• Ұлттану
  • 28 Сәуір, 2021

ТЕГЕУРІНДІ ТҰЛҒА

Ерекболат Қабылда,
 тәшеневтанушы

 

Тарихты қашан да тұлғалар жасайтыны анық!  Батырлық – Жаратқан иенің сүйікті құлына тартқан сыйы. Жаратқанның да, халықтың да бір сүйікті ұлы болса, ол Жұмабек Тәшенев болар. Туған халқы мен сол халқының тоқымдай жері үшін өз басын құрбандыққа шалуға дейін барған Жұмабек Тәшеневтей біртуар перзент енді міне тәуелсіз елінің тарихи тұлғасына айналып отыр. Ұлы даланың бір тұтам жерін ерлігімен де, жүрегіндегі бар  махаббатымен де қорғаған ерлерін қазақ халқы қаншама ғасыр өтсе де ұмытпай келе жатқаны анық. Алаш қайраткерлері мен халқымыздың  ұлы тұлғаларының қатарынан орын алар Жұмабек Тәшенев – шынында да арыстан жүректі дара тұлға.  
 

Кешегі кеңестік жүйенің хрущевтік дәуірінде Қазақстанның солтүстік айма­ғындағы жерінің асты да, үсті де қазына, байлығы шалқыған, егін-жайы толқыған бес облысты біріктіріп, әуелі «Тың өлкесі» ұйымдастырылғаны белгілі. Кеңес Одағының  қитұрқы саясатының көздегені – түптің-түбінде осы аймақтарды Ресейге қосу, сөйтіп, республика аумағының бір бөлігін толықтай Мәскеудің құзырына бағындыру болатын. Міне, осы бір ұлт үшін апатты жағдайдан қазақтың жерін де, елін де  аман алып қалу және  қазақтың ұлан-ғайыр киелі жерін талан-таражға салудан қорғап қалу Жұмабек Тәшеневтің маңдайына жазылыпты. Бұл 1960 жылдың желтоқсан айында болған жағдай еді.

Көрнекті мемлекет және қоғам қай­раткері Жұмабек Ахметұлы Тәшенев 1915 жылы 20 наурызда Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Танагүл ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1924 жылы Жалтыркөл ауылында бастаған ол 1947-1948 жылдары Солтүстік Қазақстан облыс­тық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1948-1951 жылдар аралы­ғында облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланған. 1952 жылы Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланып, осы өңірде жақсы қызмет істеп, жоғары көрсеткіштерге жеткен Жұмабек  Тәшенев 1955 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы қызметіне  тағайындалады. Ал 1960 жылдың қаңтар айында 45 жастағы Тәшенев  Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы болды.   

Бұл қызметтен ол бір жылдан соң, яғни, 1961 жылдың 6 қаңтарында Қазақстан  Компартиясы Орталық комитетінің «жабық» бюро мәжілісі шешімімен босатылады. Бес ай бойы жұмыссыз жүріп, кейін Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне жіберіледі. Бұл Қазақстан сияқты республиканың Жоғарғы Кеңесі Президиумының, одан кейін Министрлер Кеңесінің төрағасы болған Жұмабек Тәшеневті Мәскеудің қитұрқы саясатымен  төмендету болатын. Содан Жұмабек Тәшенев   Шымкентте қызмет атқарып жүрген кезінде жасы алпысқа толмағанына қарамастан,  1975 жылдың наурыз айында  қызметтен шұғыл  босатылып, дербес зейнеткерлікке  жіберілді.  Сіңірген еңбегіне қарай оған  500 сом  зейнетақы берілуі керек еді, бірақ Мәскеуден келген комиссияның шешімі бойынша  небары 180 сом зейнетақы тағайындалды. Содан да болар, кейін алпыс жастағы Тәшенев амалсыздан Қаракөл ғылыми-зерттеу институты ди­рек­торының орынбасары, одан соң ғылыми-техникалық орталықтың директоры қызметтерін атқарды. 

Кеңестік жүйе Жұмабек Тәшеневті көзінің тірісінде барынша елемеуге тырысты. Тіпті кемсіту  әрекеттері де орын алған. Дегенмен елі мен халқының Жұмабекке деген ықыласы, сүйіспеншілігі ерекше болды. Халқы ардақтады,  құрметке бөледі. Кезінде адал еңбегі үшін Кеңес Одағының «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет Белгісі» ордендерімен наградталды. Соқтықпалы-соқпақсыз өмір жолын бастан кешкен ардақты   азамат 1986 жылы қарашаның 18-і күні 71 жасында дүниеден өтті.      

Өз ғұмырында Жұмабек Ахметұлы Тәшенев ісіне өте берілген, сеніп   тапсырылған  кез-келген жұмысқа асқан жауапкершілікпен қараған  адам еді. «Елім, жерім» деп өмір сүрді. Халқына жақсылық жасаудан  жанын аямады. Қандай мәселеге болса да әділдікпен қарап, ел мүддесін   батыл қорғайтын. Небір  үлкен жиындарда өз пікірін ашық айтатын, өзгенің де жасқанбай сөйлеуін қалайтын.

Неге екені белгісіз, ресми құжаттарда Жұмабек Тәшеневтің қазақ елін бөл­шек­теуден сақтап қалғандығы жайлы ашық айтылмағанымен, қазақ жерінің тұтастығы үшін істеген ісі халық жүре­гінде әбден жатталып, ол  ерлігі  аңызға айналып кеткен-ді. Халық Жұма­бек Тәшеневтің туған жерге  ғана емес, сонымен бірге ана тілімізге, қазақ баспасөзіне үлкен жанашыр  болғанын біледі. Тың игеру жылдары Солтүстік Қазақстан өңіріндегі бес облыстық га­зет жабылып, қазақ журналистерінің жұмыссыз қалғаны да  тарихи шындық. Сол жылдары республикалық қазақ тілді басылымдардың да басына қауіп төнді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сінің төрағасы Тәшеневтің қарсы тұруының  нәтижесінде «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақ­стан» (қазіргі «Егемен Қазақ­стан») және басқа қазақ газеттері жабылудан аман қалды.

Белгілі жазушы Садықбек Адам­бе­ков өзінің «Қайта соққан боран – за­ман­дастарым жайлы» атты мақа­ласында Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитеті  бюросының 1958 жылғы 28 шіл­дедегі «Қазақ әдебиеті» газетін  жабу туралы мәселе қойыл­ған оты­­ры­сы туралы айтады. Сонда Ж.Тәшенев солақай белсенділердің сойқан­ды әрекетіне батыл соққы береді. Мәжілісте күнілгері дайын­далып қойған, «шаш ал десе, бас алуға» ниет еткен жандайшаптар жарыса жамырап, мәсе­ле­нің байыбына бармай, Қазақ­стандағы қазақ тілінде шығатын барлық газеттерді жауып, аудар­ма басылымдарға айнал­дыру  жөнінде ұсыныс жасайды. Тіпті сол тұста «Социалистік Қазақстанның» қара­­шаңыра­ғын ұстап отырған Қ.Шә­ріпов өзінің «Казахстанская прав­да» газеті редакторының орынба­сары болып қалуға да бейіл екенін білдіреді. Осы сәтте оты­рысқа қатысып отырған Жұмекең: «Социалистік Қазақстанды» ашқан да сен емес, жабатын да сен емессің, не тантып тұрсың өзің!» деп дүрсе қоя береді. Ал «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Сырбай Мәуле­нов мінберге қарай сылбыр басып, түсі қашып бара жат­қан­да, әлі ашуы басылмай отырған Тәшенев: «Тайсақтамай, батыл сөйле!» деп, орнынан қозғалып қойды» дейді. 

Ұзын-ырғасы үш сағатқа созылған талқылау барысында Ж.Тәшенев ұлт тілін­дегі газеттерді жабудың не­гізсіз екендігін қисынды дәлелдермен дәйектеп, бірнеше рет сөз сөй­леген екен. Әлбетте, туған халқының, ұлт тілінің тағдырына араша түсіп, кемелдік танытып, өзінің нарлығын да, арлылығын да көрсеткен ұлтжанды ардагер ағаның арқа­сында қазақ газеттері солақай сая­саттың сойылынан аман қал­ған.   

Жұмекең қолында билік тұрған кезінде қазақтың шығармашылық адамдарына, дарынды тұлғаларына қол ұшын беріп отырған. Тіпті бұған белсене кіріскен деуге де болады. Мәселен, 1958 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің  Мәскеуде өткен  онкүндігінің табысты өтуіне үлкен күш-жігер жұмсап қана қоймай, бес бірдей қазақ өнерпазына – Қалибек Қуанышбаев, Роза Жаманова, Ермек Серкебаев, Шәкен Айманов мен Мұқан Төлебаевқа – КСРО Халық артисі атағын алып беруде де Жұмабек Тәшенев үлкен қажырлылық көрсетті. Осыдан кейін дәл осылай бірнеше өнер иесінің қатарынан мұндай  жоғары атақ алуы қазақ өнері мен мәдениетінде болған емес. Кейін Тәшенев Совминнің төрағасы болғанда «...1960 жылы қазіргі Алматыдағы Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы 120 пәтерлік жаңа жобамен салынған үйді түгелімен өнер мен әдебиет қайраткерлеріне бергізді. Осы Қонаев көшесіндегі №135 үйді бүгінге дейін жұрт «Қазақ ауылы» немесе «Тәшеневтің үйі» деп атайды. Бұл үйге қоныстанған қайраткерлердің ішінде Ілияс Омаров, Бибігүл Төлегенова, Гүлфайруз Исмаилова, Кәукен Кенжетаев пен Шабал Бейсекова, Жамал Омарова, Сейфолла Телғараев, Құрманбек пен Шолпан Жандарбековтер, Шара Жиен­құлова, Қапан Бадыров, Жүсіпбек пен Хабиба Елебековтер, жазушылар Хамза Есенжанов, Зейін Шашкин, Жүсіп Алтайбаев, Балғабек Қыдырбекұлы, ғалымдар Әбді Тұрсынбаев, академик Б.Ермеков және басқалар болды.   

Тәшенев Алматының ең үлкен магистраль көшесін Абай атымен атауды және көшенің  төріне ақынның үлкен ескерткішін қоюды ұсынып, «оған ақша жоқ» деп қиынсынған шенеуніктерге Тбилисиде – Руставелидің, Мәскеуде – Горькийдің, Ташкентте – Науаидің ескерткіштері барын алға тарта отырып, ұтымды сөзбен ұғынықты дәлел келтірген көрінеді. Мәскеудегілер Абайдың атымен көше атауға және көрнекті етіп  ескерткіш орнатуға амалсыз рұқсат берген екен.

Ол жылдары жергілікті тұрғын ха­лық­тың мүддесі онша ескеріле бер­мейтін және  басшы кадрды Мәскеу тағайындайтын. Мәселен, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің (бұдан әрі – ҚазКОК) бірінші хатшысы Леонид Брежнев КОКП-ның ХХ съезінде Орталық Комитет хатшысы болып тағайындалған соң Алматыға келіп, ҚазКОК-нің бюросын өткізеді. Осы бюрода Орталық Комитеттің бірінші және екінші хатшылығына И. Яковлев пен Н.Журиннің кандидатуралары ұсы­ныла­тынын хабарлайды. Бұған бюро мүшелері Д.Қонаев, Ф.Кәрібжанов, М.Бейсенбаевтер келісім білдіргендей, тіс жармай тұнжырап отырады да қояды. Мәскеуден келген Л.И.Брежнев бюро мәжілісін жапқалы жатқан  сәтте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Прези­диумының төрағасы Ж.Тәшенев сөз алып, былай дейді: «Құрметті, Леонид Ильич! Аудандарда, облыстарда, орта­лық аппаратта, министрліктерде респу­бликаның партия ұйымының екінші хатшысы қызметін атқара алатын лайықты кадрлар өсіп-жетілді. Міне, ортамызда ҚазКОК хатшысы Фазыл Кәрібжанов отыр. Оның басқалардан несі кем? Неге ол екінші хатшы болып істей алмайды деп ойлайсыздар? Мені осындай жергілікті кадрларға менсінбей қарау таң қалдырады. Мен мұны қазақ кадрларына сенім көрсетпеушілік, оларды ашықтан-ашық кемсітушілік деп қабылдаймын. Партиялық биліктің бірінші және екінші хатшы қызметтеріне ұлттық кадрлар өкілдерін жібермеу белгілі дәстүрге айнала бастады» («Егеменді Қазақстан» газеті. 1995 жылғы 8 сәуір). 

Қайсар Тәшеневтің бұл  сөзі Брежневті есеңгіретіп тастағаны соншалықты, ол өзіне-өзі келе алмай, жүрегін ұстайды. Брежнев  осының алдында  Қазақстанда  жоғарғы лауазымда біраз жылдар қызмет еткен болатын. Бюродан кейін берілген түстікте Брежнев қасында отырған Тәшеневке: «Мен сіздің мұныңызды ешқашан ұмытпаймын» деген екен. Шынында да, ол Тәшеневтің сол айтқанын ұмытпады. Кейіннен Л.И.Брежнев Кеңес Одағын басқару дәуірінде Тәшеневтің қызмет сатысымен өсуіне кедергісін тигізді және қатаң бақылауда ұстап келді. 

Сол бюродағы Тәшеневтің өткір де қатаң сыны Мәскеуге әсер етпей қалмады. Кейін бір жылға жетер-жетпесте  Ф. Кәрібжанов екінші хатшы болады. Араға тағы екі жыл салып Д. Қонаевтың қолы ҚазКОК-тің бірінші хатшылығына жетеді. Жергілікті ұлт өкілдері кадрларын елеп-ескеру, оларға сенім көрсету басталады. Х.Бектұрғанов Ақтөбе, А.Асқаров Жамбыл, Е.Әуелбеков Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеттеріне төраға болса, Б.Әшімов Көкшетауға, О.Қозыбаев Қостанайға екінші хатшылыққа өсіріледі. 

Ж.Тәшенев Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне төраға болысымен аппаратты қазақтандыруға, жасартуға көп күш салды. Бұл нәтижесіз де болған жоқ. Жалпы сол кезде Жоғарғы Кеңесті жаппай қазақтандырған адам – Тәшенев.  Мысалы, Кемел Тоқаевты «Социалистік Қазақстан» газетінде істеп жүрген жерінен «Жоғары Кеңестің ведомствосы» журналының редакциясына алып келген де Ж.Тәшенев болатын. Жұмекең Жоғары Кеңестен Министрлер Кеңесіне  ауысқанда бір аптаның ішінде 12 қазақ жігітін жұмысқа  алғызады. Тәшенев «Совминде» төраға болып, бас-аяғы он бір ай ғана істеді. Ал, әлгі азаматтардың көпшілігі кейін министр болып кетті. Солардың бірі Нұрсұлтан Төлекбаев кейін Мәсімхан Бейсебаевқа көп жыл көмекші болды (Кәрішал Асан ата. «Шынжырда өткен Жолбарыс», Алматы: «Үш Қиян», 2004. 40-43 бб.).

1960 жылы желтоқсанның 26-сы күні Қазақстанның солтүстік облыстары құрамына енген Тың өлкесі  құрылады. Осы өлкенің бірінші хатшысы болып Т.Соколов, ал өлкенің атқару комитетіне төраға болып В.Мацкевич сайланады. Бұған дейін В.Мацкевич КСРО Ауыл шаруашылығы министрі болған адам. Жұмабек Ахметұлы Тәшенев бұған да үзілді-кесілді қарсы болады. Екеуінің бірі қазақ болсын дейді. Бірақ, тың игеру саясаты арқылы жаппай орыстандыру ашық жүргізілді емес пе?  Сол кездегі коммунистік партияның тізгінін ұстап отырған Н.С.Хрущев Мәскеудің шешіміне үнемі  кедергі болып тұратын Тәшеневті қызметінен босатып жіберген еді.  

Тәшенев жоғары қызмет істеген тұста Қазақстанда 1937-1952 жылдары репрессияға ұшырағандарды ақтау бойынша қыруар жұмыс атқарылды.  Осы бір қайырымды істің басында Жұмабек Тәшенев те тұрған болатын. Өзі де солшыл саясаттың құрбанына айналып кете жаздаған ол сол бір нәубет жылдардың тірі куәсі еді. Басқалармен бірге НКВД-ның уысына жас Тәшенев те ілініп кете жаздады. Осы себептен 1938 жылдың қаңтар айының бір түнінде туған жері Ақмола облысынан ауысып, алдымен Қарағанды қаласына, кейін Солтүстік Қазақстан облысы Бейнетқор ауданына қоныстанды.  Мүмкін, тез орын ауыстырмағанда ол да  ерте құрбан болып кетер еді. 

Жеке адамға табынған тоталитарлық жүйе біздің аға буын азаматтарды қаншама қырып-жойғанымен, киелі қазақ жері елдің болашағын ойлайтын, оның намысын қорғайтын қайраткерлерден құралақан болған емес. Кешегі қазақ жерін бөлшектеп, басқаларға үлестіре бастаған кезде, Қазақстан деп аталатын елді Мәскеуден тікелей басқаруға көше бастағанда, еліміздің ержүрек батыл азаматтары бас сауғалап бұқпай, Коммунистік партия мен Кеңес үкіметінің, әсіресе Никита Хрущевтің саясатына ашықтан-ашық қарсы шығып, наразылық білдіріп, лауазымды қызметінен қуылып жатты. Осындай қайсар жанның бірі аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенев еді. Сол үшін таяқ жеп жатса да ол тайсалмады. Мәселен, Тың  өлкесін Ресей Федерациясына қосу туралы КОКП Орталық Комитетінің басшысы Хрущев Тәшеневтен пікірін сұрағанда, ол өз қарсылығын ашық айтты: «Мен өзім Ақмолада туып-өстім, менің ата-анамның, ата-бабамның жаны осы жерде жай тапқан. Енді осы жерді бізден алып, Ресейге бергелі отырсыздар. Мұндаймен ешбір қазақ келіспейді. Ойланыңыздар, жолдастар! Мен осындай мәселені көтергеннің өзіне жан-тәніммен қарсымын!» депті. Ал оңтүстіктегі үш ауданның жерін Өзбекстанға беру туралы пікірін сұрағанда «мұндай мәселені шешу түгіл көтерудің өзіне қарсы» екенін айтқан.  

Бұған шамданып қалған Хрущев «КСРО – біртұтас мемлекет, сондықтан қай республикаға қандай жерді беру керектігін біз сізден, Тәшенев, сұрамай-ақ шеше аламыз» дегенде: «Олай болса, бұл КСРО Конституциясына қарсы шыққандарыңыз. Ал онда әрбір республиканың аумағы оның бұлжымас меншігі делінген. Егер Конституцияның бұл талабы ерескел бұзылатын болса, біздің халықаралық ұйымдардың арала­суын сұрауға қақымыз бар», – деп Тәшенев тойтарып тастайды. Оның бұл сөзін естіп, қатарлас отырған Д.Қонаев Жұмекеңнің батылдығына таңғалғанын жасыра алмай, қонақ үйге келе жатып: «Сіздің жүрегіңіз, Жұмеке, адамдікі емес, арыстандікі шығар» деген екен (Кәрішал Асан ата. «Шынжырда өткен Жолбарыс»).

Ал Тың өлкесін басқарып отырған Т.Соколовтың 1960 жылдың аяғында Қазақ үкіметінің билігін мойындағысы келмей, Мәскеуге бұра тартқанын естігенде, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенев  шыдай алмай арнайы ұшақпен сол кездегі Ақмолаға  (1961 жылдың 20 наурызынан бастап – Целиноград) ұшып келіп: «Жолдас Соколов, келер жылдың бюджетін неге өткізбей отырсыңдар? Қазақстанға бағынғың келмесе 24 сағаттың ішінде бұл жерден табаныңды жалтырат! Есінде болсын, Тың өлкесі ешқашан да Ресейге берілмейді!» деген екен. Әрине, мұндай сөзді жүрегінің түгі бар адам ғана айта алса керек. Халықтың сүйсінген көңілден  аузынан тастамай айтып, аңызға айналдырып жүрген Ж.Тәшенев ерліктерінің бір парасы міне, осындай.

Соколовқа «24 сағаттың ішінде Қа­зақстаннан табаныңды жалтырат!» деген сөзді бүкіл билік қолында тұрған Хрущев кешірген жоқ. Республика Министрлер Кеңе­сінде бір жылға жетер-жетпес уақыт жұмыс істеген Ж.Тәшеневті «бөгде ойлы адам» ретінде күстәна­лап, Н.Хру­щевтің нұсқауымен Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару коми­теті төрағасының орын­басары қыз­метіне тайдырып жіберді. Ол осында 1975 жылға дейін, зейнеткерлікке шыққанша абыройлы жұмыс істеді. Елім деп еңіреген, отансүйгіш азаматты зұлымдық жазадан Н. Хрущевтің қызметі қатал сынға ұшыраған КОКП Орталық Комитетінің 1964 жылғы қараша пле­нумынан кейін Қазақ КОК-нің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың өзі де ақтай алмады  (Қонаев Д. «Ақиқаттан аттауға болмайды». Алматы, «Санат». 1994, 210-211-бб.). 

Дәл осы тұста құрамына Өзбек­стан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Қазақстан­ның Шым­кент облысы басшылары енген «Орта Азия бю­росы» құрылды. Хру­щевтің жы­мыс­қы ойы осыдан кейін тайға таңба бас­қандай айқын болып еді. «Ол бола­шақ­та рес­пуб­лика ара­сындағы шекараларды жою жө­нін­дегі өз идея­сын қалайда тезірек жүзеге асырмақ» болған екен (Қонаев Д. «Өтті дәурен осы­лай» Алматы, 1992 жыл, 235-б.).

Украинаға сый-сияпат ретінде бе­ріл­ген Қы­рым­ның ащы сабағының мысалын­да Ж.Тәшеневтің тегеурін танытқан теңдесі жоқ ерлігін лайық­ты баға­лауымыз ләзім десек те, өкінішке қарай, кезінде оның есімі өзі сіңір­ген еңбегіне сай бағасын алмады.  Қазақ КОК-нің бұрынғы 1-хатшысы Исмайл Юсупов: «Егер қазақ біреудің алдында борыштар болса, ол алдымен Ж.А.Тәшеневтің алдында борыштар» деп айтқан еді (Е.Нұрқасым. «Тың игеру және Тәшенев». 2010 жылы 19-ақпан, 14-бет). Акаде­мик Ма­наш Қозыбаев өзінің «Дерек – тарихи дәлел» деген мақала­сында («Ка­зах­станская правда» газеті, 1990 жыл­ғы 12 қаңтар) былай деп көрсетті: «...Ж.Тәше­нев және басқа да адамдар Қазақ­стан аумағындағы ядролық жары­лыстарға қарсы шығып, озбыр­лық­тың құрбаны болды». Ал Д.Қонаев жоғарыда аталған кітабында: «Әрбір нақты жағдайда әмір Мәскеуден түсетін. Онда қандай да бір ау­мақты басқа аймаққа қосу жөнінде үзілді-кесілді ай­ты­лып, ол өңірлер­ді ауылдар­дан, деревнялардан, шо­пандар қыстауларынан жылан-жа­лаған­дай тазартудың мерзімі көр­се­ті­ле­тін. Бұл әмірлер сөзге кел­мес­тен атқарылатын» деп жазды.  

 Елі үшін қызмет жасап дағдыланған Жұмекең лауазымым төмендеді деп қайғырған жоқ, керісінше, осы қыз­метте 14 жыл болып, облыстың өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты. Жасы келіп, зейнетке шыққан соң ғылыми жұмыстармен айналысты, қаракөл елтірісінің сапасын жақсарту мәселелеріне араласты.

«Қазақстан – 2030» Даму стра­тегиясында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаев былай деп атап көрсетті: «Бос­тандық пен тәуелсіздікті жеңіп алу жеткіліксіз, оны табанды түр­де қорғап, нығай­тып, ұрпақ­тарға қалды­ру қажет. Біздің ұрпақ еңсере алмай, өзде­ріне қалдырған ауыртпалықтар, қиын­шылықтар мен пробле­ма­лар үшін болашақ ұрпақ кешірер. Егер біз өз мемлекетіміз­ден айрылып, егемендігіміздің стратегиялық негіздерін, өз жеріміз бен ресурстарымызды қолы­мыз­дан шығарып алсақ, бізге кешірім жоқ».

Сонымен, Ж.Тәшенев өз халқының адал перзенті ғана емес, үлкен қайраткер, елдің болашағы үшін тайталасқан ұлы күрескер де бола білген демекпін. Ұлттық мүддені қорғап, ел ардақтысына айналған осындай арыстарымыздың есімдері ел есінен өшпей, жыл өткен сайын жаңғыра береді. 1999 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Республика және Тәуелсіздік даңғылдарын қосып тұрған үлкен көшенің атауы Жұмабек Тәшеневке берілді. Қазіргі кезде ономастика комиссиясының шешімі бойынша Үкімет қаулымен астанадағы №10 лицей-гимназия, Солтүстік Қазақстанның Петропавл қаласындағы №20, Ақтөбе қаласының №68, Түркістан облысының Арыс және Ақмола облысының Аршалы кентіндегі №3 орта мектептеріне мемлекет қайраткері Ж.А.Тәшеневтің аты берілген. 2010 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің магистранты Досбол Жанәлиев «Жұмабек Тәшеневтің қоғамдық-саяси қызметі» атты магистрлік диссертациясын қорғады. Бұл негізінде ресми түрде Тәшеневке арналған ең бірінші ғылыми зерттеу деп есептеледі.  2012 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының ғалымдары «Ұлы дала тұлғалары» сериясы топтамасында Жұмабек Тәшенев туралы 320 беттік ғылыми басылым жариялады. 

Әйтсе де, есіл ер есімін ұлықтауда әлі де жетіспейтін жайлар бар. Оның халқына, еліне, туған жеріне сіңірген еңбегі үлкен атаққа әбден лайық.  Болашақта Нұр-Сұлтан қаласындағы  Тәшенев атымен аталған көшеде осы ұлы тұлғаға арнап биік ескерткіш тұрғызылса деген тілек бар. Сонымен қоса, қазіргі Қазақстан тарихы оқулықтарына және энциклопедияларға  аты аңызға айналған Жұмабек Тәшенев және оның өшпес ерліктері туралы мәліметтерді толық енгізіп, жас ұрпаққа жеткізудің маңызы зор деп есептеймін. 

 

 

2801 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №9

20 Қыркүйек, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы