• Еркін ой мінбері
  • 19 Мамыр, 2021

«АҚСАҚАЛ СӨЗІ» АЙДАРЫНА ҚАТЫСТЫ ҮЗІК ОЙ

Құрметті редакция! Сіздерді журнал бетінде ашылған «Ақсақал сөзі» атты жаңа айдармен зор ризашылықпен құттықтаймын! Шынын айту керек, бұның ұлттық салт-санамыздың көмескіленіп бара жатқанына қынжыла қарайтын «көзі қарақты» өкілдерін селт еткізетін (ал кейбіреулердің көптен күткен) жайт болғаны рас. Осы айдарды ашып берген Орақ Алиевтің «Ақсақалсыз ел болмас» атты келелі мақаласы мені те­рең ойларға шомдырды. Осы күнге дейін мен, жасым жетпіске таянса да, бұл мәселеге пәлендей мән бермеппін және білім-ғылым саласының өкілі болсам да арнайы зерттеулер жүргізген емеспін. Осы мақаладан кейін бұл тақырыптың өзектілігіне әбден көзім жетті және де оны түйткілді мәселе ретінде орынды қоя білгеніне мақала авторына да, журнал редакциясына да дән ризамын.

Көне замандардан бастап біздің халық  қариялардың қоғамдағы орнын дәл анықтап, кемел ақыл-ойдың кеніші ретінде қарияларды ұлықтап, құрметтеп келген. Бұған фольклорымызда  сақталып келген көптеген мақал-мәтелдер бұлжыт­пас дәлел  бола алады. Мысалы, «Өсетін елдің қарты қазына болар. Өспейтін елдің қарты қазымыр болар»; «Ел қариясы – ел қазынасы»; «Аталар сөзі – ақылдың көзі»; «Толықсып аққан дария – ол кемел ойлы қария»; «Ақыл деген ағып жатқан дария /Кеме айдаушы кемеңгер бір қария» және т.б. даналық сөздер.Енді аталмыш мақалада айтылған және айтылмаған ойлар төңірегінде аздап өз ойымды ортаға салмақпын.

Алдымен «елімізде қазір ақсақалдық сөз айтар ақсақал қалған жоқ» деген пікірмен келісуге де, келіспеуге де болады. «Келісуге болады» деп айтатын себебім, осыдан біршама уақыт бұрын аймақтық және республикалық билік органдарының жанынан «Ардагер­лер кеңесі» («Қоғамдық кеңес»)деген қоғамдық ұйымдар ресми түрде ашылған болатын. Бірақ та сол «Кеңес мүшелерінің» қоғамдық өмірді түбегейлі жаңғырту-жақсарту тұрғысынан көңілге қонарлықтай «ақсақалдық» белсенділік танытпай отырғаны белгілі. Олардың БАҚ көздерінде де шынайы да өткір «ақсақалдық сөздер» айтып жатқаны шамалы, тіпті қайсыбіреулерінің, мүмкіндігі толық бола тұра, «ішімдегіні тап әлуа-ай» дегендей дауыс шығармайтынын қайтерсің.

Ал, «келіспеуге болады» дейтін себебім, «ел іші – кен іші» демекші, «Елімізде, шүкір, сөз айтар ақсақал­дарымыз баршылық» деп  аталмыш мақалада өте дұрыс айтылғандығы.Халық арасында кемел ой мен сөз иелері, адал да әділ  жөн сілтер ақыл-парасатты ақсақалдарымыздың бар екендігі рас, бірақ та ондай адамдар қазіргі жағдайда билік басындағыларға қаншалықты қажет болып отыр деген де орынды сауал туындайды. Қысқасы, біздің елімізге қазір және болашақта «ақсақалдар сөзі» керек пе, керек болған жағдайда олар қандай болмақ?  Менің ойымша, олар ауадай қажет. Және де ақсақалдар айтар сөздерді жүйелеуге қатысты мақала авторының нақты ұсыныстарын толық қолдаймын.

Бұл жерде  алдымен О.Алиевтің «Елімізде лайықтылардан (алдымен республика деңгейінде) «Ақсақалдар алқасын» құрып, оларды сөйлететін арнайы телеарналар ашылса және осы ұсынысымды газет-журнал шығара­тын азаматтар қолға алып жатса құба-құп болар еді» деген пікір-ұсынысы өте орынды. Оның айқын дәлелі – мәселеге қатысты менің осы пікіріме арқау болып отырған елімізде алғашқы болып ашылған «Ақиқат» журналындағы жаңа айдар! Өз атымнан қосарым: әр деңгейдегі (республика, облыс, қала, аудан, ауыл) Ақсақалдар алқасына «тойға апарып, төрге отырғызар тоғышарларды» (орыс халқы айтпақшы «свадебные генералы») емес,  ел ішіндегі білімді де білікті, ескі де есті сөзі  бар, қалыптасқан қоғамдық жағдайларды талдап, нақты да тиімді ұсыныстар беруге қауқары мен батылдығы  бар тәуелсіз адамдарды ғана қосу керек. Солар ғана еш нәрседен қаймықпай «ақсақал» деген мәртебелі атқа ие болары хақ!

Бұл жерде ескеретін тағы бір жайт бар. Ол – қазіргі «шалдардың ділі» (менталитеті). Олардың көпшілігі кезінде, негізінен кеңес заманында, «кеңесшіл» қызмет атқарып, жан-жағына байыппен қарап, ата-баба дәстүрін егжей-тегжей игеруге мұршалары да болған жоқ, мойындары да жар берген жоқ.  Бұрынғы «үлкендер» мен қазіргі «үлкендердің» болыс-болмысы басқаша. Бұл объективті құбылыс, себебі  адамның, кез келген ұрпақтың ой-өрісі, оның өркениеті мен мәдениеті, тілі мен ділі замана талабына сай белгілі бір эволюцияға бой ұрады, өзгеріп отырады, құбылып отырады. Соның салдарынан, өкініштісі, кейінгі өскелең жастар арасында үлкендерді құрметтеу, қарияларды ардақтау, олар­дың айтқан сөздеріне мән беру үрдісі ұмытылып барады. Оған қоса жалпы ұлттық тәлім-тәрбие, үгіт-насихат жұмыстары да мемлекет тарапынан төмен деңгейде жүргізілуде (бұл үдеріс негізінен жеке тұрмыстық деңгейде ғана ішінара отбасылар тарапынан жүргізілуде). Бұрынғы заман­дар­дағы тақуалық-қанағатшылдық (пу­ри­тандық) тәрбиенің маңыздылығы көп жағдайда ескерілмейді және ұмытылып та барады. Қарапайым мысал, бұрындары әке-шешелеріміз, үлкендер, ауыл ақсақалдары  бала кезімізде біздерге, әсіресе қыздар мен әйелдерге «еркектің жолын кеспе», «жасы үлкеннің алдын орама», «үлкендерге ұрынба» деп үйрететін. Ал қазір жастарға ондай тәрбие жетпей жатыр. Оқытушылық тәжірибемнен күнделікті байқайтыным, бірен-сараны болмаса, жастардың, әйел­дер мен қыздардың көпшілігі қария­лардың жолын қайқайып кесіп өте береді, жол бермек түгілі, үлкендерді (ұстаздарын да) қағып-соғып өтіп жата­ды. Қоғамдық көлікте де көбіне солай:  кейбір жастардың қарияларға орын бермей, ұялмастан қасқайып отырғанына жиі куәгер болып жүргеніміз тағы бар. Бұл қылықтарына ұялу деген, кешірім сұрау деген атымен жоқ. Өйткені, олар «үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген ұғымдардың бар екендігінен бейхабар, білгеннің өзінде де оларды басшылыққа алуға енжар қарайды.

Тағы бір мысал келтірейін. Ең өркениетті деп есептелетін Батыс елдерінде де христиандық дін орнатқан «пуритандық тәрбие» ұмытылып бара­ды, сондықтан, адамдарға тән жоғары құндылықтар да бұрмалануда  немесе ұмыт қалуда.  Көпшілікке белгілі «зиян келтірме, өлтірме, ұрлама» («не навреди», «не убий», «не воруй») деген және тағы басқа інжілдік құндылықтар жоғалып барады, нәтижесінде сол ел­дер­де қоғам айтарлықтай терең рухани тоқыраушылыққа ұшырауда. Ол мемлекеттерде де мол тәжірибе жинаған, кемел ақылға ие дана «ақсақалдары» мен ізгілікті қоғамдық ұйымдары баршылық, бірақ неге олардың айтқандарына мән берілмейді?

Жоғарыда айтылғандарды қорытын­дылай келе мақала авторының «Ақса­қалдар кодексін» жасау керек деген пікірін және «Ақсақалтану» дербес ғылыми (және болашақта оқу) пәнін қалыптастыру туралы  ойын толық құптаймын. Осы пәннің бағдарламасын жасап, колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттеріне осы атаумен қысқа да болса  оқу курсын оқытқан жөн болар еді.

Ал мақалада көтерілген «ақсақал» атану өлшеміне келетін болсақ, бұл жерде физиологиялық өлшемдерден бас тарту қажет. Физиологиялық өлшем –  салыстырмалы нәрсе. Кейбір адамдар денсаулығына, тұрмыс жағдайына байланысты 50 жастан асар-аспастан «қарттық» дәуірге өтіп кетеді. Ал басқа біреулер 70-80 жастан асса да өздерінің күш-қуатын, ақыл-ой санасын жоғары деңгейде ұстайды. Егер біз «ақсақал» деп жас шамасына қарамай, негізінен мақала авторы айтқандай, барынша кемеліне келген,  айтар ақылы мен нақылы бар адамды есептейтін болсақ, ол ұсынған өлшем өте қолайлы: «Көп жасаған білмейді, көпті көрген біледі, көпті көрген білмейді, көпті түйген біледі, көпті түйген білмейді, түйгенін өзгеге берген біледі, беріп қана қоймай, бергенін өзгеге еккен біледі. Өйткені, 70-90 жасқа жеткендердің бәрі бірдей данагөй бола бермейді ғой. Тіпті кейбір адамдар жас болса да «шалдық» ауруға шалдығады, ал қайсыбіреулерінің 90 жасқа келсе де білімі таяз, санасы төмен, көкейіне түйгені шамалы, басқа жұртқа өткізері  аз болады. Керісінше, жастайынан зерек, дара туылған, бойларына даналық қасиеттер біткен жастар мен жігіт ағалары бар. Олардың көпшілікке  айтар «өнер-білім-ақылы», «өнегелі өткір нақылы» болады, олардың ішінде әр жастағы әйел адамдар да кездесіп жатады. Неге соларды Ақсақалдар алқасына қоспасқа? Ал мақалада орын алған «Амандасудың қысқаша кодексіне» келсек, ол өз алдына «бір төбе» әңгіме. Бұл жерде көпшілігіміз көңіл бөле бермейтін, бірақ тәрбиелік мәні зор осы «Кодексті» құрастырған Орақ Алиевке шынайы рахметімді айтумен ғана шектелемін.

Құрметті редакция! «Ақсақалсыз ел болмас» атты мақалада көтерілген мә­се­ле­лер өте орынды, ұсыныстары құнды деп санаймын Осы бағыттағы зерттеулерді одан әрі жандандырып, олардың нәтижелерін көпшілікке ұсыну ісінде «Ақиқат» журналы «мұрындық» бола берсе деп тілеймін. Менің пайым­дауымша, елімізде бұл айдарды қолдай­тын есті адамдар баршылық, тек оларды, мақала авторы айтпақшы, таба білу керек, сөйлете білу керек-ақ. Баспагерлік игі істеріңіз ылғи да сәтті болсын!

Сардарбек НАРМАТОВ,

М.Х. Дулати атындағы

Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы

 

1015 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз