• Тарих толқынында
  • 19 Мамыр, 2021

ТАРИХ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ТАРЛАНЫ

Қайни Шаймерденова,

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті

Шеқара қызметі академиясының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

Әр халықтың тарихында өшпестей із қалдырған, қастер тұтатын  уақыттары болады.  Қазақстан тарихында сондай уақыт – тәуелсіздік алған кез. Мінеки тәуелсіздігіміздің аттай  30-жылдығын биыл атайық деп отырмыз.  Отыз жыл деген тарих үшін қас-қағым уақыт. Кешегі отаршылдық кезеңге зер салсақ,  қазақтар өз жерінде  300-ден аса ұлт-азаттық күреске шыққанын білеміз.

Ұлт-азаттық қозғалыстартың ішіндегі 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы көтерілістің маңызы  өте айрықша, өйткені  ұзақ жылдар қазақ ұлтының бойында тұншығып, булығып келген ыза желтоқсанда жарылды. Бұл жарылыстың күшті болғаны сондай, тіпті күллі әлем дүр сілкінді. Бірінші –  Варшава шартына топтасқан социалистік елдер КСРО-дан іргесін аулақ салуға ұмтылды. Ал екіншісі – КСРО-ның өзін құраған одақтас республикалар тәуелсіздік үшін күресті бастап кетті. Сонымен, XX ғасырдың аяғында Қазақстан және басқа да республикалар аңсаған азаттығына қол жеткізді.

«Ел ерге қарап, Ер жерге қараған»  1986 жылғы қиын-қыстау кезеңде Ұлт намысын ту етіп, әлемнің ең үлкен мінбелерінен сөз сөйлеп, қазақтардың мерейін тасытқан қазақтың бетке тұтар азаматтары сол кезде елдің рухын көтерді.Соның ішінде  Мұхтар Шахановты атауға болады.  Ұлы азамат, ыстық жүректі  қайраткер қазақтың тағдыры мен тілін қорғап, сол кезден-ақ жүрегі тілім-тілім болып, қазақтардың келешегі үшін отқа да, суға да түсуге, тіпті аштық жариялауға да даяр болған қазақтың дара перзенті.

1989 жылы 6 маусымда Мәскеудегі Кремль сарайында Мұхтар ағамыз сол кезде КСРО халық депутаты, съездің 10-шы күні болса да, ақыннан қауіптеніп съездегі орыс басшылары сөз бермеген. Сонда М.Шаханов ретін тауып, Арал мәселесін айтамын деп 3 минуттық сөз алған.

Үш минуттың ішінде Қазақ ұлтының айдарлы перзенті Қазақстанды жарқын болашаққа бастайтын жолға бетін бұрды. Айта берсек,  сол кезде Қазақстанның талай азаматтары бас көтеріп, келешегін ойлай бастады.

Мұхтар ағамыздай елдің мүддесін ойлаған, қазақтың келешегін, тәуелсіздігін аңсаған шынайы азаматтардың бірі, қазақтың көрнекті тарихшысы, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлы­ғының иегері,  ҚР ҰҒА академигі, ғылым мен техникасына еңбегі сіңген  ғұлама ғалым, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында 50 жылдай қызмет атқарған, Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық университеті, Қайнар университетінде және өзге де жоғары оқу орындарында дәріс оқып, ғылыми конференцияларға қатысқан ардақты тұлға, ұлы ғалым Кеңес Нұрпейіс еді.

Ең алдымен, Кеңес ағаға ғұлама ғалым ретінде сипаттама берейін. Кеңес Нұрпейісұлының терең ойлайтын ғалым екенін байқадым. Ол кісі Отан тарихының өзекті мәселесін, яғни Кеңес үкіметінің қалай орналасқанын, оның ішінде Алаш зиялыларын зерттеді. Менің әкем кезінде Алаш зиялыларының мүшесі болған, көп қорлық пен зиян көрген адам еді. Ресей жеріне қашып, атылудан құтылып кеткен. Сондықтан болар, Кеңес ағамен Алаш зиялылары жөнінде әңгімелесуді жақсы көруші едім. Ағаның «Алаш һәм Алашорда» кітабын бас көтермей оқып шықтым. Басқа да еңбектерімен  жете таныстым.

Кеңес Нұрпейісұлының ең соңғы еңбегі елдің арасында көп тарамаған. Ол еңбектің аты – «Қайсақ. Қырғыз. Қазақ» деп аталған. Бір күні жұмысымдағы генерал шақырып, кірер бөлімшесінде отырсам, үстелдің үстінде «Шекарашы» атты журнал жатыр екен. Ашып оқысам, Кеңес ағаның мақаласына тап болдым. Генерал адъютанттан мақала жөнінде біліп, 10 дана етіп көбейтіп берді. 2007 жылғы шілде айының 5-6 нөмірінде жарыққа шыққан екен. Эпиграфқа Кеңес аға белгілі ақын Қадыр Мырзалиевтің  өлең жолдарын келтірген:

«Кең болғанмен соншама қыр біздегі

Өз жерімде өзімді жүргізбеді.

Қазақ деген атымды тартып алып,

Қырғыздарға қосақтап,

Қырғыз деді!».

Қандай тамаша, бар шындықты айқындайтын сөздер! Кеңес аға үлкен өкінішпен, ауыр күрсініп отырып жазады: «...орыс халқы өкілдерінің сібірлік қырғыздармен (Енисей мен басқа да Сібір өзендерінің аңғарларын XVII ғасырға дейін мекендеген қырғыздармен) қазақтардан бұрын да аралас-құралас жүргендері тарихтан белгілі».

Одан кейін ғалым Міржақып Дулатовтың 1923 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында жарыққа шыққан «Қазақ, қырғыздың аты, тегі» туралы  мақаласын талқылаған. «Орыс­тың ұғымында «қырғыз»  деген сөздің өзі жау, шабағаншыл мағынасында орнап қал­ған», – деген.

Міржақып Дулатовтың айтуынша, «қазақ халқына күштеп тағылған «қырғыз-қайсақ», «қырғыз-қазақ», «қырғыз» атаулары орыс тіліндегі әртүрлі әдебиетте және құжаттарда XVIII ғасырдың 20-30 жылдарынан бастап тарай бастады. Бұл сөздерді айналымға енгізгендер Оңтүстік Орал мен Сібір арқылы қазақ аудандарында болған патша үкіметінің әскери, дипломатиялық және жергілікті басқару қызметкерлері болды», – деп мәлімет береді.

Бұл орайда ол «қазақ-орысты казак­тармен  шатастырмау үшін патша әкімшілігі ресми түрде қазақты «қырғыз» деп атап, ал нағыз қырғызды «қара қырғыз» деп атады» дейді.

Және ғалым Ш.Ш.Уәлихановтың «Қырғыз-қазақтардың дұрыс аты «қазақтар», деп жазған сөзін негізге алады [6,б.197].  Ш.Уәлихановтың «қара қырғыз» аталып кеткен қырғыздар Ыстықкөл бойының Текес жоғарғы ағысының Шу мен Талас өзендерінің  аңғарын, Тянь-Шань тауының күнгей жағын, сонымен бірге, Памир таулы жазықтарын мекендеді», – дегенін келтіреді.

Барлық қазақтарға қазір танымал журнал «Айқап» пен «Қазақ» газет­терінің беттерінде де кезінде  зиялы алашордалықтар қазақтардың атын бұрмалау жөнінде бірқатар мақалалар жариялаған. 1913 жылы «Қазақ тарихы» атты мақалада бір жазушы: «Қазақ – қазақ, қырғыз өз алдына қырғыз, бұлардың арасында ешбір ілік жоқ» деген. Әрі қарай автор «Қазақ қазақ болып қалу үшін өзіміздің әдет-ғұрыпқа сай қазақ мәдениетін құрып, қазақ әдебиетін түргізу қажет» деп аяқтаған.

Кеңес аға мақаласында 1920 жылы құрылған республикамыздың ресми түрде РСФСР-дің құрамында Қырғыз Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы болғанын ескерте отырып, Республика атауы бұрмаланып, Қырғыз АССР аталғанымен, әрбір қазақ өзін қазақ деп атады дейді. Осы кезде қазақтың бетке ұстар азаматтары Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Міржақып Дулатов, Сейітқали Мендешев, т.б. өткен ғасырдың 20-30 жылдарында  жауапты партия және совет қызметінде, оқу-ағарту салаларында қызмет атқарған азаматтар қазақ халқының тарихи шын атын өзіне қайтару үшін аз тер төккен жоқ, – дейді Кеңес аға. Әсіресе, ғалым Сәкен Сейфуллиннің мынандай пікірін келтіреді: «Партияның әм Совет үкіметінің жалпы істеріне, жалпы бағытына ең үлкен қатерлі, үлкен кеселді, зиянды нәрсе – бұрынғы ұлық, қожа болып қалған зор ұлттан шыққан «өзімшілдік», «отаршылдық... ең аянбай күресетін затымыз осы» деген аяулы сұлу ағамыз.

Кеңес Нұрпейістің ғылыми жетістіктері:

1963 ж. – канд. дисс. «Солт.-Қазақстандағы жұмысшы тап пен крестьяндардың билікті орнату мен нығайтудағы күресі;

1973 ж. – докт.дисс. «1917-1929 жж. Қазақстандағы крестьян кеңестері»;

 Кеңес үкіметінің Қазақстанда орналасуы, «Ғылым» басп., 1987 ж.;

АЛАШ һәм АЛАШОРДА (Алматы, «Ататек», 1995);

20-дан астам монографиялар, кітапшалар, оқулықтар,

500-дей ғылыми-зерттеу мақалалар.

50 канд. және 10 докт. диссертация.

2015 ж. Кеңес Нұрпейістің шығар­маларының жинағы.

Кеңес Нұрпейісұлының ғылыми еңбектері туралы көп айтуға болады. 2015 жылы шыққан шығармаларының жинағында XX ғасырда өмір сүрген және қазақтың келешегін ойлаған, тәуелсіздігін аңсаған қайраткерлер, ғалымдар, жазушылар жөнінде жазған ең құнды мақалалар жинағы жарық көрген. Ішінде қазіргі заманға да, қазіргі биліктегі басшыларға да сипаттама берілген. Ең соңғы мақаласы  «көмусіз қалған боздақтарға» арналған. Осы мақалалар жинағынан біз Кеңес ағаның қандай ыстық жүректі ғалым болғанын байқаймыз.

Екіншіден, Кеңес ағаның адами қасиеттеріне тоқталғым келеді. Мен бұл кісіні «Қазақтың үлкен тұлға баласы» дер едім.  Меніңше, жақсы адам болу – барлығына бірдей беріле бермеген қасиет. Адамда жақсы қасиеттер де, жаман қасиеттер де бар. Бірақ  біреулерде жақсылық жағы көбірек болса, екіншілерде жаман қасиеттер молырақ болады.

Кеңес ағада тек жақсы қасиеттер ғана болды: себебі бала кезінен қиянатты көп көрген кісі еді. Сондықтан, аяушылық, қамқорлық, жәрдемділік қасиеттері көзге ең алдымен түсетін. Жастарға ақыл айту, түсіндіру, талай азаматтарға қол ұшын беру,  жас ғалымдарға аянбай ғылыми көмек көрсету абзал ағамыздың бойындағы ең ғажап  қасиеттері еді. Ғылыми кеңестерде, ғалымдардың арасында болатын пікір таласта Кеңес аға қызбалыққа салынбайтын, қайта оппоненттерін тыңдап, өзінің көзқарасын ашық жеткізетін.  Егер өзінің қателескенін білсе, кешірім сұраудан да тайынбайтын, кек сақтамайтын.

Үшіншіден, Кеңес ағаның отбасындағы  қарым-қатынас бәрімізге үлгі еді. Әсіресе, анасына деген құрметі, ізеті таң қалдыратын. Жасынан жетім қалып, нағашы апасының қолында өсіп, сол кісіні Ана атап, күткені көз алдымда.

Анасы қайтыс болғанын естіп, Шол­пан Керімтайқызы екеуміз көңіл айтуға барғанда, анасы туралы маған өте көп әңгіме айтты. Әрине, осындай тамаша адамның тәрбиесін көрген, жақсы қасиеттерін үлгі тұтқан Кеңес аға ең керемет азамат болып өскен, анасын үлкен құрметпен соңғы жолына шығарып салған. Анасы сегіз қырлы, бір сырлы  жан болған екен: шебер тігінші, тамаша тоқушы, әнші, сұлу жан болған кезінде.

Кеңес ағаның шын туған күні – 8 наурыз дейтін өзі. Бірақ та әйелдер мерекесімен сәйкес болған соң, қашан да бөлімінде 15 наурыз күні туған күнін тойлайтынбыз. Көктем кезінде жаңаратын жердің беті сияқты, Кеңес аға да туған күнінде  қайта жасарғандай болатын еді. Өкінішке қарай, тамаша адам өмірден тым ерте кетті. Бірақ та біздер үшін ағамыз әлі тірі, өйткені айтқан сөздері, істеген істері, жазған еңбектері ешқашан ол кісіні ұмыттырмайды, еске салып тұрады. Және де ғалымның зерттеген тақырыптары  әрі қарай жалғасын тапты.

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қазіргі директоры, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Зиябек Ермұқанұлы Қабылдинов ардақты ағамыздың еңбектерін  жалғастырып, жаңа ғылыми  құжаттар тауып, Қазақстан тарихына көп үлес қосып жатыр.

Мысалы, жуырда  Қазақстан тарихын 7 томдық етіп  жаңа көзқараспен жазуға ғылыми кеңесте жоспар құрылды. XX ғасырдың 20-30 жылдардағы аштық жөнінде  де  жаңадан  пікір талас  өтті. Алаш зиялылары жөнінде тағы да жаңа құжаттарды тапқан. Яғни, капитан Тоқтамышев Хамит азамат соғыс кезін­де бірінші алаш әскери полктарын, бригадаларын құрып, Алаш-Орда үкіметінің бірінші әскери министрі болыпты. Азамат  Хамит Тоқтамышев Омбы қаласында туып-өскен. Кезінде  сұлтан  Ғабдул-Хамит Нығметолла  орыс әскерінің офицері болған екен. Омбыдан  Семейге Алаш-Орда үкіметінің басшыларының шақыруымен барып, азамат соғысына алдымен ақтар жағында, кейін қызылдар жағында қатысқан. 1919 жылы қытай шекарасынан  отбасымен өтіп бара жатқанда, большевиктер ұстап алып, атылған. Аруақтың аты әлі де ақталмаған, дейді Зиябек Ермұқанұлы.

Тарихты дұрыс жазу қазіргі заманда өте қиын. Ал шындықты келешек ұрпақ­тарымыз білуге әбден құқығы бар. Бұл орайда тарих үшін ерен еңбек сіңіріп, мол мұра қалдырған Кеңес ағаның аяулы есімі халқымен бірге мәңгі жасай берері сөзсіз.

1343 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз