• Еркін ой мінбері
  • 04 Маусым, 2021

Х.Әмір-Темірдің көркемдік-шығармашылықәдіс-тәсілі мен режиссерлік тәжірибесі

Өнер саласында жұлдыздай жарқырап, қалың көрерменді еліктіріп, қызығушылығын туғызып, мәдениеттің бір шыңы саналатын – театр саласының орны ерекше. Салт-дәстүр, әдет ғұрпымызды әлемге танытып, қазақ дейтін тәуелсіз елдің жаңғырығын жер жаханға танытуда да театр саласының қадамы тым бөлек. Бұрынғыдан өзгерек тың дүниелер туындап жатқаны бұл театрдың дамып жатқандығы деп білеміз. Театр деңгейінің өсуі үшін барлық бөлімі қатар дамуы тиіс. Ал солардың  ішінде режиссура саласының өсуі  қуантады.    Режиссура - белгілі бір ойға қүрылған біртұтас көркем туынды жасау өнері. Режиссерлік өнердің қалыптасу кезеңі спектакльге қатысушылардың күш-жігерін бір мақсатқа жұмылдыру, кейіпкерлер өмір сүрген орта мен тарихи жағдайды мүмкіндігінше дәл, шынайы бейнелеу, көпшілік көріністерді динамикалык әрі табиғи тұрғыда көрсету секілді тұңғыш рет  ансамбль принципін ұсынған немістің Мейнинген театры, Париждегі А.Антуан мен Берлиндегі О.Брамның Бостандық театры және Лондандағы "Тәуелсіздік театрының" қызметімен тығыз байланысты.Мәскеудің Көркем академиясы театрының негізін салушылар К.С. Станиславский мен В.И. Немирович-Данченко режиссерлік өнердің жаңа реалистік принциптерін ұсынумен қатар оны жүйелі түрде іске асырды [1]. Мәскеу көркем театрының режиссурасы орыс және дүниежүзілік режиссерлік өнердің дамуына зор ықпал жасады. Режиссерлер осы театрдың тәжірибесі негізінде туған Станиславский жүйесін шығармашылық жолмен пайдаланды. Мұның өзі кейіннен театр, кино және телевизиядағы режиссерлік өнерде реализмнің зор қарқынымен жан-жақты өріс алып дамуына жол ашты. Қазақ театр режиссурасының дамуы Ж.Шанин, И.Г. Боров, Ш.Айманов, Ә.Мәмбетов, А.Тоқпановтардың режиссурасымен тығыз байланысты [2]. Қазақ өнерінің режиссурасының шығармашылық жолда өте ерекше өркендеген сәті Ә.Мәмбетовтың режиссурасымен тығыз байланысты. Қазақтың кәсіби театр өнерінде аты қалған, осы өнерді өркендетуде айрықша орны бар, актерлік, режиссерлік мектептің қалыптасуына күш салған, талай-талай мықты драматургтердің еңбегін сахнаға шығарған, режиссураға жаңа бір соқпақ салған, айрықша із қалдырған адам [2].

       Бүгінде режиссураны талдау, оны зерттеу алғашында қиындық тудырған деседі. Бірақ бұл саланың артында театртану ғылымы тұрғаны анық. Қазақтеатртану ғылымының режиссура саласында жеткен жетістіктері де аз емес. Оған дәлел 2014 жылы кафедрамыздың оқытушысы  Б.Нұрпейістің «Қазақ театр режиссурасының қалыптасуы мен даму кезеңдері» атты зерттеу кітабы дәлел. Ол кітапта режиссердің диалектикалық танымын, халықтың тағдыры қандай қиын болса да мәдениеттің дамуына деген үлесін, қазақ театрының эстетикалық негіздері және қоғамдық ұлы өзгерістерге сабақтаса туған жаңа театрлық құбылыстар, шығармашылық күштерді ұйымдастыру сияқты мәселелер арнайы зерттеуді қажет еткенін айта кеткен. Театр сахнасындағы қойылымдардың біршамасының деңгейі жоғары. Қойылымның көркемдігі, көрермен жүрегінен орын алуы режиссердің үздіксіз ізденісіне байланысты. Себебі сахна артындағы қойылым жүрген кездегі режиссердің еңбегі, толғанысы  сөзсіз.Сахналық қойылымдардың барлығына дерлік көрік беретін, жандандыратын,әрине ол- режиссер. Театр сахнасындағы ерекше спектакльдердің қабырғасын актерлермен қалайтын, декорация арқылы сән беретін әсемдеуші десек артық айтпағанымыз болар. Режиссер қойылымдағы әр кейіпкердің іс-әрекетін, оның басқа кейіпкермен қатынасын, қойылымның тартысын анықтайды. Драматургтің айтайын деген ойын, тақырыбының мәнін қойылымда ашып, өзекті мәселесін сол жерде қозғап кету ол режиссерге артылған міндет. Спектакльдегі әр қимыл, сахналық ауысулар(переходтар), актердің киетін киімі, пластикасы, сахнадағы жарықтың түсуі режиссерлік шешім негіздеріне сүйеніп жасалады. Режиссердің қойылым барысындағы белгілі бір мәселені көтеруі үшін немесе сол жердегі кішкене ғана конфликт тудыруы үшін біраз дүние білуі керек. Немирович-Данченко: «Режиссер болып туу керек» - дейді [4]. Бұл сөздің астарында режиссерлік қабілет туа бітті болуы керек, өз өміріне өзі режиссерлік жасап, соны көркемдеп көрерменге ұсына алуы керек деген мағына жатыр. Осындай өз өмірін өнермен ұштастыра білген, театр саласын жанына серік еткен жандардың бірі, дарынды режиссер Сырдың төл перзенті Хұсейін Әмір-Темір.  Ол өнерден басқа шығармашылықтың азабы мен ауыр жолының тауқыметін де тартты. Оқу мен ізденуден басқа білімді ту еткен Хұсейін осынау қиын сәттердің бірінде өз Әлиясымен және дос-бауырымен ақылдаса келе, сол кезеңдері директорсыз қалған Жетісу театрына (Талдықорған облысы) көшуге шешім қабылдады. Мұны жоғарыда аталған өнер мекемелері растады. Театрдың жалынды көрінісі - жаңа режиссер келген беттен-ақ түрлене жаңарып, жаңғыра бастады. Талдықорған театрына Әмір-Темір тың өнер лебін алып келді.  Оның қырағы режиссерлік іріктеуінен сәтті өткен талантты актерлер қай жағынан сынға түссе де керемет артистер болары сөзсіз еді. Олар комедия, трагедия, драма, әуенді, мылқау жанр таңдау,әрдайым бір көріністен келесісіне ауысудан басқа арман жоқтай шығармашылық құмарлықтың тұңғиығына батқан еді. Нәтижесінде олар өнер үшін ізденістердің шексіз шеңберіне түсіп кетті. Қазіргі заманның өзекті мәселелерін терең қозғайтын, психологияға, ойға, құмарлыққа құрылған сүйекті, салмақты тарихи материалға толы жаңа және деректі шығармалар сахналау бірінші кезекте міндетті мақсатта тұрған еді. Сонымен қатар, концерттік қойылымдар, оны егжей-тегжейлі көрсету – бұл да көпшіліктің талабы еді. Қала өмірінің басты міндеті - шалғайдағы ауыл тұрғындарының көңілін көтеретін репертуар құру болып та табылған. Атап айтқанда, ол біздің классиктеріміздің алғашқы шығармаларын бүгінгі күн түсінігіне жақындатудың, оларды жаңартудың, жасартудың, қиюдың, өңдеудің және безендірудің ерекше әдісін тапты. Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезов («Шарбану-Қанапия», «Талтанбай ордені», «Бәйбіше-Тоқал») аталмыш пьесалар режиссерлік және актерлік жағынан басқаша пошымға енгендей болды. Режиссердің тағы бір ерекше сахналық қойылымдарының бірі «Қанды ғасыр» (авторы Тәкен Әліпбай) –Талдықорғандық жергілікті жазушы қаламынан туған туынды. Тарихи трагедия жүректен шыққан, ертедегі түрік қағанатының күйреу сәтін бейнелейтін сирек шығарма. Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған бабаларымыздың шығу тегінен, өткеннің қызықты тарихын баяндайтын бұл сәтті қойылым. Қойылымның жеткен жетістігі де аз емес. Мәселен, Таразда өткен республикалық фестиваль кезінде жүлделі орын алды. Фестивальде осы тарихи қойылым үшін тарихи тұлға Х. Әмір-Темірге «Ең үздік режиссурасы» үшін сыйлығы табысталған.         Өнер бапкері артистеріне сенді. Оларға әбден үміт артты. Астана ғана емес, Алматы театр сүйер көрермендерінің  де таңданысын тудырған талантты театрдың жоғары рухы көрермендерді баурап алды. Ол театр труппасының жойқын күшіне табынған режиссер бола алды. Рас, Талдықорған театры - көптеген режиссерларды сынап, сыбап, пісіріп көрген тәжірибелі ұжым. Мұхтар Қамбаров, Бәйтен Омаров, Сәулебек Асылханов, Әскер Құлданов сияқты өнерпаздар олардың қатарына лайықты рухани үлес қосты. Театрдың дамуына ықпал еткен тұлғалар легінде Әзірбайжан Мәмбетов, Маман Байсеркенов, Қадыр Жетпісбаевтармен қатар Хұсейін Әмір-Темір де болды. Бұл сахнада кейіпкер сомдаған тұлғалардың көш басында 20 ғасырдың әйгілі актері, абыз артист Нұрмұхан Жантөриндер де болды. Ол қаншама қайталанбас сахна-бейнелерін дүниеге алып келді. Алайда театр өмірінің кейінгі кезеңдері оның көркемдік жетекшісі Хұсейін Әмір-Темірдің шығармашылығымен тығыз байланысты болды. Бүгінгі тұрақсыз әлемде режиссер Әмір-Темір үлкен табыстарға жете алды. Ол театр ұжымын алаңдатпайтын, өнерден, шығармашылықтан алшақтамайтын және әріптестерін сауатты басқарған іскерлік адуын қабілетін де танытты. Мұндай үлкен еңбекті Үкімет орынды мойындады және оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Аталмыш жақсы жаңалықты оның ұжымы да бір мысқал қызғанбастан, жадырай қарсы алды. Бұл – үлкен марапатқа да жымиып қана қуанған, биязы қалпынан айнымай қабыл алған Әмір-Темірдің сүйекке сіңген бөлек мінезі, биік парасаты, терең сезімталдығы мен өнері еді. Осылайша Талдықорған театры да режиссер Хұсейін Әмір-Темірдің шығармашылық шарықтау кезеңдерінің бірі болды.          Н. Бекежанов атындағы музыкалық драма театр – кәсіпқой сахналық мекеме. 1955 жылы Еңбекшіқазақ (Алматы облысы) және Қаратал аудандары (бұрынғы Талдықорған облысы) жергілікті театры негізінде ұйымдастырылған. Театр шымылдығы Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашылды. 1960 жылы театр Қызылорда қаласына көшіріліп, 1970 ж. Н. Бекежанов есімі берілді. 1997 жылдан Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыка драма театры болып өзгертілді. Театрдың ірге көтеріп қалыптасуына актерлер: Б.Балғынбаев, Ш.Мәденов, С.Рақышев, Т.Айнақұлов Р.Тәшібаева, т.б. көп тұлғалар үлес қосты. Тұңғыш режиссері Жақып Әбілтаев болды. Театрдың бас режиссерлері болып әр жылдары: Мен Дон Ук, Андриасян Р. С., М. Байсеркенұлы, Әмір-Темір Хүсейін (Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері), қойылым суретшілері болып Ә. Әбдірахманов, С. Пірмаханов т.б. қызмет істеген. Театр ұжымы М. Әуезов пен Л. С. Соболевтің «Абай», М. Әуезовтің «Қаракөз», «Қара қыпшақ Қобыланды», Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Қ. Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Жат елде», Т. Ахтановтың «Махаббат мұңы», «Әке мен бала», С. Жүнісовтің «Тұтқындар», «Қызым саған айтам», О. Бодықовтың «Нартай», Қ. Мұқашевтің «Парторг» пьесаларын, сондай-ақ У.Шекспирдің «Король Лир», Ф. Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметкер», Н. В. Гогольдің «Үйлену», Ш. Айтматовтың «Ана – Жер-Ана», М. Кәрімнің «Айгүл елінде», т.б. спектакльдерді сахнаға шығарды. Театр балалар мен бүлдіршіндер үшін «Екі дос немесе делдал қарға», «Ақылды Ақшақар» ертегілерін және «Қандыөзек»(нашақор жайлы новелла) спектаклін сахналады [2]. Театр қабырғасында «Нартай бүлдіршіндері» атты қуыршақ театры жұмыс істейді. Шығармашылық жетістіктері үшін театр Бүкілодақтық венгр драматургиясы (1978), неміс драматургиясы (1980), КСРО халықтары драматургиясы (1982) фестивальдарының лауреаты болды.  Ұжымның   таптаурындыққа салынып кетпеуіне әртүрлі режиссерлік қолтаңбалардың әсері айрықша болғаны бүкпесіз ақиқат. Сыр бойының төл перзенті Хұсейін Әмір-Темірдің ең алғаш режиссураға келуіне ықпал еткен де осы Қызылорда театрының ұжымы. Режиссер өз жұмысын ізденумен және де табысты атқарды. Ол қойған спектакльдерді атар болсақ;  И.Эркеннің «Сау басыма сақинасы», В.Шекспирдің «Король Лирі» мен А.П.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үш қызы», Н.В.Гогольдің «Ревизоры» мен Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббаты» И.Друцэнің «Ең киелі қасиет» драмасы, «Исатайдың барында», «Бір түп алма ағашы», «Қысылғаннан қыз болдық», «Абай», «Аласапыран», «Ойнайықшы ойлайықшы бір»   т.б қойылымдары.  Алғаш 1955 жылы Талдықорған қаласында ашылып, кейіннен Қызылорда облыстық қазақ драма театры болып жаңа орынға алмасқан өнер мекенінде де Х.Теміровтің еңбек жолының іздері бар және жалғасын тауып келеді. Мәдениет бөлімі аталмыш театрдың шығармашылық деңгейіне ерекше назар аударды. Қызылорда қазақ драма театры 1955 жылы Талдықорғанда Қаратал және Еңбекші колхоз-совхоз театрлары негізінде құрылды. Осы уақыт аралығында театр бүгінгі өсіп келе жатқан ұлттық сахна өнері шежіресінде өз орнын алып, шығармашылық даму мен қалыптасудың түрлі кезеңдерінен өтті. Бүгін театрдың көркемдік қызметі мен шығармашылық жолы қалың көпшілік алдында айқындалды. Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театры өзінің ширек ғасырлық шығармашылық жолына сын көзбен қарап, Алматылық көрермендерді жоғары эстетикалық талаптар мен талғаммен қанағаттандыруға дайын болды. Мұндай шығармашылық репортаж кез-келген театрға, күрделі мәдени шараға үлкен сын. Театр Алматыға 1968 жылы бала кезінде келіп, жас өнерде бақ сынады. Вишневскийдің «Оптимистік трагедия», К.Гольдонидің «Қонақ үйдің қожасы», М.Әуезовтің «Қаракөз», Ш. Айтматовтың «Ана – Жер ана», А.Тоқмағамбетов пен О. Бодықовтың «Арман Азабы» сынды классикаларын сахналап, театр өз жұмысының нәтижелерімен қанағаттанды. Бір жылдан кейін театрға республикада тұңғыш рет «Оптимистік трагедия» пьесасы үшін «Қазақстан Ленин комсомолының лауреаты» құрметті атағы берілді. Ансамбль өміріндегі маңызды және жауапты турдың басты мақсаты - көрермендердің көңілінен шығу. Өнер ордасының шымылдығын лайықты ашу болды. Театрдың алғашқы пердесі Талдықорғанда көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» пьесасының сахналануымен ашылды. Театрдың алғашқы бас режиссері болған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Жақып Әбілтаев алғашқы қойылымды сахнаға алып шығып, жас ұрпақты шыңдады. Театр репертуарының алғашқы кезеңінде-ақ Мұхтар Әуезовтің «Еңлік - Кебек», «Айман - Шолпан», Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш Баян Сұлу», «Ақан сері - Ақтоқты», «Қыз Жібек» спектакльдері қойылды. Жас театр өмірдегі көптеген қиындықтарды жеңіп, өз қойылымдарын облыстың шалғай аудандарындағы ауыл көрермендеріне ұсынды. Сондай-ақ, жазғы гастроль кезінде театр ұжымы Жетісу, Қызылорда, Орал, Шымкент, Жамбыл (Тараз), Гурьев (Атырау), Ақтөбе облыстары, Қарақалпақстан, Қырғызстанда өнер көрсетеді. Осылайша 1960 жылы Қызылордаға көшіп келген театр өз жұмысын үлкен ынтамен бастады. Театрдың қайта жандануы Қызылорда қаласын да рухани жандандыра бастады. Бұл бір кездері ұлттық кәсіби сахна өнерінің келуінен хабар берді. 1967 жылдан бастап театрға Алматыдан арнайы білім алған жастар келе бастады. Олардың қатарында Х.Теміров те бар. Театр труппасы дарынды жастармен толықты. Алдымен актер, кейін режиссер болып жұмыс істеген Х. Теміров 1971 және 1972 жылдары Мәскеудегі ГИТИС-ті бітіріп, 1974 жылдан бастап театр режиссері болып жұмыс істейді. Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» -  Теміровтің талантты театр режиссер екенінің айғағы бола алды. Бас суретші Әсет Әбдірахмановтың жұмысы да тың дүние болды. Ол театр тарихында көптеген қойылымдар жасаған суретші. Театр құрылған кезінен бастап заманауи драматургия тақырыбын жетік меңгеріп, заманауи образ жасауға баса назар аударады. Жоғарыда аталған Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» спектаклінен кейін театр оның «Әке мен бала» пьесасын сахналады. Екі қойылымның да режиссер Х.Теміровтың шоқтығы биік туындыларының бірегейі еді. 

 ҰЛТТЫҚ ДРАМАТУРГИЯНЫ САХНАЛАУДАҒЫ ЖАҢАША РЕЖИССЕРЛІК ТӘСІЛДЕРІ

 «Аласапыран» спектакліндегі отандық тарихқа деген тың көзқарас.

«Аласапыран» бұл режиссер Х. Әмір-Темірдің Қызылорда театры сахнасындағы ерекше жанрдағы қойылымдарының бірі. Қойылым барысында көп астарлы мәндес сөздер мен қышқыл мысқыл бары байқалады. Сонымен, қойылым 2004 жылы сахналанған.  Режиссердің бұл қойылымды сахналаудағы ерекшелігі екі туындыда, баяндалған оқиғаны біріктіруінде. Яғни, режисер Ж.Аймауытовтың  «Қанапия-Шәрбануы» мен Б. Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібінде» туындыларын біріктіру арқылы бір ғана кейіпкер тағдырын емес, бүкіл тұралап тұрған ұлттың мәселесін көрсеткісі келгендей. Ортақ жанр және атау қойып, екі кезеңдеде елде жаппай аласапыран болған соң, қойылым атауын «Аласапыран» атап, жанрын трагифарс қойған. «Трагифарс»дегеніміз – бұл қайғылы және күлкілі элементтерді біріктіретін драмалық шығарма. Қойылымды көре отыра әр әзілдің астарында бір шындық барына көзіміз жетті. Режиссер трагифарс жанры мен астарлы сөзді қолдана отыра әдемі контекст жасаған.  Жалпы, қойылым екі бөлімнен тұрады. Қойылымның басы әрине дәстүрлі түрде басталды. Салтанатты музыка қойылды да, қызыл әскер шеруінен бастау алды. Қойылымның бірінші бөліміндегі басты оқиға Әшім төңірегінде өрбиді. Әшім бейнесінде қазіргі елге танымал актерлердің бірегейі Руслан Ахметов.  Әшім- төңкерістің идеясына шын берілген адам. Русланның бұл тұста актерлік шеберлігін байқай алдық. Себебі, оның сахнаға суыт түрмен шығуының өзі көрерменге өзінің әскери адам екенін сездіре алды. Оның сахнадағы марштық жүруі, дикциясы, әскерилер мен қарапайым халықпен сөйлесуі әскери билігі бар тұлға екенін көрсетті. Режиссер осы бірінші бөлімнің өзінде, патша жарлығының қазақтарға кесірін, байдың арбасының домалап, кедейдің бітпейтін тәлкек өмірін көрсете білді. Ол жылғы қазақтардың тылға жұмыс қолын алу жөніндегі патша жарлығы  шығады. Сол мезетте өз ағасын құтқару мақсатымен торға Шәрбану тұтылады. Байдың арбасының домалаған заманы деп жоғарыда атап өткендей, Шәрбану ағасын құтқару мақсатымен Сазанбай деген байға сатылып кете барған.  Осы жөнінде уақыт өте келе Шәрбану арызданады.  Осы арыз негізінде Әшім қорғауға кіріседі. Себебі: Әшім бастық болғаннан патша әмірі күшін жойып, теңдік орнаған. Осылайша Шәрбану теңдік сұрап келеді,оның арызын қарап, сүймейтін адамынан айыру мақсатында жұмыс жасай бастайды. Бірақ, қанға біткен қасиет секілді, жақсының жолын торлап, ақтың алдын кесіп келе жатқан індет бар- парақорлық. Бұл үндетін дәуірлік жалғасын тауып келеді. Көке деп көк қағаздың құлы болып жүргендер әлі де бар. Спектакльдің бүгінгі күнгі өзектілігі де осында деп ойлаймын. Расында, революция кезінен басталған індет, бүгінде ел арасында әлі де балта шабылмай жайылып келеді. Осылайша пендешілікке салынып кеткен Әшім, парақорлықтың торына шырматылады. Ол Сазанбайдың сыйын алмастан өзіне, - «бұл пара емес, үкімет адамына берілген сый» -деп  сенген. Бүгінде өздерін  «бұл пара емес, үкімет адамына берілген сый» жұбатумен күй кешіп, ұлттық болмысына қанша ма азамат сызат түсіріп келеді. Осы бір ашшы шындықты, режиссер қышқыл мысқыл көрсете кеткен. Осылайша өзін жұбатып, қайрағынымен, жұбанышы жалған болып осы індеттен құтыла алмай қалады. Қойылым әрине ескі, тарихи дүние. Бірақ, бірінші сахнадан бастап әр сахнаға ауысар тұста қызыл әскердің шеруі, қызыл формада жүруі, Қызыл әскердің дәуірінің дүркірегенін шерулер режиссер әскери жиынның болып жатқанын, революцияны көрсеткісі келгендей. Қойылым барысында Шәрбану бейнесіндегі Қарлығаш Айтжанованың, Сазамбай бейесіндегі Серік Шотықовтың, Жақсылық бейнесіндегі Ұ.Баймахановтың актерлік шеберліктерін байқадық. Қарлығаш Шәрбанудың теңдік іздеп табанынан тозып, әр жерге сенделгендегі көздегі мұң көрермен ықыласымен жалғасын тапты. Расында актриса оқиға шиеленіскен сайын, өз бейнесін толықтай аша алды, сахнадан оның шынайылығын, пластикасын, спектакльдің ырғағының түспеуіне қосқан үлесін байқадық. Ал, қойылымның екінші бөліміне келер болсақ Б. Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібінде» туындысы негізінде өрбиді. Бұл бөлімінде байқағанымыз жеңіл ақшаның буының кері әсері. Себебі: бірінші бөлімдегі теңдікті ойлаған Әшім Талтаңбаев жоқ. Мемлекет мүддесін ойлаудан гөрі,әйел атаулырамен ойнап, күлуден, тіпті Талтаңбаевтың  қажет болса, колхоздың жаманын жасырып, жақсылығын асырмақ болып тағы да өзі дәніккен парасын алудан қашпайды. Жеңіл жүріс, жеңіл өмір кәсібіне айналғандай. Онымен, қоса осы колхозға келіп қалған райком хатшысы Жақсылық та ауыл бесленділерінің, басқарма басшысының әйелінің құрған торына түседі. Қойылым барысын бақылай отыра өзі жеңіл өмірдің ауасына тұншығып жүрген Әшімнің одан сайын тұтылғанын көрдік. Себебі жанына Жақсылықтың келіп қосылып, сыбайлас болып, алыс-берістері күшейген сәттен оқиға шиеленісе түскендей.  Жақсылық бейнесінде жоғарыда атап өткендей Ұ.Баймаханов. Жақсылық бейнесі әрине жаңа ғана атап өткендей жағымсыз кейіпкер. Актер өз бейнесін сомдауда кейіпкердің мінезін, қатаңдығы мен сараңдығын көрсете алды. Актер кейіпкердің оқиға күрделенген сайын ашуын, психикасын бере алды. Ұ.Баймахановтың бұл тұста актерлік техникасының, дауыс ырғағының қойылғанына көзіміз жетті. Спектакльді бүгінгі қоғам індетімен байланыстырар болсақ өзіміздің аласапыран тағдырымызбен үндесіп жатыр. Себебі, арамызда әлі де Талтаңбай секілді талтаңдап,Жақсылық секілді жылтырағанға қызығып жүргендер көп.  Ұлт мүддесін санасынан шығарған адамның адамзат қатарынан шыққалы тұрған бейнесін осы екі кейіпкер арқылы көрдік. Осы сәтте , қойылым декорациясына мән берер болсақ, әр сахнаға арнайылып жасалған дүниелердің көрінуі көз қуантарлығы сөзсіз. Қойылымда декорацияға орақ пен жұлдыз, киіз үйлер, түрлі түсті шарбақтар ілулі тұрды, осындай дүниелерді көріп режиссер мен суретшінің еңбегін бағалай аламыз. Әр реквизиттің  сол кезеңге саяхатқа апарып, өзіндік позицияларды иеленуі керемет үйлесімін тапқан. 

              Міне қойылымның өткеніне он алты жыл  өтсе де әлі күнге дейін өзектілігін жоймаған. Өйткені, мұнда режиссер шешімімен, ұжымның еңбегі жатыр, қоғамға нақ айтқан астарлы індет жатыр ішінде. Қызыл жұлдыз  дәуірінен бастау алған қоғам проблемасының осындай туындылардың арқасында бір көрерменін болсын жаман нарседен аулақ болуға шақыратынына сеніміміз мол!

«Абай» трагедиясының жаңаша интерпретациясы

 Бүгінде режиссерлік портрет жазу кезінде, Хұсейін ағайдың өнер жолындағы «Абай» қойылымына тоқталуды жөн көрдік, себебі биыл хакім Абайдың қазақтың бағына туғанына 175 жыл толып отыр. Сол себепті де режиссердің шығармашылығындағы осы қойылымға басты назар аудардық.  Алдымен «Абай» қойылымына тоқталар болсақ, осы қойылымның екі күн дайындығына қатысу бақыты бұйырды. Н.Бекежанов театры бұл қойылымды алғаш сахналаған жоқ, себебі Абай атамыздың  абыройын арқалап, жаңа қадаммен  Семей қаласында өткен Ә.Өмірзақованың 100 жылдығына арналған республикалық театр фестивальіне де  қатысып қайтқан болатын. XXVII республикалық театр фестивальінде «Қазақ театр өнеріне қатысқаны үшін» номинациясымен және де Абай бейнесі үшін театр актері Бақытбек Темірбеков марапатталды. Қойылым атынан да белгілі болып тұр, сондай ауқымды, үлкен салмағы бар дүние екендігі. Е.Төлеубайдың авторлығымен, Хүсейін Әмір-Темірдің режиссерлігімен қойылған спектакль басы Абайдың оязға жазған хатын баяндауынан бастау алады. Осы бір алғашқы сахна негізінде режиссер ел ішіне іріткі салатындардың барын, жаппай елдің сол кезде ғылымға жоқтығын, екі жүзділік пен билігі күшті азаматтардың елге шарапаты тигеннен гөрі, керісінше тоздырып отқандағы озбырлығын көрсете кеткен. Елдің қай заманында да сол бір дерт, билік екенін де ояздың қатысуымен болған болыстыққа сайлаудан көрінді. Оразбайдан Күнту мен Абайдан Оспан түскен болыстыққа ел арасында алауыздық орнады. Ол сахнаны режиссер қара киімді адамдардың ел арасымен жүгіріп өтуімен байланыстырған. Қойылым басы әрине ел арасында Абайдың кемелденген шағы ойналды, басы сондай  қатты агрессивті және жоғары ырғақпен басталып кетті. Актерлер өз бейнесін сомдағандарымен асыра сілтеушілік байқалады. Бұл тұсты көбіне Оразбайдың Абайға келген сахнасынан байқадық. Қарапайым халықтың Абайға бетпе-бет келуі орынды емес деген ойдамыз, себебі ол қазаққа дана болған адам, оның өзіндік аурасы бар, кез-келген адам келіп басына қамшы ойната алмайтын Абай, мысы басып тұратын тұлға. Сол себепті де келесі жолы осы бір сахна режиссер назарына қайта ілігер деген ойдамыз. Осындай сахналардан кейін Олжабай мен Хадиша және де Оразбайдың сахнасы басталып қойылым ырғағы оданда жылдам жүріп отырып, Абайдың сахнасымен түйісіп бірден өз ырғағын жоғалтып алды. Бір деммен Абай тағдырына алаңдаған көрермен ойы басқаға ауғандай көрінді. Бірақ режиссер спектакльде түрлі шешімдерге жүгініп, жаңаша бағытқа ыңғай танытқан.  Х.Әмір-Темір қойылымға актерлер құрамын жинағанда оң қадамдар жасағаны көрінді, себебі бір ғана Қияспай образы қалың көрерменді езу тартқызды. Спектакльде көбіне Абайға емес, басты назар ашулы массалық топқа, Оспанға беріліп кеткендей. Себебі Абай жанынан жылулық іздеген, сондай нұр іздеген көрерменді жан-жақты даулар қысып тастады. Режиссер Қияспай образын екі жақты пайдалана білді. Біріншісі Қиясбайдың: «Жаратқан ием жерге түссе адасып кететіндей, жерге түспей қойды ғой» деген сөзінен және де Оразбайдың басына тас көтеріп бабасы Кеңгірбайға жалбарынып, ант беру рәсімінен  елдің әлі де дінге бет бұра қоймағанын байқадық. Осы сахнаны көріп ойға Абайдың: «Алланы сүй, хикметін сезін» деген керемет сөздері келді. Расында хакім айтқан көп нәрсеге ел құлақ түрмей, жан-жаққа тартқандықтарын байқауға болады. Қиясбайдың қойылымдағы екінші бағытқа тоқталар болсақ, оның әрбір өлең шумақтарын айтып кеткеннен кейін, Абайдың сахна артынан көтеріліп келіп өлеңдер оқитын сәті бар. Міне, осы тұста режиссер Абайдың ақын жандылығын, діндарлығын Қиясбай бейнесімен ұштастыра алды. Қойылымдағы ең ерекше, сондай Абайға деген сағынышыңды оятатын, оған деген қимастығыңды арттыратын бір сахна бар. Ол Абайды елдің жан-жақты тартып жатқанда ұлдарының және де інісі Оспанның дүние салуы. Хакімнің қажығаны соншалық тұра алмай қалады, осындай қайғыны, мұңды, шарасыздық актер өз деңгейінде алып шықты. Режиссердің актермен жұмыс жасаудағы кәсібилігін таныдық. Абайдың қажыған сәтінде елдің келіп түн ішінде қамшымен сабап кеткен сәтін көргенде хакім: «Оспан тірі болғанда, бұның бірі де болмайтын еді» деген сөзінен інісінің орнының елден ерек екенін аңғардық. Режиссердің осы өлім сахнасындағы тағы да бір шешімі десек те болады, ол қара киімді адамдардың басқа образда, яғни ажал образында шығуы. Олар сол сахна басталардан Абайдың жанынан айналып, ұйықтаса жанында жүгіріп Оспанды алады, одан соң таң Әбішті алады да соңынан Абайдың өзін алып сахна қараңғы түнекке айналады. Осы Әбіш қайтыс болғанда Абай қажығаны соншалық шалқасынан құлап жатып қалады. Сол кезде Қиясбай келіп: «Қазақ Әбіштей асыл ерінен айырылды, бізге сенен басқа кім басу айтады» дейді, сол сәттен Абай өзін жинап: «Тұрайын,тұрайын мен емес ел арысынан айырылған екен ау» деген сөзінен көрермен көзіне жас алғаны анық. Бұл сөздің астарында әрине салт-дәстүр жатыр, себебі қазақ баласын «Атаңның баласы болма, халықтың баласы бол», елін сүйген ер бол деп тәрбие берген. Қойылымды режиссер тек салт-дәстүрмен байланыстырмаған, Абайдың қара сөздерін де кірістірген. Соның ішінде Абай мен Оразбайдың татуласар сәтінде бірінші қара сөзі алдыға суырылып шықты.  Осылайша жалғасып келіп режиссер спектакльде ақынның барлық туындыларын қамтуға тырысты. Қойылымдағы актерлердің жүріс тұрысы, киімдеріне тоқталар болсақ. Спектакльде барлығы дерлік қазақы шапан, ою-өрнегі келіскен киіммен шықты. Оған дәлел Абайдың қойылым басындағы оюы келіскен ақ шапаны, Оразбайдың сәні мен салтанаты жарасқан жарқылдаған шапаны мен тымағынан байқадық. Бірақ спектакльде декорация жағынан аса ерекшелік байқамадық. Қойылымның тағы бір ашатын тұсының бірі осы декорация екені баршамызға  мәлім. Сахнада тек ағаш жол және де екі жағынан түскен қара мата, сонымен қатар Оразбай сахнасына қажетті тастар жатты. Мен күткен қазақ ауылына тән, қазақилықтың иісі аңқыған немесе ел аузын ашатындай сахна болмады. Осы тұста «Таң қалуға бір ғана сәт жетеді, ал таң қалдыруға бүкіл өміріңде жетпейді» демекші, облыстық театрларға  осындай кішігірім ақсап  тұрған тұстардың деңгейін көтеру керек секілді. Елең еткізетін көп нәрсе күтетініміз анық.Осылайша қойылым өзіндік жүйемен, режиссерлік шешімдерге сүйеніп көрнекті жасалған деген пікір білдіргіміз келеді. Себебі, режиссер өлі дүниені тірілте білді. Осы орайда режиссердің: «Пьеса өлі дүние,ал спектакль көз алдыңда көрініс табатын тыныс тіршілігі бар тірі әлем» деген өзінің сөзі бар, шынында өлі дүниеге жан бітіре алды. Қазақтың хакімін сыр сахнасына әкеле білді. Қойылымның әр сахнасын қарап отырып М.Дулатұлының:

«Бірлік жоқ алты ауызды халықпыз ғой,

Қатардан сол себепті қалыппыз ғой», -

деген өлең жолдарымен түйін қойғымыз келді. Абай расында елге үлгі, қазаққа жаңашылдық есігінің тұтқасы бола білді. Соны режиссер Х.Әмір-Темір сахналық қойылым арқылы сыр жұртшылығына жеткізе білді. Режисердің әрине бұл бірінші жұмысы емес. «Режиссер – сахналық қойылымның көркемдік тұтастығын, кейіпкерлердің өзара қатынастары арқылы саяси-әлеуметтік, фәлсафалық, азаматтық және басқа көптеген келелі мәселелерді көтеретін спектакльдің қоюшысы, шығармашылық процестердің ұйымдастырушысы, әрі авторы» [1], деп режиссер Әубәкір Рахимов айтқандай бұл мамандықтың  жауапкершілігі үлкен.

            Сыр өңірінің перзенті Х.Әмір-Темірдің режиссерлік жолы қым-қуыт. Абырой асқақтаған да кезді бастан кешірді. Шығармашылық дағдарыстардың да өтпелі сәттері болды. Алайда ол режиссураны тастаған жоқ. Ол театрдың ыстық-суығына күйіп, күш жігерін арнады.  Қазақ театрының аламанында мәдениет ардагерінің ойып тұрып орын алатыны сөзсіз. Оның ізденісі мен пьесаны тірілтудегі ойының ұшқырлығында шек жоқ екені рас. Хүсейін Әмір-Темір  қойылымды  қандай бағытта болсын сапалы әрі мәнді болуына жұмыс жасады. Яғни, режиссер  ол қойылымның белгілі бір бағытына сәйкес туындап тұрған қиындықтарға емес, көрермен жүрегінен орын алуын  басты назарға алған болатын.  Мәдениет ардагерінің  трагикфарс, таргедия, комедия, лирикалық комедия, драма, т.б сонымен қатар ұлттық класиканы  жоғары  деңгейде сахналап келе жатқаны баршамызға мәлім. Режиссердің ізденісінің нәтижесі мен талғамының жоғарылығының  нәтижесі негізінде туындаған  қойылымдарының арасынан ұлт зиялыларының сериясы бар. Атап айтсақ: «Темірбек Жүргенов», «Мұстафа Шоқай», «Абай » атты ұлт зиялыларының ұлттық мәртебесі мен тұғыры айдан биік туындыларын дәріптеу мақсатында сахналанған қойылымдар. Режиссердің шығармашылығын зерттей келе үш сара жол байқалды. Яғни, шығармашылығын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады: бірінші, Талдықорған театрындағы актерлік және режиссерлік алғашқы кезеңі, екінші, Қызылорда театрындағы режиссерлік ізденістері ал,үшінші кезеңі мәдениет ардагерінің кемелденген  шағындағы  суреткерлік кезеңі деген қорытындыға келдік.  Осы үш кезең бойына да ол өзін маңызды театр қайраткері ғана емес, ұрпақты тәрбиелеуші, көрерменге ой сайлаушы бола білді. Елді елең еткізер сахналық қойылымдары мен қажырлығы еңбегінің арқасында  ел ағасына айналды. Бүгінгі таңда режиссер осы мәдениет саласының  абызына айналды, өзінің режиссерлік тәжірибесін театрдағы жас буынмен үнемі бөлісіп, буын алмасу процесін жалғастыруда. Х.Әмір Темірдің осындай жауапкершіліктердің  бір талайын арқалап, өнер өткелінен өтіп жүргеніне, міне,60 жылдың төңірегі болып қалды. Қазірде сеңгірлі сексеннің белесіне шыққан ақсақал режиссердің жасаған еңбегін, қойылымдарын жоғарыда да талдап кеттік. Алда әлі де ол кісіден талай тың дүниелер, шығармашылық жұмыстар күтеміз. Себебі парасатты режиссердің болмысы бөлек, өнерге әлі де берері бар екеніне сеніміміз мол.

Ерденбеков Еламан
“Театртану” мамандығының 3-курс студенті

 

858 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №6

30 Маусым, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы