• Еркін ой мінбері
  • 19 Мамыр, 2021

«ЖҮЗ ЖАҢА ЕСІМГЕ» ЛАЙЫҚ АЗАМАТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел жастарын қашан да қолдап келеді. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жастар мәселесін де тілге тиек еткені белгілі. «Жас келсе – іске» дейді халқымыз. Жастар қашанда  тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан, өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек» деп жазды Президент. Олай болса, жастар саясатын ілгерілету, дамыту – мемлекетіміздің еншісіндегі шаруа болса, талантты жастарды халыққа кеңінен таны­ту – бұқаралық ақпарат құралдарының еншісіндегі шаруа деп білеміз. Сондықтан, қалың көпшілікке реті келгеніне орай талантты жас азаматтардың еңбек жолын дәріптей түссек дейміз. Бүгінгі мақаламыз келешегінен мол үміт күттіретін жас азаматтың бірі – Асхат Серікұлы Есіров жайында болмақ.

Асхат Есіровты көп жылдан бері танимын. Бойынан халқымыздың жақсы қасиеттерін аңғаруға болады. Ол – имандылығы, адамгершілігі, ізеттілігі, айналасындағы адамдарға деген жанашырлығы. Сонымен қатар тәуекелшілдігі. Жас та болса, үл­кен істерді батыл қолға ала білетін қайрат­тылығы мен қайсарлығы. Асылында әрбір адамның қандай да бір жетістікке жетуі, бастаған ісінен нәтиже көруі – ойға алған мақсатын сәтті жүзеге асыра білуімен ғана емес, ең алдымен сол мақсатына қол жеткізудегі табандылығы, еңбекқорлығы дер едік. Алдынан шыққан таудай-таудай қиыншылықтардың барлығына төтеп беріп, мойымай, тек қана алға қарай жүріп, Ыбырай Алтынсарин айтқандай, бір Аллаға ғана сыйынып тәуекелшіл болу – Асхат Серікұлының өмірлік кредосы, ұстанымы.

Асхат Серікұлы – ауылдан шыққан азамат. Кәдімгі ауылдың топырағында аунап-қунап өскен, ауылдың тәлімін бойына барынша жиған.   Үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай біле­тіндігін замандастарының барлығы бір ауыздан айтады. Балалық шағы тоқсаныншы жылдардың дағдарысына тап келсе де, өмірдің аумалы-төкпелі, күнгейлі-көлеңкелі жақтары болатынын ерте жасынан сезініп өсті. Көп нәрсені көңіліне түйді. Жадына сақтады. Сондықтан да шығар, оның бойына сабырлық пен ұстамдылық, не нәрсеге болса да ақыл көзімен қарай алатын сыншылдық қасиеттер ұялаған. Бостекі сөзге әуестігі жоқ, әңгімелессе тек қана ғибратты дүниелерді сөз ететін ерекшелігі де бар. Қазақтың «дегдар» деген жақсы сөзі бар. Осы дегдар деген ұғым кейіпкерімнің күллі болмысына сай келеді деп нық сеніммен айта аламын. Оның аналитикалық ойлау қабілеті, кез келген жаңалықты, жаңашылдықты саралай білетіндігі, түрлі көзқарастарды қабылдай отырып, өзінің тұжырымдарын байыпты тұрғыда жасай білетіндігі қайран қалдырады. Жөнсіз пікір таластырмайды, бірақ өз ойын айту, дәлелдеу керек болса, бұл қадамнан да бас тартпайды. Кез келген мәселенің түйінін тарқатып, шешілу жолдарын ұсына біледі.

ХХІ ғасырдағы қазақ жастары қандай болу керек деген ойды алға тартатын болсақ, әлбетте, қазақ жастары әлемдік көштен тыс қалмауы керек. Еліміз өркендесін десек, асылы, кәсіпкер жастардың қатары да аз болмауы керек. Қазіргі кәсіпкерлерге деген талап жылдан жылға күшейіп келеді. Бұрын сауда-саттықпен шұғылданатын азаматтардың барлығын кәсіпкерге жатқызсақ, ол көзқарас қазір бірте-бірте өзгерді. Бүгінгі нағыз кәсіпкерлер – оқыған, көзі ашық, көп нәрседен хабардар. Олар бірнеше тілді біледі, әлемнің басқа да елдеріндегі кәсіпкерлермен емін-еркін байланыс орната алады. Әлеуметтік жауапкершілік деген ұғымды сезіне біледі. Осылайша өз елінің экономикалық гүлденуіне зор үлес қосады. Кәсіпкерлік деген ұғымды біз әлбетте толыққанды түсініп кете алған жоқпыз. Көпшілігіміз кәсіпкер азаматтарды тек қана өзінің қара басының қамын ғана ойлайтын, тек өз шаруасын дамыту жолында жүрген жандар деп қабылдайтынымыз рас. Шын мәнінде, кәсіпкерліктің мәні де мағынасы да мұндай тар түсініктен әлдеқайда ауқымды әрі биік тұрған жоқ па. «Бес саусақ бірдей» емес демекші, иә, кәсіпкерлердің арасында да түрлі-түрлісі бар. Бірақ, елінің ертеңін ойлайтын, өзіме ғана емес, өзгеге де болса деген тілек-мақсаттың жетегінде келе жатқан азаматтардың қатары аз емес. Сондықтан, осы заманның алдыңғы қатарлы азаматтары деп, біз шын мәнінде белгілі бір көрсеткіштерге жеткен кәсіпкерлерді айтып, дәріптей білуіміз керек. Қазақ халқының кешегі өткен тарихына зер салсақ, ұлан-байтақ даламызда қолынан іс келетін адамдар көп болған. Өздерінің маңдай терімен жиған мал-мүлкімен отбасын ғана емес, бүтін бір елді асырап-сақтап, нағыз кең пейілдіктің, жомарттықтың үлгісін көрсеткен. Табысты азаматтар ел ісіне де белсене араласып отырды, келелі шаруалардың бір жағынан шығысудан аянып қалмады. Осылайша қазақ өмірінің алаңсыз әрі шуақты болуына олардың да қосқан үлесі ұшан-теңіз. Мұның барлығын жайдан-жай тілге тиек етіп отырғанымыз жоқ. Барлық мәселе – өсіп келе жатқан жас қазақтың санасы мен дүниетанымында кәсіпкерліктің қағидаларын дұрыс түсініп, қабылдай білетін көзқарасты орнықтыру. Кәсіпкерлерге деген кереғар ұғымды қоғамдық психологиямыздан бірте-бірте сейілту. Ел билігі де кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетіп, заңдық тұрғыдан олардың құқықтарын барынша қорғауға мүдделілік танытып келеді. Бұл орайда Асхат Серікұлының тек заң аясында ғана жұмыс істейтінін айта кеткеніміз жөн. Өйткені, өзі де жоғары білімді заңгер. «Бармақ бастылық, көз қыстылық» деген құйтырқы әрекеттерден бойын аулақ ұстайды. Барлығы таза, әділетті болса деген ұстанымды негіз етіп алғандықтан өзгелерден де соны талап етеді. Прог­рессивті ойлайтын азаматтар күнделікті күйбең тірлікке көп алаңдай бермейтіні анық. Олар қашанда ұлы идеялардың жетегінде жүреді. Сондықтан адамдар арасында кездеспей тұрмайтын пенде­шілік мінездерден өздерін барынша аулақ ұстайды. Ойымен де, ісімен де, сөзімен де әрдайым биік болуға ұмтылады.   Ол биіктік – тәкаппарлық емес, қайта адамгершілікке негізделген кісілік. Болмыстың қарапайымдылығы және шынайылығы. Егер де қоғамда қоғамдық өмірдің маңыздылығын сезіндіретін титтей де жақсылық орнай қалса, біліңіз, ол қарапайым болмыстағы адамдардың ізгілікті амалдарынан туындап жатқан рухани өріс. Абай айтқан «нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» қағидасы осындай рухани өріспен нығая түсіп, жаңаша сипатпен түрлене түссе керек. Демек, Асхат Серікұлы сынды азаматтар қоғамның жаңашылдық жағына көбірек көз тігіп, жиірек назар аударады. Мұндай азаматтар үшін өткен күнмен өмір сүру, құрғақ қиялға берілу, болмайтын істі қолға алу жат нәрсе. Олар келешекке нық сеніммен қарайды және үлкенді-кішілі жобаларды қолға алса, одан міндетті түрде нәтиже шығара алады. Нәтиже сәтті-сәтсіз болса да, ең бастысы тәуекел жасай отырып, оны өз өмірі үшін жақсы тәжірибе ретінде қабылдай біледі. Бозбала шағынан санасы сергек, көңілі жақсылыққа мейірленіп өскен кейіпкерімнің тұлғалық жетілу, даму кезеңдері өз кезеңімен өтіп жатты. Орта мектеп, жоғары оқу орны, алғашқы еңбек жолына қадам басуы – барлығының өз тарихы бар. Бүгінгі қол жеткізген табысы, өмір жолының соқтық­палы-соқпақсыз кезеңдері – бәрі де өз қиыншылығымен өріліп жатты. Егер әлдебір қиындықтарға душар болса, мұның барлығы Алланың пендесіне берген сынағы ретінде қабылдады. Әйтпесе, Асхат Серікұлының жап-жас шағында үлкен қаладан кәсіби әрі сапалы қызмет көрсететін күзет фирмасын ашуы, оны ілгерілете дамытып келе жатқанда, асқар тау әкесінің дүние салуы, өзінің де кенеттен сырқаттанып қалуы, ауруханада ұзақ ем алып, одан жазылып шығып, әне-міне еңсе тіктей бастағанда көшеде көліктің қағуы тәрізді сынақтардың барлығын ер жігітке тән сабырлы мінезімен, салиқалы болмысымен көтере білді. Мұның айналасында тағдырдың басына салған әртүрлі үлкенді-кішілі қиыншылықтары да болып жатты. Соның бәріне қарамастан шыдамдылықпен, еңбекқорлықпен алдағы жарқын күндерге құлаш сермей берді. Жанына рухани күш сыйлайтын жігерді  асыл дініміз – исламнан табады. Асхат Серікұлының имандылыққа жақындығы да тегін емес. Нағашы атасы Павлодар облысы Май ауданында атақты молда болған. «Шүкір ата», «Шүкір молда» деп бүкіл халық әлі күнге дейін ерекше құрметпен еске алады, алғыстарын жаудырады. Себебі Шүкір молданың абырой-беделі қарапайым халық ара­сында өте күшті болған. «Дін – апиын» деген советтік қоғамда өмір сүрген Шүкір молда білгенінен жаңылмай, қасиетті дінінен қол үзбей, имандылықты насихаттаған. Көзі ашық, көкірегі ояу ақсақалдың дін жайындағы ғибратты әңгімелері, аңыз-дастандары мен ұлағатты сөздері айналасына жиылған халықтың асыл дінімізге деген құрметін әрқашан арттырып отырған. Міне, «жігіттің жақсысы – нағашыдан» демекші, Асхат Серікұлы Шүкір молданың тікелей жиен немересі. Нағашы атасы сияқты бес уақыт намазын қаза қылмайды, күнделікті қат-қабат шаруалардан қолы босай қалса, Алла үйі мешітке асығады. Діни уағыздарды тыңдағанды жақсы көреді. Бір сөзбен айтқанда, екі дүниені де тең ұстауға тырысады.  2019 жылы қасиетті Меккеге умра қажылыққа барып келуі, биыл қасиетті Түркістан өңірін аралап, әулие-әнбиелердің, хандарымыз бен билері­міздің басына барып зиярат етуі, рухтарына құран бағыштап қайтуы да көп жайтты аңғартса керек. Қазір жастардың көбі шетелдерге оқуға, жұмысқа барып жатыр. Сірә, бүгінгі заман үшін бұл бейне бір үйреншікті нәрсеге айналып кеткендей. Асхат Серікұлы болса, жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, өзінің өмірі үшін өте маңызды шешім қабылдайды. Жиырма жасқа толар-толмас шағында Еуропаны көргісі келеді. Чехияға аттанып, бір жыл қажырлы еңбек етіп келеді. Оның бұл қадамына көп адам таңырқап қарайды. Себебі ол кезде мұндай барыс-келіс әлі халықтың санасына орныға қоймаған. Чехияның бір зауытына орналасып, таңғы алтыдан кешкі тоғыз-онға дейін қызу жұмыс істейді. Сол елдің тәртібін, тіршілік ету қағидаларын меңгереді. Асхаттың еңбекқорлығына қызыққан чех азамат­тары, яғни, зауыт басшылығы оның әрі қарай да осы елде қалып, жұмысын жалғастыра түсуіне ұсыныс тастайды. Алайда, Асхат туған еліне оралуды құп көреді. Бұл туралы өзі қысқа ғана «Елімді, жерімді сағындым» дейді. Еуропадан көрген-білгенін, көңілге түйгенін, жиған тәжірибесін жеке кәсібін дамытуға бағыттайды. Оның бір қыры – Асхат мырзаның әрдайым жаңа идея іздей­тіндігінен байқалып тұрады. Қашан көрсеңіз, жаңа жобаларды ойластырып, соларды іске асыруға белін бекем буып жүреді. Бұған дейінгі кәсібі мен еңбек жолы – күзет саласымен тығыз байланысты болса, ендігі кезекте басқа да, яғни өзі үшін мүлдем жаңалыққа толы салаларды игеріп, оның да қыр-сырын үйреніп көруге тәуекел жасап жүр. Лайым, бастаған ісі оң болсын деп тілеймін. Асхат Серікұлының іскерлігіне, білімділігіне, парасаттылығына сенемін! Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­масымен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы қолға алынған еді. Қазір бұл жоба арқылы қаншама креативті, шығармашыл жастардың еңбегі мен қызметі жан-жақты насихатталып, өздері де халыққа кеңінен танылып жатыр. Өз басым алдағы жылы өтетін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына Асхат Серікұлы Есіровты ойланбай ұсынуға болады деп есептеймін. Өйткені жастайынан еңбекке араласқан және содан ауыз толтырып айтарлық нәтижелер шығарған. Қоғам үшін көп іс тындырып жүрсе де, өзін жарнамалауға, насихаттауға құмар емес. Әйтпесе, Асхаттың мешіт-медреселерге қол ұшын созып тұратын қайырымдылығы жайында айтсақ, мұның өзі жеке мақаланың еншісіндегі дүние болып шығар еді. Сол себепті де осы мақаланы жазып, ел-жұртқа қазақ азаматтарының мықтыларын көрсетейік, олардың еңбектері елеусіз қалып кетпесін деген ниетпен қолымызға қалам алған жайымыз бар. Бәрінен де ар мен имандылықты, рухани тазалықты, қарапайым кісілік қасиеттерді жоғары қоятын Асхат Серікұлына қолға алған ісінің тек қана сәттілікпен жүзеге аса беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

Алтай АЙТҚОЖА

 

4944 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз