• Тарих толқынында
  • 19 Мамыр, 2021

ҒАРИФА МЕН ЗАМИХА – ҚАЗАҚТЫҢ БАТЫР ҚЫЗДАРЫ

Бақтылы БОРАНБАЕВА,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Адамзат тарихына ХХ  ғасыр «қасіретті ғасыр» болып енді. Бұл ғасырда орын алған  қанқұйлы оқиғалардың бірі – екінші дүниежүзілік соғыс. Ал кешегі КСРО империясының құрамындағы халықтар үшін  ол Ұлы Отан соғысы болды. Соғысқа тартылған әйелдер саны бойынша КСРО мемлекеті алдыңғы орында тұрды. Деректерде 800 мың кеңестік қыз-келіншектердің  Ұлы Отан соғысына қатысқаны жазылған.  Кеңес Одағының  әскери заңнамалық құжаттарында әйел азаматтар қажетті жағдайларда Қызыл Армия қатарына қосымша қызметтерге тартылсын деп жазылғанымен, жалпы Кеңес әйелдерінің   әскери міндеткерлігі  болмады.

Алайда,  1941 жылы соғыстың алғашқы кезеңінде кеңес әскерінің орасан зор шығынға ұшырауына байланысты, 1942 жылдың  көктемінен бастап   Кеңес Одағы   қыз-келіншектерді  майданға, тылдағы өндірістік еңбекке жаппай мобилизациялаған.  Соңғы кезде біртін­деп әскери құпия құжаттар ашылып жатыр. Бас қолбасшы И.Сталиннің 1942 жылдың сәуір-қазан айлары аралығындағы шығарған 3-ші бұйрығының  негізінде,  120 мың  әйел байланыс, әуе қорғанысы, құрлықтағы жаяу әскер қатарына  алынған. Алайда, Кеңес Одағы  жауынгер әйелдердің физиологиялық, психобиологиялық  ерекшеліктеріне қарай оларды арнаулы  әскери киімдермен,  медициналық,  гигиеналық жабдықтармен,  гинекологиялық  қызмет түрлерімен, ер адамдардан бөлек жатын орындармен толық қамтамасыз ете алмады.  Соған қарамастан кеңестік әйелдердің өз еркімен соғысқа аттануына ықпал еткен күш – адамдық және рухани фактор. Осы орайда   белгілі тарихшы ғалым М.Қозыбаев өз еркімен майданға сұранып, өтініш жазған қазақстандықтардың 40 пайызы  қыз-келіншектер болғанын айтады. Жалпы Қазақстаннан майданға 6-7 мың қыз-келіншек аттанды деген дерек бар.  Ал біздің ұзақ жылғы зерттеуіміз бойынша,  Батыс Қазақстан облысынан  1100 жауынгер қыз-келіншектер  майданға аттанған деп пайымдаймыз. Демек, Ұлы Отан соғысы тарихнамасында  жауынгер әйелдер мәселесі   ғылыми  терең зерт­теулерді күтіп тұрған күрделі мәселе.

Кеңес Армиясының құрамында гитлершіл фашизмге тойтарыс берген қазақстандықтар арасында қазақтың ұлдарымен қатар қыздары да қазақ халқын әлемге жауынгер батыр халық ретінде паш етті. Міне, Жайық өңірінен шыққан сондай  қаһарман қыздардың бірі – радиобайланысшылар  Ғарифа Рахметова мен Замиха Наушеваның  өнегелі өмірін  насихаттауды ұрпақ парызы санадық. 

Рахметова Ғарифа Мажитқызы 1922 жылы 1 май күні Батыс Қазақстан облысы Орда ауданы Азғыр ауылында дүниеге келген. Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетінің 2 кур­сында оқып журген Ғарифа өз еркімен майданға аттанады. Бұл  жөнінде ол: «Орал қалалық комсомол комитеті қаланың оқу орындарында және орта мектептердің 9-10 кластарында оқып жүрген белсенді  жас комсомол қыздарды жинап митингі өткізді. Сөйтіп, Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы Орталық Комитетінің үндеуі талқыланып, жас қыздарды Отан қорғау ісіне қатысуға шақырды. Митингіде мен топ алдына шығып,  өз еркіммен Отан қорғауға баратындығымды  айтып, қыздарды қатарыма шақырдым. Тағы  біраз қыздар сөз алып, бұл ұсынысымды қуаттады. Сөйтіп митингіден кейін 600 қыз  Ленинград қаласынан  Оралға эвакуацияланған әскери радиотелеграфшылар дайын­дайтын училищенің  5 айлық курсына жазылдық. Оралда ай жарым оқыған соң,   әскери  училище Мәскеу түбіндегі Мытищи қаласындағы оқу базасына қайта көшірілді.  Оралдан 600 қыз тиелген  эшелонды бүкіл қала халқы шығарып салды», – дейді. Осы   қоштасу сәті туралы  Лидия Александровна Ружейникова: «После разгрома немцев под Москвой школа снова вернулась в Подмосковье. Мы простились со своими родными, друзьями, земляками. Проводы, конечно, были трогательными и тяжелыми. Я до сих пор вижу свою маму в красном платье, бегущую за отходящим поездом», – деп  баяндайды. Осылайша, Мәскеу түбіндегі училищеде оқуын жалғастырған  Ғарифа Рахметова   жерлестері Замиха Наушева, Майра Мақатова, Нұрғаным Байсеитова, Лида Ружейникова, Катя Литовамен бірге  1942 жылы қарашада  5 айлық курсты тәмәмдап,  ІІ класты әскери  радиобайланысшы мамандығына ие болды.  Сөйтіп, Ғарифа Рахметова  мен Замиха Наушева Жоғарғы Бас қолбасшының қарамағындағы І гвардиялық шабуылдаушы авиациялық корпусқа жөнелтілді. Жауынгер   Ғ.Рах­метова: (естелік жазбаның мазмұны орысшадан қазақшаға аударылып беріліп отыр. – Автор) «Менің әскери авиация корпусының құрамындағы   5000 шақырым жауынгерлік жолымда қарапайым радиотелеграфист қызметін атқарып, әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындауға және 32438 рет  әуеге көтерілген  әскери ұшқыштармен  біздің бөлім арасындағы әуе байланысын үздіксіз қамтамасыз етуге бар күшімді жұмсадым. Ұлы Отан соғысы тарихында біздің І гвардиялық шабуылдаушы корпус ерекше орын алады. Корпусқа «Минскілік» деген құрметті атау беріліп, атақты ұшқыштарымыз – А.П. Маресьев (бұл ұшқыш  белгілі орыс жазушысы Б.Н. Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз» повесінің қаһарман кейіпкері екенін еске саламыз – Б.Б.), И.М. Березуцкий, И.М. Глухих, Е.М. Горбатюк, В.А.Орехов ерліктері тарихымызға алтын әріптермен жазылып қалды», – дейді.  Атақты авиакорпустың әуе байланыс жүйесін үздіксіз қамтамасыз еткен радиобайланысшы Ғ.Рахметова Калинин, Солтүстік-Батыс, Брянск, І,ІІ Прибалтика, І, ІІ Белоруссия майданы және «Багратион» операциясына  қатысып, Минск, Липецк, Орел, Брянск, Великие  Луки, Логова, Вильнюс, Шауляй, Берлин т.б. қалаларын азат етуге өз үлесін  қосты. Ғ.Рахметова сұрапыл соғыс жылдары туралы: «Шауляй түбіндегі  біздің аэродромды жау байқап қалып, бомбаның астына алды. Біз аэродромнан 2 шақырым жерде отырып,  әуеде жаумен айқасып жүрген ұшқыштармен байланысты  үзбей отырдық. Осы кезде менен 400 метр жердегі екінші радиостанцияны жау күл-талқан етті. Көз алдымда радио­байланысшы Анна Сотникова мерт болды, ал Александра Коростылева ауыр жараланды. Мұндай ауыр қайғы соғыста жиі болды». Сондай-ақ жауынгер қыз:  «1943 жылы  қараша айында, біздің корпус Невель қаласынан 2-3 шақырым жерде тұрды (естелік жазбаның мазмұны орысшадан қазақшаға аударылып беріліп отыр. – Автор). «Отан үшін» атты майдан газетінен Невель қаласын азат етуге қатысқан 100 және 101 ұлттық қазақ атқыштар дивизиясының шабуылы және  жерлесім Мәншүк Мәметованың ерлігі туралы оқып білген едім.  Қасыма бір жауынгерді ілестіріп,  бұдан 1 ай бұрын шайқас болған жерге келіп,  қаза болған жауынгерлердің және топырағы әлі кеппеген  Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың жерленген жерін көрдім», – дейді. 

Радиобайланысшы Ғ.Рахметова «Әс­ке­ри ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және  6 мәрте  Бас қолбасшы И. Сталиннің  алғыс хатымен  марапатталды. 1945 жылдың қазан айында соғысты Берлин қаласынан 100 шақырым жердегі Перлиберг елді мекенінде аяқтаған Ғарифа Рахметоваға гвардия  сержанты  атағы  берілді.  Майданнан оралған соң Ғ.Рахметова Оралдағы А.С. Пушкин атындағы педагогикалық институтта   оқуын жалғастырып, тәмәмдайды да мектеп мұғалімі, Орал қалалық комсомол  комитетінің,  облыстық, аудандық партия  комитетінің түрлі деңгейдегі хатшысы қызметтерін атқарды. Кейін Мәскеу  қаласындағы Бүкілодақтық Мемлекеттік кинематографистер институтының жанындағы жоғарғы мектепті бітіріп, облыстық кино басқармасын басқарды. Соғыс ардагері Рамазан Таукинмен отау құрып  үш қыз тәрбиелеп өсірді. 1980 жылы республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер ретінде құрметті демалысқа шықты.  Зейнеткер  Ғ.Рахметова қаладағы ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі болды.  Орал қалалық депутаттар кеңе­сінің 1989 жылғы 23 шілдедегі № 659 шешіміне сәйкес жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі ерен еңбегі үшін Ғарифа Рахметова «Орал қаласының Құрметті азаматы» атанды. Ұлы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында Президент Н.Ә.Назарбаев соғыс және еңбек ардагері Ғарифа Рахметоваға «Отан» орденін  тапсырды.  

Соғыс салған сырқаты салдарынан Ғарифа  Рахметова  2001 жылы 17  тамызда дүниеден озды. 

Мәскеуден Берлинге дейінгі  әскери жорықта Ғ.Рахметованың жанында  бірге болған  2 класты  радиобайланысшы Замиха Наушева 1924 жылы  Орал облысы Жаңақала ауданында дүниеге келген. 8 жасында ата-анасынан айырылған ол  туыстарының көмегімен Орал қаласындағы №4 мектеп-интернатқа орналастырылады. Кішкентай Замиха мектепте жақсы оқыды, арнайы скрипка класына қабылданып, музыкалық аспап­ты да меңгерді. Замиха 9 класты  бітірген жылы Ұлы Отан соғысы басталды.  Жоға­рыда айтылғандай, Оралға Ленинград қаласынан эвакуацияланып келген әскери радиотелеграфшылар училищесіне  ерікті түрде қабылданған 600 қыздың арасында  З.Наушева да болды. Курсант қыздар салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Ант қабылдаушылардың құрметіне түскі ас мәзірі берілді.   Неміс басқыншылары кері шегіндірілген соң,  аталмыш училище Мәскеу түбіндегі Мытищи қаласындағы оқу базасына қайта көшіріледі. Сөйтіп, 1942 жылдың қараша айында 5 айлық  курсты тәмәмдаған Замиха Наушева  құрбысы Ғарифа Рахметовамен бірге  Калинин майданындағы І гвардиялық шабуылдаушы авиациялық корпусқа жөнелтілді. Радиобайланысшы Замиха жауынгерлік өмір жолын былайша баяндайды: «Осы корпустың құрамында болған  біздің жауынгерлік жолымыз Калинин майданынан басталды. Біздің міндетіміз – радиостанцияның қызметін  басқару. Сондықтан, немістер біз отырған аймақты жиі нысанаға алып, оқ жаудыратын, бомбаның астына алатын. Біз де орнымызды жиі ауыстырып, жаудың көзіне түспеу үшін түрлі әдістер қолданып, бүркеніп, тығылатынбыз. Жоғарғы Бас қолбасшының басқаруында болған біздің гвардиялық шабуылдаушы корпус майдандағы  шешуші соғыстарға қатысып, бағытын жиі ауыстырып отырды. Біз өзіміздің истребительдер корпусының ұшқыштарын  мақтан етіп жүрдік. Олардың көпшілігі немістің асқан шебер ұшқыштарымен шайқасып, көрсеткен ерлігі үшін батыр атанғандар еді. Ал ұшқыш А.П. Маресьевтің өзі кеңестік әуе шайқасының тарихына ғана еніп қойған жоқ, ол соғыс жылдарындағы әдебиет тарихына да жазылған еді» дейді.

Ұлы Жеңіс күнін Берлин түбінде қарсы алған Замиха Наушева жауынгерлік ерлігі үшін  Бас қолбасшы И.Сталиннің алғыс хаты және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне ие болды. Майдангер ана: «Мен бұл соғыста адамзат баласының қайғы-қасіреті мен төгілген қанын, жер бетінен бір сәтте жойылған ауыл, қалаларды көрдім. Барлығы көз алдымда, оларды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әрине, сәл тыныстаған сәттерде би билеп, ән салатынбыз. Мұндайда командирлеріміз де бізге қосылатын. Орта жас шамасындағы командир генерал-лейтенант В.Белецкийдің бізге қарап: «Косматки вы мои, косматки, ведь и вы войдете в историю этой великой войны!» дейтін сөзі  әлі есімде» дейді.

Елге аман-сау оралған жауынгер қыз бейбіт еңбекке араласып, Орал облыстық «Екпінді құрылыс» газетінің баспасында корректор, кейін Орал қаласындағы  тері комбинатының кептіру бөлімінде  ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнет демалысына шықты.

P.S. Демек, «Адамдар бір-біріне өзара қарыздарлығын әрқашанда ойлай жүрулері керек. Әсіресе Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің еңбегін ерекше бағалай білуі қажет. Ер өледі, ел қалады. Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты», – деп  халық батыры Б.Момышұлы айтқандай, Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосқан қазақтың  қаһарман қыздарының жауынгерлік ерлігі мен  адамгершілікке толы, өнегелі өмірін үлгі етіп,  мәңгілік мақтаныш ету бүгінгі жас ұрпақ  парызы.

2505 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №6

30 Маусым, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы