• Еркін ой мінбері
  • 19 Мамыр, 2021

ПОСТГЕНДЕРИЗМ. БҰЛ НЕ ӨЗІ?

Берік АТАШ,

философия ғылымдарының  докторы, саясаттану

 және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының професоры

(Абай атындағы ҚазҰПУ)

Патриархаттық қоғам әр елде, әрбір халықта әр түрлі сипат алғанмен, түпнегіздік мотиві – қоғамдағы ер адамның ролін әйелдермен салыстырғанда жоғарырақ қоюмен келіп өлшенеді. Тарихта оның да төзімді,  радикалды, консервативті, либералды сияқты түрлері болғандығы белгілі. Атап айтқанда, осы консервативті және радикалды формалары, гендерлік төзімсіздік, мезонимиялық көзқарастар т.б. феминистік қозғалыстың тууына алып келді. ХІХ ғасырларда батыста, АҚШ пен Еуропа елдерінде тек қана әйелдердің бостандықтарын қорғауды, олардың да сайлау мен білім алу еркіне ие болуды, ерлермен тең дәрежедегі жалақы мөлшерін талап етуден туындаған феминистік қозғалыс ХХ  ғасырда көптеген мемлекеттерде белгілі бір деңгейде өздерінің мақсатына жеткен сыңайлы.

Сондықтан, феминизм басқаша фор­маға ауысып, өзінің арнасын кеңейтіп, нақты өмірлік мәселелерді ұсынды. Бұл қозғалыстың негізінде пайда болған гендерлік саясаттың феминизмнен басты айырмашылығы тек әйелдердің ғана емес, ерлердің де құқықтарын қорғаумен шұғылданатын, екі жыныстың мүдделерін қатар қоятын саясат ұстанғандығында еді. Гендерді қоғамдық санада феминизммен шатастырады. Ол екі жақтың тең құқығын қорғайды. Мәселен, ер адамдардың әйелдермен салыстырғанда жасының қысқа болуы, олардың нерв жүйесінің әлсіздігі, апаттарға жиі ұшырауы, өміріне қатер келтіретін жұмыстар атқаруы, жасөспірім жігіттердің әскер қатарына алынуы, отбасын материалдық жағынан қамтамасыз етудің ер адамдарға жүктеліп қойылуы, т.б. ер адамның да мәртебесіне қатысты ахуалдар.

Осыған орай, ХХ ғасырдың орта тұсында бұл бағыт қойылып отырған ахуалдарды ғылыми тұрғыдан зерттеуді қажет етті де, ер мен әйелдің антогонизмін жойып, екеуінің үйлесімділігін,  екі жыныстың қарым- қатынасына қатысты барлық мәселелерді зерделейтін ілімге айналған еді. 

Одан соң қазіргі ғылым дамуындағы дифференциацияға сәйкес, гендерлік педагогика, гендерлік психология, лингвистикалық гендерология, гендерлік құқық салалары қалыптасып, қоғамдағы гендерлік мәселелерді жан-жақты зерттей бастады.  Әрине, бүгінгі таңда гендерлік мәселелер адамзат қоғамында түпкілікті шешімін тапқан жоқ, дегенмен, ілгерілеу де жоқ емес. Бірақ шешімін табуы тиіс көптеген күрделі түйткілдер ғылыми теориялық және тәжірибелік зерттеулер аясынан тыс қалды, олар тек фактологиялық ақпараттармен ғана шектеліп отырды. Атап айтқанда, аборт жасау, жыныстық еркіндік, проституцияны заңдастыру, т.б. таза өмірмәнділік мәселелер мораль тұрғысынан әрбір халықта, әр түрлі деңгейде талқыланып отырды, әсіресе, шығыстық-дәстүрлі діл мен еуропалық-өркениеттік діл бойынша, дін мен заманауи құндылықтар негізінде бұл мәселелер екі жақты қабылданды. Мәселен, дәстүршілдікті қолдайтын діни таным аймағында аборт жасау  аморальді құбылыс, тіпті  күнә да болып табылады.    

Одан соң, гендерология өзінің даму аясында зерттеу обьектісін  барынша кеңейте түсті және солай болуы да тиіс еді. Өйткені, адамзат қоғамында гендерологиялық негізде талқылануы тиіс жаңа мәселелер пайда болады.  Біз бұл бағытты «неогендерология» деп атап, зерттелуі тиіс ер мен әйелге қатысты іргелі мәселелердің бірнешеуін мысалға алып көрсетуімізге болады: жасанды ұрықтандыру, отбасындағы ажырасу мәселесі, маскулиндік әйелдер (еркекшора) мен феминистік ерлер (әйел типтес ер адамдар), бір жыныстылардың махаббаты мен олардың некелесуі, қыз бала мен ер бала тәрбиесі, метросексуалдылық, ретросексуалдылық, т.б. 

Осы тұста, С. Оспановпен біріге отырып  діни сенімдері мен діліне қатысты әрбір ұлттар мен халықтардың өздігінше шешуге құқықтары бар екендігін ескере отырып, «гендерологияның қазақы ұлттық нұсқасын» жарияладық, оны «этногендерология» деп атап, тұжырымдамасын көпшіліктің талқысына ұсынған болатынбыз. Тұжы­рымдамада негізгі екі арна айтылады, біріншісі, ер мен әйелдердің құқықтарының  тең дәрежеде сақталуы, әйелдер мен ерлерге деген зорлық-зомбылықтар мен кемсітушіліктердің барлық түрлерінің алдын-алу сияқты гендерлік саясаттың парасатты тұстарынан айнымау; екіншісі, гендерологияға қатысты ұлттық құндылықтарымызға сай келмейтін кейбір батыстық үлгілерден бас тартып, оларды халқымыздың дүниетанымына сәйкес құру. Бұнда қазіргі таңдағы гендеризмдегі, феминизмдегі, постгендеризмдегі мәселелерді ділімізге сай оңтайлы шешудің жалпы теориялық негіздері ұсынылған. 

Атап айтқанда, мәселен, бір жыныс­тылардың некелесуі, жезөкшелер үйін заңдастыру, метросексуалдылық, т.б. неогендерологиялық мәселелерді аморальді құбылыс деп тану және оны мойындамауды этногендерологияның басты ұстанымдары ретінде қатаң сақтау. Сонымен қатар, біз, талқылауға ұсынып отырған «трансгуманистік постгендеризмнің» кейбір көріністерін де ғылыми-теориялық және тәжірибелік тұрғыдан әшкерелеу.

Адамзат эволюциясының жаңа үлгісін ұсынуды мақсат еткен, адамзаттың бейнесін үлгілеген трансгуманизмнің өзі бірнеше тармақтарға бөлініп отыр: барлық тіршілік иелерін қандай да болмасын құралдарды қолдануға ерік беріп, азап шегудің барлық түрлерінен құтылуды негіздейтін –  аболюционизм,   өзінің денесін өзгертуге тыйым салу адам құқы мен бостандығын шектеу деп санайтын – либертариандық трансгуманизм, адам мен табиғатты қорғау  мақсатында, олардың эволюциясының жарқын болашағын қамтамасыз ету үшін трансгуманистік идеяларды қолдайтын – техногайянизм. Бұлар ақпараттар арқылы адамға қажетті тұрмыстық заттарды өндіру, психоактивтік заттарды адам өмірін белсенді және бақытты қылуға қолдану, адамның дене мүшелерін, оның ішінде мидың да кейбір бөліктерін ауыстыруға, өңдеуге болатын жасанды құрылғылармен алмастыру, адамның дене мүшелерін биологиялық элементтермен ауыстыру арқылы олардың суда тіршілік етуін, аспанда қалықтап ұшуын қамтамасыз ету, т.б.

Соның ішінде, біз қарастырып отырған трансгуманизмнің бір саласы – постгендеризм. Бұл бағыт трансгуманизм идеяларын негізге алады да, жыныстық ерекшеліктер биологиялықтан гөрі, әлеуметтік және психологиялық құбылыс деп танып, гендерлік трансгуманизм мәселелерін атап өтеді: ер мен әйел болмысын жасанды биотехнологиялық жолмен араластыру, жыныс мүшесін ауыстыруға құқық пен еркіндік беру, екі жақтың жағымды сапаларын жинақтап, андрогинді адам жасау, гендерлік бірегейліктерді жою, адам ер немесе қатаң түрде әйел бола алмайтындығын негізге алу, себебі, олар қоғамда әйел немесе ер емес, жай ғана барлығы  «Адамдар» деген түсінікті басшылыққа алу, дүниеге бала алып келу мен оны қоректендіру тек әйелдің ғана міндеті болмауы тиіс деген қағиданы негіздеу,  баланы дүниеге алып келуді бір жынысқа жүктемей, жасанды түрде (клондау, партогенез, жасанды аналық клетка, т.б.) жүзеге асыру, т.б. Бұлардың негізгі мақсаты – дүниеге ұрпақ алып келуді әйелдің мойнына жүктеу гендерлік теңсіздіктің сарқыншақтарының көрінісі деген идеологияны насихаттау және бой сермер нүктесі де осы. 

Постгендеристер осы құбылыстар жүзеге асса, гендерлік мәселелер жойы­лады, олардың болуы да тиіс емес деген түйінге келеді немесе оны гендерлік теңдік орнатудың бірден-бір жолы деп қарастырады.   Постгендеризмнің пайда болуының көптеген қырлары бар: саяси-әлеуметтік, идеологиялық-ақпараттық, мәдени-құндылықтық т.б. Соның ішінде, біз, оның философиялық, атап айтқанда, экзистенциалдық және психоаналитикалық негіздеріне тоқталып өтеміз.

Экзистенциалдық негіздері.  1) Егер постгендеристік қоғамның толыққанды іске асқан, өркендеген үлгісін елестетсек, онда, әйел болмысы мен ер адам болмысы туралы түсініктер де өзгереді. Бірақ жануарларда сақталып қалады.  Егер табиғатта партогенез тәжірибесі бар екендігін екерсек, «шындығында, адамзат эволюциясы екі жақты жыныстық көбеюсіз жалғасын таба ала ма?» деген сауал туындайды.

Қазіргі таңда адамзат түрлі ота жасау­лар арқылы өзінің табиғи болмысын, тіпті пластикалық оталар арқылы сыртқы келбетін де  өзгерте алады. Бірақ қазір іске аса бастаған «жыныс мүшесін өзгерту немесе оны жойып жіберу немесе қос жынысты адам дайындау  ғылым этикасына жатқызыла ма?» деген сауал қойылады.

Шындығында, жер шеңберінен шығып, ғарышқа үңілсек, онда жыныстық айырмашылықтарды көре алмаймыз. Көне Қытай философиясындағы – Инь мен Ян, тәңіршілдік сеніміндегі – Көк Тәңірі мен Ұмай Ана, т.б. рәміздік бейнелер немесе ғарышты антропоморфтаудың көрінісінен туындаған түсініктер екендігі байқалады. Ал, Э. Фромм өзендердің көлдерге құйылуын, жаңбырдың жерге жаууын (шөп шығу) мысал етіп ала отырып, табиғатта да жыныстық қатынасқа ұқсайтын құбылыстар  бар деп есептейді.

Постгендеризм ұрпақтар сабақтас­тығын сақтауға құлықсыз, кей сәттерде ұрпақ қалдыру мүкіндігін саналы, арнайы түрде жоғалтады. Сондықтан, постгендеризм бойынша, болашақта адам өндіретін құрылғылар жасалып, адамның өзі биологиялық тауарға айналуы ықтимал. Екіншіден, «Сіз бүгінгі таңда постгендеризм құбылысынан туған ұрпақ болғыңыз келе ме?» деген сауал тастасақ, «жоқ» деп жауап берушілер басым түсері анық. Олай болса, біз болашақ ұрпақтарға, оның ішінде, биологиялық-жыныстық болмысына тәжірибе жасауға құқығымыз жоқ деп айта аламыз.

Гейлер, гомосексуалистер, лесбиян­калар, жыныс мүшесін ауыстырғандар, т.б. мынадай жағымсыз тұстары бар: олардан отансүйгіштік сезімді, ел мен жерді қорғауды, мемлекеттік саясат ұстанып отырған игілікті бастамаларды жүзеге асыруға ықпалдасуды, ғылымды дамыту мен дінді қадірлеуді  күте алмаймыз, олар көп жағдайда космополиттер және қандайда бір дінді жамылған атеистер болып келеді. Ендеше, оларды экзистенциалдық тұрғыдан алғанда, адам, жеке адам, тұлға деп санауға бола ма?

2) ХХ ғасырдағы экзистенциализм ағымында, абсурдтан жалығу, зерігу деген сияқты ұғымдар бар. Мәселен, А. Камю өмірдің мағынасыздығынан жалыққан адам қоғамда әлсін-әлсін бүлік шығарады деген қортындыға келеді. Бүлік тек қарулы төңкеріс немесе физикалық әрекеттер арқылы ғана емес, теориялық сенсациялар, резонанстар туғызу, психологиялық пиар жасау, хайп арқылы да көрініс табуы ықтимал екендігін ескергендігіміз жөн. Зерігу ұғымы, әрине, қазақ философиясында басқаша түсініктермен беріледі: Абай айтқандай, «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын». Осы тұста, «постгендеристердің идеяларын қолданушылардың әрекеттері зерігу емес пе екен?» деген түйткілді мәселе туындайды. Бұл зерігу өздері үшін антигуманды емес,  әрекеттерінің де өзгелерге еш зияны жоқ (пайдасы да жоқ), олар өздерінің жеке болмысына өздері иелік ететіндіктерін басшылыққа алады.

Зерігу жалпы алғанда, қазіргі заман­дағы сәт сайын жаңартылған материалды дүние мен ауысып отыратын ақпараттар тасқынын қабылдап отырумен ком­пенсацияланады және оған адамдар да адаптацияланады. Кей сәттерде бұған сұраныс артып, үнемі қандайда сала болсын жаңартуды, жаңа әлемге енуді, жаңашылдықты қалап тұратын сана қалыптасады. Бұл кейде өзгермейтін, жаңартылуға тиісті емес құбылыстарға да телініп кетуі ықтимал немесе қоғамдық санадағы кейбір ұмтылыстар «үнемі болып жатқан өзгерістер» моделін басқа салалардың барлығына да жаппай қолданғысы келеді. Мәселен, ажырасу да, кей сәттерде, біздіңше, жаңаны аңсаудан туған болуы мүмкін. Ендеше, жыныс ауыстыру да  экзистенциалдық тұрғыдан алғанда өзінің биологиялық болмысының өзгерісін қалап,  бұрынғы жынысынан жалығудан туындаған тәрізді дей аламыз. Шындығында, өмірде өзгеруге тиісті емес, мәңгі тұрақты құндылықтар бар: отбасы, жыныс, жалпы адамзаттық мораль, т.б.               

3) «Табиғатта постгендерлік комбина­циялардың үлгілері бар ма?» деген сауал тастайық. Мәселен, техниканың үлгілері табиғатта жоқ, тек шағын модельдері ғана кездеседі: инелік, құстар – ұшақ, тікұшақ;  қан тамырлары – темір жолдар деген сияқты ұқсатулар. Сиам егіздері – табиғаттың қателігі, андрогиндік адам – миф екендігі белгілі. Демонологияда да, оккультизмде де, магияда да, адамзат даналығында да постгендерлік құбылыстар туралы мәселелер жоқ деуімізге болады.    Матриархат кезінде ер адамдар бала бағу ісімен шұғылданған деген түсініктер кездеседі, біздіңше матриархат дәуірі болмаған (әрине әйелдерді де құрмет тұтқан), бала күтімін атқару биологиялық жағынан да ер адамдарға мүлде сәйкес келмейді.

Діни сенімдерде құдайда жыныс болмайды және кез келген дін пост­гендерлік комбинацияларға қарсы. Платон толғаған андрогиндік адам болмысын аңыз бойынша, Зевс екіге бөліп ажыратады екен. Сонда «ажыраған болмысты қайтадан біріктірудің қажеттілігі қанша, жыныстық табудың, инцестке тыйым салудың, экзогамияның  туындауының адамзат үшін құндылығы неде, рухани эволюцияда ол не үшін қажет болды?» деген мәселелер туындайды.  Постгендерлік комбинациялар табиғатта, басқа да тіршілік иелерінде кездеспейді, оларда бір жыныстылардың қатынасы да болуы мүмкін емес, яғни, біз қарастырып отырған құбылыстың физиологиялық тұрғыдан алғанда да обьективті негіздері жоқ деген сөз.

 4) Постгендерист Суламифы Форстоун: «Екі жыныстың игілігі үшін біреуінің ұрпақ жалғастыруы, енді жасанды жолмен көбеюмен алмастырылады (тым болмаса, баламалық нұсқалармен): екі жыныс та бала туу жөнінде тең мүмкіндіктерге ие болады, олардың ешқайсысы бір-біріне тәуелді болмайды», – деп тұжырымдаған екен. Біз бұл тұста, біріншіден, табиғатта өзгертуге болмайтын заңдар бар екендігін естен шығармауымыз керек.

Екіншіден, миллиондаған жылдардан бері сабақтасып келе жатқан, әбден орныққан, мүлтіксіз ақиқатқа айналған екі жыныстылардың бірігіп, ұрпақ  жалғастыруы, ұрпақты әйелдердің дүниеге алып келу тәжірибесі әлі де өзінің ешқандай кемшілігі мен олқылығын көрсеткен жоқ және оны жою үшін аса қажеттілік те туындап отырған жоқ. Мәселен, ғылыми-техникалық төңкерістер, табиғи қорларды интенсивті пайдалану тәсілі бүгінгі таңда, адам мен табиғат арасында қайшылықтар туғызып,  өзінің өміршеңдігін көрсете алмады, баламалы жасыл экономиканы сұранып тұр.  

Психоаналитикалық негіздері 1) Психо­анализде «садизм» және «мазохизм» деген ұғымдар бар екендігін назарға алсақ, ер адамның әйелге бағытталған азаптаған сайын ләззат алатын садизмі, оларға деген жекккөрушілікпен қарайтын мизантропиядан туындаса және кері­сінше болса, онда, садист ер адамдар ер жыныстылыққа басымдылық беретін бір жыныстылықты қолдайды және керісінше, нақтырақ айтқанда, садист әйел бейсаналы түрде ер адам болып өзгеруді аңсайды, ал өзін азаптаған сайын ләззат алатын мазохист ер адам бейсаналы түрде әйел болуды аңсайды деген сөз. Ал садомазохизм андрогинділікті қалайтын болып шығады. Яғни, әрі әйел, әрі ер адам жынысының бір адамда болатын үлгісіне өткісі келеді деген сөз.

З.Фрейд, Э.Фромм сияқты ойшылдар бұл құбылыстар шектен шыққан уақытта психологиялық ауытқуға айна­лады деген де пікірлерін атап өтеді. Ендеше, постгендерлік ұмтылыстар, бізді, сауықтыруды қажет ететін қоғам туралы ойландырады. Неке­лескен бір жыныстыларды, постгендерлік комбинацияларға түскендерді, жыныс­тарын ауыстырғандарды т.б.  қазіргі медицина мен жантану психологиялық ауытқуға жатқызбайды. Себебі, олар­дың психологиялық ауытқу мен ауыт­қымау арасындағы критериилері, верификациялары, дихотомиялары басқаша, жаңартылмаған.  Мәселе осы параметрлерді қайта қарастыру да болып отыр. Мәселен, дәстүрлі қоғамдарда, қазіргі қазақ қоғамын­дағы қарт адамдардың да барлығы (100 пайызы) бұндай құбылыстарды сөзсіз ақылынан алжасқандық деп бағалайды.

2) Адам психикасының қорғаныш тетіктерінің бірі, бейсаналы түрде жыныстық құмарлықты басқа әрекеттер арқылы алмастыруды қалайтын – сублимация тек іс-әрекет арқылы ғана емес, теория арқылы да көрініс табуы ықтимал екендігін ескерсек, «постгендерлік идеялар осы сублимацияның көрінісі емес пе екен?» деген күмәнді ой туғызады. Бұл сублимациялар қайтадан ресублимацияланатын тәрізді. Себебі, әйелдер ер адамдық, ер адамдар әйелдік оргазмды аңсаудан немесе тәжірибеден өткізіп көруді бейсаналы түрде бастан өткізгісі келуден туындайтын сияқты.

Олай болса, алдымен, постгендерлік құбылыстардың дами түсуі гендерлік мәселелердің жойылуы деп түсіндіретін рационализациялық қорғаныш тетіктері жүзеге асуы тиіс. Яғни,  ақылмен, дәйекпен, ғылыми тұжырымдармен ақтап алу үрдісі бейсаналы түрде құрылады да, ол постгендеристерді және оны қолдаушылар легін туғызады. Шындығында, қоғамдағы гендерлік және неогендерлік мәселелер постгендерлік комбинациялармен шешімін таппайтындығы анық.

3) Өзінің биологиялық жынысына сәйкес келмейтіндерді анықтайтын трансгендерлік мәселелерге тоқталып өтпекпіз. Маскулиндік әйелдер өздерінің жыныс ерекшелігіне, яғни, әйел екендігіне қанағаттанбаудан психологиялық-әлеуметтік, биологиялық-физиологиялық болмысы жөнінен ер адамдарға еліктейді. Немесе ол әуел бастан-ақ  аналарының болашақ нәресте ер бала болып дүниеге келсе екен деген ниетіне байланысты да болуы ықтимал.

Феминист ер адамдар, яғни,  «қызте­келерге» айналғандар да осындай бейсаналы ұмтылыстармен айғақталады. Яғни, дүниеге ер адам болып туғандарына бейсаналы түрде налитындар. Міне, бұндай типтердің  мінез-бейнелерінің одан әрі асқынуы және санының өсуі  – постгендеризмді қолдаушылар қатарын көбейтеді.

Нақтырақ тарқатып атап өтсек,  жыныс ауыстыруға деген ұмтылыс немесе әйел типтес еркек, еркек типтес әйелдердің дүниеге келуі – әйелдердің бастапқы жүктілік кезінде (кейіннен ол анықталады ғой)  нәрестесі қыз болса, оны ұл болса екен деп тілеп жүруінен, сәйкесінше, ұл болса оны қыз болса екен деп тілеп жүруінен туындайды және ол ниет ұл немесе қыз екендігі анықталғаннан кейін де жалғаса берсе, ішке берілген осындай ақпараттар нәресте дүниеге келгенше оны қарсы жынысқа қарай бірте-бірте бейімдей түседі.

Екінші бір нұсқа, генетиканың заңдылығы бойынша, 3-4 ұрпақтар ауысуынан кейін де олардың ата-бабаларының сапалары аралық буындарда үзіліп, қайтадан тасымалданады. Қазақтарда тәрбие мен қатаң тыйым салу бұндай ауытқушылықтарды әлеуметтік институттар арқылы реттеп отырды, сондықтан, олар туралы мағлұматтар біздерге белгісіз болып қала берді.

Қазіргі таңда қазақ қоғамындағы әйелдер, оның ішінде, балалар арасында, жігіттердің ер адамдық сапасының төмендеуі мен олардың киім мен күтімге, сәндік бұйымдарға әйелдер сияқты тым басымдылық беретіндігі туралы пікірлер жиі кездесіп жатады. Бірақ, олар болмысының, әсіресе, физиологиялық тәні мен биологиялық келбетінің осылай қалыптасқандығына кінәлі емес, дегенмен, қоғамдағы әлеуметтендіру институттарына бұл мәселе жауапты міндеттер жүктейді.  Мәселен, көп жағдайда айтылып жүрген, мектептегі ер мұғалімдер санының тым аздығы, отбасында да тек анасымен бірге тұратын ер балалардың күндік өмір уақытының 60-70 пайызы әйелдер ортасында, қыз балалардың да өмірден қиындықтар көруі, әкесінен айрылуы немесе мүлде болмауы, т.б. отбасында белсенділік танытып, өміршең болуға қарай жетелейді. Бұлар әрине, әлеуметтік факторлар.

Гендерология ілімі пайда болып тарала бастағанда да, оған қарсы шығушылар мен қолдаушылар тобы және бейтарап қатынасты ұстанушылардың легі қалыптасқан еді. Осыған орай, постгендеризмнің де қылаң беруіне байланысты әр түрлі көзқарастар бар. Оларды постгендеристер, яғни, бұл бағытты қолдаушылар мен оған қарсы шығушылар – «антипостгендеристер» деп ажыратуымызға болады. Сонымен қатар, бұл екеуінің ортасындағы аралық буын  осы бағыттарға бейтарап қатынас орнатады немесе бұл бағдар туралы өз ойларын  әлі біржақты ашып ала алмағандар.

Қоғамдық көпшілік санадағы анти­постгендеристер көп жағдайда сезімге орын берсе, теориялық сана, яғни, ғалымдар бұны рационалистік жолмен терістеуді немесе сынауды қолға алады.  Теориялық антипостгендеристер, сонымен қатар, трансгуманизмге де қарсы шығады. Мәселен, гуманистер оны қоғамдағы адам болмысының жойылуы, оның биологиялық, жыныстық, әлеуметтік болмысының құлдырауы деп санайды, Ф.Фукуяма өзіңді өзгелермен салыстыра отырып, қол жеткізілмейтіндікті шексіз қууға деген ұмтылыс, «адамзат үшін ең қауіпті идея» деп баға берсе, постгуманистер Адам, Табиғат, Қоғам бірлігінде, бұл бағыттың тек адамға ғана басымдылық беретіндігі туралы тұжырым жасайды, әлеуметтік тұрғыдан келушілер трансгуманизм адамдар мен ұлттар арасындағы теңсіздікті жоймайды, қайта оны ушықтыра түседі деп санайды.  

Демек, «постгендеризм кімдерге және не үшін қажет?» деген сауал тастаймыз және өз ойымызды психоаналитикалық талдаулар бойынша, оларға деген жағым­сыз көзқарас тұрғысынан былайша болжамдаймыз. Жыныс ауыстырушылар, біріншіден, радикалды феминистер, саналы-бейсаналы түрде феминизм бағыты өзінің мақсатына толықтай жете алған жоқ деп санайтындар. Екіншіден, гендердің тек қана биологиялық жыныстық жағына ғана баса назар аударғандар (пансексуалистер), саяси, құқықтық, тарихи, өмірмәнділік, т.б. қырлары тасада қалған сыңайлы.   Үшіншіден,  адамзатты өзінің өлімге ұмтылысы арқылы өзін-өзі жоюға, яғни, болмауға жетелейтін «әлеуметтік танатосқа» (қоғамның өзін өзі жоюға) бет алушыларға да ұқсайды, төртіншіден, гендерологияға, гендерлік саясатқа қарсы бағытын астыртын ұстанатын «арандатушылар» идеологиясы болуы да ықтимал, бесіншіден, психикасында аздап болса да, жыныстық ауытқушылықтары бар адамдар тәрізді.

Ал жағымды және үмітті көзқарас тұрғысынан, постгендеризм болашақта қоғамдағы өзекті неогендерологиялық мәселелерді шешудің оңтайлы тұстарын трансгуманистік негізде келісімді жол­дармен ұсынады деп топшылаймыз. Екінші бір қырынан, бихевиоризмдегі «байқап көру-қателесу» қағидасы бойын­ша, бұндай үдерістер бір уақыттарда өзінің өміршең емес екендігін, адамзатқа тән бола алмайтындығын өмір мен болмыс шындығы арқылы дәйектеп, өздігінен бірте-бірте жойылуы да ықтимал. Бірақ мүмкін, 40-50-60 жылдық «мода» болатын да шығар. Яғни, бұл байқап көру, кейіннен қателесу екен ғой деп басқа жолға ауысады.         

Қорыта айтқанда, постгуманизмді қолдаушылық сияқты болып көрінетін постгендеризм, біздіңше, жыныстық төңкерістің жалғасы іспеттес. Біз, этногендерология мен неогендерология келешекте қоғамдағы шұғылдануы, күресуі тиіс күрделі ахуалдардың бірі – осы постгендеризмнің мақсаты болуы тиіс деп ойлаймыз. Әрине, осыдан бірнеше жылдар бұрын, ХХ ғасырдың орта шенінде денсаулыққа байланысты адам дене мүшелерін ауыстыратын трансплантация ақылға сыйымсыз және ғылым этикасына жатқызылмайтын өрескел болып көрінгендей еді. Бірақ келешекте, постгендерлік комбинациялар ақылға сыйымды болып шығуы тиіс емес деп үміттенеміз немесе ол, алдымен, тәжірибелер арқылы қатаң сынақтан өткізілуі керек деп санаймыз. Бастапқыда жыныс ауыстыру адам сенгісіз тым өрескел құбылыс еді, міне ол Қазақстанға да жетті.

Бұл тұста постгендерист идеологтардың манипуляциялары анық байқалады, ол адам психикасының әлсіздігіне сүйенеді: үркітіп алмайын деп, «бірте-бірте көз үйрету», ақыры қоғамдық сананы  көндіру, санаға сіңіру мен көзін жеткізу әдістерін қолдану, рационализациялау, яғни, ақылмен, ғылыми дәйектемелермен, заңдармен бекіту.

Сонымен қатар, бұл үдерістер қазақ халқының құндылықтарына сәйкес келмей­тіндігін атап өте отырып, оған қарсы идеологиялық-насихаттық сүзгілер құрудың жолдарын қарастыруымыз қажет. Әрине, ол тек этногендерологияның ғана міндеті емес, халқымыздың басқа әлеуметтік институттары қолға алуы тиіс күрделі ахуал деп түсінеміз, ұлттық рухани қауіпсіздіктің де басты мәселесі деп санаймыз.    Мәселен, постгендеризмнің қауіпті жақтарының бірі – бала туу санының азайып, жер бетінде адамның демографиясы мәселесін туғызуы мүмкін екендігі болатын болса, ол еліміздегі демографиялық қатерлерге де алып келеді. Шындығында, қоғам өркениетті, урбанизацияланған, отбасының материалдық жағы артқан сайын бала туу көрсеткіштері бірте-бірте кеміп бара жатқандығы туралы парадокс туындап отыр. Қазір кейбір Еуропа халықтары бала туу көрсеткіші осы қалпымен жалғаса берсе, жер бетінен мәңгілікке жойылады деген сөз. Бұл халқының саны өсіп бара жатқан Қытай, Үнді немесе Африка халықтары үшін аса қауіпті емес болғанмен, Қазақстан сияқты саны аз халықтар үшін демографиялық қатерлер туғызады.   

2553 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз