• Ұлттану
  • 28 Наурыз, 2021

ҰЛТ МЕКТЕБІ ТУРАЛЫ ОЙ

Серікхан МӘДІҒАЛИЕВ,

ардагер ұстаз, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі

Отандық білім берудің өзекті мәселелеріне қатысты ойларын ғалымдар ғана емес, тәжірибелі ұстаздар, мектеп қабырғасында талай жыл қажырлы еңбек еткен білікті мұғалімдер ортаға салып жатса, одан білім жүйеміздің сапасы тек арта түспесе, кемімейтіні белгілі. Осы орайда ардагер ұстаз, Еуразия Дизайнерлер одағының мүшесі Серікхан Мәдіғалиевтің мақаласын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

«Күншуақ мектебі» жобасы

қалай дүниеге келіп еді?  

Мен, Мәдіғалиев Серікхан Қожаханұлы, мектепте бала оқытып, білім саласында 42 жыл еңбек етіп, зейнетке шықтым. ҚазПИ-ді (қазіргі Абай атындағы Қазақ педагогикалық университеті) бітіріп, сызу, сурет және еңбек пәндерінің мұғалімі мамандығын игердім. Осы мамандықтар бойынша 1985 жылы Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов атындағы педагогикалық институтына көркем сурет графикасы факультетін ашу үшін төрт түлек бардық.  Сол факультетті ашып, үш жыл істеп, Зеренді ауданының бір үлкен мектебіне директорлық қызметке тағайындалдым. Қысқаша айтсам, содан жиырма жылдай мектеп директоры, оқу ісінің орынбасары болып еңбек еттім. Сол жылдары мен қазақ мектептерінің бүгіні мен ертеңі жайлы көп ойланып, толғанып, ізденісте болдым. Өз ой-пікірлерімді жинақтап, «Қазақстан мұғалімі»  газетіне «Қазақ мектептеріне менің көзқарасым» атты көлемді мақала етіп шығардым. Жиырма жылдай сол бағытта ізденіп, нәтижесінде ХХІ – ғасырдың «Күншуақ мектебі» атты заманауи жоба жасап шықтым. Аталмыш  жобама авторлық құқық алдым (Авторская свидетельство. Свидетельство о депонировании объекта интеллектуальной собственности 98от 17 мая 2002 года. Казахское Авторское Общество РК. «Проект школы XXI -го века». «Күншуақ мектебі». г.Алматы).

2002 жылы Астана қаласында өткен, он екі мемлекеттің ғалымдары қатынасқан халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда жобамды қорғап шықтым. Ол конференцияға басшылық жасаған сол кезде Білім және ғылым вице-министрі Күләш Шамшитдинова ханым еді.  Мен сол жерде ұлдар мен қыздарды бір сыныпта оқытпау жайлы айтқан едім. Сол ғылыми-практикалық конференцияда болған Ресей ғалымдары маған көп сауалдар қойды. 2004 жылы Ресейде 30 мектеп ұлдар мен қыздарды бөлек оқыту жүйесін экспериментальді түрде бастады. Келер жылдары 300 мектеп, қазіргі кезде үш мыңға жуық мектеп осы үрдісте сабақ беруде. Олар алғашқы түлектерін мектептен шығарды, нәтижесі керемет, барлық түлектер жоғарғы оқу орындарына грантқа түсті. Нәтижесінде менің ұсынған жобам бойынша Қазақстанда жаңа жүз мектеп салу қолға алынды. Қазір, міне, соның  көбі салынып, пайдалануға берілді. Әрине, мен ұсынған жоба толық іске аспады. Көптеген қысқартулар енгізілді, басқа жобамен салынып жатыр. Өкінішті. Содан бері де мен Ресейдің Барнаул қаласында он бес мемлекет ұстаздары қатысқан  халықаралық ғылыми-прак­тикалық конференциясына қатысып,  «Қазақтың ұлттық зергерлік және қолөнер бұйымдарын мектеп қабырғасында оқытып, үйрету жолдары» атты баяндама жасап, шеберлік сыныбын өткіздім. «Мектептегі технология» журналына осы тақырыпты өрбітетін ондаған мақала жаздым. Неге осының бәрін айтып отыр деп ойлап отырған шығарсыздар. 42 жыл өмірін мектеп, оқушы, мемлекет деп өткізген ұстаз ретінде мен бүгінгі оқыту саласына деген өз көзқарасымды ортаға салмақпын.  Атам заманнан бері оқу, білім, өнерді адам өмірін көркейту, жасаған ісін жеңілдету, оны нәтижелі ету үшін, әр келер ұрпақ өз деңгейіне, кемеліне келтіре өзгертіп, жаңартып, жаңғыртып, толықтырып отырған. Ал соңғы жиырма жылдан астам уақытта білім саласы тоқырауға ұшырап, әр түрлі реформалардың құрбаны боп кетті.  Жирма бес министр ауысты. Ақыр соңында ауылдастың аузы сасық деген қазақта тұрпайы мақал бар, соның кері келді. Оқу саласын түртпектеп жүріп, бізде білімді ғалым жоқ, дарынды тапқырлар жоқ дегенге әкеп тіреді. Енді шет елдің оқу жүйесін әкеп тықпалап жатырмыз.

Еліміз егемендік алып, өз алдына жер бетіндегі егеменді мемлекеттің бірі ретінде отау тігіп, өз ошағына ие болғалы отыз жылға ілікті. Елтаңбасын даралап, Туын тік көтерді. Жетпіс жыл кеңес үкіметі елімізді тек табиғи байлықтарын сүзіп алып, шикізат өндірісі ретінде пайдаланды. Басқа республикалардан оза алмай, тек соларды тамақтандыратын, шикізатпен қамтамасыз ететін пайда көзі ғана болдық. Оған қоса, жазуды үш рет өзгертіп, бір ұрпақ екінші ұрпақтың жазғандарын оқи алмай, өткенге шолу жасай алмайтын халге жеттік. Енді міне латын қарыптарына көше бастадық, яғни алдыңғы буын ағалардың жазған барлық шығармаларын келесі ұрпақ меңгере алмайды. Халқымыздың болашағы –білімді, тәрбиелі, денсаулығы өте жақсы азаматтарды бүгіннен тәрбиелеуде деп турасын айтам. Әр бала терең білім алу үшін, өнердің қыр-сырын түсінуі үшін ол бір тілді, яғни қазақ тілін, ана тілін терең білуі шарт. Тілдің тазалығын, шынайылығын, ой тереңдігін, қозғалып отырған мәселенің ауқымдылығын жете меңгергенде ғана бала белгілі бір нәтижеге жете алады. Ана тілі балаға жөргегінен сіңіріледі. Бала-бақшада тереңдетіледі, баланы ұқыпқа үйретеді, тәртіпке баулиды. Ал мектепте білім беріліп қана қоймай, тәрбие, өнеге, білімге құштарлық, білуге ынтықтық қасиеттерін дамытады. Мен ұсынып отырған мектеп жобасы қазіргі елімізде білім беріп жатқан мектептерден анағұрлым басқаша, тиімді. Бұл мектепте бастауыш сынып, орта буын, жоғарғы буын бір-бірінен алшақ орналасқан. Сондықтан, оқу жүйесі де өзгеше.

Білім беру нысанында оқушының

жас ерекшелігі ескерілуі керек

Айталық, қазіргі мектептерде бірнші сыныптан бастап он бірінші сыныпқа дейін бір ғимаратта оқиды, бір асханадан тамақ ішеді, т.т. Асханада столдардың биіктігі балалардың жас ерекшеліктеріне сай бола бермейді. Ал мектеп ішілік көрнекіліктерді алсақ, бастауыш түгіл, орта буын оқушылары қабырғадағы неше түрлі плакаттардың мағынасына түсінбейді. Сондықтан,  бастауыш  сынып көрнекіліктері, жазулары түгел бала түсінетіндей, көз тартатындай әдемі болуы керек. Қабырғадағы әр плакат баланың ой өрісін дамытуға тікелей бағдарланып жасалады. Орта буын оқушыларына арналған бұрыштар, көрнекіліктер олардың ой өрісіне, сана құрылымына сай болуы шартты. Жоғарғы буында барлық мемлекеттік стандарттар мен заңдардың жиынтықтары және ата заң баптары айқын көрсетілген қабырға ақпараттары болуы керек. Мектеп бағдарламасы, мақсаттары, талаптары, төмендегі талаптарға сай болуы шарт.

– Ұлттық тәрбие қазыналарын зерттей отырып, мектеп айналасында, мектептен тыс мекемелерде тәрбие жұмыстарын этнопедагогика негіздеріне сүйене, ғылым жаңалықтарының соңғы жетістіктерімен жабдықтай отырып ұйымдастыру.

– Пән сабақтарын, қосалқы қызмет түрлерінің пәрменділігін ұлтымыздың талай ғасырдан қалыптасқан үздік үлгілерін пайдаланып, халықтық педагогиканы бетке ұстай отырып жүзеге асыру.

– Мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаш, шешендік сөздер, қанатты сөздердің түп-тамырына терең мән беріп, үңіліп, зерттеп, мүмкіндігінше жадында ұстап, жатқа айтып, өмірде өз қажетіне молынан пайдалана алуға үйретіп, тәрбиелеу.

– Ән-күй халықтық музыка, классикалық музыка, ұлттық, халықтық әуендерді көп тыңдап, талдап, нота үйреніп, көңілге тоқып, өз білгенін халық арасына кеңінен насихаттауға, ұлттық ән-күй аспаптарында ойнауға үйрету.

– Тіл әдебиетін, ауыз әдебиетін қастерлеу,шешендік, жыраулық, ақындық өнерді өміріне арқау етіп, әр түрлі айтыстарға қатысуға баулып, тәрбиелеу.

– Мектеп қабырғасында жүріп-ақ журналистік қызметке атсалысу, әр түрлі ғылыми, әдеби-қабырға газеттерін шығару, теле қойылымдар жазу, қою, радио торабынан әр қилы хабарлар беру, қала, ауыл, өміріне кеңінен атсалысу. Өзіндік ой қозғап, қоғамдық өмірді жаңартуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға ұмтылыс жасап, талаптану.

– Сын түзелмей, мін түзелмейді. Әр салада сатиралық фельетондар жазу, сын-садақ, ошаған тәрізді қабырға газеттерін шығару, карикатуралар салу, мүмкіндік бар болса, әр түрлі кітаптар шығару.

– Әр салада интеллектуалды, таным-түсінікті арттыратын ұйымдарға қатысу, жарыс, байқауларға қатысу, өздері сондай іс-шараларды ұйымдастыруға мұрындық болу.

– Жаны тазаның – ары таза. Әр түрлі спорттың түрлерін меңгеріп, жаттығу. Жарыстарға қатысып, қала, аудан, облыс, республика намысын қорғау.

– Зеректер үйірмесін, дарындар қоғамын құрып, әр деңгейдегі олимпиа­даларға қатысып, қала, аудан, облыс, республика намысын қорғау.

Ана тілімізді біліп, құрметтеу – міндет      

 Мен Талғар қаласының сабақ орыс тілінде оқытылатын №3 мектебінде көркем еңбек сабағын оқыттым. Мектептің басым көпшілігі түрік балалары, ұйғыр, дүңген, аздап қазақ, қалғандары орыс балалары. Айтпағым сол түрік, ұйғыр, дүңген  балалары түгелімен таза түрікше, ұйғырша, дүңгенше сөйлейді, орысша ағып тұр, қазақша сайрап тұр.  Үзілісте болсын, демалыс кештерінде болсын, тек өз ұлттарының  музыкасын тыңдап, тек түрікше, ұйғырша ән айтады. Ал қазақ балаларына қазақша айтсаң «что», «что» деп түсінбей тұрады.

Бұдан шығар қорытынды қазақ тілін білу әр ата-анаға байланысты. Үйде таза қазақша сөйлеу міндет. Ал мектепте баланы бесінші сыныпқа келгенше тек қазақ тілінде оқыту керек. Алтыншы сыныптан бастап аздап шет тілін оқытып, мағлұмат беру керек. Ал шет елге барып оқимын дегендерге қазір кез-келген жерде, неше түрлі курстар толып жатыр. Барлығын бірдей шет тілін оқытып, уақыттарын алу қиянат. Мен 65-ке келдім. Қанша жыл шет тілін оқыдым, бірақ тірі ағылшынды көзім көрген жоқ, сонда не үшін мен алтын уақытымды, көз майымды тауыстым?  «Орысша білмесең, нан тауып жей алмайсың, қатардан қаласың» деп кеңес үкіметі кезіндегі солақай саясат әлі жалғасуда. Ол аз болса енді ағылшын деген қосылды. Әкем-ау, не жері жоқ, не туы жоқ, не ән ұраны жоқ, түгі жоқ жер бетін кезіп жүріп, қайыр тілеп жүрген сығандар да өз тілін ешқашан ұмытқан емес. Біз не сонда өз отанымызда,  өз елімізде, өз жерімізде,  өз үйімізде отырып, неге қазақша  сөйлей алмаймыз? Қашан құлдық көзқарастан арыламыз? Ағылшын тілін тек жақсы оқитын білімді, алғыр балалар тез меңгереді. Содан соң білімі терең жастар шет елге кетіп, сол жақта білім алып, сол жақта қалып кетеді. Яғни, ағылшын тілі біздің ең жақсы, ең сауатты жастарды шет елге асырып жіберудің тікелей жолы. Ал енді ол аз болса мектептегі барлық сабақтарды ағылшынша оқыту үрдіс алып барады. Мұғалімдер өз сабақтарын ағылшынша оқытса, оларға қосымша үстем ақы төленеді. Баланың ана тіліне деген жиіркенішін мектептен бастап бойына сіңіру барып тұрған сатқынның әрекеті. Керісінше барлық сабақты қазақ тілінде оқытқан ұстаздарға үстем ақы төлеу керек. Өзге ұлттың баласы қазақша оқыса соларға жәрдем ақы беріп, жеңілдіктер қарастыру керек, олардың бала күнінен қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін меңгеріп, сол қағидамен осы мемлекетте өмір сүруіне тікелей бағдар беру керек.  Статистикаға жүгінсек, шет елге барып оқитындар саны бір-ақ пайызды құрайды.   Ал егер біз өз еліміздің оқу процесін дұрыс жолға қойсақ, онда шетелге баратындар саны некен-саяқ болады.   Айналайындар- ау мәселені неге үстірт қараймыз? Тереңге неге үңілмейміз? Кез-келген мемлекет өмір ағымынан қалмау үшін ең алдымен өндірісті қолға алуы, дамытуы керек екенін ата-бабамыз мыңдаған жылдар бұрын айтып, көрсетіп кеткен жоқ па. Жан-жағымызға қарайықшы, тек өндірісі өте жоғары деңгейде дамыған, ауыл-шаруашылығы, ғылым мен техниканың ең соңғы жаңа үлгілерімен қамтамасыз етілген мемлекеттер ғана бай, қуатты. Міне білім саласы қай бағытта даму керегін осы тұстан іздеу керек. Айталық біздің мемлекетте қазба байлықтың бәрі бар, не ексең мол өнім беретін құнарлы топырағымыз жеткілікті. Мал шаруашылығына қолайлы жер жетерлік. Тек соны өндіретін, әр істі ғылыми деңгейге жеткізетін тетік болмай тұр. Ол үшін не істеу керек?  Міне, осыған баса назар аударалық. Ең алдымен, білімге ден қою керек. Оны мынадан бастау керек. Бастауыштан бастап, колледж,  институт, академия қабырғасында оқытылатын кітаптарды жазатын мамандарға мынадай талап қою керек. Әр сабақта келтірілетін мысалдар, көрсетілетін көрнекті құралдар, айтылатын дәйекті мәтіндердің басым бөлігі қазақ өмірінен алынған, қазақтың тарихын, мәдениетін, көркем сөз шеберлігін, өнердің сан қилы салаларын бала санасына сіңіретіндей көркем, нанымды, тілге жатық етіп беру шарт. Баланы бастауыштан бастап логикалық ойлау, өз ойын ашық жеткізе алатын, кеңістікте ойлау қабілетін дамытуды терең қолдану керек. Хош делік. Енді мемлекет мықты болу үшін ең алдымен өндіріс, зауыт, фабрикалар ауадай қажет. Міне, осыларды жобалайтын, сызатын, салатын, оны іске қосатын, жүргізетін мамандарды мектеп қабырғасынан дайындау керек. Яғни кез-келген тетікті, машинаны, құрылысты салу үшін оның жобасын сызу, түрін бейнелеу, сызбасын жасау қажет. Ол үшін сурет сала білу шарт. Ойлап қарасақ, барлық құрылыс, өндіріс, жол, автобам, темір жол, әуе жолы, тіпті киім пішу, тігу, медицина саласы,  түгел сурет, сызу еңбекпен бір бірімен тығыз байланыста жатыр. Оларға жеке-дара қарауға мүлдем болмайды. Сонымен  ел болашағын ойлаған адам оның неше тіл білетіндігіне емес, оның қаншалықты техника тілін меңгергендігіне баса назар аударады. Қазір шет елге барып,  «Болашақ»  бағдарламасымен білім алып, көбі сол шет елде қалып кетіп жатыр, ал келіп жатқандар шала мамандар. Олар тек өз креслосында отырып, жоғарыдан келген ұсыныстарды бұлжытпай орындайтын «роботтар» іспетті. Ойласаңыз, ең қарапайым ауыл, қала, облыс әкімі, жеке дара министрлер не білуі керек? Ол сол жердің барлық қазба байлығын, оны өндіру жолын, оны іске асыру жолын, қоршаған ортаны ластамау, оны өндіретін ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен экологиялық зардаптарының алдын-алу жолдарын, топырағының құндылығын, мөлшерін, қасиетін, оны жұтатып алмау; эрозияға ұшыратып алмау жолдарын, оның құндылығын арттыру жолдарын,  суын ластамау; тиімді пайдалану жолдарын, ысырапшылыққа жол бермеу; каналдар, тоғандар, су құрылғыларын салу әдіс-тәсілдерін білу, тасымалдау тиімділігін ескеру; шөбін шабу, жинау, сақтау, оның құрамын әр түрлі жолдармен байыту, қанықтыру;, сақтау, егу, тіпті мекендейтін аң, құс, жәндіктерінің барлық тіршілігін, қалай өмір сүретінін білуі шарт. Оған қоса қазақтың салт-дәстүрлерін, ауыз әдебиетін, мәдениетін, өнердің барлық саласынан хабары бар, оны әрі қарай насихаттап, өрбітетін, ұлттық болмысты терең меңгерген маман болуы шарт. Және экономиканы жақсы меңгерген, қаржы саясатын терең білетін, елдің әлеуметтік жағдайын жасай алатын білікті маман болуы шарт. 

 Сурет пәні қайда?

 Міне, қарап отырсақ, әр пәнге тек оны оқытып, үйрету емес, оны тереңдетіп, білімділік құнын арттырып қана болашақта елді жерді қорғайтын, оны қастерлеп, күтіп, баптайтын азаматтарды тәрбиелейміз. Ал, біз не істедік? Мектеп бағдарламасынан сурет сабағын алып тастадық. Ең алдыңғы қатарлы мемлекеттер болса, баланың ойлау, есте сақтау, шығармашылықпен айналысуға құштарлығын осы сурет салу арқылы дамытып келеді. Олар түр, түс, кеңістік ұғымын тек сурет салу барысында үйренетінін ғалымдар дәлелдеп, жазып жатыр. Есеп-қисаптың бәрі сурет салу барысында бала санасына терең кіретінін мыңдаған жылдар бұрын Плинийдің жазбаларында толық айтылған ғой. Ибн Сина, Бируни, әл-Фараби бабаларымыздың құнды ілімі қайда? Неге олардың қалдырған мол мұралары кеңінен насихатталмайды?  Сонымен бала сурет сала біледі делік, олар кеңістікте ойлау қабілетін меңгерді.  Енді оның қолы жатық, ісмер болуы шарт. Ол үшін қолөнер керек. Ол сабақ ретінде, ойлау, құрастыру, жасау, қалыпқа келтіру саласын меңгерген болуы шарт. Бала бастауыштан бастап, он бір бітіргенше әр сабақта сурет салып, сызу сызумен қатар, оның макеттерін жасауға машықтануы керек. Бастауыш сыныптардан бастап, басқа пән мұғалімдерінің жұмысын жеңілдету үшін, оқушы қолдарын жаттықтыратын еңбек сабағы бөлек және аптасына кем дегенде, екі рет болуы керек. Хош делік. Енді 5-сыныптан бастап, еңбек сабағын аптасына төрт сағат өткізу керек. 2-сағат станокта жұмыс жасау, 2-сағат қолөнерін дамыту. Сонда мектеп бітірген кез келген оқушы дайын токарь, фрезеровщик, ағаш станогінің шебері, бармағынан бал тамған қолөнерші боп шығады. Жасыратыны жоқ, қазіргі оқу министрлігінде жұмсақ креслода отырған мамандар жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргендер. Дәлелім мынау, еліміз егемендік алғалы мемлекетімізде мектепке, лицейлерге, гимназиялар мен колледждерге арналған, жоғары оқу орындарын айтпағанда,  құрал-жабдықтар жасайтын, көрнекі құралдар шығаратын, химия, биология, сызу, сурет, еңбек пәндеріне арналған арнайы жабдықтар мен қосалқы құралдар шығаратын бір зауыт, не фабрика салынған жоқ. Соның салдарынан оқыту сапасы төмендеді. Содан барып құр ауызбен орақ оратын мамандықтар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Заңгерлер мен экономистер, сосын ағылшынша сайрап тұрған қолдарынан іс келмейтін біржақты мамандарды дайындауға ден қойды. Қазір не көп, банк пен қаржы мамандығын алып шығып, жұмыс таппай жүрген маман көп. Үй салатындар кімдер? Өзбектер мен қырғыздар. Олар күндерін көре алмағандықтан емес, қазақтың осал тұсын тауып, жеңіл ақша табу жолдарын тапқандықтан осында жүр. Біздің іс басындағылар небір қитұрқы әдіс тауып, колледж, институттарда ақылы бөлімдер ашып, ол жерде толыққанды білім беретін жағдай жасамай жатып, студенттерді жиып алып, оқытып жатыр. Міне, ағымдағы жылды алып қараңыз, вацаппен газеттердің бәрі жарысып, 60 балл жинай алмағандарды шақырып, студенттер санын толтыра алмай әлек. Ол дегеніңіз бүгінгі таңда оқудың сапасының түскендігі сонша, тіпті жастар оқуға бармай жатыр. Бір ғана мысал келтірейін, 1971 жылы, мен 8-бітіріп, техникумға түстім. Орысша әзер түсінетін ауыл баласына сол техникумда толыққанды білім берді деп айта алам. Себебі барлық сабақ практикалық құрал жабдықтармен жабдықталған болатын. Әр сабақ не лабораториялық жұмыс, не практикалық жұмыс болатын. Тек солай ғана сабақтың құндылығын арттыруға болады. Мен алғаш мектепке келген жылдары барлық еңбек кабинеттері толықтай құрал саймандармен қамтамасыз етілген болатын. Ал егемендікті алғалы сол кеңес үкіметінің құрал саймандарымен әлі жүрдім-бардым жұмыс істеп келеміз. Құрал саймандар шығармай, сабақтарды біріктіріп, кіріктіріп, атап айтсам: сурет, еңбек, оның ішінде, ауыл шаруашылығы, егін шаруашылығы, көкөніс шаруашылығы, тамақ шаруашылығы, темір өңдеу, ағаш өңдеу, шекіме өнері, үшқатпен жұмыс, электротехника, былғары өңдеу, зергерлік  жұмыстар, дизайн, сызу, графика, кескін­деме, табиғи заттармен жұмыс жасау, станоктармен жұмыс жасау осының бәріне аптасына 7,8,9 сыныптарға –  бір, 5,6 сыныптарда – екі сағат, сонда бұл балаға білім беру ме, әлде осы мамандықтардан жеріндіру ме?  Күнделікті интернет беттерінен көріп отырмыз, көршілес елдерде қандай құрылыстар жүріп жатқанын. Тек авто жолдарға қараңызшы, қандай көпірлер, акведугтар, автобамдар салынып жатыр. Олар салған жолдар неге бізде  жоқ? Қандай зәулім үйлер, қалалар салынып жатыр, ал бізде ше, тек Астананы салдық, Алматыны көркейттік. Оның өзін түгел шет ел мамандары сап берді. Біздің олардан қай жеріміз кем, осыған тоқталайын. Әу бастан біз қала салу, фабрика салу, зауыттар салу, өндірісті дамыту деген түсінікті бала санасына сіңіргеннің орнына, ағылшынды оқы, шет елге барып, күн көресің деп санасына сіңіреміз.  «Бізде түк жоқ, бізде жүріп адам болмайсың» деген ұғымды да мектеп қабырғасында абайламай сіңіріп жатқанымызды білмейміз. Жалпы, менің айтарым, ел басқарып отырған азаматтарға, іс басындағы тұлғаларға ел мүддесін көбірек ойлайтын кез келді. Баланы әйтеуір оқыту үшін мектепке жинап алмай, оны ел мүддесі үшін, өз тіршілігі үшін талмай еңбек ететін азамат ретінде өсіріп, тәрбиелеу керек.  Қазақстан аумағында дүниеге келген әрбір  сәбиге ертең мамандық иесі болып, ел тұтқасын ұстайтын азамат ретінде өзін бағалай алатын, ертеңіне еш алаңсыз қарайтындай жағдай жасалуы керек. Табиғи ресурсқа сонша бай мемлекетте қорғаныс құралдарымен қару-жарақ шығармағасын, небір машина, трактор, компьютер, самолет, тіпті жай ғана электрмен жұмыс жасайтын ағаш, темір кесетін құралдар шығармаған соң, ол мемлекет мемлекет пе?..

Баланы оқыту бағдарламасы

талапқа сай ма?

Ең алдымен, мемлекеттік сұранысты айқындап, баланы оқыту бағдарламасын өзгерту   керек. Соған сай, мектеп, колледж, институттарда сапалы білім беру үшін соларға арнайы керекті құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер шығаратын зауыт пен фабрикалар салу керек. Мектептегі барлық сыныпта электронды тақта болуы шарт. Барлық сабақтың басым көпшілігін   бейнебаян немесе мультфильм ретінде шығару керек. Ол сабақтың сапасын жоғарылатады, жеңілдетеді. Бала түсінбеген жерін бірнеше мәрте қайталап көріп, пысықтауға мүмкіндік алады.  Мысалы, станоктарда жұмыс жасау үшін оны қалай қосатынын, қауіпсіздік ережелерін, әр бөлшегін түгел бейне баяннан көріп барып жұмыс жасау анағұрлым тиімді, әрі қауіпсіз. Физика, химия, басқа да барлық пәндерді, тіпті дене тәрбиесін де солай бастап, содан соң барып, сарамандық жұмыстарға кірісу керек. Ауызша  айтып, жазбадан, кітаптан  оқыту ол кешегі күн. Бүгінгі таңда сабақ сапасын арттыру үшін ғылым мен техниканың барлық соңғы жаңалықтарын сабаққа енгізу шарт. Ал келесі қадам – осы білімді жастарды жұмыспен қамтамасыз ету. Олардың өнеркәсіпке келіп, сапалы өнім өндіруіне бар жағдайды жасау. Ал барлық зауыт, фабрикалар, табиғи байлықты өндіру тек   мемлекеттің ғана меншігі болуы шарт. Ал жеке кәсіпкерлер өз тараптарынан ашқан зауыт, фабрикалары болса, онда жұмыс жасап, мемлекетке өз пайдаларын келтіре алатын жағдайда жұмыс жасаса құба-құп. Темір жол, әуе жолы, басқа да мемлекеттік, мемлекет қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар нысандар тегіс мемлекет қарамағында болуы шарт. Баланы балабақшадан бастап осылай тәрбиелесек, жеткіншек ұрпақ елімізді бүкіл әлем мойындайтын, ғылым мен техникасы, ауыл-шаруашылығы дамыған мемлекетке айналдырады.   Ал  қазіргі таңда жасалып жатқан мына жасырынбақ, баланың ойыны тәрізді   мектеп рейтингі, мұғалім рейтінгі, аудан рейтингі,  тағы басқа адам миына қонбайтын қай-қайдағы бір тосқауылдарды ойлап табудың не қажеті бар? Сабақ сапасын арттырудың орнына сол тесттерге дайындалып, оқушы қайтсем жоғары оқу орнына түсем деп миы ашыса, ал мұғалім  қайтсем сол тесттен сүрінбей өтем, қайтсем ұятқа қалмаймын, қайтсем бала-шағама бір тиын да болса артық табам деп басы қатып жүр қазір.

Мектептерге артық бала емес,

керегі –  сапалы білім

Бір сыныпта 20 баладан артық отыр­ғызу қазіргі таңда балаларға жасалған ауыртпалық деп есептеймін.  Оқушыларды ұлдар, қыздар сыныбына бөлу заман талабы. Үзілісте дәлізде бірге жүріп, сабаққа бөлек кіріп, бөлек оқу білім сапасын арттырудың тікелей жолы. Ал денешынықтыру, еңбек сабақтарында оқушыларды екіге бөліп, терең білім беру жолдарын қарастыру бүгінгі таңдағы өте қажетті бағыт.   Мен жобамда айтқандай, баланы түске дейін оқытып, түстен кейін, мектепте үй тапсырмасын ұстаздың қарамағында жасату ең тиімді білім беру жолы. Мұғалім түске дейін оқытып, түстен кейін сол сабақты пысықтап, қайталап, берілген тапсырманы жасатып болмай оқушы үйіне қайтпайды.  Яғни осылай әр сабақты тиянақты оқыған бала ешқашан нашар білім алмайды. Бұл тәсілмен жұмыс істеген мұғалім әр баланың білім деңгейін назарында ұстап, оны дамыту жолдарын терең іздестіруге мүмкіндік алады. Мұғалім екі түрлі жалақы алады түске дейін мұғалім ретінде, түстен кейін тәрбиеші ретінде. Мұғалім ставкасы бастауышта 14-сағат, жоғарғы буында 16-сағат болуы шарт. Бұл жай ғана ұстазға жасалып отырған жеңілдік емес, бұл менің көп жылдан бері оқушының қабілеті мен ұстаздың қарым-қатынасын есептегеннен шыққан нәтиже. Оның материалдық жағдайы дұрыс шешілген соң, ол өз жұмысын еш алаңсыз істейді. Елдің болашағы білімді, білікті мамандар екенін ескеріп, білім саласына қаржыны көп бөлу қалыпты мәселе. Алдыңғы қатарлы мемлекеттердің тәжірибесі осыны дәлелдеп отыр.   Ал ертеңгі сабағына толық тиянақты дайындалып алған оқушы, түрлі үйірме, секцияларға барып, кешкісін үйіне көңілді күйде қайтады. Үйінде ол ата анасымен көркем әдебиет оқуға, театрға баруға, шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы ойнауға,  тағы басқа өзі қалаған ісімен айналысуға мол мүмкіндік алады. Ата-анасы да жұмыстан соң, баламен сабақ оқып, жүйкесін тоздырмай, балаға ұлттық тәрбие, ақыл-кеңес айтып, сұхбаттасуға мол мүмкіндік алады. Баласымен бірге қолөнер бұйымдарын жасап, ән айтып, музыка тыңдап, би билеп, әртүрлі тағамдар жасап, етене жақын болады. Бір сөзбен айтқанда, олар өз ата-аналық борыштарын адал атқаруға мүмкіндік алады.

Байқасаңыз, мен шет тілі жайлы аз ғана айттым, негізі балаға бесінші сыныпқа дейін бірде-бір шет тілін оқытпау керек, орта буында танысу ретінде аптасына бір сағат ағылшын тілін оқытуға қарсы емеспін, жоғары буында оқығысы келген балаларға факультатив ретінде тағы сағат қосуға болады. Кеңес үкіметінің жаппай орыс тілін ендіру саясаты артта қалды. Қазақстанда мемлекеттік тіл –  қазақ тілін әр азамат ұлтына қарамай меңгеруге міндетті. Тілімізді, дінімізді, салт-санамызды, әдет-ғұрпымызды тек сақтап қалу емес, оны құрметтеп, ардақтап, әлемдік деңгейге жеткізу әрқайсымыздың  азаматтық, адами борышымыз. Әр жеткіншек,  жас сәбиден, еңкейген қарттарымызға дейін ана тілді тек ұлттық ар-намысы үшін ғана емес, оны жер бетіндегі баға жетпес байлық, құндылық, тарихта қайталанбас құбылыс ретінде бағалауы керек. Қаншама тіл жер бетінен өшіп жоқ болды. Өзіміз кеше көзіміз көрген кеңес үкіметі кезінде жетпіс төрт тіл жойылып кетті. Жойылып бара жатқан аңдар мен жан-жануарларды, құстарды, тіпті жәндіктерді қызыл кі­тап­қа енгізіп, қорғаштап жүргенде, қаншама тілді, солармен бірге мәдени байлықтарды, құндылықтарды жоғалттық. Туған жерінің әр шөбін, бұтағына дейін білетін, салт-дәстүрін қастерлейтін, ән-күйін аялайтын,өнерін өрге сүйрейтін, терең оқып, үйренген бала ғана ойын өте әдемі тұжырымдап, қорытындылай алады. Ана тілінде жетік сөйлеп, ойлап, ойын еркін жеткізе алатын, белгілі бір деңгейде өз пікірін тұжырымдай алатын бала ғана өзге тілді меңгеруге, игеруге қабілетті. Ал өз жерінің жағдайын, ана тілін, тарихын білмей, басқа елдің жай-жапсарын оқып үйренген бала есейе келе Отанының жанашыры бола алмайды. Қазір, міне, өзіміз көріп жүрген ел ағалары туған жер табиғатын, тарихын, ауа райын халық мүддесін терең білмегендіктен, жер асты, жер үсті байлығымызға жауапты қарайды. Шет елдің, әрине, бізден анағұрлым дамыған немесе бізден ертерек қимылдап, қанат жайып алған елдердің үлгісін әкеп, өз жерімізге жамап, ол жамау тұрпайы көрініп, үйлеспей жатқан жайы тағы бар. Соның салдарынан өзге елдің сахна, спорт  майталмандары елімізде қаптап, өз өнерпаздарымыз тасада қап кетіп жүр ғой. Осы олқылықтарды жоюдың жолы біреу-ақ, ол – өскелең ұрпақты ғылым мен техниканы терең меңгеруге баулу. Cөз соңында айтарым, әрине, бұл мақаламда мен «Күншуақ мектебі» атты жобама егжей-тегжейлі тоқталмадым. Егер, ол жалпы орта білім беру саласына енгізіліп, қолданыс табатын болса, менің ойымша, бүгінгі мектептеріміздің сапасы әлдеқайда жақсарған болар еді. Негізгі түйткілді жайттарға тоқталғаным да содан. Ресей ғалымдары тарапынан оң бағаланған жобамның өз елімізде толыққанды іске асырылғанын қалаймын. Басты арманымның бірі – осы. Егер де жоба жайында толық мағлұмат алғысы келетін сала мамандары болса, «Ақиқат» журналы арқылы автормен байланысуға болатынын айтқым келеді.

1113 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз