• Еркін ой мінбері
  • 30 Маусым, 2021

ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ҚҰБЫЛЫСТАРЫ

Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ,
экономика ғылымдарының магистрі, Ресей Халықтар достығы университетінің ізденушісі

 

Тарихи даму мен әлемдік шаруашы­лықтың кемелденуі мен әртараптануы, мемлекеттердің географиялық жағдайы мен экономикалық саясатын тиімді қалыптастыра білуі әлемдегі ірі эконо­микалардың ықпалын арттырып, олардың әлемдік экономикалық күн тәртібін негіздеуі мен қалыптастыруына, сол арқылы дамыған мемлекеттердің дамушы мемлекеттерге, тіпті әлемдік дамуға өз ықпалын тигізуіне жол ашты.

ЖІӨ көлемі, экономикасының әрта­раптануы мен күрделілігі, әлемдік эко­номикадағы үлесі, бәсекеге қабілеттілігі бойынша  АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Ресей, Жапония мен Еуропалық Одақ елдері, оның ішінде, Германия әлемдік экономикадағы ірі ойыншыларға айналып отыр.

АҚШ. Қазіргі таңда АҚШ экономикасы әлемнің номиналды ЖІӨ көлемі бойынша әлемнің бірінші, сатып алу қабілетінің паритеті бойынша ЖІӨ-нің көлемі жөнінен екінші экономикасына айналды. АҚШ экономикасы технологиялық дамудың жоғарылығымен ерекшеленеді. 2019 жылы АҚШ-тың ЖІӨ 21,2 трлн. АҚШ долларын, жан басына шаққандағы ЖІӨ 54,5 мың АҚШ долларын (2018) құрады [1].

Либералды нарықтық экономикалық жүйе, мемлекеттің экономикаға арала­суының мейлінше аз болуы АҚШ-тың эко­номикалық дамуы мен әлемдік сын-қатерлерді еңсеруіне ықпал етеді.  Мем­лекеттегі табиғи ресурстар, ауыл шаруа­шылығын дамытуға қажетті ыңғайлы жер ресурстарының болуы, климаттың бірқалыптылығы экономиканың әрта­раптануына алғышарттар туындатады. Елдің Атлант, Тынық Мұхитының жаға­лауын, Мексика шығанағын жанай орналасуы, Канадамен шекарада орна­ласқан Ұлы өзендер ішкі су ресурстары ретінде бір жағынан кеме қозғалысын, сол арқылы ішкі сауданы дамытуға, екінші жағынан кең жайылған  су жолдары елдің штаттарын біртұтас экономикалық ағза ретінде байланыстыруға себеп болды. 

Ұлттық экономиканың дамуына ықпал етуші тағы бір маңызды фактор – мобильді әрі өнімділігі жоғары еңбек ресурстарының болуы. Тарихи даму барысында АҚШ-тың еңбек ресурстары толассыз өсіп, иммигранттармен және еңбек мигранттарымен толығып отырды. Бұл үздіксіз экономикалық өсуге ықпал етті.

Ұдайы дамыған білім саласы, жо­ға­ры білім беретін әлемдегі озық уни­верситеттердің, ғылыми-зерттеу орта­лықтарының орналасуы, ғылымның, жоғары технологиялардың дамуы АҚШ экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсті. АҚШ ЖІӨ-нің басым бөлігі қызмет көрсету саласына (шамамен 80%), оның ішінде ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, телекоммуникациялық қызметтер мен жоғары технологиялық өңдеу өнеркәсібіне тиесілі [3, 23-б.].

АҚШ-та әлемнің ең ірі өңдеуші өнеркәсібі орналасқан, оның жиынтық өндіріс көлемі Қытай, Үндістан мен Бразилияның өңдеуші өнеркәсібінің жиынтық көлемінен асып түседі. АҚШ-тың үлесіне әлемнің өңдеуші өнеркәсібінің 21% тиесілі, соңғы қырық жылда бұл көрсеткіш өзгерген жоқ. Ал АҚШ-тың өңдеуші өнеркәсібінің құрылымы елеулі өзгеріске ұшырап, оның дәстүрлі салалары шетелге (Қытай, басқа да дамушы елдер) ауыстырылса, жоғары технологиялық сала­лары ел ішінде шоғырланды. Ба­ға­лаулар бойынша әлемнің өңдеуші өнеркәсібінің жоғары технологиялы салаларының (аэроғарыш, медицина, әскери, телекоммуникация, компьютерлік, фармацевтикалық)    40%-ке жуығы АҚШ-тың үлесіне келеді [3, 23-24-бб.].

АҚШ-тың экономикалық дамуына жеке меншікке негізделген еркін кәсіпкерлік те ықпалын тигізуде. Тауарлар мен қызметтердің басым бөлігін жеке кәсіпорындар өндіріп, жеке тұтынудың үлесіне ұлттық өнімнің үштен екісі ке­леді, тауарлар мен қызметтердің қалған бөлігін мемлекет пен мекемелер тұтынады. Елдегі жеке тұтыну деңгейі жоғары болғандықтан, көп жағдайда ұлттық экономика «тұтынушылық» деп те аталады. Жеке меншік пен тұтынудың жоғары болуы көбіне америкалықтардың тарихи даму барысында қалыптасқан жеке бостандыққа ұмтылысы, мемлекеттің жеке өмір мен экономикаға араласуын мейлінше шектеу жөніндегі ойларымен байланысты. Осы себепті де қоғамның басым бөлігі экономикаға мемлекеттің араласуы мейлінше аз болғанда, эконо­мика барынша тиімді қызмет етеді деп есептейді.

Жекелеген салалар, оның ішінде, сот төрелігі, білім беру, инфрақұрылым, әлеуметтік қорғау, ішінара медицина, қорғаныс, ғарыш өнеркәсібі салалары, тұтынушылардың құқығын қорғау, табиғи монополияларды реттеуге мемлекет араласып отырады. Мұндай экономиканың аралас типі азаматтардың өкілдік ету жолымен дауыстарын экономикалық саясатты айқындаушы тұлғаларға беруі арқылы экономиканы басқаруынан көрініс табады.

Экономика бойынша көптеген мәсе­лелер азаматтардың тікелей араласуымен шешілетініне қарамастан, төрт сала – экономикалық өсімді қамтамасыз ету, реттеу мен бақылау, тікелей қызметтер мен тікелей көмек мемлекеттің басым түрінде араласуымен сипатталады. Мем­лекет мемлекеттік шығыстар көлемі мен салық салу мөлшерлемелерін, ақ­ша массасын, кредиттерді басқару ар­қылы экономикалық өсімге ықпалын тигізсе, бағаның деңгейін реттеу, су мен ауа сапасын, өндірістегі қауіпсіздікті, дәрілік заттар сапасын  бақылау арқылы реттеу мен бақылау функциялары жүзе­ге асырылады. Тікелей қызметтерге федералды билік пен штаттар әкімшілігі іске асыратын қызметтер кіреді. Тікелей көмекке жеңілдікпен берілетін кредиттер, тұрғын үй ипотекасы, өзге де мемлекеттік қолдау шаралары жатады. Мемлекеттік қолдау, оның ішінде әлеуметтік көмек саясатын жетілдіруге Ф.Рузвельттің «Жаңа бағыт» саясаты, Л.Джонсонның «Кедейлікке қарсы соғыс» саясаты, Б.Клинтонның әлеуметтік қорғау жүйесін реформалау бойынша заңдар топтамасы, Б.Обаманың реформалары ерекше ықпал етті.

М.Васьковтың пікірінше, «көбіне өсулер, дағдарыс пен құлдыраулармен байланысты  ұлғайған экономикалық даму кезеңдерін жоғалтып алған нарықтық экономика институттарына сенімсіздік, сондай-ақ қоғамның күрделенуі мен игіліктерді қоғамның әлжуаз топтарына бөлу механизмінің қажеттігі» экономиканы мемлекеттік реттеудің күшеюіне әкеледі [2, 97-98-бб.].

АҚШ экономикасы әлемдік эконо­ми­каның жаһандануына ерекше ық­пал етуде. Белгілі американист Б.Супян ғаламдық жаһанданудан АҚШ экономикасының да басымдықтарға ие болатынын атап, олардың қатарында елдің экономикалық ресурстарын (еңбек, капитал, пайдалы қазбалар) тиімді пайдалануды, жаңа технологияларды енгізу мен шетелден ғылыми-техникалық ресурстарды әкелуді, өндіріс шығыстарын кәсіпорындарды  еңбек күші арзан елдерге ауыстыру арқылы кемітуді, ел экономикасына арзан еңбек күшін (заңсыз иммигранттар) әкелуді, нәтижесінде экономикалық өсімді жеделдету мен тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруды атайды. Оның пікірінше, бұл басымдықтар, АҚШ экономикасы үшін біріншіден, үшінші елдерден әкелінетін арзан импорт инфляция деңгейін ұстап тұрып, тұтынушылық сұраныс пен табыс деңгейі өсуіне, сол арқылы экономиканың өсіміне ықпал етеді; екіншіден, американдық экономиканың ашықтығы мен қарқынды дамуы елге білікті еңбек күші (ең алдымен, ғалымдар мен инженерлер)  мен капитал ағынына себепкер болып, экономикалық өсу мен еңбекпен қамтуға себепкер болады; үшіншіден, американдық та­уар экспортының артуы көп жағдайда жоғары ақы төленетін қосымша еңбек орындарының ашылуына ықпал етеді; төртіншіден, әсіресе тікелей шетелдік инвестициялар түрінде капиталды шетелге шығару американдық компаниялардың өндіріс шығынын төмендету арқылы әлемдік шаруашылықта нығаюы, сол арқылы пайда нормасы мен бәсекелік позицияларын жақсарту жолымен АҚШ экономикасын нығайтуға себеп болады [3, 14-б.].

Әлемнің ірі экономикасы ретінде АҚШ экономикасын тек даму үстінде де­сек, ол біржақты пікір болады. Кез келген экономиканың өзіндік мәселелері болатыны секілді АҚШ экономикасының да даму барысында қалыптасқан түйінді мәселелері бар.

Ұлттық байлықтың теңдей бөлінбеуінен көрінетін әлеуметтік теңсіздік, ұлттық экономиканың дамуына ТҰК мен банк секторының ықпалы жоғары болуы, даму барысында бірнеше толқын дағдарыстың осында туындауы мен әлем елдеріне таралуы АҚШ экономикасындағы негізгі мәселелер қатарына жатады. Мемлекеттік борыштың жоғары (ЖІӨ көлемімен бірдей, 2019 жылы – 24,9 трлн. АҚШ дол­лары) болуы, бюджет тапшылығының (Маастрих нормасында белгіленген ЖІӨ-нің 3%-тен асып кетеді) тым ауқымды түрде қалыптасуы ұлттық экономиканы әлсіретеді. Бұған қоса, экономист-ғалым Л.Григорьев соңғы уақытта экономикадағы әскери шығыстардың ұлғаюын атай отырып, проценттік мөлшерлеменің артуы мемлекеттік борышқа қызмет көрсетуді қымбаттататынын, сондай-ақ ұзақ мерзімді кезеңде күн тәртібінде  негізгі екі мәселе – табыс теңсіздігінің өсуі мен орта тап позицияларының әлсірейтінін баса көрсетеді [4, 72-б.].

А.Гринспен мен А.Вулдридж өз еңбегінде Д.Трамптың президенттік кезеңіндегі сауда соғыстары, салық саяса­тының өзгеруі (салық мөлшерлемесін кеміту мен көлемін азайту), бюджет шығыс­тарының ұлғаюы, әлеуметтік шы­ғыс­тардың артуы мемлекетті стагфляцияға біртабан жақындатқанын айта келіп, АҚШ-тың экономикалық дамуындағы мәселелер дұрыс саясаттың жүргізілмегендігінен деген тұжырымға келеді [5, 492-502-бб.].

Қытай. Бүгінгі  таңда Қытай эконо­микасы әлемнің номиналды ЖІӨ көлемі бойынша әлемнің екінші, сатып алу қабілетінің паритеті бойынша ЖІӨ-нің көлемі жөнінен бірінші экономика болып отыр. Көптеген мыңжылдықтар бойында Қытай Шығыс өркениетінің дамыған ошағы ретінде әлемге техно­логиялық жаңалықтарды жеткізіп, жаһандық дамуға өзіндік үлес қосты. 2019 жылы АҚШ-тың ЖІӨ 14,2 трлн. АҚШ долларын, жан басына шаққандағы ЖІӨ 7,7 мың АҚШ долларын құрады [6].

Қытай экономикасы технологиялық дамудың жоғарылығымен ерекшеленеді. Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілет­тілігінің жоғары болуына ел аумағының ауқымды болуы (жер көлемі бойынша Ресей мен Канададан кейінгі үшінші мемлекет), Еуропа елдеріне Тынық мұхиты арқылы шығатын ең қысқа теңіз жолының, елдегі пайдалы қазбалардың кеңінен таралуы, гидроресурстардың мол болуы ықпал етеді.

Бұл факторлар қатарына бірқатар ғалымдар Қытайдағы экономикалық саясат барлық уақытта тиімді жүргізілгенін (Мао Цзедунның «мәдени революциясын» қоспағанда), сапасы үнемі артып отыратын және жалақы деңгейін төмен ұстауға мүмкіндік беретін ауқымды еңбек күшінің болуын, жиналған қордың жоғары деңгейі (ЖІӨ-нің 30%-нен жоғары) мен экономиканың ашықтығын жатқызады [7, 11-б].

Социалистік жабық экономикалық модельден социалистік саяси жүйедегі ашық экономикаға дейінгі тарихи да­му кезеңі Қытай экономикасының әрта­раптанып, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік-логистика саласы, энергетика мен қызмет көрсету саласы дамыған әлемдік көшбасшыға айналуына жәрдемдесті. 1970 жылдардың соңынан бастап, дәлірек айтқанда, 1976 жылғы саяси режимнің либералдануына жол ашқан «Бейжің көктемінен» соң экономикалық даму бағдары да өзгерді. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, бағаны либерализациялау, өңірлерге қаржылық еркіндік беру, мемлекеттік кәсіпорындарға еркіндік беру, банк жүйесін реформалау, қор нарығын дамыту, жеке сектордың эконо­микадағы үлесін ұлғайту, сыртқы сауда мен инвестицияларға жағдай жасау бойынша реформаларды Қытай кезең-кезеңімен жүргізді. Экономиканы қайта құрылымдау мен оның тиімділігін арттыру ЖІӨ-нің 1978-2010 жылдар аралығында жылына орта есеппен 9,6%-ке, әрбір 7,5 жыл сайын екі есеге ұлғаюына себеп болды.

ХХІ ғасырдағы Қытай – экономикалық даму траекториясы мен моделі қалып­тасқан, инвестицияларға ашық, техно­логиялық, ғарыштық және ядролық держава. Елдегі коммунистік идеология мен капиталистік даму арасындағы табысты симбиоз елдегі нарықтық эко­номиканың ҚХР Коммунистік партиясының бесжылдық жоспарлары негізінде дамуына мүмкіндік беріп отыр.

Қытайдың экономикалық моделіне өнеркәсіптің экспортқа бағдарлануы, ЖІӨ-дегі инвестициялардың жоғары үлесі, мемлекеттің экономикалық дамуға қатысуының жоғары үлесі тән. Мұндай ерекшеліктер Қытайдың экономикалық дамуындағы басқа да өзіндік ерекшелік белгілерінің тууына ықпал етті: әлеуметтік саясатқа шығыстардың аз болуы, мемле­кеттің зейнетақы мен өтемақы төлемеуі, өнеркәсіптегі қауіпсіздіктің төмен деңгейі, бала тууды шектеу, тауар экспортына жәрдемдесетін юаньның төмен бағамы, жоғары өсу қарқынына себеп болатын ЖІӨ-нің жоғары (Азия инвестициялар банкінің мәліметі бойынша негізгі капитал жыл сайын 20%-тен жоғары ұлғайып отырады) деңгейі [8, 54-б.].

Елдің даму моделі «қытайлық өзгешелік тән социализм» деп аталып, мемлекеттің шешуші ықпалы басым көп салалы нарықтық экономиканы эво­люциялық тұрғыдан құруға, қоғамдық мүліктің алуан түрлі (ұжымдық, жеке дара, дербес, бірлескен) формаларын құруға, өндіріс саласына шетелдік инвестициялар тартуға, капитал сыйымды салалардан еңбекті және ғылымды талап ететін өнеркәсіп салаларын дамытуға көшуге, өндіріс күштерін ұдайы жаңғыртуға негізделді  [9, 63-б.].

Қазіргі таңда «Бір ел, екі жүйе» па­ра­дигмасы (Д.Сяопин) шеңберінде дамыған Макао мен Гонконг арнаулы экономикалық аудандары, олармен іргелес құрылған арнайы экономикалық аймақтар (Гуандун, Фуцзянь және т.б.), шетелдік инвестициялардың 80% ел экономикасына салушы этникалық қытайлар Қытай экономикасына үлес қосуда. 

Әртараптанған өнеркәсіптегі көмір, темір, марганец, қорғасын-мырыш, сурьма, вольфрам, сирек металдар (молибден, ванадий, сурьма) рудаларының, мұнай, газ, ағаш өндірісі, кокс, шойын, болат пен болат тұрбалар, алюминий, мырыш, қалайы, никель, электроника, тыңайтқыштар, мақта-мата мен жібек маталары  ауыл шаруашылығы өнімдерінің (ет, бидай, күріш, жүгері, картоп, мақта, алма, темекі, көкөністер) өндірісі, химия өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, мұнайхимия өнеркәсібі дамыған. Бұдан басқа автокөлік өнеркәсібі бойынша Қытай ірі өндірушілер қатарына кіреді.

Қытайдың ауыл шаруашылығы өсімдік, оның ішінде, дәнді және майлы дақылдар, жемістер мен көкөністер (әлемдегі жеміс пен көкөніс экспорты бойынша 1 орын) өсіруге, балық және ет (оның ішінде шош­қа еті) өндірісіне негізделген.

Қытай өнеркәсібінің маңызды бөлігінің бірі – текстиль индустриясы. Қытай тек­стилі көлемі жағынан әлемде бірінші орынға ие болып, экспорттық сапалы өнімдерді Солтүстік Америка, Батыс Еуропа мен Жапонияға жөнелтсе, елдің солтүстік және ішкі аудандарындағы «көлеңкелі» кәсіпорындар әлемдік бренд­тердің контрафактілі өнімін шығарумен айналысады. 

Транзиттік көлік жолдарының әртарап­тануы: темір жол, автокөлік тасымалы, ішкі су жолдары арқылы тасымалдау, теңіз флоты ел инфрақұрылымының дамуына, сол арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.  Бұ­ған қоса әлемдік қызмет көрсетудегі Қытайдың үлесі жыл сайын артып келеді.

Қытайдың экономиканы мемлекеттік реттеуі экономиканың салыстырмалы ашықтығына, ашық нарық пен жоспарлы экономиканың үйлесуіне, қолданыстағы институционалдық құрылымды рефор­малауға, жаһандық көшбасшылық пен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, ел дамуының нысаналы индикаторларына, теңгерімді әлеуметтік-экономикалық дамуға («бес теңгерім» аясында: қала мен ауыл, өңірдің дамуындағы, экономика мен әлеуметтік саладағы, қоғам мен қоршаған орта арасындағы, ішкі нарықтың дамуы мен сыртқы ашықтық арасындағы), жаһандану мен ұлттық ерекшеліктің өзара үнқатысуына негізделеді [10, 30-31-бб.].

Экономиканы мемлекеттік реттеу моделі экономикалық саясаттың нақты құралды әзірлеу мен оның сатылай іске асуымен, экономикалық реформаларға қарағанда саяси реформалардың екінші орынға ығысуымен, экономиканы жаңғырту мен сыртқы экономикалық экспансияға басымдық берумен ерек­шеленеді.

Қазіргі кезде Қытайдың әлеуметтік-экономикалық даму бағдары ретінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 2012 жылы ұсынған «Қытай арманы» атты ұзақ мерзімді (2049 жылға дейінгі) доктринасы таңдап алынған. Белгілі шығыстанушы Ю.В.Тавровскийдің ойынша «Қытай арма­нының» экономикалық мәнісі мынада: экономикалық дамудың жо­ға­­ры қарқынына қол жеткізу үшін қор­шаған орта тұрғындар мүддесіне залал тигізген жарыс аяқталып, экономикада салалар мен өңірлер арасында тепе-теңдік орнайды; капитал салудың тиім­ді нұсқалары таңдалады; қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттар көлемі азаяды; сыртқы нарықтар мен инвестицияларға тәуелділік кезеңі аяқ­талады; ішкі нарықты жақсарту, қала мен ауыл тұрғындарының өмір сапасын теңестіру  қолға алынады; Қытайдың арзан жұмыс күшін жеткізуші, батыс елдерінің қаржылық институттарына тәуелді құрылымдарға салушы ретіндегі әлемдік өндірістік тізбектерге кірігуі тәмам болады; отандық ғылыми жетістіктерге негізделген жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті тауарлар өндірісі, дербес қаржы жүйесі мен Қытайдың жаһандық сауда мүдделерін қамтамасыз ету жүйесі құрылады [11].

«Қытай арманын» іске асырудың айқын көрінісі ретінде қытайлық юань­ның сауданы қаржыландыру бойынша әлемдегі екінші, есеп айырысу бойынша төртінші валютаға айналғанын, док­три­наның құрамдас бөлігі болып та­былатын Қытайдың инфрақұрылымдық жобалардағы экономикалық дипло­матиясының құралы «Бір жол, бір белдеу» стратегиясын атауға болады.

Өзінің  экономикалық дамуы барысын­да қазіргі кезеңдегі Қытай экономикасының мынадай мәселелерін баса айтуға болады. Ең алдымен, Қытай ЖІӨ-нің өсу қарқыны бірқатар ғалымдардың  (М.Петтис, Э.Стивенсон-Янг, Б.Барбера, Инхао Ху, т.б.) күмәнін тудырады. Олардың ойынша Қытай ЖІӨ-нің нақты өсімі ресми статистикадан әлдеқайда төмен және ел басшылығының саяси жоспарларына сәйкес түзетіліп отырады [12].

Қытай экономикасының тағы бір түйінді мәселесі – экономикадағы мемлекеттік сектордағы жоғары үлесі. Мемлекеттік кәсіпорындар Қытай аумағында біркелкі орналаспағандықтан, кейбір өңірлер экономикасына қатысу деңгейі шамадан тыс жоғары. Көптеген экономистер Қытай экономикасында мемлекеттің қатысуын инфрақұрылым, қызмет көрсету мен мемлекеттік тапсырыс саласында ғана қалдыру қажет деп санайды [13, 58-б.].

Ал кейбір ғалымдар экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін азайтуға қажетті экономиканы либералдандыру тек жоғары технологиялар мен ғарыштық технологиялар саласында орын алғанын атап көрсетеді [14, 83-84-бб.].

Ірі экономикалардағы секілді, Қытай экономикасында сыртқы борыштың өсуі орын алып отыр. 2008 жылы сыртқы борыш көлемі ЖІӨ-нің 141%-ті  құраса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 261%-ке жетті. Көрсеткіштің бұдан әрі ұлғаюы сыртқы борышқа қызмет көрсетудің қиындауы мен дефолтқа әкелуі ықтимал.

Шағын және орта кәсіпкерлік Қытай экономикасының 50%-не жуығын құрап, олардың үлесі салықтардың 50%, ЖІӨ-нің 60%, ірі қалаларда еңбек ететін аза­маттардың 80% келсе де, оларға мем­лекеттік қолдау көрсету төмен деңгейде қалып отыр. Мемлекеттік секторға ба­сым түрде қолдау көрсету жалғасатын болса, ел экономикасының «орта табыс қақпанының» құрбанына айналуы мүмкін.

Сондай-ақ сыртқы экономикалық конъюнктура, АҚШ-пен сауда соғыстары және С.Роучтың пікірінше табыстардың теңсіздігі мен ресурстарды шектен тыс тұтыну Қытай экономикасының әлсіреуіне ықпал етеді [15, 21-б.].

Ұлыбритания. Әлемдік экономикада номиналды ЖІӨ көлемі бойынша әлемнің озық бестігіне, сатып алу қабілетінің паритеті бойынша ЖІӨ-нің көлемі жөнінен озық ондыққа кіретін Ұлыбритания ерекше орын алады.

Өнеркәсіптік революцияның отаны ретін­де тарихи дамуы барысында өзін жоғары технологиялы ел ретінде көр­сеткен Ұлыбритания – қазіргі уақытта да бұл салада көшбасшы әрі әлемнің ірі қаржылық орталықтарының бірі.

Экономикалық дамуды қамтамасыз етуге мемлекеттің географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы мен кең таралған сау­да-экономикалық байланыстары се­беп­ші болды. Оған қоса, дамыған кө­лік инфрақұрылымы мен басқа да ресурстардың, білікті еңбек күші нары­ғының болуы, ғылыми-зерттеу жұмыс­тарының дамуы Ұлыбританияның бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі.

Ұлыбритания мемлекеттің эконо­микаға байыпты түрде орынды арала­суын құп көреді. Мемлекеттік саясат кәсіпкерлік экономикасын дамытуға баса назар аударып, экономикалық қатынастарды нарықтың реттеуіне, аса қажет болған жағдайда мемлекеттің араласуына негізделеді. Қазіргі кезде ұлттық пошта жүйесі мемлекеттік меншіктің иелігінде. Ал білім беру мен денсаулық сақтау, жергілікті органдар мемлекеттің қарауында болғанымен, атқарылатын жұмыстардың басым бөлігін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің орындауына береді. Қалған уақытта мемлекеттің экономикаға араласуы өңірлердің дамуын қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлік субъектілерінің инвестициялық жобаларына мемлекеттік қолдау көрсетумен шектеледі.

Жоғарыда аталған факторлар, әлемге әйгілі ағылшын-саксондық құқық жүйесінің болуы, тиімді еңбек заңнамасы мен жұмыс күшінің арзандығы, ағылшын тілінің әлемде кеңінен таралуы Ұлыбританиядағы іскерлік белсенділіктің жоғары болуына әсер етеді. Халықаралық компаниялар мен банк секторы Ұлыбританияда өз қызметін бастау арқылы елдің ішкі нарығы мен Еуропаға кеңінен таралуға мүмкіндік алады.

Лондон қор биржасы, шетелдік банк­тердің көптеп орналасуы Ұлыбританияны қаржылық қызметтер саласындағы же­текші елдердің санатына қосты. Көп жағдайда Нью-Йорк пен Токиоға қоса, Лондонды әлемдік экономиканы «басқару орталықтарының» қатарына жатқызады. Әсіресе, қаржы, сақтандыру нарығы, банк секторымен байланысты қызмет көрсету саласы  Ұлыбритания ЖІӨ-нің 75%-ін құрайды [16].

Машина жасау, тамақ, авиация, фар­мацевтика, электроника, химия, целлюлоза-қағаз өнеркәсібінің, дизайн мен сән индустриясының, ақпараттық тех­но­логиялар мен бағдарламалық қам­тамасыз ету саласының дамуы, туризм индустриясының өрістеуі ел эконо­микасының әртараптануына ықпал етеді. 

Энергетика саласында Солтүстік теңіздегі мұнай мен табиғи газдың ірі өндірушісі, әрі экспорттаушысы бо­лып келген Ұлыбритания кейінгі кез­де сұйылтылған газдың негізгі экс­порттаушыларының біріне айналып, мұнай мен табиғи газды импорттайды. Бұған қосымша қазіргі уақытта жел энергиясы мен теңіз толқындарының энергиясын өндіру жолға қойылған.

Мұның барлығы Ұлыбритания тарихи дамуы барысында еш кедергісіз өрістеген деген ойға жетелемеуі тиіс. Дағдарыс пен даму қатар орын алған Ұлыбритания экономикасында әлемдік экономика тарихына «британ ауруы» деген атпен енген 1970-1980 жылдардағы дағдарысты кезеңді ерекше атаған жөн.

Бұл дағдарыс экономикаға аса ау­қым­ды қаржыландыруды талап ететін әлеуметтік жүйенің салмақ салуы, мемлекеттік шығыстардың күрт артуы, кәсіподақтардың үстемдік етуі, ұлттық экономикадағы шамадан тыс әрі тиімсіз мемлекеттік сектордың болуы, салық жүктемесінің жоғары болуы, ескірген индустриалдық құрылым мен инновацияларға экономиканы жаңғыртуға сылбыр қараудың салдарынан орын алды [17, 50-51-бб.].

«Британ ауруын» еңсеру М.Тэтчер үкіметінің кәсіподақтар қызметіне бірқатар шектеулер қоюы, газ, көмір, электр өндірісі, болат құю мен темір жол, коммуналдық шаруашылық кә­сіп­орындарын жекешелендіру, жеке­шелендіруден түскен қаражатты мем­лекеттік борыш пен салық жүктемесін азайту үшін пайдалану, тиімсіз мемлекеттік активтерді сату (British Aerospace, British Airways, British Leyland, Rolls Royce, т.б.), қызмет көрсету саласын жаңаша қайта реттеу, «кәсіпкерлік экономикасын» ілгерілету бойынша саясатын іске асырудың нәтижесінде мүмкін болды [18, 75-76-бб.]. 

Қазіргі кезде 1990 жылдардан бастау алған еуроскептиктер қозғалысы өзінің көздеген мұратына жетіп, 2020 жылдан бастап Ұлыбритания Еуропалық Одақ құрамынан шықты. «Брексит» (Brexit) үрдісінің басталуына 2008-2011 жылдардағы дағдарыс түрткі болды. «Брексит» қозғалысы 2015 жылы Премьер-Министр Д. Кэмеронның елде референдум жариялауына мәжбүрледі. 2016 жылы өткен референдумда ел тұрғындарының 51,9%  Еуропалық Одақтан шығуды қолдады. Д.Кэмерон үкіметі бастаған Брексит үрдісін Т. Мэй үкіметі аяқтады.

Брекситтің экономикалық мәні Ұлы­британияның еуро аймағынан шығу арқылы одақтық валютаның тәуекелінен өзінше барынша қорғауы мен сауда саласындағы еркіндігін «еркін сауда аймағы» және «еркін сауда аймағы+» форматында қамтамасыз етуде, сондай-ақ еуропалық мигранттардың  ел аумағына кіруін, сол арқылы жұмыссыздық бойынша жәрдемақыларды алудан шектеуде.

Ұлыбританияның ағымдағы эконо­микалық дамуы Брекситтің салдарын айқын сезінуде. Экономикалық өсу қарқыны тежелді, көптеген ТҰК-тер өз штаб-пәтерлерін Еуропаға көшірді. Брекситке байланысты белгісіздік Ұлы­британия экономикасын 2015 жылғы 2,4%-тен 2018 жылы 1,5%-ке төмендетті. Ұлыбритания үкіметінің болжамынша, Брексит  ел экономикасының өсімін алдағы 15 жылда 6,7%-ке тежейді [19, 82-б.]. 

Ел экономикасының алдағы уақытта дамуы Брексит пен коронавирус панде­миясы дағдарысын еңсерумен байланысты болады. Брексит тек Ұлыбритания ға­на емес, Еуропалық Одақтағы еуро­скептиктік және антимиграциялық көңіл-күйді күшейтіп, жаһандану үрдісінің тежелуіне себеп болады. Бұл «Еркіндіктің экономикалық еркіндіксіз болуы мүмкін емес» деп баронесса М.Тэтчер айтқан британдықтардың ұстанымын айқын көрсетеді.

Ресей. Әлемдік экономикадағы күрделі трансформацияларды бастан ке­шірудің жарқын мысалы ретінде Ресей экономикасын қарастыруға бо­лады. Қоғамдық-саяси формация мен экономикалық жүйенің алмасуы жаңа сын-қатерлерге тап келу мен бетбұрыстарға бейімделу, сол арқылы күрделі ұлттық экономиканың қалыптасуына жол ашты.

Ресей экономикасының дамуы мемлекеттің тарихи даму бағдары, географиялық орналасуы, әлемнің геосаяси кеңістігіндегі орнымен тығыз байланысты.

Жер көлемі жөнінен әлемдегі бірінші мемлекет ретінде Ресей су ре­сурстарына, пайдалы қазбалар мен табиғи ресурстарға бай. Ауқымды жер көлемін өзара жалғастыратын су, темір жол көлігі инфрақұрылымының болуы, Тынық, Атлант және Солтүстік мұхиттарға шыға алуы, транзиттік мемлекет ретіндегі мүмкіндіктері, экономиканың негізгі салаларының дамуы Ресейдің әлемдегі экономикадағы орнын белгілеп берді.

Осы заманғы Ресей әлемдік экономикада номиналды ЖІӨ көлемі бойынша әлемнің озық жиырмалығына (11 орын) кіріп, сатып алу қабілетінің паритеті бойынша ЖІӨ-нің көлемі жөнінен әлемде алтыншы орынға ие.

Қазіргі уақытта Ресей ЖІӨ-нің құры­лымын негізінен өңдеуші өнеркәсіп (13,1%), көтерме және бөлшек сауда (12,3%), пайдалы қазбалар өндірісі (11,3%), жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар (8,5%), тасымалдау мен сақтау (5,9%) құрайды. Оларға құрылыс, ауыл шаруашылығы, электр энергиясымен, газбен қамту, кәсіби, ғылыми, техникалық қызметтерді қосуға болады [20, 5-б.].

Батыс Сібір, Орал, Еділ бойындағы, Солтүстік Кавказдағы, Шығыс Сібірдегі мұнай, Батыс Сібірдегі газ өндірісі, Батыс пен Шығыс Сібірдегі көмір өндірісі, Орталық, Солтүстік-Батыс, Еділ бойы, Солтүстік Кавказ, Орал, Сібір мен Қиыр Шығысты қамтыған электр энергиясының өндірісі, өңдеуші, оның ішінде, тамақ өнеркәсібі, қара және түсті металлургия, машина мен станоктар жасау, электро­техника өнеркәсібі, аса ауқымды әскери-өнеркәсіп кешені, кеме жасау, автомобиль, аэроғарыш өнеркәсібі, двигатель жасау, микроэлектроника, мұнай, химия, фармацевтика өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету саласы әртараптанған ұлттық экономиканың қалыптасуына себепші болды. 

Бәсекеге қабілеттіліктің қазіргі дең­гейіне жету үшін Ресей Киев Русінің феодалды экономикасын, татар-моңғол шапқыншылығының экономикалық дағдарысын, Мәскеу князьдігі маңына топтасқан орталықтанған экономиканы, Александр ІІІ-нің  «ұлы реформалар» атанған өзгерістерінен кейінгі эконо­микалық дамуды, өнеркәсіптік эко­но­миканы, ХХ ғасыр басындағы дағда­рыстарды, социалистік жоспарлы эконо­миканы, постсоциалистік даму кезеңін бастан өткерді.

 Экономикалық тарих саласының белді маманы Ю.М.Самохиннің пікірінше, Ресей экономикасы әрдайым қарқынды өсумен қатар, құлдырауды, тіпті экономикалық мешеулікті бастан кешіріп отырады, алайда, қоғамда мемлекетті дағдарыстан дамуға бастайтын күштер әркез табылып отырады [21, 371-б.]. Ғалымның бұл пікірі Ресей экономикасының циклды дамуының заңдылықтарын көрсетеді.

1991 жылы КСРО тарағаннан кейін посткеңестік нарықтық экономикаға өту Ресей үшін оңай болған жоқ. Эконо­микалық даму бағытының консер­вативті немесе либералды болуына байланысты пікірталас, мемлекеттік активтердің шамадан тыс көлемі, жаңаша экономикалық саясатты жүргізу тәжірибесінің болмауы елдің экономикалық дамуын әлсіретті. Оның үстіне, Ресей 1993 жылы сыртқы борыш бойынша өзін КСРО-ның мирасқоры етіп жариялап, тек 2017 жылы ғана жалпы көлемі 96,6 млрд. АҚШ доллары болатын борышты толықтай өтеді.

1997 жылғы Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысының соңын ала, 1998 жылы Ресейде экономикалық дағдарыс орын алды. С.Кириенко үкіметі ұсын­ған Экономиканы тұрақтандыру бағ­дарламасын Мемлекеттік Дума мақұл­дамағаннан кейін, Үкімет пен Орталық Банк барлық борыштық міндеттемелер бойынша техникалық дефолт жариялауға мәжбүр болды. Дефолт салдарынан көптеген кәсіпорындар банкроттыққа ұшырап, рубль бағамы құнсызданды, шетелдік инвесторлардың елдегі макро­экономикалық тұрақтылыққа деген сенімі жоғалды.

Дағдарыстан кейін Ресей экономикасы 2000 жылдардың бас кезінде ғана қайта қалпына келе бастады. Экономист А.В.Марченко С.Кириенко үкіметі әзір­леген дағдарысқа қарсы шаралардың  Е.Примаков, С.Степашин, В.Путин үкі­меттерінің қызметі барысында  жүзеге асқанын жазады [22, 71-б.].

2008 жылғы әлемдік экономикалық дағдарыс, оның соңын ала 2014 жылғы Қырым Республикасының Ресейге қо­сы­луына байланысты, АҚШ пен Еуро­палық Одақтың Ресейге қарсы салынған санкциялары экономикалық даму қарқынын баяулатты. Санкциялар сал­дарынан негізінен банк секторы, азық-түлік нарығы, мұнай-газ секторы салалары зардап шегуде. Тұтастай алған­да, санкциялар рубль бағамының құл­дырауына, тұтынушылық сұраныстың төмендеуіне, жанама түрде мұнайға әлемдік бағалардың төмендеуіне ықпал етті.

 Банк секторында мемлекеттің қатысуы бар Газпромбанк, Россельхозбанк, ВТБ, ВЭБ, Сбербанк секілді банктер еуропалық және америкалық нарықтарға қолжетімділік шектелгеннен кейін, банктік өтімділік дағдарысын бастан кешіруде. Нәтижесінде бизнес айналым қаражаттарын толтыру мен инвестициялық мақсаттағы несие алудан, ал тұрғындар тұтынушылық және ипотекалық несие алудан қиындықтар туындауда [23, 215-б.].

Азық-түлік нарығында шетелдік азық-түлік түрлері мен шикізатын әкелуге шектеу қоюға байланысты әлеуметтік наразылықтың өсуі байқалады. Мұнай-газ секторында техникалық шектеулерге байланысты жаңа кен орындарын іске қосу кейінге қалдырылып, бюджет түсім­дері шектелсе, екінші жағынан жаңа технологияларды пайдалануға рұқсаттың болмауы өнімділік деңгейін төмендетеді.

 А.Пестова мен М.Мамоновтың бағалауы бойынша, Ресей экономикасы санкциялар салдарынан 800 млрд. рубль жоғалтқан. Сондай-ақ зерттеушілер экономикалық дамудың факторларын саралай келе, Ресей экономикасындағы құлдырау санкциялардан бір жыл бұрын басталғанын жазады. 2012 жылғы 3,7% болған ЖІӨ 2013 жылы 1,8%-ке құлдыраса, 2014 жылы 0,7%-ке дейін төмендеген. Экономикалық өсімнің төмендеуіне жүйелі құрылымдық мәселелер – теріс демографиялық трендтер, экономиканы шамадан тыс реттеу, әлсіз іскерлік орта әсер еткен. Мұнай экспорты Ресей сауда­сының 70% құрайтындықтан, мұнайға бағаның төмендеуі, бір жағынан, сыртқы борышқа тыйым салынғандықтан, олардың көлемінің 2014-2015 жылдары 25%-ке қысқаруы да Ресей экономикасына елеулі әсерін тигізген [24].

Ағымдағы жағдайда санкция дағда­рысынан өзге Ресей экономикасының даму қарқынын тежейтін жүйелі мәселелер қатарына экономиканың шикізаттық сипатын, өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық дамудағы айтарлықтай теңсіздіктерді, әскери өнеркәсіп кешенінің шектен тыс қарқынға ие болуын, ин­фра­құрылымдық базаның ескіруін, мемлекеттік аппараттың шамадан тыс ұлғаюын, экономикаға салық жүктемесінің артуын, өндірістің ғылыми-техникалық деңгейінің төмендігін айтуға болады.

Бұған қосымша әлемдік коронавирус пандемиясы дағдарысы салдарынан Ресей экономикасының 4,3 трлн. рубль жоғалтуы болжанып отыр. Қазірдің өзінде сыртқы сауда операцияларының тежелгені, кәсіпорындардың банкроттыққа ұшырап, еңбек ресурстарын босатуы, нәтижесінде ЖІӨ-нің 2-2,5%-ке төмендеуі байқалып отыр [25, 285-б.].

Академик С.Ю. Глазьев ХХІ ғасырда АҚШ, Қытаймен қатар әлемдік көшбасшылар қатарына мығым орнығу үшін Ресейге стратегиялық жоспарлауды жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту бойынша жобаларды арттыру, бюджеттік қағидалар мен бюджет үдерістерін жаңғырту, ғылыми-зерттеу жұмысына қаражатты арттыру, Орталық Банк жұмысын инвестицияларды арттыру, рубль баға мен есептеу бағамы ретінде реформалау бағытында қайта құрылымдау, жанама әдістер (Тобин салығы, резервтік талаптар, т.б.) негізінде таңдамалы валюталық және қаржылық реттеу қажет деп есептейді [26, 272-275-бб.].

Ал Ю.В.Ярёменко Ресейдегі дағда­рыстың төркіні 1992 жылғы бағаны шектен тыс босатуда жатқанын, нарықтық экономикаға дайындықсыз, асығыс көшудің салдарын елдің әлі де сезініп отырғанын айта келе, тұтынушылық және инвестициялық сұранысты қалыпқа келтіру дағдарыстан шығар жол деп санайды [27, 6-10-бб.].

 Дағдарыстарды еңсеру, елдің тұрмыс сапасын жақсарту, экономикалық өсімді қалпына келтіру, өңірлер арасындағы теңсіздіктерді жою, адами капиталдың сапасын арттыру, тұтастай алғанда, орнықты экономикалық жүйе қалыптастыру үшін Ресейге құрылымдық реформаларды әзірлеп, оны сауатты жүзеге асыру қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Информационный биржевой портал «Take Profit» // https://take-profit.org/statistics/countries/united-states/

2. Васьков М.А. Государственное регулирование экономики в США: идеология и реальность // Государственное и муниципальное управление. Ученые записки. – 2009. – №2. – С. 87-101.

3. Супян В.Б. Глобализация экономики США: масштабы, достижения и проблемы // Российский внешнеэкономический вестник. – 2015. – №9. – С.8-27.

4. Григорьев Л.М. США: три социально-экономические проблемы // Вопросы экономики. – 2013. – № 12. – С. 48-73.

5. Гринспен А., Вулдридж А. Капитализм в Америке: история. – Москва: Альпина Паблишер, 2020. – 560 с.

6. Информационный биржевой портал «Take Profit» // https://take-profit.org/statistics/countries/china/

7. Жудьжун Д., Ковалев М.М., Новик В.В. Феномен экономического развития Китая. – Минск: изд-во БГУ, 2008. – 446 с.

8. Юркова Ю.А. Перспективы развития экономики Китая // Международный журнал гуманитарных и естественных наук. – 2016. – №1-2. – С. 54-57.

9. Шелухин Е.А. Конкурентоспособность национальной экономики Китая. – Российский внешнеэкономический вестник. – 2010. – №8. – С. 61-66.

10. Го Линь. Китайская модель государственного регулирования экономики // Экономика и управление: анализ тенденций и перспектив развития. – 2015. - №23. – С.29-33.

11.Тавровский Ю.В. Китайская мечта и ее составляющие // https://www.ng.ru/ideas/2015-12-04/5_ideas.html.

12. Петти М. Три проблемы с ВВП Китая // https://carnegie.ru/commentary/78278

13. Го Линь. Особенности государственного регулирования экономики Китая // Современные тенденции в экономике и управлении: новый взгляд. – 2015. - №.37-1. – С. 56-60.

14. Фокин Н.И., Кучук О.В. Особенности экономической либерализации Китая // Инновации и инвестиции. – 2020. - №1. – С. 80-84.

15. Роуч С. Несбалансированные. Созависимость Америки и Китая. – Москва: изд-во Института Гайдара, 2019. – 520 с.

16. The UK economy at glance //  https://ig.ft.com/sites/numbers/economies/uk/.

17. Невский С.И. «Британская болезнь»: факторы экономического кризиса в Великобритании в 1970-е годы // Экономическая политика. – 2013. - №1. – С. 38-61.

18. Мальцев А.А., Невский С.И. Излечение от «британской болезни», или специфика трансформации экономики Великобритании в 1980-е годы // Terra Economicus. – 2016. - №3. – С. 63-86.

19. Родыгина Н.Ю., Молева С.В., Мусихин В.И., Логинова М.В. Брексит: ход переговоров, перспективы, экономическая оценка // Российский внешнеэкономический вестник. – 2020. - №2. – С. 72-86.

20. Бюллетень о текущих трендах российской экономики. Выпуск 62. Динамика и структура ВВП России. – Москва: Аналитический центр при Правительстве РФ, 2020. – 14 с.

21. Самохин Ю.М. Экономическая история России. – Москва: изд-во ВШЭ, 2001. – 405 с.

22. Марченко А.В. Антикризисная политика России после дефолта 1998 года: исторические уроки // Проблемы современной экономики. – 2017. - №4. –  С. 69-72.

23. Пласкова Н.С., Пашигоров М.О. Санкции и их влияние на экономику России // Большая Евразия: развитие, безопасность, сотрудничество. – 2020. - №3-1. – С. 214-219.

24. Pestova A., Mamonov M. Should we care? The economic effects of financial sanctions on the Russian economy. – Helsinki: BOFIT Discussion Papers, 2019. – 47 p.

25. Максимова Е.В., Рябцев А.Г., Сазонова О.А. Влияние коронавируса на экономику России // Инновации и инвестиции. – 2020. - №4. – С. 283-286.

26. Глазьев С.Ю. Битва за лидерство в ХХІ веке. Россия-США-Китай. Семь вариантов обозримого будущего. – Москва: Книжный мир, 2017. – 352 с.

27. Ярёменко Ю.В. Экономический кризис в России: причины и пути выхода // Проблемы прогнозирования. – 2020. - №6. – С.5-12.

 

2065 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз