• Ұлттану
  • 28 Қаңтар, 2021

АБАЙ ДЕГЕНІМІЗ – ҚАЗАҚ, ҚАЗАҚ ДЕГЕНІМІЗ – АБАЙ

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,

филология ғылымдарының

докторы, профессор

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл,

ғылым, ар, мінез деген нәрселермен  озбақ».  

 Абай

Әрбір халықтың ұлт болып, қалып­ты өмір сүруі, дамуы үшін оның өміршеңдігін қамтамасыз ететін рухани ұстындар, тіреуіштер керек. Онсыз қазіргі жаһандану заманында ұлттың ұлт болып өмір сүруі қиын болып бара жатыр. Ұлттық құндылықтарымен өмір сүріп, ұлттық болмысын сақтай білген халықтар ғана ұлт болып, мемлекет болып өмір сүріп жатқан жайы бар. Мысалы, қытайлар Конфуцийді, өзбектер Науайды, түркімендер Мақтымқұлыны, қырғыздар «Манас», якуттар «Олонхо» жырларын ұлттық идеологиясының негізі етіп алған. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, сан ғасырлық тарихы бар қазақ поэзиясының шыңына айналған, ұлттық руханиятымыздың жарық жұлдызы атанған Абай да – әрбір қазақ бойын түзер, ойын түзер ұлы тұлға.

Қазіргі әлемдік өркениетте ресми түрде ұлттық идеология жоқ. Жоқ болатын себебі – ұлттық идеология бір ұлтты өзге ұлттардан жоғары қояды; мұның аяғы шовинизмге апарып соқтырады дейді Батыстың ғалымдары. Десек те, ұлттардың болашағына қауіп төніп тұрған қазіргі жаһандану дәуірінде әрбір ұлт өзін-өзі сақтап қалу мақсатымен аты басқаша аталғанымен де іс жүзінде ұлттық идеология саясатын барынша жүргізіп жатқанының куәсі болып отырмыз.

ХХІ ғасыр жаһандану дәуірінде  оған қарсы бағытталған ұлт-азаттық, дінаралық, әлеуметтік қақтығыстар күшейе түсуде. Адамзат қоғамын жалпыға ортақ бақытты заманға жеткізбек жаһанданудың жалғасы әлемнің астан-кестеңін шығарып, ойға да  келмеген қауіп-қатерлер алдан шығып жатыр. Тілімізді, ұлттық болмысымызды қалай сақтаймыз деп жүргенде, әлемнің бір шетінде пайда болған  «індет» те жаһанданып,  әлемді жайлап, жалмап  барады. Тәжтажалдан (короновирус) қорыққандар қазір өздерінің жеке ұлт, мемлекет екендері есіне түсіп, өздерін сақтап қалу үшін жаһандық байланыстарын тоқтатып, ұлттық үйлерінің – мемлекеттерінің есік-терезелерін қымтап, ешкімді кіргізбей де, шығармай да өмір сүруге көшіп жатыр.  Басқа түскен ауыр жағдайда не істеуіміз керек, болашағымыз қалай болмақ деген сауалдар күн тәртібінде тұр.

Міне, осындай ұлттың болашақ тағдыры күн тәртібіне қойылып отырған жағдайда «Бізге казір елді біріктіріп, алдағы нәрселерді шешетін, оған елді жұмылдыра түсетін идеология керек» (Шыңғыс Айтматов). Ұлттық болмысымызды сақтап, басқа алпауыт ұлттардың ассимиляциясына түсіп кетпес үшін арқа тұтар, тірек қылар ұлтымыздың бар болмысын, өзіндік ерекшеліктерін, жақсы жақтарын да, кемшіліктерін де айнаға түсіргендей айқындап берген, адам болып, халық болып қалуымыз үшін не істеп, нені қоюымыз керектігін  айтып, күндей күркіреп, өмірі күңіренумен өткен Ата қазақ Абайдай ұлы тұлға керек. Абайдың ұлылығы сонда, біз қазақ қандай болу керек, ұлт тағдыры қыл үстінде тұрған мынадай қилы заманда өзімізді сақтап қалуымыз үшін не істеуіміз керек деген сауалдарға жауаптың барлығын да Абайдан, оның қаламынан шыққан  176 өлең, 3 поэма, 45 қарасөзден табамыз. Сонымен, қазақтың ұлттық бейнесін Абайдың рухани болмысынан толық көреміз; Абай дегеніміз – қазақ, қазақ дегеніміз – Абай.

Абай ел болу үшін, өсіп-өркендеу үшін ең алдымен, бірлік керек дейді. Абайды оқиық:

«Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды бірлік, ырыс алды тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда, байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?»

   Бірлік – елдің елдігінің басты белгісі. Бірлік жоқ жерде елдің тоз-тозы шығып, мұның аяғы іштей ыдыраушылыққа, қан төгістерге апарып жатқанын бүгінгі өмір де көрсетіп жатыр. Демек, Абай ХІХ ғасырда көтерген ұлттың ұлт болып ұйысып, халықтың халық болып өмір сүруінің бірден-бір шарты болып табылатын аса маңызды мәселені көтеріп, оған дұрыс түсінік беріп отыр. Абай көтерген ұлттық бірлік мәселесі күні бүгінге дейін күн тәртібінде тұр.

Әлеуметтанушы, психолог-ғалым­дардың анықтауынша, адамдардың, ұлттың бірлігі ойдың бірлігінен басталады. Ой бірлігі – жалпы бірлік атаулының бастауы. Идеялық  бірлік болса, сөзде де, істе де бірлік болады.   «Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады» (Ә.Бөкейханов).Нағыз бірлікке ұлттық немесе мемлекеттік идеологияның арқасында ғана қол жетеді. Демократиялық қоғам орнатуға кіріскен елімізде идеологиялық жұмыстардың жетімсіздігінен ұлттық бірлікке қол жеткізудің қиын болып жатқанын осылайша түсіндіруге болады.  Абайдың ұлылығы сол, ғылыми жағынан да, жүзеге асыру жағынан да ұлт үшін аса маңызды болуымен бірге аса қиын осы бір мәселенің дұрыс шешімін осыдан бір жарым ғасыр бұрын айтып кетіпті. Абайдың «ақылға бірлік» деп отырғаны ой бірлігі, идея бірлігі бүгінгі қазақ қауымының алдына өткір қойылуда.

Бұл мәселені тәптіштеңкіреп отыр­ғанымыз – халқының тоз-тозы шығып жатқанын көріп, күңіренген Абайдың  бұл әлеуметтік дерттің диагнозын дәл қойып, одан шығудың жолын да дұрыс көрсете білуінде екендігіне назар аудару.

Бұл жерде Абай неге ой бірлігі де­мей, ақылға бірлік деп отыр? Адамның миында жинақталған білім-ғылымның, ақпараттардың түрліше сыпаттарда болуына байланысты әртүрлі ойлар туындап жатады. Мидың негізгі қызметі – сол мәліметтерді жинақтап, сақтау, ең негізгісі солардың жақсы-жаманын, пайдалы-пайдасызын, зиянды-зиянсызын дегендей, әбден саралап, қорытып, соның тиімдісін адамға, қоғамға ұсынып отыру. Адамның қоғамдық-әлеуметтік қызметіндегі ең маңыздысы осы – ойлау үдерісінің барысында дұрыс идеялардың өмірге келуі. Егер де осы мәселеге қатысты  ақпараттар жоқ, не жетімсіз, не басқа бағыттағы болса, ойлаудың барысында теріс ой қорытындылары шығуы мүмкін. Міне, мидың осы бір аса күрделі қызметі қажетті ақпараттармен толық қамтамасыз етілгенде, білім-ғылыммен қаруланғанда, жүрек жылуына оранғанда барып, дұрыс нәтижелерге қол жеткізетін болады. Адам қажетіне қарай, осы дайын ой қорытындыларын өзі пайдаланады, не болмаса, қажет еткен өзгелерге «ақыл айтып», ұсынып жатады. Қорытылған қажетті ойды біз қазір «идея» деп жүрміз. Абайдың кезінде «ақыл» аталған. Қазір ауызекі тілде көп айтылатыны да, көбіміздің қолымыздан келетіні де  осы – ақыл, ақыл айту.

Абайдың жолын қуған алашшылдар осы Абай бастаған ұлттық бағытты жалғастырды.  Абай ойдың түзелуі барысында «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» – деп, халқын тура жолға бағыттаса, «ақылды сөз қылмақ қиын, ақылды сөзді ақылды іс қылмақ одан да қиын» деп білген Ә.Бөкейханов түрлі ойларды қорытып, ұлтқа пайдалы сөзге айналдырдық, ендігі міндет ұлтты жандандыратын сол сөздерді іске айналдырып, жүзеге асыру сендерге аманат деп, кейінгі ұрпаққа үлкен үмітпен қарады. Адамның адам болып өмір сүруі үшін екі түрлі азық – тән азығы мен жан азығы керек. Абайша айтсақ,  «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі тән, бірі жан» тұрады. Мұндағы тән азығы адамның биологиялық тіршілігін қамтамасыз етіп отыратын азық-түлік пен ыстық-суықтан қорғайтын киім-кешек болса, жан азығы дегеніміз – оның  қоғамдағы қарым-қатынастарын, өмірлік мақсаттарын айқындап отыратын өмір сүрудің адамгершілік нормалары. Тән азығы негізгі қозғаушы күшке айналса, қоғамды дүниеқоңыздық, жемқорлық, адам адамға қасқыр болып, әділетсіздік, қылмыс жайлайды. Ал жан азығы алға шықса, адамгершілік салтанат құрғанымен де, елді кедейшілік жайлап, күнкөріс қиындайтын болады. Сондықтан да, адамның дұрыс өмір сүруі, қоғамның қалыпты дамуы үшін осы екі түрлі – тән азығы мен жан азығының тепе-теңдігін сақтап отырудың маңызы зор.  Абай былай дейді:

«Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік.

...Көп заман ескермеген адамнан ол бағанағы өнердің өзінің ең қызықты, қымбатты жерлері жоғала бастайды. Онан соң көп заман өтсе, сол өнерді сақтайтұғын қуаттың өзі де жоғалады.  Онан соң қайта кәсіп қылуға болмайды.

Бұл қуаттың ішінде үш артық қуат ба, зинһар соны жоғалтып алу жарамас, ол жоғалса, адам  ұғылы  хайуан болды, адамшылықтан шықты» (Жетінші сөз).

Адамзат тарихына көз жіберетін болсақ, осы тепе-теңдіктің сақтала бермегенін көреміз. Ресейдің отары болған ХІХ ғасырдағы қазақ даласында да қоғамдық-әлеуметтік әділетсіздіктер барынша ушығып тұрған еді. Сол әділетсіздіктерді көзімен көріп, түп-тамырын дөп басып, басынан өткерген Абайдың «елім» деп, шырқыраған  жан даусы ХХІ ғасырға жетіп тұр:

«Қалың елім, қазағым, қайран                                                                        жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп, екі ұртың.

... Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді.

...Бас-басына би болған өңшең қиқым.

...Бірлік жоқ, береке жоқ, шын

                                                  пейіл жоқ.

...Баста ми, қолда малға талас қылған» (Абай Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. 1-том, Алматы, «Ғылым», 1977, 50-бет).

«Қазақтың бірінің-біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілес­пейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге  достығы  жоқ жандар  шығады.

Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді. Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді. Ол мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ. Қыстауы тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік, байлық қызметінен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Ол қыстауынан айырылған және біреуге тиіспек, я болмаса орынсыздығынан елден  кетпек – әр қазақтың ойы осы».

Абай осылайша, былығып, бүлініп жатқан қазақ даласындағы жағдайдың не себептен туындап жатқан астарына үңіледі. Осы мәселені Абай төмендегіше түсіндіреді:

«Жас бала анадан туғанда, екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» (Жетінші сөз).

Осыдан мың жылдай  уақыт бұрын қазақ даласынан шығып, әлемдік білім-ғылымның шығып, екінші Аристотель атанған әл-Фараби осы мәселеге  философиялық тұрғыдан келіп: «Әрі мадақтауға, әрі жазғыруға соқтыратын мұндай жағдайлар – үшеу.

1. Бұл әрекеттер, адамның дене мүше­лерін пайдалану үшін керекті әрекеттер, мысалы, орнынан тұру, отыру, көлікке мініп жүру, көру, есту үшін керекті әрекеттер.

2. Жан аффектілері. Мысалы, құштар­лық, рахат, қуаныш, ашу, қорқыныш, жабырқау, күйіну, қызғаныш және сол сияқтылар.

3. Ақыл-парасат. Бұл үшіншісі адамның бүкіл өмір бойында болады немесе кейде болып, кейде болмайды» (Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. Алматы, «Ғылым», 1975, 5-6 беттер) – тұрғысында сыпаттама берген екен.

Бұл жерде дала данышпаны – Абайдың әл-Фарабидің есімін сол кезде естіді ме, естімеді ме, өз кезінде әлемдік білім-ғылымның көшбасшыларының бірі болған ойшылдың еңбектерімен таныс болды ма, болмады ма, ол жағы бізге мәлімсіз; байқап отырғанымыз – ұлылардың ұлы ойларының бір арнадан шығып отырғандығы. Бар айырмашылық жан мәселесіне әл-Фараби адамның іс-әрекеті тұрғысынан келіп, оны «жан аффектілері» мен «ақыл-парасатқа» бөліп қарастырса, Абай бұл екеуін қосып,  рухани күш беретін «жан  азығы» атаған.

«Қырық үшінші сөзде» Абай осы ойларын тағы да нақтылай түсіпті:

«Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили, қайсысы кәсіби – оны білмек керек. Ішсем, жесем демектің басы – жибили, ұйықтамақ та соған ұқсайды. Аз ба, көп пе, білсем екен, көрсем екен деген арзу, бұлардың да басы – жибили.

Ақыл, ғылым – бұлар – кәсіби. Көзбенен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабарлардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен, ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретіменен көңілге түседі. Ол көңілге түсіруші бағанағы бес нәрседен өткен соң, оларды жайғастырып көңілде суреттемек. Ол – жанның жибили қуаты дүр».

Тағы да «Жүректе қайрат болмаса» өлеңінде  «Малда да бар жан мен тән, //Ақыл, сезім болмаса» – деп, жоғарыдағы ойларын нақтылай түседі.

Бұл жерде түсінуге ауырлау болып тұрған  жибили ішсем, жесем, ұйықтасам, көрсем деген сияқты туа біткен, ал кәсіби – адамның саналы өміріндегі ойлау арқылы пайда болатын рухани қасиеттер. Өмірде болып жатқан түрлі оқиғалар адамға жағымды, жағымсыз әсер етеді. Ал «хабарлардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен» позитив әсер ету барысында адам жанына қуат береді. Абайдың «ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен... көңілге түседі» дегенде, келеңсіз жағдайлардың негатив әсер ететіндігін де меңзеп отыр. Өмірде болып жатқан оқиғалардың адамның, қоғамның болашағына тікелей жағымды, жағымсыз әсер ететіндігін сол ХІХ ғасырдың өзінде-ақ айтып, ескертуі Абайдың ұлтының болашағын болжай білген көрегендігінің бір көрінісі болса керек.

Абай ары қарай айтпақ ойын төмен­дегіше жалғастырады: «Бір ұмытпастық жақсы нәрседен көңілге жақсы әсер хасил болып, жаман нәрседен көңілге жаман әсер хасил болу секілді нәрселер. Бұл қуаттар әуелде кішкене ғана болады. Ескеріп баққан адам үлкейтіп, ұлғайтып, ол қуаттардың қуатын зорайтады. Ескерусіз қалса, ол қуаттың қайсысы болса да жоғалады, тіпті жоғалмаса да, аз-мәз нәрсе болмаса, үлкен ешнәрсеге жарамайтын болады.

Кімде-кім сырттан естіп білу, көріп білу секілді нәрселерді көбейтіп алса, ол – көп жиғаны бар адам: сынап, орындысын, орынсызын – бәрін де бағанағы жиған нәрселерінен есеп қылып, қарап табады. Бұлай етіп бұл харекетке түсінген адамды ақылды дейміз».

Ақынның ойынша, көпті көрген, көп ізденген, көп нәрсені ойына тоқыған, жақсы мен жаманды ажырата алатын адам – ақылды адам. Ал ақылсыздық  – «ойсыз, өнерсіз надан адамның ісі» болса, ақылды –  жан қуаты күшті адам. Ақылсыздық, білімсіздік – адамның қоры. Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп  білесің.

Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз  біліп  болмайды. «Білімсіздік хайуандық  болады». «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен» (Отыз сегізінші сөз).

Абай әлемде не болып жатқанынан бейхабар халқын өзгелерден қалып қоймас үшін өнер-білімге шақырады. Тіпті, өнер-білімді үйренудің әдістемелік жолдарын да көрсетіп береді:

«Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер».

«Ғылым – алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр» (Отыз сегізінші сөз), «Ғылымның бір аты – ақыл» (сонда),  «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен» деп білген Абай елінің ертеңін білім мен ғылыммен байланыстырды; сондықтан да, халқын оқуға, білім алуға, ғылымды үйренуге шақырды. «Ғылым» алланың сегіз сипатының бірі екендігін еске салды: «Ғылым – алланың бір сипаты, ол – хақиқат», «Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» (Оныншы сөз). Абайдың  «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» (Он сегізінші сөз), «Ғылым мал табу құралы емес, мал ғылымды дамыту үшін қажет» – дейді.  Демек, ғылым – өмірді танып білудің бірден-бір жолы; адам білімдар болған сайын ақиқатқа қарай, яғни, аллаға да жақындай түседі деген сөз. Білім-ғылымның халық өміріндегі мәні мен маңызын осы жолдарды оқығанда, шын мәнінде толық түсінгендей боласыз.

Абайдың «Ғылым таппай, мақтанба» өлеңін кім білмейді. Біз де осы өлеңді жаттап өстік: «Ғылым таппай, мақтанба, Орын таппай баптанба, Құмарланып, шаттанба, Ойнап босқа күлуге... Ғалым болмай, немене, Балалықты қисаңыз. Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз» (Абай Құнанбаев, Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Бірінші том, Алматы, «Ғылым» баспасы, 1977, 65-66 беттер).

Ақынның «Білімдіден шыққан сөз», «Интернатта оқып жүр», «Ғалымнан надан артпас ұққанменен», «Мен боламын демеңдер», «Түбінде баянды еңбек егін салған», «Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезген», т. б. өлеңдерінде жастарды білім-ғылымға үндеп, оның жақсылыққа бастар бірден-бір жол екенін ескертеді.

Ешқандай мектеп көрмеген, оқу бітірмеген, бар болғаны туған халқының ішінде жүріп, оның рухани құндылықтарын көкірегіне тоқи білген дана Абайдың сол кездегі қазақ қоғамын жайлаған рухани дерттерді емдеудің жолдарын көрсете білуі бүгінгі ұрпақтарды таң қалдырады.  Халқының даналығын, ұлтының ұлылығын бойына сіңіре білген ұланғайыр білім иесінің «Жасымда ғылым бар деп, ескермедім» деуінің өзі де Абайдың ұлы тұлғасын байқатса керек:

«Жасымда ғылым бар деп, ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң, түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім» (сонда, 43-бет).

Абай ғылымның не үшін қажет екендігін, оны игерудің оңай жол еместігін ескертеді:

«– Әуелі білмек керек;

– Ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйрену керек;

– Әрбір хақиқатқа тырысып ыждаһа­тыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма!

– Білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі – мұлахаза қылу (ойласу, пікір алмасу), екіншісі – берік мұхафаза қылу (сақтау, қорғау). Бұл екі қуатты зорайту жаһатында болу керек. ... Бұлар зораймай, ғылым зораймайды.

– ... уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар, зинһар жаным, соған бек сақ бол, әсіресе, әуелі – құданың, екінші – халықтың, үшінші – дәулеттің, төртінші – ғибраттың, бесінші – ақылдың, ардың – бәрінің дұшпаны. Ол бар жерде бұлар болмайды.

– Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады».

Абайдың «толық адам» ілімінде мінездің орны ерекше. Адамның адамгершілігі, білімдарлығы, сана-сезімі, өмірге көзқарасы оның мінезінен, яғни, оның түрлі орталарда, түрлі жағдайларда өзін ұстай білуінен, сөйлей алуынан, іс-әрекеттерінен көрінеді. Мінезсіз адам жоқ. Десек те, білімді, тәрбиелі, парасатты адам қандай да бір қиын жағдай болмасын, бәрін ақылға салып, дұрыс шешім қабылдап, өзін ұстай біледі. Білім, тәрбие арқылы қалыптасқан мәдениеттілік мінез арқылы көрінеді. «Жасынан түсін билеп, сыр бермеген» – нағыз мәдениетті адам.

Білімсіз, ғылымсыз  адамды  наданға, хайуанға теңеген Абай «Жиырма бесінші сөзін» түгелдей осы мәселеге арнапты:

«Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды...

Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Ләкин осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес. Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, мұны көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік...

Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет!» (Жиырма бесінші сөз).

Бұл жердегі Абайдың негізгі ойы – анық: білім де, ғылым да,  өнер де – бәрі – орыста; сондықтан да, «орысша оқу керек».  Осы сөз әр кезде әр түрлі түсініліп келді. Десек те осы сөздерді ұлы ақынның тек қана ізгі ойлармен жазғанына күмән келтіруге болмайды.

«Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады» – деп, жазады. Осындағы адам баласы көбіне «ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады» деген сөзінің астарына үңіліп көрейік. Адамның миында  алдымен  ой пайда болып, ол қорытылып «ақылға» айналады. Абай ақыл жеткілікті болғанымен, жүректе байлау болмаса,  жүзеге аса бермеуі мүмкін дегенді айтып отыр. Ойшылдың бұл ойлары мына өлеңінде шынайы көркем көрініс тапқан:

«Жүректе қайрат болмаса,  Ұйық­таған ойды кім түртпек.  Ақылға сәуле қонбаса,  Хайуанша жүріп, күнелт­пек... Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса. Тіршіліктің несі сән, Тереңге бет қоймаса?
Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын? Халқым надан болған соң Қайда барып оңайын?!»

Иә, осы жерде «ақыл» (ой, идея – Д.Ы.)  іске асуы үшін міндетті түрде жүректің сарабынан өтіп, жылуына оранып, қайраттанып, қуаттанып шығуы міндетті. Сонда жүрек кез келген «ақылды» қабылдай бермейді, оларды сүзгіден өткізіп,  бойында жылуы, жігері бар өміршең, тиімділерін ғана қабылдайды.

Адамның дене мүшесі болумен бірге, жүрек ислам дінінде – иманның тұрағы, аллаға сенім мекені, адамның дәні, өзегі саналады. Жаман адамды жүрегі былғанған, имансыз дейді. Абайдың дүниетанымында да жүрек осы тұрғыдан түсініліп, жырға қосылады. Адам жүрек тәрбиесімен жетіледі; жүрегі қандай болса, адамы да сондай. «Иманды адамның жүрегі нұрланып тұрады, ол қайрат пен ақылға бағынбайды, жақсылыққа қуанады, жамандыққа ермейді. Ақиқат ауылын тапқан жүрек алдамайды, алаламайды, адалдықтан айнымайды» (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. 6 том, Алматы, «Арыс», 2007,  635-бет).

Жүректің мұндай қасиеттері тәрбиемен қалыптасады. Жақсы тәрбие алған жүректер дұрыс шешімдер қабылдауға көмектессе, «қатып қалған жүректерде» керісінше болады.  Сондықтан да, адам өмірінде жас ұрпақ тәрбиесінің, яғни, «жүрек тәрбиесінің» маңызы зор. Мұндағы «жүрек тәрбиесі» деп, отырғанымыз – адамгершілік тәрбиесі. Міне, Абай ақыл болғанымен де оны жүрек тәрбиесінсіз жүзеге асырудың мүмкін еместігін тағы да ескертіп отыр.

Кезінде әл-Фараби адамның ең басты дене мүшесі жүрек деген екен: «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да – басты мүше; бірақ мұның үстемдігі бірінші емес, екінші, өйткені, ол барлық басқа мүшелерді билейтін болса, оның өзін жүрек билейді. Бірақ бұл тек жүрекке қызмет етеді және жүректің табиғи ниетіне қарай, бұған басқа мүшелер қызмет етеді.

(Ми жүректен кейінгі) мүше ретінде (әрекет етеді), басты (мүше) бейімделе алмаған жерде оның орнын басады, оның өкілі болады, әр іске бейімделіп отырады; жүректің ізгі ниеттерін жүзеге асыру ісіне қызмет ету тек қана миға тән қабілет.

Мәселен, жүрек –  ішкі табиғи  жылы­лықтың көзі...

Ми (мұнда) жүрекке қызмет етеді,  сезімдік жүйке тамырларға өз күшін бойында сақтайтын қуат бітіреді, бұл қуат коректендіруші (күштердің) сезімтал болуына  мүмкіндік береді...

Мидан кейін бауыр, бұдан соң көкбауыр, содан соң жыныс мүшелері...

Үстем күштің мекені – жүректе» (Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. Алматы, 1973, 289-295  беттер).

Ислам әлемінің тағы бір ғұламасы Аид әл-Қарни жүрек туралы былай деп жазып қалдырыпты:  

«Кісідегі бағалы һәм лайықты нәрсе – оның жүрегі. Ол жаратқан туралы біледі, оған ұмтылады және оны сүйеді. Жүрек – иманның және білімнің ошағы... Жүрекке ең қымбыт нәрсе – иман және ақыл-ой тарту етілген, дененің қалған барлық бөліктері оған ереді. Ол оларды қожайын қызметкерлерін пайдаланғандай пайдаланады» (Аид әл-Қарни. Мұңайма! Бақыттың бұлағы және қайғы-мұңның дауасы. Аударған Қанат Сұлтанбекұлы. Алматы, 2019, 152-бет).

Абайдың айтуынша,  сөз «жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді»;  «бойда қуат, ойда көз болмаса, ондайларға айтпа сөз»; жүрексіз айтылған сөз – жалған сөз – ондайларға сенбе.

«Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас. Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас. Жүректен қызу-қызба кете қалса, Өзге тәннен еш қызық іс табылмас. Достық, қызық, бар қызық – жүрек ісі, Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі. Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық,  Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі» – деп жырлаған ақын жүректің адамның рухани  өміріндегі шешуші рөлін дәл айтып отыр.

Ақын өз халқының көзі, сезімі, жыр­шы­сы дейтін болсақ, өмірдің әділет­сіздіктерін қайнаған ішінде жүріп көрген, барынша сезінген ақынның жүрегі –  «қырық жамау»:

«Жүрегім менің – қырық жамау, Қиянатшыл дүниеден. Қайтып аман қалсын сау,  Қайтқаннан соң әр неден... Қан жүректі қайғылы-ау, Қайрыла кет сен маған. Қасиетін ойлан-ау, Қам көңілдің тынбаған».

Поэзия – адам жанының сыры, сезімі. Ал осы сыр мен сезімнің ұясы – жүрек. Абай лирикасында  сезім мен сырға толы «жүрек» сөзі жиі қолданылады. Адам «Ақылдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады», «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды» дейтін Абай жүректен жарып шыққан не бір әсем теңеулерді, эпитеттерді, метафораларды шебер қолдану арқылы қазақтың қара сөзіне жан бітіріп, өлеңнің поэтикалық, ойшылдық қуатын күшейтіп, көркемдік кестесін құлпыртып, сөзден сурет салған.  Ақынның бұл сөзді өмірінің соңғы кезеңінде ішіне жиналып қалған мұң-шерін сыртқа шығарған көңіл-күй лирикасында көбірек қолданғаны байқалады.

Жер бетіндегі тіршілік иесінің барлығы үшін өмір дегеніміз – жетілу жолындағы күрес. Адам өмірінің мақсаты да барлық жағынан да жетіліп, табиғи ортаға бейімделіп, рухани жағынан байып, өміршеңдік қабілетін арттыра түсу. Міне, адамзат қоғамы үшін аса маңызды осы бір мәселе Абайды да толғандырды. Ол ғылым-білім, өнерді үйрену арқылы имандылық ой-өрісті дамытып,  рухани жетілуге басты назарды аударады. Абайдың айтуынша, жан жүректе жайғасқан. Жүрек қандай болса, адам да сондай. Адамның бүкіл тыныс-тіршілігі жүрек арқылы басқарылады. Жүрегі жылы, тәрбиелі болса, ондай адамның ішкі жан-дүниесі де – таза; рухани жағынан  жетілген адам өмірде көп қателеспей,  дұрыс өмір сүре алады. Абай адам баласының бақытын оның жүрегінің тазалығымен   тығыз   байланыстырады.

Адамның рухани жан дүниесінің мекені саналатын жүрек сөзінің өзі ақын поэзиясында «Жылы жүрек», «Ыстық жүрек», «Қан жүректі», «Жүрегі жұмсақ», «Бір жүрек», «Жүрегім менің  – қырық жамау», «Жүрек – теңіз», «Ауру жүрек», «Асау жүрек», «Жас жүрегім», «Қайран менің жүрегім», «Жүрегімнің түбіне терең бойла», «Ет жүрексіз», «Жүрегім бойды жылытып», «Күйесің жүрек, күйесің», «Жүрегім, нені сезесің?», «Ынталы жүрек», «Жүректің ақыл суаты», «Жүрегіңе сүңгі де», «Жүрек тербеп», «Жүректегі жазылмай, тағдырдың салдың сызығы», «Жүректі басты, шықпас күн», «Жүрекке мұз боп ерімес», «Жүрегінде жатады өкпе сазы», «Жүрек кетті лүпілдеп», «Жүрегі – айна», «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста», «Шын жүрек – бір жүрек», «Жүрек балқып, игенде», «Жүрегіне от жанып», «Жүрекке ыстық тиіп, салған сайын», «Жүректі түртіп, қозғамай», «Жүректің отын сөндірмес», «Жүрегі жұмсақ», «Жүректің көзі ашылса», «Жүректе айна жоқ болса», «Жас жүректе жанған шақ», «Лүпілдеп жүрегі»,  «Жүрегі елжіреп», «Жүректен қозғайын», «Өртенген жүрекке», «Жүрегім лүпілдеп», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!», «Сорлы жүрек», «Кірлеген жүрек»,  «Ит жүрек»,  «Жау жүрек», «Жалын жүрек»,  «Шын жүрек», «Жүрегім суылдап», «Шошыған жүректі», «Жүректің сөзін сөйле, тіл», «Жас жүрегім қозғалса»,  «Жүрегі – жылы», «Құдай салды жүрекке, Жалғанда бітпес жараны»,  «Қараңғы түнде қапалық,  Жүректі басты, шықпас күн», «Үмітсіз өмір бітірді, Жүрекке мұз боп, ерімес», «Асау жүрек алқынар», «Жүректің отын сөндірмес», «Жүрекке құйылып», «Жүрекпен алысып», «Сенделеді ит жүрек», «Жау жүрек», «Жалын жүрек», «Кірлеген жүрек», «Ынталы жүрек», «Жүректің ақыл суаты», «Жүрегіңе сүңгі де», т.б. тіркестерінде қанат жайып, «жұмбақ адамның» «жүрек түбіне» қарай тереңге тарта береді. Осы бір ғана «жүрек» сөзінің түрліше қолданылуының өзінен-ақ ақынның өзі салған автопортретін де көруге болады.  Абайдың лирикасында «жүректің» көркем де шебер қолданыстарынан мың құбылып, құлпырған сөздің поэтикалық қуатын байқаймыз.

Бұл жердегі ақынның «жүрегі» – философиялық категория. Абай ХІХ ғасырдағы қазақ руханииятында классикалық философияның орнындағы халықтық дүниетаным негізінде еуропалық ілім-білім жетістіктеріне сүйе­не отырып, адам концепциясын жасады деуге болады. Бұл ретте дана Абай «жүректі» адам болмысының кілті ретінде өте орынды қолдана отырып, жалпы рухани құндылықтар төңірегіндегі зәру проблемаларды терең көтере білген.

Абай «Он жетінші қара сөзінде» жүректі былайша сөйлетеді:

«Мен – адамның денесінің патша­сымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тіршілік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын – мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратын – мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп, еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп, тулап кететұғын – мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің барлығы менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не?».

Жүрек жақсы болуы адамның ақыл­ды, қайратты болуымен тікелей байла­нысты.  «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Абайдың жырлауынша, адамды адам қып сақтап қалатын да, өмірдің қандай  тығырықтарынан алып шығатын да – осы үш қасиет. Осы жолдарды оқығанда, «жүрек көзі ашық» алға үлкен мақсат қойып, таудай талап қылған, айтар сөзін ойланып сөйлеген, істер ісін ақылға салып істеген, өмірді, адамдарды жүрегімен сүйе білгендер ғана сұм жалғанда бақытты өмір сүре алады деген ойлар ойға келеді.

Тағы бір айта кететін жәйт: Абай­дың жолын қуған алашшыл ұлт ақын­дарының шығармашылығында да «жүрек»  мәсе­лесі күні бүгінге дейін жалғасын тауып, ақындық шабыттың шырқауында жырланып келеді. ХХ ғасырдың басында ұлы Мағжан ақын: «Жүрегім, мен зарлымын жаралыға, Сұм өмір абақты ғой саналыға. Қызыл тіл – қолым емес – кісендеулі, Сондықтан, жаным күйіп, жанады да», «Әлі-ақ кетер жүректен – от, күш – бойдан», «Ессіз жүрек тулады, бермеді ырық, Ақыл сорлы ере алмай, қалды тұрып. Ессіз жүрек, бөгелші бір азырақ, Отыз тұр ғой үңіліп, арты – қырық!», «Сұм жүрек сол қызметімді ақтадың ба?», «Ессіз жүрек аспанға қол сермеді, Ессіз жүрек ақылға жол бермеді», «Мені атама, бұл жүрек – жынды дерсің, Ұмтылған аламын деп, Күнді дерсің» – деп, күңірене келіп: «Дариға, сол күндерде күнім қараң,  Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған: Болғайсың сыншы болсаң, әділ сыншы, Кінәні жүрекке қой, қойма маған!» – деп, ақталғандай болыпты.

Өткен ғасырдың екінші жартысында социализмнің барынша салтанат құрып тұрған кезінде адуын ақын М.Мақатаев «Жүрек – жүн, ойым – опат, жанды – жүйем» – деп, ағынан жарылыпты. Мұқағалидың «Жүрек – жүні»  – метафораның ұлғайған түрі; социа­лизмнің  «бақытты заманындағы» саналы адам жүрегінің қандай күйге ұшырағанын әйгілейтін көркем  панно.

Ақынның жүрегін соншалықты жаралап, «қырық жамау» қылған, «мұз боп, ерімес» қатырып тастаған заман бір жағынан, отарлық саясаттың, екінші жағынан, сауатсыздықтың салдарынан ішкі қайшылықтарының барынша ушыққан, сонымен бірге, тұтас бір халықтың ғасырлар бойы жинақтаған рухани азығының – ұлттық құндылықтарының ығыстырыла бастаған ХІХ ғасырдың екінші жарымы болатын. «Зар заман» ақындары қазақ даласына келген жаманшылықтарды негізінен, отаршылдық саясаттан көрсе, Абай сонымен бірге, қазақішілік кемшіліктердің бастауларына  үңіліп, одан шығудың бірден-бір жолы саналылық, оған білім-ғылым арқылы ғана қол жеткізуге болады деп, халқын ағартушылық жолға қарай бастады.

Абайдың өлеңдерінде, қара сөзде­рінде жиі кездесетін  «Болмыс», «сана», «бес нəрсе», «заман», «жүрек», «ақыл», «ғаделет», «қайрат», «ар-ұят», «иманигүл», «махаббат», «бақыт», «бақ», «толқын», «жаман», «жақсы», «көңіл» тəрізді ұғым сөздер – Абай философиясының кілті» (Д.Амантай. Абай философиясы: шығу тегі, қалыптасуы және дамуы (эссе), «Egemen.kz». 20.02.20). 

«Абайдың өмірі  де қасіретке толы. Мұның ең басты себептерінің бірі – Ұлы Даладағы мыңдаған жылдық тарихи болмыс ырғағының бұзылуынан. Өмір – салттың, саясаттың, мәдениеттің, экономиканың, моральдық-этикалық қарым-қатынастың дәстүрлі ырғағы ішкі сұраныстан емес, сыртқы басқыншы күштің зорлығымен бұзылды. Абайдың қасіреті – осынау тарихи зорлықтың себеп-салдарын өзгеден бұрын, өзгеден терең білуінде. Көріп-біліп отырып, дүлей күштің алдында дәрменсіз. Грек мифологиясындағы көріпкел Кассандра секілді, бәрін біледі, бірақ шарасыз. Оның жанына бататыны тобықтының көрсоқыр пысықайлары жонына үйірген қамшы емес, оның жан-жүрегін қияндағы Петербордан үйірілген қамшы тілімдеген» (А.Сейдімбек. Шығармалары, Астана, 2-том, 666-бет).

«Қалың елім, қазағым, қайран жұр­тым», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Көңлім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Адас­қанның алды  – жөн, арты  – соқпақ», «Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат», «Көжекбайға», «Көкбайға», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Болыс болдым, мінеки», «Мәз болады болысың», «Күлембайға», «Сегіз аяқ», «Бай сейілді», «Ем таба алмай», «Заман ақыр жастары», «Көзінен басқа ойы жоқ», «Дүтбайға», «Жүрегім, нені сезесің», «Болды да партия», «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?», т. б. өлеңдерінде өз заманының кемшіліктері аяусыз сыналады. Осы өлеңдерінің  аттарынан-ақ ақынның елдің ішін жайлаған әлеуметтік дерттерді дөп басып, ащы тілмен түйрей білгенін көреміз:

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.  Жақсы мен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп, енді екі ұртың» («Қалың елім, қазағым, қайран жұртым»);

«Ынсап-ұят, ар-намыс, сабыр, талап, Бұларды керек қылмас ешкім қалап. Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» («Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы»);

«Болыс болдым, мінеки, Бар малымды шығындап. Түйеде қом, атта жал,  Қалмады елге тығындап» («Күлембайға»);

«Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық – Аздырар адам баласын. Таласып босқа, Жау болып досқа,   Қор болып, құрып барасың.  Өтірік шағым толды ғой,   Өкінер уақытың болды ғой» («Сегіз аяқ»), т.б.

Осы жерде Абай өзінің туған халқын не себептен соншалықты жерге тыға  сынаған деген сауал көлденеңдей береді. Сөйтсек, жүрегі «халқым» деп соққан, халқының бойындағы әлеуметтік дерттер жүрегіне салмақ түсіріп, қайғыға батқан, салдарынан рухани дертке ұшырап, ерте қартайып, өмірден ерте өткен ақынның айтуға сана өресі де, аузының батылы да бара бермейтін ащы шындықты айта білуінің өзі ұлы ерлік сияқты. Оның үстіне шырылдаған шындықты ел-жұртының аянышты жағдайына шын жаны ашыған, жанына батып, қайғырған, ұлттық рухпен суғарылған адамның ғана айта алатыны тағы бар.

Мұндай мысалдарды әлемдік әде­биеттен жиі кездестіруге болады. Арыға бармай-ақ, орыс ақыны М.Ю.Лермонтовтың  «Прощай, немытая Россия, Страна рабов, страна господ, И вы, мундиры голубые, И ты, им преданный народ!» – деген өлең жолдарында бүкіл Ресейдің ХІХ ғасырдағы әлеуметтік бейнесі  барынша шынайы көркем көрініс тапқаны үлкен жетістік деп, бағаланады. Ал Абай болса,  қазақ даласының отаршылдық кезеңдегі рухани құлдырау көрінісін бар шындығымен бейнелеп, әлемдік реализм әдебиетінің классиктерінің қатарында көрінді.

(Жалғасы бар)

1209 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз