• Тарих толқынында
  • 28 Сәуір, 2021

АДАЙ КӨТЕРІЛІСІ

Қойлыбай Қаражанұлы, 
ҚР Журналистер одағының мүшесі, Республика халық ағарту ісінің үздігі, Маңғыстау облыстық архив қызметінің ардагері

Қазақ халқы тарихының қасіретті кезеңінің бірі болған саяси-қуғын сүргін кезеңін – кейінгі ұрпаққа бүкпесіз, бояусыз шынайы түрде жеткізіп, өмірде кедір-бұдырсыз, теп-тегіс болмайтынын нақты мысалдармен өлке тарихына ұсынып, оны толықтыра түсу ғалымдардың, өлке­танушылардың, аға буын өкілдерінің міндеті. Бірақ тарихты естіміш арқылы емес, көзбен көргенді, архив деректері арқылы баяндау дұрыс. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін халқымыздың «мың өліп, мың тірілген», «тар жол, тайғақ кешу» тыныс-тіршілігі тарихымызға із қалдырған қасіретті күндер болды. Саяси қуғындау барлық бағыттарда да іске асырылды. Солардың осы өңірде бірқатарына тоқталсақ.

1921-1937 жылдар аралыңында КСРО ІІМ-дегі мәліметтер бойынша ОГПУ коллегиясы, НКВД үштіктері, Әскери коллегия, соттар мен әскери трибуналдар революцияға қарсы қылмыстары үшін деген айыппен 3 777380 адам соттады, оның ішінде ең жоғарғы ауыр жазаға 642980, лагерьлер мен түрмелерде 25 жылдан, одан төменгі мерзімдерге ұстауға 2 369220 адам, жер аударуға 765180 адам жазаға тартылды (Бұл құжаттарға Бас прокурор Р.Руденко, ІІМ С.Круглов қол қойған, РФ Мемлекеттік архиві қор 9401, тізбе, іс 450, 149 152 беттер).

Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі арқасында Қазақстан Республикасы Пре­зиденті Н.Назарбаевтың 1997 ж. жалпы­ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып белгіленуімен ХХ ғасырдың 20-50 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған есімдерді анықтауға жол ашылды.  Сол зұлматқа ұшырағандардың ұрпақтары іздестіру жұмысына белсене араласты.

Кеңес билігінің бастапқы жылдарында аграрлық көшпелі қазақ елі түбегейлі өзгеріске ұшырады. Қазақстан компар­тиясының көшбасшысы Филипп Голощекин 1927 жылы «Кіші Қазан» төңкерісін жариялады. Асыра сілтеу мен халықтың қолындағы малды тартып алып қою салдарынан 1932-33 жылдары Қазақстанда ашаршылықтан бір жарым миллион адам көз жұмды, 600 мыңға жуық қазақ елін тастап көшіп кетті. Қазақ 2 млн-нан астам қандастарынан айырылды. Халықтың ауыр тіршілігі елдегі ұжым­дастыру кезінде өрби түсті. «Байлар» деген атпен ауқатты өзінің еңбегімен тапқан малдарын еріксіз тартып алып, оларды жер аударды. Өз малын, жиған-тергенін күштеп алып,  өзіне жау еткен қандай әділетсіздік десеңші?!

Маңғыстау үкіметтің бұл саясаты асқан қатыгездікпен жүріп жатты. «Шаш  ал десе, бас алатын» үкіметтің жасанды қолшоқпарлары елге тізелерін батыра бастады. «Байлардың, саудагерлердің, патша үкіметінің және Адай окру­гінің бұрынғы қызметкерлерінің контр­революциялық ұйымы» деген ұйым бар, солармен күресу керек деген әдейі тапсырманың нәтижесінде ел ішінде «тазалық» жұмысын жүргізудің барлық шаралары қолға алынды. Мұндай саясатты халық бірден қолдамады. Елдің алды Қазақстанның Оңтүстік бетіне ығыса бастады. Қоныс аударушылар алдарына тосқауыл қойылды. Ертерек кеткендер көштері қарулы жасақтардың күшімен кері қайтарылды.

Деректерге жүгінсек, үкіметтің солақай саясатын мақұл көрмей, көнбей, өзінің азын-аулақ шаруашылығымен елден жырақ, жүруге қолайсыз, сму көздерін сағалап Құрмаш Қосжанұлы деген азамат отбасы мен өзіне етене жақын туыстарымен елден жырақ, бас сауғалап жүрген. Ел ішіндегі телі-тентектердің, ұры-қарылардың, барымташылар өздерінің озбырлықтарын сол Құрмашқа жауып, оны шектен шыққан тектек, нағыз ұрының ұйымдастырушысы, үкімет саясатына қарсы деген атаққа ие қылған. Шолақ белсенділер Құрмашты үкімет адамдарына дәлелдеп, озбыр етіп көрсетуге тырысқан. Ал шын мәнінде Құрмаш – өз еңбегі, қара шаруа, өзінше күнкөріс жасап жүрген адам екендігін, Маңғыстаудың шежіре ақсақалы, үкімет саясатын сол кезде белсене жүргізушілердің бірі Алшын Меңдалыұлы айтқан еді.Үкімет тапсырмасымен Алшынды бір жағынан аздау туыстық қатысы бар, «Сіздің айтқан ұсыныстарыңды қабылдап, қызылдарға берілер» деген уәжбен  Құрмашты үкімет саясатына көндіріп елге әкелу керек тапсырмамен 5-6 жолдасымен Құрмаштың үйін іздеп барып, отбасымен кездеседі. Бұрын дүниеден өткен баласына көңіл айтады. Әуелі үкімет белсенділерінің келгенін қош көрмей отырады да, қонақтарды мал сойып қарсы алады.  Дастарқан басында ағайындық әңгімесін айтып, Құрмашқа елге қосылуды, халықпен бірге өмір сүруді ұсынады. Құрмаш өз кезегінде «ауылдағы кейбір пәлекеш, мені арандататын шолақ белсенділеріңнің озбырлық саясатын қолдай алмаймын, менің ешкімге де зияным жоқ» деп кесіп айтады.

Құрмашты үкімет белсенділері іздеу салуларын үнемі жалғастыра берді. Тағдырдың жазмышына не амал, аңдыған жау алмай қоймайды деген өз бетімен өмір сүріп жүрген Құрмаш ай далада жау қолынан қаза болады. Оның жазықсыз бала-шағасы, туыстары тұтқындалып, түрмелердің қапас жағдайында жан азабын көреді.

Құрмаштың ісі бойынша 42 адам жауапқа тартылды. 1929 жылдың 17 желтоқсанындағы Қазақстандағы Мемлекеттік Саяси Басқарма Үштігінің өкімімен 22 адам жазаның ауыр түріне кесілген. Бұл адамдардан төгілген қан кім-кімді де тек жүбермесі қаһ. 30  жылдан астам уақыт бойы зерттеліп-зерделеніп 1962 жылдың 8 ақпандағы Қазақстан Жоғарғы Соты алқасының ұйғаруы айыпкерлер әрекетінде қылмыстық құрамының болмауына байланысты іс қысқартылады.

Елдегі ұжымдастыру саясаты баяу жүрді. Үкімет саясатын жүзеге асырудың жүрісін жеделдету бағытында республика басшылығы Мемлекеттік Біріккен саяси басқарманың өкілетті уәкілдігіне барлық жұмыстарды тапсырды.

1928 ж. қазан айында Қазақстан Орталық Атқару комитетінің мүшесі Шабден Ералыұлын Форт Шевченко қаласында өтетін округтік партия кон­ференциясына қатысатын  өкіл етіп жібереді. Конференцияда Ш.Ералыұлы сөйлеп, партия ұйымындағы кемшіліктерге тоқталып, Орталықтың тапсырмасымен басқару жүйесіндегі ұсыныстарды айтады. Бірақ  делегаттардың көпшілігі тарапынан жоғарыдағы жүйенің ұсыныстары қа­был­­­данбайды. 1928 ж. қараша айы­ның 1-де Ералыұлы округтік партия конференциясында сайланған 27 делегатпен бірге моторлы қайықпен Гурьев қаласына бет алады. Жолда қайық ішінде Ералыұлы мен делегаттар арасында жанжал  шығады. Түн ортасында Шәбден Ералыұлы қайықта жоқ болып шығады. Ералыұлының жолда жоқ болғандығы туралы хабарланады. Гурьевке келе бергенде делегаттардың барлығын тергеу органдары қамауға алып,  РСФСР қылмыстық істер кодексінің 58-7 (террор) бабымен қылмыстық іс қозғайды. Тергеушілер кемеде сол түні қатты дауыл болғанын, Ералиевтің өзінің қатты мас екендігін қаперге алмайды. Тергеу тек бір жақты жүргізіледі.

1929 жылдың 19 ақпанында делегаттар ішінен 16 адамға кісі өлтірді деген айып тағылып, Мемлекеттік Біріккен саяси басқарма үштігінің барлығын ату жазасына кесетін үкім шығарады (МОМА, 260 қор, 2 іс).

Ералиев оқиғасынан кейін бір айдан соң, яғни 11 желтоқсанда Қазақ Өлкелік партия комитеті Адай округтік 1 партия конференциясының Маңғыстау аудандық партия комитетін тарату туралы қаулысын мақұлдады.Маңғыстауға арнайы партия комиссиясы мен Өлкелік атқару комитетінің комиссиясы жіберіліп, комиссия төрағасы Н.Сырғабеков аудандық 2-ші партия конференциясында баяндама жасап, партия ұйымдарындағы кемшіліктерді, оның ішіндегі рулық жіктелудерді сынға алып, Адай округін тарату туралы үкіметке ұсыныс жасайды. Сонымен Адай округі 10 сәуірде 1929 ж.  тарауға қаулы шығып, 29 сәуірде бекиді. Маңғыстау ауданы Гурьев округінің құрамына кіреді (МОМА, 185 п қор, 86 іс). 

Ералиев ісіне байланысты істі бол­ғандардың КСРО Жоғарғы сот әскери алқасының 1958 ж. 8 наурыздағы ұйға­рыммен медициналық сарапшылардың қорытындысы дәлелсіз деп табылып, жоғарыдағы үкім қылмыстық істің болмауына байланысты қысқартылады. Сонымен Ералиев ісіне байланысты шаруа тамамдалды.

«Адай көтерілісінің» тууына себеп болған – халықтың салық ауыртпалығына байланысты оны өтеудің ешбір мүм­кіндіктің жоқтығы, елдегі малсыздық, атақты «ақ қоянның» жұт зардаптары, елдегі күнкөрістің күрт төмендеуі сияқты жағ­дайлар халықтың ашу-ызасын әбден келтірді. Аяусыз салықтың қамытын киген халықтың туған жерін тастауға мәжбүрлеп, үдіре көшуіне әкеліп соқтырды (МОМА, 214 қор, 75 іс.).

Халықтың күйзелісі оның сана-сезімін оята түсті. Қолдан жасалған аштық пен орынсыз қоныс аударған жағдайға халық бей-жәй отыра алмады. Елдің тыныштығы бұзылды, наразы болғандар саясатқа қарсы Қазақстанның түкпір-түкпірінен бас көтере бастады. Басқа өңірлердегі сияқты Маңғыстауда да «Адай көтерілісі» деген атпен тарихта қалған халықтың толқуы 1931 жылдың сәуірінде Шоланов Боқмаштың бастауымен Ойыл, Жем, Құлсары өңірінен басталып, батыс жағы Форт Шевченкоға дейін ұласты. Осы қозғалыс тез арада Маңғыстауды барлық өңірлерінде қолдау тапты. Солтүстіктен Шоланов, Қайдауылов Ізтілеу бастап, Сам бойында Мырзалы Тынымбаев, Есжанұлы Қошмағамбет,  Мәтжанұлы Сахи, Бозашыда Жұмабай Үсенов, Төлегенов Үсен, Мамай Салпықұлы,  Бөкен ауылының азаматтары, Қаралдаұлы Қарабатыр, т.б., Керел, Долгий жағынан Сарбасов Смайыл бастаған т.б. жекеленген ауылдардан да жасақтарға еріктерімен қосылушылар аз болған жоқ. Жасақ саны күн санап өсіп жатты.  Бұл халық қолдауының бірден-бір көрінісі екені сөзсіз.

«Адай көтерілісі» туралы Қазақтың біртуар тұғыры биік тұлғасы, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, осы өңірдің тумасы Әбіш Кекілбаев: «Бұл – Маңғыстау өңірінің халқы үшін малы мен дәулеті түгілі, ақылы мен әулетінің қайда қалғанын білмей қалған кез болды» – деп, халыққа түскен нәубеттің жәйін көрсеткен болатын.

«Адай көтерілісі» деген атқа ие бол­ған халықтың зобалаңынан басталды. Үкіметтің өңірде жүргізіп отырған солақай саясатының бағыты халықтың жаппай бас көтеруін мәжбүрледі.  

«Адай көтерілісін» республиканың Ұлттық Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің архив құжаттары бойынша зерттеген Ұлы Отан соғысына қатысушы, осы комитеттің қызметкері зейнеткер полковник Мұқаш Шопанұлы Омаровтың «Расстреляная степь» атты очерктер жинағында толықтай жазған. Деректер мен дәйектер де анық көрсетілген. Сондықтан, осы құжаттарды негізге алдық.

«Адай көтерілісі» туралы 2010 жылы Алматыдағы «Нұрлы әлем» баспасынан екі томдық материалдар жинағы шықты. Оның І-томында тарихи зерртеулер, естеліктер жинағы, ІІ-томында таза архивтік құжаттар берілді. Осы кітапты жарыққа шығарушы жұмысшы тобының мүшесі болғандықтан өзім осы шағын мақалада көтерілістің барлық жүрісін қайталауды жөн көрмей, көтеріліске қатысушылар, оларға шығарылған үкім туралы соңғы деректерді ұсынып отырмыз.

«Адай көтерілісіне» байланысты көте­ріліске қатысушы 1715 адам тұт­қын­­далып, жинақталған 5 істе (№№17,38,100,3329,5671) толық қам­тылған. Осы жауапқа тартылғанның 802-і РСФСР қылмыстық істер кодексінің 58-2 (контрреволюциялық қозғалыс) және 59 (бандитизм) баптарымен жауапқа тартылған. Тергеу жұмыстарын жүргізу кезінде 79-ы  Гурьев, Ақтөбе қалаларындағы тергеу түрмелерінде қайтыс болған. 215-і әрекетінде қылмыстық құрамының болмауына байланысты босатылған. 508 айыпкердің ісі Гурьев Мемлекеттік біріккен саяси басқармасының оперсекторы үштігі қылмыстарын белгілеу үшін Қазақстандағы өкілдікке жіберді. Бұлардың үштігі өзінің 1931 жылғы 22 тоқсандағы қаулысымен Доссор, Жылой, Ойыл және Маңғыстау аудандарынан 135 көтерілісшіні және 5 1932 жылдың 5 сәуірдегі қаулысымен 372 маңғыстаулықты соттап жіберді. Кө­терілісшілердің 15 басшысы мен белсенді қатысушылары – Боқмаш Шоланұлы, Рахмет Шоланұлы, Қарамұрза Ем­бердіұлы, Д.Айтжанұлы, Қоғабай Алдасүгірұлы, Өтебай Жанасұлы, Қойшығұл Жантілеуұлы, Әмір Нысанұлы, Қазақ Шиенұлы, Көбейсін Қуантұрұлы, Жұмабай Үсенұлы, Демепберген Ембердиев, Көбеген Құрманов, Қойсары Қайдақұлов, Ұлықпан Сарқұлұлы жазаның ең ауыр түрі атуға ке­сілді (М.Омаров, «Расстрелянная степь», Алматы, «Ғылым» баспасы, 1994 ж.).

Дүние-мүлкі тәркіленіп 21 адам 10 жылға, дүние-мүлкі тәркіленбей 17 адам 10 жылға,  дүние-мүлкі тәркіленіп 125 адам 5 жылға, тәркіленбей 14 адам 3 жылға, дүние-мүлкі тәркіленіп 39 адам, тәркілемей 53 адам, Қазақстан өңіріне 5 жылға 19 адам, тәркілеп 3 жылға 11, тәркілемей 8 адам жер аударылды. Арнайы жер аударуға 100 адамға (спецпереселение) үкім шығарылды. Тергеу мезгілінде абақтыда отырған уақыттары есептеліп, 66 адам босатылды. Қалғандары ақталды.

1931 жылдың сәуірінен басталып, қыркүйек айында толығымен жеңіліске ұшыраған «Адай көтерілісінің» қанды қырғынмен аяқталатыны әуелден белгілі болды. Көтеріліске қатысушылардың көпшілігі шала сауатты, әскери тәжірибесі жоқ азаматтар. Олардың көпшілігі ауыл-аймақтарымен мал-мүліктерін далаға тастап, өлгендерін көмуге мұршасы болмады. Бұл жағдай 12 сәуірде Шоланов Боқмаш бастаған Солтүстік топтың жасақшылары толыққа жуық қырылады. Зерттеуші Ізекең көтерілістің басынан аяғына дейін болған 15 ұрыста, 8 қақтығыста көтерілісшілер 168 адамынан өлідей айырылып, 22-сі жараланған, 74 адам қолға түскен делінген. Бұдан басқа 1715 адам ұсталып, қамауға алынған. Бұл мәліметтер жазалаушылардың жоғарыға берген мәліметтерінен алынған. Шын мәнінде өлгендер де, жараланғандар да әлдеқайда көп екені белгілі. Көтерілісшілер зорлық-зомбылық жасаған, әділетсіздік пен мейірімсіздік жасаған үкімет өкілдеріне қаталдық жасаса, жазалаушылар бейбіт халықты, әйелдер мен балаларды, жасы жеткен қарттарды аяған жоқ. Оларды алыс жерлерге жаяу айдады. Осының салдарынан көптеген адамдар жол азаптарынан аштан, шөлден жолда өліп жатты  (І.Сариев, «Қанды ойран» кітабынан). Сол кездері 10-13 жасқа толған Мұса, Орынбай, Әріпұлы Бисенбі, Ербол, Қонашев Дауылтай,  т.б. азаматтардың айтулары бойынша 6 ай бойы көшіп келе жатқан елге дүркін-дүркін шабуыл жасап, олардан да халықтың үнемі шығынға ұшырауы болғанын айтатын.  Батыс тобында жетекшілік еткен  Жұмабай Үсенов бастаған жасағындағы 400-ге жуық адамның 40-ы қаза болып, қалғандары қолға түседі.

Бұл үкім қайта зерделене қаралып, жарты жылдан соң ең ауыр жазаға тартылғандар 10 жылға түрмеде өткізуге шешім өзгертіледі. Қай істің де ұйымдастырушысы, басшысы болатыны белгілі.

Көтерілістің негізгі басшылары барлығы да ел үшін қан төккен, ел арасында өзіндік беделі бар азаматтар болатын. Мырзалы Тынымбаевтың ерлігі туралы оның өте батыл, батыр, алған бетінен қайтпайтын азамат екенін жазалаушылардың өздері мойындаған.

Жазалаушылар қолдарынан қаза бол­ған­дар саны 168 адам, бұл жаза­лаушылардың ақпарламасы. Шөл далада айдалған елдің ішіндегі аштықпен, аурудан азапты өлгендер саны қаншама?! Олар жүздеп емес, мыңдап саналады. Бұл көтеріліс Маңғыстау өңіріндегі нағыз «қанды ойран» екенін тарихтың өзі мойындады.

22.12.1931 ж. Қазақстанның Мем­лекеттік Біріккен саяси басқарма өкілдігінің үштігі РСФСР қылмыстық істер кодексінің 58-2, 59-3 баптарымен көтерілістің 15 басшылары мен қатысушыларына 1997 жылдың  25 ақпанындағы ҚР Бас Прокуратурасы №8184 қылмыстық іс бойынша қайта қарап, көтерілісшілерді ақтауға шешім шығарды.

Өскелең ұрпақ ата-бабаларының та­рихы туралы сөз етсе, ойлап-зерделесе көтеріліске қатысқан азаматтардың деректері облыстық архивінен біршама материалдар табуына болады. «Адай көтерілісіне» басшылық еткен, жасақтар жинаған азаматтар ұрпақтары туралы біраз материалдар бар. Олардың ұрпақтары туралы көптеген деректер іздестірілді. Халқының мұңы мен зарын жоқтап, қолына қару алған есіл ерлердің есімдері тарих төрінен еске алынбақшы. Осы мақсатпен кейінгі ұрпақ өздерінің бақилық болған бабаларының қаза болған орындарына ескерткіш тақталар, белгілер қойып жатса құба-құп. Мысалға, Маңғыстаудың Керел, Долгий жерлерінен көтеріліс кезінде жасақ дайындауға белсенді қатысқан Сарбасұлы Смайыл бір топ жолдастарымен жазалаушылар қолдарына түсіп, Қаратүлейдің батыс жағы шетіндегі Қызыластау-Жезді деген жерде төбе басында шамамен 10 азамат атылған. Сол орынға Смайылдың немересі Ғалия Дүйсеғұлқызы белгі қойып, дұға бағыштап келді.

Маңғыстау өңірінде ел арасында беделді, көзі ашық, көңілі ояу, азаматтардың ізіне түсіп, әртүрлі кінәлар тағылып, жоқ етудің шаралары толассыз жүріп жатты. 

«Байлардың, саудагерлердің, патша үкіметінің және Адай округінің бұрынғы қызметкерлерінің контрреволюциялық ұйымы» деген ұйымның жұмысына шұқшия кірісті. Әртүрлі себептерді желеу етіп, Маңғыстаудың осы қалай деген 70 азаматы негізсіз жауапқа тартылып тұтқындалады. Тергеу орындары олардың әрқайсысынан да кінә таба алмайды. Соған қарамастан 70 адамның ісі сот орнына берілмей, заңсыз құрылған үштікке жолданады. Осы Үштіктің шешімімен 70 азамат жазаланады. 1930 жылдың 9 қазанында Қазақстандағы Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың өкілдігі үштігінің ұйғаруы бойынша 36 айыпкердің дүние-мүлкі тәркіленіп 10 жылға, 9  адамның дүние-мүлкі тәркіленіп 5 жылға, 9  адамның дүние-мүлкі тәркіленбей 5 жылға, 14 адам 3 жыл концлагерьлерде, 3 адам абақтыда отыру уақытының өтелуіне байланысты босатылып, 1 адам округ аумағынан тыс жерге жер аударылады.

1930 жылдың 9 қазанындағы Қазақстандағы Мемлекеттік Біріккен Саяси Басқарма Үштігінің ұйғарымы бойынша Маңғыстаудағы сауатты деген, интеллигенцияның қаймағы дегендей, партия, кеңес қызметінде жауапты қызметтер атқарған лауазымды тұлғалар: Әлниязов Тобанияз, Дауылов Орынбасар, Иманғалиев Отарбай, Қожықов Қалым, Омаров Жұмағали, Омаров Қайрош, Оңғалбаев Қажы, Сұлтанов Ғұбайдолла, т.б. 22 кісі жазаның ең ауыр түріне кесілсе, Сарғожаев Қойсары, Қалиев Әбіш, Оңғалбаев Лепес, Тұрниязов Зәкария, Шомпақов Жәнібек, Сейтжанов Балиғат, Қожықов Тұрсын, т.б. 36-ы 10 жылға, 9 адам 5 жылға сотталды. Барлығы 70 адам жазаға тартылды (І.Сариев, М.Омаров, «Ойрандалған Адай даласы», «Атамұра» баспасы, Алматы, 1995 ж. 64 бет).  

Осы жазаға 1930 жылдың 9 қазанында Қазақстандағы Мемлекеттік саяси басқарма өкілдігі үштігінің қаулысымен сотталған 70 азаматтардың республика аумағында, республикадан тыс жерлерде жүрген туыстары бола ма деген үмітпен тергеу құжаттары  бойынша туған жылдары, атқарған қызметтері көрсетілген тізімін келтіруді жөн көрдік.

1. Әлниязұлы Тобанияз – 1875 жылы туған, Адайдың Жеменей бөлімінің кенжесі. 1922 жылға дейін уездік революциялық комитеттің төрағасы.

2. Атанұлы Мұхамедияр –  1867 жылы  Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Сауатсыз. 3 баласы болған, дәулетті кісі.

3. Байжанұлы Асқар – 1879 жылы  Маңқыстау ауданының  №3 ауылында туған. Шала сауатты. Екі әйелі, 6 баласы бар.

4. Балқыұлы  Сағындық – 1880 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Сауатсыз. Бай.

5. Бекназарұлы Шәкір – 1875 жылы туған. Түрікмен. Шала сауатты. 5 баласы бар. Үлкен саудагер, шикізат дайындау агенті.

6. Бекназарұлы Сафар 1897 жылы туған. Түрікмен. 3 баласы бар.

7. Ғұбайдуллаұлы Садық –1879 жылы туған. Татар, 3 баласы бар.

8. Жақсыбайұлы Сағындық – 1896 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Адайдың құнанорысы. Шала сауатты, 4 баласы бар. Саудагер.

9. Дәулетниязұлы Айладыр 1898 жылы Красноводск қаласында туған. Адай руының Қосай бөлімінің Жаманадай (Сүйіндік) бөлімшесінен. Адай  округтік милиция бастығы, округтік соттың төра­ғасы, 1929 жылы маусым айынан Түрікменстан Жоғарғы сотының мүшесі жұмыстарында болған. Партия мүшесі. Бір баласы бар.

10. Дауылұлы Орынбасар – 1884 жылы Жылыой  №41 ауылында туған. Адайдың Құнанорысы. Адай округтік ревкомның төрағасының орынбасары, атқару комитетінің орынбасары, 6 баласы бар. Шала сауатты.

11. Жұбанұлы Талпақ – 1872 жылы Ойыл ауданының №22 ауылында туған. Адай руы Қосай бөлімінің Тіней бөлімшесінен. Сауатсыз. Үлкен бай, үш әйелі, 7 баласы бар.

12. Жұбайұлы Садық (Сыдиық) – 1886 жылы Астрахан қаласында туған. Ревком  төрағасының  орынбасары, округтік партия  комитеті бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық ағарту бөлімінің бастығы. Партия мүшесі,үш баласы бар, сауатты.

13. Ырзаұлы Өтақас – 1902 жылы  Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Екі әйелі, үш баласы бар. Сауатсыз. Бай-саудагер.

14. Измамбетұлы Сәдмен – 1902 жылы Уездік комсомол комитетінің хатшысы,уездік соттың мүшесі. Бір қызы бар. Сауатты.

15. Иманғазыұлы Отарбай – 1870 жылы  Маңқыстау ауданының  №3 ауылында туған. Шала сауатты. Үлкен  бай-саудагер. Бір баласы бар.

16. Көбейұлы Қалдыбай – 1907 жылы   Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Халық соты, округтік соттың мүшесі, төрағасы, округтік партия комитеті бақылау комиссиясының төрағасы. Партия мүшесі. Бір қызы бар.

17. Қалиұлы Әбіш – 1896 жылы  Маңқыстау ауданының  №3 ауылында туған. Сауатсыз. Екі баласы бар.

18. Қалқанұлы Дүйсембай – 1872 жылы  Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Шала сауатты. Халық соты, округтік соттың орынбасары. Партия  мүшесі. Екі әйелі, үш баласы бар. Бай. Сауатты.

19. Қожықұлы Қалым – 1896 жылы   Маңқыстау ауданының  №15 ауылында туған. Адай руының Жары бөлімінен,халық соты болған. Сауатты. Партия мүшесі. Екі әйелі, 4 баласы бар.

20.Құдаманұлы (Құлшарұлы) Са­ғындық – 1885 жылы  Маңқыстау ауданының  № 1 ауылында туған. Бес баласы бар. Бай-саудагер.

21. Көпжанұлы Қуандық (Қожбанұлы да болуы мүмкін) – 1889 жылы туған. Адай руы Қосай бөлімі Байболының Мәмбетқұл (Шалбар) бөлімшесінен. Шала сауатты. Бес баласы бар. Үлкен бай-саудагер.

22. Көбейұлы Оспан – 1875 жылы туған. Жоғарғы білімді. Орынбор кадет корпусын, Мәскеудің Александр атындағы училищесін бітірген. Патша үкіметінің полковнигі. Маңғыстау уездік әскери комиссары, жер бөлімінің бастығының орынбасары болған. Екі қызы, бір ұлы бар.

23.Мақымұлы Мұқан (Мақұлұлы болуы да мүмкін) – 1884 жылы  Маңқыстау ауданының  № 7 ауылында туған. Адайдың Тобышының Зорбай бөлімінің Өтеғұлы. Үлкен бай, бір қызы бар. Шала сауатты.

24. Маймақұлы Жүндібай – 1879 жылы  Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Шала сауатты. Баласы жоқ.

25. Нәубетұлы Хожа – 1894 жылы Форт-Александровскде туған. Түрікмен. Шала сауатты. Екі баласы бар. Бектер тұқымынан.

26.Омельянович Василий Амвре­симович  – 1878 жылы туған. Белорусс, екі баласы бар. Сауатты. Мемлекеттік сауда агенттігінің бастығы. Бұрын патша әскерінің поручигі болған.

27.Сақауұлы Бегей – 1875 жылы   Маңқыстау ауданының  №2 ауылында туған. Екі әйелі, алты баласы бар. Сауатсыз. Бай-саудагер.

28.Сарғожаұлы Қойсары (Қайсары) – 1897 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Жеменей бөлімінен. Училищенің екі класын бітірген. Партия органдарында жауапты қызметтерде болған.

29.Салықұлы (Садықұлы) Омар – 1898 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. 2 кластық мектепті бітірген. Екі баласы бар. Кеңсе қызметкері.

30.Тоқтамбетұлы Сұлтан – 1893 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Адайдың Тобыш бөлімінен. Шала сауатты, екі баласы бар.

31.Томалақұлы Бозжігіт – 1892 жылы  Маңқыстау ауданының  №4 ауылында туған. Үш әйелі, бес баласы бар. 2 кластық мектепті бітірген. Байдың баласы.

32.Тілеубергенұлы Қалдыбек – 1880 жылы Маңқыстау ауданының  №12 ауылында туған. Сауатсыз. 2 әйелі, 6 баласы бар. Саудагер.

33.Тотайұлы Алген – 1877 жылы  Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Қосайдың Байбол бөлімінен. 2 кластық мектепті бітірген. 3 ұлы, 3 қызы бар. Бай.

34. Тұрниязұлы Зәкәрия– 1893 жылы Ойыл ауданының №14 ауылында туған. Қосайдың Тіней бөлімінен. Білімі төмен. 2 әйелі, 5 баласы бар. Бай.

35. Оңғалбайұлы Қонарбай – 1862 жылы Форт-Александровскде туған. Шала сауатты. 4 баласы бар. Бай.

36. Оңғалбайұлы Лепес (Қонарбайұлы) – 1906 жылы Форт-Александровскде туған. Үйленбеген. Рабфак бітірген. Әкесі жандарм болған. Кеңсе қызметкері.

37. Оңғалбайұлы Хаджы (Қонарбайұлы) – 1904 жылы Форт-Александровскде туған. 2 кластық теміржол училищесін бітірген. 3 баласы бар.

38. Ожарұлы (Омарұлы) Балкот – 1885 жылы Красноводск округінің Қожа ауданында туған. Сауатты. 3 баласы бар. Байдың баласы.

39. Омарұлы Жұмағали (Дәулетбаев) – 1897 жылы Ойыл ауданының  №13 ауылында туған. Гурьевтегі 2 кластық училищені бітірген. Адай руының Қосай, Байболдың Мәмбетқұлы (Шалбар). Алашорда әскерінде офицер болған. 3 баласы бар. Байдың баласы. Партия мүшесі. Ойыл аудандық партия комитетінде бөлім бастығы болған. Аудандық прокурор болған.

40.Омарұлы Хайруш – 1878 жылы Ойыл ауданының №5 ауылында туған. Сауатты. Адай руының Қосай, Байболдың Мәмбетқұлы (Шалбар). Сауатты. 5 баласы бар.

41. Үсембайұлы Шадыман – 1899 жылы  Маңқыстау ауданының  №9 ауылында туған. Адай руының Қосай бөлімінің Бәли бөлімшесінен. Сауатты. Аудандық атқару комитетінің төрағасы болған. Партия мүшесі, бір баласы бар.

42. Шумпақұлы Жәнібек – 1901 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Сауатты. Ауқатты кісінің баласы, бір баласы бар.

43. Юнусұлы (Жүнісұлы) Өтебай – 1895 жылы Форт-Александровскде туған. Партия-кеңес мектебін бітірген. 2 баласы бар. Ойыл ауданының Алтықарасу елді мекенінде тұрған.

44. Айжарықұлы Осқанбай (Өскенбай) – 1898 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Жеменей бөлімінен. 2 кластық училище бітірген. Бір қызы бар. Кедей.

45. Аманшаұлы Мұратбай – 1896 жылы Форт-Александровскде туған, шала сауатты. Партия  мүшесі. Бір баласы бар. Малшы.

46. Дәулетбайұлы Мырзағали –  1906 жылы Ойыл ауданының №13 ауылында туған. Сауатты. Адай руының Қосай бөлімінің, Байбол Мәмбетқұлы (Шалбар) бөлімшесінен, партия мүшесі. Шала сауатты, 2 баласы бар.

47. Ирпанайұлы Іздібай – 1882 жылы  Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. 2 кластық училище бітірген. Партия мүшесі. Округтік партия комитетінің бөлім бастығы, уездік ревкомның хатшысы болған. Бір қызы бар.

48. Елшібекұлы Қалдыбай – 1902 жылы  Форт-Александровскде туған, шала сауатты. Партия  мүшесі. Бір баласы бар. Кедей.

49. Игилжанұлы (Ығылманұлы) Ілияс – 1898 жылы туған. Ойылда тұрған. 2 кластық мектеп-гимназиясының бір класын бітірген. Руы – Кете.

50. Қарамбетұлы Еркенғұл – 1896 жылы Маңқыстау ауданының  №4 ауылында туған. Бәйімбеттің Жамбоз бөлімшесінен. Сауатсыз. Саудагер.

51.Құлшарұлы Қызылғұл – 1897 жылы Мәскеуде партия курсында оқыған. Шығыс халықтарының коммунистік университетінде оқыған. Партия мүшесі. Уездік партия комитетінің хатшысы болған. 2 баласы бар.

52. Қосымұлы Зейнетқали – 1904 жылы туған, Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Қалалық 2 кластық училище бітірген. Адайдың Бәйімбетінің Көпе бөлімшесінен, 3 баласы бар.

53. Көпбергенұлы Қуанай – 1879 жылы Маңқыстау ауданының  №3 ауылында туған. Шала сауатты. Малшы.

54. Күзембайұлы Қали – 1877 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Сауатсыз, үш баласы бар. Саудагер.

55. Құлжарасұлы Сейкет – 1884 жылы Ойыл ауданының №14 ауылында туған. 6 баласы бар. Бай.

56. Құбышұлы Жетпісбай – 1887 жылы Ойыл ауданының №5 ауылында туған. Сауатты, 3 баласы бар. Орта шаруа.

57. Нарегенұлы Бөлтек –  1887 жылы Маңқыстау ауданының  №7 ауылында туған. Сауатсыз, бір баласы бар.

58. Нұрқабайұлы Сұлтан – 1888 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Қосайдың Шалбар бөлімшесінен. Бір баласы бар. Бай-саудагер.

59. Ташкенбайұлы Ниязғали (Тұрлы) – 1891 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған, шала сауатты, 2 әйелі, 2 баласы бар.

60. Ташекенұлы Хаби – 1903 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Ауылдық мектепті бітірген. Кеңсе қызметкері. Партия мүшесі, 3 баласы бар. Бұрын Ералиев ісі бойынша қылмысқа тартылған.

61. Өтебайұлы Данарбай – 1896 жылы туған. 2 кластық училище бітірген. Партия мүшесі.

62. Өтегенұлы Смағұл – 1905 жылы Ойыл ауданының №1 ауылында, Миялыда тұрған. Сауатты, 2 баласы бар. Адайдың Құнан орыс бөлімінен.

63. Омарұлы Дәулетбай – 1864 жылы туған. Сауатсыз.  Қосайдың Шалбар бөлімшесінен. 4 баласы бар. Үлкен бай.

64. Үмітбайұлы Рахмет – 1907 жылы Форт-Александровскде туған. Ойыл ауданының Алтықарасу елді-мекенінде тұрған. Адайдың Жеменей бөлімінен. Рабфактың 3 класын бітірген. Әйел алмаған. Байдың баласы.

65. Шорбайұлы Қойлыбай (Торбаев па) – 1858 жылы Ойыл ауданының №5 ауылында туған. Руы – Кете. Сауатсыз. 2 әйелі, 13 баласы бар. Бай.

66. Берікбайұлы Сүйінішәлі – 1906 жылы  Форт-Александровскде туған. Адайдың Тосышының Табынай бөлімшесінен.  Ойылда тұрған. Әйелі жоқ. Сауатты. Кеңсе қызметкері болған. Кедей шаруа. Қызыл әскерде болған.

67. Аманшайұлы Жүсбай (Жүзбай) – 1902 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған, шала сауатты. Әйелі жоқ. Кедей-ат   айдаушы.  Партия  мүшесі.

68. Тумышұлы (Маймақұлы) Көмек – 1911  жылы туған. Шала сауатты. Ат айдаушы. Жарлы. Туған жері Ойыл ауданының №14 ауылы. Сауатсыз.

69. Баймамбетұлы Өтесін – 1888 жылы туған. 1922 жылы партия мүшесі.

70. Бармақұлы Қосбай (1930 жылдың маусым айында қайтыс болған) 1855 жылы Ойыл ауданының №14 ауылында туған. Сауатсыз, 3 баласы бар. Бай. Құлшарұлы Алпысбай, Мүрзабекұлы Нұрмұхамбет, Баймырзаұлы Оспан, Мыңбайұлы Жалау  хақындағы қылмыстық іс қайтыс болуына байланысты қысқартылған (І.Сариев, М.Омаров, «Ойрандалған Адай даласы», «Атамұра» баспасы, Алматы, 1995 ж. 66-71 беттер).  

Баршамызды толғандыратыны осы азаматтардың қаншасы жазаларын өтеп туған жерге оралды, қайда жұмыс жасады, отбасылары бар ма, ұрпақтары қайда? 

Архив қызметкерлері осы төңірегінде де зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Мысалға, Тобанияз Әлниязұлының баласын,  Қ.Сарғожаевтың толық деректерін, Измамбетұлы Сәдімектің, Қалым Қожықұлының, Қалиұлы Әбіштің, Шадыман Үсенбайұлының, Сұлтан Нұрқабайұлының ұрпақтары туралы мәліметтер бар. Қалған азаматтардың да ұрпақтары, туыстары  болып жатса, олардың архивке хабарласуы керек-ақ.   

Маңғыстау қазақтарының ар-намысын қорғауға, елдің бірлігін сақтауына үлес қосқан  көрнекті қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлұлы (1892-1937) болды. Ол Түркістан үкіметін басқарып тұрған кезінде Түркістан Республикасының Маңғышлақ уезімен Адай болысының Қазақ Республикасына берілуін қолдаған қарарға қол қойып, оған өзгелерді көндіре білді. Маңғышлақ уезі мен Красноводск уезінің 4,5  Адай болыстарын Өзбекстан мен Түрікменстанның аумақтық бөлінісіне кіргелі тұрған жерінен тұрмыстық ерекшелігі мен этнографиялық құрамына қарай Қырғыз (қазақ) Республикасына беру туралы 1920 жылдың 16 қазанында №341 декретін бекітіп, қазақ жұртының ресми аумақтық картасына енгіздірді. Аса білімпаз, 8 тілді еркін меңгерген, көрнекті дипломат Нәзір Төреқұлов 1937 жылдың 3 қарашасында Мәскеудің жабық соты мәжілісінде «түркішіл диверсиялық ұйымның белсенді мүшесі, Түркияның тыңшысы» деген айып тағылып, ату жазасына кесілді. Осылайша асыл азамат, қоғам қайраткері Нәзірмен де қазақ халқы қоштасқан еді.

Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың бірі – дін иелерін қудалау, мешіттерді жабу, оларды қиратып астық сақтайтын қоймаға, мал қораларына айналдыру сияқты өрескелдікке жол берді. Молда-қожаларды тергеу астына алып, итжеккенге айдады. Тіпті олардың ұрпақтарын да заңға тартты. Маңғыстау ауданынан 20 молда, 10 балгер-халық емшісі жауапқа тартылды (МОММ, 262 қор, 1 тізбе, 19 іс, 13 бет).

Бұлардың арасындаТөлеу халифа баласы Бекмағамбет молда жазаның ең ауыр түріне кесілді, ал  1938 ж. Ержан хазірет, Сәлменов Төлесін, Тоқтамыс Нұралиев Бекжандарды 10 жылға, Айдарұлы Әбдіжапарға түрмеде жатқан кездерінде де намазын тастамағаны үшін бұрын кесілген 10 жылдың үстіне тағы 7 жыл қосып, 17 жыл түрмеде отырып, 1957 ж. ғана жазасын өтеп елге келді. Айдаров Садық, Төлеуов Бекмағамбет 1973 ж.туған, Санамасов Бектілеу, Әлжанов Саламат, Алтынбеков Сауғабай, Асқаров Әбдікәрім, Әбілов Тілес, Байжанов Асқар, ағайынды Төлегенов Досбосын, Есбосын, т.б. молда-ишандар жазаның ауыр түріне кесілді.

Есенов Шабар ишан Гурьев түрмесінде көз жұмды. Қасиетімен сес берген ишанның денесін туыстары іздеп, өзінің әуелдегі мешіт ұстаған мекен-жәйі Құйылыс жеріне алып келіп арулап қайта жерледі. 

Молдалар бала оқытты, ұрпақты иман­дылық рухқа тәрбие беруге насихаттады. Ату жазасына дейін шара қолданатындай молдалар үкіметке не жазды?! Көпшілігінің жастары 70-ке таяғандар. Қандай қатыгездік десеңші! Осындай зілзалаға тарту үшін ұмтылған зұлымдардың құрығына өзінің сауаттылық табандылығының, өзінің құқын қорғап,  кеңістік жендеттердің құрығына ілікпеген Байтілеуұлы Нұрбаулы өзіне кезіккен тұсты өлең жолдарымен төмендегіше жеткізді.

Кездесті бір кездері жала-жалған,

Жалаға кім күймейді залым салған.

«Әкеңнің ишандығын жасырдың» деп,

Шығарып партиядан билетті                                                                                 алған.

Қосымша он төрт түрлі кіна                                                                                 тағып,

Айдалып сот алдына мен де барғам.

Жаланы сот алдында ақтық жеңіп,

Мен едім бостандықтан орын                                                                               алған.

Күнәға отыз кісі оралғанда

Мен сонда жазаланбай аман қалған.

Елдегі партия-кеңес қызметкерлеріне тексерудің неше түрлі әдістері жүргізіліп, бірқатары «партиялық жарнасын кезінде төлемеген», «партия жиналысында үкіметке қарсы сын айтты», т.б. айыптар тағылып, өлкелік партия комиссиясының мүшелері Меңдешев, Асылбековтер көпшілігін партиядан шығарды, бірқатары жұмыста ұлтшылдық белгілерге жол берген деген желеумен қылмысқа тартылды. 10 жылға сотталғандар ішінен Адай ревкомының төрағасының орынбасары, кейін төрағасы, Маңғыстау ауданы атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған Қойсары Сарғожаевпен ауылдас болғандықтан оның тағдырымен жақынырақ таныстым. Арнаулы дәрігерлік білімді Қойсары 9 желтоқсан 1930 ж. Арнайы Үштіктің қаулысымен сотталып, Карлагтан жазасын өтеді. Түрменің ауыр күндерін өтеп  келгеннен кейін Маңғыстау ауданында денсаулық сақтау саласында елеулі еңбек етті. Ол алғаш рет ауылда өзі, отбасымен, туыстарын тартып балшық  басып, Тұщықұдық ауылынан 10 орындық аурухана ашты. Бұл Бозашы түбегіндегі 1950 жылдардың басындағы бірден-бір емхана еді. Оның емханасынан жүздеген адам сауығып шығып жатты. Осы өнегелі жұмысы үшін 1957 жылдың ақпанында Алматы қаласында өткен Республикалық денсаулық сақтау қызметкерлерінің 3-съезіне Гурьев облысынан делегат болып қатысты. Өмірінің он жылын қапаста өткізген тамаша білікті емші, ойлы азамат ертелеу 1959 ж. дүние салды. Оның балалары Асқар, Қойшыбайлар әке жолын жалғастырған білікті мамандар.  Кенже ұлы Қойшыбай – хирург, ал Асқары – фармацепт дәрігер. Сол 10 жылға сотталғандар ішінен елге оралғандары мәлімет аз. Ұлы Отан соғысы кезінде саяси-қуғынның көрінісі жалғасып, тіптен күшея түсті. Тағы да өңірдегі мысалдарға жүгінейік. Маңғыстаудың Бозашы түбегінен майданға аттанған Бекбауов Нәбиханның бастан кешкенін әңгімемізге арқау етсек. Н.Бекбауов Смоленскінің маңындағы Старая Русса қаласын жауға бермеудің қанқұйлы соғысы кезінде ауыр жараланып дала госпиталіне түседі. Госпитальде жауынгердің қатаң кезінде ем-домын жасаған Евгения Гавриловна деген санитардың ерекше қызметіне риза болған жаралы жауынгер, санитардың аты-жөнін қойын дәптеріне жазып алады. Науқастарды дала госпиталінен ұзақ емдеуге қаладағы госпитальге апаруға тапсырма болады. Жаралылар тиелген автокөлікке тұтқиылдан немістер шабуыл жасап, бүкіл науқастарды тұтқынға алады. Бекбауов неміс госпиталінде жатқандардың бірқатары өліп, бірқатары жұмысқа жарамды деп танылып нешебір ауыр жұмыстарға жегіледі. Нәбихан Германияның Кан, Кельн, т.б. қалалары түрмелерінде, Францияның, Италияның қалаларында жұмысқа қатысып, Мысыр еліне, одан Түркияға жіберіледі. Осында екі айдай тынықтырып, бір топ тұтқындарды Жапонияға қарсы  соғысқа дайындайды. Бұл соғыс та бір айда аяқталғасын мемлекетаралық келісім бойынша тұтқындар елге қайтарылады. Олардың туған еліне деген сағыныштарында шек жоқ еді. Ел шекарасына келгенде топырақты құшақтап, біреулері қуанғаннан жылап жатты. Бірақ, өкінішке орай тұтқындардың бұл қуаныштары ұзаққа бармады. Барлығы да арнайы комендатура тексеруінен өтті. Көпшілігін еңіреп сағынып келген елі қайтадан тұтқынға алды. Бостандығы мен елінің бүтіндігі үшін күресіп, азап кешкен кешегі кеңес елінің жауынгері, енді тұтқын болды. Әскери сот мәжілісінің шешімімен «тұтқынға түскен» кінәмен Нәбихан ағаны Коми республикасына 10 жыл мерзімге жер аударды. Онда жұмыс немістегіден де ауыр болды. Қысы қатал, мардымсыз тамақ көпшілікті ауруға шалдықтырды. Бір жылдан кейін ауырып Сыктывкар қаласындағы ауруханаға түседі. Ауруханада біраз емделеді, осы кезде үнемі көзі таныс, бір медбике ұшыраса береді. Бір күні ұяла басып сол медбикенің ем беретін бөлмесіне есігін қағып ұлықсатымен ішке кіреді. Әуелі қабылдап жатқан ем-домы туралы сөз болып, кейін медбикенің қайдан келгенін, аты-жөнін сұрайды. Ол баяғы Смоленскіде таныс болған Евгения Гавриловна болып шығады. Екеуі де бастан кешкендерін баяндасып, енді үнемі кездесетін болды. Ақыры отбасын құруларына жол ашылады. Міне, тоғысқан тағдыр деген осы. Жұмыстық пәтер беріледі. Ағаның жұмысына да жеңілдік беріледі.

Бұл екеуі кейін отбасын құрады, 17.09.1955 ж. ҚСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Әскери тұтқындарға рахымшылық жасау туралы» Жарлығы шығып, көптің бірі болып Н. Бекбауов мойнынан қылмыстық іс тоқтатылады. Коми жерінде 3 бала, елге келгесін Женя апамыздан тағы 7 бала барлығы 10 перзентті болды. Олардың тәрбиесіндегі ұл-қыздардың барлығы да мамандық алып, отбасыларын құрды, халық шаруашылығының әртүрлі салаларында еңбек етеді. Қос майдангер немере сүйіп, ағаның туған Бейнеу ауданының Опорный деп аталатын ауылында дүниеден озды. Міне саяси-қуғын сүргіннің зіл-заласы.

Осындай тағдырластар-майдангерлер Апақаев Көбейсін мен Дәуітов Жұмажан, Есбосынов Зәкәрия, Ізбасов Сәдуақас, Теңізбаев Саламат, Абдуллаев Төремұрат, Құбалиев Нұғмандар 1948 ж. Оңтүстік Орал Әскери трибуналымен РСФСР ҚІ Кодексінің 58-1, «б» бабымен 25 жылға сотталып, жазаларын өтеу үшін Магадан қаласына жіберілді. Алғашқы үшеуінің тұтқындалу сәттерін көзімізбен көрдік. Тұтқындау кезінде отбасымен сөзге келтірмей, елден аулақтатып, жантүршігерлік қатыгездікпен алып кеткен еді. Туған елі азаматтарды шуласып шығарып салды. Магадан қаласынан олар елге аман-сау оралып келеміз деп ойламады. Көздеріне жас алып отырып, өздерінің елде қалған жарларына: «Біздер ұзақ мерзімге сотталып барамыз. Енді елдің топырағы бұйыра ма, ол екі талай. Сендерге рахмет, соғыста 5 жыл телміріп күттіңіздер. Ата-аналарымызды бағып-қағып, халық қатарында еңбек еттіңіздер. Енді Алланың жазғаны шығар, Сендерге тағы да күтуге дегеніміз артық болар. Жастық өмірлеріңізді біздерді күтуге арналмасын. Жақсы отбасын құруларыңызға ұлықсат. Тек Сендерге жақсылық күні шуағын жаққай демекпіз» – деп, хат жолдаған. Еңірегеннен етектері толған бейшара тірілей жесірлер болашағын ойлай бастады. Алланың ісі болар. Бұлар енді басқаның отын жағып, түтінін түтетті. Балалы-шағалы болды. Жылдар өтіп жатты.

Жоғарыдағы рахымшылық жасау туралы Жарлық бойынша жоғарыдағы азаматтар 1955 ж. елге аман-есен келіп, отбасыларын құрды, балалы-шағалы болды. Алғашқы екеуі түбектегі мұнайгаз іздестіру партияларында жұмыс жасап, түбектегі мұнай кеніштерін ашуда елеулі үлестерін қосқан азаматтар еді. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде екі ағамыз да халық сенімінен шыға берді, еңбектері жемісті болып, екеуі де «Қазақ ССР-ның еңбегі сіңген мұнайшысы» атағына ие болды. Қазір өздері дүниеден озғанмен ұрпақтары бар. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында соғыс тұтқындарының тағдырлары зерттеліп, рахымшылыққа ие болған азаматтар ҚР Ұлттық Қауіпсіздігі комитеті тарапынан облыстық Ішкі Істер Департаментіне 500-ге жуық жерлестеріміздің барлық құжаттары тапсырылған. Ұлы Отан соғысына қатысып тұтқында болған әке, ағаларымыз туралы деректерді облыстық Ішкі Істер Департаментінің архивінен жеке құжаттарыңыз бойынша көшірме алуға болады. Ескеретін жәй, соғыс аяқталғаннан кейін КСРО-дағы асыра сілтеу, адамға қамқорлықтың кемдігін бағдарлай кейбір отбасыларын құрмаған азаматтар шет ел асып кетті. Олардың көпшілігі АҚШ, Канада, Аргентина, т.б. елдер асты. Оның басты себебі – Кеңес елінде рас тұтқын болдың ба, әуелі жан-жақты тексерілесің, қалай тұтқын болған деп әуре-сарсаңға салынады. Сондықтан көкірегі ояу, сауатты азаматтар отбасын тастап шетелге кетуге мәжбүр болды.

ҚР Президентінің 2020 жылдың 24 қарашасындағы №456 Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру жөніндегі жарлығымен облыстарда да комиссиялар құрылды. Маңғыстау облысы бойынша облыстық Әкімнің орынбасары Г.Қалмұратова бастаған комиссия өз жұмысын бастап та кетті. Комиссия жанынан Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы жанынан жұмысшы топ құрылды. Топ құрамына өлке тарихын зерттеуші тарихшылар, ғалымдар, архив қызметкерлері енгізіліп жұмыстарын жүргізуде. Қазақ халқы өз тарихында талай ұлтының намысын өрге тартқан нешебір зиялы азаматтарына орынсыз айырған саяси-қуғын сүргінді де, аштықты да, жойқын  соғысты да, жұтты да, табиғаттың қатаңдығынан шеккен зардапты да бастарынан өткерген халық. Мынау қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтындай заман туды. Адам құқығын қорғай отырып, кешірімді болғанға не жетсін! Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік тұғыры биік болғай, ағайын!

 

1861 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз