• Ұлттану
  • 28 Сәуір, 2021

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ҚАДІРІ (этюд)

Нұрғали ОРАЗ,
жазушы, «Ақиқат» журналының 
шолушысы

Мен мынау аллеяның бойымен аптасына бес күн – таңертеңгілік және кешкілік – ары-бері жүріп өтемін. Өйткені, жұмысқа барып-келетін жолым осы. Сондықтан да, ұзын-шұбақ тротуардың екі шетіндегі ағаш сәкілерде тынығып отыратын жұрт мені біршама танып қалған.

Күндердің бір күнінде аллеяның орта тұсындағы сәкіні «меншіктеп» алған ақ шашты, кең маңдайлы, қоңқақ мұрын, етжеңді қария кешкі мезгілде ақырын ғана қолын бұлғап, қасынан орын нұсқап, әңгіме-дүкен құруға шақырғандай болды.

Алғашқыда ол кісіні Алматыдағы көп институттардың бірінде ұзақ жыл сабақ беріп, құрметті демалысқа шыққан профессор болар деп ойлағанмын. Сөйтсем, мүлде басқа салада, құқық қорғау органдарында қызмет еткен отставкадағы полковник екен.

– Қарағым, сені күнде көремін, – деді қария жүзін жылытып, маған ыстық ықылас таныта қарап.

– Мен де...

– Осы шал мына сәкіге жабысып қалған ба деп ойлайтын шығарсың?

– Жоғ-ә, ондай бөтен ой болған емес.

– Дұр-ре-ес. Өзің қай жақтансың?

Міне, біздің әңгімеміз өстіп ойда-жоқта басталды да, өз-өзінен өрбіп кете барды.

Қария біраздан бері қала орталығындағы төрт бөлмелі даңғарадай пәтерінде жападан-жалғыз тұрады екен. Құдай қосқан қосағы өткен жылы жазда дүние салыпты. Ол кісіден көрген бір қыз, бір ұлдың қазір ошағы бөлек көрінеді.

Қыз астанада. Ұл тіпті алыста, Канадада қызмет істейді екен.

– Осыдан үш-төрт жыл бұрын кемпірім екеуміз Оттаваға барып қайтқанбыз, – деді қария күлімсіреп. – Үлкен мұхиттың үстімен он сағатқа жуық ұштық. Әншейінде мына тұрған көк базарға әрең барып келетін кемпірім жарықтық сыр берген жоқ. Ана деген... ғажап қой. Оның бойындағы күш-қуатын, перзентке деген махаббатын өлшейтін құрал бұл әзірге табылған жоқ.

Әуежайда бізді ұлым, келінім және немерем үшеуі қарсы алды. Құдай-ау... Өз ұлымыздан аумайтын кіп-кішкентай ғана бала. Қалай қуанбайсың, қалай таңғалмайсың!.. Біз оны туғалы бері көрген жоқпыз ғой. Енді міне... өз ұрпағымыз, өз әулетіміз екенін айтпай-ақ танытып, алдымыздан құлдыраңдап шығып тұр. Былдыр-былдыр етіп ағылшынша сөйлейді, күнім. Кемпірім екеуміз кезек-кезек айналып-толғанып жатырмыз. Балапаным-ау, құлыным-ау, ботам-ау дейміз... Бірақ ол біздің сөзімізді түсінбейді...

Қарияның көңілін өткен күндердің бір алтын шуағы жылытып, көзі жасаурай бастағандай болды.

– Оттава дегенің – дүние жүзіндегі ең таза қалалардың бірі екен ғой. Тазалық болған жерде мынау дүниедегінің бәрі де әдемі, сұлу болып көрінетінін мен со жақта жүргенде аңғарған секілдімін...

Қария айналадағы ағаштарды емес, Оттава қаласындағы гүлзар бақтарды көріп отырғандай иегін жоғары көтеріп, өз қиялына өзі алданып, алыстап бара жатқандай.

Осыдан бірер күн бұрын Алматының көшелерін де ағыл-тегіл құйған бір қара нөсер жуып-шайып, тазартып өткен болатын. Қазір тау жақтан жанға жайлы қоңырсалқын самал есіп тұр.

– Ол жақта да Аппалачи деген тау жоталары бар, – деді қария. – Қала орталығы Оттава мен Рио өзендерінің қосылған жеріне орналасқан...

Канада тым-тым алыста болғандықтан ба, әлде өзім жұмыстан шаршап келе жатқандықтан ба, бұл әңгіме мені сонша­лықты еліктіріп әкете қоймады. Керісінше аллеяда күні бойы жападан-жалғыз отыратын қарияның даусынан бір көңілсіз сарын есе бастағандай болды. Оның көңіліндегі сүрленіп қалған сағыныш әлдеқашан қуаты таусылған жанартау секілді көк мұнарға оранып, дым бүркіп жатқандай...

– Олар елге келе ме? – дедім кенет алыстағы ұлды жақындатқым келгендей қарияның жүзіне үңіле қарап.

– Жоқ, – деді ол ақырын ғана басын шайқап. – Жылда Америкаға, Еуропаға барып демалады. Өздерінің бір... түзіп қойған тәртібі бар. Бұл жақ оларды қызықтырмайды.

– Неге?.. Туған жердің орны бөлек емес пе?!

Қария маған таңдана қарады.

– Сен өзің о жақта болып па едің?

Мен басымды шайқадым.

– Өзім де білгем... Мүмкіндігің болса, Америкаға, Еуропаға барып қайт, балам. Ол жердегі қонақ үй, сервис, сән-салтанаттың түр-түрін өз көзіңмен көресің.

***

Осы әңгімеден кейін менің санамдағы туған жер туралы қалыпты түсінігіме жан-жақтан сан-сапалақ ойлар шабуылдай бастағандай болды.

Рас, қазір шет мемлекеттерде оқып, қызмет істеп жатқан талантты жастар көп-ақ.  Олар өздері тұратын елдің тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жап-жақсы меңгеріп алған. Сондай-ақ күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, дастархан мәзірінеде әбден бейімделген. Қысқасы, бір сөзбен айтқанда, сол жақта туып-өскендей жыл өткен сайын жерсініп, бірте-бірте сіңіп кетеді.

Ендеше, біздің «Ит тойған жеріне, Ер туған жеріне» дейтін ескі пәлсапамыздың «қыларқанымен» ендігі жастарды «байлап-матап» ұстай алмайсыз. Өйткені, олардың өз кәсібі мен біліміне, білігіне сай орта керек. Кеңістік қажет. Түптеп келгенде, барша адамзаттың ортақ отаны – Жер. Әйтсе де, әлгі қария айтқандай, мен Еуропаға, Америкаға барып келмесем де, іштей Алматы мен өзім туып-өскен ауылды жиі салыстырып көремін. Өйткені, Алматы біздің ауылмен салыстырғанда нағыз Америка!

Алайда көз алдыма адырлы даланың ашық аспаны, бірін-бірі қуа жарысқан бел-белестері мен тарам-тарам қасқа жолдары елестегенде мына қаладан түн жамылып қашып-ақ кеткім келеді. Пай, пай!.. Жусан иісі аңқыған кең даланы, Жапатастың етегіндегі бұйығып жатқан момақан ауылымды сағынамын.

Бірақ...

Мені де ол жаққа өзімнің кәсіби ортам, үйреншікті қызметім жібере қоймайды.

***

Бір қызығы, екеуміздің арамыздағы әңгімеден соң туған жер туралы тағы да ойлансын, толғансын, таным-түсінігін кеңейтсін дегендей әлгі қария біраз күн көрінбей кетті. Кім біледі, алыстағы балалары келіп, мәре-сәре болып жатқан шығар, әлде Канадаға шақыртып алды ма екен деп, дүдамал күйде жүргенімде кенет, кешкі мезгілде, сол баяғы сәкіде жападан-жалғыз отырған қалпын көрдім.

– Кемпірімнің дүниеден өткеніне жыл толды, – деді мен сәлем беріп, қасына жайғасып отыра бергенімде. –Екі-үш шал, үш-төрт кемпір жиналып, құран оқыттық.

– Ниет қабыл болсын!

– Рақмет...

 Қарияның жүзі жылып, көзіне мейірім ұялағандай болды.

– Балаларыңыз қалай? Хабарласып тұра ма?

– Жоқ.

– Неге?

– Жат жұрттық боп кетті ғой...

Мен қарияға таңдана қарадым. Ол өз ойына өзі мықтап бекініп алғандай кірпігін де қаққан жоқ.

– Тым болмаса, анасының жылына келер деп ем, – деді даусы аз-кем дірілдеп. – Оған да уақыт таппады...

Екеуміз аз-кем үнсіз қалдық. Мен іштей қарияның көңіліне демеу болатын сөз іздей бастадым.

– Ол жақта... бәрі жұмысқа байланысты ғой. Бәлкім, сұранып келудің өзі қиын болған шығар.

– Әй, қайдам, – қария әдеттегідей қолын жай ғана сілтеді. – Көзден кеткен соң, көңілден де кетеді екен. Елде болса, бәрі басқаша болар ма еді. Тым құрыса... келінім, немерем келер ме еді...

Қарияның көзіне жас іркіліп отырғанын мен енді ғана байқадым.

***

Уақыт зымырап өтіп жатыр.

Уақытпен бірге... иә... өмір де өтіп барады.

Сол баяғы жолмен аптасына бес күн – таңертең және кешкілік – ары-бері жүріп өтемін. Қарияны көрген сайын туған жердің төсінде, аяғымды нық басып келе жатқаныма іштей шүкіршілік етемін.

 

3162 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз