• Заманхат
  • 19 Мамыр, 2021

ҰЛТЫНА ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН

Мен өзі руханият ордасы саналатын кітапханада жұмыс істейтініме өте ризамын. Себебі кітапханада сайдың асыл тасындай өз еліне, жеріне адал қызмет жасап, артына жақсы із қалдырып жүрген небір сала қайраткерлері мен майталмандарды, ақын-жазушыларды көп кездестіресің. Бұл шағын мақалам артында мол рухани мұра қалдырған ақын Аманхан Әлімұлы туралы болмақ. 1996 жылы Алматы қаласындағы Алматы облыстық кітапханасында жаңадан қызмет істеп жүрген кезім. А.Әлімұлын алғаш көргенімде тура ақын Мұқағали Мақатаевтың бауыры ма деп таңырқап қалғаным есімде.

Себебі, ақиық ақынды тек суреттен көретіндіктен бе, бір ұқсастығын байқадым. Кітап оқуға жаны құмар, үнемі ізденісте жүретін білімді де парасатты жан еді. Білімді адамның рухани байлығы да бұлақтың суындай кіршіксіз таза болады деген рас екен. Өмірімде осындай адамды бірінші рет кездестірдім. Ақынның көздегені тек білім, қандай тақырыпты қозғасаңда айтары мол, бағыты бар жөн сілтейтін, адами қасиеті жоғары, періштедей көңілі пәк жан еді. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айғайлайды» – дегендей мен сондаймын, мықтымын деп ешқашан өзін үлкен тұлға санамайтын. Керісінше ақиқатты айызы қанғанша айтып, туралықтың жолында адаспаған шығармашылық адамы. Айтар ой көп-ақ. Бірақ әдебиетсүйер қауымға жеткізу де оңай емес.

Аманхан аға кітапха­наға жиі келіп, қазақ, орыс классиктерінің  шығар­маларын түгелдей оқып, санасына тоқып, ұлы ақын Абай айтқандай дү­ние­ге кетігін тауып, қалан­ғандардың бірі. Әлі есімде, Абай, Мұқағали туындыларын тауысып, орыс жазушылары Толстой, Достоевскийдің, т.б. ұлылардың томдықтарына бойлап, өзіне керек деген дүниелерді қорек етіп, өмірлік рухани азық ете білді. Көкірегі ояу, көзі ашық ағамыз жалғыз емес, керісінше нағыз халықтың ұлы бола білді.                                                       

Жазықсызбын дей алман,

                                          жат көріндім.

Жазықтымын дей алмай, ақкөңілмін.

…Өмір деген біреу бар билік құрған,

Билігінен мен соның қақ бөліндімдеп ақын М.Мақатаев жырлап өткендей, біреуге жат көрініп, біреулерге ақкөңіл мінезімен өмірде өзіндік ізін, жолын тапқан ағамыз жан-жағына қарамай тек алған ілімін зерттеп-зерделеумен айналысып, талай шыңды бағындырарына ешкімнің таласы жоқ еді. Өмірге адам болып келіп, бойындағы жиған-терген бар күш-жігерін өз халқына арнады.Кім біледі, намысшыл да өжет ақынның артына қалдырған мұраларын ертеңгі күні зерттейтін біздің жеткіншектеріміздің арасынан Абайтанушы, Мұқағалитанушы сияқты Аманхантанушылар да табылар.

Шыншыл ақын өте қарапайым бол­ды. Қолынан келген жақсылығын да жа­сап, кішіпейілділігін де көрсетті. «Тір­лікте қысқа жіпке келетінге, 
Ұмыт­­­па жүргеніңді жел өтінде. О, інім, ақын болып тусақ егер, Шы­­­­ғар­­­мыз ақын болып өлетін де» – деп жырлаған аңқыл­дақ, елгезек ағамнан айрылып қаламын деген үрейдің ауылы алыс-ақ еді. Өкінішке қарай, қаралы хабарды әлеуметтік желіден  естігенде төбемнен суық су құйғандай, денем шымырлап сала берді. Бойында қазақ еліне жететін сан ғасырлық  руханияты мол, талай көмкерілген көркем дүниелер  келері сөзсіз еді. Сыршыл да, лирикалық толғаныстарымен ерекшеленген, әдебиет саласына сіңірген еңбегімен оның аяулы есімі ешқашан ұмытылмайды. Белгілі ақын Есенқұл Жақыпбековтің сөзімен:

«Ескі доспен кездескенде,

Есім шығып шын қуанып,

Өмір өтті-ау зырғып ағып,

                                          зырғып ағып.

Өсем деген ұлды бағып,

Кетем деген қызды бағып.

Өмірімнің бара жатыр, жұлдызы ағып»дегендей, міне өмірден өткеніне де бір жылдан асты. Қайран өмір! Не шара, маңдайға жазылған тағдырдан қашып құтыла алмайсың. Ендеше «Ұлт патриоты» болған ақын ағамның шығармашылық еңбектері ешқашан өлмейді деген нық сеніммен отбасына амандық тілеймін. Әдебиет сүйер халқы тұрғанда ақын Аманхан есімі ұрпақтар жадында мәңгі сақталады.

Гулнар Шегенова,

С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық кітапханасы

Талдықорған қаласы

781 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №6

30 Маусым, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы