• Еркін ой мінбері
  • 19 Мамыр, 2021

ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК МӘСЕЛЕСІ ҺӘМ ФЕМИНИЗМ

Дина ИМАМБАЕВА,

«Ақиқат» қоғамдық-саяси журналы

бас редакторының орынбасары

Елімізде гендерлік саясат аясын­да көптеген іс-шаралар тұрақты түр­де жүзеге асырылып келеді. 2019 жылғы 20 желтоқсанда Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев партиялық тізімнің 30%-ын әйелдер мен жастардан құруды ұсынған болатын. Соған орай «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Респу­бли­касының Конституциялық заңына өзге­рістер енгізілді. Заң жобасын Парламент Сенатының мақұлдауынан кейін Президент қол қойды. Заңның мақсаты – әйелдер мен жастардың қоғамдық-саяси процестерге қатысуын ынталандыру. Осы тұрғыда Парламенттегі депутаттардың жастық және  жыныс құрылымына өзгеріс енгізу, халық қалаулыларының арасында әйелдер мен жастардың үлесін арттыру біртіндеп жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ билік тарапынан әйел құқықтары, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл салада шешімін таппаған проблемалар әлі де бар.

Әдетте біз өмірдің қандай да бір қырларын зерттемесек (немесе зерт­теулермен таныс болмасақ) олар туралы атүсті ой-пікірде боламыз.  Мәселен, қазір әлеуметтік желілер кез келген тақырыптағы пікірталас алаңы және өзара ақыл-кеңес алатын орынға айналды. Одан бөлек діннің де ықпалын жоққа шығаруға болмайды. Бұның бәрі гендерлік идеялар мен қоғамда болып жатқан оқиғаларды дұрыс түсінуге, тұжырымдауға  белгілі бір дәрежеде әсер етеді. Мәселен, қазір қоғамда, әлеуметтік  желіде қызу талқыланып жатқан тақырыптың бірі – биылғы 8 наурызда өткен феминистік қозғалыс өкілдерінің шеруі. Бұл шеруге дұрыс көзқарастан гөрі жақтаушылар мен қарсылар ретінде екіге жарылып, біржақты пікірлер айту басым.

Әйелдер қозғалыстары туралы сөз қозғағанда әйел деген кім, оның ер адамнан айырмашылығы, қоғамдағы ер мен әйел арасындағы теңсіздік қайдан шықты деген сияқты көптеген сұрақтар пайда болады. Бұл сұрақтар әлеуметтік проблемалардың себебін іздеу және олардың шешімін табу үшін қажет.  Әлеуметтану ғылымы тұрғысынан гендер мәселесі алғаш 1950-жылдары пайда болды. Көрнекті америкалық социолог Толкотт Парсонс  «ерлер мен әйелдердің жыныстық ролі белгілі бір әлеуметтік болжалға бағынады және әлеуметтену процесінде қалыптасады» деген тұжырым ұсынды. Бірақ қазір біз гендер деп атайтын ұғым туралы алғашқы түсініктердің пайда болуына феминистік қозғалыстар түрткі болды. 1970-80 жылдары батыс қоғамында әйелдер қозғалысының екінші толқыны жүрді және сол кезде көптеген әлеуметтік теориялар бас біріктірді. Мәселен, гендерлік айырмашылық ұғымына елеулі ықпал еткен марксизм идеясында әйелдердің теңсіздігі мен оларды қанау туралы түсініктер басым. Марксистік теория әлемді пролетариат пен буржуазия сияқты екі таптың қарама-қайшылығы деп қарастырса, радикал феминизм патриархатты еркектің әйелді қанауы деп санады. 

Сондай-ақ психоанализ теориясындағы әйел мен ер адам бейнесі және  олардың теңсіздігі әке мен ананың қарым-қатынасы арқылы қалыптасады деген идея да гендерлік түсініктерге ықпал етті. Бұл ретте әртүрлі мәдениеттердегі жыныстық рольдердің айырмашылығын көрсететін Маргарет Мидтің антропологиялық зерттеулері де маңызды. Симона де Бовуардың экзистенциалдық феминизмі және әйелдердің өзгеше  жаратылысы туралы түсініктер бұл кезде бар болатын. Ал адам құқығы және заң алдындағы баршаның теңдігі туралы либералдық идеялар феминистік қозғалыстардың бір ұранына айналды.  Феминистік идеологияның негізгі ұстанымы да осы – адамның қоғамдағы иеленетін орны, құқықтары мен  артықшылықтары жыныстық ерекшелікпен анықталмауы тиіс.  

Біртіндеп әлеуметтік ғылымдарда «гендер» термині пайдаланыла бастады, ол «жыныс» ұғымынан бөлек. Мәселен, жыныс дегеніміз – адамның биологиялық, анатомиялық, генетикалық сипаттары. Ал гендер – әлеуметтік және мәдени сипаттамалар. Яғни, бір биологиялық жынысқа әртүрлі қоғамда, әлеуметтік және мәдени контекстерде әртүрлі әлеуметтік және мәдени сипаттама берілуі мүмкін.

Әйелдер мен ерлер теңдігі Конс­титуцияда – негізгі заңда жазылған, қоғамда ешқандай кемсітуге жол жоқ. Алайда, феминистік зерттеулер жоғары саяси билікте немесе жоғары жалақы алатын позицияларда әйелдердің жоққа тән екендігін, көптеген салада әйелдердің жалақысы ер адамдардан төмендігін алға тартып, бұны теңсіздік немесе кемсітушілік деп есептейді. Әлбетте, әйелдерге ерлермен бірдей мүмкіндіктер жасалған, демек, олардың өздері бұлардан бас тартуы, табиғи міндетін маңызды санауы да жоққа шығарылмайды.

Гендерлік зерттеулерде айтылатын әйелдердің саясатта, экономикада,  ресурстар мол шоғырланған салаларда мансап жасауда тап болатын кедергілер гендерлік  таптаурындар мен әлеу­меттендіру үдерісіне байланысты болуы да мүмкін («байтал шауып бәйге алмайды»), не болмаса білім алуға кедергі тууы және отбасылық міндеттемеге, географиялық мобильділікке қатысты себептер болуы мүмкін. Мәселен, әйел адам мансап жолында өрлеп келе жатып  дүниеге бала  әкелсе, бала күтіміне байланысты бірнеше жылға демалысқа кетеді. Егер ол мансабын жалғастыру үшін жұмысқа шығайын десе тағы  бір кедергі – бала бағатын адамға төлейтін қаражат мәселесі, балабақша  проблемасы шығуы мүмкін. Сөйтіп ол әйел баласы үш жасқа толғанша үйде отырады. Одан кейін келесі бала дүниеге келеді, бұл аралықта 5-6 жыл өтеді. Әрине, ол әйелді ешкім әдейі шеттеткен жоқ, бірақ бұл оның мансабына, табысына елеулі әсер етті.   

Консервативтік көзқарас бойынша, әйел адам отбасымен айналысуы керек, оның жалақысы төмен болуы мүмкін, өйткені отбасындағы негізгі табыскер – ер адам. Әйелдер жұмыс істесе де ол бала тәрбиесімен, үй шаруасымен айналысуына, күйеуіне қамқорлық жасауына кедергі келтірмеуге тиіс. Егер әйел қоғамда ер адаммен бірдей дәрежеде болса, бұл  деградацияға әкеп соғады, әйелдер өзінің табиғи міндетінен бас тартады, балалары мен үйіне қарауды қояды. Гендер деген ұғымды тек әйел құқығын  қорғау деп түсінетін консерваторлық көзқарастағылар гендерлік теңдік дәстүрлі отбасын жояды, қоғамда азғындықты насихаттайды, ар-ұят ұғымы мен ұлттық құндылықтарға селкеу түсіреді деп санайды. 

Эмиль Дюркгейм қоғам өркениетті болған сайын ер мен әйел арасындағы айырмашылық көбірек болады дейді. Ал қазіргі жағдайда көптеген параметрлер бойынша ер мен әйелде айырмашылық аз – олар бір кеңседе бірдей жұмыс істейді, бір функцияны атқарады. Демек әлеуметтік тәртіп бұзылды. Басқа өлшемдер: алқызыл көйлек, әшекей, биік өкшелі аяқ киім іспетті символдық белгілер олардың биологиялық айырмашылығын ғана білдірумен шектеледі.   

Феминизм пайда болғалы бері бұл қозғалыста түрлі бағыттар болды.    Олар­дың әрқайсысы әйелдерді шектеудің әртүрлі қырына назар аударды. Көптеген феминистер азаматтық құқықтар бойынша біртұтас көзқарасты жақтайтынын біл­діреді. Соған сәйкес олар азаматтық құқықтарды, гейлер мен лесбий әйелдердің құқықтарын, әкелердің құқықтарын қорғайтын қозғалыстарды қолдайтын болды. 1960 жылдары батыс елдеріндегі контрмәдени, феминистік қозғалыстардың, қара нәсілділердің азаматтық құқықтарын талап ету шерулері аясында ЛГБТ-ға қатысты қозғалыстар дамып, өздерінің өзгелермен теңдігін ашық айтатын болды, өзіндік біртектілену үрдісі басталды.

ЛГБТ терминіне келсек, ол алғаш ағылшын тілінде 1990 жылдары  пайда болған, LGBT – (Lesbians),  (Gays),  (Bisexuals), (Transgenders) деген сөздердің қысқарған түрі. Бұл гендерлік біртекті адамдардың қауымын білдіретін атау. Олар гендерлік таптаурындарды ескірген патриархалдық сарқыншақ деп есептейді, өздерін тең құқылы қоғам мүшелері ретінде қабылдауды, гендерлік теңдікке жетуді қалайды. ЛГБТ-қозғалыстың өз символы бар, олар өздерін шеттетуге, зорлық-зомбылық көрсетуге қарсы ұйымдасқан, ортақ құндылықтары бар қауым. Квир-қауым бұған дейін негізінен маргинал топ болып келсе, қазір құқықтарын ашық қорғайтын болды.

Жалпы бұл қозғалыс әуел бастан дәстүрлі қоғам мүшелері тарапынан қарсылыққа тап болып келеді. Мәселен,  ХХ ғасырдың ортасына дейін көптеген қоғамдарда жыныстық бағдарын өзгерткен адамдар күнәһар саналды, қудаланды, тіпті өлтірілді. Сол себепті гомосексуалдар жасырынып өмір сүруге мәжбүр болды.

Гендерлік азшылықтардың құқығын қорғайтын қозғалыстар квир-қауымға қатысты адам  құқығын қорғауға және сақтауға бағдарланған. Олар осы қауымдастық өкілдерін қоғамда әлеуметтік бейімдеуге ықпал ететін заңнамаға өзгертулер енгізуге ұмтылады. Бұл заңнамаларға: мемлекеттің біржы­нысты некені мойындауы, қарулы күштер қатарында ашық қызмет ету құқығы, біржынысты отбасылардың бала бағып алуы, иммиграциялық және дискриминацияға қарсы заңдар қабылдау, квир-қауым өкілдеріне жеккөрініш негізіндегі қылмыстардың жолын кесу құқықтары кіреді. Қозғалыстың тең құқықтар үшін күресінің негізгі мақсаты – бір жыныс өкілдері арасындағы некені заңдастыру. Некені тіркеу жұбайлардың арнайы құқықтарын бекітеді:  бірлескен мүлік құқығы, алимент, мұрагерлік, әлеуметтік және медициналық сақтандыру, салық жеңілдігі, несие жеңілдігі, бағып алған балаларын бірлесіп тәрбиелеу құқығы, т.б.

Қазіргі таңда Канада, Испания, Франция, Швеция, Норвегия, АҚШ сияқты елдерде бір жынысты некелер мойындалған. Бір жынысты некені жақтаушылардың айтуынша, «заман өзгерді, сондықтан, заң қоғамдағы өзгерістерге сай болуы керек, барлық адам тең, адамдар арасындағы теңсіздікті жою керек». «Бір жынысты махаббат девиация немесе патология емес, норма» дейді олар. Өткен ғасырларда, мысалы, әртүрлі әлеуметтік тапқа, конфессияға, нәсілге жататын адамдар арасында некелесуге жол берілмейтін. Бай мен кедей құда болмайтын. Кейін бұл таптар арасында некеге тыйым салу жойылды.  Феминистер мен бір жынысты некені қолдаушылар неке институтына адамның табиғи құқықтары – заң алдындағы теңдік, денсаулық құқығы, т.б. табиғи құқықтар тұрғысынан қарайды.

Психологтардың айтуынша, қоғам­ның өзі гомосексуалдарды бөлек суб­мәдениетке бірігуге итермелейді. Яғни, олар қоғамның шеттетуінен, зорлық-зомбылығынан қашып, өзара бірігуге мәжбүр. Бұл субмәдениет  өзіндік өмір сүру стилі, өздерінің кездесетін орны, қалыптасқан қарым-қатынасы, топтық ынтымақтастығы бар қауым ретінде XVII ғасырда  Еуропада пайда болды. Бірақ ол кезде жыныстық бағдары өзгеше адамдар жөнінде ашық айтылмайтын және олар өздерінің ерекшелігін көпке жария етпейтін. Өйткені, қоғам тарапынан белгілі бір шектеулер, тыйым салулар болды.

1960 жылдардан бастап АҚШ-та және басқа батыс елдерінде бұқаралық мәдениеттің сексуализациясы байқалды және ЛГБТ құқықтары үшін азаматтық қозғалыс қалыптасты. Кейбір ірі қалаларда олар шоғырланған тұтас бір аудандар пайда болды, өздеріне арналған дүкендері, түнгі клубтары және басқа қоғамдық-саяси ұйымдары, олардың арасында СИПД-ВИЧ дертінің алдын алу орталықтары пайда болды. Кез келген субмәдениет сияқты гомосоциализация үдерісі де оларды бір-бірімен байланыстырды және біріктірді. ЛГБТ-қозғалыс дами келе құқықтық теңдік және басқа талаптарды қоя бастады.

Сарапшылар ЛГБТ-қауымдастық өкілдерінің қауіпті ауруларға ұшырау қаупі зор екенін айтады. Бұл мәселе 2006 жылы адам құқығы саласындағы халықаралық сарапшылар тобы қабыл­даған Джокъякарт принциптерінде  келтірілген. Бұл принциптер жыныстық бағдарына және гендерлік біртектілігіне байланысты адам құқықтарына қатысты халықаралық-құқықтық нормаларды қолдану қағидаларының жинағын біл­діреді және  мінез-құлқы көпшіліктің нормалары мен құндылықтарына сәй­кес келмейтін адамдарға қатысты қолда­нылады. Аталмыш құжатта осы топтағы  адамдардың денсаулығына баса назар аударылған. Өйткені, СПИД/ВИЧ-пен ауыру дәрежесі бойынша бір жынысты некені қолдайтындар алдыңғы қатарда. Мәселен, Африкада – 25%, Оңтүстік-Шығыс Азияда – 28%, Латын Америкалы кейбір аудандарында 51%-тен асады. Трансгендер адамдар арасында тіпті жоғары.  

Сондай-ақ Джокьякарт принциптерінде жыныстық бағдары бір әйелдердің дискриминацияға көп ұшырайтыны айтылған. Өйткені, көптеген елдерде, түрлі қоғамдарда жыныстық бағдар мен гендерлік  біртектілік ішкі биологиялық дисфункцияның жанама салдары және оны емдеуге болады дейтін түсінік қалыптасқан. Мысалы Иранда лесбий  қыздарға мәжбүрлі түрде  гормондық терапия тағайындалады, дәрі-дәрмек беріледі. Кейде ондай адамдардың отбасы, әке-шешесі халық емшілеріне, психиатрға жүгінеді.  Жалпы дәстүрлі емес жыныстық бағдардағы тұлғаларды қатысты зорлық-зомбылық, ұрып-соғу, оқшаулау, мәжбүрлеп ота жасату, дәрі- дәрмекпен емдеу, конверсиялық терапия практикасы секілді әдістер көптеген ел­дер­де қолданылады. Конверсиялық терапия дегеніміз нормаға сай келмейтін жыныстық мінез-құлықты ауытқушылық деп есептейтін және оны түзетуді қолдауды білдіретін термин. БҰҰ құқық қорғаушылары бұл терапияны адамгершілікке жат және денсаулыққа залал келтіреді деп есептейді.  Сарапшылар конверсиялық терапияның кез келген түрі қайшылық тудырады дейді. Адамды «түзетудің» кез келген тәсілі тән азабы мен жан азабына әкеп соғады, күрделі психологиялық проблема туғызады. Сондықтан,  конверсиялық терапия, сарапшылардың айтуынша, адам құқығын бұзу. Ол адамды қинаумен, азаптаумен тең дейді олар.

Гомосексуалдарға қатысты теріс көз­қарас немесе үрей – гомофобия қазақ­стандық қоғамдық пікірде кең таралған. Көпшілік адамдар гей мен  лесбиянканы азғындар немесе психикалық ауытқуы бар адамдар деп есептейді. Бірақ медициналық тұрғыдан жыныстық бағдарды өз­герту  патология деп саналмайды. Гомо­сексуализм  1993 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының психикалық ауытқушылық тізімінен  шығарылған.

Айта кетерлігі, Қазақстандағы ЛГБТ-қозғалыс өкілдері негізінен әйел   құқығын қорғау мәселесін алға тартады. Наурыз айындағы шеруде де Қазақстандағы әйел мен ер теңсіздігі негізгі мәселелердің бірі ретінде  көтерілді. Мәселен,  шеруді ұйымдастырушылардың бірі «Феминита» ұйымының басшысы Гүлзада Сержанның айтуынша, елімізде әйелдерге тыйым салынған 229 жұмыс бар екен (әйелдер сүңгуір бола алмайды, метрода және жүк көліктерінде пойыздар жүргізе алмайды, т.б.). Бұл Жалпыға бірдей адам құқықтары жөніндегі декларацияға қайшы дейді олар.

Қорыта айтқанда, ЛГБТ-тұлғаларға өзгелермен бірдей құқықтарды беру жөніндегі дәлел-дәйектер тым радикал да, түсінуге ауыр да емес. Ол адам  құқығы саласындағы халықаралық құқықтың екі негізгі қағидасына саяды: теңдік және дискриминацияға жол бермеу. «Барлық адам еркін және тең болып туады» делінген Жалпыға бірдей адам құқығы декларациясында.  Ал қоғамдағы гомофобтық көзқарас бұл құбылысты тек күрделендіреді.

Заман талабына сай балалардың қажет­тілігі өзгерді, түрлі ұрпақтың отбасы мен өзара қарым-қатынас туралы идеялары, түсініктері, оларды іске асыру, отбасындағы ер мен әйелдің ролі,  ажырасу, зейнетке шығу, еңбекке қабілетсіз болып қалу, т.б. тіпті, еркектердің өмір сүру жасы неге қысқа, әйелдер арасында сырқаттану неге көп деген сұрақтардың барлығы зерттеуді қажет етеді. Осы тұрғыда қазіргі кезеңдегі ер мен әйел қатынасы, дәстүрлі қоғам және гендерлік теңдік, ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар тақырыптары өзекті. Сондықтан, гендерлік социология бойынша ғылыми зерттеулерге сұраныс өсіп отыр.  

2604 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз