• Тарих толқынында
  • 19 Мамыр, 2021

АБЫРАЛЫ КӨТЕРІЛІСІ

Болатбек Насенов,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Кеңес өкіметінің 1928  жылғы байларды кәмпескелеу саясаты үлкен қателікке ұрындырды. Ол туралы өз басына қауіп төнетінін біле тұра, қазақ халқының көрнекті тұлғасы, соның алдында екі-үш жыл бұрын Қазақ АССР-ы Халық Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы  болған Нұрмақов Нығмет (Абыралының тумасы, Майлықара, Мыржықта туып өскен. Балқан тауының солтүстігінде Тәттімбеттің ұлы Мұсатай болыс болып тұрған кезде көшіп барып мұғалім болған) ашық айтты. Оған ешкім құлақ аспады, Мәскеудің тікелей тапсырмасын орындау мақсатымен жергілікті жердегі атқамінерлер күштерін салып, мыңдаған байларды, орта шаруаларды кәмпес­келеп, малдарын тартып алып, өздерін жер аударды. Соның кеселінен кедей байғұстар аш қасқырша ол малды талан-таражға салып, аз уақытта жоқ етті. Оның ақыры ашаршылыққа әкеліп соқты.

1931  жылы кеңес өкіметі екінші үл­кен қателікке ұшырады. Оны қазақ хал­қына әдейі жасалған қастандық деп есептесе де болады. Бұл – салық саясаты. Шамадан тыс ет салығы ауқатты, орта шаруалардың мойнына жүктелді. Орталықта отырған  шовинистік көзқа­растағы жаулар пайдаланып, қазақ ауылдарына орындалу мүмкіндігі жоқ мөлшерде салық салды. Оны өтеу үшін тышқақ лағына дейін берсе де өтей алмайтын еді.

Міне, осы ауыр күндері әлгіндей зобалаң әбден титығына тиген қазақ елі әр жерден бас көтеріп, Кеңес өкіметінің саясатына ашықтан-ашық қарсылық көрсетті. Ондай көтерілістер қазақ елінің барлық аудандарында болды десек өтірік болмас. Олардың ішіндегі ең ірілері – 1931 жылы 5 (бес) ауданды атау керек. Атап айтқанда, ең алдымен қазақ халқына жар салған Абыралы (Ақпан-наурыз), Ақсу, Сарысу, Созақ, Адай көтерілістері мамыр-маусым айларында өтті.        

Енді, осы Абыралы көтерілісі туралы не білеміз, соған тоқталайық.

Мен ес білгелі Семей облысының Абыралы ауданында «Қамбар көтерілісі» болыпты дегенді жиі естуші едім. Онда алып-ұшты, аңызға таяу әңгімелер көп болатын. Тіпті,  кейбіреулер:

«Екі пулеметпен төбеден атқылап, бірнеше жүз адамды Ақсайда Чупиннің отряды қанға бояпты» деп те жүрді. Осы көтерілістің кеселінен мыңдаған адамдар  отбасымен басқа жақтарға қашып, туып өскен жерін тастап кетуге мәжбүр болды. Көпшілік жастар  орталық қалаларға  жоғарғы оқу орындарына түсу мүмкіндіктерінен айырылды. Олар  «Халық жауларының балалары» болып шыға келді. Көптеген жастар әкелерінің аттарын өзгертіп жасырын өмір сүрді. Осындай аласапыран кезеңнің көрінісін адуынды ақын Қасым Аманжолов:

Қара жартас қайғы үстен құласа да,

Қашан мені сұлатты, қашан езді?

Көңлім өскен бейне шынар,

Мүмкін кейбір жапырағым солған шығар, – деп суреттейді.

Әжелердің ақырын ғана сыбырлап: «Әкелерің, аталарың әділетсіздікке қарсы күресті, соның құрбаны болды. Сендерге зияны тимесін, әрі қарай ештеңені білмей-ақ қойыңдар» – деген сөздерін жиі еститінбіз. Осындай ауыр күндерді бастарынан өткізген жандардың кейбірі Кеңес өкіметі тарағаннан кейін де дүниеге үрейлі көзбен қарап, шындықты ашып айтуға жасқанып келді. Өзім және Абыралы елінен басқа да көзі ашық жандары еліміздің сауатты, намысшыл азаматтары тарихты қопарып, шындыққа көзімізді жеткізеді-ау деген үмітте жүрдік. Жылдар өткен сайын әртүрлі жастағы азаматтармен кездескен шақтарымда бұл қайғылы оқиғаның ақтаңдақтарын ашатын кез келді деп ойлап жүретінмін.

Мұрағат – өткен уақыттың айнасы, ұмыт қалған тарихымыздың құпиясын ашатын рухани орын. Республикалық Қауіпсіздік комитетінің мұрағатына кіру өте қиындыққа түсті. Табандылықтың арқасында  төрт жыл айтыс-тартыстан кейін кірдім. Оның ішкі қиындықтарын айтып уақытты алмай-ақ қояйын. Мен архивті мұқият қарап шыққанда еліміздегі ең алғашқысы «Абыралы көтерілісі» болғандығына анық көзім жетті. Оларға жоғарғы жақтан әдейі арандату жасалған. Ол, ет тапсыру науқаны кезінде Абыралы ауданына 3379 тонна ет өткізу міндеттелді. Ол өте ауыр тапсырма еді. Дегенмен, орындауға болатын. Бірақ, 1931 жылы 7 ақпанда  «Союзмясо» 8745 тонна тапсырасыңдар деп қосымша жедел хат жіберген.

Осы кезде аудандық партия комитетінің хатшысы Маметеков Май­ман­бай  Алматыға Орталық коми­теттің плену­мына барады. Крайкомның 3-ші хатшысы Рошальға  жедел хатты көр­сетеді. «Союзмясо» крайконторының басқарушысы Надьярныхты шақырады. Ол өзі келмей қызметкерін жібереді. Рошаль: «Жедел хатты кім, қашан жіберді? Табыңдар» дейді. Ақыры кімнің жібергенін таба ал­майды.

Сөйтіп, ауданның халқын кеңес үкі­метінің саясатына қарсы шығуға мәжбүр етті.

Ауданның басшылары екінші жедел хаттың анығына көз жеткізбей, байларға, орта шаруаларға ауыр салықтарды төлеуді міндеттеп, бүкіл халықтың нара­зылығына себепші болған.

Ереуілді Тайлан, Еңбектес ауылдарын­дағы Кедей, Шөптеміс рулары бастаған. Оны Қыдыралы, Тарақты рулары қостаған. Ең соңында Жалықпас, Жарылғап, Қамбар рулары жалғаған. Осы көтерілісте 179 адам атылған, 183 адам мерзімі әртүрлі жылдарға сотталған. Оның ішінде ән бұлбұлы, Социалистік Еңбек Ері, Халық әртісі Бибігүл Төлегенованың әкесінің екі ағасы бар – 10 жылдан сотталған.

Көтерілістің басталғанын Семейге хабарлайды. Абыралы ауданының мили­ция бастығы Жалелиденов отряд құра­ды. Оған Қарқаралы аудандық милиция басқармасы бастығының орынбасары Кайгородцев өз отрядымен келіп қосы­лады (Бұл адам  1938-1940 жылдары Абыралы аудандық милицияны басқарып, 100-ге тарта адамды жазықсыз соттатқан). Ол кезде көтерілісшілерді басу мақсатымен Алматыдан Министрлер кеңесінің Іс басқармасының басқарушысы Айдарбек Масанов пен Орталық партия  комитетінің нұсқаушысы Жанғабыл Көтібаров келеді. Олар келісім жүргізудің орнына көтерілісті шабуыл жасап басу­ды жоспарлаған. Осы көтеріліске ең көп қатынасқандар  №6-шы ауылдың (Қамбар руы)  азаматтары еді. Төменде оны басқарушы Кемпірбаев Ысқақтың тергеушіге берген жауабын негізге алып баяндаймын. Ол бүкіл Абыралы көтерілісінің айнасы. Алматы қаласының қауіпсіздік комитетінің мұра­ғатынан «Абы­ралы көтерілісі» тура­лы құжаттарды 4 ай отырып қолмен көшіріп алып, негізгілерінің көшірмесін алған соң мен көтеріліс болған жерлерді араладым. Сайлаубай деген азамат көтеріліс туралы көп біледі деген соң соны ертіп алдым. Ол көтеріліс туралы шешесінен көп әңгімелер естіген екен. Мен сол әңгімелерді мұрағаттағы көтерілістің басшылары берген жауаптарымен салыстырдым. Ол әңгімелердің көбі әсірелеп айтылғаны белгілі болды. Шындығы мұрағаттың деректері. Сол себепті Мұрағаттың құжаттары және көтерілістің басшысы Ысқақ Кемпірбаевтың жауаптарына сүйеніп баяндайын.

Көтеріліс басталмай тұрып №6 ауылдың орталығына ауданнан 8 үгітші келеді: Аралбаев Төлеубек, Тескенбаев Жанбосын, Әкбаров Шаймерден, Туғанбаев Айтжан, Ызкин Дастан, Смағұлов Ғалымжан, Жәкі­шов Сқақ, Самалов Дүйсен. Олар Са­таев Бейсектің үйіне тоқтайды. Арал­баев  «Ет тапсыру» жоспарын орын­даудың қажеттігін үгіттеді. Оның үгітіне Жақыпбеков Кәкендер қарсы шығады. Осы кезде Ақсай қыстағында Аралбаев Төлеубекті Жақыпбергенов Накен мен Нарынбек қарын белдігінен ұстап алып, сүйреп ортаға шығарып: «Мына қаншықтарды ұстаңдар. Жетті біздің мойнымызға мінгендерің, енді күресеміз» – деді. Көпшілік оны қолдады. Аралбаевтарды ұра бастады. Осы арада Ысқақ Кемпірбаевқа да  таяқ тиеді (Кейін көтерілістің штаб бастығы, одан кейін басшысы). Халық ашынып, өкіметтің өкіліне тіл тигізіп, қол жұмсайды. Олар  13  адамды:  Аралбаев Төлеубек, Текембаев Жанбосын, Самалов Дүйсен (коммунист), Ысқақ Кемпірбаев, Туғанбаев Айтжан, Ақшалов Тоқтарбек, тағы басқаларын тұтқындайды. Біраз уақыт өткен соң  Кемпірбаев Ысқақ пен Бекбергенов Сүлейменді босатып жібереді. Қалғандарының аяқ-қолдарын кісендеп, Ақсайдағы Сатаев Жүністің қорасына қамады. Тұтқындағылардың ішінде Аралбаев пен Текембаевтан бас­қа­лары істің бұлайша насырға ша­батынын ойлаған емес. Ақсайдан Көккөзге  қолға түскендердің бостандыққа жіберілгендерін, оның ішінде Ысқақты көтерілісшілердің сол кездегі басшылары Қасқабасов Зарубай мен Жақсыбергенов Тәуекелге алып келді. Олар: «Біздерге қосылыңдар. Онда босатамыз, ал болмаса құртамыз» – деді. Ысқақтар «қосыламыз» – деп серт берді. Келесі күні аяқтарына тұсау салғандардың барлығын босатты. Тек Аралбаев, Туған­баев, Тескенбаев, Ақшаловтарды және Қонысбек Тамбышевті босатпады. Ауыл кеңесіне 200-дей адам жиналды. Арал­баев ақ отаудың соты. Қарқаралыдан келген. 24 жаста. Көтерілісшілер Сары­шоқының бауырында орналасқан ауыл кеңесін қоршап алды. Тәуекел вин­тов­кадан аспанға бір рет оқ атты. Со­дан кейін, Қасқабасов Зарубай, Жан­дыбаев Түсіпбек, Жақсыбергенов Накен, Отарбаев  Тұрабай,  Ызкин Дастан, Шикиев Сүлеймен, Тәңірбергенов Ын­каш, Ма­қы­баев Аблықадыр, (Найман-Леп­сіден) Ақшолақов Төлеубай, Кемпірбаев Ысқақ, Тұрғанбаев Убайда, тағы басқа көптеген азаматтар басып кірді. Кеңестің кабинетінде: Қосаев Қабия, Наурызбаев Жақсыбек, Беделбаев Сыздық, Тұрсым­беков Жөкебай, Садуақасов, оның әкесі Садуақас та бар екен. Ысқақ кіріп келгенде Қасқабасов Наурызбаевты қамшымен сабап жатыр екен. Ысқақ оны тоқтатып: «Ой, сен ақымақпысың, неге төбелесесің» – дейді. Ауыл кеңесінің істерін теңдеп, Ақсайға жібереді. Содан кейін, Қуаныштың ауылына келіп қолға түскен адамдарды сонда қалдырып, толық бостандық берген. Жылқыларды екі-үш сағаттың ішінде талап әкеткен.

Көкшетау ауылында  «Олжашы» руы бастаған көтеріліс осылайша жалғасқан. 1931 жылы 14 ақпанда №6 ауылдың  «Ұшқын» атты бөлімшесіне мұғалім Мақыбаев Абдықадырға Сартақбай бөлімшесінен 50 адам коммунаны талауға келген. 15  ақпанда Жөкебай Тұрсымбеков Ақсай, Мергембай, Қармыс ауылдарындағы кооперативтерді көтерілісшілер талап әкетті деген хабар әкелді.

Ауданның әр ауылында көтеріліс­шілердің өз штабтары болған. Соның бірі – Қамбар ауылының көтерісшілерінің штаб мүшелерінің суреті мұрағатта сақталыпты. Соның көшірмесін алудың сәті түсті. Суретте кімнің қай жерде отырғанын айта алмаймын. Туған-туыстары таныса маған хабарласар деген үмітім бар. Сонымен бұл суреттегілер мыналар:

1. Ысқақ Кемпірбаев – 32 жаста. Ортада  отыр. Көтерілістің басшысы.

2. Серікбай Қуандықов – 40 жаста.

3. Убайда Тұрғанбаев – 36 ж.

4. Тәуекел Жақсыбергенов – 30 ж.

5. Төлеубек Ақшолақов – 39 ж.

6. Түсіпбек Жандыбаев – 40 ж.

7. Абдықадыр Мақыбаев (Садырбек) руы Найман – 40 ж.

8. Ахмет Түсіпов – Ту ұстаушы, екінші қатарда екінші, Ысқақтың сол жағында. Аталғандардың біреуі суретте жоқ. Кім екенін таба алмадым. Суретті жеке беріп отырмын.

 

 

№11 ауылдың штаб мүшелері – 20 ақпан 1931 ж. (Шөптеміс, Кедей рула­рының):

1. Бейсов Айтмұрза

2. Бейсов Байкен

3. Әділбаев Бекіш

4. Нұрғожин Әмірхан

5. Омаров Ахмет

6. Тұяқов Кенжебек

7. Байсұлтанов Әдменбай

8. Тұяқов Оразбек

9. Оңғаров Қаймолда

Аудан орталығы Қайнар мен  Тайлан­ның ортасындағы №10 ауылдың тұрғын­дары (Тарақты руы) №11 ауылмен бірге көтеріліп, өздерінен мына адамдарды  штаб мүшелігіне  ұсынады:

1. Жәкішов Ыбрай

2. Болғабаев Ансай

3. Балықбаев Серік

№7,8,9,14 ауылдардың  белсенділері (Шаншар, Жалықпас рулары) штаб мүшелері болды:

№7 ауыл –  (Жалықпастар):

1. Абдрахым Ержігітов

2. Байпейсов Асылбек (Аудан орта­лы­ғына шабуыл жасаушылардың басшысы).

№8.9 ауылдардың штаб мүшелері: (Жалықпас, Жарылғап, Бәйбөрі, Темірші, Қырқым). Демеуші – Төребаев Хасен.

1. Түсіпов Үсенбай   

2. Үсенбаев Аман

3. Батрақов Нығмет

4. Батрақов Смайылхан

5. Қаңлыбаев Жағпар

6. Рахин Жаппар

7. Рахин Қабкен

8. Батрақов Асан

9. Өтеев Базылбек

10. Байымбетов Қали ( Штаб басшысы)

11. Таубалықов Рақымжан

12. Асанов Баймұрат

Ту көтерушілері: Исаханов Елеукен, Қонақбай Мөлтіков. Молда – Құрманбаев Әубәкір.

№14 ауылдың  штаб мүшелері (Жа­рыл­ғап, Шақаман, Кешубай рулары):

1. Қаражігітов Жақып

2. Исаханов Бөлеухан

3. Жақыпов Ысқақ

4. Оразбеков Аққасым

5. Жақыпов Хасен

6. Сқақов Секіш.

Міне, осылайша 1931 жылы ақпан-наурыз айларында Қазақ еліне тұңғыш рет Кеңес өкіметінің  өрескел саясатына наразылық көрсеткен бұрынғы Семей облысы, Абыралы ауданының қозға­лысы  қанды  көтеріліске айналды. 1931 жылғы Абыралы көтерілісі сол кез­дегі ет дайындау компаниясына на­ра­зылық көрсеткен Қазақстандағы тұңғыш көтеріліс ретінде тарихқа енді. Маңғыстау, Адай көтерілісі маусым айында; Ақсу, Сарысу, Созақ көтерілістері де мамыр-маусым айларында болды. Ал қазақ елі жаппай ереуілге қыркүйек-қазан айларында шыққан. Көтерілісті басуға ауданнан шыққан отрядты милиция бастығы Жалелиденов басқарды. Ол коммуна орналасқан орталыққа екі күн қонып шықты. Оның отряды  түс  кезінде еттерін жеп үлгермей естері шығып, №2-ші Отарбаевтың ауылына шегінеді. Бұл отрядқа Қазақ үкіметінің өкілі Масанов Айдарбек  пен Жанғабыл Көтібаров ке­ліп қосылды. Аудан орталығынан отряд­қа басшылық жасауға Кайгородцев Александр, милиционер Ақтанов және оларға жол көрсетуші келеді. Ысқақ Кемпірбаев Казкрайдан үгітші келе жатыр дегенді естіп, сарбаздарын оларды қарсы алуға алып жүрді. Бұл кезде №6 ауылдың көтерілісшілері Кемпірбаевты оның өзімен келіспей штаб бастығы етіп сайлады. Сол кездегі көтерілістің бастығы Жақсыбергенов Тәуекел еді. Ысқақ сол кісіден үйіне барып келуге рұқсат сұрайды. Алдында қарсы болып біраздан соң рұқсат береді. Ысқақ біраз жерге ұзаған соң артынан Карин Сыздық қуып жетті. Ол Ысқақтың соңынан жіберген тыңшы еді. Ысқақ үйіне келген соң мән жайды қатынына айтады. Ол оны жерден алып жерге салып ұрсады: «Қай сайтан сені олармен байланыстырды. Дұрыс өмір сүруді кеңес өкіметі заманында бастап едік. Кеңеске қызмет ете беру керек еді. Енді не болады. Көрерсің құрыймыз. Басқалармен бірге жанып кетеміз» – деді, Ысқақ: «Мен ешнәрсе алған жоқпын, ешкімге жаманшылық жасаған жан емеспін. Ал, көтерілісшілермен амалсыз бірге болдым». Қатыны: «ертең ауданға бар, Райкомға, милицияға түгел айт. Райыңнан қайт» – деді. Ысқақ: «Сол дұрыс болар» – деп ертеңінде жүрмекші болып отырғанда аяқ астынан ойламаған уақиғаға кез болды. Ысқақтар енді ғана төсек салып жатуға кіріскенде терезені біреу сарт-сұрт етіп қақты.  «Есікті аш. Мен Есбалақпын» – деп айғай салды. Ысқақ басында: «бұрыннан өш ала алмай жүрген көтерілісшілер  ме?» – деп ойлады. Ысқақтың Ыбрай, Бөкен деген ағалары көтеріліске қатынаспаған, кооперативті тонауға қатыспаған. Ысқақ әлі де: «кек қайтаруға келген  адамдар екен» – деп ойлады.  «Үйде  мен, Карин және  Сақыбаев Дөненбай үшеуміз едік» – дейді Ысқақ. Ақсай  қыстағы Сарышоқының солтүстік жағында. Жалелиденовтың отряды  осы төбе арқылы, Бөкен Кемпірбаевтың үйіне қарай беттеген. Отрядтың бұл ауылға келу себебі Ысқақты көтерілісшілердің басшыларының бірі деп есептеген. Ысқақты ұстау үшін Жалелиденовтың отряды Ақсайға келді. Олар кешкі сағат 21-22-лер шамасында Ысқақтың үйін оқтың астына алды. Ысқақ және үйдегі екі азамат таң атқанша атысады. Ысқақ: «Менің оларды бір-бірлеп атып түсіру мүмкіндігім болса да атқан жоқпын. Өйткені, кісі өлтіргім келмеді» – дейді. Таңға жақын Ысқақтың ағасы Бөкенді «Ақсай» қыстағындағы  үйінің алдында сыртынан оқ атып қызылдың отряды өлтірді. Бөкеннің «Алла» деуге шамасы келіп, өліп кетті. Оны көрген Ысқақ ыза кернеп, қызылдарға оқты қарша боратты. Олар қашып кетті. Ашуға булыққан Ысқақ Бөкенге келіп, басын көтерді. Өліп қалғанын білген соң: «Кеше ғана большевиктерге қарсы күреспеймін деп едім. Штабтың бастығы етіп сайлағаннан бас тартамын ба деп шешіп едім. Енді менің қас жауым большевиктер, коммунистер. Олармен қасықтай қаным қалғанша күресемін» –деп өзіне-өзі ант берді.

Аралбаевтың атылуы архивтің құжаты бойынша былай болған. Ысқақ таңертең Ақсайдағы халықты жинап жағдайды түсіндіреді. Халық: «Сіз бізді басқарасыз. Өзіңіз шешіңіз» – дейді.

Одан кейін Ысқақ, Ыбрай, Тұрғанбаев Увайда үшеуі атқа отырып Ақсайдың екінші жеріндегі Сатаев Жүністің ауылына барады. Ол жерде тұтқындалған, аяқ-қолы байлаулы қызыл отау үйінің халық соты Аралбаев Төлеубек бар еді. Аралбаевты Сатаевтың қыстағынан шығарып алып: «Менің қандас ағамның кегі үшін ит өліммен өл» – деп Увайда мен Ысқақ ішінен, басынан атып өлтіріп, артынан қанын ішкен. Осы кезде Көккөзден 300 адам келеді. Осылайша Төлеубек те көтерілістің жазықсыз құрбаны болды.

Осы кезде Күнгейқара ауылының азаматтары  Жалелиденовтың отряды Ақсайға кетті деп хабарлады. Сөйтсе, отряд көтерілісшілердің штабы  Көк­көзге көшірілгенін білмей, Ақсайда штабты талқандамақшы болыпты. Оны естіген Ысқақ және штаб мүшелері Жалелиденовтың отрядын қоршап, тұт­қын­дауды ойластырады. Сол себепті сарбаздарды үшке бөліп төбелердің арасына орналастырады. 100 адам ұсақ төбелердің батыс жағына бірнеше бөлімдерге бөлінеді.

Оларды қаруы бар Ысқақ, Ыбрай, Увайда, Мақыбаев Садырбай, Балта­қаев Қауқарбектер басқарады. Оларға қаруы жоқ сарбаздар да ереді. Ысқақтың сарбаздары «Оян, кедей» колхозының орталығына келеді. Екінші күні Жалелиденовтың отряды екі күн коммуна орналасқан орталыққа қонып шықты. Көтерілісшілер олай болады деп ойламаған. Ысқақ Кемпірбаев Казкрайдан үгітшілер келе жатыр дегенді естіп, сарбаздарын оларды қарсы алуға келе жатты. Көтерілісшілердің көпшілігі үгітшілердің келуін тосты. Егер де үкімет олардың талаптарын орындаса, ерікті түрде күресті тоқтатпақшы. Ал, Ысқақ пен штаб мүшелері үкіметтің толық кешіретініне сенген жоқ, бірақ көпшіліктің тілегіне қарсы шығу мүмкін емес. Ал, Масанов Айдарбек пен Көтібаров Жанғабыл  көтерісшілерге келудің орнына  Жалелиденовтың отрядына қосылып көтерілісшілерге күш көрсетпекші болған. Үкіметтің өкілі: «6 (алты) сағаттың ішінде  өз еріктеріңмен беріліңдер, егерде бұйрықты орындамасаңдар күш көрсетіледі» – деп қатаң талап қойды. Бұл бұйрықты орындау талабын отрядтың өкілі Имамбеков Бошымбек кешке қарай әкелді. Бұйрықты орындау мүмкін емес еді. Өйткені, ол екі сағатта орындалуы қажет болатын. Көтерілісшілер болса, отрядқа жауап беру үшін орталыққа бару қажет. Ол бұл арадан 20-25 верст жер. Кемпірбаевтар отряд басшысынан: «Таң атқанға дейін тосуын» сұрады. Оған отряд басшылары: «Жоқ. Жауабын қазір беріңдер, әйтпесе шабуыл жасаймыз» – деді. Осылайша отряд Ақсайға қарай жылжыйды. Ысқақтың қатыны  Күлшіман үйілген шөптің астына тығылған екен. Іздеушілер  қылыштарының үшімен оны шаншып өлтіре жаздапты. Ысқақ Кем­пірбаев: «Отрядтың ішінде Туғанбаев пен тергеуші белсенділік көрсетіпті. Қатындарды ұрып-соғып, үйіндегі киімдерді тартып алып кетіпті. Айтжан менің суконный тройкамды киіп алыпты» – дейді. Ақсайда қалған комсомол Имашев Қыдырбектен көтерілісшілердің «Көккөзде» екендігін естіп отряд солай қарай қозғалады. Екі-үш түйеге бағалы киімдер мен тағамды тиеп алады. Олармен қоса Ысқақтың қатыны Күлшіманды, Аманбеков Әбдікәрімнің қатынын қоса алып шығады.

Осы мезгілде көтерілісшілерден екі түйемен жіберілген шөп тасушы баласын төбеде тұрған күзетші байқайды. Ол бала өзін отрядтағылардың байқағанын сездіреді. Отрядтың естері шығып баланы қуады. Оның артында ешкімнің жоғын білген соң қайтадан Ақсайға келіп, жоғарыда аталған жүктерді және Жолтаев Тәуірбайды өздерімен бірге алып көтерілісшілерді қуып жетпекші болады. Көтерілісшілер Көккөз ауылынан отрядқа қарсы қозғалады. Оларды бастап келе жатқан барлаушы Бітібаев Найман. Ол отрядтың келе жатқанын  тез байқап, көтерілісшілерге белгі берді.

Отрядпен кездесу «Қарымсақ» ауы­лының тұсында болды. Ысқақтар қолайлы ұстанымға бекініп, отрядты қақпанға түсіретіндей болып орналастырды. Көтерілісшілер орналас­қан жерлер жазық дала, ортасында кішірек бірнеше төбелер «Адырлар» бар. Трехлинейка атты мыл­тық: Ысқақта, Жандыбаев Жүсіпбек, Бекбергенов Сүлеймен, Мақыбаев, Жақ­сы­­бергенов Тәуекел, Тұрғанбаев Убай­да да болды. Қалғандарында аң аулай­тын мылтық. Көтерілісшілердің ізіне түсіп, бірнеше салт атты барлаушылары алға шықты. Оның ішінде Кайгородцев көтерілісшілердің дәл тұсына оқпен атып түсіретіндей жерде тұрды. Бірақ, Ысқақ  оқ атпау жөнінде бұйрық берген еді. Ол орядтың толық таяп келуін тосты. Сол кезде олардың төбелерінен оқ атып қорқыту арқылы берілуін талап етпекші. Бірақ, олар көтерілісшілерді байқап қалып, оларға қарсы оқ атады. Ал, Ысқақ көтерілісшілерге: «Ешкімді өлтірмеңдер. Тек аттарын атыңдар» – деп бұйрық берген болатын. Осылайша олар жаяу отрядтары тұрған жерге қарай қашты. Осы кезде Жандыбаев отрядтың үш атын, Жақсыбергенов Тәуекел екі атын атып өлтірді. Дәл осы мезгілде төңіректе тыныштық орнай қалады.

 

(Жалғасы бар)

3439 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз