• Ел мұраты
  • 30 Маусым, 2021

ЮНЕСКО ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

Жанар ҚАБДІРАХИМҚЫЗЫ,

журналист

Бүгінде ЮНЕСКО сөзін жиі естиміз. Әрине, белгілі бір ұйым екенін саналы түрде ұғамыз, алайда қандай бағытта жұмыс жасайтынын білеміз бе? Қазақстан мен ЮНЕСКО-ны не байланыстырады? Қандай іс-шаралар бірлесе өтуде? Қазақстан Республикасының аталған ұйымға мүшелігінің тиімділігі неде?

ЮНЕСКО – БҰҰ-ның білім беру, ғылым және мәдениет жөніндегі дүниежүзіндегі мәдени және табиғи мұраларды қорғау ұйымы. 1945 жылы  қараша айының 16-сында құрылып, 1972 жылы дүниежүзілік мәдени мұраларды қорғау жөнінде қарар қабылданған. Штаб-пәтері Францияның астанасы Париж қаласында орналасқан. Қазақстан бұл ұйымға 1992 жылдың мамыр айының 22-сінде мүше болып қабылданып, сол уақыттан бері белсенді әріптестікке ерекше ден қойған. 

ЮНЕСКО мүшелігінің елімізге тиімділігі неде? Бізге мәлімі бүгінгі таңда табиғи зардаптарға орай, адамдардың кеселінен жоғалу алдында тұрған не қауіпті жағ­дай төніп тұрған аса бағалы тарихи ес­керткіштер мен мәдени ошақ көздерін қайта қалыпқа келтіруде және әлемдік құндылықтар көзі іспетті мұраларымызды қалыпты қатарға қосу үшін еліміз осы ұйыммен бірлесе белсене жұмыс жасай алатындығы қуантады. Еліміздің қарқынды дамуы мен кемел келешегі үшін ұлттық тарихымызды, мәуелі мәдениетімізді, таңғажайып тарихи ескерткіштерімізді естен шығармауға тиіспіз. Десек те,  табиғи апаттар салдарынан жойылу алды қаупінде тұрған қайталанбас мәдени ошақтарымызды «реинкарнациялануға» тікелей осы ұйым қолдау білдіреді. Қазіргі таңда Қазақстанның  көптеген нысандары  ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралары тізіміне енгізілді. 2003 жылы бүкіләлемдік материалдық емес мәдени мұра тізіміне енген Қазақстандағы тұңғыш нысан – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Бұл жөнінде 2003 жылы маусым айының 23-інде Париж қаласында ЮНЕСКО-ның 27-сессиясында айтылған-ды. Сарыарқа – Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері – Қазақстандағы және Орта Азиядағы Әлемдік мұра тізіміне алғашқы болып енген табиғи нысан. Бұл шешім 2008 жылдың  шілде айының 7-сінде Квебекте (Канада) өткен Әлемдік мұра комитетінің 32-сессиясында қабылданған-ды. Тамыры тереңде жатқан тарихы Қажымұқан бал­уаннан бастау алған қазақ күресі де ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне 2016 жылы  желтоқсан айының 2-сінде енген-ді. Қазақтың жиын-тойы, басқосулары бұл спорт түрінің сайысынсыз өтпейтін; Құрманғазы атамыз­дан бастау алған домбыраның қоңыр дауысты әуездері де материалдық емес мәдени мұра тізімі қатарында. 2014 жылы  қараша айының 27-сінде қабылданған қарарда: «Домбырамен орындалатын күйлерін орындау өнері қазақ халқының ынтымақтастық жолында маңызды рөлін атқарып, халықтағы өзіндік ерекшелік және бірлік сезімдерін қалыптастырады» делінген-ді. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» дегеніміздің нақ өзі. Иә, қасиетті домбыраның құлақтан кіріп, бойды алған әсем әуені әлемдік мәдени мұра қатарынан неге көрінбеске; Ер жігіттің жеті қазынасының бірі – ат. Ер қанаты да – ат. Ендеше, бұл қасиетті жануардың асауын тұсаулап қолға үйрететін атбегілеріміздің де әдет-ғұрпы 2018 жылы қараша айының 26-сы мен  желтоқсан айының 1-і аралығында Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луи қаласында өткен ұйымның 13-сессиясы барысында мақұлданып, қазақ атбегілерінің көктемгі жоралғылары Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізілген-ді; 2016 жылы желтоқсан айында ЮНЕСКО-ның адамзаттың мәдени материалдық емес құндылықтарының көрнекілік тізіміне жаңа элемент енді, ол – Қазақстанға тән саятшылық. Бұл – жыртқыш құстарды аңға салу дәстүрі, қазақ халқындағы өте ерте замандардан келе жатқан спорттық өнер;  Біржан сал мен Сүйінбайдан бас­талатын қазақтың нағыз өнері, суырып салма ақындардың айтысы мәдени мұра қатарына 2015 жылы желтоқсан айында кірген-ді; Біздің арғы тегіміз – көшпелі қазақ. Жаз жайлауда, қыс қыстауда көшкен кезде киіз үй халқымыздың қара шаңырағы болған. Тек баспана ретінде ғана емес, әр нышаны бір жақсылықты, ырымдық ұғымды білдіреді. Бұл қасиетті қара шаңырағымыз – киіз үй де 2014 жылы қараша айында материалдық емес мәдени мұра санатына енген-ді; Адамзаттың ма­териалдық емес мәдени мұра қатарына ұлттық мейрамымыз Наурыз да енгізілген-ді. Жаңа жылымыздың үш күн бойы 21-23 наурыз аралығында тойланатындығы бекіген-ді; Көне ескерткіштеріміздің бірі Таңбалы археологиялық петроглифтері  де ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар қатарына 2004 жылы енген-ді;  Жер аяғы кеңіп, жер бусанып жайлауға шыққанда қылықты қыздарымыз ән айтып, би билесе, ұлда­рымыз ұлттық ойындарын ойнап бір жасап қалатын. Ұлттық ойынымыз асық ату да ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра қатарына 2016 жылы енген-ді. Міне, осыншама ұлттық мәдени байлығымыз әлемдік мұралар, әлемдік құндылықтар сапынан көрінуде. Әрине, бұның өзі – ЮНЕСКО мен еліміздің тығыз қарым-қатынаста екенінің айқын айғағы. Десек, бәрі бітті, жыртығымыз жамалды, елдік күллі құндылықтарымыз көңнен аршылды, тасадан шығарылды, көлеңкемізге күн күлімдеді дей аламыз ба? Осы тұста ойланарымыз бар іспетті. Жә, әзірше, барды қанағат тұталық!..

Сондай-ақ, тек мәдени мұра ғана емес, еліміз ЮНЕСКО-мен бірігіп түрлі іс-шараларды да атқарғаны мәлім. Мәселен, академик Қаныш Имантайұлы Сәтпаевты мәңгі есте қалдыру туралы қаулыға сәйкес атақты ғалымның 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның қолдауымен 1999 жылы сәуір айының 15-і мен 23-і аралығында Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның бас пәтерінде айтулы симпозиум форматында өткізілгені мәлім.  Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті–Елбасымыз бен Қазақстан Республикасының Үкіметінің қолдауымен ЮНЕСКО-ның бірлесуі арқылы Астана мен Алматы қалаларында 2000 жылы «Үшінші мыңжылдық ғылым» атты халықаралық конференциясы өткен-ді; ЮНЕСКО күнтізбесіне Түркістан қаласының 1500 жылдығы; Тараз қаласының 2000 жылдығы; Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы сынды айтулы күндер мен мерейтойлар енгізілген-ді. Қазақстандағы мәдениеттің, білімнің және ғылымның дамуына молынан қомақты үлес қосатын ЮНЕСКО іспетті беделді халықаралық ұйымның маңызының зор екенін ескере келе, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев көрнекті қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменовті Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі ретінде тағайындағаны мәлім. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойлық сессиясы да ЮНЕСКО шең­берінде өткенін күллі қазақ ұлты мақтана айтары даусыз...

Қысқасы, еліміздің болашағы үшін, келешекте әлемдік деңгейдегі танымал өркениетті елдер сапынан лайықты орнықты орын алу үшін ЮНЕСКО іспетті халықаралық беделді ұйымдармен бейбіт келісімде бірлесе  жұмыс жасап, елімізді әлемдік деңгейге көтеруге көп болып тер төге беруге тиіспіз. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның  30 жылдығы қарсаңында ұлттық 10 нысанның әлемдік мұралар санынан  көрінуі мол күш-жігердің, тынымсыз еңбектің арқасы екені даусыз. Десек те, ұлттық құндылықтар сапындағы қайталанбас  бірегей елдік жәдігерлеріміздің санын еселей түсу, сөйтіп ұлттық құндылықтарымыздың адамзаттық құндылықтар сапынан танылуы жолында ойлы тер төгуіміз – келер жаңа ұрпақ алдындағы парызымыз.

1438 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз