастарының ұстанатын айнымас темірқазығы бір болуы керек. Ол –  мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтау, қорғау, еліміздің дамуына қызмет ету.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласында ұлтымыз үшін ауадай қажет рухани-мәдени құндылықтардың басым бағыттарын атап өтумен қатар өзіміз тілге тиек етіп отырған – жастар мәселесіне, жастар төңірегінде жұртшылықты мазалап жүрген өзекті жайттарға кеңінен тоқталды. Соның ішінде жастардың шетелдерге оқу-білім жолына түсіп,  кетуі, қызметке қалып қоюы сынды мәселелерді де Мемлекет басшысы мақаласында айналып өтпеді. Енді аталған мақаладан үзінді келітірейік.

 «Жаһандану заманында айдай әлем алақандағыдай болып қалды. Талапты ұл-қыздарымыздың жер жүзіндегі кез келген елге барып, білім алуы қалыпты үрдіске айналды. Сонда қалып, қызмет істеп жүргендер де аз емес. Осы орайда, ел ішінде жастар шетелге кетіп жатыр деген алаңдаушылық бар. Мен жастарымыз білімін жетілдіріп, бәрібір елге оралады немесе шетелде жүріп-ақ Қазақстанның мүддесін қорғайды деп сенемін. ...Дарынды жастардың бәрі шетелде жүрген жоқ. Ел ішінде де білікті әрі білімді өрендер жетіп артылады. Біз оларды басшылардың жаңа буынын дайындауға барынша тартып жатырмыз. Менің бастамаммен құрылған Президенттік кадр резерві – осының айқын дәлелі. Жобаның келесі кезеңінде қоғам мүддесіне адал көшбасшыларды іріктеуге ерекше назар аударамыз. Билік органдарындағы азаматтар, ең алдымен, ұлттық мүддеге берік болуға тиіс. «Жас келсе – іске» дейді халқымыз. Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек. Осы орайда Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандырған жөн. Оны білікті әрі білімді жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдырамыз. Бұдан бөлек, мен азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынамын. Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Мемлекеттік саясаттың болашақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінеміз. Бұл ұстанымнан ешқашан айнымаймыз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туындайтыны сөзсіз. Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету» деп жазды Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекеттің, биліктің өздеріне деген көзқарасы қандай екенін білгісі, танығысы келетін жастар, Президентттің осы айтылған ой-тұжырымдарынан көп дүниені аңғарады деген ойдамыз. Себебі бәрі де тайға таңба басқандай нақты әрі айқын жазылған. Шын мәнінде, соңғы кезеңдерде ел жастарының мәселелеріне көбірек көңіл бөліне бастағанын байқамау мүмкін емес. Мұның бір парасын жоғарыдағы мақала үзіндісінен де аңдағандай болдық. Ендігі мәселе – Президенттің жастарға қатысты ұстанған бағытын жергілікті жерлердегі атқарушы билік өкілдері дұрыс жалғап, істің межесін діттеген деңгейге дейін жеткізе алса деген тілегіміз де жоқ емес. Әйтпегенде, жастарға қатысты жақсы сөздердің жалаң ұран күйінде немесе айтыла салып, күні ертең ұмытылып кететіндей болғанын бүгінгі таңда ешкім де қаламайтыны анық. Өңірлерде, жер-жерлерде жастарды толғандырған мәселелерін өз дәрежесінде шешімін табуы тиіс. Оған елімізде барлық мүмкіндік бар. Қысқасы, жастар өздеріне деген қамқорлықты, жанашырлықты толыққанды сезіне отырып ақ адал көңілмен, шынайы болмыспен берілген қызметтеріне жауапкершілікпен, елшіл, отаншыл сана-сезіммен құлшына, білек сыбана кірісулері керек.

Жастар қай заманда, қай ғасырда болмасын, қоғамдық өмірдің ең белсенді мүшелері саналған. Әрбір елдің даму көкжиегін, мәдени-рухани келбетін, арман-аңсарын, талпынған мақсат-мұратын белгілі бір дәрежеде сол елдің жастарына қарап та бағамдауға, бағалауға болады. Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп өлең жазғанда жастарға үлкен жауапкершілік пен сенім арту арқылы, сонымен қатар өздерінің тар заман қыспағында орындай алмай, қол жеткізе алмай бара жатқан істерін де аманат еткендей ұлт жастарына үлкен үмітпен қарағанын аңғарамыз. Осы ретте Мағжан сенген жастар қандай болу керек деген ой да бір сәт мазаламай қоймайды. Әрине, олар өз ұлтын сүйетін, ұлтының барлық жақсы құндылықтарын бойларына сіңірген, ақылды, парасатты, заманының озық білімдерін игерген, ұлттық және әлемдік дәрежеде ой өрбіте алатын саналы да сапалы толқын деп білеміз. Мағжан ақынның бұл философиялық сөзі олардың да өз заманының талап-тілегіне толыққанды жауап берген саналы да, алғыр жастардың қатарында болғанын көрсетеді. Қалай болғанда да, Алаш қайраткерлерінің барлығы да жас кездерінен-ақ елі мен жерінің тағдырына араласып, ұлтының келешегіне бейжай қарай алмаған тұлғалар болып қалыптасқандығын байқаймыз. Яғни, заманның алға тосқан міндеттеріне білек сыбана кірісіп, жан-жақтан төнген сын-қатерлерді де жетік сезініп, соңдарынан ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған өнегелі еңбектер, шоқтығы биік туындылар жазып қалдырды. Олардың дүниеге әкелген әрбір туындыларының, ғылыми еңбектерінің баспа бетінде жарық көру мерзіміне зер салар болсақ, көпшілігі жиырма мен отыздың айналасындағы жастар болғанын байқаймыз. Бұл дегеніміз қазақ ғылымында өз алдына жеке зерттелетін ғажап рухани құбылыстың бірі. Шын мәнінде, әрбір адамның есеюі – биологиялық жасымен емес, сана мен рух деңгейінде көрініс табады. Аз уақыттың ішінде көп іс тындыру да сол кездегі жастардың белгілі бір арман-мақсаты болғаны сөзсіз. Сонымен қатар Абай секілді данышпанның айналасына топтасып, темірқазығын адаспай тапқандары да олардың бойындағы мүдде бірлігінің айнымастығын білдіреді.

Негізі қазақтың бүгінгі жастары кешегі Алаш арыстарының салған сара жолынан, отаншылдық көзқарастарынан барынша үлгі алуы керек. Алаш мұраты – қазақ халқына аянбай қызмет ету, елдің сана-сезімін өсіріп, ешкімнен кем түспейтін, қалыс қалмайтын өркениетті өмірге қол жеткізу еді ғой. Ал бүгінгі қазақ жастары кешегі Алаш жастарына ұқсай ма? Әлде, басқа ма? Жалпы, бүгінгі қазақ жастарына қарап, ұлт мұратын айқындауға бола ма? Мәселе осы тұстарда өзектене түседі. Жоғарыда айтқанымыздай, білім тұрғысынан алғанда, бүгінгі қазақ жастарының бойынан сол замандағыдай оқу-білімге құштарлықты байқауға болады. Көпшілігі сапалы білім алғанды дұрыс көреді. Бүгінгі қазақ жастары ақылдан, пайым-парасаттан кенде емес. Әлемнің озық университеттерінде білім алып, бірнеше тілдерді еркін меңгеріп, дүниежүзінің атақты ірі компанияларында еңбек етіп жүргендері де бар. Мұның бәрі мақтан етерлік жетістіктер. Демек, қазіргі жастардың бойында да зия­лылыққа ұмтылу, заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматы болуға деген талпыныс жойылған жоқ. Әлбетте, бұл айтылғандардың барлығы бүгінгі қазақ жастарына тән мәселелердің жоқтығын білдірмейді. Олардың дені негізінен әлеуметтік мәселелермен тікелей байланысты. 

Жалпы, кез келген ұлт жастарының өмір сүру қалыбы, мінезі, психологиясы ұқсас болып келеді. Өйткені әр адамның жастық кезіне албырттық, жігерлілік, қайсарлық, намысшылдық, тәуекелшілдік тән. Жастардың табиғаты, жаратылысы ескілікке қарсы, жаңаны көксегіш. Өзгерісті қалайды. Қатып-семіп қалған қағидаларға сын көзімен қарайды. Олар заманның талап-тілегін, сұранысын, жүрек соғысы мен тамыр бүлкілін аға буыннан айқынырақ, анығырақ сезінеді. Аға буын мен жастардың кейбір мәселелерде бірін-бірі түсіне алмауы, таңырқай қараулары  осындайдан келіп туындайды.

Адам баласы, асылында, өзі өмір сүрген мезгіл-кезеңнің рухани-мәдени болмысын бойына көбірек сіңіріп, соның шеңберінде өмір сүреді. Демек, аға буын өзінен кейінгі жастардың рухани-мәдени болмысындағы өзгерістерді толық түсініп, сезіне алмауы заңдылық. Өйткені жастар өз уақытының кезеңінде, өз заманының орбитасында ғұмыр кешіп жатыр. Ол кеңістікке кіріп, қыр-сырын ұғыну үшін, парықтау үшін кем дегенде солардың замандасы, қатарласы,  тең құрбысы болуыңыз керек. Осылайша, әр ұрпақ өз өмірін, мына жарық дүниені өздігінше танып, өздерінің ақиқаты мен шындығының арасында, дұрыс деп қабылдаған құндылықтарының ортасында тіршілік кешеді.

Бүгінде қазақ жастарының арасында әлеуметтік тепе-теңдіктің бұзылғанын да айтуымыз керек. Өйткені базарда арба сүйреп күн көрумен жүрген жас пен қымбат көлік тізгіндеп, сайран салып желіккен жастың бұл өмір туралы, керек десеңіз, мемлекет, ұлт туралы ұғым-түсінігі екі басқа.

Елімізде «жастар саясаты» де­ген сөз жиі айтылады. Жастарды қол­дау керек, жастарға жол ашу керек, жақсы мүмкіндіктер туғызу керек деген сыңайдағы ой-пікірлер кішігірім басқосулардан бастап үлкен мінберлерден де естіліп жатады. Былай қарағанда «жастар саясаты» деген әдемі ұғым, құлаққа да жағымды. Бірақ бұл ұғымның заттылығынан гөрі шарттылығы басым тұрғандай әсер қалдырады. Неліктен екенін кім білсін, әйтеуір, жақсы бастамалар көтерілгенімен олардың іске асуы тежеле береді. Содан келіп жастар берілген уәдеге сенбейтін болады. Өйткені үміттері ақталмайды ғой. Осылайша бүгінгі қазақ жастары өз мәселелерімен бетпе-бет қалуға мәжбүр. Оқуды бітіріп, жұмыс іздейді. Ол жұмыс бірден табыла қоймайды. Баспана мәселесін де шешу керек. Алдынан шыққан сансыз әлеуметтік қиындықтар мен кедергілер жастардың өмірге деген құлшынысын төмендетіп жібереді. Қарап тұрсаңыз, өмірде жолы болмай, салы суға кетіп жүрген қаншама жастар бар. Олардан елге, жерге деген патриоттық көзқарасты күтудің өзі әбестік. Жасыратыны жоқ, тәуелсіз мемлекетіміздің кешегі қалыптасу кезеңдерінде жастарға дұрыс көңіл бөлінбеді. Нәтижесінде түрлі мақсаттағы топтар жұмыссыз жүрген жастарды өз қатарларына қосып алды. Оның арты неге апарып соқтырғаны белгілі ғой. Мұндай кезде сананың арбалуы да оңай ғой. Әйтпесе, төрт құбыласы тең, тұрақты жұмысы, баспанасы бар, ертеңгі күніне сеніммен қарайтын жастар теріс жолдарға түспесі анық.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламалық мақа­ласында: «Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек. Қазіргі медиамәдениетті суырыла сөйлейтін «шешендер» емес, өмірдің өзінен алынған шынайы оқиғалар қалыптастырады. Мұндай оқиғаларды көрсету бұқаралық ақпарат құралдарының басты ныса­насына айналуға тиіс» деген сөзді жайдан-жай айтпағаны белгілі. Солардың қатарында Елбасы «ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту», «оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиялық алаңын қалыптастыру» мәселесін де айрықша белгілеп берді. Шын мәнінде еліміздегі талантты жастар тасада қалмауы керек. Талантты ұл-қыздар үшін еленбей, назарсыз қалып қоюдан, дарыны бағаланбай, қоғамға да, мемлекетке де қажет болмай қалудан асқан қиянат жоқ шығар. Осындай жағымсыз дүниелерге жол бермес үшін жастарды рухани және әлеуметтік тұрғыдан көтермелеудің, қаржылық жағынан тарықпайтындай өмір сүру деңгейін арттыруға Үкімет тарапынан жіті көңіл бөлінуі керек.

Елімізде жастар саясатына қатысты ұзақ жылдар бойы бір сыдырғы болып келген көзқарас бірте-бірте өзгеріп, қазақшалап айтқанда сең қозғалды. Биылдан бастап Парламентте, облыс, аудан мәслихаттарына депутат болып сайлануға жастар мен әйелдерге 30 пайыздық орын берілгені де үлкен жетістік, нақты демеу деп айта аламыз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мен талантты да талапты жастарға сенім артамын. Сол себепті «Президенттік жастар кадрлық резервін» құрып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан 300 жасты іріктеп алдық. Олардың біразы қызметке орналасты. Тиісті мемлекеттік органдарға жастар саясатына арналған жаңа кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырдым» дегені де жастарға көрсетіліп отырған нақты қамқорлықтың көрінісі деп бағалаймыз.

Әлбетте, талантты жастарға сенім артылып, жауапты қызметтерге тартылғаны жақсы. Бірақ қарапайым жастардың да мәселелерін назардан тыс қалдырмағанымыз абзал. Бір сөзбен айтқанда, ел жастары қандай дәрежеде болса да, білім деңгейлері әртүрлі болса да, әлеуметтік мәртебесі де бір-бірінен өзгешеленіп тұрса да, мемлекет тарапынан қолдауға ие болуы керек-ақ. Өңірлердегі атқарушы билік өкілдері жастар саясатымен мықтап айналысқанда ғана, яғни, жұмысы жоққа жұмыс тауып беріп, баспаналы бола алмай жүргендерге баспаналы болуға жағдай туғызып, әйтеуір, жастарды кеудесінен итермей, меселін жықпай, жылы сөздерін айтып шығарып салмай, қолтығынан демеп, азаматтық тілде сұхбаттасып, мұң-мұқтажын тыңдап, әлеуметтік, құқықтық, басқа да маңызды көмектерді көрсетуі керек.

Өкінішке қарай, қоғамдағы жем­қорлықтың белең алуы, тамыр-таныс­тықпен қызметке тұру, мансапқа қол жеткізу, сол себепті таланттардың тасада қалып, талантсыздардың бағын қолдан жандыру тәрізді тәсілдер мен айла-шарғылар жастар саясатының оңды арнада дамуына кері әсерін тигізуде. Бұдан құтылудың жолы қандай десек, ең алдымен, жастарға деген адал көзқарас керек. Неге десеңіз, жастардың табиғаты адалдықты, әділдікті іздейді, әділеттілікті жақтайды.

Тағы бір атап өтер мәселе – бүгінгі таңда қазақ жастарының кітап оқудан алыстап бара жатқаны алаңдатпай қоймайды. Қолына смартфон емес, кітапты жиі ұстайтын жастарымыз көбеймесе, қоғамдағы жастардың рухани-моральдық деңгейі де жыл сайын төмендей береді. Қазақ жастары, шын мәнінде, озық ойлы, бәсекеге қабілетті болуды көздесе кітап оқудан қол үзбеулері керек. Бүгінгі қазақ жастарының арасында танылмаған таланттар, ашылмаған аралдар өте көп. Тек соларды анықтап, дұрыс арнаға бағыттай білу керек. Мәселен, көршілес Ресейдің Сочи қаласында талантты оқушылар мен жастарды қолдауға арналған «Сириус» білім беру орталығы тұрақты түрде жұмыс істейді. «Сириусқа» жыл сайын елдің түкпір-түкпірінен білім мен ғылымды, мәдениет пен спорт, өнер мен техниканы серік еткен талантты жастар қатысады, білікті тәлімгерлерден дәріс алады. «Сириус» орталығының мақсаты – дарынды балаларды ерте жастан анықтауға, олардың дамуын кәсіби тұрғыдан қолдауға бағытталған. Біздің елде осы тақылеттес жобаларды неге қолға алмасқа? Шынтуайтына келгенде, өз елімізде қандай таланттардың бар екенінен де хабарсызбыз. Шалғайда жатқан елдімекендерде біртуар дарындардың, «самородоктардың» өмірі көзден таса, елеусіз өтіп жатқан жоқ па деген ой келеді. Бәлкім, осындай немқұрайлықтың салдарынан қаншама Шоқандар мен Қаныштардың ізбасарларын жоғалтып жатқан болуымыз әбден мүмкін. Ал сондай балаларды дер кезінде анықтап, орталыққа жеткізетін, әрі қарай ерекше қамқорлыққа алатын жүйені неге қалыптастырмасқа? Білім және ғылым министрлігі осындай дүниелерге назар аударады деп сенеміз.

Жалпы, еліміздегі білім беру жүйесінің жұмыс нәтижесі, сапалық көрсеткіші – қаншама талантты оқушының жолын аштың, қаншама дарынды жасты қатарға қостың, сонымен өлшеніп, бағалануы тиіс. Өйткені бұлар – ұлтымыздың интеллектуалдық байлығы. Ал онсыз мемлекетіміз өркендемейді. Қай кезде біз ақыл-ойды, интеллектуалдық байлықты бірінші орынға қоямыз, сол кезде ғана екпіндеп алға шығамыз. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, одан басқа жол жоқ. Бүгінгі ғылымымыздан бастап өндіріске дейінгі барлық салалар өнертапқыштарға, таланттарға зәру. Тек қана дайын өнімдерді, сырттан тасымалданатын техникаларды, киім-кешектерді, тұтыну тауарларын сатып ала берумен ешуақытта мықты ел бола алмаймыз.

Бір қуантарлығы, қазақ жастарының арасында ғылыммен шұғылданатын азаматтар көбейіп келеді. Ғылымның әр саласында өнімді еңбек етіп, жемісті нәтиже көрсетіп жүрген дарындар аз емес. Елімізде ғылыммен айналысатын жастарға ерекше назар аударылып отырғанын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев «Ұлтты ұлы мұраттар алға жетелейді» («Егемен Қазақстан» газеті, 13 сәуір, 2020 жыл) атты мақаласынан аңдадық. Қырымбек Көшербаев былай деп жазады: «Мемлекеттің болашағын айқындайтын барометр – өскелең ұрпақ, жалынды жастарымыз. Төрткүл дүниені дүрліктірген пандемия мен жаһандық дағдарыс адамзат санасында сілкініс тудырғаны анық. Рухани құндылықтардың қадірі артып, әлемді құтқарудың жолы ғылымға келіп тірелді деген болжамдар айтылуда. Бұл заңды құбылыс. Заман талабына сай жастарды ғылымға баулу – өзін сөзсіз ақтайтын бағдар. Сондықтан 2020 жылы ғалымдарды қолдауға көбірек көңіл бөлініп отыр. Ғылыми-зерттеу қызметін қаржыландырудың көлемі артты. 2020-2022 жылдары «Мәңгілік ел» бағыты бойынша жас ғалымдардың ғылыми зерттеулеріне арналған гранттық қаржыландыру 1 млрд теңгеден асты. Ғылымның мәртебесін көтеріп, жастарды ғылыми қызметке тарту осындай сын сағаттарда бәсекеге қабілеттігімізді артырары даусыз. Алдағы уақытта жоғарғы мемлекеттік деңгейде ғылыми-технологиялық даму стратегиясын дайындап, ғылыми зерттеулерге басымдық беруіміз керек» дейді.

Қорыта айтқанда, «Балам дейтін елің болмаса, елім дейтін балаң қайдан болсын» деп Ахмет Байтұрсынұлының сөзіне қайта оралсақ, мемлекет жастарға тиісті дәрежеде көңіл бөлмесе, олардың немен айналысып, қалайша күн көріп жүргеніне назар салмаса, жастармен сұхбат құрмаса, толғандырған мәселелерін шешпесе, жастардың ойында: «Біз өзі мемлекетке керекпіз бе?» деген заңды сұрақтың туындайтыны анық. Осындай сұрақтың жетегімен шетел асып кеткен талантты жастарымыз елден түбегейлі қолып үзіп кетеді деген қорқынышымыз жоқ. Өйткені бойында қазақтың қаны бар, рухы бар жастар қайткен күнде де туған еліне оралары хақ. Жастық жігермен, кеудесін кернеген шалқар шабытпен әлем танығысы келетін жастардың қатары көбейгені белгілі. Ол тек біздің елде ғана емес, басқа да мемлекеттерде қалыптасып отырған жағдай. Жастардың шетелге уақытша немесе тұрақты түрде қоныс аударуына себеп болып отырған екі нәрсе деп топшылауға болады. Бірі – білім алу, кәсіби тұрғыдан шыңдалу мақсұты, екіншісі – жұмыс істеп, материалдық жағдайын жақсарту.  Шетелдің айлық-табысы жоғары болғандықтан оған қызықпайтын жас бар ма? Демек, біз де өз елімізде өмір сүру стандарттарын, жалақы деңгейін шетелдердің дәрежесіне көтеруіміз керек. Ол үшін экономикамыз мықты болуы керек. Барлығы да бір-бірімен сабақтасқан құндылықтар ғой. Сонымен қатар шетел асып кетіп жатқан жастар негізінен ағылшын тілін меңгергендер. Күллі әлем ағылшын тілінде емін-еркін қарым-қатынас жасай беретін болғандықтан бұл жағынан тілді меңгерген қазақ жастары үшін ешқандай проблема туындамайтыны белгілі. Бірақ, қанша айтқанмен, жастардың шетелге аңсарлары ауып, өз болашағын тек шетелдермен байланыстыруы ақиқатында жақсы үрдіс емес. Елге, жерге, Отанға кім ие болады? Жастары кетіп қалған мемлекеттің іргетасы қайтіп мықты болмақ? Сондықтан қазақ жастары «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ата-бабалардың асыл сөзін жадыларынан шығармай, шетелде жақсы білім алып, тәжірибе жинап, үйренген-көргеніңді еліңе әкеліп, жұртшылық қажетіне жаратып, туған мемлекетіңнің гүлденуіне үлес қосып жатсаң, ең дұрыс жол – осы. Өз жұртыма, өз халқыма қызмет етемін, елімнің үмітін ақтаймын, қазақ жерін көркейтемін, мемлекетімді өркендетемін деген көзқарастағы жастар дәл қазіргі кезде біздің елімізге көбірек керек екені айдан анық мәселе. Иә, әлбетте түрлі қиындықтар болар, бірақ олардың бәріне бордай езілмей, шыдамдылық таныту керек. Шетелдегідей жайлы өмірді өз елімізде де қалыптастыруға болады. Ол үшін жастарымыз ештеңеден мойымай, елін, жерін перзенттік құштарлықпен сүйіп, құрметтеп, барлық таланты мен қабілетін, дарынын аянбай жұмсауы керек. Бір сөзбен түйсек, елге қызмет – жастарға серт, жастарды қолдау – мемлекетке серт. Осы орайдағы ең басты әрі қағидалы мәселе – қазақ жастарына ұлттық тәрбие беру. Ұлтшыл адам ғана ұлтын сүйе алады. Жастарымыздың бойында ұлттық тәрбие, ұлттық сана-сезім кемшін соғып жататын болса, ондай жерде отаншылдық, патриоттық, елге шынайы қызмет турасында дұрыс әңгіме өрбітудің мәнісі де, қиюы да келе бермейді. Әрине, біз жалындаған, жарқыраған қазақ жастарымен мақта­намыз, олардың өз қызметі мен кәсібінде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүргенін де абырой көреміз. Бірақ, десек те, бүгінгі қазақ жастары, әсіресе, шетелде жүргендері қайткен күнде елге оралып, тәуелсіз мемлекетіміздің көркейіп, гүлденуіне сүбелі үлес қосулары керек. Заман бір орында тұрмайды. Мықты елге айналуымыз үшін бізге мықты да, өрелі жастар көбірек керек. Дүние көшіне қазақтың айдындана, жоталана шығатын кезі келді. Талай заман теперіш пен қиындық көрген, азапты да, тозақты да жолдардың сан түрінен өткен қазақ жұрты біртұтас болып, ынтымақтаса, қасиетті Тәуелсіздігін баянды етіп алға жылжи беруі керек. Осынау ұлы жолда ұлтына септесетін, жоғына қарасатын, үлкен шаруалардың бір жағынан шығысатын, қажет болса, елдік, ұлттық істердің ауыртпалығын мойындарына көтеріп кете алатын жігерлі де, айбынды жастар керек. Ондай азаматтар ел ішінен көптеп шығатынына сеніміміз мол.

7392 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз