• Тарих толқынында
  • 19 Мамыр, 2021

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ ҰЛТ МЕНТАЛИТЕТІ

Ханкелді Әбжанов,

ҰҒА академигі

Қуғын-сүргін бастаулары мен сипаты

2020 жылдың мамыр айында ҚР  Президенті Қ.Тоқаев кеңестік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үдерісін жалғастыру тарихи әділдіктің салтанаты екенін мәлімдеді. Соңғы 60 жылдан астам уақыт бойы жазықсыз жапа шеккендерді ақтау ауық-ауық қолға алынғаны баршаға мәлім. Соның өзінде күні бүгінге дейін ақталмай қалғандар өте көп екенін ғалымдар айтудан жалыққан емес. Енді, міне, қарыз бен парызды өтейтін сәт туды. 

Адамзат баласы қуғын-сүргінді ежел­ден білген. Спартак бастаған құлдар көтерілісін, Пугачев бастаған басыбайлы шаруалар көтерілісін жаншу, жеңілген Наполеонның жақтастарына қарсы ұйымдастырылған «ақ террор» қуғын-сүргіннің ұзына тарихынан хабар береді. Қуғын-сүргінге себеп әдетте билікке таласудан. Бізде де солай. Әріге бармай, қазақ хандығы дәуіріне көз жүгіртсек, XVII ғасыр басындағы «Қатаған қырғынын» қуғын-сүргін санатына жатқызуға негіз бар. Ол Есім хан мен Тұрсын ханның тақ үшін таласынан шыққан қанды оқиға еді. Ресей бодандығына кіргеннен соң бұрқ еткен билік төңірегіндегі талас – Сырым батыр көтерілісі де қантөгіске, қуғын-сүргінге ұласты. Бірақ атауы ауыр болғанмен адам шығыны жағынан әлемдік тарихта айтулы орны бар жоғарыда айтылғандармен теңесе алмайды.

Нағыз қуғын-сүргінді қазақ қоғамы XIX ғасырда бастан кешті. Оған қа­зақ арасындағы қоғамдық-саяси қатынастардан гөрі отарлау барысы шешуші ықпал етті. Билік жат қолына өткендіктен зардаптары да ауырлай түскен еді. Қоқан билеушілерінің қысымымен оңтүстікте алым-салық салмағы артып, экономикадан тыс мәжбүрлеу шектен шықса, Ресей билігі орнаған өңірлерде қазақтар шөл мен шөлейт жерлерге ығыстырылды.Енді азаттықты аңсау, сол үшін күресу ауыр қылмыс саналды. Патшалық билік қазақтар тарапынан орын алған түрлі наразылықтар мен көтерілістерді аяусыз басу үшін жазалаушы әскерін жіберді, түрмелер салды, зілді заң актілерін қабылдады, ұсталғандарды «итжеккенге» айдады. 1861 жылғы шаруалар реформасынан кейін импе­рияда капиталистік қатынастардың шапшаң дамуы, Ұлы далаға келімсектерді тоғыту, жерді мемлекет меншігіне алу, діни, әкімшілік қысымдар – бәрі қуғын-сүргінге себеп пен салдарды ұлғайтты. Оны Махамбеттің жырларынан, Құрманғазының күйлерінен, зар-заман ақындарының мұрасынан, Шоқан мен Абайдың ой-толғауларынан анық көреміз. Бұлар тынысы тарылған барша қазақтың жоғын жоқтады, үмітін үздірмеді, төл менталитетін байытты,  жаңа ахуалға бейімделуге шақырды.

Қуғын-сүргінмен толыққан қатпары қалың әділетсіздік заманауи білім алған Алаш зиялыларын тарих сахнасына шығарды. Ресми Петербург бұларға да жылы қабақ танытпады. Революцияға дейінгі Қазақстанда қуғын-сүргін бірінші орыс революциясы жеңілгеннен кейін және 1916 жылғы көтеріліс тұсында кеңінен қолданылды. Саяси көшбасшы Ә.Бөкейхан, ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы туған елінің топырағын басу құқынан айрылды. Қазақтың 70-80 пайызы кедейленді. Бұған патшалық биліктің жергілікті сатраптары аянбай үлес қосты. Осылардың қасіретін езілген қазақ ұлтының перзенті А.Байтұрсынұлы:

Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

Маған ауыр осылардың бәрінен

Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны, – деп әшкерелесе, отарлаушы ел өкілі А.Ф.Керенский 1916 жылғы желтоқсанда Мемлекеттік Дума отырысында арнайы баяндама жасап, сол жылғы жаз айындағы қанды оқиғалардың салдары Түркістан мен Далалық өлкеде ғана емес, бүкіл Ресей өмірінде бүгін де, ұзақ уақыт бойы да сезілетін болады деді. Көтерілісті «түземдіктердің тәртіпсіздігі» ретінде түсіндірді. Қарсы қолданылған шаралар адамшылыққа жатпайтынын айта келе, ойын былайша түйіндепті: «очень трудно будет нам говорить теперь «о турецки зверствах в Армении», очень трудно будет нам говорить «о немецки зверствах в Бельгии», когда того, что происходило в горах Семиречья, никогда, может быть, мир до сих пор не видел!».

Қуғын-сүргіннің ең сорақы түрлері қазақ даласына большевизммен келді.Оның шеңгеліне биліктен алыс, саясатқа қызықпаған, кінәсіз қарапайым жандар ілінді. Балалар мен әйелдер лагері іске қосылды. Қылышынан қан тамған лениндік-сталиндік режимнің 36 жылы (1917-1953) ішінде Қазақстанға зорлық-зомбылықпен, алдау-арбаумен кем дегенде 5 млн. басқа ұлт өкілдері жеткізілді. Тұтас халықтарды депортациялау, орыс жазушысы А.Солженицын жазғандай, Қазақстанды Қазекстанға айналдырды. Егер сол мерзім ішінде республика халқының саны айтарлықтай өзгермегенін, қазақтардың үлесі 50 пайыздан да төмен түскенін қаперге алсақ, шамамен 5 млн. қазақ қазан төңкерісінің, азамат соғысы мен шетел интервенциясының, ашаршылықтың, яғни, қуғын-сүргіннің құрбаны болғанын болжай аламыз. Ата-ана перзентінен, балалар ата-анасынан тірідей айырылды (мәселен, аштықтан үзілгенін көзімен көрді), өлідей айырылды (бақилық болғанын көргендерден естіді), өлі-тірісін білмеген күйде өмірден озды (хабар-ошарсыз кеткендер).

Сталин өлгеннен кейінгі жылымық пен тоқырау қуғын-сүргінді бәсеңдеткені рас. Партия идеологтары кеңес адамдарының назарын жарқын болашаққа – коммунизм құрылысына аударуға тырысты. 1937-1938 жылдарғы «үлкен террормен» атылғандар мен айдалғандардың негізгі денінің ақталуын социалистік заңдылықтың салтанаты ретінде ұлықтады. Одақтас республикаларға берілген азды-көпті жеңілдіктер демократияның жетістігіне жатқызылды. Бірақ Қазақстан жағдайында мемлекеттік әділетсіздіктің аса жымысқы түрі – орыстандыру саясатына басымдық берілді. Байырғы халықтың жартысына жуығы ана тілінде сөйлеуден қалды. Қазақ тіліне, қазақтілді балабақшалар мен мектептерге, ЖОО-лар мен арнайы орта оқу орындарына, БАҚ пен ұлттық мамандарға екіжүзді саясат қолданылды: сөз жүзінде оларды қолдағансыды, нақты істе алалады, шетке ығыстырды.Әйтпесе бірде-бір орысы жоқ елді мекендерде қазақ мектебі жабылып, орнына орыс мектебі ашылар ма еді? Әділетсіздікке төзбегендердің бірі Хасен Қожахметов еді. Ол 1975-1977 жылдар аралығында КОКП ұлт саясатын сынаған үндеулер мен мақалаларын 670 данамен шығарып, қазақтар арасында таратқан екен. Шығарма атаулары: «Союз или колония?», «Об ассимиляции народов», «Кому нужна ассимиляция народов?» «Историческое решение национального вопроса».  Ұлтшыл деп айыпталған Х.Қожахметов 1977 жылы 2 жылға сотталып кете барды. Басын бәйгеге тіккен басқа да азаматтар болды.  Сөйтіп саяси-идеологиялық өктемдікті айыптағандар, қазақ ұлтының, тілінің жанашырлары жазаланды, қызметтен қуылды, құбыжыққа айналды. Орыс тілін меңгермеген бірде-бір қазақстандық – қазақ па, ұйғыр ма, кәріс пе, бәрібір ауыл-село деңгейінен жоғары қызметке тағайындалған емес. Орталықтың пиғылын түсінген «үлкен аға» балалары ойына келгенін істеді. Солтүстік аймақты билеп-төстеген Бородин, Кручина, Демиденко тәрізді обком хатшыларының қазаққа қарсы шовинизмін көзімен көрген әріптестері күні бүгінге дейін ашынбай айта алмайды.

1953 жылы Сталин өлгенмен  стали­низмнің қатерлі мұрасы – қуғын-сүргін өмір сүре берді. Басты кінәлілері мен айыптаулары: партия уставын бұзды, моральдық құқынан айрылды, буржуазиялық ұлтшыл, масыл, шпион деп дәйектелгенімен, түпкөздегені қазақ халқын, жерінің асты-үстіндегі байлықты Мәскеудің уысынан шығармау еді. Тіпті социализмге адами келбетті қайтармақ болған қайта құру көпірмесөз болып шықты. Алматыда, Тбилисиде, Бакуде тырнағын қанға бояды. Қуғын-сүргін сипатындағы сабақтастық үзілмегенін қанды қырғын куәгерлері, әр дәуірде өмір сүргеніне қарамастан, бірін-бірі толықтырумен бұлтартпай дәйектегені адам жанын шошытады. Ұлы Отан соғысының ардагері Адырбек Оспанов қазақ қасіретінің бір сәтін былай суреттеген екен: «Бейбіт жатқан ел үрпиісіп, бір тарының қауызына сиғандай дүрлікті. Үйін жығып, малын айдап, бала-шаға, қатын-қалашын шулатып, әйтеуір, көз-көрмес, құлақ естімес, қиян шетке шығандап кетуді мақсат етті. Өкіметтің құрығы ұзын, жер-жерді тінтіп, күдікті деген жандардың бәрін ұстап, айдап алып кетті. «Әскер келіп қалды» дегенді естігенде мұрты тебіндей бастаған еркек кіндік атаулыны жасыруға тырысты».

Өмір жолын енді ғана бастаған Ләйлә Құспанова қуғын-сүргіннің бірінші күнінде ауыр соққыға қалай жығылғанын байқамай да қалыпты. «Толқу өте күшті екен. Қара-құрым адам. Әскер де көп. Бізге қарап, қолдарындағы дубинкаларын көтеріп, сес көрсетіп қояды. Кенет екі қанатта тұрған милиционерлер бізге қарай лап қойды. Мұны күтпеген біз қашып үлгере алмай қалдық. Қас пен көздің арасында сіңліміз екеуміз қалың дүрмектің астында қалдық. Бетімізге, ішімізге, бүкіл денемізге ауыр соққылар тиіп жатыр. Етік пе, дубинка ма айырудан қалдық. Бір кезде есімді жисам, алаңда қар үстінде жатыр екем. Қасымда сіңлім жылап отыр. Айналамыз толған жаралылар. Жылап-сықтап көмек сұрағандарды естігенде, төбе құйқаң шымырлайды».

Екі куәгер айтып отырған қырғын­дардың арасын аттай   56 жыл бөліп тұр. Ардагер ақсақал 1930 жылғы Созақ көтерілісін сөз қылса, апалы-сіңлілердің көрген қасіреті 1986 жылғы желтоқсанда орын алған. Сол зорлық, сол қуғын-сүргін, сол жендеттер. Жүйе қылмысын жасыру үшін мың-сан айла-шарғы қолданды.

Қысқасы, қуғын-сүргіннің тарихи, тұлғалық,  саяси-идеологиялық, құ­қық­тық бастауларын, ауқымы мен кезеңдерін ғылым мүмкіндігін жегумен зерделеу індеттің алдын алудың, қайта­латпаудың, зардаптарынан арылудың басты шарты. Әрі-беріден кейін, мил­лиондардың тағдырын қиғандықтан, жекелеген елдерде қолданылуы әлі де тоқтамағандықтан оны жаһандық қауіп-қатер ретінде мойындағанымыз жөн.

Кеңестік тоталитарлық қуғын-сүргіннің сипатын сөз қылғанда ол ауық-ауық ашық террорға ұласқанын, одақтас республикалардың бәрінде ұлттық және халықаралық заңдарды өрескел бұзу және қылмыстық әдіс-тәсілмен, барып тұрған имансыздықпен мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілгенін ресми бекемдеуіміз керек. Әрине, қатпары қалың басқа да факторларды назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл орайда капиталистік және социалистік жүйелер арасындағы бәсеке мен текетірес, фашизмнің бас көтеруі мен жеңілісі, отарлық бұғаудың күйреуі, технологиялық артықшылықтар, жаһандық демократия үлкен маңызға ие. Көп мәселе билік табиғатынан бастау алады. Большевиктер басшылыққа алған коммунистік құрылыс теориясы мен практикасы ХХ ғасырдағы қоғамның, адамның, материалдық-рухани өндірістің, құқық пен демократияның, саяси, ұлттық, т.б. үдерістердің прог­­рессивті мүдделеріне және сұра­ныстарына сәйкес келмегендіктен авто­ритарлық, тоталитарлық билік жүйесі мен идеологиясын мейлінше күшейтті. Оларға дағдарыстар мен қайшылықтар күшке салумен, қуғын-сүргінге сүйенумен күн тәртібінен алынатындай көрінді. Адам құқығын, тұтас ұлттардың мұратын таптаған бұл жаңсақ та қатерлі практика КСРО-да ғана емес, бүкіл социалистік лагерьде, социализм құрмақ болған дамушы мемлекеттерде айна-қатесіз қайталанды. Демек, сипаты жағынан Қазақстандағы қуғын-сүргін аумақтық өлшеммен шектелмей, жаһандық өркениетке, адамшылыққа қарсы қылмыс ретінде зерттелуі һәм заң жүзінде айыпталуы керек.

Ол ұлттық тарихымыздың қасіретті беттерін жазды.  Мәселенің мәнісі мен себебі тарихты кімнің түзетінінде. Ғасырға жуық ұлықтағандай тарих қозғалысында бірінші орында қоғамдық-экономикалық формация, меншік түрі, пролетариаттың партиясы мен идеологиясы тұрмайды. Біздің ойымызша, тарихты түзуші үш күш бар: бірі – халық, екіншісі – тұлға, үшіншісі – билік. Тоталитарлық билік алдыңғы екеуін тығырыққа тіреп, винтик орнына пайдаланды. Жүйені орталықтандырғаны соншама, жыртық етік пен қисық шегеге дейін бесжылдық  жоспармен алдын ала рәсімделді. Басқалардың ләм-мим деуге құқығы қалмады. Қазақстанда Кремльдің мақұлдауынсыз тышқан да жорғаламайтын. Егер қазақ халқының, зиялылары мен билігінің КОКП құжат­тарында, КСРО Конституциясында жариялағандай құқы мен еркі болғанда, ұлттық тарихымызда қуғын-сүргін орын алмас еді. Адамзат баласының тәжірибесі тарихты түзушілердің әрқайсысының іс-әрекеті тепе-теңдік пен тежемелілікке бағынуы керектігін толық дәлелдеген. Ол заңның үстемдігімен ғана қамтамасыз етіледі. Заңы сапасыз немесе жұмыс істемейтін елде қуғын-сүргін тарихы үзілмейді.

Заң мен демократия – егіз. Осылар сана мен менталитетті, жүрек пен қайратты билегенде тарихты түзеушілердің қолымен, ақылымен, шешімімен материалдық өндіріс, руханият, қоғам өзгереді, олар өз кезегінде тарихтың субъектілерін алға жетелейді. КСРО-да заң мен демократия ешқашан болған емес, жұмыс та істеген жоқ.

Сыртқы күш жаулап немесе отарлап алмаса, зорлықпен өз дегенін істетпесе, нақты аумақтағы халықтың, тұлғаның, биліктің тіршілігі, тарихтың қозғалысы негізінен табиғи-ырғақты жүретіні ақиқат. Кеңестер елінде ешкім көріп-білмеген, қиялдан туған коммунизм елесін қуумен адаспағанда табиғи-ырғақты дамуға қажетті алғышарттар мен мүмкіндіктер  бар еді. Дүлей күш солардың бәрін талқандады. Жүзден астам этносты жұмаққа кіргізу міндетін мойнына алғандар, түптеп келгенде, тамұқ орнатты. Ендеше, сол тамұқ мемлекеттің құрдымға кетуі кездейсоқтық емес, ал ішкі-сыртқы саясатын анықтаған басшылары – кәдімгі қылмыскерлер. Ал Қазақстан жағдайына келсек, тасжүрек бөтеннің табанының астына түскен, тізгінді жат қолына берген елдің қайшылықты, мың өліп, мың тірілген, болашағы бұлыңғыр тарихы түзіледі екен. Өйткені, әлеуметтік және саяси субъектілердің жасампаздық әлеуеті ашылмайтын, қоғам сұранысы өз деңгейінде өтелмейтін кеңістік пен ахуалда басқаша нәтиже шығу мүмкін емес. Бұған үздіксіз қуғын-сүргін қосыл­ғанда, бастан құлақ садаға демеске шара қалмайды.

Ата заңымызда құқықтық мемлекет орнату түпкөздегеніміз екені тайға таңба басқандай көрсетілген. Мақсатқа жету үшін қуғын-сүргіннің сипатын ғылыми дәйектеу азшылық етеді. Індетті бас көтертпейтіндей тетіктер мен тыйымдар нақтыланып, Заңмен бекемделуі керек.

Менталитет және тарих

Алдымен, менталитет дегеніміз не екенін анықтап алайық. Менталитет, біріншіден, әрбір индивидтің бойындағы туа біткен қасиет, екіншіден,  адамдар қауымдастығына ғана тән. Оның нышаны алғашқы адамдарда да болғаны сөзсіз. Онсыз жануарлар дүниесінен бөлініп те, ерекшеленіп те шыға алмас еді. Қоршаған ортаны, макро-микро әлемді тану және игеру – менталитеттен. Ол үздіксіз жетілу, толығу үстінде болатыны заңды құбылыс. Мерзімі тұрғысынан, бейнелеп айтар болсақ, шыр етіп дүниеге келгеннен Абай ұлықтаған «Толық адамға» дейінгі уақыт аралығын алып жатады.

Менталитеттің бірінші шарықтау шыңы sapiensтің – ақыл-есі дұрыс адамдар қауымының пайда болуы деп санаймын. Ақыл-ес алғашқы адамдарды жыртқыш аңдардан аман-есен сақтап қалды, қолын ұзартты, әл-ауқатын арттырды. Екінші шарықтау шыңы – билік пен мемлекеттің пайда болуы. Биліксіз ортада адамдар тұтынуды қанағат санап, әлділер әлсізді талаған  тобыр қалпынан аса алмас еді. «Неолиттік революцияның», яғни, тұтынушыдан өндірушіге айналудың локомотиві – менталитеттегі сұраныстың өсуі мен қауымдық құрылыстағы биліктің оңтайлы іс-әрекеті. Мемлекет – адамдар қауымдастығына тән ұйымдасудың, ықпалдасудың, менталитеттің ұлттық сипатқа көшуінің ең жоғарғы сатысы. 

Менталитеттің барша сипаты мен ерекшеліктері жеке адамның бойынан табыла бермейді. Ол – өте күрделі құбылыс. Оны тарихы мен тағдыры ажырағысыз байланыста қалыптасқан үлкен қауымға, тұтас этносқа тиесілі қасиеттің жиынтығы ретінде қабылдаған жөн. Сонымен, бүгінгі түсінікпен айт­сақ, менталитет дегеніміз  халықтың интеллектуалды әлемінің негізі  (ақыл-есі), іс-әрекетінің қуаты (рухы), ұлттық коды (болмысы). Осының бәрі және әрқайсысы өзге этностармен ұқсастығын, алыс-жақындығын, сондай-ақ төлтумалығы мен ерекшелігін айшықтап тұрады.Есте жоқ ескі заманнан әлем бірігу мен кірігу үстінде. Ол да тарих пен менталитетке таңбасын салады.

Тарихтан тыс менталитет жоқ, мента­литеттен тыс тарих жоқ. Бұл арақатынаста алдымен тарих, сонан соң – менталитет формуласы жүрмейді. Биік менталитет аясында ұлт, ұлттық «Мен» қалыптасады. Онсыз қазақтың ән-күйін, шешендік сөздерін, мінезін, психологиясын түсінбек түгілі елестету мүмкін емес. «Ат қайда ақбақайдай шаппай желген// Қыз қайда құдашадай көзі күлген», «Көшкенде жылқы айдаймын аламенен// Ауылыңа барушы едім даламенен» деген өлең жолдарын қазақы менталитет иесіне түсіндірудің еш қажеті жоқ. Менталитеті бөтен жан тап қазақтай түсінеді деуге аузым бармайды. Арасынан қыл өтпейтіндей біте қайнаған құбылыстар.

Ұлы дала небір қилы заманды, елайы­рылғанды, «ақтабан шұбы­рындыны» бастан кешті. Халықтардың ұлы көші, қарақытайдың, арабтың, Шыңғыс ханның жаулап алулары, жоңғармен соғыс – бәрі институционалды өзге­рістерге, менталитеттің жаңаша түрленуіне, тіпті антропологиямыздың европеоидтан моңғолоидқа көшуіне түрткі болды. Бірақ бұл сынақтардың бірде-біреуі демографияға, экологияға, санаға түсірген   зардаптары жағынан кеңестік тоталитаризм теориясымен, практикасымен, қылмысымен келген қасіретпен иық тірестіре алмайды. Турасын айтқанда, бізге үстемдік еткісі келгендердің бәрі уақыт өте келе шыққан тегінен қол үзіп,  қазақтанып кетті. 1731 жылдан кейін, жыраулар әдебиетінде айтылатын көзі көк, молдасы поп қарашекпенділер қазақтың болмысы мен тарихына тән эволюция мен ерекшелікті түбегейлі бұза алмағаны ақиқат.

Қазан төңкерісі халқымыздың тағды­рын, тұлғаларымыздың жасампаз әлеуетін, тіпті ономастикамызды бұрын-соңды адам көріп-білмеген арнаға бұрып жіберді. Менталдық құндылық пен ұстаным биігінен саралағанда, осылардың мәнін ашуға, мазмұны мен ерекшелігін түсінуге шылбыр ұстататын термин-категория – қуғын-сүргін. Халқымызды алда екінші «ақтабан шұбырынды» күтіп тұрғанын Алаш арыстары дәлме-дәл болжады. 1917 жылдың желтоқсанында Ә.Бөкейхан былайша дабыл қаққан екен: «Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді. Алаштың баласы, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» соң 200 жылда басыңа бір қиын іс келді. Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздық-дауды қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!». Қуғын-сүргінге ашаршылықты, үлкенді-кішілі саяси науқандарды, депортацияны ғана жатқызсақ, қателесеміз. Дүние есігін ашқанда азан шақырып қойған есіміңді құжатқа дұрыс жазбағаннан о дүниеге аттанғанда  жаназа шығаруға, құран оқуға дейінгі аралықтағы шектеулер, адам құқығының күнделікті өмірде, ұжымда, басқа да салаларда өрескел бұзылуы – нағыз қуғын-сүргіннің өзі. Кеңестік Қазақстан тарихын қуғын-сүргіннен, өктемдіктен, әділетсіздіктен тыс зерделеу – методологиялық кембағалдық. Бірі кем дүние Сталинсіз де жалғаса берді. Колхозшылар Хрущевтің тұсында ғана төлқұжатқа(паспорт) ие болды, Брежневтің «мырзалығымен» 12 сом мөлшерінде зейнетақыға ілікті. Шет елге шығу,  қалаған курортына бару, жеңіл көлік сатып алу мыңнан біреуге ғана бұйыратын. Ағыл-тегіл байлығы бар елде халықты кедейшілікте ұстау – қуғын-сүргіннің өзі болмаса да, тікелей салдары. Кіріптарлықта өткен өмір көзіқарақты жанға қайғы мен бақытсыздықтан басқа не сыйласын.

Алғашқыда қасіретті тарихтың мента­литетті жойған, әлсіреткен, адастырған зардабын барша халықтан бұрын жекелеген адамдар бастан кешті. Кеңестік жүйе күшейген сайын бұлардың шоғыры өсе түсті. Мұндай адамдар ақыл-есінен, рухынан айрылмаса да, түрлі себептермен – этникалық ортасынан қол үзу, ана тілінен ажырау, мүлде өзгеше шаруашылық-мәдени қатынастарға мойынсыну – ұлттық кодынан(болмысынан) жатсынды. Домбыраның күмбірі, жылқының кісі­негені, Қажымұқанның есімі, Мағ­жан мен Мұқағалидің поэзиясы арқа­ландырмады, тәтті қиялға бөлемеді, шабытын шақырмады. Үдеріс асқынып, қазақ болашағы бұлыңғыр тартқанын көзіқарақты жан білді. Әсіресе, таяу-алыс елдердегі қандастарымыз қатты күйінді. Өйткені, олардың бар үміті мен армандары, тілек-ниеті Қазақстанның үстінде еді. Қонақ аз отырып, көп сынайды деген бекер болмаса керек. Моңғолияда басшы қызметте жүрген З.Қинаятұлы 1981 жылы Алматыға келген екен. «Қуанышымызда шек жоқ, – деп жазыпты сол күндер жайлы. – Қазақ әдебиетін сүйсініп оқитынбыз. Осыған қарап мұнда барлығы да қазақша сайрап тұрған болар деп ойлайтынбыз...Бірақ несін жасырайын, Алматы орыстың қаласы болып кетіпті. Мұндағы қазақы этно-мәдени өмірдің беталысына көңіліміз толмай қайттық».

Қазақ менталитетінің эволюциясын әдебиеттегі кейіпкерлер бейнесінен, нақты өмірдегі тұлғалар тағдырынан көруге болады. Мәселен, революцияның алғашқы жылдарындағы Сәкеннің Хамиті барлық болмысын, рухын, ақыл-есін жұмылдырып, банданы қуа алса, Бейімбеттің Құрымбайы 20-жылдарғы алым-салық жинау науқанында ауылдағы қарапайым қазақ қызының наразылығынан сасып, партияның аграрлық саясаты талабынан аса алмағандықтан апалақтап қалады. Бейімбеттің кеше ғана отбасы, ошақ қасында жүрген Раушаны оп-оңай адуынды коммунистке айналып шыға келеді. 30-жылдарғы ұлттық апаттан кейін жаужүрек менталитет әлсіресе де, қазағы үшін отқа түсуге әзір шын батырлар арқасында уақыт пен ұрпақтар сабақтастығы үзілмеді. Ұлттық менталитеті темірдей Ж.Тәшенов қызыл патша Хрущевтің тың өлкесін Ресейге қарату жайлы сұрқия саясатын жүзеге асыртпай, лауазымды қызметін тәрк еткенде бар болғаны 46 жаста екен. Оттай жанған Қ.Рысқұлбеков қазақтың намысын қорғап, жас өмірін құрбандыққа шалғанда 20-дан енді ғана асқан еді.

Ендеше, халықтың тағдырын, қасиеті мен қабілет-қарымын тарих пен  менталитеттен бөле-жара қарауға болмайды.

Менталитет мияты

Менталитет – жаратылыстың адам бойына дарытқан қабілеті мен қасиеті. Біреуге ол молынан берілген, екінші адамда баяу қалыптасады, үшінші біреуде бала жасынан байқалып тұрады. Бірақ оны инстинктпен шатастырмау керек. Инстинкт барлық адамда бірдей. Жылау, қорқу, қарынның ашуы тәрізді инстинкт түрлері өмір үшін күрестің сыртқы көріністері ғана. Оларда механикалық сипат басым. Ал менталитеттің мәні мен мазмұнын функционалдық мис­сиялары ерекшелендіреді. Өмірде көрген жақсылық та, жаманшылық та оны есейтеді, ширатады, тасушысының тағдырымен ықпалдасады. Қуғын-сүргін менталитетті айналып өтпейді.

Жат қолына қараған кеңестік Қазақстан азаматтарының өмір жолы  тек жағымсыз құбылыстардан тұрды деуден аулақпыз. Миллиондаған қазақ білім алды, қалаған мамандығының иесі атанды. Отбасын құрды, дүниеге ұрпақ әкелді. Сөйте тұра жолы болғандардың менталитеті жағымды, тағдыр тәлкегіне түскендер менталитеті жағымсыз дей алмаймыз. Адамдар өмірдің өзі сияқты сан-алуан менталитеттің тасушысы. Басты өлшемге ұлттық кодты сақтаудағы үлесін алсақ, қазақ менталитетінің миятына, діңіне үш қауымды жатқызамыз. Бірінші қауым атаның күшімен, ананың сүтімен дарыған қарапайым да өлшеулі менталитет, әлеует, мүмкіндік, табиғилық шеңбері аясынан шықпағандар. Сыңаржақ саясаттан, ақыл-есті шатыстыратын идеологиядан, әсіре науқандардан аулақ тұруымен мына қоғамда не болып жатыр, болашағы қандай деген сұрақтарға жауап іздемегендер, жас ерекшелігіне қарай ізденуге дайын еместер. Бірақ ас ішіп, аяқ босататындар санатына жатпайды. Ондай қауымды ақыл-есі дұрыс еместер ғана жасақтайды.

Бірінші қауым халықтың ба­сым бөлігін құрады. Тап осы қауым индус­трияландырудың, урбани­зацияланудың, ғылыми-техникалық прогрестің азды-көпті жаңалықтарын қабылдай отырып, ақыл-есінде, рухында, болмысында дәстүрлі құндылықтар мен басымдықтарды қапысыз сақтай алды. Сонысымен бұлар – қазақ менталитетінің асу бермес қамал-қорғандары, сенімді тасушылары. Қуғын-сүргін, әрине, үрейлендірді, бірақ тағдыр жазған миссиясынан жаңылдыра алмады.Қандай заманды басынан кешсе де, тума менталитет иесі ата-жұрттан табан аудармады, туған халқының, Отанының, жерінің тағдырына бей-жай қараған емес. Ақылы мен рухы Алтайдан Атырауды, Каспийден Балқашты қылаудай артық-кем санамағаны күмәнсіз.

Екінші үлкен қауым ұлттық мента­литеттің  белсенді акторлары. Қазақтың  рухы мен болмысын жаңа  ұрпаққа сана­лы әрі табанды ама­наттағанына қоса ақыл-естің адаспауы, ұлттың салауат­тыменталитетіүшін күрескендер. Бұл қайраткер топтың кез келген мүшесін алашшыл, лениншіл, діншіл, батысшыл, ұлтшыл, т.б. «шіліктерге» жіктеудің қажеті жоқ. Айтуға оңай, ал жауапкершілігі өте жоғары. Сөз сүйектен өтеді, қылаудай қате кетсе, көңілдегі кірбің ағайынды араздастыруы бек мүмкін. Мұндай «шіліктерге» апарған менталитет емес,  оқумен, ізденумен, қызметпен өзгерген таңдауы мен танымы. Менталитеті халқымен, тарихымен бірге өрілген жан фашистік ортада да, коммунистік ортада да «малым жанымның, жаным арымның садағасы» қағидасын мүлтіксіз сақтай алады, мансаптың биік шыңына көтерілуі бек мүмкін. Бұған М.Шоқайдың, Т.Рысқұловтың, Д.Қонаевтың тағдырлары дәлел. Большевик Сәкен де, алашшыл Ж.Аймауытов та, ғалым Е.Бекмаханов та, студент Қ.Рысқұлбеков те халқы үшін жапа шекті, құрбан болды. Өйткені, нағыз қазақ менталитетіне қылаудай шаң жуытпады, саф алтындай таза күйінде кейінгі ұрпаққа аманаттады. Менталитет қайраткерлері шетінен оқыған әрі қазақтан шыққан азамат болуы керек деген заңдылық жоқ. Халыққа қызмет білімнен емес, мінезден деген екен Ә.Бөкейхан. Мінездің синонимі – менталитет. Г.Бельгерге, Асылы Османға, Н.Лушниковаға қазақ менталитеті жат деп кім айта алады? Х.Қожахметовтің шешесі поляк дворяндарынан екенін біреу білсе, біреу білмейді. Бар болу мен бордай тозу егескенде ақыл-есі дұрыс адамның ұстанымын рухы мен болмысы анықтайды. Тек осы себеппен екінші қауым шоғырында тоталитаризмге қарсы көтеріліске шыққандар, оларды белсенді қолдаушылар тұр. Қуғын-сүргіннен ең ауыр соққы алғандар – екінші топтағылар. Демек, ақталмағандары толық ақталуға құқылы.

Үшінші қауымға саясаттың, қуғын-сүргіннің желі қайда соқса, соған қарай жығылатындарды жатқызамыз. Мұндайлар біркелкі емес. Араларында «халық жауларын» айыптаған жиында көппен бірге қолын көтеріп, саясатты қолдағандай сыңай танытушы бар да, пысықайлығымен, білімімен, ғылымымен айғайға аттан қосқандар, күнәға белшесінен батқандар, шартты түрде айдарлайтын болсақ, шолақбелсенділер бар. Шолақбелсенділер саяси басқа­рушы (политико-управленческая) интел­лигенция мен құқыққорғаушы мамандар тобынан көп шықты. Менің ойымша, Алаш қозғалысымен бой көтерген жаңа тұрпаттағы саяси басқарушы және құқыққорғаушы зиялылар XX ғасыр басында Ұлы даланы оятып, соңына ерте алса, социализм тұсында большевиктердің ұйымдастыруымен, аяусыз қуғын-сүргінмен жойылып, орнын партиялық іріктеумен басқандар, тұтастай алғанда,берісі – қазақ менталитетіне, әрісі – ұлттың болашағына кереғар іс-әрекетімен тарихқа енді. Зардабын әлі шегудеміз. Қазіргі жемқорлық, биліктің шикі шешімдері, шалағай заңдар, халық наразылықтары саяси басқарушы және құқыққорғаушы ұлттық зиялыларымыздың қалыптаспағанынан туындауда.

Кімнің кім екені байлық пен билік қолға тигенде, сын сағаты басқа түскенде білінеді. Кеңестік жылдардағы қазақ билік пен байлыққа шомыла қойған жоқ, есесіне үздіксіз сынақ үстінде жүрді. Соған қарамастан халқымыздың діңі, мияты, қос қауымның дүниетанымы мен өмір салтынан, менталитетінен құштарлық (оптимизм), ізгілік (гуманизм)  және сенім тарқаған емес. Ол аспаннан түсе қалған жоқ. Керей мен Жәнібек, Тәуке мен Абылай хандар заманынан бері осылай. Оны тоталитарлық өктемдік пен қылмыс та жойып жібере алмады. Сол себепті ұлттық тарихымыз құштарлыққа, ізгілікке, сенімге толы, онда біз ұялатын ешнәрсе жоқ. Құштарлығының қайнар көзінің бірі түпжаратушыға жүгінуі, екіншісі ұжымдық-рулық психологиясы, үшіншісі өзіне сенуі. Қазақтың исламға дейінгі түпжаратушысы – Тәңірі, ислам діні орныққаннан кейінгі түпжаратушысы – Құдай. Байқасақ, тәңірге де, құдайға да міндет артпайды, үмітпен қарайды. Ұжымдық-рулық психологиясы дәстүрлі өмір сүру ортасының талабынан туындаған. Үздік жетістігі – қанды таза сақтағаны, жеті атаға дейін қыз алыспау салты, туыстық қарым-қатынас этикасы мен философиясы. Әлем пролетариатын бірігуге шақырған социалистік идея оған қайшы келмеді. Ал өзіне сенімін ұлы даланың табиғаты, географиясы, шаруашылық-мәдени кешені, әлеуметтік-саяси қатынастары сомдаған. Мұның болмысын Абай: «өзіңе сен, өзіңді алып шығар ақылың мен еңбегің» екі жақтап деген жолдармен ашқан ғой.

Менталитет тасушыларын, қос қауым­ның миссиясын бір арнаға тоғыстырған не күш десеңіз, ол – мемлекетшіл сана. Біздің бабаларымыз байырғы түркілер дәуірінен Алтын Орда ыдырағанға дейін дүниенің төрт бұрышын өзіне қаратқан мемлекеттер құрамында ғұмыр кешті. Үш жүзге бөлінгенше Қазақ хандығы да осал ел емес еді. Империялық және ұлттық мемлекет дәуірлері өршіл, мемлекетшіл сананы шыңдады. Қысқа мерзім ғана өмір сүрген Алаш Орда мен Түркістан мұхтарияты, 1920 жылы шаңырақ көтерген Қазақ автономиясы, большевиктердің әрбір халық өзін-өзі билеуге құқылы деген бағдарламалық қағидасы Ұлы даладағы мемлекетшіл санаға қанат бітірді. Бірте-бірте ол социалистік мазмұнмен көмкерілді. Жалпы, социалистік идея мен идеологияны миллиондардың санасы мен жүрегіне шегелегендей қондыра алған кеңестік тәжірибеден көп нәрсені үйренуге болады. Қиялымен қияға қонған қазақтар жоғалтқанын тапқандай, бар істің шешімі өз қолдарына көшкендей көңіл-күйге бөленіп, мемлекет атынан сөйлеген Мәскеудегі, Қазақстандағы биліктің идеологиясын сол қалпында риясыз қабылдады. Тіпті лауазымды қызметтердегі игі жақсыларымыз да әділетті қоғам орнатып жатқандарына сенді. Сабырға шақырған, большевизмнің қулығына құрық бойламайтынын ескерткен Алаш арыстарының бірін естісе, екіншісін естуден қалды. Бұл – бір.

Екіншіден, қуғын-сүргін өршіп тұрған заманда да, тоқырау тұсында да кеңестік билік бет-аузы бүлк етпестен социалистік заңдылықты сақтау жайлы қаптаған қаулы-қарарлар қабылдап жат­ты. Идеологияның шылауындағылар соған иланды. Социалистік заңдылықты бұзды деген айыппен НКВД басшылары Ягоданы, Ежовты, Берияны өлім жазасына кесуі, қылмыстары әшкереленетін болған соң КСРО ішкі істер министрлері Щелоков пен Пугоның өзін-өзі атуы қоғамдық санаға зор әсер еткені сөзсіз.

Тәуелсіз елімізге мемлекетшіл сана ауадай қажет. Ол ұлттық менталитетті жасампаз күшке айналдыратынын Жапония тәжірибесі мен тарихы толық дәлелдеді. ХХ ғасыр басындағы Алаш ардақтыларының жапон моделін ұлықтауы астарында терең мағына жатқанын ұғынсақ, жаман болмаймыз. Ештен кеш жақсы. Қоғамдық сананы заманауи талапқа сай деңгейде қалыптастыруға бағышталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлкен үміт артамыз.

Қуғын-сүргін эволюциясы мен ерекшеліктері

Қуғын-сүргін статикалық құбылыс емес. Кеңестік тарихтың қандай кезеңінде болмасын, жаһандық өркениетке, адамшылыққа қарсы қылмыстық сипаты сақтала берді. Азаматтарды бірлік пен биліктен, құқық пен бостандықтан, жер мен меншіктен, ана тілі мен руханияттан ажырату, сабақтастық пен жалғастықты бұзу 1917 жылғы қазан төңкерісінен 1991 жылғы тамыз бүлігіне дейін бірде ашық, бірде жасырын асқан қатігездікпен жүзеге асырылды. 74 жылға созылған кеңестік қуғын-сүргін ұлттық тарихымыздың қасіретті беттерін толтырып ғана қойған жоқ, ол халқымыздың менталитетінде ауыр із қалдырды. Оңалмастай бұзылған менталитет адамды адам қалпынан айырды, бумеранг сынды қайта оралып, сол қуғын -сүргінді ауық-ауық қоздырудың себебіне айналды. Ең бастысы - қазақ менталитеті бұрын-соңды мұндай қы­сымға, зорлық-зомбылыққа, келеңсіз өзгерістерге ұшырамаған еді.

Оның дем берушісі - партия органдары, іске асырушысы – төтенше комиссия (ВЧК), біріккен саяси басқарма (ОГПУ), ішкі істер халық комиссариаты (НКВД), кейінгі мұрагерлері – мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, жергілікті құрылымдары.  Осылардың тарихын – ішкі құрылымын, қаржыландырылуын, өкілеттігі мен құзыретін, штаттық кестесін, т.б. жаңаша зерттеу қажет. Сонда қуғын-сүргіннің эволюциясы мен ерекшеліктерін тереңірек білуге жол ашылады. Мәселеге ғылыми бойлаудың үлгісін ҰҒА академигі М.Қойгелдиевтің «Қиянат анатомиясы», профессор Т.Омарбековтың «1929-1931 жылдардағы халық көтерілістері», ғылым кандидаты, жазушы  Б.Қойшыбаевтің «Ұлттық апатты тану» кітаптарынан көре­міз.

Кеңестік қиянаттың Қазақстанда қол­да­нылуы,  шарықтауы, дағдарысы үш кезеңнен өтті. Бірінші кезең – 1917-1928 жылдар. Революция мен азамат соғысы жылдарында кімнің ақ, кімнің қызыл екенін қалың көпшілік айырып үлгермеді. Бүгін біреуі келіп тонаса, ертеңінде екіншісі тонады. Заңсыздық социалистік идеяны жүзеге асырудың негізгі тәсіліне айналды. Пролетариат төңкерісін үркінішпен қабылдаған ұлттық аймақтарда басқа амал да жоқ еді.Қазақстанда жұмысшы табы халықтың 1 пайызын да құрамады. Қазақ коммунистері емге табылмайтын. Осыны білген большевиктік орталық жат идеядан шошытып алмау үшін алғашқыда сақтықпен қимылдады, кейде шегініске де барды. Жаңа экономикалық саясат шегіністен туындады. 1917-1928 жылдарды жаппай қуғын-сүргінге даярлық кезеңі десек қателеспеспіз.Бабаларымыздың рухани мұрасы аса мығым болғандықтан ұлттық менталитетті бұза алмады.

Екіншісі – 1929-1953 жылдар. Тоталитарлық зорлық-зомбылықтың, заңсыздықтың шарықтаған тұсы. Екі ұрпаққа аяусыз қолданылған қуғын-сүргін ұлттық апатты әкелді. Қазақстан аумағынан асып, халықаралық ауқымда – Қытайдағы, Моңғолиядағы қандастарымызға да қолданылып жатты. Ұлттық менталитеттің үш құрамдас бөлігіне – ақыл-ес, рух, болмысқа әлеуметтік негізінен ажырау қаупі төнді. Егер кеш қалыптасқан немесе менталитеті әлжуаз халық болсақ, 30-жылдарғы алапат ашаршылық пен жаппай қуғын-сүргіннен, 40-50- жылдарғы демографиялық қыспақтан кейін этнос ретінде сақталмай, басқаның құрамына жұтылып кетер едік.

Үшінші кезеңі – 1954-1991 жылдар. Бұған әшкереленуі мен бәсеңдеуі тән. Адамдардың көзін құрту емес, санасын, менталитетін идеологиямен шаншу алға шықты. Себебі социализм ізгіленген жоқ, дей тұрғанмен тоталитаризмнің зәрлі уыты сарқылды. Алайда,  ұлттық апаттың салдары анық көрінді. Қазақ мектебі, тілі, салт-дәстүрі, ислам діні атасына қымбат, немереге жат бола бастады. Мәңгүрттенгендер жалған саяси мәдениет пен қатысудың арбауына түсті. Демографиялық азшылықтағы қазақты, адасуға бет түзеген дәстүрлі  менталитетті құтқарып қалғандар – бабаларымыздан жеткен рухани мұра, дүниеге ұрпақ әкелу үдерісін бәсеңдетпеген аналарымыз, ақылды, рух пен болмысты заманауи биікке жаңғыртқан гуманитарлық, жаратылыстану, техникалық саладағы зиялыларымыз. Халықаралық қатынастар мен әлемдік ақпарат кеңістігіне кіру оң нәтижесін берді.

Қазақстандағы қуғын-сүргін сипаты жағынан барша Одақтағымен сәйкес, ал ерекшеліктері мыналар:

1. Қуғын-сүргінді Кремль қожайын­дары бастады. Марксизм ілімін жамылған олар билікке таласты, шексіз биліктерін орнатуға ұмтылды, алғашқыда  бәсекелестерінің, кейінде миллиондардың көзін жойды. Нәтижесінде коммунизм мен фашизм практикасында, іс-әрекеттері арасында айырмашылық қалмады.

2. Қазақстандағы билікке талас пар­тиялық немесе тұлғалық мазмұнда жүрген жоқ. Ол мемлекеттік құрылыс идеясы мен практикасы – Алаш автономиясы, Түркістан мұхтарияты, Түркі республикасы төңірегінде өрбіді. Ұлттық мемлекет құру жолындағы күресте қазақ қайраткерлері қуғын-сүргін ұйымдастыруды күн тәртібіне қойған емес. Күшінің молдығына сенген әрі ұлы державалық шовинизммен уланған қарсыластарының бәрі – Колчак­тан Сталинге дейін қуғын-сүргінді басты қаруы ретінде қолданды.

3.Қазақстандағы кеңестік қазақ бас­­шы­лары коммунизм идеясының білім­паздары болмағанына қоса, республикадағы толық­қанды билік иесі мәтебесіне жет­кен емес. Бұлар қуғын-сүргіннің шын мағынасында ұйымдастырушысы немесе басшысы санатына жатпайды. Мәскеудің бұйрығын, талабын көзсіз орындаушылар ғана. Төбесінен Кремль жіберген кіші қожайындар қадағалап тұрғандықтан ауыздағы сөздерін де айтуға жарамады. Айта алғандары – Алаш қайраткерлері, Т.Рысқұловтай, С.Сәдуақасовтай  дарын­дар аяусыз жойылды.

4.ХХ ғасыр басында Ресей импе­риясындағы қазақтар түркі халық­тарының құрамындағы ең көбі әрі интеллектуалды әлеуеті, қоғамдық-саяси белсенділігі тұрғысынан көш басында тұрған еді. Тоталитарлық қуғын-сүргін осы күштің демог­рафиялық ресурсын жойып жібе­руге шақ қалды, қайраткер зиялы қа­уымын бас көтермейтіндей жаншыды, менталитетінің ұлттық тамырын суалтты.Одақтас республикалардың бірде-бір байырғы халқы тап қазақтай апатқа ұшыраған жоқ. Ғасыр басындағы 6 млн. қазақтан 1939 жылы тарихи отанында 2.3 млн қалды. 1926 жылғы санақта бізден әлдеқайда аз өзбектер 13 жыл ішінде 4.8 млн-ға жетіпті.

5.Қуғын-сүргіннің даярлық кезеңі бү­кіл  КСРО-да орын алғанымен оған жаппай сипат беру Қазақстанда Голощекин факторымен ертерек басталып кетті. 20-жылдардың екінші жартысындағы «Кіші қазан» науқаны, байтұрсыновщинамен,  рысқұловщинамен, қожановщинамен күрес, елден ығыстыру, Алашорда басшыларын жаппай қамау осының айғақ-дәлелі. Тіпті Мәскеудің өзінде Бухаринді, Каменевті, Зиновьевті саяси тұғырдан түсіру 30-жылдары жүзеге асқаны белгілі. Одақ көлемінде кәмпеске күштеп ұжымдастыру жылдарында орындалса, бізде оған дейін-ақ әрі 2-3 ай ішінде жүзеге аса қалды.

6.Қазақтың мемлекетшіл санасы мен менталитетін большевиктер өз пай­да­сына асыра қолданды. Білмеген у ішеді деген ғой. Ресми идеологияға құлай берілгендіктен мемлекетшілдігіміз ондаған жылдар бойы қуғын-сүргінге септесу функциясын атқарды. Ұлы Отан соғысы жылдарында кеше ғана өзін қойдай қырған тоталитарлық құрылысты жан аямай қорғағанымыз да мемлекетшіл санадан. Өйткені, ғасырлар қойнауында қалыптасқан тарихи түсінікпен мем­лекеттік билікті жаманшылыққа қимады. «Өкімет өлтірмейді» деген сөз содан шыққан шығар, сірә. Диссиденттік, оппозициялық қозғалыстардың әлсіздігін де осыдан көремін.

7.Басқа Одақтас республикалардағы байыр­ғы халықтардың менталитетінің, мем­лекетшіл санасының өзегінде ұлттық мүдде тұрса, Қазақстанда олардың басын біріктіруші фактор социалистік идеология еді. Менталитетімізді, мемлекетшіл санамызды тығырыққа тіреген  социа­листік идеологияның ыдырауы 40 жыл өткен соң, яғни, тоталитарлық қуғын-сүргіннің әшкереленуімен басталды. Сол шамада ұлттық апаттан қансыраған қазақ менталитетінің екінші оянуы да дүниеге келді. Ол тез есейді. 60-жылдардағы «Жас тұлпар» мен О.Сүлейменов құбылысы, 70-жылдардағы «АЗиЯ » мен Целиноград оқиғасы, 80-жылдардағы желтоқсан көтерілісі ұлттық тарих сахнасына жаңа менталитет пен жаңа қазақ баласы көтерілгенін паш етті. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы тапсырмасы мен шешімі отандық тарих ғылымына үлкен жауапкершілік жүктеді. Тарихи әділдік қалпына келмей, тәуелсіздік миссиясы діттеген мақсатына жетпейді. Миссияны жүзеге асырушы адам қуаты – менталитет.

1480 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз