• Ұлттану
  • 28 Сәуір, 2021

ҚАЗАҚ ӘҢГІМЕСІ: ЭТНОМӘДЕНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Гүлмәрия Оспанова,     
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің аға оқытушысы

Этномәдени құндылықтардың қайнар көзі – ұлттың салт-дәстүрі. Дегенмен, мұнда мұқият қарастыруды талап ететін нәрсе, этномәдени дәстүр мен этномәдени құндылықты шатастыруға болмайды. Этномәдени құндылықтар ұлттың әлеуметтік мәдени ортасынан (экиосферадан) туындайтыны белгілі. Белгілі бір этномәдени ортада әлемге деген құндылық қатынас, оны құндылық ретінде пайымдау жүріп жатады. Адамның ойлары осындай пікірлермен сәйкес келеді, себебі ол қай мәдениеттің тәрбиесін көрсе, сол мәдениеттің құндылықтарымен сусындайды. 

Қазіргі қазақ әңгімелері туралы зерттеулер әдебиеттану ғылымында ұдайы жүргізіліп отырады. Қазіргі әңгіменің көркемдік ерекшелігі, идеялық-мазмұндық жаңашылдығы, құрылымдық өзгешелігі ғылыми диссертация, әдеби монография, сыни мақалалар өзегіне арқау болып жүр. Айталық, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдарының «Қазіргі қазақ әдебиеті» (10-том), «ХХ ғасыр әдебиетіндегі тәуелсіздік идеясының көркемдік шешімі», «ХХІ ғасыр әдебиеті», «Қазіргі әдебиеттегі жалпыадамдық құндылықтар» атты монографиялық еңбектердің көлемді бір тарауы қазіргі қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрының өзгешеліктерін жан-жақты талдауға арналады. Мұнан бөлек, әдебиеттің түрлі мәселелерін қарастыру үстінде бүгінгі қазақ әңгімелерін басты нысанаға алған С.Ержанованың «Қазіргі қазақ әңгімесі», Н.Смағұлованың «Қазіргі қазақ әңгімелеріндегі тартыс табиғаты», Ұ.Ибрагимованың «Қазіргі қазақ әңгі­мелерінің көркемдік ерекшеліктері», Г.Балтабаеваның «Қазіргі қазақ әңгімесі» атты диссертациялық зерттеулері бар. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде жарық көрген Б.Майтановтың «Қазіргі қазақ прозасындағы модернисттік және постмодернисттік ағымдар», Қ.Мәдібайдың «Қазіргі қазақ прозасы: көркемдік өріс», Г.Орданың «Әңгіме жанрындағы дәстүр жалғастығы», «Тәуелсіздік жыл­дарындағы қазақ әңгімесінің көркемдік көкжиегі», Е.Қаныкейұлының «Қазіргі қазақ әңгімелері: руханият және пост­модернизм» атты зерттеу мақалалары бар.      

Құндылықтарды танытуда негізінен шығармалардың жанрлық ерекшеліктері де әсер ететіні түсінікті. Эпикалық шығармалар кең құлашты суреттеп, құндылықтарды жан-жақты танытуда таптырмас құрал. Құндылықтар жеке алғанда бір адамның, жалпы алғанда халықтың жан-дүниесінде, ой-санасында өмір сүріп, ішкі сенімін қалыптастырып, іс-әрекеттері арқылы көрініс табатыны белгілі. Қазіргі қазақ әңгімелерінде М.Әуезовтың дәстүрін ұстанып, шығарма барысында халықтың ұстанып жүрген қандай да бір салт-дәстүрін кеңінен сипаттап, оған этнографиялық панорама жасап, оның озық-тозығын саралап, жақсы-жаман жақтарын зерделеп, шығу себебін қаузай түсіндіру кездесе бермейді. Бұл біріншіден,  әңгіменің жанрлық формасына да байланысты, яғни, көлемі жағынан шектеулі болғандықтан қаламгерлер аз сөзге көп мағына жүктеуге тырысады. Ал екінші, мазмұны жағына әлемдік жаһандану үдерісі кезіндегі технократиялық мобильді сипатына, яғни, қандай да бір этикалық, адамгершілік, қоғамдық-әлеуметтік өзгерісті тез байқап, оны жеделдетіп жеткізе алу сипатымен әрі қысқалық секілді қасиеттердің бағаланатын ерекшелігімен байланысты болса  керек. Дегенмен, заманның ағымы өте жылдам, техникалық жетістіктер күрт дамып отырған шақта, жаңа ғана іргесін нықтап келе жатқан мемлекет үшін мына жаһандық аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден-бір амалы өзінің ұлттық болмысын сақтап қалу екендігін түсінген қаламгерлер үшін ұлттық құндылықтарды, ұлттық салт-дәстүрді, ұлттық сана-сезімді, ұлттық идеяны дәріптеуді инстинктивті түрде бірінші орынға қойды. Сондықтан да, тұлғаның қоғамның толыққанды бір мүшесі болып қалыптасуындағы салт-дәстүрдің рөлінің зор екендігін, ал салт-дәстүр тұлғаның әлеуметтенуінің көзі ретіндегі құндылық екендігін байқататын деталь, фрагмент, эпизод, сюжет, идея қазіргі қазақ әңгімелерінен кеңінен көрініс тапқан.

Салт-дәстүр – бұл мәдениеттің ежелден келе жатқан семиотикалық жүйесі, адамзат мәдениетін қалыптастырушы фактор бола отырып, ол өзі тіршіліктегі жалпыадамзаттық құндылықтардың жасалу, таңбалану, берілу формасы әрі механизмі. Салт-дәстүр қоғам болмысын реттеп, бар және болуы мүмкін қатынастарды анықтай отырып, ол өзі адамзат мәдениетінің іргелі құндылығы болып табылады.  

Мәселен, отқа табыну, отпен аластау, отқа май құю ғұрпы сонау ежелгі сенім – тәңіршілдіктен қалған ғұрыптар. Отқа май құю деген магиялық ғұрыптар арқылы келіннің сол ошақтың отын ешуақытта өшірмей, маздатып, лаулатып жаға беру, сол үйдің түтінін түтетіп, яғни, отбасының беріктігі қастерленеді. Яғни, этномәдени құндылық – бұл сол дәстүрдің мағынасы мен мәні арқылы дәріптелетін рухани қасиет. А.Сейдімбеков «қастерлі рәсімдер, өмір салтқа мән-мағына дарытып қана қоймайды, сонымен бірге этникалық арман-аңсардың (идеал) тұтас болуына қызмет етеді» деп әділін айтады [1, 190-б.] 

Зерттеуші Х.М.Думанов өз жұмысында түркілік отбасындағы үлкен балаларын атасы мен әжесінің бауырына салып, тәрбиесіне беру дәстүрі бар екендігін айтады. Осы дәстүр астарында үлкен мән жатқанын ескертеді, бұл бала бойына рухани құндылықтарды дарытудың тәсілі. Атасы мен әжесінің қолында тәрбиеленген бала өз иығына жауапкершілікті көбірек жүктеп өз інілеріне қамқор болып, ағайыншылық қасиеттерді өз бойында тәрбиелейді. Яғни, әрқашан дәстүрдің астарында үлкен құндылықтар тұрады [2, 625].

Дәстүр мен құндылықтың бір емес екендігін көрсететін бір амал, кейде бір дәстүрлер тозып, жаңа қоғамда қолданыста болмайды. Дегенмен, дәстүр жоғалғанымен оның мәні, яғни, дәстүр арқалаған құндылық қалып отырады. Бұған Ханзада Есенова мынадай мысал келтіреді: «келін о бастағы қоғамда, күйеуіне, атасы мен енесіне тәуелді болды, сол себептен оларға қызмет етіп, құрметпен қарады, қазіргі кезде ол тәуелдік азайды, дегенмен келіннің сыпайы, құрметпен жасалатын қарым-қатынасы құндылыққа айналып осы қоғамда бәрібір сақталды» [3, 48].   

Әдеби шығармалардағы салт-дәстүрді аксиологиялық тұрғыдан қарастыра отырып, қазақ мәдениетінің, қоғамының құндылық мазмұнын анықтау мүмкіндігіне ие боламыз. Егер салт-дәстүрді бүтін бір құрылым деп есептесек, оның әрбір бөлшегі, яғни, ғұрыпы оның символы болып табылады. В.Тэрнер салттық рәміз дегенге: «салттық әрекеттің өзіндік ерекшелігін сақтап тұрған дәстүрдің ең кішкентай бірлігі» деген анықтама береді [4, 32]. 

В.Н.Топоров болса, салттық рәміздердің келесідей түрлерін бөліп көрсетеді, заттар, іс-әрекет, тілдік формасы бар графикалық образдар. Салттық заттар –  бұл салт-дәстүрді өткізуге қажетті атрибуттар. Әрекет – салт-дәстүрді өткізу кезіндегі іс-қимылдың түрі. Графикалық образдар – бұл магиялық қасиеті бар заттардың бейнесі. Сондай-ақ, салт-дәстүрдің орындалатын уақыты мен кеңістігі де оның мазмұнына қатысы бар» дейді [5, 125]. 

Зерттеуші Н.Ю.Тразанова мәдениеттің құндылық мазмұнын салт-дәстүрдің семиотикасынан көреді, бұл таңбалардың бүтін бір қатарын бөліп алып көрсетуге мүмкіндік беретін – рәсімдік символдар, оларды  таңба-аксиологема деп сипаттауға болады. Ол аксиологема ұғымын барынша талдап, «аксиологеманы – жай (сөз, графикалық таңба, пиктограмма, материалдық символ) немесе күрделі (тұрақты тіркес, фразеологизм, баға­лауыштық пікір ретіндегі норма-регламентация, норма-бағдар, мақал-мәтел, мәтін) түрде келетін ұжымдық этно­түйсікте ұғымдық өрістің құндылықтық-регулятивтік тұрғысын көрсететін конс­танта ретінде, лингвоаксиологиялық талдаудың бірлігі» деп ашып, көрсетеді. Сондай-ақ, аксиологемалар құндылық мазмұнын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, тіл мен мәдениеттің жай және күрделі таңбалары арқылы жүзеге асады, жекелеген мәдениеттердің іргелі рухани құндылықтарының маркерлері болып табылатынын ашып көрсетеді [6, 10].

Қазақ халқының салт-дәстүрін құн­дылық ретінде дәріптеп өз шығар­масының көркемдік кеңістігіне сәтті енгізгіп жүрген танымал жазушы Қуандық Түменбайдың «Қоңсы» атты әңгімесі этномәдени және діни құндылықтарды шебер үйлестіре алуымен ерекшеленеді. Әңгіме сюжеті қарапайым. Бас кейіпкер жаңадан көшіп келген көршілерін қазақы салт бойынша ерулікке шақырып қонақ етеді.

Ерулік – бұл жаңа көшіп келген көршілерді тамаққа шақырып, сыйлап қонақ ететін игі дәстүр. Дәстүр астарында жаңа келген көршілердің өзгелермен тез тіл табысып, аралас-құралас болып, жаңа ортаға сіңісіп кетуіне ықпал ету, оларды бөтенсітпеу, адамдарды жақын ету секілді рухани-адамгершілік құндылықтар жатыр.

«Еруліктің қандай түрі болсын – барыс-келістің басы, сыйластыққа салынған жол. Ерулік – құрметті, әдемі дәстүр. Сонымен, бұл ауылдар жайлауды бірге жайлап, жаз қызығын бірге көреді. Той-томалақ қуанышын бірге тойласып, өлім-жітімін бірге көтерісіп жатады» – дейді Зейнеп Ахметова «Бабалар аманаты» атты кітабында. «Бармаса, келмесе жат болады. Алмаса, бермесе сарт болады» – дейтін қазақ үшін бару-келу, іш тарта араласу ұлттық қасиет.

Яғни, бас кейіпкер көршісін ерулікке шақырып қонақ етіп сыйлайды. Алайда жаңа көшіп келген көршілер емін-жарқын араласа қоймай, сызданып, өзінің аты-жөнін де айтпайды. Дастархан басындағы әңгімеде тек өзінің қызметін, қонақ шақырғанда қандай бағалы тамақтарды қоятынын, қандай құнды шараптарды ішетінінен басқа ештеңе айтпайды. Әңгімедегі нарратор мәдениеттілігі жоғары жан. Тек көршісінің дастархан басындағы істеген қылықтарын, айтқан әңгімесін сол қалпында жеткізеді, жаңа көршілердің айыбын айтып эмоционалдық бағалау бермейді. Оқырман көршісінің көрген-білгенін айтпай, тек ішкен-жеген айтқанынан жаманның бірі екенін, ұры-қарыдан сақтанып, қоймай айтқан балконды қоршау керек дегенінен дүниеқоңыздығын, әуелі атын айтпай, уақыт бар ғой деп қолын сілтеуінен көргенсіздігін аңдайды.

Әңгіме жанрының табиғатына тән қасиет бойынша сюжет шапшаң дамиды. Бірде түсінде көршісі тіпті амандық сұраспай кеткенін көреді. Ертесі күні көршісі расымен асығыс өзінің джипіне мініп заулағанын көреді. Сол күні ол жол апатына ұшырап, тіл тарпай кеткен екен. Жаназа намазында тұрып, уақыт бар ғой деп атын айтпаған көршісінің аты жөнін имамнан естіп біледі. Бұл оқырманға көп ой саларлық катарсистік жағдаят болып келеді. Жаназа шығару – бұл ислам дініндегі әрі халықтың салт-дәстүріндегі аруақты о дүниеге шығарып салардағы соңғы тілек, онда жаратушыдан осы адамның күнәсін жеңілдету сұралады. Сондықтан, жаназаға келушілердің саны қаншалықты көп болса, соншалықты сауабы да көп болып есептеледі. «Есік алдында көп кісі жоқ. Өліге сауап тілеп қатарда тұрмын. Дәретпен келдім. Бұл – жаназаның ең бірінші ережесі» – дейді кейіпкер [7]. Кейіпкердің көршісін ерулікке шақыруынан оның ұлттық дәстүрлерді сыйлайтын салиқалы азамат екенін көрсетсе, жаназа уақытындағы монологтарынан мұсылман дінінен хабардар жан-жақты адам екенін көреміз.

Әдетте, имам жаназа үстіндегі өлген адамның көзі тірісінде қарыздары болды ма, ол қандай адам еді деп сұрақ қоятыны бар.  Имамның сұрақтарына өзгелер: «қарызы жоқ, жақсы адам еді» деп жауап беріп жатқанда, кейіпкердің оны бар-жоғы бір айдың көлеміндей ғана уақыт білемін ғой деп үндемей тұруы да ой саларлық жайт.

Автор өмір мен өлім, материалдық байлық пен рухани байлық секілді оппозициялық концептілерді шендестіре отырып, адам өміріндегі нағыз құнды нәрселерді ашып көрсетеді. Көршісінің қонаққа келгендегі айтатын әңгімесі оны дүниенің құлына айналғанын көрсетсе, ал ерулікке шақырып отырған бас кейіпкердің «Менің бір кісі сүймес қасиетім – ешкімнен қорықпаймын, ешкімге жағымпаздана алмаймын, өйткені ешкімге қарызым жоқ. Жұрттың бәрін сыйлаймын, адаммен сыйласу – Алланың алдындағы парыз. Ал қоңсыма құл болуға дайынмын» деген монологі оның мінезін танытып, жүрегі таза, дін жолындағы шын құдайдың құлы екенін көрсетеді [7].

Дінде байлық сөкет емес, егер ол ысы­рап­шылдыққа, бақталастыққа, ашкөздікке, мен білемдікке, кеудемсоқтыққа, өзгенің қайғысын көрсетпейтін көрсоқырлыққа айналмаса. Байлықты кедейлермен бөлісіп тұру сауапты іс. Көршінің мінезінде байлықтың буынан құдай біледі емес, мен білемдікке салыну бар. Ол оның кез-келген әңгімені ақыл айтуға айналдыра беруінен көрінеді. Қой етін тартып жатқанда «Қойдың сүті қорғасын, қойдың еті де, сүті де ауыр, көп жеуге болмайды», «Балконыңды тез қоршат. Есігіңе екі құлып пен қоңырау орнат. Элитный үйді ұрылар торуылдап жүреді. Балкон» дейді көрші.    

Автор мәтінге имамның қабір басын­дағы уағызын кіргізуі арқылы әңгіме идеясын шығарады. «Бір уыс топырақ салу – сауап. Осы келгендердің бәрі марқұмның ет жақындары, ­туыс-бауырлары. Топырақ салғандар неғұрлым көп болса, көр азабы жеңілдейді. Рұқсат етіңіздер. Айтпақшы, – деді имам, – Адам қандай қымбат, жұмсақ көлік мінсе де, оның опасыз жалғанда мінген ең қымбат көлігі – қабір басына дейін көтеріп әкелген адамдардың алақаны. Ол қандай зәулім үйде тұрса да, оның ең жайлы да жұмсақ мекені – осы қара топырақпен көмілген бір шаршы ләқаты» [7]. Яғни, мұсылман дініндегі ең басты байлық – материалдық байлық емес, нағыз байлық – бауырмалдық. Ол туралы қасиетті Құран Кәрімде «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды (Әли Имран сүресі 103-аят)» деп айтылса,  хадисте былай делінген: «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала да оны қиямет-қайымның қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады» деп бауырмалдықты үлгі еткен [8]. 

Әңгімедегі балконды темірмен құрсаулап бекіту, жабу – бұл дүниені сақтаудың символы. Себебі көршісі үшін мал табу, дүние жию, көбейту, оны сақтау – оның өміріндегі басты құндылыққа айналған. Оның өмірінде басқа құндылық жоқ. «Денемді бір ағын билеп, артыма қарап едім, биік балкондағы майда-шүйде әлі жиналмапты. «Жазда осы балконға жатам. Алатаудың ауасын басқалардан бұрын жұтам» деген сөзі құлағымның түбінен желдей есіп өтті. Топырақ сап тұрып адам жатқан ақымға үңіліп қарадым – ені мен көлденеңі темір-терсек үйіліп, опыр-топыры шыққан мынау балконнан да тап-тар. Есік алдында мыж-мыж боп қара «Джиптің» қаңқасы тұр…» [7].

Әңгімедегі басты аксиологема «көрші ақысы – тәңір ақысы» деген аксиологиялық паремиядан туындайтын, тату көршілік, сыйластық. Ол ерулік концептісі арқылы беріліп отыр. Оның астарында тек қонақжайлық қана емес, адам мына өмірге де қонақ деген үлкен философиялық астар бар. Сондықтан, бес күндік жалғанда сыйласып өту керек деген мұсылмандық қағида, діни аксиологемамен үндеседі. 

Ырымға қатынас кейде кейіпкердің мінез-құлқын сипаттаудың жанама құралы. Әңгімеде анасының ырымға сенгіштігі оның қазақы болмысын байқатады. Әңгіменің соңы түйінді мәселенің әсерлі шешімімен аяқталмайды, керісінше барлығы тірліктегі әдетінше тым сүрең, яғни, ырымның орындалмауымен аяқталады. Осыдан біз автордың шығармашылық ойтүрткісін көргендей боламыз, яғни, бүгінгі күні құндылықтар конфликті жүріп жатыр, бірақ ол ертегідегідей ылғи жақсылықтың жамандықты жеңуімен аяқталмай, керісінше, қоғамдық қарама-қарсылықтардың даму логикасының жамандықтың жеңісі көрінеді, оны кейіпкердің пессимистік түйіні де растайды. Алайда, көркем шығарма тіліндегі халық ырымының бағалаушылық қасиеті эксплицитті түрде емес, имплицитті түрде де сипатталған. 

Яғни, шын өмірде ырым мен тыйым­дар болжағандай немесе керісінше орындалмауы да мүмкін, бірақ мұнда халық қадір тұтқан, ұлт құнды деп білген нәрселердің барлығы қайта қаралып, олардың бәрібір өміршең екендігі көрсетіледі. Қоғамда жемқорлар көбейсе де, ұрлық-қарлық ұдайы жүрсе де, бірақ халық бәрібір адалдықты, шындықты, тазалықты үлгі тұтады. Балалардың тұсауы ала жіппен кесіле береді. Яғни, тілдік жүйедегі халық нанымы, ырым аксиологиялық тұрғыдан жақсылық пен жамандықты парықтау әдісі.

Барлық салт-дәстүр ең алдымен отбасылық, моральдік, әлеуметтік құндылықтарды дәріптейді. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Сейдімбек А. Қазақ әлемі: этномәдени пайымдау. – Алматы: Санат, 1997. – 465б.

2. Думанов Х.М., Першиц А.И. Матриархат: новый взгляд на старую проблему // Вестник Российской академии наук. — 2000. — Т. 70. — № 7. — С. 621–627

3. Ханзада Есенова. Этнокультурные ценности в художественном образовании Казахстана // 03, 2013.

4.  Тэрнер В. Символ и ритуал.– Москва: «Наука», 1983. 280 с. Хадеева А. П. Китайская ритуальная символика в аксиологическом аспекте // Культуры и языки стран Дальнего Востока: изучение и обучение: материалы Международной научно-практической конференции. Иркутск: МГЛУ ЕАЛИ, 2015. С. 251-261.

5. Топоров В. Н. Миф. Ритуал. Символ. Образ. М.: Прогресс; Культура, 1995. 624 с.

6. Тразанова Н. Ю. Параметризация паремиологии как аксиологического кода лингвокультуры: дисс. к. филол. н. – Иркутск, 2012. – 256 с.

7. Түменбай Қ. Қоңсы // http://anatili.kazgazeta.kz/news/52372

8. Құран аяттары // https://www.muftyat.kz/ru/nasihat/zhuma-minberi/2017-05-29/21941-otandyi-syu-imannan-2.

446 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №9

20 Қыркүйек, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы