• Ұлттану
  • 28 Сәуір, 2021

Тәуелсіздік – қасиетті ұғым

...Шынында да адам бостандығын жақтайтын күштер тәуелсіздік тағдырына енжар қарай алмаса керек-ті. Өйткені, тұтас халықтардың бостандығы аяққа басылып отырған қоғамда азамат бостандығы да аяққа басылмай қалмайтынын кешегі кеңестік кезеңде өз көзімізбен көрдік. Ендеше, тәуелсіздікке немқұрайды қарау деген сөз – демократияға немқұрайды қарау деген сөз. Демократияға немқұрайды қарау – адам бостандығына немқұрайды қарау. Осыны ұқпай, оңды-солды тәуелсіздікке тиісетін, өмірде кездесіп отырған келеңсіздіктердің бәрін егемендік пен тәуелсіздіктен көретін пиғыл, түптеп келгенде, демократиялық пиғыл боп санала алмайды. Ондай оспадарсыз пиғылдың опық жегізбей қоймайтынына да енді көзіміз жетті. Алайда, оспадарсыздыққа оспадарсыздықпен жауап беріп, тәуелсіздіктің көсегесін бәрібір көгерте алмайтынымыз рас.

Өз мемлекетіңнің тәуелсіздігін қастерлеу, өзің тұратын елдің егемендігін құрметтеу – тек патриоттық парыз ғана емес, үлкен гуманистік жауапкершілік. Өзі жүрген ортаның алдындағы ғана емес, өз тағдыры алдындағы жауапкершілік. Өзі жүрген ортаның жарастығын ойлаған адам ғана жарастықты дүниеде өмір сүре алады. Тек азат адамдар мен тәуелсіз халықтар ғана дүниеде ондай шынайы жарастық орната алады. Өйткені, халық бостандыққа жетпей тұрып, қоғам бостандыққа жете алмайды. Қоғам бостандыққа жете алмай тұрып, адам бостандыққа жете алмайды. Сондықтан да, бүгін күллі жалпақ әлем бостандықты ту еткен жарастықты аңсайды. Ендеше, адамдар мен қоғамдардың, мемлекеттер мен халықтардың өз еркі өзіндегі тәуелсіздігі – ешкім тіл тигізе алмас қасиетті ұғым. Қазіргі адамзаттың ең басты мұраты, ең асыл игілігі.

Демек, заман бәрібір біздікі. Бостандыққа ұмтылған адамдар мен азаттықта ұмтылған халықтардікі. Тәуелсіздікке ұмтылған мемлекеттердікі. Оны түсінбеу – өзін де, өзгелерді де қара суға теріс ағызу болып шығады. Ол үшін өтпелі кезеңнің келеңсіздіктерін көлденең тартудың да жөні жоқ.

Мың жылдап күткен арманды бір күнде жүзеге асыра салмасымыз белгілі. Ғасырлап аңсаған азаттық бәрімізді бір күнде бай қылып, барша мұратқа жеткізбей жатқаны да рас. Бәрі де рас. Бірақ, бәрі де тәуелсіздіктен емес. Жаңаны көрсе, жағасынан алып бағатын жанықас кертартпалықтан. Тарысы піскеннің тауығы бола салып, ел пайдасынан гөрі өз пайдасын көбірек ойлайтын тоғышар пысықайлықтан. Жаңаның атын малданып – бақ, абыройын малданып – байлық тапқанша асыққан әлеуметтік әумесерліктен. Қысқасы, даңғойлық пен даңғазалықтың бұрын оянып, шын намыстың әлі ширықпай жатқандығынан. Әркім өз пікір мен өз әрекетінің тізгінін өзі қолға алып, нақты іске кірісе алмай жатқандығынан. Ол үшін біріміз емес, бәріміз ұяттымыз. Соны мойындасақ, келеңсіздік бүгін жойылмаса, ертең жойылады. Әзір орнай алмай жатқан молшылық пен әділет бәрібір орнамай қоймайды. Қай халық та ондай дәуренге жетсе, тек тәуелсіздіктің арқасында жетіп жатыр. Ал қолымызға әзер қонған азаттық құсын бір үркітіп алсақ, қайта айналып қонғанша қашан?!.

Олай болса, уақытша қиындықтарға бола мәңгілік мұраттарымызды тәрк ете алмаймыз. Тәуелсіз еліміздің көгеріп-көркеюі жолында күш жігерімізді аямаймыз. Тарихтың қандай қатал сынына да табандылықпен төтеп бере аламыз. Өйткені, тәуелсіздік бәрінен қымбат, бәрінен ұлы!

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның халық жазушысы

«Он екі томдық шығармалар жинағы»,

Алматы, «Өлке» баспасы, 1999 ж.

 

4877 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз