• Тарих толқынында
  • 28 Сәуір, 2021

КЕНЕСАРЫ АЛДЫНДА ЕКІ АЙРЫҚ ЖОЛ ТҰРДЫ

Бейімбет ЕРМҰХАНОВ, 
тарих ғылымдарының докторы, профессор

 

Кенесары ханның сүйегі туралы мәселенің мәнін ашу үшін Ермұқан Бекмақановтың еңбегін талдауға тырысып көрелік. Ол үшін алдымен Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі кезеңдерін қысқаша шолып өткен жөн.

Кенесары қозғалысы 1837 жылы Орта жүзде – Ұлытау, Кішітау, Жыланшық, Бұланды өңірінде, яғни, Орталық Қазақстанда басталды. Бастапқыда ол шектеулі сипатта болып, Ақмола приказының алты болысындағы арғын тайпасының қазақтары қатысты. Осы жылдың аяғына қарай Кенесары қозғалысына қыпшақтар мен керейлердің едәуір бөлігі қосылды. Олардың барлығы Кіші жүздің территориясына көшіп барды, ол Ырғыз және Торғай өзендерімен Орынбор өлкесіне кіретін. Патша үкіметі Орта жүз бен Кіші жүзде хан билігін жойып (1822-1824 жж.), енді орыс әкімшілігіне бағынған қазақ халқының мүддесімен мүлде санаспай, өзінің отарлық саясатын ашық жүргізе бастады. Үкімет өз билігін нығайтудың амалы ретінде жаңа әскери бекіністер салу (Ақмола, Ақтау, т.б.) үшін қазақтардың ең жақсы жайлауларын тартып алды.  Қазақтардың осы заңсыз бекіністерді ысырып, тартып алынған жерлерді қайтару туралы талаптарын көзге ілмек тұрмақ, оларды қуғын-сүргінге ұшыратты. Қазақ жеріне жазалаушы отрядтар жіберіп, ауылдарды тонады, халықты қырды, тұтқынға алды. Мысалы, Торғайға жасалған бір жорықта 400 адам өлтірілді, 100 адам тұтқындалды. Егер де бастапқыда қарсылықтың түрі Батыс Сібір әкімшілігі аумағынан көшіп кету болса, кейіннен біртіндеп күрес қарулы көтеріліске айналды. Оны Абылай ханның немересі Кенесары Қасымов басқарды. Кенесарының әскери іс-қимылдары әуелде партизандық соғыс сияқты еді. Ол екі шағын жазалаушы отрядты (Чирков пен Рытов бастаған) жойып, Ақмола округының аға сұлтаны подполковник Қоңырқұлжа Құдаймендиннің (Орта жүз ханы Сәмекенің ұлы) ауылын шапты, 12 мың жылқыны айдап әкетті. Кенесарының ең ірі әскери жеңісі 1838 жылдың тамызында мықты бекіністің бірі Ақмола приказын басып алып, жоюы болды.

Жаңа мекенде Кенесарыға Кіші жүздің көптеген рулары, Орта жүз қыпшақтары қосылады, оны Кіші жүздің көтеріліске шыққан руларының басшылары Жоламан Тіленшиев, Жанқожа Нұрмұхамедов қолдады. Соның арқасында Кенесары қозғалысы бұқаралық, ұлттық сипат алды. Оған Есет Көтібарұлы қосылған жоқ (ол кейіннен Орынбор ведомствосының орта бөлігінің билеуші сұлтаны Арслан Жантөринді өз қолымен шауып өлтірді. – Б.Е.). 1840 жылы Кенесары Орынбор губернаторы Перовскиймен келіссөзге келіп, әскери іс-қимылды тоқтатуға келісті. Үкімет оған амнистия жариялады, оның тұтқындағы туыстары босатылды.

1841 жылы қыркүйекте халық жиналысында Кенесары хан болып жария­ланды, бұл оның қазақ мемлекеттілігін және тәуелсіздігін қалпына келтіруге ұмтылысын дәлелдейді. Бұхара мен Қоқан арасындағы соғыста ол Бұхара жағында болды, сөйтіп Қоқан хандығының езгісіндегі қазақтарды құтқаруға тырысты. Кенесарының Кіші жүздің жауынгер руларынан тұратын күшті құрамалары Қоқан бекіністері – Ақмешітті (қазіргі Қызылорда), Жаңақорғанды, Жүлекті қоршауға алды. Кенесарының өзі Ташкент пен Созақты қоршап тұрды. Бірақ Кенесарының бұл әрекеті Орынбор  губернаторы Перовскийдің ашу-ызасын туғызды, бұны шектен шыққан еркіндік деп санаған ол Кенесарыға Ортаазиялық хандықтардың ісіне араласуға тыйым салды.

1842 жылы Перовскийдің орнына Орынбор губернаторы болып  генерал Обручев келді. Ол Кенесарыға төзе қарағанмен, қатаң билікті жақтайтын. Енді Батыс Сібір губернаторы Горчаков Кенесарыға қарсы батыл қимылдауға мүмкіндік алды. Горчаков жіберген жазалаушы отрядтар Кенесарының ауылдарын шапты, адамдарын өлтірді, малын әкетті. Орыс әкімшілігінің қазақ-агенттерінен мәлімет алған Сотниковтың отряды Кенесарының жоқтығын пай­даланып (ол сарбаздарымен аңға шығып кеткен)  ауылын шапты, бәйбішесі Күнімжанды балаларымен және 10 адаммен тұтқынға алды. 1843 жылдың көктемінде  Кенесары Орынбор өлкесінде әскери қимылдарды қайта бастады. Генерал Обручев әскери министрге хат жазып, Кенесарының басын алу үшін сыйақы ретінде қосымша 3 мың рубль бөлуді өтінді. 1843 жылдың 27 маусымында 1 Николай патша Обручевтің өтінішін орындап, аталған соманы қазақтардың үй алымынан бөлуге бұйрық берді (Бекмаханов Е. Том 2. 277-б.).

1843 жылы 10 шілдеде Обручев қазақ даласына әскери старшина Лебедевтің (Орал казак әскерінің атаманы,  генерал-майор) отрядын жібереді. Ол Орынбор ведомствосының шығыс бөлігінің билеуші сұлтаны Арслан Жантөриннің әскерімен және батыс бөлігінің билеуші сұлтаны Баймұхамед Айшуақовпен бірігіп, Кенесары күшін талқандауға тиіс болды. Тамыз айында полковник Бизанов бастаған және Ахмет, Баймұхамед және Арслан Жантөрин сұлтандар қатысқан 5 мың адамнан тұратын отряд «Бүлікші Кенесары сұлтанның көзін жою үшін» Сахарная бекінісінен шықты. Батыс Сібір губернаторы жасақтаған басқа отрядтар Омбыдан, Петропавловск мен Қарқаралыдан шықты. Өзінің партизандық тактикасына сенімді Кенесары жігіттерін ұршықша иіріп, үлкен шайқастан қаша жүріп, тұтқиылдан ұрыс салды. Ұзақ жүрістен шаршап-шалдыққан үкімет әскерлері қыркүйектің соңында өз бекіністеріне қайта оралуға мәжбүр болды. Әскердің қайтып кетуі Кенесарының қолын ұзартты. Оның билеуші-сұлтандардың ауылдарына жасаған жорықтары сәтті болды.

1844 жылы жазда патша үкіметі Кенесары қолын жан-жақтан қоршап, шегінетін жол қалдырмай жою жоспарын жасайды. Ұлытауда, Ырғыз және Торғай өзендері маңайында жаңа бекіністер салынды.

Тұрақты әскер және казак бөлімдері ғана емес, билеуші-сұлтандардың отрядтары да қарумен, артиллериямен күшейтілді. Орынбор ведомствосының әскерін старшина Лебедев, Батыс Сібір губернаторлығының жасағын генерал-майор Жемчужников басқар­ды. Науқан барысында Лебедевті полковник Дуниковский алмастырды. Ол Лебедевке қарағанда даладағы әскери іс-қимылдарды түсінбейтін. 21 шілде күні Тобылдың басындағы Ұлқояқ өзені бойында Кенесары Ахмет Жантөриннің отрядын қоршап алып, толықтай талқандады. 44 сұлтан өлтірілді. Дуниковскийдің рапортын алған генерал Обручев: «Масқара! Мұндай  болғанына сену мүмкін емес» деп жазды. Орынбор мен сібірлік әскерлер қосылса да, Кенесары қоршаудан шайқаса жүріп құтылып кетіп жүрді, жаудың тылында, оның ішінде станицаларға да, шекара бойында да шабуыл жасады.  Кенесарыны талқандай алмаған Дуниковскиймен Жемчужниковтың отрядтары 1844 жылдың қыркүйегінде кері қайтып кетті.

1844 жылдың аяғында Кенесарының бастамасымен генерал Обручев екеуінің арасында бітім және тұтқындар алмасу жөнінде келіссөздер басталды. Монография авторы әділ жазғандай, егер Кенесары көтерілістің алғашқы кезеңінде Абылай хан тұсында болған қарым-қатынасты, яғни вассалдық тәуелділікті қалпына келтіру туралы талаптарын ұсынған болса, ал енді, орыс билігі қазақ жерінің едәуір бөлігін иеленіп, әскери бекіністердің тұтас жүйесін салған кезде, ол бұрынғыдай талап қою мүмкін еместігін, оның орындалмайтынын әбден түсінді, сол себепті Ресей иемденбеген Ақтау, Есіл, Нұра өңірін ғана өзіне қалдыруды сұрайды. Ол қарулы күресті тоқтатуға, орыс әкімшілігіне бағынуға даяр екенін мәлімдейді (сонда, 288-289 бб.). Кенесарыны әскери күшпен жою қиын екеніне көзі жеткен патша билігі оны берілуге мәжбүрлеу үшін Ұлытауда, Ырғыз бен Торғай өзені маңайында, яғни Кенесары көшіп-қонып жүретін жерлерде әскери бекіністер салады, сол себепті Кенесарының келіссөздер туралы ұсынысына келіседі.

1845 жылдың сәуірінде Орынбор өлкесінің өкілдері Долгов пен Герн Кенесарыны ешбір шартсыз бағынуға көндіру ойымен ханның ставкасына келді, сөйтіп одан толықтай капитуляция талап етті. Герн Кенесарының тұтқындағы әйелін алып келді.

Долгов әкелген губернатор Обручевтің хатында Орынбор ведомствосының барлық қазақтары Ресей империясының бөлінбес бөлшегі екені, ауыр қылмыстар Ресей империясының  заңдары бойынша жазаланатыны, үкіметтің рұқсатынсыз ордалықтардың ешқайсысы өзін хан сайлай алмайтыны, Кенесарының қатардағы сұлтан ретінде билеуші-сұлтанға бағынуға тиістілігі бұйрықты райда айтылды (Сонда, 292-293 бб.). Көріп тұрғанымыздай, Кенесарының бір де бір өтініші қанағаттандырылмады.

Патшалық әкімшіліктің мұндай көз­қарасынан соң Кенесары келіссөздерді үзді. Ол бұхар әміріне өтініш жасап зеңбірекпен мылтық, адай руларынан көшіп-қонатын жер сұрайды. Құдайменді сұлтанды атасы Абылайхан сияқты Қытаймен қатынас орнату үшін Құлжаға аттандырды. Сонымен бір уақытта өз адамдарын Ұлы жүзге, дулаттардың сұлтаны  Рүстем Аблаевқа жіберіп, қабылдауды өтінеді. Немере інісі Рүстем оның өтінішіне келіседі. Өзі көшіп-қонатын жерлерде әскери бекіністер салынғандықтан, Кенесары Сырдария аумағына қоныс аударуға мәжбүр болды.

Кенесарының алдында екі айрық жол тұрды: царизммен күресті жалғастыру немесе оңтүстікке, Ұлы жүзге кету. Ақылды да көреген хан Ресей империясының зеңбіректері мен қарулы күштеріне қарсы тұра алмайтынын әбден түсінді, олар жеңіле бастаса  дереу бекіністеріне кіріп алып, көмекке тез қол жеткізетін. Екінші нұсқа – оңтүстікке көшіп, Қоқан ханының қатаң езгісіндегі Ұлы жүз ру-тайпалары мен қырғыздардың көмегін алу, сөйтіп Ресеймен, Қытаймен достық қатынаста болатын мемлекеттілігін сақтау.

Қоқан хандығының билігінде Ұлы жүздің біраз бөлігі: ысты, ошақты, шапырашты, жалайыр, сіргелі, сиқым, шымыр, жаныс, ботпайлар және Кіші жүздің бірнеше руы болатын. Ұлы жүздің солтүстіктегі руларын Абылай ханның ұлдары Әли Әділов пен Сүйік Абылайханов басқарды. Олар 1820 жылы-ақ ресейлік бодандықты қабылдаған. 1845 жылы Ұлы жүздің тағы бірнеше руы бодандықты қабылдады, соның нәтижесінде Ресей билігі Абылай хан кезіндегі Аягөзден Қапалға дейін созылды. Қазақстанның оңтүстік-батысы (Ұлы жүз бен Кіші жүздің ру-тайпалары), Әулиеата, Шымкент, Түркістан, Ташкент (1598-ден 1798 жылға дейін – 200 жыл бойы Ташкентті қазақ хандары басқарды. – Б.Е.), сондай-ақ Сырдария бойындағы Ақмешіт, Жаңақорған және басқа аймақтар Қоқан ханының құрамына кірді. Ұлы жүздің бірнеше руы Қытайға бағынды.

Бірнеше бидің қарсы шыққанына қарамастан, хан кеңесінде Кенесарының ұсынысы қабылданды. Сырдария бойында қалу қауіпті еді, себебі Қоқан мен Бұхара әскери қимылдардан сақтанып өзара одақ құрды және қазақтарға қарсы бірігіп шабуылға шығуға дайындалды. Хиуа хандығы да жаулық танытты. 1846 жылдың басында Кенесары қолы айтар­лықтай сиреп қалды, өйткені ханды жақтаушылардың денін құраған Кіші жүз рулары қоныс аударуды қолай көрмей, ханның соңынан ермеді.

Кенесары Қамал түбегінде (Балқаш көлі) қыстап шығуды ұйғарды. Бұл шыны­мен де атына сай табиғи қамал болатын: үш жағынан – Балқаш көлі, Іле өзені мен батпақты өзендер қоршаған қауіпсіз жер еді. Патша әкімшілігі Кенесарымен кездесуге мұқият дайындалды, генерал-майор Вишневский басқарған үлкен күш бөлінді, Орта жүздің Аягөз, Қарқаралы, Көкпекті округтері сұлтандарының отрядтары тартылды. Билік сонымен бірге Кенесарыға қарсы Орта жүздің би-сұлтандарын айдап салды. Әскерлер Кенесарыны құрсауға алды. Ұзаққа созылған қоршауға шыдамаған Кенесары шайқаса жүріп Іленің сол жағалауына бұзып өтті және сол жерден  Алатаудың бөктеріне ауып кетті. Ахмет Кенесариннің айтуынша, Жиренайғыр, Күрті, Ырғайты, Ұзынағаш, Қарғалы шатқалдарына, Шу өзенінің маңайына қоныс аударып,  қырғыздар мен Үлкен орданы бағындыру мақсатын көздеді   (Кенесарин А. Кенесары и Садык. В кн.: Биография исторических личностей. Алматы, 2001.С. 270).  Байзақ датқа басқарған шымыр рулары, Белқожа мен Медеу би, Құдайберген датқа басқарған сиқымдар, Сыпатай мен Андас батырдың ботпайлары, Саурық батыр бастаған шапыраштылар мен Рүстем сұлтанның дулаттары Кенесарыға бойұсынды.

Кенесарының Қоқан ханына толықтай бағынышты қырғыздармен қарым-қатынасы басқаша қалыптасты. Олар ханды тым сақтықпен қарсы алды. Намысқой да жауынгер халық Абылай хан жорықтарында айылдардың тоналуы, тұтқынға алынған адамдардың Орталық ордаға айдалуы секілді зардаптарын ұмыта қойған жоқ еді, сол кезде кеткен қырғыздар кейіннен қазақтармен араласып, Орта жүз арғындарының ішінде байқырғыз дейтін руға айналды. Өзін хан деп жариялаған Орман манап Кенесарыны бәсекелес санап, қас жауындай көрді. Оның үстіне қырғыздың манаптары мен билері Қырғыз шекарасына орыстар жақындаған сайын ресейлік әкімшілікпен тығыз байланыс жасай бастады, өз биліктерін нығайтуда одан қолдау күтті. Патшалық құрылыс «Бөліп ал да билей бер» қағидасымен қазақтар мен қырғыздарды жақындатпау үшін Кене­сарыға қарсы күресте би-манаптарды пайдаланды. Оны қырғыз халқының жауы етіп көрсетті. Бұл саясат көп ұзамай өзінің жемісін берді.

Орман мен Жантай халқын қарсыласуға шақырды. Олардың 20-30 адамдық шағын отрядтары Кенесары ауылдарына бас салды, жылқыларын айдап әкетті. Бұл шабуылды әдепсіздік санаған Кенесары  қырғыздарды жазаламақ болып, өзінің інісі Наурызбай бастаған 1000 сарбазын аттандырды. Бірақ қырғыздар Кенесары отрядын ойсырата жеңді.  Аз ғана халықтан жеңілгеніне абыржып қалса да, бұл жеңіліске қатты ызаланған Кенесары өзі бастап үлкен қолмен қарсы шабуылға шықты. Шайқас күнұзаққа созылды, қырғыздардың басшысы Қалша би мен оның 700 жігіті тұтқынға түсті. Алайда Кенесары қарсыласымен санасуға мәжбүр болып, Қалша би мен 200 жігітін ат-әбзелімен босатты.

1846 жылдың ортасына қарай қазақ пен қырғыз қатынасында біраз тыныштық орнады, соғыс қимылдарын тоқтату және бітім жасасу жөнінде келіссөздер басталды. «Қырғыздар жағынан келіссөзге белгілі манап Қалығұл келген, ол кейін батыс-сібірлік  генерал-губернаторға Кенесарының басын жеткізгені үшін алтын медаль алды» деп жазады Е.Бекмақанов. Кенесары Қалығұлмен келісіп, енді қазақтар мен қырғыздар тату көршілік рәуіште өмір сүретініне, қырғыздар Кенесарының кеңесіне құлақ асатынына бәтуаласты. Қалығұл өз кезегінде «қырғыз бен қазақ елі дос қалпында қалады және барлық маңызды істер бойынша Кенесарының ақыл-кеңесіне жүгінеді» деп мәлімдеді. Бірақ көп ұзамай қырғыздар бұл бітімді бұзып, Саурық батыр өлтірген Жаманқараның кегін алмақ болды. Олар күтпеген жерден Саурық батырға бас салып, оның отрядын қырып тастады, 700 жылқысын алып кетті. Оларды қуамын деп Саурық батыр тосқауылға тап болып, өлтірілді (Бекмаханов Е. Соч. Том 2. Павлодар, 2005. С. 352-353).

Осы тұста Кенесарының Орман мен Жантай биге жазған хаты ерекше назар аударады: «Менің мұнда келуімнің мақсаты жауласу, қан төгу емес, қазақ пен қырғыздың басын қосу, Қоқаннан олардың іргелерін ажырату және  қоқандықтардың езгісінен құтқару. Оның арасында келеңсіз оқиғалар болып қалды.  Енді арамызда болғанның бәріне салауат айтамын және сендердің ақылсыздықтарыңды кешіремін. Менің кек сақтамайтынымды Қалша би мен оның екі жүз жігітін аман-сау бостандыққа шығаруымнан көріп тұрсыңдар. Осы хатты алған соң жүректеріңнен күдік-күмәнді жойып маған келіңдер, бойұсыну жоралғысын жасап, бақыттың биігіне жетіңдер, содан кейін үйлеріңе қайтасыңдар. Егер бұл ұсыныс көңілдеріңнен шықпаса және жаулықтан бас тартпайтын болсаңдар,  өз тағдырларың үшін өздерің жауаптысыңдар. Егер менің адамдарымның біреуі еш кінәсіз өлтірілетін болса, не болмаса бір сәбидің көзінен жас тамса, өздерің күнәһар болатындарыңды ескертемін» (Сонда, 272-б.).

Бұл хаттың мәтіні тұтастай Ахмет Кенесариннің кітабынан алынды. Егер Смирновтың орыс тіліне аудармасында қырғыздардың Кенесарыға бойұсыну жоралғысын орындауы туралы сөздер жоқ екенін ескергеннің өзінде (бұл жөнінде 1948 жылғы пікірталаста Т.Елеуов атап көрсеткен), мәтіннің мән-мағынасынан Кенесарының қырғыздарды ортақ жау Қоқан хандығымен күресте тәуелсіз одақтас емес, өзіне бағынышты халық ретінде көргісі келетіні байқалып тұр, бұны Ахмет Кенесарин айқын аңғартқан.

Хатты оқыған Жантай мен Орман халықты жинап, ханға бағынбауды шешті. Бұл хабарды алған Кенесары да Үлкен орданың билері мен батырларын кеңеске жинады. Бай би, Тайшыбек, Құдайберген датқа, Сыпатай, Саурық, Белқожа, Медеу би бүкіл қазақтан жасақ жинап, бұл жерлерді қырғыздардан тазалайтындарын мәлімдеді. Тек  Рүстем сұлтан ғана үнсіз қалды. Үлкен орданың билері өз отрядтарын жинап, Кенесарыға қосылды және Қоқанның Мерке бекінісіне бет бұрды. Бекіністің басшысы ханды аулақтан қарсы алып, Кенесарыға атақты «Қызылмұрын» арғымақты сыйға тартты, оны кейін хан бауыры Наурызбайға берді.

Меркеден шыққан соң  Кенесары тау жықпылдарымен жүріп, қырғыздарды шығынға ұшырата үлкен олжамен Шу өзеніне оралды. Мұнда ол қыс түскенше Иткешу шатқалында болды. 1847 жылдың көктемінде  Кенесары бүкіл қолымен қырғыздарға бас салды, сөйтіп оның отрядтары үш күн бойы қырғыз ауылдарын ойрандады. Енді Кенесары әскерімен Шу өзенінің Кекілік-сеңгір шатқалы маңындағы тұрағына қайтып келді. Ол жігіттерді ауылдарына қайтарып жіберді. Қасында 500-ге тарта сарбазы  мен Үлкен орданың би-батырлары жасақтарымен қалды. Кенесарыда 500 мылтық пен бір зеңбірек болды (Кенесарин А. Кенесары мен Садық. 275-б.).

Бұл аралықта қырғыздың билері Орман мен Жантай бүкіл елге ұран салды. Оңтүстік қырғыздары бауырларын қызу қолдады. Бұларға көмекке Қоқан ханы сарбаз жіберді, орыс отрядтары Кенесарыға көмек келмесін деп жолды бөгеді. Таң ата қазақтар өздерін бір­неше шеп құрған қырғыздар қоршап алғанын, төбенің жанынан ағып жатқан өзенді бұрып жібергенін  көрді. Хан өз әскерлеріне жаушы жіберді, алайда қырғыздардың саны арта берді. Қоршауға алынған қазақтар үш күн бойы ас-сусыз соғысты. Төртінші күні Кенесары кеңес шақырды. Әркім өз ұсынысын айтты, 25 жасар Наурызбай батыр Кенесарыға: «Маған тама Құрман батыр мен Ағыбай батыр бастаған соғысқа жарамды 200 сарбаз беріңіз.  Осы екі жүздікпен мен қырғыздардың шебін бұзып жол ашамын. Сіз бас жасақпен менің соңымнан ашылған жолмен өтіп кетесіз» деді.

Әскери тактика тұрғысынан бұл кере­мет жоспар еді. Кеңес Наурызбайдың ұсынысын бірауыздан қолдағанмен, Кенесары қарсы болып: «Егер біз шепті бұзып шықсақ, тоқтамастан қашамыз: кімнің аты жүйрік болса сол құтылады, бірақ көпшілік қырылады. Егер мен әскерді бастап қашатын болсам, енді халықтың басшысы бола алмаймын. Мені тыңдасаңдар айтарым мынау: аттарды сойып, етті 20 атқа артамыз. Шегінер кезде бір жағымызда Шу өзені болса, қалған үш жаққа біз 500 мылтықты оқтаймыз. Таңдаулы жігіттерді алып қылыштасамыз» деді.  Ханның бұл ақылы қазақтардың миына қонбады,  олар жаяу жүріп қалай соғысатынын түсінбеді. Бірақ ханға қарсы шыға алмады. Сонымен: «Таңертең бір мәнісі болар. Ертең қосымша күш келеді, ал келмесе тағы бір күн күтерміз» десті. Түн қараңғысында әскердің бір бөлігі қашып кетті, мұны естіген басқалары да бас сауғалады. Хан Кене қырғыздың қолынан мерт болды» деп тәмамдайды Кенесарының соңғы шайқасы мен қазасы туралы әңгімесін Ахмет Кенесарин (Сонда, 275-276 бб.).

Міне, Кенесарының қазасы туралы әңгіме тым сараң жазылған – қырғыздың қолынан мерт болды дейді де қалай өлгенін жазбайды.Ахметтің айтуы бойынша, Наурызбай, Ержан, Құдайменді сұлтандар шайқаста қаза тапқан, ал Күшік, Жәңгір, Әбілпейіз, Арсыланбек, Қошқарбай сұлтандар тірі қалып, тұтқынға түскен.

Бекмақановтың зерттеуінде Кенесары­ның соңғы шайқасы мен қазасы барынша терең ашылады, бірақ, фольклорлық материал басым. Оның сөзінше, шайқас Пішпекке жақын Майтөбе маңындағы Кекілік тауында болған. Ұрыстың ақы­ры алдын ала белгілі еді. Патша от­ряд­тарының басшылығы қырғыз манаптарымен әскери іс-қимылдың жоспарын келісіп алды. Генерал-майор Вишневскийге жазған рапортында есаул Нюхалов: «Мен қарақырғыздың белгілі билері: бұғы Борамбай Бекмұратов пен Әжібай Сералинге, сарыбағыш Орман Ниязбеков пен солты  Жанғараш Есқожинге хат жолдап, олардың және орыс үкіметінің жауы Кенесарының көзін жоюға шақырдым» дейді. Кенесары қозғалысына қосылған Рүстем сұлтан мен Сыпатай би түн ішінде жасақты тастап кетті. Сол уақыттың құжаты былай дейді: «Сыпатай мен Рүстем төре түнде өз әскерін бөліп алып, оларды Шу өзенінің арғы бетіне өткізді. Осы кезде оларға қырғыз жасақтары бас салды. Арты жау, алды мибатпақ қазақтар талқандалды, жартысы  тұтқынға түсті». Сібір қазақтарының шекара бастығына жазған хатында  манап Жантай Қарабеков Рүстем сұлтан мен Сыпатай Әлібековтің бұл қылығы туралы айта келіп, «олар маған Кенесарыға өз білгеніңді істей беріңдер деді» дейді (Бекмаханов Е. Соч. Том 2.С. 355).

Кенесары – Шыңғыстың тұқымы.Түркі халықтары қатаң сақтаған Шыңғыс ханның «Ясасы» бойынша, оны қара халықтың өкілі өлтіруіне болмайды. 

Кенесары мен Наурызбай өз отряд­тарымен қырғыздың қалың қолын жарып өтеміз деп шешті. Алдында батпақты Қарасу өзені. Өзеннен өтер кезде көп адам батып кетті, бірақ, бұған қарамастан, сарбаздар қалайда көсемдерін құт­қаруға тырысты. Осы сәтті көтеріліске қатысушылардың бірі былай сипаттайды: «Батпаққа малшынған Кенесары сар­баз­дары жан-жақтан жабылған қырғыз­дардың соққысынан қырыла жүріп, сүйікті көсемін құтқаруға өршелене ұмтылды. Өздерін құрбандыққа шалған олар Кенесарыны батып бара жатқан бір аттан екіншісіне ауыстыра берді» (Сонда,  356-б.).

Қоршаудан сытылып шығу бос әуре болды. Соңғы шайқаста, Сібір қазақ­тары шекарасының бастығы генерал Вишневскийдің мәліметі бойынша, Орман манап Кенесарының інісі Наурызбайды, оның екі ұлын және басқа 5 сұлтанды өлтірді. Талай қазақтың басы шабылды, мыңдаған адам тұтқынға түсті. Қаза тапқандардың арасында Наурызбай, Ержан, Құдайменді  сұлтандар бар. Кенесарымен бірге Күшік, Жәңгір, Әбілфейіз, Арыстан,Қошқарбай сұлтандар тұтқынға түсті.

Кенесары жазалау алдында қырғыз билеріне тағы да араздықты тоқтатып, қазақ пен қырғыздың күшін ортақ жау – Қоқан хандығына қарсы күреске жұмылдыруға шақырды.  Бірақ қырғыз билері оның ұсынысын тағы да кері қайтарды. Өлім жазасы алдында Кенесары соңғы сөзін өлеңмен  жеткізді. Онда ол өз елінің бостандығы пен тәуелсіздігі үшін кескілескен күрес жолын, Сарыарқаның сары даласын, патша әскерімен тең емес соғыста қаза тапқан үзеңгілес жолдастарын еске алды. Жиналған қауым оның әніне, рухты сөздеріне құлақ салды, бұл сөздер қазақтың да, қырғыздың да жүрегіне жетті. Кенесарының сарбазы Нысанбай ақын дәл сол жерде көсемнің өлімі туралы азалы әнін шығарды (Сонда, 356-357 бб.).

Әрине, Кенесарының өлім алдындағы өлеңі де, Нысанбай жыраудың жерлеу әні де –  халық аңыз-әңгімелерінің әсері. Елдік рухтан туған бұл аңыздар авторды да толғандырғаны анық. Сол себепті автор нағыз қазақ ретінде уақиғаларды көркемдеп, поэтикалық формада баяндаудан бас тарта алмады. Кенесары мен Наурызбайға арналған тарихи жырлар мен дастандардың арасында, Бекмақановтың айтуынша, Орта жүздің Керей руынан шыққан, Кенесарыға 15 жасында келген Нысанбай ақынның «Кенесары туралы жыры» ерекше. «Кенесары шайқасқан жерлерді, оның күресін Нысанбайдың суреттеуі арқасында қайта жаңғыртуға болады» дейді автор (мұнда тек соңғы шайқас пен ханның қазасы айтылмайды). Нысанбайдың жырын Ахмет Жантөрин сұлтан 1875 жылы орыс тіліндегі жолма-жол аудармасымен Орыс географиялық қоғамының Орынбор бөлімшесінің «Запискаларында» толықтай жариялады. Кенесары өлгеннен кейін Нысанбай жоқтықта өмір сүріп, 1870 жылы көз жұмды (Сонда, 46-49 бб.).           

Батыс Сібір генерал-губернаторы Гор­чаков осы шайқаста айрықша көзге түскен қырғыз билері мен ма­нап­тарын марапаттау үшін өзіне шақырды. Бекмақановтың жазуынша, Горчаков Кенесарының тікелей жан­алғышы Қалығұл Әлібековке хат жазады: «Құрметті Қалығұл Әлібековке. Сіздің бүлікші Кенесары Қасымов ісінде көрсеткен айрықша ерлігіңіз бен ынта-ықыласыңыз үшін Георгий лентасын және күміс медаль тапсырамын» (Сонда, 358-б.). Генерал-майор Вишневскийдің ұсынысы бойынша патша үкіметі 12 қырғыз манабын, 5 қазақ сұлтаны мен биін марапаттады (Т. 256-б.). 

Қырғыздың Орман мен Жантай манап­тары өздерінің достығы мен құрметінің  белгісі ретінде өлтірілген қазақтардың басын Қоқан ханына жолдайды. Бұл жөнінде бір керуенбасының капитан Рыльцовқа берген куәлігінде былай делінеді: «Мен Ташкентте жабайы қырғыздар сол жердің басшылығына сыйлыққа жіберген екі арба толы Кенесары адамдарының бастарын өз көзіммен көрдім». Кенесары ханның өлімі үшін кек алғысы келген Қапал уезінің қазақтары қырғыз манаптарына жорық жасады. Бірнеше жендет қатаң жазаланды (Т. 2. 358-359 бб.).

Кенесарының сырт келбетіне қатысты ханның тұтқыны болған орыс офицері, барон У-р былай деп жазады: «Ол орта бойлы, ашаңдау жүзді, бет пішіні қалмақтыкіндей, қысық көздерінен ақыл мен қулық ұшқындайды, келбетінде қатігездік белгісі жоқ» (Кенесарының анасы қалмақ қызы болған. – Б.Е.). Кенесарының бет-бейнесін қырғыз тарихшысы Б.Салтабаев оны көргендердің сөзіне сүйеніп, толығырақ сипаттайды: «Кене-хан ашаң жүзді, орта бойлы, мойны жуан, қараторы адам. Қырандай қызғылт көзі жайнаған, танауы делдиген. Кішкене мұрты мен қалың, сарғыш-құба түсті сүйір сақалы бар. Ол көп сөйлемейді және сырт келбеті айбарлы, жүзінде тектілік пен бекзаттық бар. Басына құндызбен көмкерілген шағын тері тұмақ, киімінің үстінен сұр түсті түйе жүнінен тігілген шекпен, оның астынан кәмшат терісінен тігілген тон киген. Қолдан тіккен көйлегі мен шалбары ақ түсті» (Сонда, 235-б.).

1870 жылы «Вестник Европы» журналының екі нөмірінде  Кенесары туралы мақала жариялаған Н.Середа оны былай сипаттайды: «Кенесары өз жасағының даңқты әміршісі бола білді. Олардың жаужүрек рухына еуропалық әскердің кез келген қолбасшысы қызыққан болар еді... Жойқын қиратушы күшке ие дала бораны секілді шабуылда шапшаң Кенесарыны  ешқандай тосқауыл тоқтата алмайтын. Керісінше, кез келген кедергі, оның қайтпас жігерін одан сайын қайрай түсіп, арынын асқақтататын, адуынды әрекетке итермелейтін, ақыры оның ойға алған мақсатына жету жолындағы бүкіл бөгеттер оның күш-жігерінің алдында қауқарсыз қалатын. Кенесарының бұл қасиетін көшпелілер жоғары бағалап бастарын иді және оған шексіз берілген сарбаздарының жүректері соңғы демі қалғанша өз қолбасшыларына деген адалдықпен соқты» (Сонда). Кенесары тұлғасын сипаттауда зерт­теуші Л.Мейер де әділетті: «Шабандоз-партизан ретінде маңайына қырғыз даласының ең ержүрек жігіттерін топтастыра білген ол таңғажайып жорықтар жасады. Кенесары әрдайым өз тобының алдында өзіне дұшпан ру-тайпалар мен билеуші сұлтандар әскерлерінің шабуылын оп-оңай жайпай жаныштап асау өзендей арқырап өте шығатын. Айбынды қолбасшының түр-тұрпаты, сәтті жорықтардан кейінгі бәйге-жарыстар мен ұлан-асыр тойлар, кең далада аң мен құс аулау – бұның барлығы қырғыз халқының қиялын қайран қалдырып, оның мүлгіп жатқан бағзыдағы жауынгер рухын қайта оятатын».

«Егер шығыс пен батыстан еңсерілмес қалың қол, зеңбіректері мен  қитұрқы саясаты бар батальондарымен күшті жау шабуыл жасамағанда, егер Кенесарының өзі жеңіл ойламағанда, ожарлық жаса­мағанда және қарақшылықтан аулақ болғанда, ол айналасына бүкіл үш орданың басын қосып, сол кездегі Орта Азия мемлекеттері: Қоқан, Бұқара мен Хиуа үшін сахараның қаһарлы ханы бола алар еді. Бірақ, ол әскери адамның талантына ие болғанмен, билеушінің талантынан кенде еді, міне Орта Азияны саяси құрамдағы ірі өзгерістерден сақтап қалған да осы болатын» (Кенесарин А.  313-314 бб.). Кенесары тұлғасын осылай бағалаған орыс ғалымының бұл сөзімен келісуге де, келіспеуге де болады, алайда, оның Кенесарыға деген құрметіне күмән келтіру қиын.

Кенесарының өліміне қатысты және оның сүйегінің «тарихы» туралы айтыл­ғанның бәрін қорыта келе, соң­ғы сөздің ақиқатына таласпасақ та, мынаны келтіргенді дұрыс санаймыз. Кенесарының өлімін, дұрысырақ айтқанда оны жазалауды барлық зерттеушілер мойындайды. Алайда, ол қалай өлтірілді деген сұрақ төңірегінде айқын, анық жауап жоқ, бұның өзі аңыз-әңгімеге айналған неше түрлі жел сөздерді туғызды. Кенесарының ұлы Ахмет өз кітабында әкесінің өлімі туралы «ол қырғыздардың қолынан мерт болды» деп қана жазады. «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдары» кітабының авторы бір тұсында «Қалығұл, белгілі манап, Батыс Сібір губернаторы Горчаковқа Кенесарының басын жеткізгені үшін алтын медаль алған» (Том 2, 352-б.) деп жазса, келесі тұсында – «Кенесарының нағыз жендеті – Әлібековке» Горчаков күміс медаль жіберді» деп жазады  (358-б.). Автордың «Қалығұлдың өзі Кенесарының басын жеткізді, Кенесарыны тікелей өлтірген сол» деген тұжырымы ешбір жазба құжатта дәлелденбейді.

Оған қоса, сенімді деректер Қалығұл Әлібеков Орман мен Жантай манаптар сияқты Кенесарыға асқан өшпенділік таныта қоймағанын байқатады. Біз жоғарыда айтып өткендей, 1846 жылдың ортасында Кенесары мен манаптардың арасында достық пен тату көршілік туралы мәміле жасалған, онда қырғыз елшілігін Қалығұл басқарған. Бұл қаншалықты парадокс болып көрінгенмен де, Бекмақанов Кенесары жігіттері өз көсемін құтқару үшін өздерін құрбандыққа шалған кезі туралы Әлібековтің таңғалысқа толы сөздерін келтіреді. Осы сөздерді тағы бір рет келтіргім келеді: «Батпаққа малшынған Кенесары сарбаздары жан-жақтан жабылған қарақырғыздардың  соққысынан қырыла жүріп, тайсалмастан өздерінің сүйікті көсемін құтқаруға өршелене ұмтылды. Өздерін құрбандыққа шалған олар Кенесарыны батып бара жатқан бір аттан екіншісіне ауыстыра берді» (Т.2, 356-б.). Мына сөзді айтқан адам Кенесарының жендеті болуы мүмкін емес! Кенесарыны өлтіруші туралы өз нұсқасын Толыбеков те келтіреді, бірақ ол нақты деректермен дәлелденбеген және Кенесарының батыр тұлғасын төмендетіп көрсетеді:  «1847 жылы Кенесарыны манап Жантай Қарабеков тұтқынға алды, ол ең жоғары құнға қызықпастан, Кенесарыны өлтірді»  (Том 6.76-77 бб.).

 Кенесарының қазасы туралы бірнеше нұсқа бар. Ахмет Кенесарин өзінің кітабына қосымшада Кенесарының қалай өлтірілгені белгісіз екенін айта келе, «Н.Маев «Ташкенттен Верныйға дейін» деген мақаласында айтқандай, Кенесары тірідей қазанда қайнатылмағаны анық» деп жазады (Кенесарин А. 315-б.). Халық аңызына негізделген өз нұсқасын Айдарова да келтіреді. Оның айтуынша, Кенесарының шабуылын күткен қырғыздар шығыс халықтарының дәстүрін пайдаланып, оны шекарада тоқтатуға тырысты: шекараны бойлай бесіктегі баласы бар әйелдерді қаз-қатар отырғызып қояды, бірақ Кенесарының салт атты сарбаздары балаларды таптап өтеді. Содан Кенесары тұтқынға түскен кезде оны сол әйелдердің қолына береді, әйелдер оның ту-талақайын шығарады (Том 6. 134-135 бб.). (Бұл аңызсымақты Айдарова Кенесарыны жауыз етіп көрсету үшін пайдаланды).

Мен студент кезімде Кенесарының өлімі туралы Алматы облысының қарияларынан тағы бір нұсқаны естіген едім. Оның мазмұны мынадай: тұтқындағы Кенесарыны бір топ қырғыз сарбазы найзаның ұшына шаншып өлтіреді. Кенесары өліп бара жатып былай депті-міс: «Сендер мені хан көтергілерің келмеп еді, енді міне бәрібір көтердіңдер». Ежелгі түркі дәстүрі бойыншахан сайлау үшін оны ақ киізге отырғызып, төрт адам басынан асыра жоғары көтеріп, бірнеше рет айналып шығады. Аңыздан Кенесарыны бір емес, бірнеше адам өлтіргені көрініп тұр. Бұл аңызды Ахмет Кенесариннің мына сөзі де растайды: «Бір ғана ақиқат бар: Кенесарыны қорлаудың және қинаудың басты себебі оның өзін хан жариялауы және қара қырғыздардан өзіне бағынуын талап етуі» (Кенесарин А. Аталған еңбек. 315-б.).

Дейтұрғанмен, Кенесарының сүйегі туралы жел сөздер неге сонша ұмытылмай сақталып қалған деген сұрақ туады. Меніңше, фольклорлық сарыннан бөлек осы аңызды қолдайтын екі бірдей нақты мән-жай бар. Біріншіден, Орынбор гене­рал-губернаторы Обручевтің өтінішімен патшаның Кенесарының басын жеткізу үшін 3000 рубль сыйақы тағайындау және ол шығындарды қазақтардың киіз үй алымының есебінен ұстау жөніндегі қаулысы (Том 2. 277-б.). Автордың еңбегінде «за доставку головы Кенесары» деп жазылған. Шын мәнінде, «за голову Кенесары» деп жазылуы әбден мүмкін. «За голову» және «доставка» деген сөз­дер әртүрлі мағына береді. Бірінші сөз көзін жою, құрту болса, екіншісі – басын кесіп алып келу. Тарихи әдебиетте бірінші сөз осы күнге дейін қолданылады.

Осылайша, Кенесарының басын батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаковқа жібергені, ол оны Петербургке жолдағаны және оның Эрмитажда сақталуы туралы тұжырымдар, біздің ойымызша, шынайы дереккөздермен дәлелденбеген фоль­клорлық аңыздардың үзінділері сияқ­ты. Автордың Нысанбай ақынның «Кенесарының соңғы шайқасы өткен және қаза тапқан жерде» болмағаны туралы ескертпесі бар (Том 2. 4-б.). Бұл ретте қырғыз тарихшылары Б.Салтабаев пен Б.Джамгерчинов екі халық үшін де қиын болған 1846-1847 жылдардағы қазақ-қырғыз тарихын объективті зерттегендері анық.

Орыс тілінен аударған

Дина ИМАМБАЕВА

 

1450 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз