• Тарих толқынында
  • 30 Маусым, 2021

КӨШПЕЛІЛЕР ТАРИХЫНА ЖАҢА КӨЗҚАРАС

Әлемдік тарих ғылымында Ұлы даланы мекендеген жұртты көшпелі халықтар деген пікір қалыптасқан. Бірақ Ұлы даладағы тарихи процестің өзіне тән ерекшеліктері бар. Осыған байланысты Еуропаның кейбір ойшылдары өз еңбектерінде дала тұрғындарын «көшпенділер» деп атап, оларды тарих көшіне ілесе алмағандар қатарына жатқызған. Ағылшын ғұламасы Арнольд Тойнби әлем тарихын пайда болуы мен ыдырауына дейін бірнеше фазадан тұратын 21 өркениетке бөліп тастайды. Оның пікірінше, өркениет – екі критерийден және оның ұйымдастыру түрлері арқылы бағаланатын томаға-тұйық қоғам. Ол анықтаған өркениеттер тізіміне көшпелі елдер кірмеген. Еуропаның Освальд Шпенглер есімді екінші бір ойшылы өзінің «Закат Европы» деген еңбегінде адамзат тарихын зерттеу барысында теріс көзқараста болған. Оның және онымен қатарлас өмір сүрген Фернан Бродельдің де бүгінгі ғалым Самюель Хантигтон еңбектерінде көшпелілер өркениеті жөнінде бір ауыз сөз жоқ.

Әлбетте әлемдік тарих ғылымында көшпелі жұрттың тарихында  басымдылық танытқан  осындай көзқарас олардың тарихын объективті зерттеуге кедергі болды. Көшпелі елдің мәдениетіне және тарихына арналып жазылған шығармалар оқырман тарапынан күмән туғызды, оларды аңызға балады. Мұның өзі көшпелі қоғамның бүгінгі ұрпағы ортасында жаппай өзін-өзі кем санау, «тағдырдан жапа шеккен», «тарих көшінде артта қалған» синдромын ұстанғандар санын көбейтті.

Көшпелі елдер тарихын зерттеуде көрші Ресей елі көш бастап тұр. Өйткені қазақ жері оның геосаяси ахуалымен тығыз байланысты болғаны мәлім. Ресей басшылығы Орталық Азияны отарға айналдыру және оның халқын тиімді басқару ғылыми негізді қажет екендігін түсінді. Ресей Ғылым Академиясы құрамындағы  шығыстану, этнология және антропология, монголтану, археология институттары көшпелі елдер тарихымен айналысады. Орыс тарихшыларының ішінде проблеманы зерттеуге елеулі үлес қосқан С.А.Плетнёва, А.М.Хазанов, Г.Е.Марков, Н.Н.Крадин сияқты ғалымдарды айтуға болады. Мақаланың негізгі мақсатына көшпелілер тарихына қалам тартқан ғалымдардың шығармаларына толық талдау жасау кірмейді. Тек қана кейбір авторларды атап өтуді жөн көрдік.

C.И.Вайнштейн ХХ ғасырдың орта шеніне дейін бұғы өсірумен айналысқан Көшпелілер өміріне арналған еңбегінің жетінші тарауында Орталық Азияны мекендеген көшпелі тайпалар шаруа­шылығының генезисіне тоқталады. Мұнда автор көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын тайпалардың ортақ белгілері мен ерекшеліктері жөнінде қызықты пайымдаулар жасайды [Мир кочевников центра Азии. М.: Наука, 1991].

С.Плетнёва  Ресейдің оңтүстігін орта ғасырда мекендеген көшпенді тайпалардың материалдық мәдениеті жөнінде құнды еңбектер жазған зерттеуші. Археологиялық зерттеу нәтижесінде гун, түркі қағандығы, хазар, болгар, қыпшақ тайпаларының даму процесіндегі ортақ заңдылықтарды ашты [Кочевники средневековья, – М., 1982. – С. 32.].

А.Хазановтың  «Кочевники и внешний мир» атты монографиясында көшпелілердің сыртқы ортамен байланысы, отырықшы жұртпен және басқа да шаруашылық жүйелермен қарым-қатынасы туралы соны пікірлер айтылған. Автор көшпенділер өмірін кешенді түрде зерттеген алғашқы ғалым. Ол көшпенділер моделін жіктеуге, топтауға, типтеуге тырысқан.Тарихи генетикалық әдісті пайдалана отырып А.Хазанов көшпелі қоғамның генезисін, оның даму процесіндегі жетістіктері мен қиыншылықтарын көрсете білді. Ғалымның  осындай шаруашылықтың еуразиялық типінің басқа аймақтарды мекендейтін көшпелі жұртпен салыстыра зерттеуі назар аударарлық деп есептейміз [Кочевники и внешний мир. 3-е изд. Алматы: Дайк-Пресс, 2000. 604].

Г.Е.Марков Азия көшпелілері шаруа­шылығының құрылымы мен олардың қоғамдық құрылысына арналған зерт­теуінде олардың отырықшы елдермен байланысы жөнінде әңгіме өрбітеді. Әсіресе, олардың көрші елдермен сауда-саттық, мәдени байланыстарына кеңінен тоқталады. Орталық Азия және Сібір халықтарының Ресей империясының құрамына кіргендігі жөнінде де өз пікірін білдіреді [Кочевники Азии. М.: Изд-во Московского университета, 1976].  

Орыс зерттеушісі Н.Н.Крадин  өзінің номадизм поблемасын зерттеуге арналған монографиясында маркстік теорияны сынға алып, көшпелі қоғамның өзіне сай әлеуметтік эволюциясы болғандығын дәлелдейді. 2007 жылы Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының шешімімен  Алматыда жарық көрген монографиясына оның әртүрлі деңгейдегі ғылыми конференцияларда  жасаған баяндамалары, осы тақырыпқа арналған ғылыми мақалалары енген [Кочевники Евразии. Алматы: Дайк-Пресс, 2007. 416 с.].

Қазақстан ғалымдарының ішінен екі авторға тоқталуды жөн көрдік. Қазақ ғылымының аға ұрпақ өкілі С.Толыбековтың  монографиясы өз кезінде біршама пікір-талас туғызды. Экономика профессоры ХVІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық ахуалын көп жылдар бой зерттеп, жерге және малға меншік иелігіне байланысты пікірлер айтты. Ол қазақ қоғамында «общинная форма землевладения существовала не в условиях бесклассового родового строя, а в условиях классового общества» [Общественно-экономический строй казахов в ХVІІ-ХІХ веках.Алма-Ата. 1959. 139 б.] – деп жазады. Одан әрі ол «это общество было полуфеодальным-полурабовладельческим, причем все классы этого общества отличались своей недоразвитостью, незрелостью» [377 б.]. Ал, енді, оның  қазақ қоғамы әскери феодалдық немесе жартылай құлиеленуші және құлдар мен малсыз кедейлерден тұратын екі ғана таптан тұрды деген тұжырымы көңілге қонымсыз еді. Сол кездегі саясаттың лебімен жазылған  монография ғалымдар тарапынан қатты сынға ұшырады. Тіпті орталық басылымда жарияланған белгілі тарихшылар И.Я.Златкин, А.С.Тверитинова сын-пікірінде «рассматриваемая книга не обогощает наших знаний и не является шагом вперед в изучении сущности общественно-экономического строя казахов» деген қорытынды жасалды  [Вопросы истории, № 1, Январь 1961, C. 140-146].

Қазақстандық екінші бір автор Н.Е.Масанов көшпелілерге арнаған диссертациясы мен соның негізінде жариялаған монографиясында қазақтың халық болып қалыптасуында оның шаруашылығына айналаны қоршаған табиғаттың әсері болды деп қорытынды жасады [Кочевая цивилизация казахов. М. – Алматы: Горизонт; Социнвест, 1995.  с.377].

Жалпы ғалымның қазақ тарих ғы­лы­мындағы жетістіктеріне оң баға бергенімізбен, кей жағдайда онымен келіспейтін жерлерімізді де айта кетелік. Н.Е.Масанов «Мир Евразии» журналында 2008 жылы жарияланған «Реноме кочевников» мақаласында «кочевник не признает государственности, не платит налогов» дей келе, қазақта ешқашан мемлекет болған емес, оны Ресей жасап берді деген пікірді ұсынды: «Государственность в среду казахов была привнесена Российской империей». Бұл мақала «Қазақ  альманағы» басылымында қайта жарияланды [2012, №3, -141-152-б.].

Қарап отырсақ, соңғы екі автордың  тарихи көзқарасы бүгінгі ұлы державалық  шовинизмге азық беріп тұрған сияқты. Міне, осындай іштен шыққан «ғалымсымақтар» Еуропацентристер алдында өз елінің шынайы тарихын жазғысы келген отаншыл ғалымдарды жығып беріп отырғанын ойласа етті.

Қазақстан тарихын зерттеу мен насихаттау халықтың тарихи санасын қалыптастыру қазақтың бірегейлігін жасауда негізгі база болуға тиісті. Осыған байланысты тарихи құбылыстарды зерттеудің де, оны оқытудың да ұста-нымдарын (принцип)  анықтап алуымыз қажет. Келешекте көшпелі елдердің тарихына зер салған зерттеушілер осы принциптерді ескерсе деген ойдамыз.

Алғашқы принцип – ұлттық тарихтың басымдығы. Біз ұлттық тарихты әлем тарихының құрамдас бөлігі ретінде қарастыруымыз керек. Бірақ білім берудің ұлттық жүйесі тек  абстрактілі адамгершілік тәрбие, дағды мен білім қалыптастырумен шектелмеуі қажет. Ең жоғары мақсат қазақтың, бірегейлік негізі, ұлттық сананы қалыптастыру екендігін естен шығармағанымыз абзал. Әлем тарихын оқыту да осы мақсатты орындау жолында қызмет етуі қажет. Сондықтан, «Әлем тарихы» пәнінің мазмұны мен концепциясын қайта қарау кезек күттірмейтін шара. Әлемде болған күрделі тарихи уақиғаларды оқытқанда оларды қазақ тарихымен байланыстырып отыру пән әдістемесінің негізі болуға тиісті.

Екінші принцип қазақ тарих ғылымын отарсыздандыру. Жасыратыны жоқ, қазақ тарих ғылымы осы күнге дейін еуроцентристік эпистемологиядан арыла алмай жүр. Өткендегі тарихи уақиғалар мен құбылыстарға баға беру ескірген концепциялар негізінде жасалады. Ғылым­да мызғымастай болып орын тепкен стадиялық, формациялық, мирсистемалық концепциялар еуразиялық  аграрлы мал өсіру қоғамдарының келешегі бұлыңғыр, артта қалған шаруашылық ретінде ба­ға­лады. Әртүрлі циклды,стадиалды-циклды, оның ішінде, өркениет ілімдері өкілдері Еуразия көшпенділерін адамзат қоғамының «перефериясында» өмір сүріп жатқандардың қатарына қосты.

Әлемдік тарихнама концепцияларының бәрінен бірдей бас тарту ғылымға жасалған қиянат болар еді. Еуропа ғылымының алдыңғы қатарлы заманауи ілімдерін қазақ тарихының керегіне жарату, оны ғылымның шешімін таппаған мәселелерін қарастырғанда ұтымды пайдалану қа­жет. Қазақ тарихшылары зерттеу және оқыту барысында мына тезис доминант болуы қажет: «Скотоводческое общества Евразии, наследником которых является современное казахстанское общество-самостоятельный субъкт истории,а не объкт культурного и политического влияния «развитых» обществ» [14.75 б.]. 

Үшіншісі – тұтастық принципі. Бүгінгі ғылымда тарих екі бағытта қарастырылып жатыр: біріншісі – жердің тарихы, екіншісі – қоғамның тарихы. Тәуелсіздік жылдары ұлттық тарихтың пәні туралы пікір-талас жүріп жатқандығын білеміз. Марқұм профессор Қамбар Атабаев оқытылатын пәннің аты «Қазақ тарихы» болу керек деп талай мақала да жазды, конференцияларда да сөйледі. 

Дегенмен, пәннің атауын «Қа­зақ тарихы» дейтін болсақ, оның хро­нологиялық шеңберін тарылтып алар едік. Өйткені, тарихымызды ХV ғасырдың орта шенінен бастар едік. Әлбетте қазақтың тарихы «қазақ» атауының тарихи аренаға шыққан уақытынан басталмайтындығы бәрімізге де түсінікті. Бұл мәселе әлі де талқылауды,пысықтауды қажет етеді. Бұл келешектің мәселесі. Қ.Атабаевтың ұсынысы жүзеге асып қалуы да мүмкін. Ал енді халықтың тарихын оның территориясы тұрғысынан қарастыру методологиялық қателікке ұрындырары әбден мүмкін. Бүгінгі қазақтың тарихы да, оның  мемлекетінің шекарасы да кейініректе қалыптасты. Мемлекеттік шекара қазақтың этникалық ареалына  сәйкес келмейді. Сондықтан ел мен жердің тарихын бөлек қарастырар болсақ тарихи процестің бүтіндігінен айрыламыз.

Ұлттық тарихтың жаңа концепциясын Ұлы даладағы немесе Еуразия кон-тинентіндегі көшпелі өркениеттің пайда болуы, өркендеуі және күйреу  үдерісі ретінде қарастыру. Тарихи процестің жалпы алгоритмін мына төмендегідей схема арқылы көрсетуге болады:

* аграрлық қоғамның мал және егін­шілікпен айналысқан кешенді шаруашылық түрінде пайда болуы;

*жылқыны қолға үйрету арқылы ат­қа мінгендер қоғамы пайда болды. Мұ­ның өзі ел арасында байланыстың кеңеюіне жол ашты. Сөйтіп көшпелілер әлемдік өркениеттер арасында алтын көпір деңгейіне көтерілді. Азия мен Еуропа арасындағы қарым-қатынас орнады. Батыс елдері шығыстың мәдени жетістіктерімен танысты;

*өзен және теңіз жағалауына қоныс­танған адамзат қоғамдарының баламасы ретінде тарихи аренаға көтерілген екі бірдей (батыс-қазақ және шығыс-мұңғұл) орталығы бар аттылар өркениеті  Еуразия кеңістігінде доминанттық  дәрежеге  қол жеткізді;

*Еуразияны мекендеген, негізгі шаруа­шылығы мал және жартылай егін­шілік болған қоғамдардың гүлденуі, ыдырауы, дала империяларының бір орталыққа бағынуы немесе керісінше бөлініп кетуі, көшпелілердің қалалар мен егіншілік орталықтармен тығыз байланысы жаңаша талдауды қажет етеді;

*аграрлық қоғамның дағдарысы, Ұлы даладағы күйзеліс, Еуразия малшылар қоғамының соңғы тірегі Алтын Орданың ыдырауы;

*Алтын Орданың орнында пайда болған мемлекеттер арасындағы қақтығыстар, бақталастық, империяны қалпына келтіру ұмтылыстары, Қазақ хандығының құрылуы, Юань империясының мұрагерлері, Жоңғар хандығы тарихы;

*шаруашылықты модернизациялау арқылы тығырықтан шығу, бүгінгі қазақ этносының қалыптасуы.

Перманентті даму принципі. Бүгінгі таңда ғылымдағы басымдылық танытып отырған Еуразия даласын мекендеген көшпелі қоғамның материалдық және рухани мәдениетінің өзгермейтіндігі жөніндегі көзқарастан бас тартудың уақыты жетті. Мұндай концепцияның белең алуы ғылымда олардың ішкі процестері жөніндегі жеткілікті дәйектердің болма­ғандығына байланысты. Екінші бір себеп ғылымда қалыптасқан көшпелі жұрттың технологиялық жағынан артта қалғандығы жөніндегі стереотип, олардың өз бетімен даму мүмкіншілігі жоқ деген қисынсыз пікірдің басымдылығы.

Қазақ тарихын жаңаша бағалап, ондағы шикі концепцияларға сын айту үшін көшпелі шарушылықтың экономикалық тиімділігін ашып көрсету қажет. Оның алғашқы түр­лерінен  біздің заманымызға дейінгі даму үрдісіндегі прогрессивті өзгерістеріне ак­цент жасау, жиын-теру шаруашылығынан кешенді мал және егіншілік кәсіпке дейінгі көтерілу тарихындағы жетістіктерге тоқталу қажет. Әсіресе көшпелі жұрт пен қалалар арасындағы қарым-қатынастарға аса көңіл бөлгенде ғана олардың шынайы тарихына реконструктура жасай аламыз. Қала мен даланың материалдық және рухани өмірін бірінен-бірін бөліп қарастыруға болмайды.

Материалдық мәдениет саласында көшпелілер гундардың шатыры мен сақтардың арба үстіндегі күркелерінен ХІХ ғасырдағы Паң Нұрмағанбеттің 24 қанат киіз үйіне дейін қаншама өзгерістерге ұшырады. Алғашқы адамдардың үңгірінен, жер үй мен лашықтардан кешегі қазақтың дәстүрлі қоржын үйі мен тоқал тамдарына дейін тұрғын үй салу өнері қаншама жетістіктерге жетті. Еуропа елдері кейінгі кезде  қол жеткізген монша, су сақтау орындары, канализация әлем жұртшылығын осы күнге дейін таң қалдырады.

Рухани мәдениет саласында көптеген халықтардың қол жеткізе алмаған жазу-сызу өнері, тасқа басылған тарихымыз, философиялық және дидактикалық шығармаларымыз әлем халықтарының қатарынан орын алуға мүмкіндік берді. Қазақтың рухани мәдениетінің ескерткіші – ауыз әдебиеті үлгілері «Мәдени мұра» бағдарламасы арқасында 100 томдық кітап болып жарыққа шықты.

Халқымыздың саяси құрылымы да өз дамуында сақ патшаларынан бастап, үйсіндердің «гуньмосы», қаңғарлардың «күнбегі», түркілердің «қағаны», қыпшақ, Алтын Орда, қазақ хандары сияқты жоғары лауазымнан бүгінгі президенттікке дейін жетті. Қарап отырсақ, жоғары билікте легетимдік принциптің сақталғандығын байқаймыз. Халқымыз өз тарихында басынан өткізген ғұн, түркі және Алтын орда империяларының тарихынан сусындауы қажет.

Қорыта айтқанда, тарих халықтың кешегісі ғана емес, сонымен қатар, ол оның бүгінгісі және ертеңгісі. Мемлекет іргесінің берік болуы оның халқының сапасына байланысты. Тарихи сана қоғамдық сананың тұтас бір бөлшегі. Оны қалыптастыру мемлекеттік органдар, оқу орындары мен мәдени мекемелердің қасиетті борышы. Ал оларға ғылыми негіз беретін тарих ғылымы. Елдің толық тәуелсіздігі сананың тәуелсіздігіне тығыз байланысты. Жоғарыда көрсетілген принциптерді ұстану халқымыздың тәуелсіз тарихын жазуда септігін тигізер деген үміттеміз.

 

Еркін ӘБІЛ,

тарих ғылымдарының

докторы, профессоры,

 Мемлекет тарихы институтының директоры

Аманжол КҮЗЕМБАЙҰЛЫ,

тарих ғылымдарының докторы

 Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті профессоры

 

6338 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз