• Ел мұраты
  • 19 Мамыр, 2021

МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚАЛАЙ ДАМЫТАМЫЗ?

Айбын Төрехан,

профессор

Халқымыздың ертеден келе жатқан дәстүрлі шаруашылығы – жайылымдық мал шаруашылығы.Қазақ халқының тұрмысы, тіршілік деңгейі мал шаруашылығының өркендеуімен анықталды. Мал шаруа­шылығы жайылым ауыс­ты­­рып отыруды талап ететін көш­пелі  жүйе  бойынша дамығандықтан баба­ларымыз көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтын ұстанды. Жартылай көшпелі үрдіс көктем, жаз, күз мезгілінде жайылымның ыңғайына орай өріс таңдап, қоныс аударып отыратын, ал қыс мезгілінде қора-жайы бар мекенге тұрақтайтын шаруашылық жүргізу әдісі еді. Егер көшпелі салтта қой, жылқы түйе ғана өсірілсе, жартылай көшпелі мал шаруашылығында қосымша сиыр малы өсірілді. Өйткені, жартылай көшпелі үрдіс кезінде ауқатты шаруалар қыстақтың маңында егіншілікпен айналысты. Осы тұста, ірі қара малын өсірген байлардың жұмысшыларына күнкөріс үшін сиыр таратып беру үрдісі қалыптасты. Жұмыс­шылар сиырдың сүтін пайдаланғаны үшін, оны азықпен қамтамасыз етіп, бағуды, төлдетуді өз міндетіне алған. Осылайша, қазақ қауымында «сауын» беру дәстүрі өрбіді.

Қазақ халқының негізінен төрт түлікті өсіруінің бірнеше басты себептері бар. Ең бастысы, мекендеген жер аумағының 70% астамын мал өсіру арқылы тиімді пайдалануға болатын жайылым (188 млн га) алқаптары алып жатты. Еліміздің ұлан-ғайыр даласында бірнеше табиғи аймақ кездеседі. Әр табиғи аймақта бірнеше жайылым түрлері бар. Табиғаттың осы бір ерекшелігін жіті байқаған бабаларымыз жайылымды маусымды пайдалануды жақсы меңгерген. Ғылыми тұрғыдан кеңістік модель деп танылған  жайылымның осылай орналасуы ландшафтық сипаттамасына байланысты өсімдіктердің өңірлік түрлерін қамтып, жайылым алқабын қалыптастырады. Мәселен, Мойынқұм-Бетпақдала-Сарыарқа жайылым кешені оңтүстіктен солтүстікке қарай 500-ден астам километрге созылса, Алатау-Балқаш кешені 200-250 километрді алып жатыр.  Жер бедеріне орай жайылымның 25%-і құмды жерлерде, 18%-тейі таулы жерлерде орналасқан. Осы алқаптардың мал азықтық сипаттамасы да, онда өсетін шөп қауымдастығының пайдалану қарқындылығы да әр алуан.

Әр түрлі аймақтардағы осындай жайылым алқаптары және жергілікті ауа райы ерекшеліктері мал шаруашылығының даму бағыттарын анықтады. Мысалы,  сиыр өсіру ежелден топырағы құнарлы, шалғынды аймақтарда жүргізілсе, шөл және шөлейт жерлерде уақ малдар (қой, ешкі) өсірілді. Жылқы малы болса ен даланың төсіне көрік беріп, бабаларымыз мекендеген барлық аймақта еркін жайылды.  Халық жырларында «жылқыны мыңнан өсірген, Арқаның тарлау бозы» деген жыр жолдары кездеседі немесе «бетегелі белге бітем, найза ұстаған ерге бітем» деген  қанатты сөз бар. Шынымен де, жылқының сүйсініп жейтін шөптері, көбіне, тарлау мен бетеге. Осы орайда, қуаң аймақтарда орналасқан табиғи жайылымдарды және Сары-Арқаның жазығында жатқан бос өрістерді жылқы өсіру арқылы тиімді пайдалану халық игілігіне қосылар сүбелі үлес болар еді.

Ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс тіршілігіне орай өсірілген малдар жергілікті табиғат жағдайларына бейім, әрі жыл бойына жайылымда бағылды. Жергілікті халық осы малдардан құны арзан және зор сұранысқа ие өнім түрлерін өндіру мен өңдеудің тиімді технологияларын (ет, май, сүт, жүн, тері және әр түрлі тағамдар өндіру) жақсы меңгерді.

Табиғатқа етене жақын бабаларымыз әр түрлі табиғи аймақта, әр түрлі белдеуде алуан түрлі жайылым типтерінің әлеуетін маусымды пайдалану арқылы барынша игерді. Жайылымды маусымды пайдалану өсімдіктердің өніп-өсу ерекшелігіне, алқаптағы  шөп қауымдастығының құра­мына және аймақтық белдеудің климаттық сипатына орай бейімделгені ғылыми дәлелденген. Бір аймақта орналасқан әр түрлі жайылымдарды өз кезегімен шөп қауымдастығының жетілгеніне орай пайдаланған бабаларымыз жайылымдық кешеннің тұтастығына нұқсан келтірмеген. Осы бір табиғатпен үндестік орнатқан бабалар әдісі – қазіргі таңдағы өзекті мәселе.

Бабаларымыз көктем, жаз, күз мез­гілдерінде шөптің жетілгеніне орай жайылым таңдап,  әрдайым мал өрісін ауыстырып, көшпелі өмір салтын  ұстанған. Көшпелі мал бағу әдісі әр түрлі табиғи аймақ пен белдеулерді қиып өтіп, жайылымның шалғынын жеп, шұрайын кетірмей, өрістегі шөптің тұяқкесті болуына жол бермеген.  Кеңес Одағы құрылғанда да көшпелі мал шаруашылығының ерекшеліктері ғылыми тұрғыдан зерттеліп,  шалғай мал шаруашылығы /отгонное животноводство/ саласы дамытылды. Бабалар әдісімен жер ыңғайына қарай далалық, шөлейттік және таулы жайылымдардың әлеуетін маусымына қарай толық пайдалану жүзеге асты.

1942 жылы қабылданған «Ұжымшар мен кеңшарлардағы мал шаруашылығын дамыту және мал басын сақтау» қаулысы шалғай мал шаруашылығын өркендетуге жаңадан жол ашты. Осы шешім еліміздегі табиғи жайылымдарды бірыңғай құрылым ретінде қарастырып,  жайылымдық жерлердің маусымдық ерекшелігін толық игеруге бағытталды. Жайылымдық кешеннің құрамына енетін мал өрістерін  /жайы­лым типі/ өз уақытында пайдалану, әр алқапқа тиесілі азықтық қор мөлшерін толық игеру, жайылым тұтастығын бұзбау, әрі мал өрісін жұтатпау шарттары ғылыми зерделеніп, бабалар тәжірибесі қайта түледі.

Осы шара, соғыс кезіндегі және соғыс­тан кейінгі қалпына келтіру кезеңіндегі қиыншылықтарға қарамай 1950 жылдары 2 млн қой басын 26 миллионға жеткізуге ықпал етті. Жайылымдық ресурстарды осылай барынша пайдалану мал шаруа­шылығын дамытудың үлкен резерві екені іс жүзінде анықталды. Өкінішке қарай, еліміз егемендік алып, жаппай жекешелендіру үдерісі басталған тұста ұжымшарлар таратылып, жеке қожалықтар құрылып, нарықтық қаты­насқа өту кезеңінде жайылымдық кешендерді маусымдық ерекшеліктеріне орай ауыспалы пайдаланып, әлеуетін толық пайдалану мәселесі тоқырауға ұшырады.  Пайда күйттеген шаруалар уақыт белдеуіне, жер бедеріне орай маусымдық жайылымдардың әлеуетін  пайдалану әдісіне салғырт қарап, шығын шығарғысы келмеді. Осылайша, табиғи жайылымдарды пайдалану жүйесіздікке шалынды.

Шаруа тарапынан құлықсыздық, ал мемлекет, әсіресе жергілікті атқару органдары тарапынан бейқамдық жайылымдардың жұтауына жол беріп, экологиялық қолайсыздыққа ұласты.Мысалы, жайылымдық кешеннің құра­мындағы жайылым типтерін ескере отырып, өрістегі шөп қауымдастығының жетілетін уақытына орай мал жіберіп, өріс шөбін тықырлатпай келесі өріске ауыстырып отырмағандықтан, тұяқкесті болған жайылымда біржылдық табиғи шөптер пісіп жетілмей, өрістің күйі жұтап, сол алқаптан алынатын жалпы азықтық қор мөлшерінің азаюына әкеп соқты.

Ұзақ жылдар мал тұяғы тимеген жайы­лымдар да жұтауға бет бұрды. Өйткені, жайылымда өсетін бір маусымдық шөп­тердің ұрығы малдың сілекейі немесе тұяғымен таралып жатса, көпжылдық өсімдіктердің өрісте жайылып кең таралуы мал тұяғының әсерімен жүзеге асатын. Мал тұяғы тимегендіктен шалғай жайылымдағы алқаптарда мал жейтін шөптердің қауым­дастығы әлсіреп, арам шөптердің белең алуына жол ашты. Осы жағдай шалғай жайылымдардың да азғындауына ықпал етті.

Малдың жағдайын ойламай, тек табыс табуды мақсат қойған шаруалардың әрекетінен және ауыл малының өрісі тарылғандықтан ауыл маңы немесе елді мекендерге жақын орналасқан жайылымдар таптауырынды болды. Бұл жағдай ауылдың экологиялық күйзеліске түсуіне себеп болып тұр.  Ресми деректерде 26 млн гектардан астам жайылым тозды деген мәлімет көрсетілгенмен, ғылыми деректерде 48 млн гектардан астам жайылым азған деген мәліметтер кездеседі. Сонымен, Қазақстан әлемде жайылымдық жер ресурстарының көлемі жағынан Аустралия, Ресей, Қытай, АҚШ және Канада елдерінен кейінгі 5-орынға ие болғанымен, сапалық жағы сын көтермейді.

Өкінішке қарай, жайылымдардың бүгінгі хал-ахуалы, шынымен, қиын жағдайда.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда жайылым көлемі 184,3 млн га құрайды. Қолданыстағы 96,4  млн га жайылымның 75,6 млн га шаруашылықтар еншісінде,  ал 20,8 млн га елді мекендердің жайылымдары болып есептелінеді. Статистика жөніндегі ұлттық бюро деректеріне сүйенсек, шаруашылықтарда өсіріліп жатқан төрт түлік мал орта есеппен 5,4 млн шартты мал басын құрайды.Әр бас малға 8 га жайылым қарастырғанда, жалпы  43,2 млн га /5,4 x 8 = 43,2/ жайылым қажет. Яғни,шаруашылықтарға қарасты 75, 6 млн га жайылымның 32,4 млн гектарын  резерв ретінде пайдалануға болады. Керісінше, елді мекендердің жайылым алқаптары бар болғаны 20,8 млн га, ал халықтың қолындағы 6,2 млн шартты мал басына орта есеппен 50 млн га /6,2 x 8 = 49,6/ жайылым қажет, яғни, тапшылық 29 млн га жуық.

Жаппай жекешелендіру үдерісінен кейін түзілген осы бір кереғарлықты шешу үшін еліміздегі жайылым кешенін жүйелі пайдалануды қарастыру қажет. Байырғы жайылым пайдалану тәртібін қайта жаңартып, шалғай жайылымдарды айналымға енгізуді ынталандырып, тозған және азған жайылымдарды қалпына келтіріп және қолданыстағы жайылымдарды үстеме шөптер егіп, жағдайын жақсарту шараларына пәрмен беру керек. Бұл, әлбетте мемлекеттік шара.

Осы орайда, мал шаруашылығын дамытудың алғышарты – республикадағы жайылым кешендерін тиімді игеру арқылы мал басын барынша өсіріп, экологиялық таза өнім өндіруді еліміздің брендіне айналдыру. Менің пайымдауымша, ауыл шаруашылығын өркендетудің өзекті мәселесі мал шаруашылығын осылай дамыту. Әрине, мал шаруашылығын дамытуда мал өсірудің қалыпты /экс­тенсив/ және қарқынды /интенсив/ технологияларын қиюластыра отырып, төрт түлікті тең өсіру.

Мысалы, мал шаруашылығы бойынша сиыр етін экспорттау әлеуетіне бойласақ.Еліміздегі етті ірі қара кеңінен тараған оңтүстік шығыс өңірде, мал жайылымда болатын кезең орташа есеппен 180 күн. Әр сиырдың күніне жайылымнан 40 кг көк шөп жей алатынын ескерсек,  жайылым кезеңінде 7,2 тонна шөп желінеді. Сонда, республикамыздағы өсіріліп жатқан 2,5 млн бас етті ірі қара малына *18 млн тн  /2,5x7,2=18/ жайылым шөбі қажет болмақ. Табиғи жайылымдардың орташа өнімділігі гектарынан 0,8 тн көк шөп болса, өсіріліп жатқан ірі қара малын азықпен толықтай қамтамасыз ету үшін 22,5 млн га /18:0,8=22,5/ жайылым қажет, осыған ауа-райы қиыншылығына орай  сақтандыру қоры ретінде 4,5 млн га /22,5x20%=4,5/ жерді қоссақ, барлығы 27 млн га ғана жайылым қажет болады (*АШМ мәліметі бойынша).

Қазақ мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының Ж.А.Жамбакин, И.И.Алимаев бастаған ғалымдарының көп жылғы ізденістерінің нәтижесіне сүйенсек, ірі қара малын жаюға жарамды «көктем-жаз-күз» маусымдық жайылымдары рес­публика көлемінде 68 млн га астам аумақты алып жатқаны анықталған. Яғни, республикамызда етті бағыттағы ірі қара мал басын әлі де еселеп өсіруге резерв жеткілікті.

Ірі қара малы «аяқты мал» болғанымен, артық жүрісті жақтырмайды. Сондықтан, алдымен шүйгінді өріс түрлері (астық­тұқымдасты немесе түрлі шөптесінді жайылым) таңдалып, республикамыздың климаттық ерекшелігіне орай, жергілікті жерге бейім ірі қара мал тұқымы екшеліп, қолданыстағы жайылым кешенінің маусымдық ерекшеліктері  ескерілуі керек. Жайылымдардың өрістері неғұрлым шүйгінді болып, малға қажет суат көздері жеткілікті болса, мал өсірудің экономикалық тиімділігі арта түседі.

Шалғайдағы жайылымдарды тиімді пайдалану мәселесіндегі өзекті проблема малды сумен қамтамасыз ету. Жайлауға шығатын мал үшін, тек «мал айдайтын жол» мен «мал түнейтін» жерде мал суаты шешілсе болды.  Әсіресе, көктем мен күз мерзімінде маусымдық жайылымдарды игеру малды сумен қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Республикамызда жайылымдық мал шаруашылығы дамыған аумақтарда жерүсті суларының қорлары шектеулі, көп жерде жерүсті ағын сулары тұрақты /уақытша ағады/болмайды және жаңбырға тәуелді. Жалпы, республика бойынша жайылымдық аумақтың 20% астамы ғана жерүсті су көздері есебінен сумен толық қамтылған.

Әрине, жерүсті су көздері тапшы жайылымдарда жерасты сулары пайда­ланылады. Республикамыз тәуелсіздік алғанға дейін (1991 жылға дейін) суатпен қамтылған 147 млн га жайылымдық жердің 111 млн гектары (80%) жерасты суларын жер бетіне шығаратын жасанды құрылғылармен жасақталған. Жерасты суларын пайдалану құдықтардың ластануы және жер астынан шығатын су легінің таусылып қалуы тұрғысынан сақтықты талап етеді. Сондықтан да, шаруашылықтар малға ыңғайлы жайылымды анықтаған соң, құдықтың жағдайын егжей-тегжейлі тексергені жөн. Өйткені, құдықтан басқа, суды соратын құрылғы, мал су ішетін науалар мен суат алаңдарының жағдайы ескеріледі. Ірі қараға 40 л су қажет екенін ескерсек, бір табын мал үшін бір тәулікке кем дегенде 7-8 м3 су беретін құдық қарастыру қажет.

Өкінішті жайт, шаруалар мал өсірудің қарқынды технологиясын ескермей, көбіне, экстенсивті жолмен қолданыстағы жайылымды барынша пайдалануды мақсат тұтып келеді.  Егемендік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары мал басы азайып, азық қоры жеткілікті болғанымен, мемлекеттік қолдау жұмыстарының ықпалымен мал басы көбейіп, қазіргі таңда көптеген /қол жетімді/ жайылымдарда мал шамадан тыс көбейді. Маусымдық ерекшелігіне орай жайылымды ауыспалы қолдану, мал басын азайту немесе жайылым мерзімін қысқарту арқылы жайылымдардың өнімділігін сақтауға шаруа тарапынан құлық танытылмай, жергілікті билік тарапынан бақылау мен талап болмай тұр. Осылай, шығынсыз орындалатын осы әдістерді пайдалану іске аспай жатыр. Азған жайылымдарды қалпына келтіру мен қолданыстағы жайылымды жақсарту шаралары кейбір озық шаруашылықтар тарапынан ғана қолдау тапты. Қаржы талап ететін бұл әдісті ұсақ және орта шаруалар артық шығын ретінде санап отыр.

Республикамыздың ерекшелігі сол, табиғи жайылымдардың 70 пайыздан астамы шөл және шөлейт аймақтарда жатыр. Осы жайылымдарда қуаң жерге тән аласа шөптер мен сораңдар басым келеді. Осындай жайылымды тиімді пайдалану үшін, әрине, қой шаруашылығын барынша дамыту қажет. Қой малының еріндері икемді, тез қимылдағыш және тістерінің өткір болуына орай шөпті түбінен тістеп, қырқып жейді. Осындай қабілеттеріне байланысты жайылымдағы шөптесін өсімдіктердің ең көп түрін азық ретінде пайдаланатын тек қой малы. Әсіресе, аласа келген жатаған шөп қауымдастығын толық жей алады.  Мысалы, 800 түрлі шөптесін өсімдіктердің қой 520-сын, яғни 65%-ын, жылқы 460-сын, яғни 58%-ын, сиыр 416-ын, яғни 52%-ын ғана жей алады.

Екіншіден, қойдың қабылдаған жем-шөпті асқазанында қорыту қабілеті де басқа малдардан жоғары. Осыған орай, қой ішегінің ұзындығы өзінің денесінен кем дегенде 33-38 есе ұзын, ал ірі қараның ішегі өз денесінен 20-22 есе ғана ұзын.

Ғылыми ізденістерге сүйенсек, елі­міздегі табиғи жайылымдардағы кездесетін 91 түрлі жусанның қой малы 46 түрін (51%) жей алса, жылқы 39 түрін (43%), ал сиыр тек 24 түрін (26%) ғана жей алады екен. Қой малының тағы бір ерекшелігі, табиғи жайылымда кездесетін 181 түрлі сораңның /лат. Sálsola/ 132 түрін (73%) жейді, ал жылқы 48 түрін (27%), сиыр малы тек 39 түрін (22%) жей алады екен.

Осындай алуан түрлі шөптесін өсімдіктерді жеген, оның ішінде сирек кездесетін өсімдіктерді жеген қой етінің құрамы, әлбетте, бөлек. Себебі, көпжылдық жатаған өсімдіктердің көпшілігі бұршақ тұқымдастарға жататындықтан, оларда ақуыз мөлшері  мол. Т.Қасенов жүргізген ғылыми зерттеулерде қой етінің құрамындағы амин қышқылдар ара қатынасының өте ұтымды қалыптасқаны анықталған. Сондықтан да, қой етінің құнарлылығы жоғары, әрі ағзаға пайдасы зор.

Әрине, қой өсіру технологиялық ұтымды сала, өйткені, қой өсімтал мал. Мысалы, әр 100 саулықтан 120-130 қозы, тіпті көптөлді тұқымдардан 200-ден артық төл алуға болады, ал әр 100 сиырдан 80-90 шамасында бұзау алынады. Тағы бір артықшылығы, қой малының өз төлінен көбеюі тез. Қозының енесінің құрсағында даму кезеңі 140-155 күн, яғни екі жылда келесі буын ұрпақ туылады. Ал ірі қара малында ұрпақтар сабақтастығы бес жылдың көлемінде ғана жалғасын табады.

Қой саласын өркендетудегі техноло­гиялық ұтымдылыққа қой малының табиғаттың қатаң жағдайларына төзім­ділігін және оның жан-жақты, әртүрлі өнім беру қасиеттерін атасақ та болады.

Кеңес дәуірінде Қазақстандағы қой шаруашылығының дамуы үздік жетіс­тіктерге жетті. Республикамызда отыз алты миллион қой өсірілді. Қазақстан жүн өндіруден дүниежүзі бойынша жетінші орынды иеленді. Жүн өнімін он екіден астам сырт елге экспортқа шығарды.  Бұл экономикалық тұрғыдан жақсы жетістік болатын. Қазақтың биязы жүнді қой тұқымы Кеңестік дәуірде Одаққа әйгілі болды.

Жекешелендіру кезінде орын алған олқылықтан қолдағы бар 36 миллион қойдан он жылдың көлемінде 28 миллион қой басын жоғалттық. Тоқсаныншы жылдардың соңында республикамызда 8 миллиондай ғана қой басы қалды. Мал басының азайғаны статистика мәліметтерінде келтірілгенмен, сапалық жағы көпшілікке беймәлім еді. Биязы жүн өндіруге бағытталған ғалымдардың және өндіріс майталмандарының қажырлы еңбегі еш болды, қазіргі таңда қылшықты қой тұқымдары кең етек алып, биязы жүнді қойлар 70%-тен 15%-ке  дейін төмендеп кетті. Жиырма бірінші ғасырдың басынан бастап, әлемдік қой шаруашылығы ет өндірісіне басымдылық көрсетті. Өйткені, нарық талабына орай қой шаруашылығындағы табыстың тоқсан пайыздан астамы қой етін өндіруден түсетін еді.

Осы үрдістің шарпуымен қазақстандық ғалымдар жергілікті қазақтың биязы жүнді қойдың негізінде етті бағыттағы биязы жүнді «Етті меринос» қой тұқымын шығарды. Бұл үлкен жетістік болды. Нарық заманында,  қой өсіретін шаруалар ұтты: шөл және шөлейт аймақтарға бейімделген, биязы жүн беретін, өзі төлдегіш, еті мол, қозысы ерте жетілетін, жайылымда тез қоң жинайтын, бордақылауға қойса тез семіретін қой өсіріп, табысын арттыруға мүмкіндік алды.

Нарық талабына ендесек, жақын көрші­леріміз Ресей, Қытай елінде етке деген сұраныс зор. Әлеуетімізді сараласақ, табиғи жайылымдық жерлер көлемі 184 миллион гектардан астам. Әлбетте, осындай сарқылмас байлық көзі мал шаруашылығын, оның ішінде қой саласын өркендетудің тиімді ресурсы. Сондықтан, республикамыздың жер жағдайына орай төрт түлікті өсірудің ұтымды, әрі тиімді жолдарын қарастыру өзекті мәселе.

Тарихымызға үңілсек, бабаларымыз ежелден мал өсірудің қыр-сырын терең меңгеріп, малдардың биологиялық ерекшелігін жақсы түсініп, жайылымдарды тиімді пайдалана білген. Патша дәуіріндегі /1916/ санақ мәліметтері бойынша Қазақстанда төрт жарым миллион жылқы, он сегіз миллионнан астам қой, бес миллионнан аса ірі қара малы болған екен.  Ашаршылық мәселесін зерттеп жүрген тарихшы Қайдар Алдажұмановтың мәліметінше Қазақстанда 1929 жылы 44,7 млн мал басы болса, мемлекетке мал алу үрдісінің кесірінен 1933 жылы 4,5 млн бас қана мал қалған. Статистика мәліметі бойынша 1990 жылдары қой отыз алты миллионнан асып, ірі қара малы он миллионға жетті. Кеңес кезіндегі мал шаруашылығының осылай шарықтауы республикамыздың әлеуеттік мүмкіндігін айқындайды.

Кеңес дәуірінде Қазақстан мал басын көбейтумен қатар оның өнімділік сапасын өндіріс талаптарына сай өрбітті. Сонымен, ойымызды түйіндесек, табиғи жайылымдарды барынша пайдаланумен қатар ауыл шаруашылық жерлерін орынды пайдалана алсақ, төрт түлік малды кеңес дәуіріндегі деңгейде өсіруге толық жағдай бар.

Қазіргі таңда заманауи талаптарға сай сұраныс экологиялық таза өнімге басым.  Елімізде экологиялық таза өнім өндіруге барлық жағдай бар. Мал жаюға ыңғайлы табиғи жайылымдар, шабындықтар, мал азығы дақылдарын өсіретін екпелі жерлер жеткілікті, жергілікті өңірге бейімделген мал тұқымдары да бар. Осы алғышарттарды ұтымды үйлестіре отырып, шаруаның мал өсіруіне мемлекет тарапынан ынталандыру болса, экологиялық таза өнім өндіру еліміздің экономикалық брендіне айналуы қиын емес.

Табиғи жайылымдарды тиімді пайда­ланып, экологиялық таза өнім өндірісін қалыптастыру тұрғысынан, қой мен жылқы шаруашылығына пәрмен беріліп, сонан соң етті бағыттағы ірі қара малын өсірудің жүйесін тапқан жөн. Қой бағу, жылқы өсіру қазақ халқы үшін ежелден игерілген дәстүрлі сала. Қуаң аймақтағы табиғи жайылым шөбін толық игере алатын қойдан кейінгі жылқы малы ғана. Жылқы еті заманауи адамдардың тамақтану үдесіне сай еті дәмді әрі сіңімді, қорытылуы да жеңіл. Жылқы етінің басты қасиеті зат алмасу үдерісінде радиациялық қалдықтардың ағзадан ығыстырылып тез шығуына ықпал етуі.

Сондай-ақ, қазақ жылқылары сүтті болады, құлындағаннан кейін тәулігіне 17-20 литрден астам сүт береді. Биелердің сүттілігін айғақтайтын қосымша көрсеткіш – құлынның тез жетілуі, мысалы, шұрайлы жайылымда күзге қарай жабағы құлындар 200-240 кг тірілей салмақ басады. Жайы­лымдағы сан алуан табиғи шөптердің қуатымен түзілген сүт, осы сүттен ашытқан қымыз нарықта өз орнын тапса, жылқы малының қадір-қасиеті арта түсетіні анық. Бие сүті көптеген ауруларға ем, шипасы зор. Бие сүтінен дайындалған қымыз бабаларымыз қастерлеген тамақтың ардақтысы, тамақтың қорытылуына әсер етуі қасиетімен бірге емдік шипасы да белгілі.

Әзірге жылқы шаруашылығының өнімді бағытта баяу дамуы жылқы еті мен қымызының ішкі нарық сұранысымен шектелуінде. Жылқы өсіруге жайылым да, азық қоры да және өнімділігі жоғары тұқымдар да жеткілікті. Ғылыми ізденістерде анықталғандай, радиация таралған аймақтағы жайылымда жүрген жылқы етінде радиация қалдықтарының түзілмеуі. Осындай экологиялық тұрғыдан артықшылығы зор жылқы малының өнімдеріне сұранысты қалыптастыру игерілмей жатқан мүмкіндік. Ерекше қасиеттері мол жылқы еті мен сүтінің нарықта сұранысқа ие болмауы, әрине, жылқы өнімдерін дәріптеу мен саудалау барысындағы олқылықтар.

Табиғи жайылымдарда бағылған жылқы еті мен сүтін халықаралық нарыққа шығарып, қазақстандық бренд қалыптастыруға мүмкіндік мол. Нарыққа қазақи қастерлі тағамдарымызды паш етіп, сауда көрігін қыздыруға қызмет етсек, жылқы өсіру көл-көсір табыс көзіне айналары сөзсіз. Осылай жылқы өсіріп, табиғи жайылымдарды қаржы көзіне айналдыру ұтымды шешім болар еді.

Қарағанды облысында биелерді өндірістік технологиямен сауу қолға алынғаны және бие сүтін леофилді әдіспен құрғақ ұнтаққа айналдырып, осы өнімдерді Алманияға экспортқа шығара бастағандары, жылқы сүтінің әлемдік нарыққа таныла басталғанына куә. Ендігі мақсат – жылқы етін экспортқа шығаруға дендеп кірісу. Бұл орайда, соңғы кездері Жапония мемлекеті тарапынан жылқы етіне қызығушылық танылып, екі ел арасында жылқы етін экспорттау бойынша құжаттардың келісіліп жатқаны.

Осы орайда, қазақы жылқының ерек­шелігіне тоқталып кеткен жөн болар.  Қазақ жылқысы оңайлықпен арымайтын, тез ет алғыш, ыстық-суыққа, аштыққа төзімді мал.  Жыл бойына жайылымда бағылып, қалың қар, көк мұзда тебіндеп, өз азығын өзі табады. Осы малдың мезетінде қажетті қоректі бойына жинай алатын, қолайсыз кезеңдерде жинақталған қордың қуатымен қоңын түсірмейтін қасиеті бабалар жүргізген селекциялық жұмыстардың жасампаз жетістігі. 

Қазақы жылқы, шынымен, табиғаттың төлтума тұқымы. Сұрыптау жұмыстарына орай олардың бірнеше тұқымдық түрлері бар. Ең көп таралғаны «жабы» жылқысы, кеңес кезінде шығарылған Көшім және Мұғалжар тұқымдары осы тұқымның жатырынан өрбіген. Бұл жылқының негізгі қасиеті жемшөп талғамайды, ауа райының құбылмалы өзгерістеріне көнбіс. Жабы – түркі халықтарында көбіне «жүк көтергіш» деген мағынаны білдіретінін ескерсек, шаруаға мығым мал екені түсінікті. Кембридж университетінің ғалымдарымен бірлесіп жүргізген зерттеулер бойынша /2004/ академик И.Н. Нечаев «... жер жүзін­дегі жыл­қылардың ішінде қазақ жылқы­ла­р­ында ғана ал­ғашқы жабайы жылқы тұқы­мының бі­рін­ші гені бары анықталған» деп жазғанын ескерсек, қазақы жылқының тектілік қасиеті тереңде жатыр.

Соңғы онжылдықта елімізде сиыр етін экспортқа шығарамыз деген саясат жүргізілді. Еліміздің экономикасы үшін бұл сала, әрине, маңызды. Тек ескеретін жайт, ірі қара мал шаруашылығын дамыту өз алдына жеке күрделі мәселе. Әлбетте, сүтті бағыттағы және етті бағыттағы сиырлардың күтімі мен бағып-өсіру әдістері де әр қилы.

Кеңес Одағы дәуірінде ірі қара шаруашылығы ең алдымен халықты сүтпен қамтамасыз ету бағытында дамыды. Сүт өндіретін шаруашылықтар қарқынды технология жолымен дамыды. Классикалық үрдіске жүгінсек, сүт өндіруші шаруашылықтар елді мекендер мен қала маңында шоғырланды. Көздеген мақсат – бір жағынан қарқынды технологияны дамыту, екіншіден, тұрақты жұмыс орны және сиырдан алынатын сүт өнімдері мен ет өнімдерін сұранысы бар нарық көзіне жақын орналастыру. Өйткені, сүтті сиыр саласында еркек бұзауларды бордақылауға  қойып, жалпы етке деген сұранысты өтеу де жолға қойылған. Экономикалық тұрғыдан барлық мәселе кешенді шешімін тауып тұр.

Кәзіргі уақытта заманауи сүт өндіру кешендері сиырларды қорада ұстап, олардан барынша сүт алуға күш салса, кеңес дәуірінен сүт шаруашылығын жалғастырып келе жатқан шаруашылықтар әлі де жаз маусымында сиырларды жайылымда ұстап, сүт өнімінің өзіндік бағасын төмендету әдеттерін қалдырмады. Осы орайда, отандық ғалымдар шығарған өндірістік технологияға икемді сүтті сиыр тұқымдары малдың қорада ұсталып бағылуына да, жазда жайылымда бағылуына да бейімді.

Кеңес заманында сүтті-етті тұқым ретінде қалыптасқан «Алатау» сиырының негізінде шыққан сүтті бағыттағы, жайылымға бейім, сүті мол жаңа «Ақырыс» сүлесі және симментал тұқымының жақсартылған сүтті бағыттағы жаңа «Ертіс» сүлесі шаруаға қолайлылығымен және сүтінің молдығымен танымал. Бұл тұқымдардың артықшылығы еліміздің ауа-райына көнбіс, өрісте жайылуға бейім, жергілікті мал азығы қорына үйренген. Әрине, бұл малдардың ет өнімділігі мен сапасы тұтыну талаптарына сай. 

Сүт шаруашылығын дамыту барысында назарда ұстайтын басты талап, әрине, сиырдың сүттілігі. Өйткені, сауын сиырдың тәуліктік сүттілігі 12 литрге дейін болса, онда сиыр жеген азықтың 15%  ғана сүт түзуге жұмсалады, сауым мөлшері 20 литрден асқанда ғана азықтың 25% сүт түзуге бағытталады. Сондықтан, әлемдік тәжірибеде, сауын сиырлар тек жемшөп жеткілікті аймақта ғана өсіріліп, рационда сүт түзу үрдісіне ықпал ететін шырынды азықтар қарастырылады. Бұл саланың экономикалық тиімділігін арттыратын шара.

Етті бағыттағы ірі қара малын өсіру, менің пайымдауымша, еліміздегі сиыр малына ыңғайлы табиғи жайылымдарды барынша пайдалануға бағытталғаны абзал. Осы орайда, малдың қысқы азығы да табиғи шабындықтардан дайындалса, экологиялық таза өнім өндіруге бейімделген мамандандырылған шаруашылықтар қалыптасар еді. Екпелі жайылымы бар, шабындықтары мол шаруашылықтар асыл тұқымды мал басын көбейтіп, аналық малмен тауарлы шаруашылықтарды қамтамасыз етіп отырса, өз кезегінде тауарлы шаруашылықтағы бұзаулар бордақылау алаңына қойылса, клас­терлі жүйе түзіліп, әр шаруашылық нарықтағы өз орнын тауып, мамандандырылған негізде дамитын еді.  Осындай жолмен ұйымдастырылған етті ірі қара шаруашылығы арзан ет өндірудің табыс көзіне айналары хақ.

 Ет өндірудің экспорттық әлеуетін саралау мәселесіне келсек, сол тұстағы министрлік басшылары біржақты  саясатқа ұрынды. Сүтті сиырларды өсіру арқылы сүт өніміне деген ішкі сұранысты толық қамтып, олардан алынған еркек бұзауларды бордақылау есебінен ет көлемін арттыру мүмкіндігіне пәрмен берілмеді. Сонда, экспортқа  көбіне табиғи жайылымдарда бағылған етті бағыттағы малдың экологиялық таза еті сатылар еді. Осылайша, тайыншалардың еті экологиялық таза өнім ретінде қазақ­стандық брендке айналар еді. Міне, игерілмеген  мүмкіндіктердің  бірі  ғана.

Ет экспортын арттыру саясаты сырттан мал әкеліп, жергілікті малдың тектік әлеуетін байыта отырып, ет өнімділігін арттыруға бағытталған еді. Мақсат дұрыс қойылғанымен, мақсатты жүзеге асыру сыңарезулікке ұшырады. 

Әлемдік тәжірибе бойынша, сырт­тан аналық мал әкелу тек сүтті мал шаруашылығында ғана кеңінен қолданыс тапқан, ал жайылымда бағылатын малдардың өнімділігін жақсарту үшін, көбіне асыл тұқымды аталық малдарды қарқынды қолданады. Өйткені, сүтті мал, негізінен, қораларда өсірілетіндіктен және мал азықтандыру рационы біртектес болатындықтан олардың жерсіну үдерісі көп қиындық туғызбайды. Етті бағыттағы сиыр малының жерсінуі сыртқы қоршаған орта әсеріне және жайылымдағы шөп қауымдастығына тікелей тәуелді.

Шетелден әкелген мамандандырылған етті ірі қара малдары, көбіне, шөп шүй­гіні мол, екпелі жайылымдарда өсі­рілген малдар. Қазақстанда көк майса жайқалған жайылымдар шектеулі. Табиғи жайылымдарда мал өрісінің ауқымы кең, сондықтан, аяғынан таусылып шөп шүйгінін тауып жейтін және шалғай жайылымдарға бару үшін ұзақ жолға шыдас беретін, тұяғы мықты, әрі қуаң жердегі жайылымдарға бейімделген мал өсіру ғана шаруаға ыңғайлы. Құнарлы екпелі шөптерді қорытуға бейім «кірме мал» мардымсыз жүріске бой алдырып,  жайылымдарда өз аяғымен өрістен қажетті азығын тауып жеуге бейімделуі біраз уақытты талап ететіні ғылымға белгілі. Өкінішке қарай, бағдарлама әзірлемесінде ғалымдардың айтқан уәждері ескерусіз қалды.

Сиыр етін экспортқа шығарамыз деген бағдарлама төңірегінде сауал көп. Ғалым ретінде менің шымбайыма бататыны, қисынсыз бағдарламаға бола, мал асыл­дандыру үдерісінің жүйесіз түзілімге айналғаны.

Кеңестік кезеңде біз малдың тұқымдық қасиетін балдық жүйе негізінде оның нәсілін анықтау, ата тегінің әлеуетін ескеру және өзінің жеке басының өнімділік көрсеткіштерін нақтылау арқылы салмақ­тап отырдық. Нәсіліне, яғни, тектілік әлеуетіне және өнімділігіне қарай «өндіріске жарайтын мал», «тұқыммал», «асыл тұқымды мал» және «аталық мал» деп топтастырып, оларды бағалаудың арнайы жеке жүйелері қалыптасқан еді. Аталық мал санатына іріктеп алу үшін төрт буын ата тегі асыл тұқымды, өнімі бойынша жоғары санатқа жатқызылған, өзінің өнімділігі тұқым стандартынан жоғары және қатарластарынан озық жас малдар таңдалды. Бүгінгі таңда осылай қалыптасқан жүйе жалғасын таппады. Сонымен, асыл тұқымды малды іріктеу, оны бағалау және аталық малды ұрпағының сапасы бойынша сынау үрдістері жүйесіздікке ұшырады.

«Кірме малдың» қандай ықпалы бол­ды, оны ешкім айта алмайды. Кірме малдарға субсидия беруді көздеген саясат асылтұқымды малдарды категорияға бөлді. «Асыл тұқымды» деген ұғым зоотехникалық түсініктен экономикалық сипатқа ие болды. Осындай солақай саясаттың  кесірінен, көптеген жетістіктеріміз аяқасты болды да, мал асылдандыру ісі жүйесіздікке ұрынды. Ең сорақысы, елімізде тіркелмеген ринотрахеит, вирустық диарея, ноду­лярный дерматит, моракселез, пара­ту­беркулез және шмаленберг сияқты экзоти­калық жұқпалы аурулар малмен бірге сырттан ілесіп келді.

Сұрыптау заңдылықтары бойынша пайдалы белгілерінің тұқым қуалау үрдісі негізінен аталық мал арқылы бекиді, яғни тектік әлеует аталық малдан бастау алады. Белгілердің тұқым қуалау қабілетінің нығаюы да аталық малға тәуелді, өйткені оларды іріктеп алу өте қатаң талаппен орындалады. Айталық, жүздеген бұқаның ішінен тек бір ғана аталық бұқа іріктеліп алынады. Осыған байланысты, табындағы малға тән қасиеттің тұрақтануы және оның жетілу деңгейі аталық малдың генотипінде қалыптасқан өнімділік қабілетіне тікелей тәуелді. Селекционерлер үшін бұл аксиома. Осы орайда, сұрыптаудың ең басты талабы аталық малды ұрпағы бойынша бағалау әдісі еленбеді.

Сонымен, мемлекет тарапынан мал асылдандыру мәселесіне жете назар аударылмағаны өкінішті. Мал асылдандыру жұмыстары республикалық палаталарға жүктелді. Иә, бұл әлемдік үрдіске ұмтылыс. Ұмтылыс болғанмен нәтиже мардымсыз.  Республикалық палаталар мал басының есебін ғана жүргізіп, малдың тектік қасиетін бағалауды жолға қоймады. Олардың басты жұмысы асылтұқымды мал мәртебесін растайтын құжаттарды берумен шектеліп тұр. Тұқымдық малдың дәйекті деректер қоры қалыптаспады, өйткені деректер базасы шаруашылықтар берген ақпаратпен толықтырылды. Ол ақпараттың шынайылығы тек шаруашылыққа мәлім. Осындай сүреңсіз жағдайда аталық малды іріктеу қисынсыз еді. Яғни, аталық малдың құндылығы көз мөлшермен, көңіл долбарымен анықталып, шынайы бағасы берілмеді.

Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, малдың тектік әлеуетін жақсарту барысында заманауи әдіс геномдық сараптау әдісі өндірісте кеңінен пайдаланылуда. Осы бағытта ғылыми ізденістер 2010 жылдан бастау алса да, әлі күнге осы әдістің іс жүзінде қолданысқа енбегені өкіндіреді. Жеткен жетістік малдың шығу тегін дәлелдейтін геномдық сараптама деңгейінде қалды. Еліміздегі ғылыми мекемелерде зертхана жабдықтары бар, әдістемелік ұстанымдарды игерген мамандар бар, ендігі тетік мал асылдандыру жүйесіне осы заманауи әдісті пәрменді енгізу.

Осы орайда, мал шаруашылығын дамы­тудың пәрменді тетігі қолдан ұрықтан-дыру мәселесіне немқұрайлы қарау «орны толмас» кемшілік болды. Әлемдік тәжірибеде сауын сиырлар толық қолдан ұрықтандырылады да, ал етті бағыттағы сиырлардың асыл тұқымды тобын көбейту үшін көбіне қолдан ұрықтандыру қолданылады. Өкінішке қарай, Қазақстанда сауын сиырлар ғана қолдан ұрық­тан­дырылып, оның өзінде қосал­қы шаруашылықтардағы сауын мал толық қамтылмады. Шаруалардың қолдан ұрықтандыруға деген селқостығынан малдың өнім­ділік қасиеттерінің жақсару үрдісі дағдарысқа ұрынды. Көптеген етті бағыттағы шаруашылықтар қосымша шығындардан қашқақтап, табында бұқа ұстаумен шектелді.

Қазіргі уақытта сүтті сиыр саласында тұқымдық аталық бұқалар ұрығы, көбіне, сырттан /импорт/ әкелініп жатыр. Мысалы, жылына қолдан ұрықтауға жұмсалатын 1,6 млн ұрықтың 400 мың дозасы ғана елімізде өндірілген. Экономикалық тұрғыдан 12 млн доллар ақша /1,2 млн доза х 10 $ = 12 млн $/ шетелдік селекционерлердің қанжығасында кетті. Табындағы сиырларды асылдандыру жұмысы кірме малдан алынған бұқашықтарды пайдалану арқылы жүзеге асырылуда. Ең сорақысы, асыл тұқымды шаруашылықтарда сапасы бойынша бағаланбаған бұқаларды қолдану кең етек алды. Осылай, етті сиыр саласы солақай саясат құрбанына айналды.  Қолдан ұрықтандыруды жолға қойып, тұқыммалдың басын еселеп арттыру мүмкіндігі саясат тепкісіне ұшырады. Осындай резервтер тұрғанда кірме малдың бұқашықтарын әспеттеу орынсыз еді.

Жүйе қалыптаспағандықтан мал асылдандыру жұмыстарының нәтижесі де мардымсыз. Сүтті сиыр саласындағы асыл тұқымды шаруашылықтардағы мал өнімділігінің деңгейі осы жәйтке нақты дәлел. Ең озық шаруашылықтардағы сиырлардың сауын маусымындағы сүттілігінің орташа көрсеткіші 7 мың литрдің айналасы. Қатардағы асыл тұқымды шаруашылықтардағы сиырлардың сауын маусымындағы сүттілігінің 5 мың литрлік межесі  жетістік ретінде айтылады. Ақиқаты, 4000 - 4500 кг межені еншілеген Мажар мемлекетінде сиырлардың орташа сүттілігі бүгінгі таңда 9 мың литр, ал асыл тұқымды шаруашылықтарында бұл көрсеткіш 12 000-15 000 литр. Біз кеңес дәуірінде республика көлемінде бір сиырдан орташа 2400 литр сүт саусақ, қазір осы межеден 400 кг ғана артық сүт аламыз. Осы көрсеткіш сүтті сиыр шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстардың пәрменділігін айқындап тұр.

Етті бағыттағы ірі қара мал шаруа­шылығында да игеретін меже жеткілікті.  Бордақылау алаңына қойылған мал саны мардымсыз, әрі семіртуге қойылған бұқашықтар әлі 500 кг салмаққа жетпеді. «Экспорттық әлеуетімізге» келсек, жылына 60 мың тонна ет сыртқа шығаратын уақыт /2016 ж./ артта қалды. Ал, бағдарлама бойынша 180 мың тонна жететін сиыр етінің экспорты 2020 жылы 9200 тонна ғана болды /АШМ мәліметі бойынша/.

Экспортқа сиыр етін шығару мақса­тында мемлекет тарапынан барлық басымдық етті ірі қара саласына бағытталды. Осы тұста ет беретін сүтті сиыр шаруашылығы, қой шаруашылығы және жылқы шаруашылықтарының әлеуеті еленбеді. Қазақстанның ен даласына көрік беретін төрт түлікті тең өсіру, оны ел игілігіне айналдыру, ұтымды тұстарын орынды пайдалану мәселелеріне жете мән берілмеді.

Мал өсірудің негізгі өзегі – мал басы­ның тұқымдық сапасы екені аксиома. Осы аксиома басшылар тарапынан басшылыққа алынбады.  Нәсілі нашар малдан өнім де мардымсыз алынады. Сондықтан, мемлекет қазынасын толтырамыз десек, шаруа мал өсіріп, одан мол табыс алсын десек, алдымен асылтұқымды мал басын арттыру қажет. Яғни, мал шаруашылығындағы атқарылар басты шаралар мал тұқымын жақсарту аясында шоғырланғаны абзал. Өкініштісі, елімізде асыл тұқымды малдың орны ойсырап тұр. Қой саласында асыл тұқымды мал үлесі 1990  жылмен салыстырғанда 50%-дан 12 %-ға дейін құлдыраса,  сиыр шаруашылығында 40%-дан астам тұқым мал басынан бүгіндері 12% ғана тұқымдық мал өсіріледі.

Дегенмен, осы күнге дейін респуб­ликамыздағы мал басының есебін жүргізу, оның ішінде асыл тұқымды малдың зоотехникалық есебін жүргізу талапқа сай емес. Ең басты кемшілік – малды өз төлінен өсірудегі жүйесіздік. Мысалы, «төл әкелсе болды» деп жұрт сиырын кез келген бұқамен шағылыстырып отырды. Осындай шолақ көзқарас саны бар, сапасы жоқ, нәсілі нашар мал басын өсіруге жол ашты. Аталық малға үлкен мән берілмеді. Сұрыптау жұмыстарында жүйе болмағандықтан  тексіздік («инбридинг») белең алды. Инбридинг малдың азғындауына әкеліп соғатыны белгілі жәйт. Ондай малға қанша жерден құнарлы азық берсеңіз де, одан сапалы өнім ала алмайсыз.

Сүтті сиыр саласындағы олқылықтың тағы бірі – тиісті мал азығы қорының жетімсіздігі. Әлемдік тәжірибеде бір бас ірі қара малға берілетін жемшөп көлемі 40 азықтық бірлік мөлшерінде болса, бізде бар-жоғы 18-24 азықтық бірлік мөлшері шамасында ғана. Яғни, сүтті бағыттағы малды азықпен толықтай қамтамасыз ету өз деңгейіне жетпеді.

Сүт өнімділігін қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі – малды азықтандырудағы рационның жыл бойына біркелкі болуы, яғни, қысқы азық пен жазғы азық арасындағы айырмашылықты жою. Шетел тәжірибесінде осы түйткіл пішендеме  сияқты мал азығын жыл бойына қолдану арқылы шешілген. Сүрлем мен пішендеме шырынды азық түрлеріне жатады,  көк балауса шөптен биологиялық сүрлеу арқылы дайындалғандықтан құрамы балауса шөпке жақын болады, ал құнарлығы мен жұғымдылығы жоғары. Жыл бойына рационда пішендеме қарастырылса, біркелкі азықтандыру мәселесі шешімін тауып, мал ағзасына қажет клетчатка мен құрғақ затты қамту еш қиындық тудырмайды. Пішендеме сияқты мал азығын дайындаудың қарапайым заманауи технологиялары республика шаруаларына белгілі болса да, өндірісте қолданылуы кенжелеп отыр.

Әрине, мал ағзасының қажеттілігін ақуызбен қамтамасыз ету үшін, әсіресе, жоңышқа мен беде сияқты бұршақтұқымдас өсімдіктерден пішендеме дайындаған тиімді. АШМ-нің ақпараты бойынша республикамызда 1,6 млн тн пішендеме және 2,7 млн тн сүрлем дайындалады, яғни, 4,3 млн тонна сүрлем шөптің 2 млн бас сүтті сиырға жеткілікті деу көңілге сыйымсыз. Орта есеппен әр сауын сиырға шаққанда 2 кг-нан келетін сүрлем шөп, әрине, рацион талабын өтей алмайды.

Назар аударатын мәселенің бірі беде мен жоңышқа өнімділігінің төменділігі. Бұл жағдай құнарлы мал азығын дайындаудың тиімділігін арттыруға тежеу болып тұр. Осы түйткілді шешу үшін  отандық ғалымдардың мал азығын қамдау саласындағы жетіс­тіктерін шаруашылықтарға жеткізу және олардың өндіріске кеңінен таралуын ғылыми қамтамасыз ету маңызды мәселе.

Сонымен, мал асылдандыру жұмыс­тарымен қатар мал азықтандыру мәселесі жолға қойылса, республикамыздың мал өнімін экспорттау туралы мақсаты жүзеге асатыны айқын. Осы бағытта іске қосылмай жатқан ресурстар да баршылық. Мысалы, өндірістік немесе кезек будандастыру әдістерін кең қолдансақ, гетерозис құбылысының тиімділігін барынша пайда­лануға болар еді.

Осылайша, мал асылдандыру жұмыс­тарының дәрменсіздігі, мал азығын қамдау мәселесінің толық шешілмеуі  етті бағыттағы сиыр шаруашылығына да тән және осы саланың дамуына тұсау болып тұр. Ең бастысы, етті ірі қара саласында мал асылдандыру жұмыстары қожырап, сындарлы жүйе қалыптаспады. Мысалы, жылдар бойы қалыптасқан, жайылымда өсірілген малдың ерекшелігі ескерілген мал асылдандыру жүйесіне өзгеріс енгізіліп, индекстік бағалау жүйесіне бетбұрыс жасалды. Сонымен, қалыптасқан ұстанымдардан арылғанмен, асығыс жасалған қадам жаңа жүйеге толық ене алмады.

Индекстік жүйеде әрбір өнімділік бойынша көрсеткіштер бір ортақ көр­сеткішке жинақталады да, әр белгінің үлес салмағы анықталады. Ортақ көрсеткіш бойынша есептеулерде үш буын ұрпақ аралығындағы көрсеткіштердің орта санын шығару және тұқым қуалау заңдылықтары ескеріліп, статистикалық есептеу нәти­жесімен қорытынды шығарылады. Бұл заманауи техника көмегімен күрделі математикалық есептеулер жолымен жүзеге асырылады. Осыған Қазақстан дайын емес еді. Кеңестік кезеңде мал белгілерінің тұқым қуалау заңдылықтары ғылыми ізденістерде ғана есепке алын­ды. Сондықтан, жергілікті малдың селекциялық белгілері бойынша тұқым қуалау заңдылықтарының деректер қоры қалыптаспады. Осындайда «басқа елде, басқа селекциялық жағдайда қалыптасқан заңдылықтарды басшылыққа алып, жергілікті малдың шынайы тектік қасиетін бағалау орынды ма?» деген сауал күмән ұялатады.

Ең сорақысы, асыл тұқымды мал табын­дарында ұрпағының сапасы бойынша бағаланған бұқалар емес, жеке басының өнімділігі бойынша іріктелген «кірме» бұқашықтар жаппай қолданылды. Осы бұқашықтар шетелден келгені немесе солардан туғаны үшін артықшылыққа ие болды. Олардың тектік қасиеті анықталды ма, қалай анықталды, жеке басының дамуы бойынша өткен сынақта қатарластарынан қаншалықты озық болды, осындай түйткілдер назардан тыс қалды. 

Осы орайда, ірі қара саласының әлеуетіне тоқталсақ, жергілікті сиыр тұқымдары – «Қазақтың ақбас сиыры» мен «Әулиекөл» тұқымдары өнімділіктері жағынан әлемдік мамандандырылған етті бағыттағы ірі қара мал тұқымдарынан кем емес еді. Табиғи жайылымда бағылған бұзаулар күніне 800-900 граммнан артық салмақ қосады, бордақылау алаңына қойылған тайыншалар тәулігіне 1,5 кг көлемінде қосымша салмақ бере алады. Кеңестік дәуір кезінде Одақтық ғалымдармен бірлесе отырып шығарылған отандық осы тұқымдар еліміздің қатал табиғатының тезінен өткен, өрісте еркін жайылатын, қолайсыз жағдайларға төзімді, бұзаулары ерте жетілетін, жайлауға шыққанда тез қоңданатын қасиеттері бар шаруаға қолайлы мал екені көпшілікке мәлім.

Қазақтың ақбас сиыры өнімділігі жағынан герефорд тұқымына жете қабыл, ал артықшылығы – жыл бойы өрісте жайылуға бейім, шалғын шөпке аузы тисе тез қоңданады және қолайсыздықтарға көнбіс мал. Жергілікті малды герефорд бұқаларымен шағылыстыру негізінде қалыптасқан қазақтың ақбас сиырлары жер ерекшелігіне бейімділігін ана құрсағынан алса, тез жетілгіштігі мен ауыр салмақты болу қасиеттерін герефорд тұқымынан бойына сіңірген.

Әулиекөл тұқымы да әлемдік селек­цияның ең жақсы жетістіктерін бойына сіңірген етті бағыттағы сиыр. Әлемде ең ірі денелі етті сиыр Францияның «Шароле» тұқымынан дене тұрпатын қабылдаса, тез жетілгіштік қасиеті «Ангусс» тұқымынан берілген, ал жергілікті және қазақтың ақбас сиыры тұқымдарынан әртүрлі табиғи-климаттық жағдайларға бейімділік пен төзімділік қасиеттерін бойында сақтап қалды. Мұнда бастапқы қазақтың ақбас сиырын Шароле тұқымымен будандастыру барысында алынған малдың дене тұрқының ұлғаюы сиырлар бұзаулағанда қиындық туғызатын болғандықтан, бұзаулары кішірек келетін Ангусс тұқымының қаны құйылды. Осындай күрделі будандастыру қолданылып, алынған ұнамды малды «өз ішінде өсіру» арқылы отандық етті ірі қара малдың «Әулиекөл» тұқымы қалыптасты. Бүгінгі таңда осы тұқым солтүстік өңірде де, оңтүстік аймақтарда да өзін еркін сезінетін мал ретінде танылды. Өнімділік көрсеткіштері жоғары, етінің сапасы да жақсы.

Саясат ықпалы болса да, селекциялық жұмыстар бір сәт толастаған емес. Отандық тұқымдардың тектік әлеуетін сақтау және арттыру бағытында өзіндік ерекшеліктері бар тұқымішілік сүлелер және аталық малдың қасиетін тұрақтандыру үшін аталықіз бойынша сұрыптау жұмыстары жалғасуда. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Қазақтың ақбас сиырының 4 сүлесі және 14 аталықізі шығарылды. Орал облысында шығарылған «Шағатай» сүлесі далалық өңірге бейім, әрі мұқыл болса, «Аңқаты» сүлесі дене тұрпатының ірілігімен ерекшеленеді. Қысы қатал солтүстік аймақта «Алабота» сүлесі өзінің төзімді және ерте жетілу қасиеттерін көрсете алды. Қазақстанның оңтүстік-шығысында шығарылған «Қалбатау» сүлесі ауа-райының қаталдығына шыдамдылығымен және тез өсу қасиет­терімен танылды.

Әулиекөл малын өсірудегі мақта­нышпен айтуға тұратын соңғы селек­циялық жетістік – екі аталықіздің қалыптасуы. «Табакур» аталықізіне денесінің ірілігі, бұзауларының тез жетілуі және бордақылауға қойылғанда тез қоңдануы сияқты қасиеттер тән. «Зенит-Чубатый» аталықізіне тән ерекшеліктер – бойшаңдығы, тез жетілуі және мал азығын үнемді жұмсау қасиеттері. Жалпы тұқымның нәсілдік қасиетін ұдайы жаңарту үшін тектік қасиеттерінің әр алуандық аясын тарылтпай, олардың тұқым қуалаушылық пәрменін арттыру бағытында селекция жүргізілгені шарт.

«Мәрмәрлік ет» деп сәнге айналған әңгіме төркініне ден берсек, бұл ұғымның аясында жаңсақтық пен түсінбеушілік орын алды. «Мәрмәрлік ет» деген ұғым еттің сапасын білдіреді, ол бұлшық ет талшықтары мен осы еттегі май қыртыстарының қалыптасу ерекшелігін айшықтайтын термин. Ірі қара малы сүтті, етті және қара жұмысқа арналған бағыттар бойынша мамандандырылған тұқымдардан тұрады, осы қасиеттеріне орай олардың ағзасындағы зат алмасу үдерісінде де айырмашылықтар болады. Сүтті бағыттағы сиырлардың жеген азығы сүт түзуге бағытталса, етті сиырлар азықтан алған қорегін көбіне ет түзуге бағыттайды. Зат алмасу үдерісі де әртүрлі деңгейде, күніне 40 литр сүт беретін сиырдың жеген азығын, тәулігіне 1,5 кг қосымша салмақ қосатын етті мал жей алмайды. Екіншіден, өрісте жайылған мал мен бордақылауға қойылған малдың азығы да бөлек, оның асқазанда қорытылуы мен ағзада өнім түзуге бағытталуы да бөлек.

Мәрмәрлік ет алу үшін арнайы күтім және мал азығы қолданылады. Мысалы, Жапонияда жергілікті Wagyu тұқымын аяғын жерге тигізбей бір орында тек күріш және бал қосылған қоспалармен азықтандырады, сонымен қатар, қо­ра­сында құлаққа жағымды музыка ойнатып қояды. Бұл әдіс ұлттық дәстүрге бейімделген.

Кеңестік дәуір кезінде белгілі бір рационды сақтай отырып азықтандыру арқылы бордақылауға қойылған малдан мәрмәрлік ет алуға болатын мүмкіндік өндірістік тәжірибеде дәлелденген еді. Осы белгінің тұқым қуалау негізіне көз жеткізген ғалым-селекционерлер аталық малдың құндылығын бағалау жүйесіне осы белгі бойынша баға беруді енгізген еді. Сұраныстың жоқтығынан және мамандар тапшылығынан бұл әдіс кең қолданысқа ие болмады. Осы бағыттың болашағын бағдарлай білген Солтүстік Америка мамандары бұл ізденістерді жетілдіріп, еттің мәрмәрлік сапасын малдың тірілей кезінде ультрадыбыстық әдіспен анықтауына қол жеткізді де, селекциялық жұмыстарға серпін берді.

Мал өсірудің заманауи ағымын бағам­дасақ, мал басының есебін жүргізу, мал асылдандыру, малды азықтандыру және жайылымдарды пайдалану мәсе­лелері бойынша қажетті үрдістерді автоматтандыру /цифрландыру/ шаруа­шылықты тиімді жүргізудің ең басты тетігіне айналған. Осы бағытта тиісті жұмыстар қолға алынып, ғылыми әзірлемелер мен өндірістік ұсыныстар дайындалғаны көңілге демеу.     

Мысалы, мал басының есебін жүргізу бойынша малды бірдейлендіру /ИСЖ/ мен селекция жұмыстарын ақпараттық қамтамасыз ету /ИАС/ бағдарламалары іске асқанына он жылдан асты. Сонау 2010 жылдан бастау алған селекцияны ақпараттық қамтамасыз ету бағдарламасы елімізде өсіріліп жатқан барлық малдар туралы деректерді жинақтап, популяцияда болып жатқан генетикалық үрдістердің бағыт-бағдарын, селекциялық белгілердің тұқым қуалау заңдылықтарын және өзгергіштік қасиеттерін саралап отыруға мүмкіндік беруі керек еді.

Өкініштісі, осы бағдарлама «кір­ме малдың» есебін алып, аталық бұқа­шықтардың табында ауыспалы пайдалануын ғана қадағалауға бағытталды. Соңғы уақытта бағдарлама мал басына берілетін субсидия үрдісін қадағалауға бейімделді. Сонымен, селек­циялық жұмыстардың барлық кезеңін қамтитын малдарды бағалау, іріктеу және жұптау істері жүзеге аспады.  Яғни, байырғы шаруашылық мамандарының долбарымен берілген ақпараттар деректер қорына жинақталды. Мал құндылығын анықтау, аталық малдарды іріктеу субъективті факторға тәуелді болып тұр. Аталық малдарды таңдау жұмыстарын геномдық саралау әдістерімен толықтыру селекциялық жұмысқа серпін болар еді, бұл бастама да мешелдің күйін кешті.

Замана талабына сай агроөнеркәсіп саласын цифрландыру үрдісі, яғни, ақпараттандыру ғана мал шаруашылығы саласында қордаланған мәселелерді бірыңғай жүйеде, саланың тұтастығына нұқсан келтірмей кешенді түрде шешуге мұрындық болатыны анық. Осы орайда, «Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ғалымдары жайылымдық қорларды тиімді игерудің барлық жолдарын қамтыған 5 интерактивті картадан тұратын WEB-порталды жасап шықты. Бұл бүгінгі таңда шаруаға өте қажет анықтама.

WEB-порталдың электрондық карта қосымшасында республика бойынша әрбір ауылдық құрылым деңгейінде еліміздегі барлық мал азығы қоры бойынша әр жайылымдық типтің ерекшелігі мен сыйымдылығы /өнімділігі/ ескерілген толық ақпарат қамтылған.  Жайылымдарды сумен қамту картасы әр өрісте кездесетін бұлақтар, өзен мен көлшіктер, қолдан жасалған шахталы және құбырлы құдықтардың санын көрсетіп, осы су көздерінің жағдайы, мөлшері, минерализация деңгейі және оларды қолдану мүмкіндіктері туралы толық ақпарат береді.      

Жайылым әлеуеті қамтылған /мал басының сыйымдылығы картасы/ кар­тада 100 бас мал басына есептелген жайылым мүмкіндігі келтірілген, яғни, жайылымның маусымдық сипаты мен мал азығы қоры ескерілген. Әсіресе, шалғай жайылымдарды игеруге қажет барлық ақпарат қамтылған. Ал, мал тұқымдарының аудандастырылуы немесе жерсіндірілуі туралы мәліметтер қамтылған электрондық карта шаруаларға мазмұнды мағлұмат береді.  Шаруа WEB-порталда қамтылған ақпараттарға сүйеніп, сол өңірге бейім мал өсіруді және шаруашылық тиімділігін арттыруды жоспарлауға толық мүмкіндік алады. 

Сонымен, тұтынушылар тарапынан туындайтын жайылымға қатысты сұранысқа билік болсын, шаруалар болсын толық ақпаратты осы WEB-портал жүйесінен ала алады. Ғалымдар дайындаған осы жүйе мемлекеттік деңгейдегі басқа да қолданбалы бағдарламалар легіне кіріксе, шаруа малын күйттеп, мемлекет экономикалық тұрақтылығын сақтап, елімізде мал шаруашылығын өркендетудің берік іргетасы қалыптасар еді.  

Мал шаруашылығы дамыған елдер тәжірибесіне үңілсек, көбіне, табиғи жайылымдарды астықтұқымдас, бұршақтұқымдас шөптер егу арқылы жақсарту шаралары қарастырылған. Жалпы, шаруашылық жүргізу, оның ішінде мал бағу қарқынды әдіспен жүзеге асырылады. Осы орайда, соңғы жылдары А.Бараев атындағы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарының табиғи жайылымдарды жақсарту әдісі мен етті бағыттағы сиырларға арналған екпелі жайылымдарды қалыптастыруға қатысты ұсынған технологиясы мал шаруашылығын қарқынды дамытуға бағытталған заманауи талаптарға сай.

Бұл технологияда ғалымдар кеңес кезінен кең тараған әдістерді жергілікті жердің топырағы мен климатына орайластырып бейімдеген. Жайылымды жақсарту үрдісінде болсын, ауыспалы екпелі жайылым қалыптастыру барысында болсын жайылымда егуге негізінен тарлау қияқ /волоснец/ пен еркешөп /житняк/ таңдалған. 

Әсіресе, тарлау қияқ мал тұяғына төзімді, әрі құнарлы шөп. Тарлау қияқ шөбінің қасиеті малға жұғымды, әрі жыл бойына азықтық   құндылығын жоғалтпайды. Әсіресе, күзгі суық түсісімен шөп құрамында протеиннің арта түсуі байқалады. Еркекшөпке қарағанда тарлау қияқ өсімдігінің жапырақтарындағы протеин мөлшері екі есе артық. Бұл шөптің кемшілігі көпжылдық өсімдіктерге тән, алғашқы еккен жылы әлсіз болып, баяу тамырлануында.

Еліміздің солтүстік өңірінде ғалымдар ұсынған осы технология жаппай іске асырылса, етті бағыттағы сиырларды өсірудің тиімділігі артатыны сөзсіз. Технологияда екпелі жайылым тізбегінде үш түрлі шөптің өсірілуі шендестірілген: еркекшөп, тарлау қияқ және жаздық сұлы. Көктем шығысымен мамыр айының соңына дейін мал тарлау қияқ егілген телімде жайылады, сонан соң маусым айының соңына дейін еркекшөп телімінде жайылады. Келесі телімге ауысқан аралықта жайылымда мал аяғына тапталып, желінбей қалған тарлау қияқ пен еркекшөп шалғынын шауып алу қарастырылған. Осындай шаралар нәтижесінде, шілде айында тарлау қияқ егілген телім қайтадан мал жаюға дайын тұрады. Сонымен, тамыз айы мен қыркүйек айында мал жаздық сұлы егілген телімде жайыла тұрады. Қазан айында мал еркекшөп егілген телім мен тарлау қияқ егілген телімдерде қайта оралады. Осындай жүйемен түзілген ауыспалы жайылым алты ай бойына малдың азықтық қажеттілігін толығымен қамтамасыз етіп, жайылымдағы малдың күйлі қоңын сақтайды. Әрине, жайылым кешенін тиімді пайдалану үшін  тарлау қияқ пен еркекшөп жайылымдарын өрістерге бөліп тастау қарастырылған. Әр өрісті 7-10 күн пайдаланады. Тарлау қияқ егілген жайылым бір маусымда үш рет қолданыста болса, еркекшөп жайылымы екі рет пайдаланылады. Жайылым кешенін ұзақ пайдалану үшін ауыспалы өрістердің желінуін де әр жылда кезегімен ауыстырып пайдалану қарастырылған. Мысалы, 100 сиырды бабымен бағуға арналған жайылымдық кешен құрамына 28-30 га тарлау қияқ егілген телім,  28-30 га еркекшөп егілген телім және 50 га жаздық сұлы егілген телім енеді. Сонымен, 100 бас сиырды мал азығымен толық қамту үшін жалпы көлемі 120 гектарлық жайылым жері жеткілікті. 

Егер ылғалы мол Еуропа елдерінде бір бас сиырға 0,8-1,0 га жайылым қарастырылса, отандық ғалымдар ұсынған технологияда бір бас малға қажет жайылым 1,2 гектардан аспайды. Етті бағыттағы мал шаруашылығын қарқынды дамытамыз десек, отандық ғалымдар жылдар бойы жинақтаған ғылыми әзірлемелер қоржынындағы заманауи талапқа сай келетін технологияларды жүзеге асыру қажет-ақ. Тек осы әзірлемелерді өндіріске ендіретін шаруалар тарапынан қызығушылық, ал мемлекет тарапынан ынталандыру шаралары қарастырылса болғаны.

Сонымен қорыта айтқанда, мал шаруа­шылығының әлеуеті зор, жетістіктер бар. Дегенмен, осы жетістіктерді ел игілігіне жаратуға салғырттық бар екені ащы шындық. Игерілетін бастамалар, ілгерілететін істер өте көп. Барлығын нарық реттейді деген ұстаным әлі басым, одан арылатын да уақыт келді. Кешегі кеңес кезінде мал шаруашылығы орта деңгейде дамыған Мажария мемлекеті бүгін сүт өндіруден Еуропада озат мемлекеттер қатарында. Белорусь пен Украина мемлекеттері сүтті сиыр саласы жағынан Ресей мемлекетінен озық тұр. Назар аударсақ, осы елдерде мал шаруашылығына мемлекеттік көзқарас басым.

Сөз соңында «малым – жанымның садақасы...» деген бабаларымыздың негізгі кәсібі мал шаруашылығын өркендету еліміздегі шаруалардың тіршілік тынысын кеңейтудің бірден-бір дара жолы. Әдетте, экономикалық қуаттылық жайлы ой қузасақ, ойға бірден мұнай немесе қазба байлықтар келеді. Дегенмен, табиғи жер асты байлықтары түбінде сарқылып таусылары хақ. Осы орайда, ауылшаруашылық жерлеріне, әсіресе жайылымға сарқылмас байлық көзі ретінде ыждағаттылықпен қараған абзал. «Жері байдың елі бай» демекші, ырыстың кіндігі саналатын жерімізді еміп, қазақы танымда байлықтың басты өлшемі саналған төрт түлік малды өріске толтырсақ, әлбетте, қуатты мемлекеттермен иық тіресіп жүруге әлеуетіміз жетеді.

5739 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз