• Еркін ой мінбері
  • 01 Маусым, 2021

«Қара» қойылымындағы режиссерлік шешімдер

Еліміз тек әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан емес, мәдениет саласында да дамып келеді. Бүгінгі күні театрларымыз шығармашылық жаңару мен жаңғыру үрдісін бастан кешіп, барынша заманауи тенденцияларға ілесуде. Театр – ұдайы бір орында тұрақтамайтын өнер түрі. Ғасырлар өткен сайын сан қилы бағытта дамып, көрермен талғамына байланысты өзіндік ерекшелікті, даралықты анықтауға немесе тың шешімдер мен жаңа әдіс-тәсілдерге негізделген заманауи спектакльдерді сахналауға бейімделіп келе жатқанын байқап жүрміз. Қазақ сахнасында режиссерлеріміздің жаңа заманға сай театрдың формасын, бағытын іздеу және қалыптастыру жолында шығармашылық ізденістерге, алуан түрлі эксперименттерге баруы көңілге қуаныш ұялатады. Уақыт сырғып алға жылжыған сайын режиссерлер театр репертуарын бірқатар жаңа қойылымдармен толықтырып келеді. Соңғы уақытта ерекше форматта қойылған спектакльдердің бірі ретінде режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың «Қара» қойылымын атап айтуға болады.

Пікірталас формасында қойылған спектакль А.Құнанбаевтың қара сөздеріне негізделген. Қойылымда бір ғана кейіпкер бар. Ол – Абай. Мұнда Абай өз ойларымен оңашада қалып, іштей тартысқа түседі. Қатысушы отыз бес сахна санаткерінің әрқайсысы ақынның терең ойларын білдіреді. Өз сөздерінің, көзқарастарының дұрыстығын дәлелдеуге ұмтылып, қызу арпалысқа түскен ақын ойларының арасында пікірталас туындайды. Мұндағы режиссердің түпкі мақсаты – адамзатқа хакім қара сөздерінің тәрбиелік мәнін ұғындыру, ақынның өзінен кейінгілерге жазып қалдырған өсиетін қазіргі қоғамдағы мәселелермен байланыстыра отырып ұлттық құндылықтар мен адамгершілікті, бірегейлік пен бейбітшілікті дәріптеу.

Қойылымдағы ынтымақтастықтың, біртұтастықтың символына айналған шаңырақ пен сахнаның екі жағында орналастырылған керегелер киіз үйдің көрінісін береді. «Шаңырақ» сөзі қазақта үй немесе отбасы ұғымын білдіреді. Мұрагерлік жолмен ұрпақтан-ұрпаққа көшкен бір әулеттің үйі «қара шаңырақ, қара үй» деп аталған. Оны сыйлау – ұлтын сыйлаудың алғашқы баспалдағы. Режиссер спектакльде қара шаңырақты бір әулеттің ғана емес, күллі қазақ ұлтының түп тамыры, бәрінің басын біріктірген сыйлы ордасы, Атамекеніміздің кішкентай ғана моделі ретінде бейнелейді.

Хакім Абайдың өз заманында жазған дүниесі ғасырлар өтіп, адамзат баласы жаңа даму сатысына көтеріліп, цифрлы қоғамда өмір сүріп жатсақ та халқымыздың рухани қазынасына айналып отыр. Шығармашылығы қоғам, кеңістік, уақыт талаптарына бағынбайтын мәңгілік тақырыптарды қозғаған философ сөздері әлі күнге дейін өзектілігін жойған емес. Заманымыз техникалық, материалдық тұрғыдан дамып, ғылым мен білім ілгерілеп, адам санасы жаңа деңгейге ауысты. Дегенмен, дана Абай жиі қозғаған моральдық, руханияттық, адамгершілік қырынан қаншалықты өсе алдық деген сауал туындайды. Өсек, өтірік, қанағатсыздық, жалған намыс, мақтаншақтық, тәкаппарлық, жалқаулық, көрсеқызарлық, қызғаншақтық тәрізді қасиеттерден арыла алған жоқпыз. Сондай-ақ, ақынның ұлтшылдыққа, нәсілшілдікке, басқаша айтқанда, белгілі бір типтік бөлінулерге қарсы болғанын өлеңдерінен, қара сөздерінен аңғарамыз. Ол ауызбіршілікті, біртұтас ұлт болуды насихаттап, өз ішімізде алауыздықтың болмау тиістігін түсіндіруге ұмтылады. Міне, мұның барлығы «Қара» спектаклінде жаңа формада көрініс тауып, ойшыл қозғаған мәселелердің қазір де өзекті екенін дәлелдейді.

Режиссердің шығармаға көзқарасы мен қарым-қатынасы спектакльдің жанрын анықтайды. Ж.Жұманбай қойылымның жанрын драма-диалог деп көрсетеді. Драма болу себебі: спектакль адам кейпіндегі Абай ойларының арасындағы қарым-қатынасты, олардың іс-әрекеттерін, туындайтын қақтығыстарды көрсетеді. Оған кейіпкерді вербалды және физикалық әрекетке итермелейтін өткір қақтығыстық жағдайлар тән. Кейіпкерлердің мінез-құлқы мен іс-әрекетінде қамтылған жалпыға бірдей қайшылықтарға  назар аударылады. Ал драмаға диалог деп қосылуы қойылымның формасына байланысты. Нарративке құрылып, пікір алмасу, ой бөлісу жиі орын алатындықтан сахналық туындының жанры драма-диалог деп белгіленген.

Оқиғаның дамып, қызу тартысқа құрылып, шарықтау шегіне жетуі, шешімін табуы қақтығысқа тікелей байланысты. Тартыссыз драма болмақ емес. «Қара» қойылымында бір ғана кейіпкер болғанымен, қақтығысты көре аламыз. Тартыстың көзге көрінетін, сезіммен, іс-әрекетпен тұтасып жататын сыртқы және білінбей өтіп кететін ішкі түрі болатыны мәлім. Мұнда Абай ойлары арасында бір-бірімен келіспеушіліктер туындап, қақтығыс пайда болады. Демек, ақын өзінің ішіндегі ойларымен күресуде. Бұл ішкі қақтығыс түріне жатады. Бірақ, сол ішкі қақтығыстың туындауы үшін сырттай ықпал еткен шағын келіспеушіліктер мен кереғар әрекеттер бар. Сондықтан, бұл қойылымда әрекеттің сыртқы және ішкі түрі кездеседі. Екеуі бір-бірін дамытып тығыз байланысқандықтан сахналық туындының тұтастығына зиян келмейді. «Сыртқы әрекет қызықтырады, көңіл көтереді және жүйкені қоздырады, ал ішкі әрекет біздің жанымызды тербеп, баурап алады. Әрине, егер екеуі де, яғни, бір-бірімен тығыз үйлескен ішкі және сыртқы әрекеттер болса, тіпті жақсы. Бұдан шығарма толықтығы мен сахналық сапасы жағынан ұтады», [2] - деп К.С.Станиславский сырттай және іштей әрекеттердің бір-бірімен сабақтастығының маңыздылығын атап өтеді.

Шығарманы қайта өңдеу немесе оны басқа жанрға ауыстыру (мысалы, роман - пьеса) бейімделу (адаптация) деп аталады. Бұлайша құбылтудың мәні - түпнұсқа туындыны диалог түрінде ұсыну. Бейімделудің негізгі мақсаты - мәтінді драмалық өнерге тән барлық экспрессивті құралдарды қолдана отырып түсіндіру. Режиссер Ж.Жұманбай бейімдеудің көмегімен түпнұсқа мәтіннен қойылымның драмалық құрылымын жасап шығады. Ол үшін баяндау тәсілін өзгерту, көріністердің санын ұлғайту немесе азайту,  бірнеше эпизодтарға шоғырландыру, сюжетті түрлендіру, орындарын алмастыру секілді өзгерістерге барады. Сонымен қатар, режиссер түпнұсқаны өңдеп, жаңа шарттарды, көрермен талғамын және қоғамдағы құбылыстарды ескере отырып бастапқы мәтінді өзектендіре түседі. Бұл режиссердің Абай қара сөздерін уақыт талабымен байланыстыра білгендігінен көрінеді.

Қара сөздерде бір-біріне ұласып, жалғасып жатқан сюжет жоқ әрі спектакльде де рет-ретімен қолданылмайды. Әрбір «қара сөз» әр түрлі тақырыпқа арналған. Дегенмен, сахналық инсценировканы жасаған режиссер Ж.Жұманбай оқиғаның соңы шиеленіске алып келетіндей етіп қара сөздердің ішкі логикасын құрап шығады. Міне, суреткердің мұндай қадамы өзіндік «ойын шарттарын» құрайды. Қара сөздерді ретімен ұтымды орналастыру, жинақтау немесе бөлшектеудің көмегімен тартыс пайда болуы тиіс. Режиссер сахналық туындының сыртқы формасын мазмұнмен байланыстыруға көңіл бөледі. Ж.Жұманбайдың Абай ойларын бір-біріне қарсы қоюы нәтижесінде пікірталас орнайды. Яғни, мұнда мазмұн пішіннің қалыптасуына әсер етіп тұр. Ғұлама ойлары екіге жарылып, қарама-қайшылықтар туындайды. Біреулері ауызбіршілікке, біртұтастыққа шақырса, ендігі біреулері билікке, мәртебеге таласып, дау шығарады. Көптің алды болуға, атақ-даңқ алуға ұмтылу, пікірлердің сан тарапқа бөлініп, аққу, шортан, һәм шаян секілді әркімнің әр бағытқа тартуы  соңында бірегейліктің бұзылуына алып келді. Әуелі қазақтың біріне бірі қаскүнем болатындығы, жанындағысын қолдап, тілеспейтұғыны, қызметке таласқыш, әлдіге жағымпаз, елдің емес, қара басының қамын ойлайтындығы сөз болады. Сахна ортасында тұрған жалғыз орындыққа актерлер кезек-кезек отырып, таласулары арқылы режиссер билікқұмарлардың бейнесін ашып, бірлікке түсе бастаған сызаттың алғашқы белгілерін танытады. Он жетінші сөздегі ақыл, қайрат, жүрек үшеуінің бір-бірімен айтысы да қарама-қарсы көзқарастар күресінің бір көрінісі. Ашулы, қызуқанды, албырт, жігерлі Қайрат, тәкаппар, мәдениетті, сыншыл Ақыл, жуас, жасқаншақ, мейірімді, ақкөңіл Жүрек үшеуі тек адам бойындағы қасиеттерді ғана емес, өзінен басқаны құп көрмейтін, елеп-ескермейтін, болмысын басқалардан биік санайтын пенделерге тән мінез-құлықты бейнелейді. Осындай кішкентай ғана қақтығыстар оқиғаны шиеленістіре түседі. Абай ойларын білдіретін жиырма актердің үлкен шеңбер ішінде тұрып, арпалысуы, жан-жаққа тартып, шашырауы нәтижесінде шеңбер аяқ-астында тапталып, қор болады. Шыр етіп жылаған сәби дауысы ынтымақтастыққа дақ түсіп, тұтастықтың қирағанын білдірді. Дәл осы көріністі спектакльдің шарықтау шегі деп айтуға болады. Сахна үстінде шашырап жүрген санаткерлер алма-кезек трибунаға келіп отыз жетінші қара сөзді оқи бастайды. Сөздердің ұрандалып, жігерленіп, күйінішпен айтылуы бүгінгі күндегі митингтер мен көтерілістердің көрінісін берді. Ж.Жұманбай митингтердің орын алуы ел ішіндегі татулықтың ыдырай бастағандығының белгісі екенін және оның мемлекет болашағының жарқын болуына нұқсан келтіретіндігін түсіндіруді мақсат еткен. Ел іргесінің беріктігі үшін күрескен санаулылардың бар жүкті арқалауға, кері кеткенді алға сүйреуге шамасының жетпейтіндігі Ғылым мен жанындағы серігінің әрекеттері арқылы баяндалады. Ғылымды сомдаған – Қайрат Набиолла, ал оның серіктесінің ролін Ғалым Оспанов ойнайды. Ғылым мен мұраттасы екеуі қирап қалған шеңберге, майысып қалған уықтарды орнатып шаңырақ жасап шығады. Осы тұста залдағы көрерменнің аталған екі кейіпкерге деген қолдауы, іштеу сенімі анық байқалды. Режиссерлік шешім мен актерлік ойын көрермен көңілінде «саспенс» туғыза алды. Яғни, халықтың да спектакль кейіпкерлері тәрізді ұлт болашағына алаңдайтындығы, көзқарастардың бір арнада тоғысатындығы байқалғанда саспенс туындады. Халықты бірлікке шақырғаннан соң бәрі жиналып, шаңырақтың тұғырын биік көтеруге қол ұшын созады. Режиссер көрерменге, барша қауымға дана Абай сөздерінің маңыздылығын түсіндіруді, ақын армандаған ауызбіршілікке шақыруды, онсыз түп-тамырымыздың күл-талқаны шығатынын айтуды көздейді және сол мақсатына қол жеткізеді. Бұдан режиссер Ж.Жұманбайдың спектакль құрылымын дұрыс жасай білу қабілеті байқалады. Мұндай қасиет режиссердің қиялына, оқиғаны бөліктерге, эпизодтарға жіктеу қабілетіне, қойылымдағы ырғақтарды көруіне, естуіне, сезінуіне және түсінуіне тәуелді. Композицияны сәтті құрай алу ең алдымен Ж.Жұманбайдың қара сөздерге терең талдау жасағанын танытады. Туындының тақырыбын, жанрын, көкейкесті мақсаты мен өзектілігін анықтап, жоспар құрып, идея негізінде спектакльдің режиссерлік жобасын жасау нәтижесінде суреткер құрылымның бірегейлігіне қол жеткізген.

 «Қара» қойылымының сахналық шешімін қоюшы-суретші Қуат Түстікбаев қысқа да нұсқа, нақты бейнелеу әдістерімен шешкен. Спектакль сценографиясындағы маңызды объект – ол алып есік. Есіктің артында болып жатқан оқиғалардың мәні белгісіз. Ол ашылған сәтте топтасып, сыбырласып тұрған актерлік ұжым, яғни, ақын ойлары ештеңе болмағандай жасанды кейіп танытып, жан-жаққа тарап кетеді. Осы әрекет бірнеше рет қайталанады. Бұл көпшілік білмейтін бір құпияның бар екендігін аңғартады. Мұнда есік қосылуға арналмаған нәрселер арасындағы шекара немесе бір-бірімен үндестікте болмаған дүниелерді байланаыстырушы көпір және адамның қандай да бір әрекет алдындағы таңдауы іспеттес. Әлде Абай адам болмысынан, мінез-құлқынан, іс-әрекеттерінен ақиқат пен өз сауалдарына жауап іздейтіндей. Адамзаттың есікке деген қажеттілігі ештеңені жасыруға деген ниет емес, керісінше, бұл жаңалық ашуға деген құштарлық болуы да әбден ықтимал. Іздеу немесе зерттеу процесі кейде нәтиженің өзіне қарағанда әлдеқайда жағымды болады. Абайды әрқашан қоғам байыбына бара бермейтін құпиялар, жұмбақтар қызықтырғаны оның шығармашылығынан түсінікті. Кез-келген сұрақ - бұл қиындық, белгісіздерге қарсы күрес. Егер, спектакльдегі есіктің контекстін осы қырынан қарастырып көрсек Абай өзіне маза бермеген белгісіз дүниелерге жауап іздеуде деп түсінеміз. Ал оның іздеу үрдісі жеке ойлары мен қара сөздері арқылы көрініс тауып тұр.

Кейінгі сахналарда есік айқара ашылып, актерлердің ары-бері жүретін орнына айналады. Ол ашылғаннан соң оқиғаның динамикасы да арта түседі. Бастапқыда пікірталас пен вербалды әрекет жүріп жатқанда есік үнемі жабық тұратын. Ал есік ашылған сәттен бастап қойылымның өлшем-ырғағын жеделдететін қызу тартысқа толы оқиғалар орын алады. Жаңа көрініс басталған сайын сахна санаткерлері екі жақтан емес, есіктің арт жағынан келіп жатты. Спектакль мәнмәтінінде бұл тәсіл қозғалыс пен дамуды білдірген тәрізді.

Сахнаның екі жағында керегелер және олардың алдында он адамға арналған екі қатарлы орындар бар. Бір-біріне қарама-қарсы орналастырылған орындықтар пікірталас өтетін кеңістікті бейнелейді. Суретші декорация бөліктерін жылжымалы етіп ойластырған. Қабырғалар бірнеше функцияны атқарады. Финалда керегелер біріктіріліп, шаңырақ көтеріліп киіз үй құрылады. Қазақ үйдің басты бөлшегі шаңырақ – ұлттың бірегейлігін, тұтастығын меңзейді.

Бір сағаттық қысқа уақытқа құрылса да режиссер құнды, мағыналы ойларды жеткізе алды. Спектакльдің өлшем-ырғағына зиян келген жоқ. Қойылым вербалды әрекетке негізделді дегенімізбен, әйелдер мен арулар сахналарында мәтінді жеткізуде мизансценаларды орынды құрып,  пластикалық би қимылдарын ұтымды пайдаланып, психо-физикалық формаға салған. Сонымен қатар, ақынның «Сегіз аяқ» әні орындалғанда сахна қараңғыланып, ғаламшардың, жұлдызды аспан мен ғарыш кеңістігінің видеосы көрсетіледі. Спектакльге мотив ретінде Абайдың «Сегіз аяқ» әнінің таңдалуы бекер емес. Өлең жолдарының мағынасын сарапқа алатын болсақ, өмірді көрегендікпен тани білу, ақиқат пен әділдікті сарыла іздеу, адамзатты түзу жолға, мәдени, рухани дамуға, дара тұлға болып қалыптасуға бағыттау тәрізді идеялар айқын танылады. «Сегіз аяқ» әні қара сөздермен мағыналас. Түптеп келгенде әннің де, ақын ойларының да айтар ойы мен идеясы ортақ. Музыка спектакль компоненттерінің ажырамас бөлігі болғандықтан, әрекетпен біте-қайнасып, тұтасып жатуы тиіс. Осы қырынан қарастырғанда режиссер негізгі оқиға мен музыкалық партитураны бір арнада тоғыстыра білген. Бұл біріншіден. Екіншіден, «Сегіз аяқ» өлеңі Абайдың күллі шығармашылығынан хабар беретін, оның өмірлік ұстанымы мен мақсаттарын, дүниеге көзқарасын анықтайтын бірден-бір туынды. Сондықтан да суреткер мен композитор таңдауының «Сегіз аяққа» түсуі бірлесіп атқарған, егжей-тегжейлі жоспарланған жүйелі жұмыстың көрінісі. Ал мультимедияның көмегімен режиссер Абай әндерінің, жалпы шығармашылығының күллі жер шарына тарағанын аңғартса керек. Режиссердің Абай жайлы спектакль қоюы ақын болмысының тартысқа, қайшылыққа толы болуында және Ж.Жұманбайдың хакім шығармашылығына бүгінгі күннің өресінен көз салып, жаңа спектакль жасауға деген талпынысын танытты. Ж.Жұманбай спектакльдің жанрлық ерекшелігін сақтай отырып, ұлттық эстетикамызды танытатын көркемдік деңгейі жоғары дүние жасады деп бағалаймыз.

Бердіқожа Аружан
“Театртану” мамандығының 3-курс студенті.

740 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №6

30 Маусым, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы