• Тарих толқынында
  • 30 Маусым, 2021

ДАҢҚТЫ ПАРТИЗАНШЫЛАР

Бақтылы БОРАНБАЕВА,
М.Өтемісов атындағы Батыс  Қазақстан  университетінің  доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

 

Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын зерттеушілердің дерегіне сүйенсек, ХХ ғасырдың қасіретті оқиғасы болған бұл соғысқа әлем халықтарының 80 пайызы қатысып, 110 млн. адам қолына қару алып, 40 мемлекеттің жері соғыс өртіне шалынып, майдан баталиясына 61 мемлекет тартылған екен. Дүниені оқ пен отқа ораған осы 1418 күн мен түннен біз іздестіретін тарихи дерек пен дәйек әлі де көп екені ақиқат. Мәселен, ел шетіне жау тигенде ерлермен бірге қолына қару алып, соғысқа аттанған майдангер қазақ қыздарының жауынгерлік ерлігі мен өнегелі өмір  жолы отандық тарих ғылымында  әлі  де  терең ізденіс нысанына  айналмай келеді.  

Жеңіс күнін жақындатуға үлес қос­қан жауынгер қыздардың әскери мамандықты игерудегі ерлігі жөнінде  Кеңес Одағының  маршалы А.И.Еременко: «Ұлы Отан соғысында қыздар араласпаған, қыздар  меңгермеген  әскери мамандық кемде-кем», – деп жазған еді. Ендеше, жауынгер қазақ қыздары  болса  аспазшы, хат тасушы, дәрігерлік көмек көрсету сияқты мамандықтарды игерумен  бірге, сол уақытта қыздар арасында сирек кездесетін ұшқыш, танкіші, мерген, пу­леметші, барлаушы, байланысшы сияқ­ты  әскери мамандықтардың бәрін де  игере  білген. Бұл пікіріміздің  дәлелі ретінде: Кеңес Одағының Батыры мерген Әлия Молдағұлова, Кеңес Одағының Батыры пулеметші Мәншүк Мәметова, шығыстан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз Х.Доспанова, сондай-ақ  Литва қаласын азат етуге қатысқан танк  экипажының құрамындағы  қазақ қыздары   кіші сержант Ж.Байтасова, К.Талқанбаева, К.Тоқбергенова, осы танк экипажының радист, пулеметшісі   Ж.Бисембаева, т.б. Міне, осылай майдан даласында ерлік көрсеткен  қазақ қыздарының тізімін республика көлемінде одан әрі жалғастыра беруге болады. 2015 жылы осы жолдардың авторы жариялаған  «Ұлы Отан соғысына қатысқан Батыс Қазақстан облысының қазақ қыздары» атты моно­графияға,  атап айтқанда: 300 рет әуе шайқасына қатысқан ұшқыш Х.Доспанова, І гвардиялық шабуылдаушы авиациялық полк құрамында Калинин, Солтүстік-Батыс, Брянск, І және ІІ Прибалтика, І және ІІ Белорус майдандарындағы сұрапыл соғыстарға және «Берлин» операциясына қатысқан радиобайланысшылар  Ғарифа Рахметова, Замиха Наушева, Подольск  Орталық мерген қыздар  мектебінің  түлектері «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін» медалінің иегері  Әлима Габдушева, Висла өзені маңындағы шайқаста  «ІІІ дәрежелі Даңқ» орденіне ие болған М.Кожахметова, «Ерлігі үшін» медалінің иегері ефрейтор, мерген қыз Мәлика Тоқтамышова,  Қызыл Жұлдыз ордені мен «Ерлігі үшін» медалінің иегері, әскери медициналық қызмет капитаны Роза Момынова, Сталинград шайқасына қатысқандар байланысшы Ағипа Кен­жеғалиева, «Ерлігі үшін» медалінің иегері медбике, әрі пулеметші Рабиға Зайнуллина, сондай-ақ Қиыр Шығыс майданына қатысқандар:   десантшы Қ. Ермекова,  байланысшылар Ә.Ниязғалиева, М.Үмбетова,  Қ.Ахметова, әскери көлік жүргізген С.Саркулова және соғысты Кореяның Хедзио қаласында аяқтаған байланысшылар Қ.Алмағамбетова, Ү.Есқалиева сияқты  қаһарман қыздардың жауынгерлік ерліктері жазылып жария­ланған еді. Демек, сол зерттеу еңбекке енгізілген партизан байланысшы, яғни,  Белоруссия жеріндегі № 8 партизан бригадасының  байланысшысы Қызыл  Жұлдыз ордені, «Отан соғысының пар­ти­заны» медалінің иегері Нұрғаным Байсеитова мен «Эфирдің сұр мергені»    атанған Карелия  майданындағы  партизан штабының ІІ класты байланысшысы   Майра Мақатованың  жауынгерлік өмір жолдарын  оқырман қауым  назарына  ұсынғанды ұрпақ парызы санадық.

Екінші дүниежүзілік соғыс тарих­намасында  партизандық қозғалыс маңызды орын  алады. Гитлершіл Гер­мания уақытша басып алған аймақтарда оккупанттарға қарсы күрес жүргізу үшін кеңес халқы партизандық отрядтарға топтасып,  кейін ірі бригадалық құра­маларға бірікті.

  Стихиялы түрде ұйымдасқан мұндай партизандық топтар алғашқыда майдан шебіне өте алмай, жау қоршауында қалған Кеңес Армиясының командирлері мен жауынгерлерінен, сондай-ақ  саяси қызметкерлер мен лагерьден қашып шыққан әскери тұтқындардан жасақталды. Неміс фашистерінің зорлық-зомбылығын көріп, ашынған жергілікті халық – жұ­мысшылар, колхозшылар, әйелдер мен балалар, қарт адамдар да қосылып, партизан отрядтары құрамының санын үздіксіз арттырып отырды. Осылайша жау тылында кең қанат жайған партизандық қозғалысты Қызыл Армияның соғыс қимылдарымен үйлесімді жүргізіп отыру  үшін КСРО Қорғаныс Комитетінің  1942 жылы 5 қыркүйекте «Партизандық қозғалыстың міндеттері туралы» жарлығы шығарылды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында жау тылында әр түрлі ұлт өкілдерінен құрал­ған 1 миллионнан астам кеңес халқы 6200-ден астам партизандық отряд пен астыртын құпия топтардың құрамында соғыс жүргізді. Олар 58 брондалған поез бен 50 мың автомашинаны жойып, 12 мың көпірді жарып, 20 мыңнан астам  темір жол эшелондарын  талқандады. Сөйтіп жау тылында жүргізілген пар­тизандық соғыстың нәтижесінде гитлершіл басқыншылардан азат етілген Бело­руссия, Брянск ормандары және т.б. аймақтарда кеңес өкіметі қайта құрылып, партизандық күштердің тірек базалары кеңейіп, «партизан зоналары» құрылды. Белоруссия ормандарында 199 бригадаға біріккен 1108 партизан отряды  құрамында 370 мыңнан астам жауынгер болды.

Ұлы Отан соғысы тарихында  жалпы­халықтық және көпұлттық сипат алған партизандық қозғалыс  кеңес хал­қының неміс басқыншыларына қарсы күресінің өзіндік ерекшелігі болды. Соғыс майданына тартылған барлық партизандық бригадалар мен отрядтар көп ұлтты жауынгерлерден құралды, олардың арасында қазақтар да болды.   Мәселен, Белоруссияның әртүрлі аймақтарында  соғыс жүргізген 65 партизан бригадасы мен отряд құрамында өзге ұлт өкілдерімен бірге  бір жарым мыңнан астам қазақстандықтар ерлікпен шайқасты. 

1941 жылы 29 маусымда уақытша жау қолында қалған Белоруссия тер­риториясында партизандық күресті күшейту жөніндегі КСРО ХКК мен Белоруссия КП(б) ОК-нің: «В занятых врагом районах, создавать партизанские отряды диверсионные группы для борьбы с частями вражеской армии, для разжигания партизанской войны всюду и везде, для взрыва мостов, дорог, порчи телефонной и телеграфной связи, поджога складов и.т.д.  В захваченных районах создавать невыносимые  условия для врага и всех его пособников, преследовать и уничтожать их на каждом шагу, срывать все их мероприятия» деген нұсқауы және Белоруссия КП(б) ОК-нің 1941 жы­лы 18 шілдедегі «Жау тылындағы күресті ұйымдастыру шаралары» атты республикалық, облыстық, аудандық  кеңес ұйымдарының партиялық басшы­ларына жау тылында партизандық соғысты ұйымдастыруды міндеттеген қаулысы Белоруссия партизандарының әскери бағдарламалық құжатына айналды.

1942 жылы мамырда БКП (б) ОК-нің нұсқауымен партизандық қозғалыстың Орталық штабы (ПҚОШ) құрылды. Бұдан кейін осы ПҚОШ және Одақтас республикалардағы Компартияның Орталық Комитеті  мен облыстық партия комитеті басшылары жетекшілік еткен республикалық және облыстық партизандық қозғалыс штабтары құрыла бастады.

Кеңес әскерлері 1943 жылы жазда жап­пай шабуылға көшкен кезде партизандық қозғалыстың Орталық штабы  «темір жол соғысын» («рельсовая война») бастады. 1943 жылы 3 тамыз - 15 қыркүйек күндері аралығында жау тылындағы шойын жол магистральдарын жаппай қирату мақсатындағы Кеңестік партизандардың жүргізген  соғыс операциясы  шартты  атаумен (кодовое наименование) «темір жол соғысы» деп аталды. Осылайша пар­тизандық күштердің қиян-кескі шайқасы нәтижесінде сәтті аяқталған бұл операция, 1943 жылы 50 күн мен түнге созылған атақты Курск шайқасында Кеңес Армиясының жеңіске жетіп, кеңес-герман майданында жаппай шабуылға көшуіне үлкен көмегін тигізді. 

Осылайша, неміс фашистері басып алған территорияларда Қарсыласу қозғалысы күшейген соң, 1942 жылдың жазы мен күзінде неміс командованиесі тұрақты әскерлерінің 24 дивизиясын майдан шебінен  алып, партизандарға қарсы  соғысқа  жіберуге мәжбүр болды.

Белоруссия елінің партизандық қозғалыс тарихында  № 8- Брест  бригадасы (Бригада командирі полковник С.Г.Жунин, комиссары В.А.Петров, штаб бастығы К.И.Матеж) үлкен орын алады. 1943 жылдың 5 желтоқсанына дейін бұл бригада 36, 8, 12, 28, 30, 24 және  40-партизан отрядтарының құрамы негізінде Могилев облысының Круглянск ауданы аймағында жау тылында партизандық соғыс жүргізді.

Белоруссияның Могилев, Брест, Минск және Пинск облыстарының бірқатар жерлерінде партизандық ашық соғыстар жүргізген №8 партизан бригадасы 1944 жылы 12 шілде күні Қызыл Армияның алдыңғы шебіне қосылғанға дейін жаудың 20 мыңға жуық солдаты мен офицерін жер құштырып, 34 темір жол мен 2444 тас жолдардағы көпірлерді талқандады, 409 авто және бронемашинасын, 214 эшелон мен 49 жау әскерінің гарнизонын жойды. Сондай-ақ 1943 жылғы Могилев облысындағы астық өнімін неміс фашистерінің иеленуіне жол бермеді. Брест облысынан  Германияға каторгалық жұмысқа айдалып бара жатырған 24000 кеңес азаматтарын құтқарып қалды. 

Демек,  №8 партизан бригадасының жауынгерлік ерлігін кеңірек жазуымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені, осы бригада құрамында ерлікпен шайқасып, бело­рус халқының сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген  38 қазақстандық партизан жауынгерлердің арасында радиобайланысшы қазақ қызы Нұрғаным Байсеитова да болды.

Нұрғаным Бекенқызы Байсеитова 1923 жылы 8 наурызда Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған Нұрғаным інісі Абзалмен бірге Жәнібек ауылындағы балалар үйінде тәрбиеленіп өседі. 1936 жылы балалар үйі әкімшілігінің шешімімен Нұрғаным Орал қаласындағы (бұрынғы Сталин қазіргі Октябрь көше­сіндегі) облыстық музыкалық мектеп интернатына  ауыстырылып, скрипка класына қабылданады. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив қорындағы Н.Байсеитованың өз қолымен жазған ғұмырбаянында: «Закончился 1940-1941 учебный год. Побыли на выпускном вечере, очень скромный, но для нас был радостным. Я жила в интернате при музыкальной школы по улице Почиталинский. Вернулись с вечера очень поздно. Уснула очень крепко (Это было 20 июня 1941г.). Приснился сон, как будто к нам в интернат пришел Сталин. Я с ним хочу идти в столовую, и он снимает свою шинель отдает мне и я проснулась. Сон очень взволновала меня», – деп жазады. 9 класс бітіруші түлектердің  салтанатты кешінен оралған күні  түнде көрген Нұрғанымның бұл түсі оған көп кешікпей бейбіт өмір тыныштығының бұзылатындығынан хабар бергендей еді...

Соғыс туралы суық  хабарды естіген Нұрғаным қалалық әскери комиссариаттың табалдырығын тоздыра жүріп, 1942 жылдың сәуір айында бір топ құрбылары Роза Әбдірахманова, Халима Бекеева, Ғарифа Рахметова, Замиха Науышева, Майра Мақатовамен бірге Мәскеу қаласындағы  радиобайланысшылар дайындайтын курсқа жіберіледі. Бұл жөнінде Майра Мақатова: (майдангер ана 2014 жылы 93 жасқа қараған шағында өмірден озды) «Бізді Мәскеудің Қазан вокзалында әскери адам қарсы алып, Ворошилов атындағы казармаға орналастырды. Ертеңіне бізге әскери киімдер берілді. Курста әскери қатаң ережелерді үйреніп, соғыс даласында қолданылатын қарудың түрлерін, әсіресе, байланысшының жоғары деңгейдегі есте сақтау қабілетін қажет ететін  Морзе құрылғысының жұмысын  еркін меңгеріп шықтық», – деп жазды. 1942 жылы күзде курсты тамамдаған радиобайланысшы қыздардың арасында ерекше қабі­летімен көзге түскен Н.Байсеитова курс басшыларының ұйғарымымен енді жау тылындағы байланысшыларды дайындайтын арнайы мектепке жіберіледі.

Қысқа мерзімді курстың оқу бағ­дарламасының күрделілігіне қарамастан, Морзе әліппесін эфирден келген дыбыс арқылы оқуды жете меңгерген  байланысшы  Нұрғаным әсіресе,  биіктіктен парашютпен секіру сияқты арнаулы пәндердің қиындығын да жеңе білді.

Сөйтіп, 1943 жылдың шілде айында арнаулы байланысшылар дайындайтын мектепті  үздік бітірген Нұрғаным Байсеитова  Москва түбіндегі Сходня поселкесінде орналасқан Белоруссия партизандар қозғалысы штабының бастығы Петр Захарович Калининнің (бұрынғы БКП(б) ОК-нің ІІ хатшысы)  қабылдауында болады. Штаб бастығы фашистер уақытша жаулап алған Бело­руссия жерінде жаудың стратегиялық жоспарларына қарсы  партизандар таяуда «Концерт» операциясын бастайтындығын айтып, жау тылына арнайы ұшақпен жеткізілетін байланысшы  Н.Байсеитоваға Орталықпен байланысты қамтамасыз ету міндеті жүктелетіндігін түсіндірді.

Осылайша, штаб бастығының қолынан  жаңа рация мен құпия байланыс шифрды және компас пен автоматты  қабылдап алған  он тоғыз жасар Нұрғаным Бай­сеитова,  1943 жылы  шілде айының қараңғы түнінде Могилев облысы, Круглянск ауданы аймағындағы  № 8-бригаданың №15 отрядына арнайы ұшақпен жөнелтіледі. Алайда офицердің берген белгісінен кейін парашютпен төменге қарғыған Нұрғаным  өзіне бес жерге арнайы жағылып қойылған оттың аумағынан ауытқып, батпақты қалың орман арасына келіп түседі.

Орталықтан байланысшы қыздың жіберілгендігін естіп, іздеуге шыққан партизандар рация мен автоматын асынған күйде әбден қажып шаршаған  қазақ қызын 4 тәуліктен соң ғана тауып, 80 шақырым жердегі штабқа атқа мінгестіріп алып келеді. Бұл жөнінде партизан ана: «Партизандар да жарқанат секілді күндіз бой тасалап, тек түнде жүретін тәртіп бар, үшінші күні түнде таң ата межелі жерге жеттік.  Менің балалық шағым осылай аяқталып, жау тылындағы жастық шағым басталды. Мүлдем өзге өмір жолым басталды. Отрядқа  келгенімде, «мына қазақ қызының қолынан не келеді» дейсің деп ойлады-ау деймін командирім Сергей Григорьевич Жунин мені өте салқын қабылдады, құпия құжаттарым бар еді, тапсырдым да Орталықта отырған П.З.Калининге «доехала благополучно, но должных условий не создали», – деп жеделхат жөнелттім. Осыдан соң Мәскеуден хабар келсе керек, кейіннен С.Г.Жунин едәуір жұмсарды. Бүкіл отрядта қазақтан жалғыз едім, маған қарап бүкіл қазақ деген ұлтты бағалайтындай әсерде болып, барымша халқымның намысын, қабілетін көрсетуге тырыстым» – деп жазады. Партизан отрядының байланысшысы міндетін атқаруда қазақ қызының жоғары кәсіби біліктілік пен жауапкершілік танытқанын: «Комсомолка Н.Байсеитова после окон­чания специальных курсов радистов прибыла в распоряжение Белорусского штаба партизанского движения. Моло­дая партизанка выполняла не только обязанности радистки, но и поручения разведывательного характера, участвовала в боях», – деп жазылған мына құжат мазмұнынан да анық көруге болады.

Радиобайланысшы Нұрғаным Бай­сеитова жау тылынан Орталыққа маңызды мәліметтер жеткізіп, 8-партизан бригадасы мен  Могилев облысында астыртын құпия жұмыс жүргізетін партия ұйымдары мен топтардың «Концерт» операциясына дайындығы туралы хабарлап отырды.  Байланысшы міндетін мүлтіксіз атқарған Нұрғанымның эфирдегі лақап аты «Нина» болатын, ал Орталықтағылар оны «Скрипкашы қазақ қызы» деп те атайтын.

Әскери тарихи құжаттарға сүйенсек, жау тылындағы үлкен аймақта темір жол магистралдарын талқандап, неміс басқыншыларының жүк тасымалы қызметіне жаппай тосқауылдар жасау мақсатында 1943 жылғы 19 қыркүйектен сол жылдың қазан айына дейінгі аралықта кеңестік партизандардың жүргізген әскери операциясы шартты түрде «Концерт»  деген атауға ие бол­ған еді. «Рельс соғысының» жалғасы танылған бұл операцияны Партизандық қозғалыстың Орталық штабы жоспарлы түрде басқарып, кеңес әскерлерінің шабуылымен тығыз байланыстырып, үйлесімді жүргізіп отырды. «Концерт» операциясына Белоруссия, Балтық жағалауы,  Карелия, Қырым, Ленинград және Калинин облыстарындағы 120 000-нан астам адам қамтылған 193 пар­тизан отрядтары тартылды. Операция нәтижесінде 148557 рельс жолдары бұзылып, тек Белоруссия жерінде ғана 150 мыңдай рельс талқандалып, жаудың соғыс жүктерін тасымалдау көлемі 40 пайызға кеміді.

Деректерден «Концерт» опера­циясының неміс-фашистерін біраз  дүрліктіргенін аңғаруға болады. Мәсе­лен, немістің күзетші әскер корпусы командирінің «Орталық» армия штабына жіберген хабарында:«Партизандар темір жол қатынасын тұтқиылдан және жоспарлы түрде бұзу арқылы біздің жүк тасымал қызметін бүлдіру жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген кең көлемде операция жүргізді» , – деп баяндайды.

 «Концерт» операциясынан кейін фашистер партизандарға қарсы күресті күшейтіп, жазалаушы отрядтар санын көбейтіп, арнайы әскери бөлімдерін жасақтайды. Осындай жаудың жаза­лаушы отряды бір күні №8-партизан бригадасындағы Нұрғаным Байсеитованың рациясы тұрған партизандар бөлімшесін қоршауға алады. Байланысшы Нұрғаным дереу эфирге шығып, көрші отрядқа шұғыл хабарлап, рацияны мұқият жасырғаннан кейін автоматтан оқ жаудырып жауды қарсы алады. Байланысшының хабарынан соң көрші партизан отрядтары да көмекке үлгеріп,  жаудың жазалаушы отряды кейін шегіндіріледі.

Осылайша бірнеше рет жаумен бетпе-бет ұрыстарға қатысқан байланысшы Нұрғаным партизандармен бірге барлауға да шығып, жергілікті халық арасында  неміс фашист оккупанттарына қарсы саяси-бұқаралық үгіт жұмыстарын жүр­гізуге де қатысады. Нәтижесінде Брест облысы аймағындағы №8-партизан бригадасында бастапқыда 946 адам болса, кейін  1944 жылы  Қызыл Армияға қосылар қарсаңында партизан бригадасындағы жауынгерлердің  саны 1088-ге жетеді.

Радиобайланысшы Нұрғанымның жауынгерлік өміріндегі ұмытылмас оқиға Белоруссияны фашист басқыншыларынан азат етіп «Багратион» операциясын аяқтап келе жатқан Қызыл Армия әскерлерімен № 8-партизан бригадасының 1944 жылы шілдеде Польша жеріндегі салтанатты қосылу мерекесі болды.

Осылайша №8-партизан бригадасы қатарында жау тылында ерлікпен шайқасып, Кеңестік Белоруссия тер­ри­ториясын азат етуге қатысқан радио­байланысшы Нұрғаным Байсеитова  КСРО Жоғарғы Кеңесінің № 202 бұйрығы бойынша Қызыл Жұлдыз ордені және «Отан соғысының партизаны» медаліне ие болды.

Партизан байланысшы  қазақ қы­зы­на: «Байсеитова Н.Б. – радистка 8-й партизанской бригады, к работе относилась добросовестно, трудолюбивая. Бережно хранила материальную часть радиостанции и шифрованные документы. В общественной жизни  участие при­нимала. Политически благонадежная.

За добросовестное отношение к своим обязанностям радистки в условиях вражеского тыла представлена к прави­тельственной награде – ордену Красной Звезды.

Командир полковник №8-партизанской  бригады С.Г.Жунин. Начальник штаба  майор К.И. Матеж», – деген мазмұндағы жауынгерлік мінездеме жазылды.

Соғыста жүріп белорус тілін де тәп-тәуір үйреніп алған Нұрғаным соғыс аяқталғаннан кейін, Батыс Белоруссия аудандарында Кеңес өкіметін қалпына келтіру және нығайту ісіне белсене араласады. Бұл туралы майдангер: «Жау езгісінен азат етілген белорус бауырлар – совет өкіметін құшақ жая қарсы алды. Олар өзінің халықтық өкіметін нығайтуға, соғыста бүлінген шаруашылықты қалпына келтіруге атсалысты. Бірақ халықтың жаңа өмір жолындағы күресіне кеселдік келтіруге тырысқандар да болды. Бір кезде гитлершіл барлау қызметінің басшылығымен құрылған  «Белоруссия тәуелсіз партиясы» дейтін ұлтшыл ұйымның жетекшілері Совет әскерлерінің тылында бірнеше диверсиялық топтар құрды. Опасыз ұлтшылдар әсіресе жергілікті партия, комсомол қызметкерлерін қапы­лыста өлтіріп кетуге тырысты және басқа да әрекеттерін жүргізді. Әлбетте туысқан белорус халқының ұлттық жақсы қасиетін білдіретін ондай опасыздар емес қой. Мен ол халықты аса жоғары бағалаймын. Белорустар  менің нағыз бауырларым сияқты болды», – дейді.

Сұрапыл соғысты Польша түбінде аяқтағаннан кейін де Нұрғаным Белоруссия жеріндегі партизандық өмір­дің ауыртпалығын бірге көрген қарулас бауырларымен хабарласып тұрды. Әсіресе, майдангер Нұрғаным үшін әскери басшы ғана емес, туған әкесіндей қамқоршы болған 8-партизан бригадасының коман­дирі Сергей Георгиевич Жуниннің:

«Сәлеметсіз бе, Нина!»

Тегі, сіз қазір ана болған боларсыз, сондықтан Сізді Нина деудің өзі де қолайсыз сияқты. Бірақ мен сізді осылайша атай берейін, өйткені сол бір кезде Сіз менің өз қызымдай болдыңыз...

Жуықта маған А.Никиченко келіп кетті. Ол қазір Барановичте тұрады. Онда біздің партизандарымыз көп көрі­неді. Сіз туралы сұрады, батысқа қарай жасаған жорығымызды еске түсірді. Маған өзіңіздің қазіргі өміріңіз туралы жазуыңызды, фотосуретіңізді жіберуіңізді өтінемін ...

Сіздің деніңіз сау болуын, Отаны­мыздың даңқын арттыра түсу үшін табыстарға жете беруіңізді, ең ізгі жақсылықтар тілеймін.

Сізді шын жүректен құрметтеуші С.Жунин», – деген хатының орны ерекше.         

Радиобайланысшы Нұрғаным Бай­сеитованы кешегі қаруластары ғана емес, белорус елінің жас ұрпақтары да құрмет тұтып, оған Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында құттықтау хаттар мен шақырулар жіберіп тұрды. Мәселен, Минск қаласынан жазылған мына бір хатта №100 мектеп оқушылары мен мұғалімдері: «Бізді Сіздің қазіргі  өміріңіз, жанұяңыз қызықтырады. Егер өзіңіздің отбасымен түскен суретіңіз болса, жақсы болар еді. Биыл мамыр айында біздің мектепте №8-партизан бригада партизандарының кездесуі болады. Барлық партизандар жиналады. Сізді де осы кездесуге келеді деп үміттенеміз», – деп жазылды.

Соғыстан аман-сау елге  оралған партизан қыз Нұрғаным  1949 жылы соғыс ардагері Сәти Иманғалиевпен отау құрды. Жоғарыда айтылғандай жауынгер ананың жазған ғұмырбаянында: «Моя радость дети. Я с мужем нажили 3 сына, 5 дочерей, 15 внуков. Все они очень хорошенкие один лучше другого. Самая старшая внучка Индира играет на скрипке, продолжает мои мечты. Внуков очень люблю и желаю им покой и счастье», – деп жазады.  Қос ардагердің  балаларының барлығы да жоғары білімді. Зейнет демалысына шыққанға дейін жауынгер ана бастауыш мектеп мұғалімі қызметін атқарды. Ері Сәти Иманғалиев 1989 жылы қайтыс болды.

Соғыс ардагері,  абзал ана 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай, Тұңғыш Президент  Н.Ә.Назарбаевтың шақыруымен Астана қаласында  болып, халқының құрметіне бөленді. Алайда тағдыр әскери радиобайланысшы Нұрғаным Байсеитоваға Жеңістің 75 жылдық мерейтойын көруді жазбады. Партизан жауынгер ана 1998 жылы дүниеден озды. 

«ЭФИРДІҢ СҰР МЕРГЕНІ» БАЙЛАНЫСШЫ МАЙРА МАҚАТОВА

Ұлы Отан соғысы жылдарында  Карелия майданындағы Орталық партизандар штабының радиобайланысшысы болған қазақ қызы Майра Мақатова партизандар арасында «эфирдің сұр мергені» атанған еді.

Майра Мақатқызы 1922 жылы 16 маусымда Орал облысы Тайпақ ауданы Сайқұдық ауылында шаруа отбасында  дүниеге келген. Әкесі қайтыс болған соң, кішкентай 4 қызбен қалған анасы үлкен екі қызының  оқуын ойлап,  9 жасар Майраны сіңлісімен бірге  аудан орталығындағы  мектеп интернатқа оқуға орналастырады. Анасының үмітін ақтап, жасынан зерек, алғыр болып өскен Майра кейін облыс орталығы Орал қала­сындағы №4 мектеп интернатында (қазіргі С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп) оқуын жалғастырып, мектепті үздік  бітіріп шығады.

Алайда, осы кезде   адамзат баласы үшін  қасіретті Ұлы Отан соғысы басталады. Өз еркімен майданға аттануды жөн деп санаған 19 жасар Майра  Орал қалалық комсомол комитеті атына өтініш жазады. Сөйтіп,  1942 жылы 12 сәуірден бастап Майра Мақатова Оралдағы Москва қала­сынан эвакуацияланып келген әскери радиотелеграфшылар дайындайтын училищеде оқыды. Ардагер ананың айтуынша, неміс фашистерін кейін ше­гін­дірген соң, Оралдағы радистер дайындайтын училище Москва қаласына  қайта көшіріледі. Курста оқып жатқан байланысшы қыздар оқуды  вагон ішінде жалғастыра отырып, тауар тиелген поезбен Москваға жеткізіледі.Сөйтіп, 4 айлық  курсты тәмәмдап, морзе әліппесін эфирден келген дыбыс арқылы оқуды жете меңгерген Майра ІІ класты әскери радиобайланысшы атанады. 1942 жылдың қараша айында, яғни, сұрапыл соғыстың екінші кезеңі тұсында байланысшы Майра  Карелия майданының Орталық партизандар штабына аттанады. Дерек­терге жүгінсек, Карель-Фин партизандық қозғалыс штабы Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің қаулысымен   1942 жылы 30 мамырда құрылып,штаб бастығы С.Я.Вершанин тағайындалған еді. Міне, енді Карель жеріндегі  партизандық қозғалыс  штабының байланысына маңызды жауаптылық қазақ қызы  М.Ма­қатоваға жүктеледі.

Ендеше, М. Мақатованың жауынгерлік өміріне қатысты болғандықтан, 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап, Карелия майданы атанған Солтүстік майдан әскерлерінің соғыс қимылы жөнінде айта кетуді орынды санадық.

Германияның Кеңес Одағына шабуыл қарсаңында кеңес-фин шекара аймағына неміс фашистерінің «Норвегия», Оңтүстік-Шығыс және Карельфин армиясы кең көлемде шоғырландырылды. Оларды немістің 5-әуе флоты қорғап тұрды. Жалпы Карель жеріне жаудың 20 дивизиясы орналастырылды. Алайда, жау күшінің басымдығына қарамастан, кеңес әскерлері фашистік Германияның КСРО-ның солтүстік аудандарын жаулап алып, Карель мойнағында фин және неміс әскерлерінің бас түйістіріп, Ленинград  блокадасының (қоршауының) екінші шеңберін құру жоспарын жүзеге асыруына жол бермеді.

Міне, осылайша солтүстіктегі соғыс­тың қайнаған ортасында партизан  отряды штабының радиобайланысшысы  міндетін мүлтіксіз атқарған Майра пар­тизандар арасында «эфирдің снайпері» атанып кетеді. Бұл жөнінде майдангер ана: «Орыс тілін білмегендігім маған қатты қиындық келтірді, алайда бірер жыл ішінде біршама тым тәуір үйреніп алдым. Орталық штаб­­тың радиостанциясына шифрлы мәліметтерді жіберіп отырған партизан отрядтары байланысшыларын бір-бірімен шатастырмай байланыстырып отыру менің әскери жауынгерлік міндетім еді. Соғыс даласындағы зуылдаған, гүрсілдеген оқ даусының арасынан партизан отрядының байланысшысының даусын естіп, мәлі­метін дәл қабылдап алу, соғыстағы адам тағдыры мен  әскери операцияның табысты өтуін шешіп отырды», – дейді.

Осылайша Отан алдындағы жауын­герлік міндетін адал атқарған байланысшы қыз 1945 жылы тамыз айында елге 10 күндік демалысқа жіберіледі. Майра поезбен елге келе жатырған жолында, Жапон елін талқандаған Кеңес Одағының жеңісі   құрметіне  Москва қаласында беріліп жатырған салютті көріп тамашалайды.

Майра Мақатова Жоғары Бас қол­бас­шының бұйрығынан кейін, 1945 жылы қазан айында соғысты Карель жерінде аяқтайды. Жауынгерлік ерлігі үшін ол «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Советтік Запольярені қорғағаны үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.

Елге оралған соң, майдангер қыз 1946 жылы Оралдағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың тарих фа­культетіне оқуға қабылданып, студент атанды. Майрамен бірге майданнан келген жауынгерлер болашақ тарихшы ғалымдар Ғ.Сүйіншалиев, П.Р.Букаткин, Р.Нафигов, өлкетанушы Ж.Ақбай, т.б. сияқты қоғам қайраткерлері де оқыды. Солардың бірі соғыс және еңбек ардагері, Ақжайық аудандық Чапаев орта мектебінің  40 жыл директоры қызметін атқарған И.Подкуйко: «Біздің топты аса құрметпен «гвардиялық топ деп атайтын. Өйткені институт бойынша  жалғыз біздің топта оқыған   студенттердің жетеуі бірдей – соғыстан қайтқан солдаттар болса, олардың ішінде жалғыз қыз – Майра Мақатова болды», – деп мақтанышпен жазды. 1950 жылы институтты аяқтап, тарихшы мұғалім атанған Майра Жәнібек ауданына орта мектепке жұмысқа жолданады. Сол жылы Майра соғыс ардагері  Батыс майданда жаяу әскер командирі болған Ғайнолла Абрахмановпен бас қосып шаңырақ көтерді. 1954 жылы запастағы офицер Ғайнолла Абдрахманов Германия Демократиялық Республикасындағы Кеңес армиясының  құпия бөлім қызметіне шақырылады. Үш жасар ұлын ерітіп,  Майра да ерімен бірге бір жыл Германия (ГДР) елінде болып қайтады. 1955 жылы елге қайтып оралған олар Орал қаласына іргелес жатқан Федоровка ауылындағы орта мек­тепте ұстаздық қызметін жалғастырды. Жанұяда 3 бала тәрбиелеп өсірді. Майра Мақатова әскери училищеде бірге оқыған радиобайланысшы  құрбыларымен ұзақ жылдар бойы байланысын үзбей, 1972 жылы Мәскеуде, 1982 жылы Беломорскде, 1987 жылы Петрозаводск қалаларындағы майдандастар кездесуіне қатысып, құрбыларымен қауышып қайтты.

  Зейнет демалысына шыққанға дейін өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған жауынгер, ұстаз Майра Мақатова «Құрмет белгісі» орденімен және «Қазақ ағарту ісінің үздігі»  белгісімен  марапатталды .

Майдангер ана 2014 жылы  93  жасына  қараған  шағында  дүниеден  озды. Халқымыз «Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран» дейді. Отан үшін от кешкен  партизан байланысшы жауынгер қазақ қыздарының жауынгерлік ерлігі мен өнегелі өмірін жас ұрпақ үлгі етеді,  мәңгілік мақтаныш тұтады. 

        Майдангер ана Н.Байсеитова 

 

Н.Байсеитованың ғұмырбаяны 

 

ТАРИХИ СУРЕТТЕР СЫР ШЕРТЕДІ

Байланысшы  жауынгер Майра Мақатова  (оң жақта)

 

Майдангер М.Мақатова (сол жақта бірінші) қаруластарымен  бірге. Петрозаводск қаласы. 1985 ж. 

Майдангер М.Мақатова (алдыңғы қатар сол жақта екінші) қаруластарымен  бірге Петрозаводск қаласы. 1985 ж.


Майдангер  ұстаз М. Мақатова Федоровка орта мектебі – тарих пәнінің мұғалімі. 1966 жыл.

Сержант М.Мақатованы «Кеңестік Запольярені қорғағаны үшін» медаліне  ұсыну  актісі. 

 

2690 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз