• Еркін ой мінбері
  • 30 Маусым, 2021

ЕЛ ДАМУЫ – ОРТАҚ ІС

Қандастар мәселесі – депутат назарында

Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының мүшесі Қазыбек Иса Премьер-Министрдің бірінші орынбасы Ералы Тоғжановқа қандастардың көші-қон мәселесін арқау еткен депутаттық сауалын жолдады.

– Биыл Тәуелсіздігіне 30 жыл толатын Қазақстан үшін халық санының көбеюінің маңызы зор. Ал басты қауіптердің бірі де осы халық санының азаюынан туындайды. ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бә­рі­нен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында: «Соңғы жылдарда түрлі се­беп­терге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды солтүстік және шығыс өңірлерге орналастыруды жандандырамыз» деп атап көрсеткен болатын. Аумағы бойынша әлемде 9-орынды, халық саны бойынша 64-орынды иеленген Қазақстан әлемде халықтың орташа тығыздығы бойынша БҰҰ таныған 195 тәуелсіз елдер тізімінде 184-ші орында. Бізде бір шаршы км – 6,7 адамнан келетін болса (Өзбекстанда – 76 адам), әлемдік орташа көрсеткіш – 56 адам. 2012 жылдан бері миграцияның теріс айырма сальдосы 30 мыңның үстіне шықты, соның салдарынан сырт елдермен шекаралас солтүстік пен шығыс өңірлерде ауылдар босап қалуда. «Отандастар» қоры мәліметінше шет елдерде 7 млн-ға жуық қазақ тұрады. Бұл Қазақ халқының 50 пайызға, яғни, жартысына жуығы. Олардың алдағы уақыттарда ассимиляцияға ұшырау қаупі өте жоғары. Демографиялық аспектіде қазақ ұлты үшін бұл үлкен әлеует болып табылады. Қазір Қазақстанға қоныс аударуға ынталы шетелдік қазақтардың саны 1,5 млн адамға жуықтайды. Осы адами ресурсты біз неге дұрыс пайдаланбаймыз? Кім кедергі? Тұңғыш Президент-Елбасы жарлығымен басталған Ұлы көшке де биыл 30 жыл толады. Осы уақытта елімізге 1 миллионнан астам қандастарымыз келді, – деп бастаған Қазыбек Иса соңғы жылдары көші-қон тым баяулап, кедергі қатты көбейіп тұрғанын жеткізді.

Депутаттың айтуынша, 1993-2021 жылдар аралығындағы бөлінген квота кестесіне қарасақ, адам саны 100 еседей азайып кеткен. 1993 жылы енді ел болып, есімізді жиып, етегімізді жауып жатқанда 60 мыңдай (10 мың отбасы), 2009 жылы 100 мыңнан аса адам (20 мың отбасы) қабылдаған Қазақстан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында 1426 адамға ғана квота бөлді. «Осыншама, бұрынғы межеден 100 еседей азайып, анти-рекордқа жететіндей басымызға не күн туды?» дейді халық қалаулысы.          

Қазыбек Иса мәселенің бұлайша орын алуына байланысты мынадай себебін айтты. «Кезінде көші-қонды жандандырған Көші-қон агенттігінің жойылып, миграциямен айналысу әр министрлікке, квотаға ұсы­ныс беру әр облыс әкімшілігіне беріл­генінен болып тұр. Әкімдер шетелдегі қан­дас­тарымызды шақыруға оларды орна­ластырудың қиындығынан қашып, елдің ырысын емес, жанның тынышын ойлап отырғандықтан, барлық облыстарда квота бөлу күрт төмендеп кеткен. Мысалы, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары 2017-2021 жылдары бес жыл қатарынан квота бөлуге бір де бір адам ұсынбаған. Ол облыстарға еліміздің стратегиялық мақсаты – халқымыздың санын қандастарымызбен көбейтудің қажеті болмағаны ма? Ал 2012-2017 жылдар арасында қатарынан 6 жыл бойы еліміз бойынша қандастардың келуіне бір де бір квота бөлінбеген?! Демек, бүгінгі таңдағы квота жүйесі мемлекеттің көші-қон және демографиялық саясатына ешқандай оң әсерін бермеуде» деп орынды мәселе көтерді. 

Тығырықтан шығудың бір жолы ретінде Қ.Иса бүгінде бірнеше  министрлікке ша­шы­рап кеткен басқармаларды бір органға жинап, Демография және көші-қон жөнін­дегі Агенттікті қайта құруды ұсынды. Қандастарды қабылдау квоталарын жылына 20 мың отбасыға жеткізу керектігін шегелеп айтты. 

Депутаттың назар аударған екінші мәселесі – қандастарымыздың Азаматтық алу мәселесі болды. Мұнда да біршама түйткілдер қордаланып қалған көрінеді. «Ресей, Израиль және т.б. мемлекеттерде Азаматтық алу үшін бір ғана құжат талап етіліп, мәселе бір күнде шешілсе, кең байтақ жерімен салыстырғанда халқы өте аз Қазақстанда 48 құжат жинау керек. Оның бәрін жинаймын дегенше, алдында алған құжаттардың мерзімі өтіп кетіп жарамсыз болады. Бізде де ұлты қазақ қандастар үшін керек құжат санын барынша шектеп, бірден Азаматтық берілетін болуы тиіс. Қазақстанның Азаматтығын алудағы басты талап – «Ақ жол» партиясы ұсынғандай, Қазақ тілін білуден емтихан тапсыруы керек. Осы Азаматтық алуда жинайтын қаптаған құжат саны аздай, кейінгі кезде тағы бір қиын кедергі – шетелдегі Қазақтардың өздерінің Қазақ екенін дәлелдеу, оны құжат жүзінде рәсімдеу ең басты мәселенің бірі болып отыр. Ол, қазақтың қазақ екенін растайтын құжатты бұрын 1992 жылғы 23 қыркүйекте шыққан Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң №791 қаулысына сәйкес «Дүниежүзі қазақтарының қауым­дастығы» беретін. Алайда, бұл №791 қаулы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 9 ақпандағы №124 қаулысымен күшін жойғанымен де Қазақстанға көшіп келген қандастардың азаматтық алуына қауымдастықтың анықтамасы жарай беретін. Бұл жұмыстар 2017 жылға дейін заңды негізі болмаса да, қалыптасқан тәжірибе ретінде жалғасып келген. Қауымдастық тарапынан анықтама беру тоқтағаннан кейін, мәселе қандастар арасындағы қоғамдық ахуалға әсер ете бастады, әлеуметтік желілерде үлкен талқыға түсіп, резонанстық жағдайлар бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді, – деді Қазыбек Иса. 

Мәжіліс депутаты, 2017 жылдан кейін 4 жылда бұл шаруамен ешкім айналыспай, ақырында қазақ екенін дәлелдейтін анық­тама ала алмай, қаншама қазақ Қазақ еліне келе алмай жүр, келгені әлі Азаматтық ала алмай жүргеніне өкініш білдірді. «Этникалық қазақ» екендігін дәлелдейтін құжатты беру механизмін тез дұрыс жолға қоймасақ, алдағы аз уақытта көп қандастарымызды «жоғалтып алу» қаупі бар екеніне назар аударды. «Шетелдегі қандастар Қазақстанға келуі үшін тағы бір кедергі, олардың мұнда тікелей туысы болуы керек. Бір түсініксіздігі, бұл талапты шетел емес, біздің ел қойып отыр. «Ақ жол» партиясы бағдарламасында жазылғандай, «Қандастарымызды тарихи отанына қайтару, елге оралған бауыр­лары­мызды баспанамен, жұмыспен қамтамасыз ету және көмек көрсету, олардың Қазақстан Республикасының толыққанды азаматтары ретінде тезірек бейімделіп кету жөніндегі жұмыстарды күшейту керек» деп санаймыз деген ойын көпшілік қаперіне салды. 

Бүгінде елімізде кеңінен жүзеге асы­рылып жатқан «Серпін» бағдарламасына қатысты көзқарасын білдірген қайраткер азамат қоныс аударушыларға берілетін үйлердің бағасы шамадан тыс шарықтап кеткеніне наразылығын танытты. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы Екатерина ауылында барлығы 100-дей отбасы болса, 80-дей үй бос тұр. Ғ.Мүсірепов ауылында үлкен мектепте 35 бала ғана оқиды. С. Мұқанов ауылында 35 отбасы ғана бар. Бұл өңірлердегі ауылдарда бос қалған жап-жақсы үйлердің бағасы 200-500 мың теңгенің арасы. Ал әкімдік салып беріп, қандастарға ұсынып жатқан үйлердің бағасы 7,5 млн теңге айналасында көрінеді. «Қандай адам баспана алу үшін бағасы 40 есе қымбат үйге ұмтылады?» деген депутат «Адами капитал мемлекетіміздің басты құндылығы болғандықтан, келесі нақты шараларды қабылдауды ұсынатындықтарын айтты. 1. Қандастарды қабылдау квотала­рын 2009-2011 жылдардағыдай жылына 20 мың отбасына дейін ұлғайту; 2. Өңірлерде қандастарды бейімдеу-кіріктіру орталықта­рын құру; 3. «Отандастар қоры» қо­ға­мы­­ның шетелдегі қандастарды қолдау жобаларын қаржыландыруды еселеп ұлғайту; 4. Комис­сия отырыстарына консулдық өкілдерінің және арыз берушінің мекендеген елінен онлайн режимде қатысуын қамтамасыз ету; 5. Ауыл шаруашылығымен айналысуы үшін пайызсыз несие және 5 жылға дейін салықтық жеңілдіктер қарастыру. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу үшін жеңілдіктер жасау; 6. ҚР көлемінде бір реттік тұрғын үй салуға және жеке шаруашылыққа байланысты жер телімдері берілуі керек.

Қорыта айтқанда, қандастар мәселесіне әрдайым назар аударып, туындаған сауалдар бойынша нақты іс-шаралар қабылдау – мемлекеттік маңызы бар шаруалардың бірі­не айналуы керек-ақ. Өйткені, еліміз үшін стратегиялық болып саналатын тақырыпқа бейжай қарауға жол беруімізге болмайды. Елбасының сындарлы саясатымен сәтті жүзеге асқан қандастардың көші-қон үдерісін бүгінгі заман талаптарымен ұштастыра отырып, әрі қарай да нәтижелі болатындай ұйымдастыру қажет деп білеміз.

Саян ЖҰМАБАЙ

999 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз