• Тарих толқынында
  • 19 Мамыр, 2021

БАЙРАҚТЫ БАТЫР – ЕР ҚАЗЫМБЕТ

Райхан Сұлтанбекова,

ҚР Халық ағарту  ісінің үздігі, Құрметті

спорт қайраткері  

Төбеңнен елдік нұрын тұрған құйып,

Өмірде еш нәрсе жоқ тудан биік.

Несіпбек Айтұлы

Тәуелсіздік қандай асқақ ұғым! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат», деп атап өтуі тегін емес. Қазақстан тәуелсіздігін алған 30 жылдың ішінде жасампаз жаңа дәуірге қадам басты.

Тәуелсіздік жолында күрескен батырлардың мәңгі бейнелері ел есінде сақталады. Тарихсыз елдің болашағы жоқ. Қазақ халқы небір қилы замандарды бастан кешірді. Сол қиын-қыстау кезеңдерді өткеріп, осы күнге дейін жеткен халықтың ұрпағы екеніне масаттанасың, жүректі мақтаныш сезімі билейді. XV ғасырдың 50-жылдарынан бері қарай «Қазақ» деген этникалық атауы түпкілікті айқындала бастаса, ал халықтың жойылып кетуіне шақ қалған кезеңі XVII ғасырдан басталып, XVIII ғасырдың орта тұсына дейін жалғасты. Қазақ халқының басына қаралы күн туған шақтарда еліне демеу, жұртына қорғаныш болған тұлғалар да халықпен қатар өмір сүрді. Шапқыншылықтан елін, жерін қорғауда, азаттық үшін күресте айрықша қаһармандық танытқан, тарихи тұлғалардың бірегейі – Қазымбет батыр.

Қазымбет – қазақ-қалмақ соғысының батыры. Қаракерей Қабанбай мен атақты батыр би Боранбайдың сенімді сардарларының бірі. Қазымбет Қабанбай қолының ту ұстаушысы болған. Хан батыры – Дарабоз Қабанбай туралы жыр-дастанда: «...Ту астында тулап өлген Қазымбет...» деп көрсетілуі соның айғағы. Қысқасы, Қазымбет батыр еліне қорған  болған бабалардың ақ жолына дақ түсірмей өткен киелі буынның үздік өкілі.

Сұрасақ арғы атамды бес байысты...

Бес байыс жиналғанда жер қайысты,

Қалмақтың алатайын қойдай талап,

Келгенде Өкпетіге олжа алысты.

Атам аты Сармырза, шешем Мұрын,

Жеті-ата Жолымбетке құйған нұрын,

Шерубай, Ертәукебай, Тана мырза

Қай қазақ сөз сөйлеген бұдан бұрын.

Бергі атам Ер Қазымбет қайсар еді,

Дұшпаны қарсы келген тайсап еді,

Жілігін жау сындырған байлап алып,

Қалмақты қара құрттай жайпап еді.

Қазымбет батыр Аягөз ауданының Тарбағатай өңірінде дүниеге келген. «Сәмеке ханның тұсында қалмақтың Қалдан Церен ханы қазақ жеріне шабуыл жасағанда 17 жасар Қазымбет осы шайқасқа қатысып, жекпе-жекте қалмақтың Жолан деген батырын өлтіреді. Ол жоңғар-қалмақ шайқастарына қатысып, көптеген ерліктер көрсетеді. Батыр бабаның тек ту астында тулап өлген соңғы ерлігі ғана үлгі емес, оның бала кезінен жасаған батырлықтары қаншама ұрпаққа үлгі-өнеге. Сол бір «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» аталған зарлы замандарда үнемі жау шабуылына ұшырап, қырғын тауып, қан жұтқан кездерде аталарымыз бесіктен белі шықпай жатып, ат құлағында ойнап, бес жасында садақ тартып үйренген. Ыстық-суыққа бірдей төзімді, баршылық пен жоқшылыққа мойымайтын қайратты болып өскен, сонымен қатар олар нағыз даланың бөрілері еді. Туған жерден қуылып, қарындастан айырылып, тоз-тозы шықса да, көсемдері мен батырлары елге қорған болып қоймай, даланың ерлікке толы заңын ұрпағына үйреткен. Амалдап ұрпақ сақтап қалып отырған. Хандар мен билеушілердің алауыздықтарынан қара халық зардап шеккен. Ондаған мың жас бала опат болып, ондаған мың ару жар құшағынан айырылған қасіретті кезеңді көз алдыңа елестетудің өзі қайғылы. Алмағайып замандардағы жастар ерлігін «Жау жүрек мың бала» кинофильмі барынша сомдаған. Жаугершілік заманда он үштегі бозбала отау иесі атанып, жеке жауынгерлік қару-жарақ пен атқа ие болған. Елі менен жерін қорғау жолында қаншама жас қыршын кетті.

Біздің заманымызда жаудан жеңіліс тауып қаза болған азаматтарымыздың есімдері толық сақталмаған. Әйтпесе... Ал ерлік ісі үлгі боларлықтай батырлар мен жастардың жеңісі халық аузында жырланып, ұрпақтан-ұрпаққа жетті.

Қазақтың қай батыры болса да, оның аты бала кезінен-ақ ерлікпен танылып, ел аузында аттары аңызға айналған. Соңғы жорықта Қабанбай батыр мен Боранбай батыр жас кезінде жауды бөгеп қыршынынан қиылған боздақтарды еске алып, ағыл-тегіл жылаған деген сөз бар.

Иә, талай боздақ елі үшін мерт болды. Ол кезде қысыл-таяңда ер жас болса да жауға шабуға рұқсат сұрау ата салты болған, мысал ретінде Қазымбет атамыздың ауыздан-ауызға алғашқы ірі жеңісі туралы аңызды еске түсірейік.

Жоңғарлардың оңтүстіктен селдей тасып, қазақ жеріне анталай енген кезі болу керек. Орта жүзге дарынсыз хандардың бірі Сәмеке иелік етсе керек. Жетісудың шұрайлы жерінің көбін, Алтай-Тарбағатайды жоңғар қалмақтары басып алыпты. Кейінгі итжығыс ұрыстарда найман тайпасы бас болып талай-талай ұрыс салыпты. Жоңғар қолын әлсіретіп, бірде жеңіп, бірде жеңіліп, ес жинай бастаған екен. Осындай бір ұрыста Қазымбеттің әкесі Құттымбет батыр жараланып, қол бастауға жарамай қалады. Дәл сол кезде наймандарға жоңғар қалмақтары тұтқиылдан шабуыл жасайды. Сәмеке хан тез-тез хабаршыларын жіберіп, қарсы әскер жинайды. Сол кезде Қазымбеттің бұрын қанша шайқасқа қатысқанын кім білсін, енді ол он жеті жасында қолына ту ұстап, өз аталастарын әкесі Құттымбеттің орнына жауға қарсы соғысқа әзірлеген екен. Бірақ алғашында Құттымбет батыр Қазымбетті баласынып, оған рұқсатын бермеген екен. Сонда Қазымбет: «Әке, ел шетіне жау келсе, «жаспын» деп жата көрме, не күші көп «баспын» деп аса көрме, шайқас, жеңемін деп алыс, батыл бол, жеті атаң жаудан жеңіліп көрмеген, бәрі де өз ажалынан өлген. «Қорыққанды оқтың өзі іздеп табады» деп айтатын ақылыңыз қайда? Мен бала емеспін. Батаңызды тездеп беріңіз. Сәмеке ханның қолына уақыт оздырмай қосылуымыз керек» – деген екен. Сонда қарт батыр орнынан тұрып:

«Тапсырдым бір өзіңді хақ тағала,

Аттады хан тайпаға бір жас бала.

Сол балама оң сапар берсін Алла,

Қолдасын аруағы ата-баба.

Ел қорғау ұрпағыма болған мұра,

Аталар көп айқасқан жаумен дара.

Солардың жолын берсін хақ тағала,

Қорғаса ата аруағы жау ала ма?

Я, Алла, балама абырой мен қайрат бер,

Жеңімпаз атандыр да айбат бер,

Рұқсат, ақ батамды бердім балам!

Дұшпанды малша қуып, айдап кел», – деген екен. Бес мыңдай қолға қарсы екі мыңдай жауынгер дайындап үлгерген Сәмеке ханға жас Қазымбет келіп қосылады.

Сонда 17 жасар Қазымбет хан алдына барып, жекпе-жекке шығу үшін бата сұраған екен.

Хан:

– Әй балам, сен тым жас екенсің, анау қалмақтың бас батыры Жолан талайды көрген жырынды, алапат күш иесі, жасы да анағұрлым үлкен, өзіңе-өзің сенбесең, шықпай-ақ қой. Жеңіліп, опат боларсың – депті.

– Жоқ, хан ием! Мен өзіме-өзім сенемін. Жіберіңіз, бата беріңіз, – депті жұлқынып.

– Тұла бойың тұнған күш, жүректі жассың мәрт мінез. Жеңіп жауыңның басын ал.

Опасыз жаулаушы екі жақ бір-бірімен  бетпе-бет келгенде, алдымен олардың бас батырлары жекпе-жек шайқасқан. Жекпе-жекке шыққан қалмақтың бас батыры Жолан жас арыстандай жалынды жас батыр Қазымбеттің көзіне көзі түсіп, ажалы келгенін сезгендей, бірінші болып кезек сұрайды. Қарсыласының мысы басып, құты қашып жоңғар жебесі адасып далаға кеткен екен.

Кезегін алған Қазымбет батыр қозы жаурын жебесін шірей тартқанда, оқ қақ жүректің тұсынан өтіп, Жолан жерге өкіріп құлайды. Мұны көріп тұрған қалмақ ханы Қалдан Церен Қазымбетті қоршап, қолға түсіруге бұйырыпты. Арыстанша алысқан жас батырды өзгелер келіп құтқарған екен.

Жоланның басын Сәмеке хан алдына тастаған батырға барлық сардарлар мен сарбаздар риза болыпты. Саны аз болса да жас батыр ерлігімен жігерленген қазақ қолы жоңғарларды жеңген екен. Осы жеңістен кейін 17 жасар Қазымбет Сәмеке ханның жасағына бас қолбасшы болады. Осыдан кейін де жоңғар-қазақ арасындағы қантөгіс ондаған жылдарға созылады. Ірілі-кішілі сансыз ұрыстар болады. Соның көбі тарихшылардың айтуынша Аягөз-Алакөл маңында болған. 1723-1727 жылдардағы ірі соғыс Аягөз өзенінен 10 шақырым Қарауыл маңында өткен. Онда қазақ хандарының алауыздығынан қазақ әскері жеңіліс табады. Балқаш пен Алакөл аралығында Аягөз өзенінің Балқашқа құяр сағасында қанды қырғын болған. Алакөлден солтүстікке қарай Қаракөл тұсында, одан кейін үш Ақшәулі төңірегінде, Еңірекейде, Ащысу, Тарбағатайдың өкпетісінде, Қабанбай асуында болған ұрыстарда қолбасы, он мың басы болған. Ақшәуліде болған ұрыста Қазымбет батыр ту ұстаушы болып қатысқан. Шайқас үш күнге созылды.

– Ана ту ұстаған батыр мен қорғау­шыларын құртыңдар! Сонда жеңеміз. Ту құласа, қазақ әскері қаһарынан айырылып, қойдан жуас болады, – деп жау қолбасшылары жанталаса бұйрық берді. Бір лек әскер төбе басындағы тушыға қарай ұмтылды. Арындап келген жау қолы қатты күтпеген қарсылыққа тап болды. Өлсе де беріспеуді мақсат тұтқан қазақ жауынгерлерінің қатары сирегеніне де қарамай найзаласады. Қан суша ақты. Ер серігі болған аттар кісінеп, жараланып, құлап жатты. Бір топ жаудың мергені ортаңғы шепті бұзып, тушыға тым таяу келді. Сұр мергендер тушыны көздеп, садақтарын тартты. Осының бәрін көріп тұрған Қазымбет батыр іштей Алладан тілек тіледі: «Иә, Алла, жанымды алсаң да, халқымның туын жыға көрме. Өлсем осы туды тік ұстаған күйімде абыроймен өлейін. Қуат бер, Алла!» – деп туды сығымдай ұстап, ұзын сабын үзеңгі астынан өткізіп, жақсылап бекітіп алды. Астындағы аты да иесін түсінгендей болды.

Жануар қасқайып тұр. Осы сәтте бірнеше оқ ысқырып өтті. Тіпті біреуі оң жақ иығының үстінен зу етті. Енді бір сәт қос жебе сол қапталдан өндіршектен қадалды. Тағы бір екі жебе қара санға тиді. Өзге жерден гөрі өндіршектен тиген оқ ащы болады екен.

– Иә, Алла, халқымның амандығы үшін аттан құлата көрме, туым жығылмасын! Жаным – арымның садағасы. Тек аттан құлатып, туды жыға көрме, – деп соңғы тілегін айтып, қос қолымен туды кеудесіне қарай қапсыра берді. Жауды қуып тастаған Қабанбай бастаған топ өзіне қарай шауып келеді екен.

– Қайран боздағым-ай, батырым-ай! Жайшылықта сұсты көрінетін алып батыр Қабанбай ентелей келіп, ат үстіндегі Қазымбетті құшақтап жылағанда, сақалынан тарам-тарам жас сорғалады.

– Қормалым-ай, сенің ерлігің ғасырлар бойы үлгі болады, батырым! Күллі қазақты құтқардың.

Қабанбай батырдың жылағаны өзгелердің сай-сүйегін сырқыратты. Қазымбет батыр 52 жыл бойы ат үстінде жүріп елін, жерін қорғапты. 69 жасында қазақ жасағының туын жықпай, ту түбінде мерт болған.

Қазақтың көрнекті жасампаз рухты ақыны Несіпбек Айтұлы Қазымбет батыр туралы поэмасында «Өзі өлсе де туын жықпаған Отансүйгіштіктің майдан даласындағы ерекше көрінісіне» жырдан монумент тұрғызғанын – осынау елдің есінен ұмытылған сөзсіз ерлігін халық өлеңімен де ұштастырып, мағыналық тұтастық беріп тұрғандай:

 Жалғыз тұр ту ұстаушы дөң басында,

Көргендер аң-таң қалды алғашында,

Байрағы қолындағы желбірейді,

Өзінің көрінбейді жан қасында.

Болмастан ойларында ешбір қауіп,

Батырлар сатырлатып келді шауып,

Күйінде ту ұстаған қатып қапты,

Өлсе де құламаған аттан ауып.

Қос жебе қатар тиіп өндіршектен,

Аққан қан омырауын кеткен жауып,

Аты да астындағы қозғалмайды.

Тізгінін тұқыртыпты ебін тауып,

Қаруы жерде жатыр саудыраған,

Екі көз жұмылмапты жаудыраған,

Дегендей не қыласын енді маған?!»

Қорыта келгенде, ақын жырлағандай Қазымбет бабамыздың ерлік өмірі халық арасында аңыз болып, елдің құлағына әр кезеңде кәусар бұлақтай құйылып отырған.

Қазымбет батыр аңызда ғана аты аталған белгісіз көмескі жан, не болмаса ақынның қиялынан туған әдеби кейіпкер емес, ол қазақ тарихында өшпес із қалдырған ержүрек батыр тұлға. Отанын, жерін құлай сүйген ержүрек азамат.

Тәуелсіздік – сан ғасыр бұрын бабалардың қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі.

Мақсатымыз – бақытты ел болу және заманмен бірге жаңару, тәуел­сіздіктің туын биік ұстау. Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі қазақ халқының сан ғасырлар бойы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр. Бүгінгі қазақ елі – сол бабалардың заңды мұрагері.

Ұлан-ғайыр жері бар, ұлы мұратты елі бар, бабалар жазған ұлы тарихымен көз тіккен ұлы болашағы бар қазақ халқы – ұлы халық!

Біздің халқымыз ешқашан мызғы­майтын, жыл өткен сайын нығайып, беки түсетін Мәңгілік Тәуелсіздіктің иесі. Тәуелсіздік толғауы жас ұрпақтың жадында жаңғырып, Тәуелсіздік Рухы әрбір Қазақстан азаматының жүрегінде тербелсін!

«Өмірі тарих-дастан,

Әлемге даңқы асқан.

Бүгінде болашаққа

Сеніммен қадам басқан.

Көгінде көк туымыз,

Көк байрақ желбірейді

Кеуде де тулап жүрек

Көргенде елжірейді», – деп ақын жырлағандай жүректі мақтаныш сезімі билейді. Иә, кешегі Қазымбеттей бабаларымыз жықпай ұстап қалған туымыз, көк байрағымыз көгімізде мәңгілікке желбірей берсін!

Күн артынан күн туар,

Жыл артынан жыл туар.

Бабамыз – деп Қазымбет

Іздейтін қашан ұл туар! – дегендей Қазымбет батыр ұрпақтары Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласының  Әскери қалашық деп аталатын ықшам ауданында қалалық әкімшіліктің қолдауымен Қазымбет батырға ескерткіш орнатқалы жатыр. Іске сәт. Қазымбет батыр ұрпақтары қазіргі кезеңде бабамызды еске алу мақсатында әңұран ретінде «Бүгінгі мынау азат күн» әнін айтып жүр.

 Қылышы қолындағы жарқылдаған,

Көрген жау құты қашып

                                         қалтыл­даған.

Арқырап астындағы ақбозаты,

Үстінде қыран кие саңқылдаған.

Қол бастап шыққан кезде

                                              байрақ алып,

Алдында жау жататын

                                             жайрап анық,

Жілігі аяғының үгілсе де,

Шайқасқан қанжығаға байлап алып.

Бауырында Үштөбенің тұрақтаған,

Мекенің болсын мәңгі жұмақ, бабам.

Жаны ұшып кеудесінен кетсе-дағы,

Жалауын Қазағымның құлатпаған.

Қарсы алып елім бүгін ерек таңды,

Өшпейтін ерлік жайлы дерек қалды,

Тұрғандай Ер Қазымбет рухыменен,

Алаштың көк байрағын демеп мәңгі.

Қазақстанның жұлдызы жоғары, мәңгілікке жолы нұрлы болсын!

2631 рет

көрсетілді

64

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз