• Тарих толқынында
  • 28 Сәуір, 2021

ЖӘҢГІРТАНУШЫ

Ағжан Аманғалиева,
Теректі колледжінің оқытушысы
Батыс Қазақстан облысы

Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және 
болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің 
табысты болуының кепілі дегеніміз осы.
 («Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан)  

Түп-тамырымызды тану, тарихымызды терең зерделеу, ұлы тұлғаларымызды ұлықтау бағытында үлкен мақсат-мін­деттер қойылған. Әр адам өз өңіріндегі тұлғаларды, өлкесінің тарихын танып білуі тиіс. Осы орайда Бөкей ордасының тарихында есімі мәңгілікке жазылған, артында ұлағатты ісі, өшпес ізі қалған тұлғалардың бірі  – Темірболат Махымұлы жайында жазуды жөн көрдік.

Туған жеріне деген сезімі ерекше ұлтжанды тұлғаның қалдырған ізгілікті істері сөзбен айтпай-ақ Хан ордасына ат басын бұрған адамның көз алдында сайрап тұр.

Темірболат Махымұлы Махимов 1940 жылы 13 қыркүйекте бұрынғы Орда ауданының Жиекқұм ауыл кеңесінде туған. Ол дүние есігін ашқан шақ - жиырмасыншы ғасырдың ең сұмдық сойқаны, адамзат тарихындағы алапат соғыс – Ұлы Отан соғысы кезі болатын. Адамзат жүрегіне жара салған, ел басына қиыншылық  толған шақта ол ойын баласы боп шаттанып күліп, шалқып жүрген емес. Олардың балалығын соғыс ұрлады. Әкесі мен әкесінің ағалары ел қорғауға майданға аттанды. Соғыстың қиындығын көрмесе де, оның зұлматын сәби жүрегімен сезіп өсті. Ел басына күн туған шақ оны ерте есейтті. Әкесінің, ағаларының, күллі ауылдастарының ерлігімен келген жеңіс оны өмірге, еңбекке жігерлендіре түсті. Осы жолда үлкен мақсаттарды бойына сіңіріп өскен Темірболат Махимов өзі есейіп, оқып, ат жалын тартып мінген шағында арманын жүзеге асырды. Көп ізденді. 1957 жылы Орда орта мектебін бітіргеннен кейін, Орал педагогикалық институтына түсіп, 1962 ж. оның физика-математика факультетін математика және сызу пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1962 жылы Жәнібек ауданындағы Абай атындағы мектеп-интернатында  бастайды. Кейін ХІХ партсъезд мектебінде оқытушы-тәрбиеші болып жұмыс істейді. 1.04.1964 – 1.08.1965 ж. Жәнібек аудандық комсомол комитетінде мектептер бөлімі меңгерушісі қызметін атқарады. 1965-1968 жж. Орда облыстық санаториялық мектеп-интернатында аға тәрбиеші болып жұмыс жасайды. 1968-1972 жж. Орда орта мектебінде директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, ал 1972-1974 жж. Облыстық Орда санаториялық мектеп-интернатына директор болып ауысады. 1974-1978 жж. Орда орта мектебінде мұғалім болды. Оның бойындағы талантын, еңбексүйгіштігін сол кезеңнің ел ағалары жоғары бағалап, оған музей ісін басқаруды ұсынған.

1978 жылдың қыркүйек айынан бастап Орда тарихи-революциялық музейінің директоры болып жұмыс істейді. Ол қызметке келгеннен бастап музей жұмысын музейтану заңдылықтарына сай жүргізуді қолға алды. КСРО музейінің тәжірибелерін, музейтану ғылыми әдістемелерін негізге ала отырып, музейде ғылыми нормативтерге сай жұмыс істеуді қалыптастырды. Қор материалдарын классификациялау, жүйелеу жұмысын жолға қойып, қор сақтаушы штатын енгізді. Экспозицияның жүйелі әрі тартымды болуы үшін жаңа үлгілерді пайдаланды. Бұрын шағын залдарға орналасқан музей 1980-81 жылдары 7 залға кеңейтіліп, Бөкей ордасының құрылуы, Кеңестік баспахана, этнография бөлімдері, «Тастөбедегі шайқас», Кеңестер одағының батыры М.Маметоваға арналған «Соңғы ұрыс» және «Жылқышылар өмірі» диарамаларымен толықты. Экспонаттар санын көбейтіп, халықты, жас ұрпақты ұлттық дәстүр, тарихын, ескерткіштерін қалпына келтіру, наси­хаттау, көрермендерге таныстыруда көп еңбек етті.

1997 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен Ордада хан Жәңгірге арналған кесененің ашылу салтанаты өтті. Хан Жәңгірге, ғалым Мұхамедсалық Бабажановқа, күйші Дәулеткерей Шы­ғаевқа арналған кесененің тұрғызылуы да тарихи тұлғалардың атын жаңғыртуды мақсат еткен Т.Махимовтың ісі. Мұражай қызметін кейбіреулер жанға жайлы, тыныш жұмыс санайды. Әрине, олай да істеуге, мұражайды уақытылы ашып-жауып, келушілерге ғана қызмет көрсетіп отыруға болар. Бірақ Темірболат Махимов ондай бұйығы тіршілікті қаламады. Өлкенің тарихы туралы тың деректер жинау, мұражай экспонаттарын байыту, өлке тарихын насихаттау сынды сан-салалы жұмыстарды қолға алып, тыным таппастан еңбек етті. Сол бір кезеңде Темірболат аға «балшық илеп, ағаш кесіп» деген секілді қара жұмысқа да белшесінен батты. Қыс кезінде жылыту жүйесі қалыпты жұмыс істеуі үшін от жағушылармен қоян-қолтық араласып жүретіні және бар. Басшымын деп бәлсінбей, қажет тұста іске бел шешіп кірісіп кететін қарапайымдылығы, әділдігі, талап қойғыштығы үшін ұжымы, ауыл-аймағы ол адамды қатты сыйлайды. Әр жылдары ұйымдастырған жылжымалы мұражай қызметі де халық көңілінен шығып тұрды. Халыққа ақылы қызмет көрсету жоспарын 2 есе артық орындап, кедейшілікпен күресте, аз қамтылған отбасыларын қызметке тартуда үлкен табысқа жетті.

Музей экспозициясымен өз респу­бликамыз, ТМД елдері азаматтары, шетелдік қонақтар, Ресей азаматтары танысып көріп, өздерінің зор ықыласын білдірді.

Темірболат Махимов аудандағы, ауылдағы көпшілік мәдени шараларды белсенді ұйымдастырушылардың бірі болды.Тірі кезінде баспасөз беттерінде тарихи, проблемалық тақырыптарда мақалалары, радио, телевидениеде сөздері жиі естіліп-көрініп жүрді.Бөкей ордасында халыққа білім беру жөнінде жазылған тарихи «Жәңгір мектебі – білім бастауы» кітабының екі авторының бірі, Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясына, басқа да Орда туралы жазылған кітаптарға материалдар әзірлеп, жарыққа шығуына көмектесті. 1998-2000 жж. Орда селолық округі әкімі қызметін атқарады. 2000-2009 жылдары Бөкей ордасы тарихи- музейлік кешенінің директоры қызметін атқарды.  Жастарды тәрбиелеуде, кадрлар даярлауда өз ұстанымы бар, жастардың, коллектив мүшелері – ғылыми қызметкерлерінің білімдерін жетілдіруде, олардың рухани өсуіне әруақытта көмек көрсетті. Темірболат Махимов Бөкей ордасы бойынша әрбір жаңа бастаманың бастаушысы. Ол кешенді мәдени, тарихи, табиғи қорық-музейге айналдырып, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша тарихи орындарды қалпына келтіру жұмысын ұйымдастыра отырып, Хан ордасы кентін туристік орталыққа айналдыру жөнінде жұмыстанды. Темірболат Махимовтың өлке тарихын зерделеп, зерттеп, қалың көпшілікке, жас жеткіншектерге жеткізудегі еңбегі лайықты бағасын алды. Ол Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Қазақстан ИКОМы» Халықаралық Музейлер кеңесінің Президиумы мүшесі, Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет грамотасы», Мәдениет Министрлігінің,  Облыстық мәдениет басқармасы, аудандық партия, атқару комитеттері, әкім грамоталарымен, «Еңбек ардагері» медалі, «Бесжылдықтың озаты», «Республика Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» белгілерімен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Облыс әкімшілігінің алғыс хатымен марапатталған.

Темірболат Махимов  2009 жылдың 15 желтоқсанында  ауыр науқастан қайтыс болды. Алтын діңгекті отбасында 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан 10 немере-жиендері тарады.  Жалпы алғанда, музей өткеннен қалған мұраны сақтап, келешекке жалғастырып жеткізуші, бабаларымыздың басынан кешкен сырлы да шежірелі тарихын насихаттаушы десек, осы бір жүгі ауыр істі енді  ұлы Ғайса  Темірболатұлы абыроймен атқаруда.

Менің айтпағым, бүгінгідей өз қа­мын өзі күйттеген заманда саналы ғұмырын Бөкей Ордасының тарихы мен мәдениетіне, қазақтың Жәңгірдей ханына арнаған Темірболат Махимовтың есімі өшпей тарихтан орын алып, оның атында көшелер немесе ескерткіш тақта орнатылса деймін. Ұлы Мұхтар Әуезов – Абайтанушы болса, Темірболат Махимов – Жәңгіртанушы десек те артық емес.

***

Қазақстанның әр тасы  тарихтан сыр  шертеді. Елдің қай  аймағын  алып  қарасаңыз да, сырға, сиқырға толы, табан астынан бабалар жүріп өткен жердің қасиеті сезіледі,  тіпті сылдырап аққан өзен суына дейін өткеннің аңызын арқау  етіп, сыбырлап бара жатқандай.   Атадан балаға мирас етілген ауыз әдебиетінде ұлттың ұлылығын ұлықтаған тұлғалар есімі өте көп. Біз сол арқылы тарихымызды таныдық, өткеннің сүрлеуіне үңілдік,  топырақпен тастың түбінен тарихымызды аршыдық. Тәубе дейік, бүгін біздің  өшкеніміз  жанып, өлгеніміз  тірілді. Елбасы ұлтты, елді рухани жұтаңданудан  құтқарудың, аман сақтаудың амалы  деп, Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын бір картаға топтастыру туралы  тапсырма берді.

2011 жылы анамның туған жері тарихи мекен Орда жеріне әдейі барған едім. Көп өзгерістер болыпты. Еліміз тәуілсіздігін алғаннан кейін жергілікті тұрғындардың өтініштері ескеріліп, 1999 жылы мектеп қайтадан Жәңгір хан есімімен аталған екен. Орда ауылының солтүстігінде өзі жерленген жерге аппақ кесене орнатылғанын естіп-білдік. Орал қаласындағы Ауыл шаруашылығы институты да қазір Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агроуниверситеті деп аталады.

Кешегі өткен мен өшкені, жоғалтқаны мен жанғаны ғасырлармен сабақтаса, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан Орда тарихы, әр ұрпақ кезеңінде міндетті түрде қайта қаралып, жаңаша жазылады. Кеңес дәуірінде Жәңгірді тек халықты қанаушы, озбыр, қанішер ретінде көрсетті. Тәуелсіздік алғаннан соң Жәңгірдің көлеңке тұста қалған еңбектері жарыққа шыға бастағанмен, ол туралы айтылмай жатқан ақиқат әлі де көп. Жәңгірдің образын ашу арқылы ханның қайта тіріліп, жұлдыздай жарқырауына көп еңбек сіңірген Т.Махимов сынды тұлғаны тарих  бетіне қалдыру біздің парызымыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. З.Ғ.Шарафутдинов«Бөкей орда»   Орал қаласы, 2000 жыл. 21-24 бет

2. М. Ханғали, Х. Жұмашұлы. «Ішкі Орда және жалынды ақын»  Орал қаласы-2002 жыл. 21, 22 бет.

3. «Бөкей ордасы тарихынан»   Ақпараттық-биографиялық бөлім, 4-5 бет.

4. Т.Махымов  «Жәңгір хан» Орал өңірі, 1999ж.6 ақпан.

5. Боранғалиұлы Т. Жәңгір хан: «Сүрер салтанат – уақыт бір сағат».Егемен Қазақстан-2000ж.24 қараша.

6. Жәңгір хан (1801-1845 жж.) Қазақтар: Тоғыз томдық анықтамалық.  Алматы; 199.-2том.

7.  Ғ. Самиғоллаұлы «Құрметті Жәңгір ханнан бастасақ»  Орал өңірі.-1996ж. 1 маусым.

8. З.Ғ. Шарафутдинов«Жәңгір хан»   Орал, 2001 жыл.

9. Сейтақ Ғайса-Ғали. «Нарынның нар ұлдары» Алматы «Жазушы» баспасы, 1998 ж.

10.Р. Сариева « Бөкей хан мен Жәңгір хан» Егемен Қазақстан-2001 ж. 13 шілде.

 

589 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз