• Ел мұраты
  • 30 Маусым, 2021

ТАЛҒАТ БИГЕЛДИНОВ: МАЙДАНГЕР МОНОЛОГІ

Айтқали НӘРІКОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы және Журналистер одағының мүшесі

ІІІ

...Днепрден өту сәтті аяқталды. Біздің әскерлер оның жағалауында ұрыстарды ойдағыдай сәтті жүргізді. 1943 жылдың алтыншы қарашасында Киев азат болды. Бұл елімізге үлкен сыйлық еді. Корсунь-Шевченко маңындағы жау әскерлерін қоршауды аяқтау 1944 жылдың ақпан айының соңына белгіленді. Оны Бірінші және Екінші Украина майданының жауынгерлері жүзеге асырды. Олардың бөлімдері жауға қатар соққы беріп, осында бекінген фашистердің бірігуіне мүмкіндік бермеді. Шынын айтсам, мен ол уақытта бұл шайқастың кең көлемін, маңызын дұрыс пайымдай алмаппын. Тек кейін, әскери Академия тыңдаушысы болған уақытта, осы шайқастың маңызын талдап, зерттегенде ғана мен оның жаумен шайқастағы, жеңістегі алар орнын жақсы түсіндім. Мен сонда Ұлы Отан соғысындағы өте маңызды операцияға қатысқанымды білдім. Гитлерлік коман­дование Кеңес Армиясы нақ осы бағытта ойдағыдай қарсылық білдіреді деп ойламаған еді. Бұған ең алдымен ауа райының қолайсыздығы мықты әсер етті. Украинада қыс әдеттегіден өзгеше болды. Салқын да болды, ең бастысы қатты жылымықтың болуы еді, дымқыл қар жауды, ол жауынмен араласып тұрды. Сақталған тас және жәй құмақ жолдар өте лас, тізеден балшық болып жатты. Бұл немістер үшін нағыз өткел бермес асу болды. Ал, Кеңес Армиясының солдаттары бұл қиындықтарды жеңе білді. Екі майданның командованиесі сондай қиындықтарға қарамастан осы маңайдағы шағын украиналық қалада барлық күшті топтастырып, жауға тосыннан шабуыл жасады, үлкен қарсылыққа қарамастан жау жеңілді, біздің жауынгерлер үздіксіз алға жылжып, екі майдан қосылды.

Неміс-фашист басшылары көршілес майдандардан қосымша бөлімшелерді тартып, оның ішінде танк бөлімшелерінің қоршаудан шығуы үшін барынша қар­сылық көрсетті. Гитлерлік басшылық транспорттық авиацияға үлкен үміт артты. Солардың көмегімен аймақтағы әскерлерді техникамен, азық-түлікпен қамтамасыз етті. Алайда, «қазандықтан» әскерлерін алып шығу әрекеті дұшпан үшін сәтсіз болды. Бұл жағдайда штур­мовиктік авиацияға үлкен салмақ жүктелді. Біз барлау жасадық, танк бөлімшелеріне қатты соққы берілді, олар­дың қоршаудан шығуына мүмкіндік болмай қалды.

Біздің әскерлердің алға жылжуы жалғасты. 1944 жылдың 28 қаңтарында жауға қарсы бірден екі майдан шабуылға кірісті. Бірінші Украина майданы Белая Церковь қаласының оңтүстік-шығыс жағынан соққы берсе, қарсыластың берік орналасқан бекінісін бұзып, алға табысты жылжып, Звенигород маңында оның шептері көптеген жерлерде бұзылды, көрші майданның бөлімшелерімен қосылып жатты. Корсунь-Шевченко «қазандығында» немістердің онға жуық дивизиясы бар еді.

Алғашқы апта барысында жау айтар­лықтай қарсылықтар көрсетті, қоршауды іш жақтан бұзуға әрекеттенді, бірақ жақсы қорғанысқа тап келді, ең бастысы штурмовиктердің әуеден көрсеткен соққылары еді.

Ал, гитлерлік командование қоршауды бұзып, «қазандықтан» қалай да шығу мүмкіндігінен күдер үзбеді. Гитлер генерал Штеммлерге: «Маған нағыз тас жар сияқты сенулеріңе болады. Сіздер «қазандықтан» шығасыздар. Ал, әзірге соңғы патрондарыңыз қалғанша соғысыңыздар!» деп телеграмма берді.

Қарсылас жақ біздің әскери күші­міздің шоғырланбауы мақсатында көп күш салды, әсіресе, сол және оң жақ флангадағы Бірінші және Екінші Украина майдандарының жауынгерлеріне қарсы­лық көрсетіп бақты, қалай да біздің жоспарымызды орындатпауға ұмтылды. Басты міндет тағы да авиацияға жүктелді. Аспанға штурмовиктер көтерілді. Темір­жол составтары, жауынгерлік қару-жарақ және танктер жана бастады. Менің тобымның экипаждарына да кезек келді. Біз неміс әскерлерінің бекінісін бұздық. Жау әскерлерінің шоғырлануы толық қирады, жауды қоршау бұрынғыдан да жақындай түсті.

Жоғарыдан танктердің ұрысы өте жақсы көрінуде. Жүзге жуық крест белгісі бар танктер алаңда алға жылжып келе жатты, сай-салаларды жағалай алға жылжуда. Олардың жолында біздердің бар болғаны ондаған танктеріміз.

Біз саптарымызды бұрып, шабуылға кірісіп кеттік. Олар тек алдындағы жағ­дайлармен алаң болғаны соншалық «қара тажалды» дәл төбелеріне төнгенде ғана білді. Жау танктері қырықаяқ сияқтанып, далада бет-бетіне, ыдырап қаша жөнелді. Алайда, біздің «Ильюшин-2-ден» құтыла ала ма?

Тағы да, тағы да шабуылға шықтық. Жиырмаға жуық машиналары жана бастады. Біздің танкистер бұл жолғы талқандауды ойдағыдай жалғастырды.

Өз аэродромымызға оралудамыз, бомбаларды толықтырып, тағы да аспанға көтерілу үшін. Мынау не? Төменде үлкен сай, айналасы толған жаудың жаяу әскерлері. Бұл туралы БП баяндадым.

Шабуыл жасауға рұқсат етіңіздер! дедім.

Шабуылға рұқсат!

Біз немістердің үстінде ерсілі-қарсылы ұшып, оларға пулемет пен пушкіден оқты қардай жаудырудамыз. Жүздеген өлік жайрап жатыр, тірі қалғандары сайға тығылуда. Оларға тағы да шабуыл жасадық. Сайда адам айтқысыз жайлар орын алуда. Біз жанармайымыз таусыл­ғанша дұшпанды «утюгтедік».

Бұл арада мынаны ескеру керек. Осы­дан бірнеше ай бұрын ғана штурмовиктер жердегі жаудың жаяу әскерлерімен ең соңғы снаряд, ең соңғы оқ қалғанша ешқашан да соғыса алмас еді. Бұл деген егер жаудың истребительдері кездессе қорғаусыз қалу деген сөз. Алайда, Корсунь-Шевченко бағытында біздің авиация аспанда айқын басымдылық танытты. Жау ұшақтарының өз аэро­дромдарынан көтерілмегендеріне бір күн емес, апталап уақыт өткен кездері болды. Ал егер көтерілген жағдайда олар біздің ұшқыштардың жемтігіне айналды. Әуе біздің ойымызша таза болды.

Корсунь-Шевченко маңында жердегі әскерлеріміз құрсауды жақындатқан сайын біз жауды аспаннан да тықсыра бастадық. Ұрыстың жеңісі жақындай түсті. Немістер барынша жынданып қар­сыласты, қоршауды бұзғысы-ақ келді. Бос әурешілік. Сонда олар қатынас ұшақтары арқылы жоғары шенді офицерлері мен құжаттарды алып кетуге тырысты.

Бірде біздің истребительдермен танктерге шабуыл жасап қайтып келе жаттық. Корсунь-Шевченконың үстімен ұшып келеміз. Кенет жау аэродромында бес «Юнкерс-52» көрінді. Ұшақтар ұшу алаңына жақын тұрды. Олардың түн қараңғысында өз тылдарына ұшуға дайын екені белгілі болды.

Аэродромда бес «Ю-52» тұр. Шабуыл жасауға рұқсат етіңіздер! дедім БП-не. БП-нен ұшақтарды құрту жөнінде бұйрық алдым.

Ұшақта адамның жоғына мен сен­­бедім. Жүрегімнің түкпірінде бір ой болды, «олар аспанда «Ильдер» көрінгенде-ақ машинаға мініп қашып кеткен шығар» деген. Шындығында соғыс жағдайы, логика бойынша авиация шабуыл жасаған жағдайда, мүмкіндігінше одан қашық болуға ұмтылу қажет, ал бұл жерде қандай логика, егер жан-жағыңнан төпелеп, дем алуға да мұрсат бермей жатса.

Біз жоғары өрледік. Бірінші айна­лымда-ақ екі «Юнкерсті» өртеп жібердік. Ұшақтардан неміс офицерлері секіре бастады, портфельдерін, чемодандарын лақтырып, өздері жан-жаққа жүгірді. Бұл менің ойлағанымның дұрыстығын дәлелдеді.

Екінші айналым жасаймыз, тағы үш ұшақты өртедік, аэродромды «таза­ладық», бұл арада немістер қаптап кетті. Біз талқандауды аяқтай келе эскадрильяның барлық қуатымен қоймалар мен қаруларды, өткен жолы үлгере алмаған объектілерді тас-талқан еттік.

Қоршауда қалған әскерлер арасында үлкен дүрбелең болғаны жөнінде мынадай дәлел айтуға болады. Бірде кезекті операциядан біздің эскадрилья үйге оралып келе жатты. Жолда Горо­дищадан Корсунь-Шевченкоға бара жатқан жолда екі қатар жүк машиналары тұрды. Колоннада кемінде екі жүздей машина болды. Мен ол машиналардың не шоферлары жоқ, не күзетшілері жоғын байқадым.

Радио арқылы колоннаны шабуылдауға рұқсат сұрадым. БП шабуыл жасауға рұқсат бермеді. Біз жоғары көтеріліп, caп түзеп, тек шабуыл жасауға дайын тұрдық. Бірнеше секундтан кейін шлемофоннан генерал Рязановтың толқып берген бұйрығын естідім. «Шабуыл тоқтатылсын! Шабуыл тоқтатылсын!».

Бұйрықтың аты бұйрық, не істейсің. Өз аэродромымызға оралдық. Бірнеше күннен кейін колоннаны жүргізушілері тастап кеткенін білдік. Оны жердегі әскер бөлімінің барлаушылары анықтапты. Оны, жүк машиналарды шабуылдағанда көптеген қару-жарақтар, киімдер біздің қолымызда болар еді.

Корсунь-Шевченко операциясына байланысты менде тағы бір естелік бар. Ол уақытта бұл жағдай қызық емес, көптеген қиындықтар туғызды. Ал, қазір ол өте қызық сияқты.

Шегініп бара жатқан фашистер өз арттарында адам айтса нанғысыз жағ­дайлар қалдырды: өртенген қалалар мен деревнялар, бүлінген фабрикалар мен заводтар. Әсіресе, теміржол станциялары мен разъездері неміске тән ұқыптылықпен бүлдірілді. Ондағысы өздерін өкшелей қуып келе жатқан совет жауынгерлерінің алға жылжуына кедергі жасау болатын. Шегініп бара жатып олар көпірлерді бұзып, темір жолдарды бүлдіріп отырды. Бұл үшін олар арнаулы техниканы да ойлап тапты, мысалы екі қатарлы плугті шығарды. Мен бұл агрегатты қалай пайдаланатынын көрген едім. Поселкалардың үстімен ұшып бара жатқанда темір жолдың болат жібін байқағанмын. Қайтып келе жатқанда күнге шағылысып жататын оны көрмедім. Жоқ боп кетті. Таң қалып, екінші рет байқауға әдейі айналып ұштым, сонда паровоздың соңында үлкен плуг сияқты қосымша бірдеңені байқадым. Рельстер доңғалақ болып қосылып жатты. Мен паровоз жылдамдығын есептеп шығар­дым, бір сағатта үш шақырым жер көлемінде рельсті істен шығарады екен.

Сол квадратта келесі күні ұшқанда мен паровозды көрмедім. Және келесі разъезге дейін де жоқ болды. Бұзылған линия бойынша ұштым, онда да көрінбеді. Жолдың қосылған бөлігінде де бос тұрған вагондар көп кездесті, бірақ плуг тіркелген вагонды көрмедім.

Ал осындай агрегаттың өте қауіпті жағдайларға апаратынын штабта да сөз ететін. Біздің армияның басшылығына дейін хабар айтылды. Ал, ол алға жылжуға, сонымен қатар қару-жарақтарды қажетті жеріне ауыстырып тұруға, соғысқа керекті басқа жағдайларға қажет қой. Егер жол бұзылып жатса, ол қалай жүзеге аспақ?

Мен тағы да, тағы да барлауға ұшамын, сондай паровоздарды станциялардан, тоқтаған жерлерден іздеймін, вагон­дардың араларын қадағалаймын. Ұшу барысында немістердің пози­циялары туралы мәлімет жинап, жаудың артиллериялық батареясының орналасуын зерттедім, фотосуретке түсірдім, жерге көмген танктерін іздедім. Барлық жерде жоғарыдағыдай паровоз байқалмады. Мен сол күні соңғы ұшу сапарынан оралып келе жатыр едім, төменде таңқаларлық көлеңке қозғалып бара жатты. Шынында да тек көлеңке. Күнге шағылысып, түсініксіз бірдеңе сияқтанды, үлкен, қолайсыз. Дәл қасында да сондай үлкен, қолайсыз көлеңке, ол ақ қарда барынша анық көрінді. Қапыл төмендеп, анық байқадым қозғалып келе жатқан үлкен көлеңке сол жарылғыш паровоз екен. Агрегат өте қулықпен жасырылған ең үстінде шағын алаң макет жасалып, үсті қармен, топырақ үйіндісі, шөптермен жабылған, мұның бәрі күн көзімен шағылысып, алыстан ештеңені де білуге мүмкін емес еді.

Бұл туралы БП-не хабарладым, агре­гатқа шабуыл жасауға «рұқсат» алдым.

Енді менен құтыла алмассың! деп айқайладым мен, бір бүйірден шығып, паровозды нысанаға алып ата бастадым. Босқа атудамын. Машинист тез қозғалып кетеді, тағы да тимейді.

Паровоздың будкесінде тәжірибелі адам отырғанын, ол менің қозғалысымды бақылағанын сездім.

Әдеттен тыс жекпе-жек, паровоз бен ұшақтың арпалысы он бес минутқа созылды. Ақыры снаряд көздеген нысанаға дәл түсті. Түтіннің қою «шаңы» жиырма метрдей биікке созылды, паровоз тоқтады. Мен тағы бір қырынан келіп, пушкімен пулеметтен бірнеше рет атқыладым. Айналып келдім де, басқа қырынан көздеп, дәлдеп тұрып реактивті снарядпен де атқыладым. Паровоз үйілген металл сынығына айналды. Тағы бір айналып, жұмысты таза орындағанымды байқап, суретке түсірдім, содан соң ғана аман-есен аэродромға оралдым.

Жасыл ракета көрінді. Моторды қостық. Ұшақты бұрып ұша бастадық. Ұшақ әдеттегіден жерде көп жүруде. Бомбаның салмағы барлық мүмкіндігінше тиелген. 1200 метр биіктікте, бұлттардан жоғары, көшіп бара жатқан белгісіз формалардың үстімен ұшудамыз. Төменде өзімізге белгілі суреттерді көреміз майдан шебіне біздің автомашиналар колоннасы жылжып барады. Снарядтар жарылысы, түтіннің иісі сезілді. Зениткілер де ата бастады. Қарама-қарсы маневрде ұшып келеміз.

Алдымызда станция, оның үстінде «Мессерлер» айналып ұшып жүр. Бастаушы не дейді? Ал эскадрилья командирі Пошевальников шешімді қабылдап қойған.

Бірден шабуылға шығамыз. «Мес­серлерді» ұмытпаңдар, олар бізден төмен ұшуда. Мен тып-тыныш, өзіме сенімдімін. Бізді төрт «ЯК» қорғап келе­ді, олар да бізден төмен ұшуда, бірақ зениткілерде үн жоқ. Бұл ненің белгісі? Қақпан құрғандары ма? Немесе біздерді айыра алмай тұрғандары ма? Бұлттың салдарынан «Мессерлер» де бізді байқамайды. Біздің астымызда жол бойы паровоз колонналары, олар майдан шебіне асығуда. Яғни, бұл вагондар тылдан келеді, арнаулы заттары болуы мүмкін. Мен сол жақ қанаттамын, өз звеномды биікке, ыңғайлы жағдайға шығарудамын. Сол бойда зениткалар өздерін білдірді. Айнала ашық. Звено эшелонға шабуыл жасады. Менен кейін Митя Кузнецовтың звеносы ата бастады. Мен ұшақты биікке шығарып, бомба тастадым. Звеноның басқа мүшелері де тастады. Кенет зениткалар дыбыс бермеді.

Басыма кенет мынадай ой келді:

Олай болса, «Мессерлер» шабуыл жасайды, деген енді «ЯК-тар» бос жібермей, шабуыл жасаса ғой, деп ойладым. Ал, өзіміз штурмды жалғастырудамыз. Эрестерді жіберіп, эшелонға снарядтарды жаудырудамыз.

Менің звеном лақтырған бомба эше­лонның бас жағына тиді. Шлемофоннан біреу:

Біздің жігіттер «Мессерді» құлатты, деді.

Бұл өте жақсы, іс тынды, енді бізге кету керек. Төмендеп, қалқып келеміз. Дәл осы сәтте бізге «Мессерлер» төне бастады. Олар біздің «ЯК-тардан» боса­ғандар еді.

Енді олар он бір. Алты штурмовикке көптеу. Жүрегіміз тоқтағандай болды өмір сүргің келеді-ақ. Алайда, біздің атқыштар жау қарақұстарын аяусыз атқылауда, оларды арт жаққа жібермеуде. Алдыңғы жақтан олар қорқынышты емес. Бізді бірнеше рет айналып, біршама атқылағаннан соң олар кері қайтты.

Жерге қонғаннан соң анықтағандай, «Мессерлер» біздің бір ұшқышымызды, Токаренконы атып кетіпті. Шамасы ол немістердің бастаушысы болса керек, сондықтан олар бізді сенімсіздеу атқылады.

Корсунь-Шевченко қоршауындағы топтарды құрту жалғасуда. Немістер біздің жердегі бөлімшелерімізге оқ жаудырды, ұшқыштар олардың техникаларын, адамдарын аспаннан атқылады. Штур­мовиктер бүкіл жарық уақытта шабуылда болды. Полктің штабына хабар келді, немістердің тылында танк колоннасы жылжып келеді екен. Полк командирі маған эскадрильяммен ұшып, соны нақты анықтап келуді тапсырды.

Әдеттегідей үшбұрыш жасап ұшу­­дамыз. Бастаушы мен. Біздің есе­біміз бойынша немістердің тылы­на елу километрдей ұшуымыз қажет еді, ал танкілер майдан шебіне жақын­дап қалыпты. Жаяу әскерлердің бар­лаушылары кеш қалған. Жарты жүз жау танкі біздің бөлімшелермен бетпе-бет келіп қалыпты. Біздің майдан шебімізге таяу келеді. Оларды тоқтатып, жойып жіберу қажет.

Тағы да басты проблема: шабуыл барысында өз жауынгерлерімізге зақым тигізбеу. Ұшқыш машина емес, бомбаны тастағанда, негізінен оралып, айналып ұшқанда, үш жүз километр шапшаңдықта, қозғалып жүрген күш­терге қарсы (егер танктер болса) қате жібермеймін деп есептеуге болмайды. Бұл шабуыл секундтың бірнеше бөлшегі ғана. Бұған қоса ол зениткілердің ататынын да естен шығармауы керек, танктердің де пушкілері бар ғой. Мұның барлығы қарсыластың истребительдері болған жағдайда, олар танктердің іс-әрекеттерін, қозғалыстарын қорғайды ғой. Мен өзіме, қасымдағы серіктеріме, звеноға тұтас алғанда сенімдімін. Жағдайды бақылап, БП-не хабарластым. Шабуыл жасауға рұқсат сұрадым:

Рұқсат етемін! деді Шишкиннің таныс дауысы. Сақтандырғышты алың­дар! Шабуылға шығыңдар!

Ақ крестері бар қара коробкалар атысты тоқтатып, жазық алаңда жасы­рынатын жер іздеп, жортып жүр. Бірнеше танк жан сақтау мақсатында штурмовиктердің оғынан құтылу үшін біздің қорғаныс шебімізге ұм­тылуда, кілт тоқтап қалуда, мүмкін артиллеристтердің гранаталарынан жарақаттанды ма екен. Бес, он, мүмкін одан да көп машиналар саптан шықты. Көпшілігі жанып, қара түтін қаптап кетті.

Сайдан біздің танкистер шығып, қалған немістерді тура атып, басқа топтарды да тас-талқан етті.

Штурмовиктер аэродромға оралды. Ұшақтарға жанармай толтырып, тағы ұшамыз. Енді үш эскадрилья болып келеміз. Біріншісін мен, екіншісін Пошевальников, үшіншісін Виктор Чернышев басқаруда. Майдан шебінен өттік, оң жақта зенитті батареяны айналып барамыз. Мен аппараттан полк командирінің дауысын естідім:

Нысана біздің астымызда. Төрт айналым жасаймыз.

Автомашиналардың ұзын колон­насын көрдім. Алда танктер. Жолды жыртылған жер бөліп жатыр. Жау машиналары ешқандай қорғаусыз. Бұл барлығы «Ильдердің» жемтігі болады деген сөз.

Шабуыл жасаймыз! деймін мен командирден рұқсат алған соң, ұшақты биікке шығарып.

Менің эскадрильям алдымен реак­тивті снарядпен, сосын сол бойда танкке қарсы снарядпен атқылайды. Ұшақтан бомбаның қарғыбауы бөлініп, танкке қарсы бомба екінші рет тасталды. Эскадрильяның басқа ұшқыштары да солай жасады. Екі-үш рет танкілер қара түтінге көмілді. Төңкерілген авто­машиналар жанып, крестері бар қара жәшіктерге де снарядтар түсіп жатыр.

Эскадрилья соңғы айналымға барды. Мен өз эскадрильяммен ең соңғы танк пен машиналарды талқандадым. Екі танк ашық дала арқылы орманға тығылып, қашқысы келді, шлемофон арқылы қасымдағы әріптесіме:

Аллюр үш крест! Қуып жетіп, құр­тайық оңбағандарды!

Эскадрилья колоннаны түгел қи­ра­тып, бір танкіні сау қалдырмай, аэродромға ешқандай шығынсыз оралдық. Осы жолғы және де басқа штурмовиктердің табысын қорғаушы истребительдер қамтамасыз етті. Басқалар да біздер сияқты аспанда қожалық жасауда. Жеңіс күні жақындап келе жатты.

(Соңы. Басы өткен санда)

 

 

1031 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз