• Ел мұраты
  • 30 Маусым, 2021

ШЕЖІРЕ – ХАЛЫҚТЫҚ ТАРИХ

Сұлтан Жанболатов,
профессор, жазушы, тарихшы 

Күллі қазақтың арғы тегі – сақтар

Жуыққа шейін адамзаттың төркіні туралы пікір екі ұдай еді.

Өткен ғасырдың 70 жылдарынан бас­талған «Һауа болжалы» 1980 жылдардағы әр құрлық адамдарының DNA сына жүргізілген зерделеулер арқылы күшейді. Талай археологтардың, генетиктердің, молекулалық биологтардың зерттеулері арқылы расталды. Сонымен жуықта, Кембридж университетінің генетика факультетіндегі антрополог, профессор Франсис Барокс сияқты ғалымдар, афри­ка­лықтардың өзге құрлықтағыларға қарағанда гендік жағынан өте көптүрлілігіне және өзге құрлықтағылардың Эфиопиядан алыстаған сайын ол көптүрліліктен ары­ла түсетініне қарай отырып, зерттеу қорытындыларын: «Адамзаттың этногенезі жайлы талас толастады, – дей келе, – осы заман адамзатының тұқияны Африкадан келген, сосын жаһанды иелеген дейтін фактіге күмәндану қиын» деп тұжырды. Барокстардың пікірінше, мөлшермен 70-80 мың жылдың алдында, солтүстік-шығыс африкалықтардың (эфиопиялықтардың) дене бітімі осы замандық адамдар деңгейіне толық жеткен. Сосын тез өсіп-өнген олардың көбі, өз жұртынан әлемге аттанып, әр тұстағы алғашқы жерліктердің (олар белгісіз себептен, не осы ата-бабаларымыздың қолынан құрыған сықылды) орнын басып, дүниені иелеуге кіріскен. Көштің бір тарауы Үнді мұхитын жағалап Шығыс Оңтүстік Азияға қарай беттесе, енді бір тармағы Еуразияға ат басын бұрған. Еуразия Ұлы Даласына бет алған ұлы көш алды Қызыл теңіз бен Араб түбегі арқылы Иран үстіртіне жеткенде адамзат өркениеті тағы да дами түскен. Әрине көш жолында қоныстап қалып отырғандар да аз болмаған. Осыдан соң бұл ұлы көш біздің Ұлы Даламызға ат басын тіреген. Бұл бұдан 10 мың жыл бұрын зор көлемді жабал көшке айналған.

Демек, бүгінгі ғылыми зерттеулердің нәтижесі арғы замандағы Ұлы Даладағы сақ атанған қалың тайпалардың арғы аталарының өңшең Африкадан көшіп келген саф қара нәсілділер екенінде дау жоқ деп отыр. Олар бертін келе ішім-жем мен сыртқы ортаның ықпалынан өңшең саф ақ нәсілдіге өзгерген. Бұл олар үшін екінші кезең есепті еді. Қазақ сықылды түрік тілді халықтардың, соның ішіндегі Үйсіндердің арғы тегі – ең алдымен осы ақтар. Ал, ата-бабаларымыздың үшінші кезеңі – ақ пен сарының араласпасына (метистенуіне) өзгеруі бертінде басталған. Оған Қытайдағы Чаңжяң өзенінің оңтүс­тігінен солтүстікке қарай жайылған сары нәсілділердің келіп қосылуы басты себеп болыпты.

Сонымен, адамзат дүниеге келуден бұрын жер шары бар болғаны сықылды, шығыстың Сыма Чяны мен батыстың Гередоты Ұлы Далалықтарды білуден бұрын, бұл Ұлы Дала тұрғындарға толы болатын және олар едәуір биік өрелі өркениетке ие еді. Қазақтың (соның ішіндегі үйсіндердің, тіпті мына албандардың) түп-тұқияны – жерден шыға келген де, көктен түсе қалған да емес, осы Ұлы Даланың ертедегі тұрғындары – сақтар.

Беделді ғалымдар тобының қазақтар жайлы жуықта айтқаны бар. Онда: «Қазақ толып жатқан тайпа мен этностардың, ұзақ замандық даму барысында, біртіндеп қосылуынан қалыптасқан. Ертедегі сақ, жүз, үйсін, қаңлы, алан, дуолу (дулат), түркеш (сары үйсін), қарлық, телы, чиңца (қыпшақ), найман, керей, арғын, уақ, қоңырат, жалайыр, алшын қатарлылар қазақ ұлтының басты құраушы бөліктері. ... Қазақ ұлты Қытайдың Арғы Чиң әулеті кезінен (б.з.д. 221-206 жж.) бастап, 1600 жылдық тарихи даму арқылы, ХІІІ ғасырдың басына келгенде ортақ аты, ортақ тілі, ортақ аумағы, ортақ шаруашылығы, ортақ ұлттық санасы мен ұлттық сезімі бар орнықты ортақ тұлға болып қалыптасты .... Жия айтқанда, қазақ ұлты Арғы Чиң әулеті тұсынан бастап көктеп, Хән, Уей әулеттері тұсында қалыптасып, Таң әулеті мен Түрік қағанаты кезінде, сосынғы Түркеш, Қарлық, Қарахан, Қарақытай мен Қимақ қағанаттары заманында өркендеп, монғолдар шаңырақ көтерген кез бен одан кейінгі Алтын орда мен Ақ орда тұсында анағұрлым дамыды. 1456 жылы Керей хан мен Жәнібек хан қазақ тайпаларын бастап Шу мен Талас өңіріне келіп Қазақ хандығын құрғанда қазақ ұлтының қалыптасу барысы негізінен аяқтады. ХVІ ғасырдың соңында Моғұлстан, Ноғай, Сібір хандықтарындағы қазақ тайпалары ілгерінді-кейін қазақ хандығына қарады. Сонымен ортақ аты, ортақ тілі, ортақ аумағы, ортақ шаруашылығы және ортақ мәдениетінен бейнеленетін ортақ психологиялық бітімі бар, орнықты, біртұтас бір ұлттың қалыптасуы аяқталды»(1) дейді .

Қазақтың ұлт болып қалыптасқанында дау жоқ. Қазақтағы шежірелік мәдениеттің толық сақталуы мен кей жандардағы өзімшілдіктің кей нышандарын жүзшілдік не рушылдық деп қате атап жүргеніміз бұған күдік тудыра алмайды.

«Қазақ ұлты – рулық, тайпалық құры­лымын (өзінің шежірелік мәдениетін де. – С.Ж.) недәуір толық сақтаған ұлт. Оның ішіндегі көп санды басты тайпалары Қытай мен өзге елдік ғалымдар жағынан баяндалған. Бұлар қазақ ұлтының қайнары мен қалыптасуын зерттеуді сенімді тағандармен қамдайды. Қазақ ұлтының басты түп-төркіндік тайпалары немесе этностары ішінде Сақ, Ұлы жүз, Үйсін, Қаңлы, Алан, Ғұндар бар. ...Қазақ ұлтын зерттеуші тарихшылар, этнографтар мен археологтар қазақ ұлтының ата-тегі б.з.б. VІІ-ІV ғасырларда Орта Азияда тұрған сақтар деп қарайды»(2).

Дулатбек Қыдырбекұлынша айтқанда: «Қазақтар – ежелгі сақтардың ұрпағы. Егер роман тілдес француздар келт тілінде сөйлеген ғалдарды өзінің пустысы (тірегі, post. – С.Ж.) санаса, онда түрік тілдес қазақ қай тілде сөйлегені даулы сақтарды түп-тұқияным деп айтуға неге хақысы жоқ !?». Әрине, қазірде сақтардың қай тілде сөйлегені недәуір айқындалып, оның талай тайпасының түрік тілді екені расталды. Ендеше, қазақтың ежелгі сақтардың ұрпағы екеніне дау жоқ.

Ал, бұл қазақты құраған басты тайпалар ертеде өз заманына лайық мемлекет те (қағандық, ұлыс, хандық, бау,...да) құра алған. Соның бірі – албанды қамтыған Үйсін ұлысы.

«Ертедегі туыстық қауымдарда оның мүшелерінің мүддесін көздейтін халық­тық билік қағидасының рөлі шешуші болды және ерекше беделді, тәжірибелі адамдар иелік етті. Олардың арасынан ұжымның шаруашылық, қоғамдық және идеологиялық өмірін басқаратын көсемдер қалыптасты. Ертедегі алғашқы қауымдарда билік-шаруашылық, әскери және сот билігі болып бөлінген жоқ. Ұсақ әскери қақтығыстарда қауымды осы көсемдер басқарды. Осы көсемдер топтағы әдет-ғұрыптарды сақтаушы және қорғаушы болды»(3). Сөйтіп, қоғамның дамуы мен заманның өзгеруіне байланысты алғашқы мемлекеттік құрылым қалыптасты. Демек, Ұлы Дала төскейіндегі сақтардың мемлекеттілігі де қалыптасты. «Мемлекет (respublica) дегеніміз – құқықтық қатынастар және мүдде бірлігі арқылы бір-бірімен тығыз байланысқан көп адамдардың бірлестігі» деген екен Цицерон өзінің «О государстве»(4) деген еңбегінде.

Ал, В.Бартольд, В.Я.Владимирцов және Л.Н.Гумилев бастаған әйгілі ғалымдар: «Көшпенділер мемлекеттілікті ешкімнен тартып алған жоқ. Көшпенділер үшін мемлекеттілік қоғам дамуының ішкі сұраныстарынан туды. Көшпенділердің отырықшы көршілерімен терезесі тең қатынаста болып, өзін сақтап қалу жолындағы күресі мен қоғамның ішкі қатынастарын реттеу қажеттілігі олардың мемлекетін тудырды»(5) деп қортындылаған болатын.

Тарихшы профессор Хайруш Абдрахман [«Тарихыңды таны (Отан тарихының очерктері)» атты еңбегінің 12-бетінде]: «Сақ дәулеті б.з.д. 7 ғасырда еңсе көтеріп, б.з.д. 2 ғасырына дейін дәурен сүрді. Дәулеттің іргесін қалаушы – Алып Ер Тұңға (Афрасияб). Діні – Тәңірлік дін. Яғни, Көк тәңіріне табынып, табиғатпен тіл табысуды өмір сүрудің кепілі, табиғилықты өмір сүрудің мұраты деп білген. Жазуы – қазіргі ғылым тілінде айтылып жүрген рун жазуы немесе түрік жазуы болған. Сол тұсты (В.В.Бартольдтің айтуынша) түрік тілдес тайпалардың қалыптаса бастаған шағы деуге болады.

Қазіргі Алматы тұрған жерді сақтар мекендеген. Оларды грек шежіресінде (Ш.Ахметұлының зерттеуінше «бас сақтар» мағыналы атпен. – С.Ж.) массагеттер деп атайды. Сақ тайпаларының одағына мыналар кіреді: массагеттер, дайлар (дахилар), каспилер, исседондар, аримаспалар, аландар, кейініректе савроматтар мен сарматтар» деген екен. «Б.з.д. ғасырларда аталмыш өлкеде тарих төріне үйсіндер шыққанда, тайпалық одақ ретінде сақ аталымы қалыс қалғанымен, сақ атанған жұрт тай-тұяғы қалмай басқа жаққа ауып кеткені жоқ, басқадай атауға ие болып, ежелгі мекенінде қала берген»(6).

«Қазақты зерттеген тарихшылар, этнографтар, археологтар қазақ ұлтының түптегі б.з.д. VІІ-ІV ғасырларда Орта Азияда өмір сүрген сақтар деп біледі. Кей ғалымдар тіпті қазақ деген сөз екі тайпаның – Орта Азияның ежелгі тұрғыны Каспий мен Іле өңіріндегі ежелгі сақтың аттарының қосындысынан шыққан деседі(7). Бұл бір тұспал болғанымен, қазақ ұлтының ішінде толып жатқан ежелгі сақтық құрам барлығына күмән жоқ. Қазақты құраған қыпшақ, арғын және басқа тайпалар ішінде сақ тоғалақ, бес сақ, борсақ, қарсақ сықылды рулардың атындағы «сақ» дегендер – Қытай тарихнамаларындағы «сақ». Демек сақтар – қазақты құрағандардың бірі»(8).

Расында да, «Батыс Хән әулетінің басқы жылдарында (б.з.д. ІІ ғасыр. – С.Ж.), толып жатқан сақ тайпалары нүкістердің (Жүз, Роужы. Әрине, бұлар да сол сақтардың бұтарлары. – С.Ж.) қысымымен Тәңіртаудан асып Памирге қарай қашты. Алайда, бір бөлік сақтар жұртта қалып нүкістерге бағынды. Кейінірек нүкістер үйсіндерден жеңілген соң, Тәңіртаудың теріскейінде қалған сақтар тағы Үйсінге бағынды. Бүгінгі Орта Азия мен Шинжяңдағы талай ұлттың қанында сақтық құрам бар. Шинжяңның солтүстік региондарындағы ежелгі тұрғындар Қазақстанның Тәңіртауында болған сақтар мен кавказ нәсілді андрон мәдениетіндегі тұрғындарға байланысты. Ал, Шиңжяң оңтүстігінің байырғы тұрғындары кавказ нәсілділердің Жерорта теңіз типіндегілерімен қатысты»(9). Бұл арадағы кімнің-кімнен жеңілгені басқа мәселе, нүкістер мен үйсіндердің де сақ бұтарлары екенін айта алмауы – олқылық. Ал, қалғанына дау жоқ.

Сақтардың бір бұтағы – үйсіндер

Сол сақтардың бір бұтары – кейін келе қазақты құраған, Албан, Дулат, Суан, Жалайыр, Шығыл, т.б. тайпаларды қамтыған Үйсін ұлысындағылар.

«Үйсін – қазақтағы ең ірі тайпа. Қазақтағы тарихи аңыз бен қазақ ұлтының шежірелік баяны бойынша, «Үйсін» дегеннің кең және тар мағынасы бар. Тар мағынада – Ұлы жүздің бір тайпасының аты. Кең мағынада – Іле, Жетісу және Оңтүстік Қазақстандағы Ұлы жүз тайпасының жалпы аты. Қазіргі Албан, Суан, Жалайыр сықылды тайпалар Үйсіннен шыққан. Үйсін сонау екі мың жылдың алдында-ақ ханьше тарихнамалардан көрінеді. Үйсін – қазақ ұлтының басты этногенезі, қазақты құраған негізгі тұлғалық (субиект – С.Ж.) тайпа.

Шоқан Уәлиханов қазақ халық шежіресін зерделей келе: «Үйсін – бүкіл Ұлы жүздің ата-тегі»(10) деген. ХІХ ғасырдағы орыс ғалымы А.Н.Аристов та Ұлы жүз шежіресін зерттеген соң «Ұлы жүз – қазақ ұлтының ата-тегі. Бұлай деудің аңыздық жағы болғанымен, ертедегі үйсіндердің бүгінгі қазақтардың басты ата-тегі екеніне күмән жоқ» деген екен(11).

Cақтар мемлекеттілігінің мұрагер­лерінің бірі – үйсіндер, олар Ұлы Жібек жолының торабында өмір сүрді. Бұл Ұлы Жібек жолы әлемдегі ұлы өркениеттерді, осы Ұлы Дала арқылы, бір-біріне жалғады. Содан барып тораптық-өңірлік өркениет дамыды. Үйсіндік мемлекет қалыптасты. Бұл процестің қарқыны мен сапасы Ұлы Жібек жолы мұхиттарға аунағанша сол қалпында жалғасты, дамыды.

Хань жылнамаларында Үйсін ұлысын батыс өңірдегі ең күшті де ірі мемлекет дей келіп, оған: «Адамдары қатаң, ожар, тойымсыз, сенімсіз келеді, ұры-қарысы көп»(12) деген сөз қосқан екен. Егер тарихқа таныс ұлыстар ара жатсыну мен жамандауларды қайыра тұрып үңілсек, бұл Үйсін ұлысында қоғам дамып, адамдар ара байланыс пен таптық қайшылық, таптық күрес күрделеніп, елді мықтап билеудің қажеттілігі мейлінше артып, мемлекеттілік орнауына барлық жағдайдың одан көп бұрын-ақ әзірленіп болғанын айғақтайды.

Сондықтан, әйгілі тарихшы-ғалым Манаш Қозыбаев: «Тағылық, тұрпайылық кезден өркениетке өту адам баласының тарихында б.з.-дан 4000 жыл бұрын пайда болды. Өркениет бізге көрші Қытай, Үнділерде б.з.-дан 2 мың жыл, 2 мың 500 жыл бұрын, біздің Ұлы Далада 1500-2000 жыл бұрын пайда болды деп есептеуге дәлелдер баршылық. ...Алтайдан Донға дейін созылған Ұлы Дала екі құрлықтың басын қосты. Ол Еуропа мен Азияның қақпасы, тоқсан тоғыз жолдың торабы еді... Сайын дала Аму мен Сыр бойы арқылы Қытай, Парсы, Үнді, Араб өркениетімен тоғысты. Ұлы Далада барлық әлемдік діндер тоғысты. Шаманизм, тәңірге табыну, зәрдеш (зороастр), пұтқа табыну, христиан, манихейлік, ислам – пенделердің рухани өміріне тірек болуға әрекет етті. ...Қыр баласы табиғи ортамен толық гармонияда болды. ...Бір ғана Сырдарияның орта және аяқ шенінде 300-ге жуық қалалар мен елді мекендер болды. ...Алтайдан-Дунайға дейінгі қыпшақ даласы таза көшпелілер емес. Олар атқа мініп, жер жаулап алуға болатынын білген. Ал, ел билеу үшін тұрақты астана, мемлекеттік тірек боларлық қалалар болуын түсініп қана қоймай, іске асырған. Ендеше, біздің өркениетіміз ерте дамыған өркениет болған. Ол қала мен даланың синтезі. Ол қала мен дала қосылмасы. Ендеше, біздің жерімізде мемлекеттің жабайы түрі емес, кемеліне жеткен түрі болған. ...Қорытып айтсақ, Үйсін мемлекеті пайда болып, өркендеп, шығанға шыға бастаған кезде, көне түрік өркениеті – дала өркениеті бой көтерді. Түрік қағанатының өркениеті өзін әлемге танытты»(13) дейді. Үйсіндер (соның ішіндегі албандар) осы үдерістің бел ортасында болды.

 Сақ мемлекеттерін Түрік қағанатына жалғаған елдер – Ғұн қағанаты мен кейін келе одан бөлініп шаңырақ көтерген Үйсін, Қаңлы, Алан сықылды ұлыстар. Зерделей келе осыған көзі жеткен профессор Су Бейхай: «Таң әулеті кезіндегі, Батыс Түрік қағанаты жойылғасын Түркеш тайпасы құрған Түркеш қағанаты – қазақ ұлтының дулаттары тұрғызған қағанат. Қазіргі қазақтар түркештерді әлі де Сары үйсін деседі. Бұл дулаттар Таң әулетінен кейін, Қара хан мен Қара қытайлар (чидандар, китайлар. – С.Ж.) үстемдігінде болды. Іле, Шу региондарында үнемі тебінді әрекет жасады. Халқы да көп. ...Шағатай хандығы феодал үстемдігі сүйенген саяси, әскери күш бастан-аяқ қазақтың осы дулат тайпасы болып келді»(14) деген екен. Сондықтан да шығар Ниғмет Мыңжани айтқандай, «Дулаттар ежелгі Үйсін бірлестігіне қатынасқан тайпалардың бірі еді. VІ-VІІІ ғасырлардағы Батыс Түрік қағанаты кезінде үстем орынға шығып, бұрынғы Үйсін тайпалары дулат деп аталатын болды. Дулаттар осы дәуірден бастап жазба деректерде жиі кездесіп отыратын».

Демек, бергі тарихта, дулат бар жерде үйсін бар дей беріңіз. Үйсін бар жерде Албан да бар. Тарих беттеріне, Үйсіннен гөрі, оның ішіндегі мықты тайпалары көбірек түскен. Бұл бүгінгі Орта Азияда, Түрік дегеннен гөрі, қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, татар, т.б. атауларының көбірек кезігетініне қатты ұқсайды.

Үйсіннен «тараған рулар дулат, албан, шігіл (чығыл, жікіл)(15), Түрік қағандығы кезіндегі мемлекеттерді құруға қатысқан. ХІІІ ғасырда Рашит әд-Диннің шығармасында Шағатай ұлысындағы Үйсін халқы туралы айтылады»(16).

 Осыдан кейін сонау Амурдан-Қара теңізге шейінгі Ұлы Даланың бұл кіндігін билеген – «түркі тайпаларынан тұрған, әсіресе, қарлық, қаңлы, шігіл, яғма тайпалары үлкен рөл атқарған, билеушілері яғма (В.В. Бартольдше айтқанда, жалайырлардың арғы тегі. – С.Ж.) тайпасынан шыққан»(17), мұсылманшылықты алғаш қабылдаған Қарахан (Ұлы Хан) мемлекеті (942-1210 жж.). Оның ең алғашқы ханы – баяғыдағы Алып Ер Тоңаның (Афрасиаб... – б.з.д. 626 жылы Иран патшасы Кейқысыраудың алдауынан уландырылып өлтірілген Тұран патшасының) ұрпағы Сатұқ Қарахан (Ұлыхан. 915-955 жж.). 940 (942) жылы Сатуқ Баласағұн билеушісін құлатып, өзін жоғарғы қағанмын деп жариялайды. Осы кезден бастап Қарахандар мемлекеті тарихы басталады. Ежелгі үйсіндердің ұрпағы (соның ішінде албандар) осы мемлекет ішінде жалғасты өмір сүре береді.

Үйсіннің албаны да ұзақ тарихқа ие

Албандар – дені қазаққа кірген көрнекті және ұзақ тарихқа ие топ.

Үйсіндер, сан ғасырлық тарихи үде­рісінде, жан саны көбейе келе, ішкі-сыртқы себептер ықпал жасай бере, бірде ұйысып, бірде ыдырап отырды. Ыдыраған тұстарда, елді кім билегені сықылды факторлар себебінен, оның бұтарларының – не дулаттардың, не албандардың, не басқасының аты Үйсіннің өз атынан да қаттырақ шықты.

Үйсін ішіндегі Албанның Хань тарих­намаларындағы аты – Юебань (Йөбән, Юебән). Юебәннің қазақ Ұлы жүз Үйсініндегі Албанның арғы тегі екені шындық. Қытайлық беделді ғалымдар тобы, мұны «Йөбән (Юебән, Иұрпан, Иопән) – бүгінгі қазақ ішіндегі Албан. Ал адбан, айман, абдан сықылды тайпа аттары – Йобән дегеннің құбылулары» деп әбден нықтайды(18). Бұған қарағанда албандар тіпті арғы тарихқа, ел сұраған тіпті де зор ықпалға ие болған тайпа саналады. Бұл күллі қазаққа ортақ мақтаныш, әрине.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін сәл шегініс жасай кетейік.

Б.з.д І ғасыр соңын ала, сыртқы және ішкі себептер салдарынан ежелгі Ұлы Үйсін ұлысы екіге ыдырайды. Сосынғы – екіге ыдырағаннан кейінгі тарихи процесте, үйсіндердің ноқта аға тайпасында да өзгеріс туылған немесе кей тайпалар (мысалы Албан) уақытша болса да өз алдына бөлек шаңырақ көтеріскен. Былайша айтқанда, үйсіндер ішінен Юебән (Албан) өзі бір ұлыс боп тарих сахнасына көтерілген. Күшейе келе Хань сықылды іргелі елдермен дипломатиялық байланысты, өзге үйсіндер емес, осы Юебән (Албан) ғана сақтап қалған. «Солтүстік әулеттер тарихы. Батыс Өңір баянында»: «Юебән хандығы үйсіндердің солтүстік-батысындағы 10 мың 930 ли (Көне қытай тарихында бір лидің қашықтығы біркелкі болмаған. Атап айтқанда Хань әулеті тұсында 414 метр, Уей әулеті тұсында 500 метр, Таң әулеті кезінде 531 метр – Ш.Ахметұлы) келетін шалғайда тұрады» дегеніне қарағанда, ол кездегі албандар өз алдына шаңырақ көтеріп, тәуелсіз ел санатында Сарыарқа шығысынан Тарбағатайға дейінгі өңірді қоныстанған секілді. Бұл кезде өзге үйсіндердің ноқта ағасы дулаттар болуы ықтимал.

Кейін келе, Үйсіндердің бір бөлігі шығыстан тиген жат тайпалар соққысына шыдамай, Памир солтүстігіне ауады. Үйсін тарихының білгірлері «Памирге көшкеннен кейін, үйсіндердің бұрынғы иелігінде тіршілік қимылын жасағандар көбінде Теріскей Ғұн тәңір құтын хан көтерген Юебән ( Албан) елінің бағынышты халқы болды... Сянбилердің (Шянби) арасында тегіннен өздерін сянбилерміз десетін ғұндардан қалған 100 мыңдаған халық болған, оның үстіне сянбилер арғы аталарынан бері ғұндармен құдаласып, қыз алып, қыз беріп келе жатқан жағы тағы бар»(19) деп жазады. Бұл осы тұстағы албандардың тәңірқұтты таққа көтерерлік ықпалды ел екенін де, сақтардың мұрагері ғұндармен тектестігін де көрсетіп тұр.

Үйсін ұлысы екіге ыдырағанда, үйсіндердің көбі ханьдер тарапынан кіші күнби атанған Өжеттің қолына қарайды. Өжет ұрпағының кіші күнбилікке ғасырлап мұрагер болғаны, көбінесе екі күнбиліктің басын құрап, байырғы ұлы үйсін шаңырағын көтеру үшін күрескені белгілі. Сол ұрпақтың кей қажетіне қарай кейде екі күнбиліктен де оңашалау жаққа беттеген де болар. Сәл кейініректе, осы Өжеттің тоқалынан туған бесінші ұлы Бейюанжы туралы осыған қатысты бір тартымды дерек бар. Онда былай делінген: «Өжеттің тоқалынан туған бесінші ұлы Бейюанжы жабғы Бұдженсанның көкелік орындағы інісі болатын. Оның жұрты Чяңхуаң деген жерде еді. Әлде неше жүз мың адамы бар-ды. Алғашында шығыс жағындағы Ғұн қағанатына жортуыл жасап, олардың мал-жанына тиісе бергесін, ғұндар бұған шүйілгенде, Ғұнмен келісімге келе қап, Шүйдай дейтін ұлын Ғұнға ақ үйлі аманатқа да берген. Ол б.з.д. 11 жылы, екі күнбиліктің басын құраймын, ұлы күнбиді өлтірем деп, өлтіре алмай, аяғы 80 мың адаммен Қаңлыға кетеді. Одан қорыққан екі күнби Хань басқағына тіпті ықтай түседі».

Енді бұған мына бір деректі қоса ойланайық. «Ханьнамада»: «Үйсіндер екі күнбилікке ыдырағаннан кейін, Хань әулеті оларды ренжіткендіктен, бұл мемлекетте тыныштық болмады» деп жазылыпты. Тыныштық болмаған, берекесіздік жайлаған елден, уақытша болса да бөліне, ыдырай тұру да болады. Ірге айырып өз алдына шаңырақ көтеру де кезігеді. Ендеше үйсіндегі Албан елінің екі үйсіннен уақытша шығып, оның солтүстік-батысынан хандық құру ықтималдығын жеп-жеңіл жоққа шығара салу қиын. Бейюанжының Чяңхуаң деген жердегі 100 мыңдаған адамымен жасап жүрген харекеті өз алдына бір күнбилікті елестетеді емес пе, оны ешкім күнби ретінде хатқа түсіріп жатпаса да. Сондықтан, бұл арадағы Юебән (Албан) елінің, іс жүзінде, үйсіндер батысқа сырғығанда көшпей, Қытай жылнамаларынша «ғұндардан қалған аш-арықтар» атанып, Чяңхуаң деген жерде қалып қойған, Өжеттің тоқалынан туған бесінші ұлы, Бұдженсанның көкелік орындағы інісі Бейюанжы жабығы басқаруындағы үйсіндер болуы да әбден мүмкін.

Жылнамаларда, бергі кезеңнің Албаны (Юебәні) мен Үйсіні көбінесе қатар аталады. Мысалы, «Уейнама. 4- бума(1). 4-билік баян. Шызу (1) мен (2)» де: «Б.з. 435 жылы 18-наурыз Күсән, Юебән,... Үйсін... елдері елшілерін жіберіп ордаға тарту тартты» деген сықылдылар әлденеше жерде қайталанады.

Осы арада, үйсіндердің басты күші батысқа (жоғарыдағыша айтқанда, Орталық Тәңіртауға) ауғанымен, оның белді тайпаларының кейі батысқа тым сырғып та кетпеген және нөнендермен күресін доғармаған екен. Соның бір мысалы Албан (Юебән) елі туралы мына бір деректе тұр. Онда былай делінген: «Юебән елі Үйсіннің батыс терістігінде. Дай дуанынан 10930 ли қашық. Олардың арғы аталары әсілінде ғұндардың теріскей тәңірқұтына қарасты ұлыстан еді... Бұлардың тұрмыс салты және тілі қаңлылардікімен бірдей. Ал олардың адамдары өздерін оғыздардың қай-қайсысынан да таза ұстайтын еді. Шашын қиғызып, қастарын жасататын. Шірнемен боянып, бой түзейтін. Әр күні үш мәрте жуынып, ауыз шайқайтын. Сосын тамақтанатын. ...Юебәннің ханы, нөнендермен одақтасу ойымен, мыңдаған адамын ертіп Нөнен еліне, Датанмен дидарласу үшін аттанады. Олардың жеріне жүздеген ли ішкерілеп кірген Юебән ханы нөнендердің кір жумайтынын, әйелдері ыдыстағы жұғынды жалап кетіретінін көрді де, қасындағы ұлықтарына ренжіп: «мені алдап қайдағы иттердің еліне әкелгенсіңдер?!» деп атының басын кері бұрады. ...Содан бастап бұлар (нөнендер мен албандар. – С. Ж.) бірі мен бірі жауласып, өзара көп шабысты. ...Б.з. 448 жылы бұлар ордаға тарту-таралғымен елшісін және желбішісін жіберді. Желбішісі адамның алқымындағы тамыры қиылып, одан қан аққанда немесе зілді соққымен адамның төбесін ойып, қанға бөктіргенде, аузына шөп дәрі салып шайнатса қанның дереу тиылатындығын, жаралы адамды бірер ай емдесе, тыртық қалмай жазатынын айтты. Өтірік шығар деп, бұдан күмәнданушылар көп болды. Сонымен өлімге бұйырылған қылмыскерге сынақ жасалып, рас екені дәлелденді. Ол мұндай дәрі шөп Түнязының (Қытайдың. – С.Ж.) ұлы тауларынан да табылады деді. Оның өнерін үйренуге мол сыйлықпен арнаулы адам жіберуге келісілді. ...Олар Уей әулетінің әскерлерімен тізе қосып, нөнендерді шығыс пен батыстан екі бүйірлеп қыса соққылауды талап етті. Патша Тәй У олардың тілегін қабыл алды да, шекара аймақта тұратын әскерлеріне соғыс күйіне келу туралы жарлық түсірді. ...Оның үстіне қатысты басқармаға Юебәннің жауынгерлерді ерлікке шақыру күйін сарайдың әуез мекемесіне енгізуді бұйырды»(20). Бұдан ежелгі албандардың да өз қатарынан озған мәдениетті жұрт екені де, ата-мекенімізді қорғауға зор үлестері бар халықтығын да көре аламыз.

Б.з. 5 ғасырында, Жетісу мен Алтай, Тарбағатай өңірі Жужан (Нонен) мемлекетінің батыс шеті болатын. Осы аймақтағы түрік тайпалары (ішінде албандарды қамтыған үйсіндер де бар) 492 жылы жужандарға қарсы шығып, тәуелсіз мемлекет құрады. Түріктер көп (Лин Ганша айтқанда, тарихнамаларда көктүрік, телы, теле, туже, чылы, т.б. деп аталып келген 41) тайпалы ел болған. Бұл тұсқа келгенде, әуелдегі мемлекеті ыдыраған Үйсіннің талай тайпасы (соның ішінде албандар) осы елдің ішіне енді. Бұл олардың қазақты құрауға бет алған жаңа сатысы болатын.

Шежіре – тарихтың қарт саласы

Шежіре – әрі стандартты талаптағы тарих емес, әрі тарих ілімінің құрамынан аулақ та емес.

Шежіре – ерте оянған ұлттарда пай­­да болып мұқият сақталған және жал­ғасы үзілмеген, сол ұлтты құраушы қауымдары бойынша таратып, адамзат дамуы жайындағы ілімге үлес қосатын, ауызшадан-жазбашаға көтерілген тарих ғылымының қарт та сындарлы саласы.

Өзге талай ұлттардікі секілді қазақ шежіресі жақсы дамыған және недәуір сақталған. Қазақ үш жүзі мен оның құрамы қазақтың ұлттық шежірелерінде недәуір толық берілген. Бірақ қазақ шежіресінің бас жағын, бейне өзге дамыған ұлттар шежіресі сықылды толық та мүлтіксіз дей алмаймыз. Оған кешегі тарих жазықты. Кешегі тарихта, шежіремізге сыртқы күштердің кері әсері мен ондайға әсіре көнгіш аттөбеліндей әлсіздеріміздің ықпалы аз болған жоқ. Бұл кемінде үшеу сықылды:

Бірі, өз шежірелерімізде, арғы тегімізді шығыс-солтүстік африкалықтарға таман апарғандай сезілсе де, діни наным бұрылысынан соң бізді тіке б.з. І мың жылдығындағы араби аталарға телу арқылы, өзіміздің арғы (мұсылман емес) ата-бабаларымызды ұмыттырудың болғаны.

 Енді бірі, Шыңғыс хан империясынан қалған биліктің осы ұмыттыруды жалғастыруы, тіпті әйгілі Абылай хан қазақ билері мен шежірешілерін жиып шежіре хаттатқан кезде де бұл олқылықтың толтырылмауы, түзелмеуі.

Тағы бірі, іргелес екі елдегі саяси науқанның шежірені ескіге, феодализм сарқынына санатып, көзін жоюға ұрынуы. Бұл Кеңестер Одағында 1950 жылдардан басталып, 1970 жылдарда ол туралы мақала жариялаған басылымдар қудаланған да екен(21). Осы сықылды қарекет Қытайда 1966-1976 жылдары жүрген «Мәдениет зор төңкерісінде» де етек алды.

Бүгінде, хань (хәнзу) сықылды дәстүріне мықты, не бір тар жол-тайғақ кешулерден өтсе де, діні де, жазуы да, ділі де тым орынсыз өзгере қоймаған ұлттарда, әр фамилия (тек ) түгіл, кей жекенің (мысалы Кұң Фузының 80 неше буындық) ұрпақ тізімдігі том-том кітап болып шығып отыр. Ал, жоғарыдағы себептер салдарынан біздегі шежіре арғы атамыздан бүгінгілерге дейінгі ұрпақ санын 30-40-тан асыра алмайды. Егер арғы ата-бабаларымыз ұмытылмаған болса, 3000 жылдан астам тарихқа ие халықтың шежіресінде кем дегенде 100 буын болуға тиісті емес пе. Басты себеп – тарихымыздың қысқалығынан емес, басты себеп – дін де, жазу да, билік те, соған ілесе діл де сыртқы ықпалды күштердің зорлауынан еріксіз өзгеріске көп ұшырағанынан. Соның кеселінен, б.з. соңғы 1000 жылдығынан арыдағы ата-бабаларымыздың есімдері естен шыққандығынан, дәлірегі әдейі естен шығарылғандығынан. Мұндайда сіз шежіремізден ұлтымыздың Ер Тоңа (Афрасияп, яғни Оғұзұлы Бұқа), Анахарс (Анақ Арыс), Томирс (Тұмар ханым), Тұман, Мөде, Елжау (Алыпкөк), Оңғай сықылды б.з.д. жеке аталары түгіл, тарих сахнасына көрнекі шыққан бүгінгі тайпалардың кешегі (мысалы, б.з. бірінші мыңжылдығындағы) ата аттарын да толық кезіктіре алмайсыз. Әуелі Усунь мен Үйсін бір ат емес деушілермен айтысуға талай күш жұмсауға мәжбүрсіз. Мұндайдың орнын толтыру алдағы міндет.

Осы міндетті атқару үшін талай шаруа тындырып жатқандарға қатты разы боласың. Бүгінде талай ру мен тайпаның шежіресі жарық көрді. Соның бірі мен «Нұрлан Сәрсенбаев шежіресі» деп аталуға тиіс санаған «Ата-тек жалғаған – Алтын шынжыр» атты алып кітап (2010 жыл, наурыз. Құлжа қаласы. Іле газеті баспа зауыты). Мұнда Ұлы жүз Үйсінге жататын Албан тайпасындағы Сүйерқұл рулар бірлестігіндегі Алжан-Шажа руының шежіресі жарияланған. Миллиардтар еліндегі жұртқа аты әйгілі жазушы, фантаст-зерттеуші Нұрлан Тоқтасынұлы Сәрсенбаев бұл шежірені мол дерек пен нығыз ғылыми таған арқылы аса құнды туынды дәрежесіне көтерген.

Жалпы біздің қазақ, соның ішінде Ұлы жүз Үйсіннің Албанында не бір керемет алып тұлғалар өткен ғой. Осындайда, әлем таныған Шыңғыс Айтматов «Ғарыш мінезді жырлардың» авторы санаған Нұрлан Оразалиннің «Аруақтарым» деген өлеңіндегі:

 «Бабалардың бірі – батыр, текті ірі,

 Бірі – дауыл,

 Бірі – жауын,

 От – бірі,

 Жасқанбастан байтақ үшін

                                                    бас тіккен,

 Ақ сүңгі мен ақ семсердің өткірі.

 Жігер, намыс, жұмылдырған тілек бір,

 Өткендердің бәрі – жайсаң

                                                   жүректі ұл,

 Әлі күнге Алашымның аспанын,

 Сеземісің, аруақтарым тіреп тұр», – дегенге саналы да ұлтжанды қазақ біткен бас изейді-ақ. Өйткені, қазақ Албан сықылды неше жүз тайпадан құралған болса, өзгенің аруақтары да Нұрлан Сәрсенбаев аруақтарының қатарында, иық тіресіп Алаш аспанын көтерісіп тұр. Осындай ортақ мақтаныш бүгінгі қазақ бірлігін асыра түспек. Шежіре арқылы ортақ мақтанышымыз бен ортақ ата-бабаларымызды түгендей берелік, ағайын!

С.Нұрлан шежіресін ілтипатпен қарсы алайық

Аты Нұрдан басталатындар, мәселен Нұрлан аттастар осал болмайтын көрінеді. Сол Нұрландардың бірі – мықты қаламгер Нұрлан Сәрсенбаев оқырман қауымның қолына «Ата-тек жалғаған – Алтын шын­жыр» атты кесек, ғылыми қуаты күшті шежірелік еңбегін ұсынып отыр. «Жеті атасын білген ұл жеті рулы елді біледі» дегендей, текті атаның ұрпағы Нұрлан Тоқтасынұлы Сәрсенбаев ұзақ жыл ата тарихқа қатысты деректерді жинап, реттеп, зерттеген еліміздің әдебиеті мен мәдениетіне үлес қосқан қалам қайраткерлердің бірі. Оның «Жұмбақ тас» (ғылыми-фантастикалық әңгіме-повестер жинағы, 2007 жыл), «Көдек ақын» (2007 жыл), «Ғасырлар суырытпағы» (2013 жыл), «Мұқағали керуені» (2015 жыл) атты кітаптары Қытай қазақтары ғана емес, Қазақстан қазақтары арасында үлкен ықпал тудырды. Ол танымал қаламгер болып қалмастан «Іле тарихи материалдары» кітабының 19-санынан 33-санына дейін, «Моңғолкүре тарихи материалдары» 1-2-кітабы, «Құлжа ауданы тарихи материалдары» 1-2-3- кітабы, «Іле тарихи материалдары» (1-санынан 20-санына дейін қайта реттеліп басылған көлемді төрт топтама жинақ) қатарлы отыз неше кітапқа жауапты редакторлық міндет атқарды, әрі тарихи тақырыпта көптеген құнды мақалалар жазып, оқырман ықыласына бөленіп келеді.

Әсіресе, 2007 жылы басылым көрген «Албан шежіресі» (үлкен 16 форматты, 1113 бет) атты үлкен топтама жинаққа ғылыми жетекшілік етумен бірге, жауапты редакторлық міндетін өтеді. Бұл кітапқа 20-дан астам мақала, әрі соңғы сөзін жазумен бірге кітаптағы ескертулер мен түсініктерді түгелдей қадағалап өзі жауапты болып жазып шықты. Міне, бұл Нұрлан Сәрсенбаев еңбектерінің бір бөлегі ғана. Мен Нұрланның осы жолғы оқырман қауымға ұсынып отырған «Ата-тек жалғаған – Алтын шынжыр» атты ірі кітабы тарих пен шежірені бірлестіре отырып жазған Қытай қазақтарынан шыққан шежірелердің ішінде шежірелік дерегі мол, тарихи құны күшті, алдыңғы қатардағы үлкен ғылыми еңбек деп қараймын.

Шежіре –- халықтық тарих. Шежіре тану – ұлт тарихын танудың құрамдас бір бөлегі. Ру-тайпа, жүздердің тарих-шежіресін білу – жалпы қазақ ұлтын танудағы пайдалану дерегі күшті құнды тарихи материал.

Салауатты оқырман қауым, қолы­ңыздағы «Ата-тек жалғаған – Алтын шын­жыр» атты көлемді еңбек бұрын-соңғы баспадан шыққан шежірелердің ішінде мазмұны бай, тарихи дерегі күшті, формасы әр алуан болып шежірешілер мен зерттеушілерді өзіне баурайтын құнды шежірелік оқулық. Мен бұл кітап­ты бастан-аяқ зер сала оқып шығып, Нұрланның бұл шежірені жазу барысында авторлық зор еңбек еткенін байқадым.

Біріншіден, бүгінге дейінгі шежірелерді халқымыз кісі аттары бойынша «Шоқан Уалиханов шежіресі», «Шәкәрім Құдай­бердіұлы шежіресі», «Жүсіп Көбеев шежіресі», «Нұржан Наушабаев шежіресі», «Мұқаметжан Тынышбаев шежіресі», «Жүсіпбекқожа Шайхсламұлы шежіресі» деп атайды, бұл әрине ата салтымыз.

Екіншіден, мына кітап ішінде Нұрлан Сәрсенбаевтың қыруар туындысы қас­қайып тұр, ал оның өз туындысы емес, құрастыру еңбегі қаншама.

Үшіншіден, пайдаланған мате­риал­дары, мақала, өлең, дәйек сөздердің авторлары анық айтылған. Оған қиянат ету жоқ, сондықтан бұл шежірені «Нұрлан Сәрсенбаев шежіресі» деп атауды жөн көрдім. Соншама көп дүниені мазмұндарға, бөлімдерге, айдарларға бөліп ғылыми жүйе бойынша орналастырып, қазақ шежірелерін нәзарлық өреге, ғылыми деңгейге көтеріп, тыңнан жол ашып, шежіре жазудың жаңа үлгісін жаратты. Ол бұл шежіре-томында бірталай та­лас­ты мәселелердің басын ашқан, ал кейбір таласты күрделі мәселелер жөнін­де мүмкіндік қалдыра отырып өз көзқарастарын айтқан. Ата-бабаларынан тартып даңқы алты Алашқа, берісі Албанға жайылған Алжан-Шажанның бүгінгі ұрпақтары Нұрлан Сәрсенбаевтай азаматтарын қолдап, көмек көрсеткен қалың елге, аңғарлы ақсақалдар мен ұлтжанды азаматтарға шын жүректен рахмет айтамын. «Көш жүре түзеледі», «Ата-тек жал­ғаған – Алтын шынжыр» атты кітапқа ендігі төреші – қалың оқырман қауым, ендігі баға сіздерден!

***

С.Жанболатов – кезінде Шинжяң унивеситетінің проректоры, ШҰАР Білім комитеті төрағасының орынбасары, Бүкіл Қытай Парламентінің депутаты, оның Ұлттар комитетінің мүшесі, Дүниежүзі Қазақтары ІІІ Құрылтайының Төралқа мүшесі болған белгілі қайраткер.

«Үлес» (ҚХР) сыйлығының, «Достық» (ҚР) орденінің және ҚР ҰҒА-ның «Қазақ ғылымына қосқан зор үлесі үшін» грамотасының иегері. «Үйсін хикаясы» (тарихи-трилогия), «Біз» (автобиографиялық-трилогия), «Тараз толқындары» (роман және хикаят) мен «Ежелгі ұлыс тарихы» (тарихи-зерттеу) іспеттес 20 томнан астам еңбектің авторы.

ҚР мен ҚХР Жазушылар одақтарының мүшесі.

Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің және Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік универ­ситетінің Құрметті професоры.

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

(1) «Қазақ ұлтының қысқаша тарихы». 2007. Бейжің. «Ұлттар баспасы». 2-,132-беттер.

(2) Бұл да сонда. 28-бет.

(3) Р. А.Мирзадинов. «Жаратылыстану концепциялары».

(4) «Қазақ мемлекеттігінің тарихы». Алматы. 2007. 6. Т.1.С 39.

(5) «Қазақ мемлекеттігінің тарихы». Алматы. 2007. 8.

(6) «Қазақ мемлекеттігінің тарихы». Алматы. 2007. 39.

(7) « A.N.».94.

(8) Хань ғалымдар ұжымының еңбегі – «Қазақ ұлтының қысқаша тарихы». 2007. Бейжің«Ұлттар баспасы». Ханьзуша 26-бет (2007).

(9) Торсайт //www.htb.com.cn/ мен //imgsrc.baidu.com/baike/

(11) «Қазақ ұлтының қысқаша тарихы». 2007. Бейжің. «Ұлттар баспасы».

(12) «Хәннама. Батыс өңір баяны. Үйсін баяны».

(13) «Отан тарихы» журналы. 1998. №1. «Қазақ тарихы – дала өркениетінің құрамды бөлігі».

(14) «Батыс өңірдің тарихи географиясы» 372-бет.

(15) Үйсіннің б.з. ҮІІ-ХІІ ғасырлар аралығында(үйсіндер ордасын батысқа таман көшіргеннен кейін соған ере), Күнгей Тарбағатайдан – Жетісуға ауған тайпасы. Бұлар келгесін, ежелгі үйсін жерінде, Жікіл (Шігіл, шығыл) қаласын ұстап тұрған. Тайпа аты содан шыққан. Бұл – мүмкін, ежелгі Үйсін астанасы Чыгу.

(16) «Қазақстан.Ұлттық энциклопедия». 9-том.91-бет.

(17) «Қазақстан.Ұлттық энциклопедия». 5-том.625-бет.

(19) Ма Мәнли. «Үйсіндердің Көгартқа аууы жайындағы таластар».

(20) «Солтүстік әулеттер тарихы. 97-бума, 85-баян.Батыс Өңір» («Қытай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер». 2-кітап. 248-бет. )

(21) Хамит Маданов. Серғали Толыбековтың «Қазақ шежіресі» атты кітабына берген алғысөзінен.

 

 

3088 рет

көрсетілді

9

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Ырысбек Жанболат

05 Шілде, 2021

Өте құнды дерек. қазақ тарихының тереңде жатқан тамырына қайтадан нәр қуйыу.

Ырысбек Жанболат

05 Шілде, 2021

Өте құнды дерек. қазақ тарихының тереңде жатқан тамырына қайтадан нәр қуйыу.

Ырысбек Жанболат

05 Шілде, 2021

Өте құнды дерек. қазақ тарихының тереңде жатқан тамырына қайтадан нәр қуйыу.

Ырысбек Жанболат

05 Шілде, 2021

Өте құнды дерек. қазақ тарихының тереңде жатқан тамырына қайтадан нәр қуйыу.

Ырысбек Жанболат

05 Шілде, 2021

Өте құнды дерек. қазақ тарихының тереңде жатқан тамырына қайтадан нәр қуйыу.

Ырысбек Жанболат

05 Шілде, 2021

Өте құнды дерек. қазақ тарихының тереңде жатқан тамырына қайтадан нәр қуйыу.

Ырысбек Жанболат

05 Шілде, 2021

Өте құнды дерек. қазақ тарихының тереңде жатқан тамырына қайтадан нәр қуйыу.

Ырысбек Жанболат

05 Шілде, 2021

Өте құнды дерек. қазақ тарихының тереңде жатқан тамырына қайтадан нәр қуйыу.

Арзангүл

05 Шілде, 2021

Өте құнды дерек қазақ тарихының алып бәйтерегінен нәр алу.Ұрпағымыздың жүрегіне ұялату.

AQIQAT №6

30 Маусым, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы