• Ұлттану
  • 27 Наурыз, 2021

Шәкәрім Құдайбердіұлының философиялық көзқарастары

Қазақ философиясының даму тарихына көз жүгіртсек, 19-20 ғасырлардағы ойшылдарымыздың философиялық тұжырымдамалары мен көзқарастары өзінің құндылығымен әрі сонылығымен ерекшеленеді. Шоқан, Абай, Ыбырай, Шәкірімдер өмір сүрген сол заманды қазақ философиясының алтын заманы десек артық айтқандық емес. Себебі сол кезеңде қазақ философиясы пайда болып, өз орнын нық қалады. Жоғарыда аты аталғандардың ішінде Шәкәрім Құдайбердіұлының орны тым ерекше.

Шəкəрім Құдайбердіұлы — қазақтың ұлы данышпан ойшылы, қазақ философиясының негізін қалаушылардың бірі. Қазақ философиясында ар, ұят, ынсап, қайғы мəселелерін философиялық логикада тұңғыш рет қарастырған ойшыл. Шәкәрім Құдайбердіұылының дүниетанымы көбіне мораль философиясына жақын. Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниетанымы да көбіне мораль философиясы мен ар ілімін қамтиды.

Шәкәрім философиясының ең басты ерекшелігі - оның ақыл-ой, ұждан мəселелерін анықтап беруі. Ұждан дегеніміз — ынсап, мейірім, əділет. Жанға азық болатын құндылықтардың алғашқысы.

Ынсап, рахым, ар, ұят, сабыр, сақтық –

Талапқа алты түрлi ноқта тақтық.

Алтауының iшiнде ынсап әдiл,

Өзгесiнiң тiзгiнiн соған ұстаттық.

 Шəкəрім өз философиясында дүниені танушы, адамды адамдық негізге жетелейтін, ең негізгі қасиеті ретінде ақыл-ойды қарастырған.

Ақыл деген өлшеусiз бiр жарық нұр,

Сол нұрды тән қамы үшiн жан жұмсап жүр.

Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен

Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр, -

деп ақылды қараңғылықтан арылуға көмектесетін жарық нұрға теңейді. Осы жолдардан Шәкәрім философиясына тән «жан» және «тән» ұымдарының қолданылғанын байқаймыз. Яғни ойшыл ақын нұрға теңелген ақылды жанымыз тәннің қамы үшін жұмсайды, тәніміз сау болу үшін жанымыз сау болу керек, ал жанымыздың саулығына ақыл мен білім қажет, себебі жан мен тән, жан мен ақыл бір-бірімен тығыз байланысты деген ой айтады. Осы жерлерден біз Шәкәрімдегі «адам болу» идеясының көріністерін анық аңғармыз. Ойшыл ақын «нағыз адам қандай адам?», «қайткенде біз адам болып саналамыз?» деген секілді сұрақтарды қоя отырып, өзінің философиялық лирикасында соларға жауап береді.

Олай қылмай, билесе бәрiн ақыл,

Еш қиянат қылмаса зорлық, тақыл.

Таза еңбекпен тағдырдан пайдаланса,

Адамды сонда адам деген мақұл.

          Шәкәрім адамды адам ететін басты нәрсе – оның ақылы, адал еңбегі дейді. Егер де адам ешкімге жамандық, қиянат ойламай адал еңбекпен мал тапса, жанын ақылмен сусындатса ғана «адам» атына ие болады.

Шәкәрім философиясының тағы бір арнасы - жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесі. Ағартушы ақын адам өмірін революциялық жолмен емес, жан мен рухани қажеттіліктерді жақсарту арқылы өзгертуге болады және жаңа қоғам құру үшін адамдарды моральдық тазарту қажет деп үміттенді. Шәкәрімнің пікірінше, ата-аналар мен ұстаздардың басты міндеті - жастарды жаман әсерлерден қорғау. Жаман әдеттер оңай қалыптасады және олардан құтылу қиын, сондықтан ерте жастан бастап адамға моральдық мінез-құлық ережелерін үйрету керек.

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік

Бір білімді данышпан жан табалық, -

деп «Жастарға» атты өлеңін барша жастарға қарата айтады да, білімге, оқуға, адал жолмен мал табуға шақырады.

Үлкендерде мінез жоқ танданарлық,

Олардың қылған ісі – ұрлық-қарлық.

Арам ойды ақыл деп ардан күсіп,

Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?-

деген өлең жолдарында «үлкендердің» сол кезеңдегі шын болмысын сынай отырып, жастарды ондай болмауға шақырады.

Жоғарыда айтып кеткендей, Шәкәрім философиясының орталық нысаны - адам. Ол адамның мәні, табиғаты мен мақсаты білім, ең алдымен шындықты білуден тұрады деп сенді. Бірақ шындық адамға сезімде берілмейді. Адам оны тек ақылдың көзімен көре алады, өйткені негізгі шындық – ғаламның пайда болу себептері мен мәні туралы шындық. Шәкәрім өз алдына дүниетанымдық мәні бар жаһандық философиялық мәселелерді қояды. Ол жеке бір адам атынан «Мен» деп емес жалпы адамзат атынан «Біз» деп сөйлей отырып, оқырманын дұрыс жолға итермелейді. Айуаннан ажыратып тұратын адамдық белгілерді саралап беріп, олардан аулақ болуға шақырады:

Адамның сыртқы дене жаралысы,

Нәпсiсi айуанмен анық теңдес,

Бөлектiгi – жалғыз-ақ таза ақылда,

Әлiң келсе, жол тап та осыны емдес! –

дей келе адамның сыртқы бейнесі, яғни тәні оны айуаннан айыра алмайды, тек адамды адам ететін басты қасиеті оның ақылы деп өзінің ойларын қорытындылай түседі.

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің

1 курс магистранты

Мусаев Әли

Ф.ғ.к., доцент Жанатаев Д.Ж.

 

5222 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз