• Ұлттану
  • 19 Мамыр, 2021

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ МЕН ҰЛТАРАЛЫҚ САЯСАТ

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,

журналист

Жыл сайын 1 мамыр күні біз елімізде «Қазақстан халқының бірлігі» күнін мерекелейміз. Осылай қалыптасқан дәстүрдің игілікті мәні мол. Бірлік, татулық, достық, ынтымақ дейтін адамзат баласының есте жоқ ескі замандардан келе жатқан қасиетті ұғымдары талай жұртты дамудың шырқау биігіне көтеріп, кемел жетістіктерге жетелегені ақиқат. Тәуелсіздік жариялаған кезеңнен бас­тап ұлтаралық саясаттың бағыты мен бағдарын айқындап берген Елбасының ақыл мен парасатқа, ізгілікке негізделген ұстанымдары, шын мәнінде, еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынастардың өзіндік бір үлгісін, моделін қалыптастырды деуге толық негіз бар.

Тұңғыш Президентіміз 1995 жылдың 24 наурызында Қазақстан халықтары ассамблеясының бірінші сессиясындағы баяндамасында уақыт сынынан өте білген қазақ халқының басқа да күрделі тарихы барлығын, қазір ол Қазақстанда тұратын барлық халықтарға біздің бірлігіміздің түп-тамырын жақсырақ түсінуіне көмектесіп, кез келген тарихи кінә артуларға жол бермеуге тиіс екенін, өткенге көз сала отырып, болашақты көре білген жөн екенін айтқан болатын. «Біздің ұрпағымызға жауапты міндеттер жүктеліп отыр – балаларымыздың игілігін сақтау, қайта қалпына келген мемлекетімізді нығайту және өркениетті дүниежүзілік қоғамдастықтың талаптарына сай келетін сапалық жағынан жаңа деңгейге көшу міндеті тұр. Біздің әрқайсымыз және баршамыз туған еліміздің болашағына деген жауапкершілігімізді сезінуіміз керек. Ал мұның өзі өткенді есте сақтай отырып, болашаққа көз жүгіртуді, басқа халықтармен тату және жарасымды өмір сүруді, олардың мәдениетін, дәстүрлерін, салттарын құрметтеуді білдіреді. Қазақтар «Береке басы – бірлікте» деп тегін айтпаса керек. Қазақстан халықтары ассамблеясының делегаттарына 120 ұлттың мүдделерін білдіру, әрбір этностың және бүкіл Қазақстан халқының болашағы үшін орасан зор тарихи жауапкершілік жүктеліп отыр. Ассамблеяны құру бастамасы біздің қоғамымыздың қой­науынан туындап отыр. Соған сәйкес республикада үлкен дайындық жұмысы жүргізілді. Облыстарда кіші ассамблеялар құрылды, оған ең лайықты адамдар сайланды» деді Н.Ә.Назарбаев.

Елбасы осы баяндамасында орынды атап өткеніндей, әлемде ұлт мәселесін ше­­шу­­дің әмбебап тәсілдері жоқ. Жаһан­­дағы жанжалдар мен ұлтаралық соғыстардың ащы тәжірибесі халықаралық қоғамдастықтың осы саладағы мүмкін­діктерінің шектеулі екенін айқын көрсетіп отыр. Өкінішке қарай, біз нәзік те тұрақсыз әлемде өмір сүріп отырмыз. Осы айқын шындықты басшылыққа ала отырып, өз елімізде жанжалдардың пайда болуына ешқандай жағдайда да жол бермеуге тиістіміз. Әйтпесе, сырттан көрсетілетін қандай да көмектің еш қайраны болмайды. Сондықтан осылай қайшылықтарды жоюдың тұтқаларын өзіміз талдап жасауымыз керек, – деді Назарбаев. Иә, биыл тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отырса, еліміздегі ұлтаралық келісім мен татулықтың берік негіздері институционалдық деңгейге көтеріліп, серпін алғанына да отыз жылға жуық уақыт өтті. Ұлтаралық саясатты уақыт өткен сайын жаңғыртып отыру, оның теориялық және практикалық негіздерін шынайы өмірдің, нақты қоғамдық жағдайдың сұраныстарымен байланыстыра зерделеу, бұл орайда жаңа шешімдер қабылдап, идеялық, идеологиялық тұрғыдан нығайту жұмыстары бір сәт те тоқтамай жүре бергені абзал.

 Ақиқатын айтқанда, елімізде көпші­лігіміз қалыпты жағдайдай қабыл­дайтын  бейбітшілік, тыныштық, ашық аспан, достық, – барлығы өздігінен орнай қалған жоқ. Мұның артында Елбасының сындарлы саясаты, атанға жүк болатындай ауқымды идеологиялық жұмыстар тұрды. Сонымен қатар ел иесі, жер иесі – қазақтың дарқандығы мен кеңдігі, достыққа беріктігі сынды қасиеттер еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің психологиялық қысымсыз, алаңсыз ғұмыр кешуіне негіз болғанын да айтуымыз керек. Екіншіден, мидай араласып кеткен ұлт өкілдерінің өзара тіл табысып, баянды ғұмыр кешулері олардың бойындағы ортақ тағдырды жоғары жауапкершілікпен сезінушіліктен, олай болса, ортақ кеңістікте тізе қосып, білек сыбана еңбек етіп, осы елдің көркейіп, дамуы үшін адами-азаматтық тұрғыдан атсалысуымен ғана мүмкін болады. 

Дүниедегі ең ұзаққа созылатын қақты­ғыстардың бірі – этникалық негіздегі қақтығыстар екенін әлемдік саясаттың тәжірибесі көрсетіп отыр. Әлі күнге дейін олардың арасындағы бітіспес даулар, жаулық, қастық әрекеттер дүниенің әр құрлығынан шаң беріп қалып жатады. Мұндай ашу-араздықтың себептері де жоқ емес. Бір ұлттар тарихта кеткен еселерін қайтарғысы келеді, бір ұлттар екінші кезінде өздеріне үстемдігін көрсеткен ұлттың аяусыз қысымшылығын, шовинистік әрекеттерін кешіре алмайды. Сөйтіп, ұлттар арасындағы салқын көзқарас сол күйі өзгермей,  сақталып қала береді.

Ұлтаралық саясат – аса қырағылықпен зер салуды қажет ететін өте нәзік мәселе. Әлемнің «ыстық нүктелеріндегі» небір қырғи-қабақ соғыстардың көбі дерлік этникалық топтардың арасындағы түсінбестіктерден, әртүрлі қарама-қайшылықтардан басталып, арты үлкен қақтығыстарға ұласып кеткенін тарихтан жақсы білеміз. Өмірдің бір жұмбақтау құбылысы бар: ұлт өкілдері арасындағы татулықты, достықты сырттан таңып қалыптастыру өте қиын. Кейбіреулер күнделікті өмір барысында бірін-бірі жақтырмай, бірінің сөзін бірі көтере алмай, ашу мен ызаға, түрлі жағымсыз әрекеттерге бой алдырып жатады. Әлемдік тарих ұлтаралық саясаттың дұрыс құрылмауынан болған жағдаяттарды ұмыта қоймағаны белгілі. Олардың бір парасы – ұлттардың бір-біріне көрсеткен қысымшылдығы, бір ұлттың өзін үстем санауы сынды сан түрлі пиғылдардың салдарынан ғылыми айналымға «гено­цид», «фашизм» сынды терминдер енді. Кеңестік тоталитарлық жүйе кезінде қолдан ұйымдастырылған ашаршылық нәубетке ұшыраған, араға жылдар салып репрессияларға, жазықсыз қудалауларға тап болған қазақ халқы да өз заманындағы әміршіл-әкімшіл жүйенің зардаптарын басынан талай өткерді. Яғни, халқымыз ұлтқа көрсетілетін қысымшылдықтың қандай болатынын тәні мен жаны арқылы сезінді. Белгілі бір ұлттың өкілі болғаның үшін соншалықты зәбір-жапа көруің, жан төзгісіз азаптарға ұшыраудың салдары қандай болатынын өз тарихында кең ауқымда сезінген ұлттың бірі – қазақ ұлты еді. Түптің түбінде жамандықты жақсылық, қараны ақ жеңіп шығатыны сияқты, шектен шыққан өктемдіктің жүйесіне айналған тоталитарлық жүйе біржола күйреп, тарих қойнауына енгеніне Құдайға шүкір дейміз. Қазір еліміз Тәуелсіз.

Достық жайын терең түсініп, қадірін алабөтен ұғатын кісілер достықтың, сыйластықтың жібін үзбеуге, көңілге қаяу салмауға тырысатыны хақ. «Достық – достық шақырады» деген жақсы сөз де бар ғой. Жер бетінде қара ниетті күш көбейген сайын ақ адал достықтың, шырайлы жақсылықтың, ізгі амалдың қатары одан да арта түсіп, жамандықты қашанда жақсылық жеңеді деген тәмсілді берік ұстануымыз керек.

ХХІ ғасырда адамзат баласы үшін аса маңызды құндылыққа айналған ұғым бұл – толеранттылық дер едік. Өзгелердің ұстанымын қабылдай білу, ой-пікірлерімен санаса білу, белгілі бір мәселелер аясында ортақ мәмілеге келу, артық не кем түспеу, тең дәрежеде сұхбаттастық құрудың барлығы да толеранттылық ұғымына жатады. Сонымен қатар толеранттылық көзқарастың тиімділігі – ұлтаралық саясатта айқын көрініс табады. Неліктен олай десек, жаратылысы бөлек, діні басқа, тілі басқа жұрттардың арасын жалғап тұратын нәзік те рухани күш  бұл – толеранттылық. Өзіңнен өзгешелігі бар жұрттарды өз дәрежесінде қабылдай білуің, бүкіл салт-сана, болмыс-бітімімен, тұтас мәдениетімен, терең тарихымен бірге қабылдай білуің – толеранттылық ұстанымның ең биік шыңы. Ал қабылдай алмаған тұстан, жат көзқарас, жат пиғыл танытқан шақтан бастап түсінбестік, дүрдараздық, ұлттық, нәсілдік, діни, адами кемсітушілікке жол беріледі. Мұның соңы айтарлықтай кереғар жайттарға, зардабы ауыр өкініштерге әкеліп соғады. Әрине, тарихи тұрғыдан алып қарайтын болсақ, кез келген ел мен жердің өздерінің байырғы халқы болады. Оны ғылымда титулды ұлт, автохтонды халық деп те айтамыз. Ал автохтонды халық мекендеп жатқан жерге көшіп келген өзге ұлттар «кірме ұлттар», диаспоралар саналады. Олардың тарихи отандары болғанымен, өмірлік және саяси жағдайларға байланысты, түрлі әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты мекендерін ауыстыруға мәжбүр болады. Сөйтіп, автохтонды халықтың тұрғылықты жеріне көшіп келіп, солармен бірге өмір сүре бастайды. Әртүрлі ұлт өкілдерінің бір кеңістікте өмір сүріп кетуі жергілікті халықтың адамгершілігіне, толеранттылық санасына, адамдық құндылықтарды негіз етіп алған тіршілік философиясына тікелей қатысты мәселе екенін жоққа шығара алмаймыз. Кез келген көші-қон үдерістері,  мекен ауыстыру, өзге мәдени кеңістікке келіп өмір кешу, басқа ұлт өкілдерімен тіл табысу – кез келген ұлтқа, сондай-ақ ол жердің байырғы халқына да психологиялық тұрғыдан оңайшылыққа соқпайды. Себебі жат елге келген жұрттар үшін ең маңызды мәселе жергілікті халықтың оларға деген қарым-қатынасының дұрыс қалыптасуы, бауырмалдық, ағайынгершілік танытуы, қала берді адами-азаматтық тұрғыдан жат санамауы маңызды. Осы арадағы түбірлі мәселелердің дұрыс шешілуі – әртүрлі ұлт өкілдерінің әрмен қарай қалыпты өмір сүріп кетулеріне, емін-еркін, алаңсыз тіршілік кешулеріне негіз болады. Сондықтан ұлтаралық саясаттағы ең бастапқы маңызды фактор – жергілікті халықтың өзге ұлт өкілдерін қабылдай білуіне байланысты көрсеткен кеңдігі, дарқандығы болса, екіншіден, өзге ұлт өкілдерінің осы елдің иесі саналатын титулды ұлттың тіршілік болмысымен санасып ғұмыр кеше білуі. Әртүрлі ұлт өкілдерінің бір кеңістікте өмір сүре бастауы міндетті түрде олардың мәдениетіне, салт-санасына, әдеп-ғұрпына өз әсерін тигізбей қоймасы анық. Осылайша ұлт өкілдерінің рухани-мәдени болмыстарының ара­ласуынан белгілі бір ортақ қасиеттер, ұғым-түсініктер, ортақ дүниетаным, менталитет қалыптасатыны да шындық. Себебі әлеуметтік орта, қоғамдық қаты­настар әртүрлі ұлт өкілдерінің бірлесе өмір сүруінен жаңаша өріс алуы да мүмкін.

Қазақстан жағдайына келетін болсақ, мемлекетіміз көп ұлтты елдердің қатарына жататыны белгілі. Белгілі ғалым Амангелді Айталы еліміздің ұлттық құрамын бірнеше топқа бөліп қарастырады:

1.Мемлекет құраушы, әртүрлі деңгей­де ассимиляцияға ұшыраған қазақ ұлты.

2.Социализмге дейін және кеңес заманында қазақ жеріне қоныс аударған орыс, басқа да славян текті диаспоралар.

3. Күшпен жер аударылып келген диаспоралар: (неміс, шешен, тағы басқалар), негізінен орыс тілділер.

4.Түрік тектес діні ислам, қазақ тілінен гөрі орыс тіліне бейімділер.

5.Тарихи отандарында мемлекеттілігі жоқ, басым орыс тілді ұсақ этно­диаспоралар. Мысалы, Қазақстанда 51944 дүнген тұрады, олардың 49 пайызы қазақша еркін сөйлейді, оның 21,6 пайызы қазақша оқи, ал оның 16,6 жаза біледі. 98,7 пайызы орыс тілін еркін меңгерген, оның 92,8 пайызы орыс тілінде оқи алады, 10 пайыздан астамы жаза алады. Бұл ресми деректер.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елде этнодемографиялық жағдай күрделі болды, қазақтар – 41 пайыз, басқа этностар – 59 пайызды құрады. Сөздің терең мағынасында біз қазақтар және көп этнодиаспоралар мекендейтін орыс тілді бұрынғы совет елінің территориясы ғана едік, паспорттарымыз да әлі советтік, психологиямыз да кеңестік сана-сезім, ол бүгіннен ертеңге өзгере салмайды. Алғашқы Конституциядағы Қазақстан Республикасы қазақ ұлтының мемлекеттік құрылымы деген тұжырымды өзге ұлттар қабылдай бермеді, себебі мемлекетті құраушы басқа этностар «біз де осы мемлекет құраушыларымыз» деген уәж айтты, кейбіреулері Қазақстан Республикасын менсінбеді, тарихи отандарына көше бастады, аймақтарда сепаратистік топтар бас көтерді. 1991 жылы Қазақстан Республикасының Тәуел­сіздік туралы Декларациясына 16 адам қарсы дауыс бергендігін де ескерген жөн. Сондықтан, екінші Конституция елдің этнодемографиялық  құрылымын есептей келе, ҚР тек қазақтардың емес, алғашқы конституцияда жазылғандай, барлық қазақстандықтардың мемлекеті деген жаңа концепцияға негізделінді. Кеңес Одағында еліміз Қазақстан Республикасы болса, Тәуелсіз еліміз Қазақстан Республикасы болып аталды. Бұл жеңіліс емес, Тәуелсіздікті сақтау үшін шегініс еді. Сонымен «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып» деген сөздерден баста­латын Конституцияның преамбуласы өмірге келді. Осы Конституция бүгін де еліміздің тұтастығына сенімнің негізі» дейді Амангелді Айталы.

Елбасы мемлекетіміз өз тәуелсіздігін жариялаған тұстан бастап ел дамуының басты факторларының бірі ретінде – халықтың ауызбіршілігін, ынтымағын ерекше орынға қойғаны жайдан-жай емес. Халықтың береке-бірлігі, ынтымағы болмаса тәуелсіз Қазақстанды құра алмайтынымызды шегелеп айтты. Өйткені, бұрынғы кеңестік республикалар егемендіктерін жариялаған кезде көптеген мемлекетте ұлтаралық мәселелер күн тәртібіне шыққанын жақсы білеміз. Кеңестік жүйеден әбден зәрезап болып, шаршап шыққан елдер өздерінің шын мәніндегі дербес тіршілігін құруға асықты. Бұл жолда, тіпті, өздерімен қоян-қолтық араласып, бірге тіршілік кешіп келген өзге ұлт өкілдеріне жат көзбен қарай бастаған мысалдар да аз кездескен жоқ.  Мұның соңы қандай этникалық негіздегі қақтығыстарға, дүрдаздықтарға әкеліп соққаны белгілі. Неге екенін қайдам, ТМД мемлекеттерінде этникалық негіздегі қақтығыстар тоқсаныншы жылдардан бері қарай ушығып кетті. Осындай жағымсыз үрдістерді тез аңғарған Елбасы еліміздегі ұлтаралық саясатқа ерекше ден қойып, идеологиялық жұмыстарға пәрмен берді. Әлемде теңдесі жоқ Қазақстан халқы ассамблеясын құрып, еліміздегі этникалық топтарды саны мен құрамына қарамастан осы ассамблеяның айналасына топ­тастырып, ынтымақтаса тіршілік кешуге шақырды. Бұл саяси қадамдардың қаншалықты маңызды болғанын ел мен қоғам белгілі бір кезеңдерден кейін сезінді. Расында мемлекеттің өркендеп дамуы үшін, экономика гүлденуі үшін оған негіз болатын базистік құндылықтар жасақталуы керек болды. Ол құндылықтар – бейбіт өмірімізді сақтап қалу және әрі қарай дамыту. Ұлтаралық ауызбіршілігімізге сызат түсірмеумен байланысты қалыптасты. Ел іші алатайдай бүлініп, кейбір көршілес мемлекеттердегідей этникааралық дау-жанжалдар, қақтығыстар орын алып жатса, мұндай кезде қалыпты даму жайында сөз қылудың өзі қиынға түсер еді. Оның үстіне 90-шы жылдардағы ауыртпалықтар мен экономикалық қиыншылықтар онсыз да алаң көңілмен жүрген халықты, қоғамды тіпті де тығырыққа тірейтін еді. Ұлтаралық құрамы жағынан алуан түрлілігімен ерекшеленетін Қазақстан үшін бұл мәселенің оңай өршіп кетуі мүмкін екенін кәнігі саясаттанушылар да жоққа шығарған жоқ. Құдайға шүкір, дұрыс әрі дер кезінде қабылданған шешімдердің арқасында еліміз мұндай келеңсіздіктерге тап бола қойған жоқ.

Өткен тарихымызға қарайтын бол­­­сақ, кешегі кеңестік кезеңде кең бай­тақ қазақ даласына күштеп жер аударылған сан жүздеген ұлт өкілдері, тағдырдың жазуымен көшіп келген переселендер қазақтың тіршілігіне араласып, біте қайнасып кетті. Өзі де талай қиындықпен бетпе-бет келсе де, қазақтар жаратылысындағы бауырмалдық, адам­гершілік, ізгілік сынды қасиеттерінен қол үзе қойған жоқ еді. Бір үзім нанын бөлісіп,  үйлерінің төрінен орын берді. Сол кездегі тарихи жағдайларды біз көрмесек те, ата-апаларымыздың айтқан ғибратты әңгімелерінен естіп өстік. Көптеген ауылдар мен елді мекендерде қазақтармен қатар орыс, татар, неміс, шешен, әзірбайжан, армян және т.б. ұлт өкілдері тіршілік кешті. Кеңестер заманында Қазақстанды ұлтаралық достықтың лабораториясы деп те атады. Мұның барлығы қазақ даласына қоныс аударылған диаспоралар санының көптігінен айтылса керек-ті. Осы елдің, осы жердің байырғы халқы ретінде қазақтар үшін өзге ұлт өкілдерімен ә дегенде аралас-құралас болып өмір сүріп кетудің өзіндік қиыншылықтары да болмай қойған жоқ. Себебі ділі басқа, діні басқа, болмысы бөлек, салт-дәстүрі ерек, дүниетанымы өздеріне ұқсамайтын ұлттармен бір  кеңістікте тіршілік кешудің алғашқы кезеңдері қалай өрбігенін кәсіби тарихшыларымыз айта жатар, бірақ, шын мәнінде ұлт өкілдерінің арасындағы психологиялық тұрғыдағы бір-біріне үйренісуі, тіл табысулары, сұхбаттасудың алғашқы сатылары халықтардың бойындағы толеранттылық қасиеттер арқылы еңсерілді деп тұжырым жасауымызға болады. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» Абай атамыз жырлағандай, қазақтың бойындағы толеранттылық қасиет, бауырмалдық, дархандық, кеңдік – ұлттық дәрежедегі мінезіміздің бір қыры.  Тағдырдың жазуымен жерімізден пана тапқан әртүрлі ұлт өкілдері елімізде тіршіліктерін жалғап, өсіп-өнді. Олардан өрбіген бірнеше буын қалыптасты. Барлығы Қазақстанды Отаным, елім деп бағалайды. Бастапқыда қоныс аударған ұлт өкілдерін қабылдап алу, жатсынбау, бауырына тарту, жерсіндіруге байланысты негізгі ауыртпалық қазақтардың иығына түскенін олар да жақсы түсінеді, біледі. Сондықтан да, халқымызға өз алғыстарын жаудырып келеді. Дегенмен, ұлтаралық саясат мәселесі ауқымды ұғым болғандықтан оған байланысты көзқарастардың, тұжырымдардың әрқилы болуы заңдылық. Туындаған мәселелер ашық талқыланып, әртүрлі деңгейде шешімін табуы керек. Ұлтаралық саясат мәселелерін шешу барысында ешуақытта тұйықталып қалуға жол беруге болмайды. Мысалы, екі-үш адамның арасында орын алып жататын түсінбеушілік, дүрдараздық этникалық негіздегі қақтығыстарға дейін апаратынын өмірдің ащы сабақтары көрсетіп отыр. Жалпы, ел бойынша ұлтаралық саясатымызда байсалды көзқарас орныққанын ерекше айтуымыз керек. Кез келген дау-дамай заң жүзінде шешімін тауып, ең бірінші кезекте мәмілеге келу, сұхбат құру, талқылау тәрізді өркениетті жолдар қарастырылады. Шынайы өмір қашанда адам санасы түсініп болмайтын тосын құбылыстарымен қайран қалдырады. Демек, ұлтаралық саясаттың да қатпар-қатпар қырларын белгілі бір теориялар аясында түпкілікті танып білу мүмкін емес. Өйткені, нақты жағдай, әлеуметтік тұрғыдан қайшыласқан өмір тармақтары, адам мінезі, қоғамдық орта, «сен тұр, мен өтейін» деген көзқарас бой көрсетпей қоймайды. Кейбір адамдар екі топтың арасындағы әлеуметтік жанжалды ұлтаралық  дәрежеге дейін көтергісі келетін де жағдайлар жоқ емес.  Бұл орайда ұлтаралық татулық пен келісім мұратын сақтау тек қана қазақтарға ғана қатысты емес, осы елде өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілдеріне де қатысты дүние екені белгілі. Бірақ осындай талап-тілектер көп жағдайда сақтала да бермейтіні өкінішті. Шынтуайтына келгенде, ұлтаралық қақтығыстар мен жанжалдардың тууына себеп болатын түйткілдердің бірі – сол қақтығыстардың негізгі объектілері саналатын ұлт өкілдерінің арасында пайда болатын пікір қайшылықтарынан туындап жатады. Мұндайда бір-біріне деген өкпе-ренішті дөрекі сөздермен сыбап, үйіп-төгіп айта салады. Осындай кезде ұлтаралық негіздегі кемсіту, ар-намысқа тіл тигізу сынды жағымсыз нәрселер етек алып кетеді.  Әлеуметтік құбылыстар мен себеп-салдардан басталған дүрдараздық ресми биліктің өзі араласқанда ғана барып саябырлайды. Кінәлілер жазасын тартып, жапа шеккендер моральдық қанағаттанушылық сезімге кенелгенде ғана екі топ арасындағы жағдай біршама реттелгендей болады. Бірақ, дау-жанжалдардың түпкілікті әлеуметтік-психологиялық себептеріне үңілу, зерттеу ісі қолға алына бермейді. Қазанның беті ғана жабылғанымен, ішінде нендей дүниелердің қайнап жатқаны жан-жақты зерттеліп, зерделене бермейтіні шындық.

Табиғатынан әділетсүйгіш, мейірбан қазақтар өздерімен қоян-қолтық өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерін ешуақытта жайдан-жай шеттетпейді, кеудесінен итермейді. Әйтпесе, ұлы дала төсінде бір ғасырға жуық сыйысып өмір сүре алмас та еді. Қазақ өз жерінде, өз елінде отырғаннан кейін сый-құрметті де қалайтыны, басынуды, намысын таптатуды хош көрмейтіні түсінікті. Мұны айтып отырған себебіміз, ұлтаралық саясатта туындайтын әртүрлі жанжалдардың көбі дерлік қазақтың намысын қорлаумен байланысты болып жататыны жасырын емес. Сондай-ақ қоғамдық игіліктерді толыққанды сезінуде қазақтардың емес, көп жағдайда өзге ұлт өкілдерінің бәсі жоғары тұруының өзі әлеуметтік әділеттілік принципінің ойдағыдай жүзеге аспауына әкеліп соқтырады да, айналып келгенде қазақтардың орынды наразылығына себепші болады. Демек, этникалық тұрғыдағы дау-жанжалдардың, қақтығыстардың орын алуына байланысты бірнеше әлеуметтік факторларды атап өтуге болады: өзге ұлт өкілі саналатын қоғамдағы кейбір топтардың жергілікті автохтонды халықты сыйламауы, ар-намысын құрметтемеуі; өзге ұлт өкілі саналатын қоғамдағы кейбір азаматтардың жергілікті халықтың мінез-құлқымен, салт-дәстүрімен, тіршілік салтымен санаспауы, санасқысы келмеуі, менсінбеуі; өзге ұлт өкілі саналатын қоғамдағы кейбір азаматтардың аста-төк байлығымен, мол дәулетімен мақтануы арқылы жұпынылау өмір сүріп жүрген кейбір жергілікті халықтың ар-намысына тиіп, ашу-ызасын келтіруге тырысуы; екі ұлттың арасында жиі орын ала берген дау-жанжалдардың әсерінен кейін тұрақты түрде қалыптасып қалған жеккөрушілік стереотипінің орнығып қалуы; өзара қарым-қатынастарының «отырса опақ, тұрса сопақ» дейтіндей дәрежеге жетуі; өзге ұлт өкілі саналатын қоғамдағы кейбір азаматтардың осы елге көшіп келген ата-бабаларының тарихынан мүлдем бейхабар болуы; дүрдараздыққа жиі жол беретін ұлт өкілдерінің ара­сындағы толеранттылық қасиеттердің қалыптаспай отырғандығы, білімсіздіктің, тәрбиесіздіктің, мәдениетсіздіктің белең алуы; Отаншылдық, мемлекетсүйгіштік сана-сезімнің қалыптаспауы; береке, ынтымақ, сыйластық дейтін ұғымдардан сана-сезімдері әлі де алыс болуы. Міне, осы және де басқа факторлар ұлтаралық саясат мәселесінде кең ауқымда назар аударуды қажет етеді. Әрине, елімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілдері Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылады. Құқықтық-заңдық тұрғыдан алғанда бәрі де бірдей. Сондықтан, ұлтаралық саясаттағы ұстанымның негізі – кез келген ұлт өкіліне осы елдің азаматы деп қарау, олардың атқарып отырған еңбегін бағалау, маман ретінде еліміздің әрбір саласына қосып жатқан үлестерін лайықты тану, жоққа шығармау. Бір байқағаным, Қазақстандағы ұлт өкілдерінің арасында осы елдің ортақ тағдырын сезінушілік, Отанымыздың барлық құндылықтарына деген жана­шырлық жоқ емес, бар. Көптеген елді мекендерде, ауылдарда ұлт өкілдерінің бір-біріне деген құрметі, сыйластығы, тату-тәтті тіршілігі берік негізде орныққанын аңғару қиын емес. Тіпті, жақын туыс­тардай араласып кеткен отбасылар қаншама. Демек, еліміздегі ұлтаралық достықтың қалыптасуына бірден-бірден әсер етіп отырған жайт – барлығына ортақ тарихи тағдыр, «көппен көрген ұлы той» деген ұстанымға негізделген өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын бірге еңсеру, қауымдасып өмір сүру, бір-біріне көмектесу, қол ұшыну созу, ұлттық, нәсілдік белгілерден ақыл мен адамгершілік қағидаларын жоғары қоюлары, кез келген мәселеде парасатқа жүгінулері. Қазақстан қоғамында ұлтаралық араздықты ту­дыратын адамдарды жақтырмау психологиясы пайда болғанын да байқау қиын емес. Мұның барлығының негізінде бейбіт өмірімізді көздің қарашығындай сақтауға деген табиғи ұмтылыс халықтың өз тарапынан туындай бастағанын жоққа шығара алмаймыз. Әрине, ұлтаралық саясаттағы жақсы үрдіс. Оны бағалай білуіміз де керек.  

Қазақстан жерін мекен етіп, өздерінің екінші Отаны деп қабылдайтын ұлт өкілдерін біздің елдің саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани өмірінен бөле-жара қарау мүмкін емес. Шынтуайтына келгенде адам қай елде дүние есігін ашып, қай елде ер жетіп, қалыптасса ол сол жердің менталитетін, әдебін, тіршілігін, болмысын, мінезін бойына көбірек сіңіреді. Әрине, ата-баба тегімен, ананың ақ сүті, әкенің қанымен берілетін ұлттық құндылықтары болады. Дегенмен, адам баласы өз тіршілік кешіп жатқан ортамен біте қайнасып, сіңісіп кететіні дәлелдеуді қажет етпесі анық. Осы орайда еліміздің ұлтаралық саясатын дамыту мәселесіндегі маңызды шаруаның бірі де бірегейі – осы мемлекетті құраушы негізгі ұлт, ел мен жердің иесі – қазақ халқының айналасына топтасу. Бұдан бөлек мемлекеттік тілді меңгеру, қазақ халқының мәдениетіне, тарихына, басқа да ұлттық құндылықтарына құрметпен қарау.

Асылында, ұлтаралық саясат бар және ұлт саясаты бар. Ұлтаралық саясат елдегі барлық ұлт өкілдерінің арасындағы келісім мен баянды ғұмыр негіздерін қалайтын болса, ұлт саясаты – осы ел мен жердің иесі, автохтонды халыққа қатысты болып келеді. Ұлтаралық саясатқа көбірек назар аударылып, ұлт саясатына дұрыс көңіл бөлінбесе, бұл да осы ретте жіберілген  едәуір олқылықтардың бірі ретінде бағалауымыз керек. Бұл орайда ұлтаралық саясат – жалпы ұғым, ұлт саясаты – жалқы ұғым деген тұжырым жасауымызға болады. Біздің жағдайда ұлт саясатының биік дәрежесі, жемісі мен нәтижесі – мемлекетіміздегі қазақ мәселесінің шешілуі, яғни, осы ел мен жердің иесі ретіндегі қазақтардың мұң-мұқтажына жоғары деңгейде назар аударылуымен айқындалады. Ұлт және ұлтаралық саясаттағы осы екі мәселенің ара-жігін ажыратып алмай, толыққанды жүйелі жұмыс жүргізу мүмкін емес. Елімізде жылдар бойы ұлтаралық саясатқа тиісті дәрежеде көңіл бөлініп келгенімен, тұғырлы тәуелсіздігімізге сай келетін ұлт саясатын жаңғырту ісі айтарлықтай кенжелеп қалғаны жасырын емес. Яғни, ұлт саясатымен арнайы түрде шұғылданатын, оның методологиясын қалыптастыратын мекеме, институт жұмыс істемеді. Ұлт саясатымен елі­мізде демографтар, этнографтар, мәдениеттанушылар, саясаттанушылар, т.б.ұлтқа қатысты шаруаларды ілгері­лететін нақты мамандар айналысуы керек. Ұлт саясатының тұжырымдамасы жасалса да, артықтық етпейді. Яғни, қазақ халқының бүгінгі замандағы мүддесі қандай? Ол қандай алғышарттармен айқындалады? Алдағы жүз жылдықтарда қазақ халқы қалай кемелденіп, қалай дамиды? Қандай базистік құндылықтарға арқа сүйейді? Қазақтың мәңгілік идеясы не? Тәуелсіздігімізді қалай сақтаймыз? Ұлтымыздың алдында тұрған басты проблемалар қандай? Олардың шешілу жолдары қандай? Міне, осындай теориялық сауалдар ұлт саясатының тұжырымдамасында барынша айқын­далуы керек. Біздің заңдарымызда, мемлекеттік маңызы бар құжаттарымызда ұлтаралық саясаттың мәселелері мен олардың шешілу жолдары жан-жақты көрініс тауып келеді. Бірақ, ұлт саясатының заңдарда көрініс табуы ойдағыдай болып отыр деп айту қиын. Қоғамда ұлт саясатына байланысты мәселелер қордаланып, пісіп-жетілген сайын оның шешілуі талап етілетін бастамалар дүркін-дүркін көтеріле береді. Бұл – заңдылық. Одан ешкім де қашып құтыла алмасы анық. Құдайға шүкір, бүгінде қазақ халқының саны көбейіп келеді. Таяу болашақта ұлт саясатының бағыт-бағдары айқындалмаса, қай жолмен жүреміз, қалай өркендейміз деген сауалдарға жауап табу оңайға түспейді.

Қоғам қайраткері Айтан Нүсіп­ханұлы ұлттық саясатқа қатысты жазған мақаласында былай дейді: «Дүниеде ұлттай жансебіл қоғамдық тарихи құбылыс жоқ. Халықтарды социализм, коммунизм диірменіне салып, ұлттық ерекшеліктерінің бәрінен жұрдай етуге бел байлаған марксшіл-лениншілдердің алуан түрлі эксперименттерінен де ештеңе шықпағанын, міне, бүгін өз көзімізбен көріп отырмыз. «Ұлттан тыс игілік жасаймын деу – құр әншейін әурешілдік» деп сонау ғасыр басында дөп басып айтқан орыс философы Бердяев қандай көреген десеңізші?! Демек, адамның әлеуметтік мүддесімен бірге ұлттық мүддесі қоса жүреді. Осы екі мүддені бірдей есепке алып, есте ұстап отырмаған жағдайда, саясат жасаушылар, сөзсіз, ағаттық жібереді. Адамзаттың ұзақ салқар даму тарихы тұрғысынан қарағанда, ұлт та қатып-семіп тұра бермейді. Ол да дамиды, өзгереді. Барлық ұлт мәңгілік болғысы келгенімен, бірақ мәңгілік деген қазір ұлт қандай күйде болса, болашақта да сондай күйде болады деген сөз емес. Қалай дегенде де, ұлттық өзгеріс аса ұзақ уақытты қажет етеді. Және белгілі бір ішкі-сыртқы жағдайлардың айрықша нәтижесінен көрінеді. Мемлекетті енді құра салып, оның ұлттық белгілерін жою, азаматтық мемлекетке айналдыру туралы талаптар қою – қандай жақсы ниеттен туылғанның өзінде де жүзеге аспайтын бос қиял. Жеке адамдар мен кейбір партиялық топтардың бұл бағыттағы ұмтылысына қарамастан, өмір өз заңымен жүре береді. Күнделікті отбасылық проблемалардан бастап, мемлекеттік проблемаларға дейінгі аралықта ұлттық фактор өзін сәт сайын көрсетпей қоймайды».

А.Нүсіпханұлы жазғандай, мемлекеттің өсіп-өркендеуі үшін ұлттық мүдде міндетті түрде ескеріліп отыруы керек. Қоғамдағы кейбір топтар ұлттық мәселелерді тілге тиек еткісі келмейді. Бірақ, бұл өте қате пікір. Өйткені, ұлттық мәселелер шешілмей мемлекеттік, қоғамдық мәселелер ешуақытта шешілмейді. Қазақ өз елінде бақытты болмай, өзгелердің де бақытты болып кетуі екіталай. Демек, біз таяу жылдардағы перспективамызда ұлттық мемлекет құру идеяларына да басымдық беруіміз керек. Францияда ұлттық мемлекеттің белгілері бар, Италияда бар, Түркияда бар. Бұл елдерде де көп этносты халықтар шоғырланған. Алайда, олардың барлығы ұлттық мемлекеттің аясында топтасып, сол елдің мұрат-мақсатын өздерінің мұрат-мақсатындай сезініп, жалпы мемлекет үшін, қоғамның игіліктері үшін табысты еңбек етуде. Өз тарихында талай теперішті, түрлі зұлматты көрген қазақ елі де Франция және тағы да басқа өркениетті мемлекеттер сияқты биік мұрат-мақсаттарына қол жеткізуі керек. Бұл жолда еліміздің барлық азаматтары, тегіне, ұлттық ерекшелігіне, нәсіліне қарамастан өздерінің мол үлестерін қоса алатынына ешқандай күмәніміз жоқ.

Демек, мемлекетіміздегі ұлтаралық саясатқа қатысты іс-шараларды үйлестіріп келе жатқан Қазақстан халқы ассамблеясы да өз жұмыстарын осы тұрғыдан ширата түскендері абзал болар еді деген ой тастағымыз келеді. Ассамблея демекші, ол қоғамдық институт ретінде әжептәуір қалыптасып, біршама орныққаны сөзсіз. Елімізде бұрын-соңды болмаған мұндай ұйымға бастапқыда тосырқай қарағанымыз да рас. Өйткені, еліміздегі әрбір ұлт өкілдерінің ұлттық ерекшелігі барын, олардың салт-санасы, әдет-ғұрпы, мәдениеті барын, демек, Қазақстанда қаншама ұлт өкілі болса, солардың барлығы бір-бірімен тату-тәтті өмір сүрсін, «береке басы – бірлікте, ынтымақта» деген жақсы сөздерді ұран етіп, ұлтаралық достыққа қатысты тұжырымдарын айқындап, бағыт-бағдарларын белгілеп, Елбасының бұл бағыттағы сындарлы саясатын жүзеге асыруға Ассамблея мүшелері кірісіп кетті. Ассамблеяны құра отырып, мемлекет ұлтаралық саясаттың шешімдерін айқындап берді. Ассамблеяның құрылу философиясы, тұғырлы идеясы – ұлтаралық достық пен келісімге негізделді. Бірақ, ұлтаралық достықты сақтау, оны әрі қарай дамыту тек қана Ассамблеяның міндеті десек, қателескеніміз. Ассамблея идеологиялық жұмыстарды үйлестіруші ретінде болса, еліміздің гүлденуіне, дамуына үлес қосатын әрбір ұлт өкілі мемлекет алдында тұрған үлкен де, ұлы мұраттарға ақ адал қызмет етуге білек сыбана кірісулері қажет екені өз-өзінен түсінікті болмай ма. Олай болса, елдің бірлігі мен ынтымағы, мемлекетіміздің тұтастығы үшін белгілі бір құрылымдар ғана емес, әрбір жекелеген азамат жауапты екенін жан-жүрегімен сезінсе, сөзсіз, мықты елге айналамыз. Тәуелсіздік алған отыз жылдық кезеңімізде біздің халық, қоғам түрлі жағдаяттарды басынан кешірді. Қазақстан – әлемге барынша ашық ел болғандықтан түрлі ағымдар да оп-оңай еніп кетті. Олардың да зардабын қоғам біршама көрді. Демек, жаһандық мәселелер біздің елге де келді. Олай болса, алдағы уақытта болатын түрлі сын-қатерлерге төтеп беруіміз үшін де ұлт саясатының іргетасы мықтап қалануы керек.

6229 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз