• Еркін ой мінбері
  • 03 Маусым, 2021

Батырбек Шамбетовтың “Шолпанның күнәсі” қойылымына сараптамалық талдау.

Түрлі туындыны туғызатын, пьесаға жан бітіріп, сахнада актерлық құрам күшімен тірі өнер түрі ететін тұлға – режиссер. Десе де, режиссер біткен режиссер болып тумайды немесе режиссерлық жолды қумайды. Ойдан ой туады демекші, таланттан талант туып, тұғыры биік туындыларды театр өнерінің төл туындысы ретінде түрлендіріп жүргендер де жетерлік. Сөзіме дәйек – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, актер, режиссер – Батырбек Рысқұлұлы  Шамбетов. Бірнеше қойылымдардың арқасында Республикалық және Халықаралық фестивальдардің  жүлдегері атанған актер – Сәбит Мұқанов атындағы Қазақ сазды – драма театрының режиссері әрі негізін  болып табылады. Аталмыш театрға таңдаумен емес, тағдырмен келген режиссер еңбек жолын да сол театрдан бастаған екен. Театрдың басшысы Оразалы Ақжарқын жұмыс бабымен қызметін ауыстырғаннан кейін өзі спектакль қоюға ұмтылған актер режиссерлік жұмыстың алғашқы қадамдарын жасаған. Кемшіліктер болғанмен, көрермен көңілінен шығып, білімін арттыру мақсатында Бішкек қаласындағы – Бейшеналиев атындағы театрында режиссер мамандығын оқып, толыққанды режиссер ретінде театр өнеріне тереңірек бойлай бастады. Қырғыз азаматының қазақ жерінде,  қазақ сахнасында спекакль қоюуы көп кездесе бермейтін құбылыс болып табылады. Өз сұхбатында айтып кеткендей, режиссердің театр өнеріне жасауды мақсат етіп отырған реформалары жетерлік. « Бұрын әртістер -  шынайы, ал,  декорация картоннан жасалынатын еді, қазір керісінше, актердің өзі декорация болып қалған секілді», мысалын атап өтіп режиссер театрдың – моральдық климатын қалыптастыру.    Режиссер мақсаты – қасаң болып қалған қағидалардан құтылып, актердың шамасы қай жерге жетеді соншалықты еңбек ақысын беруді көздейді. Демек, бәсекеге қабілетті актер жаңа дүние шығаруға, тың нәрселерді игеруге тырысады деген  ойда. Батырбек Шамбетовтың шығармашылығын зерттей отырып көз жеткізгенім – ұлттық өнердің атмосферасын қалыптастырып, дін мәселесін де, тіл мәселесін де қамтитын психологиялық театр қалыптастыру. Өнер адамы әрбір нәрсеге жаны ауырып қараса, оны сезіне біліп, көрерменге жеткізсе деген тілегі бар режиссердің шығармашылығына бойлай отырып, режиссерлығымен Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» атты әңгімесін қойылым ретінде қойды. Алматы қаласына гастрольдық сапармен келген театр қойылымын бір мәрте көріп бұйырып, талдау жасауға тырысып көрдік. 

 

Қазақ әдебиетіндегі – Мағжан Жұмабаевтың әңгімелері немесе прозалық туындылары оның шығармашылық психологиясымен байланысты болып келеді. М.Жұмабаев  шығармаларының кейіпкер мінез – құлықтарын ашудағы шеберлігімен, пейзаж, монолог, психологизм сияқты көркемдік құралдарды қолданумен ерекшеленеді. Тереңінен зерттейтін болсақ, автор аумалы – төкпелі заманда туғандықтан, жазушының сол қоғамға деген көзқарасы, бағыты, алға қойған мақсаты біржақты қаралмай, шығармаларының шындығы, көркемдігі жан – жақты сараланған. 

Адамның жаза басып, ары мен нәпсісінің арасындағы қиналыс – арпалысы, түсініксіз күрмеуі шешілмеген сезімдер арасындағы екіұдай күйге түсуін шеберлікпен бейнелеген автор әңгімесінің бірі – « Шолпанның күнәсі». Шығармада әйел теңсіздігі ғана емес, әйелдің бақыт жолындағы арпалысы, жан дүниесіндегі, санасындағы  тартысы қоса сынға түседі. Спектакльдегі оқиға желісі, кейіпкерлер мінезі де Шолпанның көзімен, ойы мен сана – сезіміндегі өзара талас – тартыстан өрби түседі. Осы тұста жазушы мәңгілік мәселе етіп ө адамның өзін – өзі табуын, өзінің ішкі дүниесін түсінуін қояды. Әңгімедегі және спектакльдегі болып жатқан барлық оқиғалар Шолпанның санасында болып жатқан ойлар, құбылыстар арқылы дамиды. Ол әлемде жалғыз және жан сырымен де ешкіммен бөлісе алмайды. Тағдырдың әділетсіз екенін түзеткісі келген Шолпан бір жақта, күйеуі, туған – туыс, тіпті бүкіл әлем бір жақта қалады. « Шолпанның күнәсі»  әңгімесінде романтикалық, символистік сарын реалистік шеберлікпен, психологиялық тереңдік арқылы көрініс тапқандай болады. Басты кейіпкер өз өлімі арқылы арқылы жазықсыз «күнәдан» құтылғандай әсер қалдырады. Жазушы шығармада жас өмірі өксікке толы болған Шолпанды даттамайды да, ақтап та алмақ емес. Оқырман немесе көрерменге бағасын, әділдігін өз көңіл таразысынан өткізсін деп ой тастайды. Бұл шығармада  меніңше, басты кейіпкердің алға қойған мақсат – мұраттары мен  өзіне ғана мәлім шындығы, жасаған әрекеттерінің бір – біріне қарама – қайшылығы шығарманың көркемдік деңгейін көтере түскен тәрізді. « Шолпанның күнәсі»  -  ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасының қазанына көркемдік, шығармашылық олжа әкелген саралы дүние болып табылады. Әңгіме қарапайым оқиға желісіне құрылғанымен, адам психикасын қозғап, түрлі ойларға жетелейді. Сондай – ақ, сана күресінен, пікір қайшылығынан, ой арпалысынан тұрады. Әңгімені сахналаған режиссердің басты мақсатының бірі – кейіпкердің ішкі әлемін психологиялық тұрғыда талдау, оның қым – қуыт, тартысқа толы рефлексикалық күйлерін ашып көрсету болып табылмақ. 

 

Спектакльдың қоюшы режиссері – Батырбек Шамбетов. Әдетте қандай да бір тұлғаның құрметіне арналған немесе шығармашылығына арналып қойылған спектакльдердің басым көпшілігі бір-біріне ұқсас болып келеді. Сахнадан тұлғаны көрсету, шығармашылығындағы өлеңді зуылдатып оқу аса ұтымды емес дүние. Біріншіден, халық бос сөздерден, тұлғаның өмір тарихын естуден жалығады. Екіншіден, қалың көпшілік атағына аты сай тұлғаны жазбай таниды. Көрерменге керегі ақын-жазушының ерекшелігі, Абай болса, Абайды Абай етіп тұрған не нәрсе, Мағжан болса, Мағжанды шыңға шығарған шығармашылығынан сыр шерту халыққа жетуі жеңіл әрі түсінуге ыңғайлы. Режиссер де осы мәселені өз ойына өзек еткен сыңайлы. Спектакльде сөз де, оқиғалар желісі де, әрекет те, актерлық ансамбль де көрініс тапты.

Қойылымның ең алғашқы сахнасында бір топ жас жігіт – қыздар болып киі үйдің бөліктерін құрып, шаңырақты бәрі бір – бірлеп көтеріп жатады. Киіз үйдің рөлін атқарып тұрған – ағаштың бөліктері ғана. Ағашқа байланып жатқан әрбір жіп жас жігіттің отау құрғаны, бір басының екеу болғаны, үйіне қалыңдықтың  келгенін білдірсе,  әндете жұмыс жасау арқылы жастық лепті, қуанышты көрсетуі сахнаны ашық түсті реңкке бояп, әсер қалдыра алды . Осы орайда суретшінің еңбегін айта кетпеске болмас. С. Ниязакунов пен режиссер Б.Шамбетовтың негізгі ойы болған дүниені немесе өздері тудырған дүниені нақ солай етіп сахнада көзге көрсетіп шығару емес, сол нәстені сезіндіру болды. Көптеген режиссерлер қалың көпшілікке қандай да бір оқиғаны баяндар болса, көрсету керек дүние болатын болса реквизиттерді үйіп-төгу арқылы немесе барлығын ашық көрсету арқылы береді. Бұл қойылымдағы ерекшелік тұрмыстық реквизиттің кішкене бөлігімен ғана қойылымды нәрлі етіп шығару болды. Киіз үйдің жабдықтары түгел болмаса да, үй екенін көрсететін жіптермен киіз үйді қоршау, ішіне түрлі түсті жіптерді қосу арқылы көрпе немесе үй ішіндегі жылулықтыберуде оңтайлы шешім тапқан. Көпшілік сахнада өнер көрсеткен актер-актрисалар оқиғаны бірінен соң бірі іліп әкетіп, бірде баяндаушы болып, бірде екінші планда әрекет етті. Көпшілік сахнада ойнағандар : А. Супатаева, И.Жақсылық, Г.Әлет.

Баяндаушы ретінде екі актриса Шолпанның отауы құрғанына қызығып та, қызғанып та қарап әңгімені бастайды. Бұл жерде автордың рольын екі баяндаушы әйел атқарып тұр. Шолпанның өзгелер секілді малға сатылмай, өз теңіне шыққанын әңгіме етеді. Шолпан да, Сәрсенбай да актер ретінде ойнап әрі баяндаушы да болды. Осы сахада Шолпанның екі жіпті кезек – кезек тартып, киіз үй бөлігін құрап тұрған  ағашқа тәйт деуі ірі қара мал ұстағандарын, тұрмыс тіршілікті білдіріп тұрған сыңайлы. Спектакльде Шолпанның санасындағы әрбір ой көрерменге белгі ретінде беріліп отырды. Алғаш рет тәңірден  бала берме көрмеуін сұрағанда қандай да бір аспаптың дауысы шығады. Екінші мәрте Сәрсенбайдың досы Нұржанның үйінен келіп, балаларының қылығының балдан да тәтті екенін жеткізгенде сахнадағы жарықтың сөніңкіреп, шаңырағына түскен көкшіл сәуленің қараңғы тартуы – отбасының да ішінің тұмандана бастағанын, сәбидің иісі мен күлкісінің жоқтығы білінгендей. Осы сәтте режиссердің ұтымды тәсілінің бірі – түн уағы ауғанда Шолпанның мен Сәрсенбайдың ұйықтап жатқан сахнасын  керуетті қолданбай ақ, қолын қапсыра құшақтау арқылы  білдіруімен, киімдерін көрпе етумен шешеді. Шолпанның үшінші рет миына белгі беруі – Сәрсенбайдың «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп айтқаны рас екен ғой деуінде.

Режиссер спектакльде дін туралы да көрсетті. Сол кезеңдердегі  намаз оқушыларды сопылыққа балағанын баяндаушы арқылы жеткізді. Бұл жолға түсуін қандай да бір қажеттілікке мұқтаж екендігінен екенін көрсетті. Үлкені де, кішісі де намаз оқыған адамды сол заманда пірәдар деп келемеждегенін баяндады. Шолпанның жіп арқылы бақырды тартып, ішінен әлдене қарауы құрсағына бала бітпегенін көрсетеді. Бақырды Шолпанның жатыры де қарастыруға болады. Келесі сахна бақсы – шаман сахнасы. Бақсы еретегілерде естігендей ерекше киінген, қолына аса таяқ ұстанған. Актер нанымды әрекет етіп, бақсы екендігіне сендіре алды. Қойылған әуенге сай билеп, қолындағы « сиқырлы таяғымен»  Шолпанды соққылауы Шолпанның соқыр сенімге сеніп, жер мен көкке сыймай Құдайдан бала тілегенін тағы да көрсетеді. 

Режиссер келесі сахна арқылы өз шеберлігін тағы да дәлелдей білді. Шолпан киіз үйдің төбесінде ілінген әрбір қоңыраушаларды қақты. Яғни, Шолпан бар кінәратты Сәрсенбайдан деп ойлай бастады. Ұсынылған жағдайға сай әрекететіп, Сәрсенбайдың жерге сылқ құлап, төс қалтасындағы сылдыры  жоқ қоңырауды алып қарауы – Сәрсенбайдың балалы болу мүмкіндігінің жоқ екенддігін, бедеу екенін көрсетеді. Бәлкім сол себептен де,ол бала мәселесін қозғамаған болар. Спектакльдегі Шолпанның ойына келген соңғы белгі таудан биік, теңізден терең күнә асап болсын, бала табуға міндетті екендігі. 

Қойылымда басты бейне Шолпанды сомдаған – Г. Асқарова болды. Режиссер Шолпанға және екінші пландағы актрисаларға қазақша көйлек,бастарына кимешек тағу арқылы қазақтың келіндерінің образын көрсетті. Шолпанды басқалардан өзгешелеу үшін мойнына күлгін түсті алқа таққан.Шолпан бейнесі – сол кездегі қазақ әйелдерінен мінезінің даму эволциясы  өзгеше. Ауылдағы көп әйелдің бірі емес, өз теңіне қосылған, таным – түсінігі бөлек, оқ бойы ұзақ тұратыны көрінеді.  Шолпанды жеңіл жүрісті әйел деуге келмейді. Себебі, қандай жолмен болса да, күйеуіне перзент сүйгізгісі келді. Актриса – Шолпан мен Сәрсенбайдың отбасылық өмірінің алғашқы көктемін ойнағанда жүзі жадыраған әрі жеңіл ғана әрекет еткен жас қызды бейнеледі. Актрисаның өзгерген тұсы Әзімбаймен болған сахнасы болды. Жуан жіптерді мойнына асықпай байлағанда көз қиығы, көздері арқылы сәбиді аңсаған, баланы зарыға күткен бақытсыз әйелді бейнеледі. Сахна санаткері денесі арқылы оқиғаны көрсетке, көзқарасы арқылы қиналысын, шарасыздығын сездірді. Жалпы, режиссер махаббат сахналарын көрсетуде жақсы, нанымды шешімдерге тоқталған. Қазақ сахнасында төсек мәселесін көрсету менталитетке қарсы деген ойды ұстанған режиссер оны сыпайы әрі түсінікті етіп жеткізді. Кішкене қоңыраушаларды бала, баланың үні, қуаныш ретінде көрсете білді. Актриса бейнені бір деммен алып шықты. Драма актерларының көбінде кездесетін айғайға басу, асыра сілтеушілікке барған жоқ. Шолпанның бала сүюдің құрбаны болып, күнәсіне арының алдында жауап береді. Оның қылмысын күйеуі біліп ұрып – соққанда қорғанбауы, аяушылық сұрамауы осыны көрсетеді. 

Сәрсенбай бейнесін – Д. Тәшкен сомдады. Актердың болмысы, жан дүниесі сомдаған кейіпкермен үндес болып көрінді. Дегенмен, менің жеке пікірім актер кейіпкерсындылықпен өнер көрсеткендей әсер қалдырды. Әрине, өнер қайраткерлері бұл мектепті, тұжырымды дұрыс деген пікірлерге келген. Десе де, актер әрқашан сахнада өмір сүруі керек. Көрермен оның кейіпкерді ойнап жатқанына емес, алдында кейіпкер тұрғанына сенуі керек. Ал, актер өз позициясын дәлелдеуде енжарлық пен селқостыққа көп басымдылық түсірген сияқты. Оған дәлел, ең соңғы сахнадағы көрініс. Әйелінің көзіне шөп салғанын білген сәтінде ашу-ызасын, ренішін тек жіппен соққы жасау, физикалық күш көрсету арқылы ғана жеткізді. Актерде ұсынылған жағдайға сай мінез, бейне, әрекет болмады.

Сәтті шыққан рольдердің бірі – Әзімбай бейнесі. Бойы, денесі, түр – тұлғасы – ерке қайын ініні көрсетті. Дегенмен, актердің жасының үлкендігіне байланысты шығармада айтылғандай он жеті, он сегіз жас аралығындағы бала екені шындыққа жанаспады. Актер көзқарасы, қимылы, мұрт қойысы сол кездердің сал-серілеріне тән қылықпен өз бейнесін ақтап алды. Ойнақшыған көздері мен қимылдаған қастары жастық жалынды жеткізуге әбден тырысып бақты. Және онысы нанымды болып, сахнада еркін ойын үлгісін көрсетті. 

 

Қойылым жасөспірімдерге арналған болғандықтан сол дәрежеге сай етіп қойылған. Махаббат линияларын көрсетуі балаларға қабылдауға оңай әрі түсінікті.Шолпанның өлерінің алдындағы бүкіл өмірінің көз алдынан найзағайдың жарқылындай өте шығады: жаңа шолпысының сыңғыры, Сәрсенбаймен ең алғаш кездесуі, оның өзін алып кетуге келуі... және молданың үкім оқып, күбірлеген дауысы. Кейіпкердің жан – дүниесіндегі сән – салтанат пен оның өмірге деген құштарлығы дүниенің опасыз жалғандығымен қайшылыққам түседі. Осы тұста режиссер өз өлімі арқылы жазықсыз күнәдан арылғандай күйді жеткіздіре білген. Жалпы, спектакльды тек ғана психологиялық қойылым емес трагедиялық қойылым деп те атауға толықтай негіз бар. Режиссер соңғы сахнада суық суды шашу арқылы қылмыс – күнәсінен де тазарғанын көрсеткісі келген. Актер, актриса репликаларының көп тұста қысқарып немесе ремарка ретінде айтылуы да көзге оғаш көрінбеді. Көрерменге түсінікті түрде жете алды. Қойылым еңбектің, актерлық құрам ізденісінің нәтижесі. Қойылымның айтар ойы айтуға ауыз тартпаса да, өзекті әрі әр кез кездесетін проблемалардың бірі. Әр жас отбасы сәби сүйгісі келеді, ал, ол бақыт барлығына бірдей берілмеген. Баланы болашақ деп алып қарасақ, тақырып әрқашан да өзегін жоймақ емес. 

Алтынбек Мерей

“Театртану” мамандығының 3-курс студенті.

751 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №6

30 Маусым, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы