• Ұлттану
  • 18 Мамыр, 2021

Талабы биік жастар

Нұр-Сұл­­тан қала­сындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Дина Жаны­бекова Шыр­мауық Лигасы универ­сите­тінен шақыру алды. Атап айтқанда, әлемнің үздік жоғары оқу орындарының бірі – АҚШ-тың Пенсильвания университеті Динаның оқу және жатын орын шығындарын толығымен өтейді.
– Пенсильвания университеті тура­лы бұрыннан білемін. Маған киноға қызығатын жастарға университеттің ұсынатын мүмкіндіктері өте қатты ұнады: пайдалы курстар, студенттер клубтары, қызықты тағылымдамалар және т.б. Сондай-ақ, мені университеттің орналасқан жері де қызықтырды – Пенсильвания университеті Нью-Йорктен алыс емес, үлкен қала Филадельфияда орналасқан. Бұл өз кезегінде мен үшін өте маңызды желілік орта қалыптастырады, – дейді Дина.
 Келешекте кино режиссері мен продюсері болуды армандайтын Дина Жаныбекова қазіргі таңда кино, математика және ағылшын тілі пәндерін тереңдетіп оқуда. Дарынды түлектің жетістіктері қатарында химия және ағылшын тілі пәндері бойынша олимпиадаларға, фортепиано байқауларына және дебат турнирлеріне қатысып алған марапаттары бар. Оған қоса, Дина мектептің өзін-өзі басқару ұйымының белсенді мүшесі болып, мектепішілік іс-шараларды ұйымдастыруға ат салысты.
 Пенсильвания университеті – ең көне жоғары оқу орындарының бірі және АҚШ-тағы алғашқы университет, сондай-ақ, элиталық Шырмауық Лигасының құрамына кіреді. Пенсильвания университетімен АҚШ-тың көптеген тарихи тұлғалары мен саясаткерлерінің есімдері байланысты. Солардың қатарында, Дональд Трамп, Илон Маск және Уоррен Баффет те бар. 
Айта кетейік, еліміз бойынша Назарбаев зияткерлік мектеп оқушыларының жетістіктері аз емес. Солардың бірі – Талдықорған қаласындғы НИШ түлегі Даниил Филимонов туралы айтсақ, ол робототехника бойынша «Beyond Robotics» те­гін он­лайн кур­сын іске қосты. 
Д.Фи­ли­­мо­­нов атал­ған мек­­тепті 2020 жы­лы тә­ма­м­даған. Қа­зір­гі таңда Назарбаев универ­си­­те­­ті­нің сту­денті. Робото­техника бойынша жасаған «Beyond Robotics» тегін онлайн курсына осы саланың үздік қазақстандық тренерлері мен американдық ЖОО профессорларының вебинарлары мен онлайн сабақтары енді. Оқыту «Beyond Curriculum» қоғамдық қорының онлайн-мектебі базасында өтуде.
– Кішкентай кезімнен бастап мені құрастыру идеясы қызықтырды, сондықтан Назарбаев Зияткерлік мектебінің қабыр­ғасында робототехника үйірмесіне жазыл­дым. Біздің жобаларымыз халықаралық аренада, Дүниежүзілік WRO роботтар олимпиадасында ұсынылады деп тіпті елестете алмадым. Жеңістер аз болған жоқ, енді мен робототехниканы оқығысы келетіндердің барлығына көмектесу үшін жаңа мақсат қойып отырмын, – дейді Даниил.
Даниил Филимоновтың шығар­машылық жетістіктері: World Robot Olympiad 2019 халықаралық кезеңінде «Open Senior» санатында үшінші орын иеленуі, сондай-ақ робототехника бойынша республикалық олимпиаданың алтын медальдарының (2018, 2019), ғарыштық зерттеулер бойынша халық­аралық жарыстың бірінші дәрежелі дипломының (2019), «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» Наурыз кездесулерінің екінші дәрежелі дипломының (2019) иегері. Даниил өз тобымен бірге робототехника бойынша 10-нан астам тегін онлайн курстарын, 25 сағаттық сабақтарды, 6 вебинарды әзірледі, сондай-ақ, Корнелл және Мичиган университеттерінің жүздеген қосымша материалдарын дайындады.
Оқыту кез-келген дайындық деңгейі бар қатысушыларға арналған: робототехника негіздерінен бастап нейрондық желілерге дейін, практикада құралдармен жұмыс істеу үшін, тіпті оқытушыларға арналған материалдарды да қамтиды. Сондай-ақ, платформада прогресті бақылауға арналған үй тапсырмалары мен тесттер бар. Материалдар қазақ және орыс тілдерінде де қолжетімді.
Курс негізін қалаушы Антон Моргунов болып табылатын «Beyond Curriculum» қоғамдық қорының қолдауымен құрылды. Антон – Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2017 жылғы түлегі, химия пәнінен халықаралық және республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері, бүгінде MIT (Массачусетс технологиялық институты) Химия және биология факультетінің студенті.
Beyond Curriculum – математика, физика, химия, биология, география пәндерінен тегін білім алуға мүмкіндік беретін білім беру платформасы.
– Біздің команда «Beyond Robotics» тегін жобасының көмегімен робототехникаға қосылғысы келетіндердің барлығына мүмкіндік беруді көздейді. Қазіргі уақытта 100-ден астам оқушы білім алуда, сен де қосыл. Роботтар әлеміне қош келдіңіздер!, – деп «Beyond Curriculum» қоғамдық қоры «Робототехника» бөлімінің басшысы Даниил Филимонов қосылуға шақырды.

Гүлназ СЕЙІЛХАНОВА,
Нұр-Сұлтан қаласындағы 
Назарбаев Зияткерлік мектебінің 
баспасөз-хатшысы

5803 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз