• Тарих толқынында
  • 27 Наурыз, 2021

Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі

Қазақ халқы азаттық үшін өз тарихында талай соғыстарды басынан өткерді. Небір жаугершілік замандармен бетпе-бет келді. Кешегі кеңестік кезеңде өмір сүргенде де тоталитарлық жүйенің өктемдігін көрді. Қолдан жасалған ашаршылық, репрессиялар, саяси қуғын-сүргіндердің барлығы ұлтымыздың асыл азаматтарын, Алаш арыстарын қынадай қырды. Мұның барлығы бодандық заманның салдары.

«Әр нәрсенің шегі болады» деп даналарымыз айтқандай, ұлтты көпе-көрінеу басына беру, өз үстемдігін билеп-төстеп жүргізе берудің соңы 1986 жылы қазақ жастарының бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруына түрткі болды. Сөйтіп, әлемге әйгілі Желтоқсан оқиғасы орын алды. Мәскеуден басқарылған Орталықтың қабылдаған шешіміне сәйкес, халық ерекше құрметтеген Дінмұхамед Қонаевтың орнына Қазақстанды басқа­руға Геннадий Колбиннің келуі қазақ жастарының наразылығын тудырып, күллі ұлтымыздың бойындағы кеңестік билікке деген ашу-ызаны тудырды. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында мемлекетіміздің өміріне қатысты маңызды мәселелермен қатар, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына да тоқталды.

«Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң, тура бес жыл өткенде, Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың сим­вол­дық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деп жазды Президент.

Иә, Желтоқсан қаһармандарының аза­мат­тық ерлігі жайында айтылып, кеңінен насихатталуы керектігі сөзсіз. Халық өз қаһармандарының есімін, азаматтық ерлігін жан-жақты танып білуі тиіс. Өскелең ұрпақтың санасында әр кезең сайын Желтоқсан оқиғасының себеп-салдары түсіндірілсе ғана ерлік ұмытылмасы хақ.

Кезінде бұл өзекті тақырып жиі көтеріле бермеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз мақаласында бұл оқиғаны тілге тиек еткенін көтерілісте шейіт болған және бүгінгі көзі тірі Желтоқсан қаһармандарына деген құрмет деп қабылдауымыз керек. Бұл оқиға шын мәнінде Кеңес империясына, бодандыққа, ұлттық езгіге қарсы орын алған көтеріліс екенін тарихшыларымыз дәлелдеді. Қайрат Рысқұлбековты бүкіл халық ұлттық батыр деп танып, құрметтейтіні күмәнсіз. Қайратқа «Халық қаһарманы» жоғары атағының берілуі, әрине, барлық желтоқсаншыларды да, бүкіл елді де рухтандырғаны белгілі. Қайрат бастаған барлық желтоқсаншы жастардың ерлігі – нағыз азаматтық ерлік деп нық сеніммен айта аламыз.

Білетіндердің айтуы бойынша, Жел­тоқсан көтерілісі тек Алма­ты­дағы оқи­ға ғана бол­ған жоқ. Мәселен, Маң­ғыс­тау­да Қай­рат Нұрмұ­ханбетұлы бастаған жас­тар Ақ­тау қаласының орталық алаңына шықса, Ақмола ауылшаруашылық институтының студенттері Амангелді Нүкенов пен Асқар Сағынаевтар қала жастарын алаңға бастады. Өскемен тау-кен техникумының студенттері Азамат Баянғазин, Ербол Ардынқанов, Гүлжан Кәрімғазина, Тұрсынхан Асқаров тәуелсіздікке үндеген ұрандар көтеріп, жүздеген жастарды көшеге бастап шықты. Мұндай оқиғалар Қазақстанның барлық қалаларында болып жатты. Тіпті Мәскеуде қазақ жастары Қызыл алаңға шығып «Кремль, тарт қолыңды Қазақстаннан!», «Қазақ халқына тәуелсіздік берілсін!», «Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болсын!» деген ұрандармен саяси күрес жүргізген. Осынау боздақтардың ішінде екі тұлғаны бөле-жара айтуға болады. Оның бірі – Алматыдағы аты аңызға айналған Ләззат Асанова, екіншісі Өскемендегі қаһарман қыз Сәбира Мұхамеджанова. Бұл екеуі де 16 жастағы өрімдей қыздар еді. Екеуі де жазалаушылар қолынан ерлікпен мерт болды.

Иә, Желтоқсан қаһармандарымен тағ­дыр­лас болғандардың қай-қайсысы да құрметке әбден лайық. Журналист, жел­т­оқсаншы Болат Шарахымбайдың жазуынша,  Желтоқсан көте­рілісінің рухын көтеру, яғни қазақ жастарының жаппай патриотизмін насихаттау, оны ұр­пақтың жүрегіне жеткізіп, тәрбиелік мәнін ұлықтауымыз керек. «Өйткені, халықтың ерлік шежіресін жазу мен оны көпшілікке шынайы жеткізу жас жеткіншектердің отаншылдық, мемлекетшілдік сезіміне әсер етпей қоймайды. Айтпағымыз, қазақтың ерлік шежіресінің бір бөлшегі ретінде Желтоқсан көтерілісіне байланысты деректерді мектеп бағдарламасы мен оқулықтарға енгізу мәселесінде әлі  кемшін нәрселер көп. Мәтіндер ала-құла, тіпті бірін-бірі жоққа шығаратын мәліметтер де кездесіп қалады. Осы керағар мәліметтерді бір ізге түсіру жұмысы сұранып тұр. Сонда ғана олар аталған ұлт-азаттық жолындағы көтерілістің мән-маңызын, қасиетін, қасіретін, тәуелсіздігіміздің басындағы «алтын көпір» болғанын терең түсініп, қастерлеп, қадіріне жетеді деп сенеміз» деп жазады Болат Шарахымбай.

Желтоқсан қаһармандарының ерлігі – бүгінгі жастарға, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Елді сүюдің, отаншыл азамат болудың, өз еліңнің келешегі үшін қандай да бір азаматтық ерлік жасай білудің шынайы үлгісі деп айтуымызға болады. Қазір біз Тәуелсіздік заманында өмір сүріп отырмыз. Көк туымыз көк аспан биігінде желбіреп, күн сайын Ән-ұранымыз шырқалуда. Қазақ халқы аңсаған арманына, яғни Тәуелсіздігіне қол жеткізіп, биыл азатты­ғымыздың 30 жылдығын атап өтудеміз. Еге­мен­дігіміздің бастауында тұрған, соған негіз болған Желтоқсан қаһармандарының ерлігі де Тәуелсіздік құндылықтарымен бірге әспеттеле беретіні сөзсіз. Лайым солай болғай!

Жұлдыз НҰРДІЛДАЕВА,

А.Жұбанов атындағы дарынды

балаларға арналған РҚМММИ бастауыш сынып мұғалімі

 

2562 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз