• Тарих толқынында
  • 19 Мамыр, 2021

ТАЛҒАТ БИГЕЛДИНОВ: МАЙДАНГЕР МОНОЛОГІ

Айтқали НӘРІКОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы және Журналистер одағының мүшесі

 

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының орта шенінде жазушы Сәуірбек Бақбергеновтың «Талғат» деп аталған повесі кітап болып жарық көрді. Бұл менің соғыс жайлы оқыған тұңғыш туындым болатын. Содан бермен қарай екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, даңқты ұшқыш, аңыз адам Талғат Бигелдинов туралы жазылған дүниелерді іздеп жүріп оқитын болдым. Оның өз қаламынан туған естеліктерін де қалт жіберген емеспін. Ұзақ жылдар бойына журналистік қызметте болғанымда, Талғат Бигелдиновтың майдандағы ерлігі туралы қалам тартып жүрдім. 2020 жылы Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтың алғысөзімен шыққан «Жойқын жылдар жаңғырығы» деректі проза кітабым Талғат Бигелдинов туралы повеспен ашылады. Сондай ізденістер мен зерделеулер нәтижесінде дүниеге келген осынау шағын жазбамды майдангердің монологі түрінде ұсынып отырмын. Мұнда әскери ұшқыш Талғат Бигелдиновтың майдандағы үш кезеңі – соғыстың басы, орта шені, аяқ жағындағы ерлікке толы өмірі баяндалады.

І

... Ұшаққа! Бұл бұйрық ойлағанымдай салтанатты шықпады, алайда ол менің санамда мың рет қайталанып, сіңісіп кетті, мүмкін авиациялық мектеп, училищелерде, мүмкін тіпті аэроклубта қалыптасты ма екен, кім білсін. Полк командирі майор Митрофанов мені күнделікті дағдыдай, қарапайым, құдды бізді картоп жинауға жіберіп жатқандай сезіндім. Қарсыласыммен бетпе-бет ұрысып, штурмовик ретіндегі бірінші ұшуымды мен бұлай болады деп елестеткен жоқ едім... Дегенмен, мәселе оның қалай берілгенінде емес, ақыры берілуі ғой.

Ұшақтарға!

Мен механикке басымды идім. Ол қолын бұлғады. Ұшақ стартта тұр. Барлық онымыз да осындамыз. Эскадрилья командирі – Пошевальников,  ұшуға рұқсат сұрады. Командирдің кезекшімен сөйлескенін мен құлағымдағы аппарат арқылы естіп отырмын.

Мотор бірте-бірте толық айнала бас­тады. Мен қолмен басқаратын тетік­ті барлық мүмкіндікке қостым. Поше­вальников жаңадан келген менің әр қимылымды қалт жібермей қадағалауда. Ол өздігінен менің жауынгерлік ұшуыма «рұқсат» бермес еді. Мен жақсы ұша алсам да, ол мені өзімен бірге жаттығуға сүйреп, сынған неміс танкісін «құртуға» үйрете берер еді. Бірақ полк командирі бұйрық берді.

Аспанда жасыл ракета.

Кеттік, қырандар! дейді жа­қын­нан естілген жуан дауысы Пошеваль­никовтың.

Енді газды басамын. Мотор барынша тартып келеді. Мен тормозды жібердім, ұшақ ұшу алаңы бойынша жүріп келеді. Ручканы өзіме қарай тартамын. Ұшақ жерден жеңіл қалықтап, жылдам жоғары көтерілуде, аспандағы шарбы бұлтты қақ жарып келеміз. Бастаушымыз бұлттың арасына сіңіп кетті. Ол звено командирлеріне бұйрық береді. Мен өз орнымды қатаң сақтаудамын. Оң жақтан екі адым қашықтықта, звено жетекшісінен екі фюзеляж қашықтықта, байлап қойғандай келемін. Төменде, тіпті жақында истре­битель­дердің аэродромы. Ұшақтар көрінбейді, олар жасырылған. Бірнеше машиналар: бір, екі, үш, төрт... ұшу алаңынан жүгіріп, биіктікке көтерілуде. Бізден төменде майдан шебі. Біздің траншеялар көрінеді. Қарсы жағы немістер. Бір мың бес жүз метр биіктіктен біздің де, олардың да еш айырмашылығы байқалмайды, шинельдердің формасы мен түсі біркелкі, тек күнге жарқыраған каскалары ғана ерекшелеу, немістерде ол солғын, күнге онша шағылыспайды.

Мен оларға қарап қоямын, немістерге, дәл осы уақытта мен олардың төбелерінде ұшып келемін, олардың тағдыры менің қолымда екенін түсінемін. Маған мына қаһарлы машина тәуелді, ал оның бомба сақтайтын жерінде жаяу әскерлерге арналған бомба, авиациялық катюшаның реактивті снарядтары, екі пушкі және пулеметтерім бар. Дәл осы кезде бір минут қана керек, бір секунд ұшақты жайлатып, олардың төбелерінен арнаулы гашетканы – кнопканы бассам болды, мына жойқын күш олардың бастарына түседі, оларға от-жалынға оранған ажал төндіреді. Немістердің қарауытқан түрлерінен менің үмітім ояна бастады. Мен тіпті алға ұмтыла түсіп, кішкентай ручкаларды іздей бастадым, ұшақты төмен ұшырып, жауға төніп келе жатқандаймын. Өзімді-өзім тоқтатып, қалпыма келемін. Эскадрильяның, яғни, менің де нақты міндеттерім бар, ол мақсатқа енді көп қалған жоқ.

Он үшінші! Он үшінші! Қалып келесің. Тез жет!

Он үшінші! О, Алла, бұл мен туралы ғой. Мен он үшіншімін, өз ұшағымның фюзеляжінде сары жазумен жазылған санды есіме түсірдім. Мен сол бойда жауап бердім:

Бұйрықты естідім, қуып жетемін! дедім.

Мен бұл арада ұшқыштардың коман­дирмен байланысы жоқтығын ұмытып кетіппін. Ручкалармен жұмыс жасап, газды қосыңқырап, үштіктегі өз орнымды жалғастырдым.

Эскадрилья ұрыс шебінен аман-есен өтті. Қарсыластардың ұшқыштары қарсы тұрып үлгере алмады.

«Волга», «Волга», мен екі жүз бесіншімін. Нысана менің дәл астымда. Шабуыл жасауға рұқсат етіңіз, бастаушының  дауысы  саңқ етті.

Екі жүз бесінші, шабуыл жасауға рұқсат етемін! Бұл алдыңғы шептегі бақылау пунктінен, онда әуеден қор­ғану дивизиясының, не корпусының басшыларының бірі, тіпті екеуінің де болуы мүмкін, бұйрық беретін солар ғой.

Алғы жақта, эскадрилья ұшақтарының жан-жағынан зениттік снарядтардың жарылысы байқалады. Олар бүкіл аспан­ды жауып бара жатқандай. Ал мынау немістердің өте жылдам автоматты пушкілері, олар да өздерінің бар екенін білдіруде. Олардың шар снарядтары қызыл бейнелі, жалғасып ұшуда, жылдам алға ұмтылады, аспан әлемі бірнеше нүктеге айналуда. Аспанда от болып жанған үлкен калибрлі пулеметтердің оғы жасыл даңғыл болып жарқырап тұр. Мен осының бәрін бұрын ұшқыштардың сөздерінен естуші едім, енді өз көзіммен көріп тұрмын. Мен бұған дейін ойлағанмын, ұрыс алаңында, сын сағатта қорықпаймын деп, ажалмен бетпе-бет келген жағдайда да. Тіпті жаяу әскерлердің ерлігін қайталаймын деп ойлағанмын, тіпті газеттерде мақтап жататын ерліктерді қайталай аламын деп ойлаушы едім. Ұрыста қажет болса өз бетімнен қайтпас едім, кез-келген шабуылға шығып, ұшақты таранға апарар едім. Ой бойынша бәрі жақсы. Ал іс жүзінде... Енді ажал төгетін қызыл шарлар пулемет оғының жолдары барлығы бір нәрсеге, менің ұшағыма бағытталғандай. Тіпті ұшақты емес, мені көздегендей. Мен тісімді қайрап қоямын. Басыма эскадрилья командирі Пошевальниковтың: «Зениткілер атқы­лаған­да машинаны еркіне жібер. Есіңде болсын, снарядтар бір жерге тисе, сол жерге енді тимейді. Зенитчиктер әр атқан сайын нысананы өзгертіп отырады. Үзбей атыс болғанда бұрылып кет, оқтың жолы белгілі, ол көрініп тұрады», деген  сөзі келеді. Командирімнің бұл сөзі менің басымда қатты ұялап қалыпты, сол бойда есіме түсті, ұшақты бетімен жіберіп, от жолдарынан жалтаруға тырысамын.

Бастаушы ұшағын жерге төмендете бастады. Мен де солай жасадым. Ұшақтар қалың бұлтты жарып өтуде. Станцияға жақындап қалдық. Алда тағы үзіліс, ұзын жол байқалады. Мен бірақ оларды көрмеймін. Құлағыма:

Нысана менен төменде. Сақтан­дырғышты тастаймын. Шабуылға!

Мен де содан соң ата бастадым. Ұшақты биіктікке шығарудамын. Бастау­шы эскадрильяны екінші айналымға апара жатыр, ал мен соңынан келемін.

Екінші жауынгерлік ұшуымды да сол күні орындадым. Оның уақ-түйегіне дейін әлі есімде. Ұшуға жан-жақты дайындалғаным есімде, ұшақтың мате­риалдық бөлігін мұқият қарадым, көзімді жұмып, жұмыс жасайтын жерді көз алдыма елестеттім. Көптен күткен бұйрық: Ұшақтарға! дегенде тағы да толқып кеттім.

Бастаушының орнында бұл жолы полк штурманы Степанов, ол ондаған «Ильдерді» бастап, аэродромды айналып өтті де, бір жағына шалқая басып негізгі бағытқа бет алды. Құралдардан көз алмай, сонымен қатар бастаушыдан да көз алмай, сапта өз орнымды сақтап келемін. Межеге қашан жетер екенбіз?

Сәл биікте ұшып келеміз. Бұрыннан таныс бейнелер көз алдымда: жанған елді мекендер, өзеннің бұрылысы. Алдыңғы шеп те тез өте шықты: окоптар, қазған орлар, өзіміздің артиллерияның алғы шебі, сосын жаулардың шебі көрінді. Жаудың зениткаларында үн жоқ, төмендеу ұшып келе жатқан штурмовиктерге олар ешқандай дәрмен­сіз болатын.

Мұндайда уақыт өтіп бола ма? Ақыры шлемофоннан құлағыма топты бастау­шының даусы келді:

Ескертемін! Шабуылға дайын­далыңдар... Шабуылға дайында­лыңдар!

Бірінші болып Степанов бомба тастады, одан соң басқалары да оны жалғастырды. Олар тасталған жерде бірден қарақоңыр түтіннің бұрқ ете қалғанын көрдім. Кенет күтпеген жерден топ бастаушы:

Ескертемін! Бізден оң және сол жақта «Мессершмидтер».

Міне, қоршау! Тағы бір айналып, төмендегі жаяу әскерлерін пулемет пен снарядтардың оғымен төпеледік. Ұшақты тұйықтан шығарып, төмен қарасам, паровозды көрдім. Ойланбастан ұшақты соған қарай бұрдым. Паровозды пушкімен атқыладым. Паровоздың үстінде үлкен ақ бұлт пайда болды. Ұшақты көтеріп, басымды бұрып қарадым. Құлағыма командирдің:

Он үшінші! Он үшінші! Сен қайдасың? Сапқа тұр! Бізді қорға! деген даусы естілді.

Он үшінші мен! Он үшінші мен! деймін командирмен байланысымның жоғын ұмытып. Мен келемін!.. Мен келемін!

Жан-жағыма қарадым. Біздің топ көрінбейді. Паровозға шабуылдағаныма бар болғаны бір минут өткен шығар, сол арада командир топты басқа жаққа алып кетіп үлгеріпті. Шынымды айтсам, мен сол сәтте аэродромның қайда екенін, қалай қарай ұшатынымды да білмедім. Қолдарым ұшақ бағытын өз бетімен бағыттауда, ал ұшақ станция үстімен шарықтап, биікке самғауда. Тағы да бір бағытты нысанаға алған зениткалар дауысы естілді. Енді олар төбелерінде шыр айналған жалғыз «Ильді» атқылауда.

Мен есімді жиып, шақ дегенде бағытымды айқындап, машинаны орман­ға қарай бұрдым. Жолды айқын байқа­дым, оң жақтан шағын өзен көрінді, мен жоғарыдағы нысананы көргенде осы көрініс есімде қалып еді. Осы таныс көріністер сенімімді ұялатты. Мен ұшақты төмендетіп, сирек орманның үстінде келемін. Газды барынша басып, жылдамдатып келемін, шамамен минут жарым ұштым. Сол сәтте бұлттардың арасынан өз эскадрильямді көрдім. Аязды аспаңда штурмовиктердің қа­рауыт­қан бейнесі анық білінді.

Мен топты аэродромға жақындағанда қуып жеттім. Сәтті қондым. Ұшақты орнына қойдым. Кабинадан шығып, қарға рахаттана түкіріп алдым.

Механик ұшақты айналып, бірдеңе деп жүр, өзі таң қалады:

Қарай гөр! Ешқандай сызат түспепті. Әлде сен штурмға қатысқан жоқсың ба? деп сұрап жатыр.

Қатыстым! деп ықыластана жауап бердім мен, жоғары дәрежеде қатыс­тым!

Олай болса сен, аға сержант, өте бақытты екенсің. Сен дүниеге көйлекшең келген шығарсың. Өмірде ондай да болады! деп қорытты өз ойын механик.

БП мені басқаша жағдай күтіп тұр екен. Степанов қос қолын артына ұстап, ерсілі-қарсылы жүр.

Сен өзің қандай жүгірмексің? Сенің бұлай жасауға қалай батылың жетті? Мен саған не айттым, не бұйырдым? Ал сен өз бетіңмен үшінші айналым жасап... Кім саған рұқсат етті? Кім саған ондай құқық берген? Сені жауапқа тартса! Әскери сотқа берсе! Сен білесің бе, бізге қарсы «Мессерлердің» ұшқанын, ал сен болсаң бұйрықсыз ұшып?! Сен білесің бе?!.

Мен өлі де емес, тірі де емес жағдайда тұрдым. Сол сәтте маған жалғыз ұшқанымнан да қиын жағдай тап келді.

Айқайлап-айқайлап, командир қоры­тын­ды жасады:

Ұшуға рұқсат бермеймін. Солдат­тармен бірге қар тазалайсың, қара жұмыс жағдайында ғана ұшасың! Содан соң біздің ұшқан сапарымыз арнайы талқыланды. Степанов шығып кетті. Жаяу әскер бөлімінің штабынан телефон соқты: Онда біздің эскадрильяның оларға жол ашқаны, бізге алғыс айтқандары туралы хабарлап жатты.

Корпус командирі алғыс жария­лайды! Жігіттер, сіздерге рақмет! – деген дауыс бүкіл блиндажға естіліп тұрды. Осындай жағдайдан соң Степанов басқаша бағыт ұстанды, ол бізге келген полк командиріне баяндап жатты:

Бигелдинов қалай? деп сұрады полк командирі.

Жақсы. Өз ісіне мығым. Паровозға бір атқанда дәл тигізді.

Олай болса жақсы. Тағы да ұшасың. Шаршаған жоқсың ба? Мен қуаныштан секіруге аз-ақ қалдым. Бірінші күні-ақ үш рет жауынгерлік ұшу! Шынында да мен жұлдызым жанған күні өмірге келіппін.

ІІ

...Әр шабуыл сайын мен де үйрене, осының бәріне көндіге бастадым. Ал ұшу барған сайын көбейе түсті, бір күнде төрт-бес рет ұшуға барып тұрдық. Жаумен әр шайқасты толық елестету, еске түсіру барған сайын мүмкін болмады, оның бәрін еске түсіретін уақыт та жоқ еді.

Ескі Курск үшін ұрыстар жүріп жатты. Немістер, әсіресе, Глухая Горушка елді мекені үшін қатты қарсылық көрсетті, себебі, олар мұнда жақсы бекініс жасап алған еді. Біздің авиация бұл ұрыстарға тікелей қатынасты, барлық қолдан келген көмегін аямай, фашистердің алдыңғы майдан шебін соққылады, олардың бекініс позицияларын талқандап, алда келе жатқан техникаларын тоқтатты.

Бұл жолы біз тоғыз болып шықтық. Бізді сегіз истребитель қорғап жүрді. Тапсырма қиын: қарсыластың артиллериялық шебін талқандау, содан соң сол жақпен кесіп өтіп, Ловать өзенін артқа тастап өз аэродромымызға қону. Тек қана осылай жасау. Басқа бағытта «Мессерлер» жол берер емес.

Сағат дәл он бірде полк командирі Митрофанов ұшқыштар мен штурманды шақырып алып:

Ескі Руссо маңында біздің жаяу әскерлер қатты ұрыс жүргізуде. Қарсы­ластар күштерін еселеп қосуда екен. Жаяу әскерлерге өте қиын. Жаяу әскер дивизиясының командирі көмек сұрайды, жаудың жаяу әскерлері мен танк колонналарына жоғарыдан шабуыл жасасақ... Мына станцияда, деді ол саусағымен картаны нұсқап, дұшпандар жаңа техникалары мен тың күштерін топтастыруда.

Басты нысана Глухая Горушка деревнясы. Немістер оның маңына тың күштерін топтастыруда. Мақсат қарсыластың артиллериясын талқандау. Горушка бекінісі өте қиын болуы мүмкін, бірақ алуымыз керек, деп түсіндірді Митрофанов. Тек ақылмен штурмовать етіңдер, бұл жерде тек ыстық жүрек, салқын бас қажет, деп өзінің жақсы көретін мақалын еске салып өтті.

Ұшқыштар картаға үңіліп, бейне шешімін таптырмайтын есепті шығар­ғандай бастарын қатыруда. Олардың әрқайсысы зенитті артиллерияның орналасқанын жақсы біліп, өз ұсыныс­тарын айтып жатты. Мен де бұл ауданда ұшып көрген едім, бірақ үндемедім, жеті рет жауынгерлік ұшудан өтсем де өзімді шәкірт санап ауыз ашпадым. Мен Ржевке, Батыс Двина арқылы Тороповецке, Великие Лукиге, немістердің тобы қоршаған елді мекендерге ұштым. Ловать өзені арқылы ұшып, немістер бекініп алған басқа да елді мекендерді, Семкина Горушканы, тағы басқаларын азат етуге қатыстым. Эскадрилья неміс қоршауларын толассыз атқылап, олар­дың солдаттарын, танктерін және артил­лериясын жоюда ерлік көрсетті.

Біз ұдайы ұшып тұрдық. Алда өз звеносымен старшина Горбачев, майор Русаков, олардан соң старшина Петкиннің звеносы, осында жол бастаушы мен болдым. Ол қалай болып еді? Мүмкін полк командирі әдейі сұрыптаған шығар, бұл топта әр эскадрильяның жаңадан келген адамдары еді. Сондықтан, жол бастаушы ең батыл жігіттерден болды.

Көп кешікпей бізге «Як-тар» қосылды. Олар бізді жоғарыдан да, төменнен де қорғап жүрді.

Орман ортасындағы Глухая Горушка, тағы басқа елді мекендер біздің бағытты айқындайтын нысанамыз еді, олар бізге жақсы таныс болатын. Осында эскадрилья жау позициясын талай атқылады, бірақ олар мардымды нәтиже әкелмеді. Штурмовиктерді жақсы бекінген зенитшілер оғы қатал тоқтатты.

Ұшқан бойда жерден мынадай дауыс естілді:

Сокол! Сокол! бұл бізді шақырғаны, мен Резеда, мен Резеда! Біз БП-деміз, жаяу әскер дивизияның шебіндеміз. Біз олармен байланыста боламыз.

«Ильдердің» үстінен сегіз қызыл истребитель ұшты, олар бізді сақтаушылар.

Майдан шебі көрінді, БП бізге бірден:

Горбатые, горбатые, сақ болыңдар, алда неміс истребительдері, олар алпысқа жуық.

Біздің басымызға: «Біздің құрбан болған «Ильдердің» саны, бізге айтып жатыр» деген ой caп ете қалды. Олар үш бағытта ұшып келеді, бақылаушы баяндауын жалғастырып, біріншісі үш мың метр биіктікте, екіншісі мың жарым метрде, ал үшіншісі еркіндікте бәрі бізге қарай. Истребительдерге арнап: Маленькие, маленькие, горбатыйды сақтаңдар, деді.

Ұзын мұрынды шапшаң «Як-тар» тиісті позицияны сақтап келеді, бірқатары біздің звеноны да қорғап ұшуда.

Ал «Ильдердің» арасы алшақтап барады, от жарқылы байқалады. Бас­таушы оң қанатқа ауысты. Мен маневрді қайталап, от-жалынды айналып өтуге ұмтылдым. Бір «Иль» зенит немесе пулемет оғынан жарақаттанды ма, төмен қарай зулап барады. Оның соңынан екіншісі. «Бұл кім екен, кім екен олар?» деген ой келеді. Бірақ қазір оған уақыт жоқ, ең бастысы жауынгерлік тапсырманы орындау, себебі басқа топтағы ұшқыштардың да, менің де тағдырым тапсырманың орындалуына байланысты.

Русаковтың ұшағына оқ тиді. Қалған штурмовиктер де бөлшектеніп кетудің аз-ақ алдында. Оттың тығыздығы жақындай түсуде. Тағы бір «Иль» бір жағына қисайып, төмен зымырап барады. «Сегі­зін­ші» деймін мен оның нөмерін байқап қалып. Бұл Петкин ғой! деп ойлаймын. Бөлініп, төмендеп тағы бір «Иль» саптан шығуда.

Мен жан-жағыма қарадым. Маңым­да ешкім көрінбейді, аман қалған Горбачевтің звеносы аэродромға қарай ұшып барады. Мен тағы жалғыз қал­дым. Жоқ, жалғыз емес екенмін. Менімен қатарласа Шишкиннің ұшағы келеді. Осы Шишкин мен сияқты жаңа­дан келді. Жігіт жаман емес, өз бетімен лепірмейді, алайда қажет болса ештеңеден тайынбайды, жолдасын жауға тастамайды. Енді топ бастаушы мен, аға сержант Бигелдинов, мен шешім қабыл­даймын.

Жауынгерлік жарақ жетеді, нысана тап төменде. Мен шабуылға көштім, Шишкин менің соңымда. Пушкіден атып, шабуылдан шығарда бомба тастадық.

Төмен қарадым. Онда ештеңені айыру мүмкін емес, көк, қара түтін. Ме­нің ұшағымның қасынан да снарядтар жарылып жатыр. Шабуылдан шыққан зенитшілер ұдайы атқылауда. Олар онша көп емес, бірақ дәлдеп атуда. Енді бірде Шишкиннің ұшағы бір жағына қисаюда. Оның маңында біздің де, немістердің де ұшақтары нағыз шайқастың үлгісін көрсетуде. Біздің истребительдер тіпті аз, бірақ олар Шишкиннің ұшағын атуға мүмкіндік бермеді.

Құлағыма БП-нен:

Маленькие! Маленькие! Қалған горбатыйларды қорғаңыздар! «Мессер­лер­ден» қорғаңдар! Сақтаңдар! деген дауыстар естіліп жатты.

Мен ешқандай «Мессерді» байқама­дым, мүмкін олар бұлттардың әр жағында шығар. Мен жер бетімен ұшып келемін, орманнан жиырма метрдей жерде ғана.

Кенет қапталымнан пулемет пе, мүмкін пушкі ме атылған оқ жарылыс­тарын байқа­дым. Маған қарсы «Мессер» ұшып келеді. Қатты шапшаңдықта ұшып келе жатқан неміс зу етіп өте шықты. Ол бұрылып, менің соңыма түсті. Мен рульді тез бір жаққа бұрып, төмендеп кеттім. «Мессер» пулеметтен оқ жаудырғаны болмаса, ол дарымады, тағы бір қапталымнан өте шықты. Бұл жолы да маған шапшаңдығы көмектесті. Енді ол «Ильге» өте жақын қалды, истребительдің жылдамдығы оған кері әсерін тигізді.

Мені қорқыныш билей бастады. Мен жеке басым үшін қорықпадым, тағы да қалып қойып, топтан бөлінгеніме, мүмкін өзімнің дәрменсіздігіме болар, немістің қарақұсынан сақтана алмағандығымнан шығар. Ол мені шыр айналып, қоршай берді, ал мен оған ештеңе де істей алмадым, истребитель өте жоғарыда ұшты, оған пушкінің, пулеметтің оғы жетпеді, біз тек қарсы келгенде ғана ата алатын едік.

Фашист айнала ұшып, қапталдап қалар емес. «Мені өз окопымның үстінде атып құлатып, өзі сонда бақылап отырғандай, немістердің әуе шабуылын көріп отыр-ау» деген ой келіп, ашу қысты.

«Мен несіне қашамын? Неге өзім шабуыл жасамаймын?» деп ойладым. Шабуыл жасау жоспары аяқ астынан келді. Мен биікке көтерілдім. Неміс менің соңымда. Көз қиығыммен байқап келемін, майдан шебінен өтіп, біз жаққа шығыппыз. Сол бойда менің үстімде, аспанда біздің «Як-тар» көрінді. Бұл маған үлкен сенім, беріктік ұялатты. Өз жеріңде ұрыс жүргізу әрдайым жеңіл. Мен ұшақты тағы да жоғарылаттым, «Мессер» менің соңымда. Тез бір қапталға ұмтылдым. Неміс менің бұл маневрімді түсінбей қалды, бір сәт «Иль-дің» қарсы алдынан шықты, нағыз нысанаға дәл келді. Мен бар күшіммен гашетті бастым, фашистке қарсы барлық күшті аямай оқ жаудырдым. «Иль-ден» бөлінген қызыл шарлар реактивті снарядтар «Мессерге» жауып, оны тура көміп кетті. Жарылыс. Истребитель түтінге көміліп, бір қанаты қисайып, жерге қарай құлдырай жөнелді. Артиллерия позициясына құлаған ұшаққа біздің солдаттар жүгіре жөнелді.

Менің жеңісім айқын: немісті қуып тастадым немесе атып түсірдім. Алайда, мұның барлығын мен эскадрилья командирінің бұйрығынсыз жасадым, өзімнің бастаушымсыз. Тағы да саптан шығып, жалғыз қалдым. Бұл Митрофановтың қатаң ескертуінен соң болды. Біздің бастаушыға ол: «Фашистердің истребительдерімен ұрыс жүргізбеу керек. Ол «Яктердің» жұмысы» деген болатын. Мұнан кейін маған ұшу алаңының қарын тазалауды, орманда бүлінген танкты кесінді темірмен бомбалау тапсырылады.

Ұшақты аэродромға қарай бұрғанда ғана мен мотордың ақаулығын сездім. Ұшақ тіпті ырыққа көнбейді, анықтама құралдан су мен майдың аққанын көрдім. Су мен май кұралдарының істен шыққаны байқалды. Мен машинаны зорға дегенде көндіріп, аэродромға әрең жеткіздім, содан соң әрең түкірдім. Ұшқыштар мені кабинадан шығарып алды, сосын айнала қоршап алып, бәрін сұрап жатыр. Шығындар жайлы да айтты. Тоғыз ұшақтан аэродромға алтауы оралыпты. Оралмағандарды еске түсіріп, үнсіз қалдық. Сосын тағы сөйлесіп кеттік. Менің тірі қалғаныма таң қалысты. Машинаны айнала тексерген механик қалай аман қалғаныма қатты таңданды. Шын көңілімен шаттана:

Міне, нағыз маман! Міне, саған он үшінші! деп қояды.

Шамалы дем алып мен полк коман­диріне шабуыл жөнінде, қаза болған жолдастарым туралы баяндадым.

Байланысшы жүгіріп келді, ол жаяу әскер дивизиясынан келген радиограм­маны оқыды: «Жаяу әскерлер және артиллерия сіздерге көрсеткен көмек­теріңіз үшін алғыс айтады» делініпті.

Сен қалай, неге қалып қойдың, неге кешіктің? деп сұрады ол.

Мен қысылып, не айтарымды білмедім. Шындықты айтып, әуеде ұрыс болғанын жеткізуге батылым бармады. Мұрнымның астынан «Мессер» туралы бірдеңе дедім. Одан бөлініп кеттім. Үндемедім.

Ұшқыштар да үндемеді, олар қаза болған жолдастары үшін қайғырды, олар үшін кек алуға серт берді. Тағы да менің ұшағымды көріп, менің оны қалай қондырып, аман қалғаныма таң қалысты.

Жігіт-ақ екенсің! деп мақтады Пошевальников, сен нағыз ұшқыш боласың!

Бұл мақтау мені селт еткізбеді, ол менің санама да жетпеді. Менің ойымда жолдастарымның көз алдымда қаза болғаны тұрды. Ол өте қиын еді, тіпті басым да жетпеді. Ұшқыштар менің қапаланып тұрғанымды көріп жұбатқан болады:

Не істейсің енді, Толя? олар мені енді осылай дейтін. Біз қазір соғыстамыз. Мұнда басты мақсат өлтіру. Біз өлтіреміз, бізді өлтіреді. Ештеңе етпейді, үйренесің. Алғашқы ұрыстарда біз де сен сияқты уайымдайтынбыз, әлі-ақ үйренесің.

Мен басымды иіп, келістім. Аяғымды әрең сүйреп үйге жеттім, кішкентай пешке шығып, бетімді төмен қарата жата кеттім.

Ертеңгілік байланысшы келді. Мені полк командиріне шақырды.

Менің ойлағаным мені талқылайтын шығар дедім. Екінші рет кешіккенім жайлы сылтау тауып, соңғы ұрыс туралы ойландым.

Митрофанов столдан көтеріліп, маған сынай қарады да сақтана бұрылып:

Бигелдинов, сен не бүлдірдің? Дивизиядан звондады, сені дивизия командирі, Кеңестер Одағының Батыры жолдас Каманиннің өзі шақырады. Жылдам келу жөнінде бұйырды! деп ол сұқ саусағын кезеп қойды.

Неге? Оларға не керек? Әйтеуір бірдеңе айту үшін мен бұрқ ете қалдым, бірақ мен айтпаса да түсіндім, өз еркіммен әрекет жасағаным үшін жауапқа шақырған шығар.

Неге шақырғанын білмеймін! деп Митрофанов екі қолын жайды.

Тоғыз ұшақтың ұшқанын, шабуыл туралы да, шығын жайлы да баяндадым. Сен олар үшін жауап бермейсің. Бұл менің жұмысым. Адамдарды шығындадым, яғни, нашар дайындалдым. Оның несін болжайсың, бара көресің, мүмкін айрықша көзге түскен шығарсың! Ол мені осылайша шығарып салды.

Штабта мені күтіп отыр екен. Адъютант ешқандай хабарлаусыз жіберді. Столда атақты дивизия командирі, даңқты Батыр, полковник Каманиннің өзі. Ол туралы, оның ұшқыш достары туралы көп оқып, көп білетінбіз. Челюскиндіктерді құтқарғаны жайлы біздің полкте әңгіме­леп, оны жақсы ұшқыш, өнегелі командир, адал адам деп мақтайтын. Шындығында дәл сол кезде мен олай ойлаған жоқпын, маған сөгіс беретін шығар деп ойладым.

Бірақ полковник айқайлаған да, ұрысқан да жоқ. Ол столдың әр жағынан тұрды да, менің таң қалғаным маған қолын ұсынды. Мен асығып-аптығып, оның қолын алдым.

Иә, сен сол аға сержант Бигелди­новсің бе, Қазақстаннан, деді. Бұл сұрағаны екенін, анықтағаны екенін білмедім. Сосын артына қарай бұрылды. Мен сол кезде байқадым, ол жақта капитан отыр екен. Бұл сол адам, жаңа ғана сұраған кісіңіз, батыр жігіт, деді. Маған бұрылып:

Бұл кісі біздің дивизияның әскери тілшісі және жергілікті баспасөзге де жазады. Ол оның аты-жөнін айтты, бірақ мен естімедім. Сен туралы, сенің ерлігің туралы жазуға келді. Сен оған «Мессерді» қалай атып құлатқаның туралы айтып бер. Міне, осындай да болған! Бүкіл соғыс барысында «Иль» штурмовигі әуе ұрысында «Мессерді» жекпе-жекте атып түсіруі болмаған жағдай. Осындай да болған! деп жарқын сөйлесті ол. Жарайсың, жігіт-ақ екенсің, нағыз ұш­қыш!

Мен иығымнан тау түскендей болдым. Айтарлықтай жеңілденіп қалдым, сол сәтте дивизия командиріне анықтап қарадым. Ол онша биік емес, біршама толық, алайда жинақы, әдемі кісі екен. Сүйкімді, шашын әдемі тарап қойған, көзі сәл күлімдеп тұратын, жалпы ақжарқын, ақылды кісі сияқты.

Ол журналиске бұрылып:

Мына аға сержанттың не істегенін білесің бе? Ол бір сәтте біздің «Ильдің» барлық мүмкіндігі туралы түсінікті түбірінен өзгертті. Біз, тек біз ғана ма, конструкторлардың өздері олардың штурм және барлау жөніндегі мүмкіндіктерін шектеген еді. Барлық жағынан, дұш­пандардың истре­бительдерімен са­лыс­тыр­ғанда олар­ды ауыр бомба тастаушылармен теңес­тіретін. Ал олар үшін заң: жау истребительдері көріне ме, қашып құтыл, немесе осындай бір амал жаса. Әсіресе, топтасып ұшуда емес, егер жалғыз қалсаң. Олармен күш салыстыру, қарсы ұрысқа шығу туралы ойлау да мүмкін емес. Ал, ол болса ұрыса білді. Ең бастысы оңбағанды жеңе білді. Қалай қарсыласты?! Міне, артиллеристтердің жіберген хабары, ол бір бет қағазды алды, - «жеке жекпе-жек ұрыста №13 «Иль» ұшқышы немістердің әуе шабуылының хас шебері капитан Дитрихты атып түсірді. Ол Испания, Франция және Балқан үшін соғыстарда крест ордендерімен марапатталған. Ол екі жүзге жуық әуе шабуылына қатысып, көптеген ұшақтарды құлатқан» оқып болып, маған қарай бұрылып: Ал, батыр, сөйле, сен оны қалай құлаттың? деді.

Мен бұл арада абдырап қалдым, неге екені белгісіз алғаш келгенде айтатын сөзді қайталап:

Жолдас полковник, ұшқыш Бигел­динов сіздің шақыруыңыз бойынша келді... - дедім.

Жарайды енді, деді командир қолын сілтеп, Сен истребительмен болған ұрысты айт, алдымен отыр! деді.

Мен отырдым. Аяқ киімдерімнен су аға бастады. Тағы абыржи бастадым.

Қане, айта бер! деп дивизия командирі мені қолпаштап жатыр.  Айтпақшы, неге бұл туралы полктен хабарламады? Бұл бүкіл армия үшін ерекше жағдай, ал оларда үн жоқ. Мүмкін орын алған шығын үшін бе?

Мен ештеңе дей алмадым.

Сен өзің байқап отырғандай, «Мессермен»  ұрысыңды истребитель­шілер байқаған, ал жерден артиллеристер көрген. Олар неміс ұшқышты да қолға түсірген. Сол бойда біздің штабқа хабарлады.

Мен айта бастадым. Жаңылысып, үзіп-үзіп әзер сөйледім өте толқып кеттім. Журналист жазып отырды, сұрақтар берді.

Әуе шабуылының хас шебері немісті, деді дивизия командирі, Митрофанов полкіндегі жаңадан келген ұшқыштар атып түсірді дегенде сені көргісі келді, бірақ көре алмады, біз оны армия штабына жібердік. Сондықтан сен Бигелдинов, оны көрмедім деп ренжіме. Сен әлі талайын атып түсіресің, олармен сонда сөйлесерсің. Егер тірі болса оны да көрерсің, деп әзілдеді. Біз күліп алдық.

Үстелдің әр жағынан Каманин тұрды. Мен де орнымнан тік тұрдым.

Жау истребителімен өте жақсы ұрыс жүргізіп, әуедегі батыл қадам­дары, ұшақтың барлық қуатын шебер пайдаланып, штурмовиктердің авиация­лық ұрыста жасаған жаңа қадамы үшін авиацияның аға сержанты Талғат Бигелдиновты ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапаттауға ұсынамын! деді.

Кеңес Одағына қызмет етемін! дедім мен дауыстап.

Қорытындысында Каманин стаканға арақты толтырып құйды да, жауды жеңу үшін, менің табысты ұрысым үшін тост көтерді.

Келесі күні дивизиялық, армиялық, тіпті жергілікті газеттерге: «Советтік «Иль-2» штурмовик жеңіске жетті», «Штурмовик бомбардировщик жау истребителін жеңді» деген үлкен тақырыптармен материалдар шықты.

(Жалғасы бар)

 

1132 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз