• Еркін ой мінбері
  • 28 Сәуір, 2021

ЦИФРЛЫ ДӘУІРДІҢ СЫНЫ МЕН СЫЙЫ

Нұрболат Нышанбаев, 
Халықаралық қатынастар бойынша сарапшы, PhD, 
Болашақ бағдарламасы түлегі
(Австралия)

Адамзат тарихы жойқын соғыстар мен ғаламдық індеттерден бөлек, тұтас қалыптасқан өмір сүру тәртібін жаңа деңгейге көтерген ғылыми техникалық революцияларға толы. Кейбір жағдайларда, мүмкін еместей, тіпті елестетудің өзі қиын өзгерістердің өзі уақыт өте келе «өмір заңдылығына» айналып жатады. Тұтас әлемді әбігерге салған covid-19 пандемиясы, XX ғ. 70 жылдарынан бастау алып, баяу жалғасып келе жатқан қоғамдық-саяси өмірдің цифрлануын геометриялық прогрессия негізінде cекіріс жасауына ықпал етті. Жаппай цифрландыру процесінің ықпалы микро деңгейде азаматтардың өзара, бір-бірімен қарым-қатынасынан бөлек, макро деңгейде саяси институттар мен саяси белсенді халық арасындағы байланысқа маңызды өзгеріс алып келді. Саяси өмірдің жаппай цифрлануы саясаткерлермен қатар саяси электоратқа жаңа құндылықтарды қалыптастыруда.

Әлем бойынша соңғы жиырма жылда халықтың ғаламторға қол жетімділігі геометриялық прогрессия негізінде өсіп келуде.Hootsuite деректер базасының «2020 Global Digital»  есебі мәліметінше  бүгінде әлемде ғаламторға қосылуға мүмкіндігі бар адамдар саны 4 млд-тан  асты. Ресей Федерациясында 2019 жылдың өзінде интернет қолданушылар саны 6 миллионға өсті. Орталық Азия халқының 70% ғаламторға қосылған (жалпы халық санының 37 млн-ын құрайды). Оның ішінде, Қазақстанда (80 %), Өзбекстанда (48% ), Қырғызстанда (35%), Тәжікстанда (33%), Түркменстанда (18%)  халықтың ғаламторға қосылуға мүмкіндігі бар.  Аймақ халқының ғаламторға қол жетімділігі соңғы 20 жыл ішінде тұрақты түрде өсіп келуде.

1.сурет. Орталық Азия елдеріндегі интернетке қолжетімділіктің өсуі.

Дереккөз: Халықаралық теле­ком­муникация одағы

Әлем бойынша ғаламтор қолданушылар санының белсенді түрде артуы, азаматтық қоғам институттарының қалыптасқан принциптеріне өзгеріс алып келіп, виртуалды, сандық технологияларға негізделген түрлі ақпараттық қауым­дастықтардың қалыптасуына негіз болуда. Саяси әдебиеттер мен ғылыми журнал беттерінде, «электронды үкімет», «электронды электорат», «сандық саяси қозғалыстар», «саяси ғаламторлық агита­ция», «цифрлы саяси технология» және т.б жаңа саяси ұғымдар қалыптасуда. Біздің пікірімізше, қоғамның түрлі салаларында сандық технологиялардың жаппай қолданылуы ХХІ ғасырдағы саяси институттардың жұмысына енген феномен ғана емес, интеллектуалды саяси-әдеби ортада талқылануы тиіс негізгі мәселе. Бұл мақалада, коронавирус пандемиясы арқылы серпіні артып, қалыптасқан өмір сүру дағдысын айтарлықтай деңгейде өзгеріске ұшыратқан цифрландыру процесінің саяси құндылықтарға, азаматтар мен саяси институттар арасындағы байланысқа алып келер өзгерістеріне талдау жасайтын боламыз. Аталмыш мақсатқа жету үшін, біріншіден «сандық технологиялардың саясилануы» негіздеріне талдау жасап, демократиялық құндылықтарға ықпалын анықтаймыз. Екіншіден, сандық техноло-­гиялардың саяси шешім қабылдауда қолданысын «құрал» ретінде қарастырып, сыны мен сыйын анықтаймыз. Үшіншіден, Орталық Азия елдері мысалында Қазақстан билігінің саяси процестердегі сандық технологияларда қолданылуының саяси институт­тарға ықпалына талдау жасаймыз.

Тарихи тұрғыда цифрлану процесінің фундаменталды бастауы ІІ дүниежүзілік соғыс қарсаңында әскери мақсатта ақпарат алмасу жергілікті желісінің құрылуымен басталды. 1971 жылы алғашқы Kenbak-1 маркалы персоналды компьютердің пайда болуы, 1970-80 ж. ғылыми зерттеу институттарын жанында персоналды компьютерлердің жаппай қолданысқа енгізілуі, 1990 ж жалпы әлемдік желінің (the world wide web) жариялануына алып келді.

Сандық технологиялардың саяси­лануы немесе саяси процестердің цифровизациялануының бірден-бір көрінісі соңғы декадада орын алған, Кэмбридж Аналитика кэйсі бойынша дау, АҚШ-тағы президент сайлауы барысындағы президент Д.Трамптың тиуиттер аккаунтының блокталуы, Фэйсбук басшысы Марк Цукербергтің АҚШ конгресі ғана емес, Еуропарламент депутаттары алдында сегіз сағат уақыт бойына 600-ден аса депутаттар сауалына жауап беруі, ресейлік саяси оппозиционер А.Навальныйдың «Путин сарайы» атты деректі фильмінің ютуб желісіне жүктеліп 24 сағатта  15 миллионнан аса көрілім жинап, -30 аязда наразылық шеруіне тұтас Ресей Федерациясы бойынша миллиондаған   азаматтардың шығуына себеп болуы қазіргі кездегі сандық технологиялардың басты саяси құрал түріне айналғанының дәлелі.  «Цифрлы саясат: ғаламтор демократияны қалай өзгертуде» кітабының авторы Александра Соуа пікірінше, ХХІ ғасырда демократиялық құндылықтар үшін ең негізгі қауіп – цифрлы кеңістіктердегі саяси жарнамалардың коммерцизациялануы. Саяси жарнамалардың жаппай коммер­циялизациялануы саяси партиялар үшін саяси қолдауды саяси сенім орнықтыру арқылы емес, тікелей «сатып алуына» ықпал етеді. Себебі, америкалық РАНД корпорациясының дерегінше қазіргі таңда 18 бен 52 жас аралығындағы азаматтардың 70% қоғамдық-әлеуметтік жаңалықтарды тек цифрлы ресурстардан алатындығын көрсеткен. Ғаламтор кеңістігінде ақпарат сайттарының 60%-дан астамы тегін ақпарат тарататынын ескерсек, саяси манипулияция мен насихатшылдық ақпарат легінің көптігіне көзіміз жетеді. Халықтың басым бөлігінің ақпаратты ғаламтор арқылы жалған ақпарат пен қандай да бір саяси идеологияға негізделген жалған ақпаратпен кезігу мүмкіндігі аса жоғары. Нәтижесінде, цифрлы технологиялардың саяси про­цестерге жаппай енуі  әлемнің басым бөлігінде дәстүрлі саяси институттардың қызметін дағдарысқа ұшыратты.

Жеке алғанда сандық технологиялар бейтарап құрал. Сандық технологиялардың халық пен саяси институттар арасындағы қарым-қатынасқа ықпал тікелей саяси режимнің формасына тәуелді.Сәйкесінше, аталмыш құралды демократиялық ел­дер­де халықтың саяси белсенділігінің артуына да, демократиялық емес елдерді автократиялық басшылардың халықты жаппай бақылауда ұстауына да қолдану негізі бар. Орта ғасыр кезеңінен бастап, адамзат бірнеше маңызды әлеуметтік өзгерістерді бастан өткерді. Алғаш баспаға басылған кітаптың пайда болуы, радио, телевидениенің дамуы адамның саяси процестерге белсенді араласуын, саясат туралы түсінігінің ауқымды қалыптасуына негіз болды. Әрине, тарихи әлеуметтанулық тұрғыдан алғанда фэйсбук, туйиттер әлеуметтік желілері коммуникациялық құрал ретінде жаңа әрі құрылымы бойынша қарапайым құралдар. Алайда дәстүрлі ақпарат құралдарының үстемдігі қарсаңында саяси тақырыптар цензура арқылы реттеліп, бақылануына тосқауыл бола алды. Халықтың жаппай әлеуметтік желі мен ақпараттық платформаларға қол жетімділігінің артуы, саяси алаңда бақылау мен реттеушілік режимін бұзды. Нәтижесінде, саяси процестер туралы ауқымды ақпарат легі қалыптасып, аза­маттар саяси процестер туралы молынан ақпараттануда. Ақпараттық технологиялардың  жаппай қоғамдық өмірге енуі, билік пен бұқара арасында бір мезетте көлемді ақпарат алмасуына алып келді. Сандық технологиялардың шарапатын қазіргі таңда либерал демократиялық және репрессивті автократиялық режимдегі билеушілер өте тиімді пайдалануда. Себебі, саяси тұрғыда сандық технологиялардың саяси процестерге кірігуі бір мезетте саяси электоратқа кең көлемді ақпарат алмасуға мүмкіндік беріп, әрі жалған ақпараттың таралуына, азаматтарды сандық технология арқылы бақылауда ұстауына себеп болды. Әлемде саяси популизмнің кеңінен таралуына және  демократиялық қоғамның поляризациялануына сандық технологиялардың саяси құрал ретінде қолданылуы негізгі себеп.

Америкалық Pew Research орталы­ғының 2020 жылы әлемнің 70 елінде жүргізген зерттеуіне сәйкес, сандық технологиялардың саяси процестерде белсенді қолданылуын 44% респондент позитивті оң әсері бар десе, 28% сандық технологиялардың саяси процестерге белсенді қолданылуы демократиялық құндылықтарға теріс әсер етеді деп біледі. Сандық технологиялардың қоғамдық өмір салаларында кеңінен қолданысқа енуі, барлық жастағы азаматтар үшін ақпарат алуандығын кеңейтіп, азаматтардың саяси процестердегі белсенділігіне оң әсерін тигізді. Алайда, саяси процестердің цифровизациялануы тек ақпараттық саналуандылықты ғана қалыптастырып ғана қоймай, кейбір кедергілерімен қатар келді. Либералды демократиялық формадағы мемлекетте де, автократиялық репрессивті елдерде де сандық техно­логиялардың жаппай қолданысқа енуі сыйымен бірге сыны қатар келуде. Алдымен демократиялық қоғамға сандық технологиялардың енуінің негіздеріне тоқталып өтсек. Демократиялық қоғамда билік бөлінісі, тәуелсіз сот және тәуелсіз БАҚ демократиялық жүйені авторитаризмге өткізбеудегі сақтап қалатын ең негізгі механизмге жатады. Саяси процестердегі сандық технологиялардың жаппай қолданылуы азаматтардың саясаткерлер тарапынан оңай манипуляциялануына алып келіп, дәстүрлі институттар қызметін дағдарысқа ұшыратты. Қазіргі таңда, цифрлы технологияларға негізделген әлеуметтік желілер, ақпараттық платформалар тек демократиялық елдерде ғана емес, сонымен қатар автократиялық лидерлердің де ең сүйікті құралына айналды. Мысалы, Филиппин президенті Родриго Дютерте сайлау барысында 500-ден аса азаматты тек әлеуметтік желіде саяси компаниямен айналысуға бөлді. Ресей саяси процестер барысында әлеуметтік желілерді тек мемлекет ішінде ғана емес, сонымен қатар тіпті АҚШ, Франция, Украина сынды елдердегі сайлау процестерінде белгілі бір топтың билікке келуіне күш салды деп айыпталды.

Кез-келген демократиялық қоғамда адам саясаттың ең негізгі қатысушысы, обьектісі саналады. Қоғамдық әлеуметтік қатынастар жүйесінде де, саяси институттардың қалыптасуында адам ең негізгі актор. Мысалы, ХХ ғ басында Кеңес Одағында «кеңес азаматы» мемлекеттің болашағы, әлеуметтік дамудың негізі деп мемлекеттік пропагандалық постерлерде кен орындарында, егістік жұмыстарында қызмет атқаратын азаматтарды мемлекеттің негізгі құндылығы ретінде көрсетті. Адамзаттың саяси қатысушы ретіндегі ең маңызды рөл атқаруы, тек социалистік лагерьлердегі елдерде ғана емес, сонымен қатар капиталистік мемлекеттерде әрбір азаматтың дауысы елдің басшысының кім болатынын шешудегі маңызының аса зор екенін айтып келді. Яғни,  болашақ адамзатсыз елестетілмеді, жұмысшылар, қызметкерлер мемлекеттің негізгі ресурсы негізінде қарастырылды. Cәйкесінше, ХХғасырдағы ең ірі революциялар (Ресей, Куба, Қытайда) халықтың толқуы, қатысуы арқылы орын алды. Керісінше, ХХІ ғасыр басында қоғамның барлық саласына сандық технологиялардың жаппай енуі, миллиондаған азаматты машиналандыру, автоматизация процесі арқылы экономикалық «жұмыссыз класс» ретінде қалыптастырып, азаматтардың жұмысынан ғана айырылуына себеп болып  қоймай, азаматтарды саяси құқығынан айырып, саяси тұрғыда қатаң бақылауға түсіруде. Мысалы, қазіргі таңда сандық технологияның қоғамдық саяси өміріне белсенді кірігіп жатқан кезінде болашақты елестеткенде, негізінен жасанды интеллект, роботизациялану, блокчэйн, генетикалық инжинеринг сынды қалыптасып келе жатқан жаңа механизмдер алға шығады. Сандық технологиялардың саяси өмірде белсенді қолданысқа енуі, адамды саясаттың негізгі акторы ретінде орнын бәсеңдетті. Саяси тұрғыда, адамдар тобыры секілді интернет технологиялары тікелей саяси процестерге ашық қатысып алаңға шыға алмағанымен, боттар тарапынан көрсетілетін саяси белсенділік қандай да бір саяси идеологияны насихаттауда немесе сайлауда қандай да бір саяси лидерді жарнамалауда «ең үздік» қызмет көрсете алды.Әдетте диктаторлық режим­мен демократиялық режимнің басты ерекшелігі билік бөлінісіндегі өзгешелік.Автократтардың сандық технологияларды саяси мақсатқа белсенді түрде қолдануы ғасырлар бойына қалыптасып келе жатқан саяси институттар механизмдерін дағдарысқа ұшыратты. Біздің пікірімізше негізгі төрт басты демократиялық принципке қайшы дағдарысқа ұшырауда. Біріншісі ақпараттық саясаттың манипу­ляциялануы арқылы сайлау транс­па­ренттілігі принциптерінің бұзылуы. Яғни, халықтың жеке ақпараттарының үкімет қолына шоғырланып жеке деректер базасының билік қолына шоғырлануы.Екіншіден, сандық технологиялар авторитарлық лидерлердің билікте ұзақ отыруына бірден-бір жағдай жасау арқылы әділетті сайлау принципін бұзуда. Жаппай технологиялық бақылаудың артуы автократиялық елдерде саяси алаңда билік институтының толық бақылауына берді.Үшіншіден, саяси коммуникацияның толық виртуалдануы нәтижесінде «билік өкілі» мен «сайлаушылар» арасында тікелей байланыс жоғалып, өзінің аусентикалық сипатынан айырылуда. Сонымен қатар, мемлекеттік шекара ұғымы цифрланып бір ел өзге елдегі сайлау процесіне де жанама ықпал етуге мүмкіндік алуда.Төртіншіден, жасанды интеллект пен автоматизацияның ықпалының артуы арқылы билік институты халықтан алыс «виртуалды институтқа» айналуда. Сандық технологиялардың саяси процестерге жаппай енуі Орталық Азия елдерінде жаппай белсенді түрде жүргізілуде. Орталық Азия елдеріндегі «саясаттаның цифровизациялану» феноменінің ерекшелігі тек бір тарапты орын алуда. Билік институттары тарапынан электронды электорта алаңында  өте белсенді жұмыстар жүргізіліп, салыстырмалы түрде халықтың саяси белсенді бөлігі қатаң саяси бақылауға алынды. Бірден-бір жарқын мысалы, еліміздегі 2017 жылғы «Цифрлық даму мемлекеттік бағдарламасының» қабылдануы. Аталмыш бағдарлама аясында  әрбір азаматтың байланыс нөмерінің міндетті мемлекеттік тіркеуден өтуді талап етеді. Нәтижесінде, мемлекет пен азамат арасындағы тең емес байланыс негізі қаланды. Қазақстан мысалында сандық технологиялардың мемлекет тарапынан азаматтардың саяси еркіндігіне қол сұғуда, саяси билік үшін өте тиімді құралға айналып, халықтың универсалды демократиялық құқығы шектелді. Мысалы 2021 ж өткен парламент сайлауындағы саяси партиялардың құрамына әлеуметтік желілерді миллионнан аса жазылушысы бар блоггерлерді белсенді пайдалануы қазақстандық саяси сегмент үшін «электрондық электорат» ұғымының толық қалыптасқандығын көрсетеді.Алайда, сандық технологиялардың саяси процестерге енуі өз мүмкіндіктерімен қатар келуде. Мемлекет басшысынан бастап, жауапты саяси қызметкерлер әлеуметтік желілер мен түрлі платформаларға тіркелу арқылы халықпен байланысты жақындатып, тәуелсіздік алған кезеңнен бастап өте баяу қалыптасып келе жатқан азаматтық қоғам институттары цифрлы негізде қалыптасуда. Біздің пікірімізше, Қазақстан Республикасы мысалында билік институтының саяси процестерде сандық технологияларды жаппай қолданылуында ескеретін екі принцип өте маңызды. Біріншіден, парламенттік, президенттік, және азаматтық қоғам институттары толық қалыптаспаған ел ретінде халықты саяси шешім қабылдау жүйесінің ең негізгі обьектісі ретінде орнын сақтап қалу. Екіншіден, халықтың саяси мәдениет иммунитетін қалыптастыруда цифрлы кеңістікті демократиялық ұстанымдар негізінде мемлекет тарапынан қорғау. Аталмыш екі ұстаным, қазақстандық саяси институттардың демократиялық негізде қалыптасуына тікелей ықпал ететін болады.

Қорытындылай келе, ХХІ ғ. жаппай сандық технологиялардың саяси про­цестерде қолданысқа енуі, либералдық демократияға деген халық сенімін төмендетіп, автократиялық лидерлердің негізгі қаруына айналды. Алайда, сан­дық технологиялар біртіндеп саяси коммуникацияның маңызды құралына  демократиялық саяси процестің жаңа нормасына айналып, азаматтық қоғам институттарының жаңа формаға енуіне жол салуда. Жаңа технологиялардың азаматтық қоғам мен билік арасындағы диалог қалыптастыруда өзіндік формасын қалыптастыруда. Негізінде қоғамдық қатынастардың жаңа стилін біртіндеп қалыптастыруға алып келеді. ХХІ ғасырдағы халық пен билік институты арасындағы байланыстарда демократиялық құнды­лықтар ұстанымының сақталуында азаматтардың белсенді саяси мәдениеті шешуші рөл атқарады.

 

1578 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз