• Заманхат
  • 30 Маусым, 2021

ҚАРАМОЛА ЕРЕЖЕСІ. ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ CИПАТЫ

Тұрсын СЫДЫҚОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі,Заңнама және құқықтық ақпарат институтының бас ғылыми қызметкері

Біз диалектика заңымен өмір сүреміз. Ғалым Т.Рысқалиевше ойымызды өріс­тетсек, диалектика – дүниедегі, өмірдегі шиеленіскен қайшылықтарды танып, шешу жолдарын ұсынады. Өмір – тартыс, арпалыс, жеңу, жеңілу, күрес, қайшылықтар, келісімдер мен кетісу, табысулардан тұрады. Осылайша әр­дайым жарық пен көлеңке, пасықтық пен кемелдік, сүйкімсіздік пен әсемдік, асқақтық пен кішіпейілділік, байлық пен кедейлік, ірілік пен ұсақтық, сұлулық пен жексұрындық, ерлік пен ездік, жанқиярлық пен сатқындық алмасып келіп отырмаса, тіршіліктің мәні мен мағынасы кетіп, тұзы татымасы әдді. Адам қоғамындағы қарама-қайшылықты болмыс-адамды жаратушы о баста жаратқанда маңдайына жазылған несібесі. Соларды жеңіп, жер бетінде адамша өмір сүруі үшін Алла Тағала ақыл-сана, асыл да парасатты рух сыйлаған. Осы ақыл-сана, асыл да парасатты рухтың шарапатымен Құдайдың құлының бойына дарыған сезімталдық, табандылық, биік адамгершілік, көркем мінез, сауаттылық, имандылық, өмірлік тәжірибе, білік, жауаптылық, іске тұрақтылық, жалынды қажыр-қайрат, тіршіліктің райын баққан амал-айла, сапалы білім, саналы тәрбиені ұтырын тауып, ұтымды пайдалану оған Жер-ананы аялап, емірендіруге, оның бар байлығын игеріп, қажетіне жаратуға мүмкіндік берді. Жер-ананың төсінде шынайы түрде демократиялық және әділдік ұстанымдарды негізге ала отырып, азаматтық қоғам орнату барысында адам үнемі рухани экстаз ықпалында болып, ләззат мұхитына шомылып, өз айналасындағы былық-шылықты тәртіпке келтіріп, өздері құрған қоғамдағы қоғамдық қатынастарды ізгілендірудің аса қажеттігін сезінді. Қоғамды бұзатын нәпсіні толық тәркі етіп, мәдени, рухани, имани тәрбие сапасын жетілдіруде заңның атқаратын қызметі әлемет. Алғашқы қауымдық қоғам аяғынан тік тұрып, феодалдық қоғамға өтуі де сол заңның арқасы. Мемлекет заңның негізінде өмірге келіп, аяғынан тұрып, жетіліп, дамуына ол ауа мен судай қат. Заңгер Әділхады Шығанбаев: «Заң – мемлекеттің дамуының тірегі. Заңы мықты қоғамның өзі де мықты болатыны сондықтан» («Заң газеті» 21.08.2020) деуі заңсыз тіршіліктің күні қараңдығын айғақтайды.

Адамның күллі ғұмырына заңмен қызмет көрсетіліп, қорғалады. Өйткені, мемлекеттің басты байлығы – адам. Демек, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Заң халыққа қызмет ететіндіктен, заңның пәрменді, мықты болуы, оны халықтың дұрыс қабылдауына, көңілінен шығуына да байланысты. Қоғамның өркениетті, мемлекеттің қуатты болуы – Заңның демократиялық, халықтық сипатына қатысты. Ғалымдарымыздың тұжырымына сүйенсек, ертеде халқымыз Ата Заңды «жол» деп, дәстүр-салтын «жосын» деп атап, «жол»» мен «жосын» елді, мемлекетті ұйымдастырудың «ата қазығы» болғанына, алғашқы Консти­туциялардың тұсауы кесілуіне осындай ғылыми талдау жасаулары жаныңды жадыратады. Сондай өткенге тарихи талдау жасап жүрген ізденімпаз ғалым, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкен біздің жерімізде ертеде қоныс тепкен сақтар мен ғұндардың Қытай деректерінде сақталған мемлекет ретін­дегі «жолы» мен «жосынының» ішкі мазмұнына бойлайды. Оның айтуынша: «Сақтар мен ғұндар әдет заңында, Қытай деректерінде, ұрлық қылғандардың бала-шағасы мен мал-мүлкі тәркіленген. Жеңіл қылмыс жасағандардың толарсағы шағылған, ауыр қылмыс жасағандар өлім жазасына кесілген, абақтыға түсетіндер санаулы болған. Ғұн, түркі, Шығыс Дешті-Қыпшақ заманында мемлекет және жекенің мал-мүлкіне қол салғандардың «бетін тілетін» болған. Қазақта «бетің тіліңгір»» деген тіркес содан қалған» («Егемен Қазақстан», 28.08.2020 ж.). Тұрсынханның бұл пікірі – кенезесі кепкен шөлге жауған жаңбырдай. Ал қазақтың ежелгі тарихы, Ата Заңының өткені жайлы профессор Т.Зәкеннің тұжырымы да қой­дың қаймағын жегендей әсерге бөлейді: «Қазақ халқы – ертеден өзінің дана демократиясының арқасында сайын сахарада емін-еркін, бұла өскен халық. Сол дәстүрлі мемлекеттік басқару жүйесінің арқасында атамыз қазақ осы күнге тұтас ұлт ретінде жетті. Сөйтіп ұлт өзінің артықшылықтарын сәулелендіре алды» («Егемен Қазақстан», 28.08.2020 ж.), – деп Ахиллестің өкшесін дәл көздегеннің өзі боп шығады. Асылы, сөздәйекті оқып отырып, біз қазақ өз дәстүрінде заңнамалық тарихы болған халық екеніне шүбәсіз иланамыз. Оны заң ғалымдарының докторы, академик С.З.Зиманов: «Древ­нее право казахов формировалось и сложилось на базе правовых воззрений и нормативных актов многих кочевых и полукочевых объединений, сменявших друг-друга и составленных в основном из древних тюркско-казахских племенных и государственных образований» («Казах­ский суд биев – уникальная судебная система». Алматы, «Атамұра» 2008 г. с. 6), – деп қазақ заңнамасының түп-тамырына бойлап, генеологиялық қатпарын қаза, шыққан тегіне қапысыз сендіреді. Оның себеп-салдарын біртуар ғалым: «Из всех сфер общественно-управленческой жизни населения выделяется сфера законности и правосудия, которая бы­ла и оставалась во все времена и эпо­хи человеческого общежития его неизменным нравственным критерием», – деп ғылымға сүйенген тұжырымды көлденең тартады.

Қазақ халқын толық отарлап, билеп-төстеген, оны жер бетінен жоюды көз­деген орыс патша өкіметі мен коммунистік ұлы империялық шовинистік саясаттың ықпалымен қазақтарды надан, бұратана, тарихынан жұрдай, өз мемлекеті бол­маған жабайыға балағаны мәлім. Ал туған халқының тарихына сұңғыла, энциклопедиялық білім иесі, ұлы жазу­шымыз Мұхтар Әуезов «Қобыланды батыр» атты мақаласында керісінше қазақтың көне халықтардың қатарына жататынын: «Бұрынғы заманда неше алуан хандық құрған түрік жұрттарының көбінің шыққан тегі бір ел екені тарих жүзінен белгілі. Нағыз қазақ бірлігі он бесінші ғасырлар ішінде шықты десек те, сол бірлікті жасаған рулардың көпшілігі ертерек заманда болған. Алтын Орда, Қазан хандығы, Ноғайлы, Өзбек бірлігі сияқты хандықтардың бәріне де кірген, солармен бірге ыстығына күйіп, суығына тоңып, ірі тарихи уақиғаларды бастарынан кешіріскен» («Таң» журналы, №1, 1925 ж.), деп шағын ұлттарды отарлап, езіп, жаншып, мәңгүрттендіріп, рухани құл­ға айналдырып, рухы мен санасын өшіріп, меңіреулендірмек болған сұрқия саясатына шындықтың шырағын маздатып алдыңа тосады. Ал «Қазақтарда бұрын жазу-сызу болмаған, надан халық болған» деген бұралқы ой-пікірлердің шоғын бықсытып, тұтатқандарға профессор Мекемтас Мырзахметов: «Біздің халық – мықты халық, тарихы теңдессіз халық. Кім Европада «Құтты білік» (Жүсіп Баласағұн – Т.С.) сынды кітап жазды? Біреуі де жазған жоқ. Кім алтын адамдарды жасады?.. Кеңестік дәуірде қазақтың тарихы, жазуы жоқ деді. Бәрі табылып жатыр... Біз бүгін Европаның, Ресейдің заңымен жүреміз. Қарапайым мысал, біреумен ұрсысып қалсақ болды сотқа береміз. Ал біздің хандық тұсында прокурор сынды аппарат, полиция деген атымен болмаған. Бірақ адамдар осыларсыз-ақ өмір сүрді. Бүкіл дауды билер шешіп отырған. Билерді хан сайламаған, халық өзі мойындайды. Міне, солар сол елді ұстап тұрды. Ал, патша өкіметі орнағаннан бастап қазақ даласына орыстың заңы енді. Сөйтіп ата салтымыз ұмыт қалды. Ал ұлттық рух пен ұлттық дәстүрін жоғалтқан халықтың хайуаннан еш айырмасы жоқ. Біздің ел әлі күнге дейін Ресейге бағынышты. Қазір де жалтақтайды» («Ақиқат» №9, 2012 ж. 37-б.) – деп Абайтану саласында іргелі ізденістерді дүниеге әкелген, әдебиеттану ғылымында өзіндік орны бар абыз ақсақалымыз қазақтың ұлылығын, тарихи ірі жетістіктерді қазіргі өркениет биігінде отырғандардан да бұрын жасап, Евразияға мәшһүр, қуатты мемлекет құрғанын, алайда жері кең де бай болғанымен, халқының санының аздығынан ұлы империяның отарына айналғаннан кейін тартқан азабын, озық заңы, ұлттық рухы, ұлттық дәстүрін пиғылы арам, қорқау ниетті отаршылардың кесірінен жоғалтқанын, құлдық сана індетінің мысқалдап кіріп, батпандап өнебойды жайлап діңкелетіп отырғанына аһ ұрады. Мекеңнің күрсінісіне жүрегің ауырғанымен, күші мығымға жағынып, бас ие берудің түптің-түбінде мемлекетіңнің ірге тасын әлсіретіп, құдай санағаныңның қақпанына қабыларың ақиқат.

Қазір қуатты, тәуелсіз мемлекет боп Евразия орталығына мығым орна­ласқан ел ретінде аяғымыздан тік тұрып, кеудемізді кере демалуымызға ешкімнің кедергісі жоқ. Ерлік, батырлық, қаһармандық біздің қанымызда бар. Дәлелге жүгінсек, ата-бабаларымыз жеңімпаз хундар мен ғұндар, үйсіндер мен сақтар, қаңлы, қыпшақтар мен өзге де ежелгі түркі халықтарының мықты империясы болғаны тарихтан мәшһүр. Соның жарқын бір мысалы, көшпенділерге еркін өмір сүру үшін ұлан-ғайыр кеңістік қажеттігін ескерген ғұндардың билеушісі Атилланың күллі Европаны бағындырып, ондағы әскери, интеллектуалды және қуатты саналған экономикалық күшті дүр сілкіндіріп, «күш атасын танымасты» мойындатып, номадтар билікке келген. Бұл мысалды тілге тиек етіп отырғандағы мақсатымыз, өз күшіңді, құдіретіңді, деңгей-дәрежеңді таныту, мойындату үшін өзге елді қанға тұншықтырып жаулап алып, барын көмейіңнен өткізіп, үстемдік құруды жетіскендік санап отырғанымыз жоқ. Өзің өз бетіңмен ешкімге тиіспе, ала жібін аттама, ал басқа біреу басыңа шауып, төсіңе өрлесе басындырма, сонда ұйқың тыныш, жағаң жайлауда болмақ. Империялық және тоталитарлық режим, ұлы империялық шовинизм аз уақыт бөркіңді аспанға аттырып, есірткенімен, көп кешікпей аяғыңды аспаннан келтіретіні имандай шындық. Алысқа ұзамай-ақ жақыннан мысал келтірсек, әлемге айдыны асып, «Европа жандармы» дәрежесіне көтерілген Россия патша өкіметін 1917 жылы большевиктер шаңырағын ортасына түсірді, сол патша империясының мұрагері саналатын Советтік қызыл империя да ұлы империялық шовинизм дерті ас­қынуының кесірінен, жер бетіндегі әлемді аузына қаратқан алып мемлекет саналғанымен, небәрі 75 жыл жасап, күйреп тынды. Бұл трагедиялық күйдің мемлекет байлығы, қуаты, халқына ешбір қатысы жоқ. Бар пәле саяси билікті қолына ұстаған басқарушыларының адамшылық болмысы, білімі, интеллектуалдық деңгейі, дүниетанымы, саяси көзқарасы, халық мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятын тектілігі, бастысы, қоғамның тамырына қан жүгіртетін заң талабын бекем ұс­тайтын принципшілдік, ел басқарудың өркенді парадигмасын қалыптастыруда күндіз күлкі, түнде ұйқыдан безініп ізде­нетін, ізгі жаратылысты іскер басшыға қатысты. Кезінде Алаштың ұлы перзенті, қоғам-мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхан да: «Жұрт пайдасына таза жол­мен тура бастайтын ер табылса, қа­зақ халқы оның соңынан ерер еді», – деп ел тағдыры, мемлекеттің өрке­ниетті деңгейге жетуіне небір ірі бастамаларымен ұйытқы болатын нағыз сегіз қырлы, бір сырлы біртуар тұлға-ерді аңсап өткен. Мұнан шығатын қорытынды, әділетті үкіметі, пәрменді, мықты заңы, «әділ қазы» биі, соты, прокуроры, адал, парасатты, арлы басшылары бар елдің ғана мемлекеті мығым болмақ. Ал, кездейсоқ адамдардың таққа отыруымен автократиялық, диктаторлық режимдер белең алып, елдің ыңыршағын шығарып, мемлекетті көтерем күйге түсіруі де тарихта жиі ұшырасатын жағымсыз құбылыс. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханды осы жағдай алаңдатып, тағдыры қыл үстіндегі халқын тозақтан аман алып шығып, еркін тыныстатып, жайлы тұрмыста жайсаң өмірдің қызығын кештіретін, таза жолмен жүретін текті басшыны кие тұтып, Ата заңымызда ел басқарудың озық үлгісі ретінде алтын әріппен әдіптелетін-ақ ғибрат, демократиялық зайырлы мемлекеттің бағын ашатын бекзат талап.

Ақ зер дүниеде ата-тегіміз бүкіл Азия мен Европа құрлығын дүр сілкіндіріп, үлкен империялық күшке айналғанынан жете хабардар Абайдың кезінде қазақ даласы мемлекеттіктен айырылып, Россия империясының колониясына айналған еді. Әйтсе де, түңілуге жібермейтін жай, қазақтың салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүрі, рулық бөлініс, көшпелі өркениеттің озық үлгілері сот ісін жүргізу тәртібі көп өзгеріске түспей, мұрты бұзыла қой­ған жоқ-ты. Қазақ заңнамасы байырғы құқықтың жүйесінің негізінде мәдени-демократиялық дәстүрімен жасампаздық табиғатын сақтап қалды. Құқықтық мәдениет деңгейі төмен қоғамда консти­туциялық құндылықтардың күш-қуаты қауқарсыз болатынын ескерсек, қазақта сол мәдениеттің күші басым. Ол оны бір күнде емес, ғасырлар бойы қанына сіңіріп, бойына дарытқан. Тарихтан мәлім, ұлы Даланы ен жайлағандарды мәдени-этникалық ұғымды түріктер немесе Тұран, Түркістан атағаны жайдан-жай емес. Түркістан түрік өркениетінің дәстүрлі жалғасы – Қазақия Заңнамасы мәдени аралында пайда болып, ол күллі түркі қауымының ортақ құқығына айналды. Мұнан шығатын қорытынды – Дешті Қыпшақ даласы байырғы көшпенділер өркениетінің бесігі.

Ата Заңның қазақты заңғарға көтер­генін көрнекті тарихшы, академик Манаш Қозыбаев: «...қыпшақ атауымен халық болып танылған қазақ барша түрік әулетінің қара шаңырағы болды. Евразияның қос құрлығында тарихтың құдіретті төріне бірақ шықты» («Егемен Қазақстан». Ата тарихы туралы сыр. 30.04.1999 ж.), – деп ақ пен қараны жан-жақты анықтап, тура төрелік жасаған. Қазақ заңнамасының тарихына сұңғыла, сауатты заңгер, академик С.З.Зиманов болса: «В казахском праве «жарғы» и в казахских судах биев, отпочковавшихся от общих оснований, немало норм и ценностей, унаследованных от своих далеких предков. В этом плане существует преемственность истории народов Центральной Азии... Казахское право оказалось сильнее мечей узурпаторов и их насильственной политики» («Казахский суд биев – уникальная судебная система». Алматы, «Атамұра» 2008 г. C. 4, 25), – деп қазақтың ұлттық рух пен ұлттық намысқа суарылған Ата Заңы тамырын тереңге жіберген, бұтағы ажарын кіргізіп, күн нұрын бойына сіңірген алып бәйтерек сынды екенін мойындата отырып, өзгенің бағына, байлығына, жеріне сұқтануды қоймайтын глобалистер, агрессиялық саясаттың шүріппесінен қолы кетпейтін, ұсақ халықтарды менсінбей, шекесінен қарайтын патшалық Россия мен ком­мунистік империяның стратегиялық ой-санасының тайыздығынан туындайтын, ұлы державалық шовинизмінің дертін бойына жұқтырмаған халқының беріктігіне, таяғы мен оғын елемей, ел ішінде қанына сіңген ежелгі заң мен тәртіпті сақтап, әдептен озбаған ерекше жаратылысты, қара жердей толеранттылығына қайран қалады. Адамзат ақылмандарының ғибратына құлақ қойсақ, олар «Мәңгілік дос та жоқ, мәңгілік дұшпан да жоқ, тек ұлт мүддесі, сол мүдденің жүгін қара нардай қайыспай көтеретін заңы ғана мәңгі» деген даналықты көлденең тартыпты. Сол қара нар – Ата Заңның бір қырын үлкен жазушы Сәбит Мұқанов: «Киіз туырлықты қазақ аталатын бұл елдің өмір тарихы, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, мінез-құлқы айна қатесіз бірдей... осыншама тұрақтылық, тұтастық Октябрь революциясына дейін тұтас мемлекет болмаған елде сақталуы таңғаларлық құбылыс» (Таңдамалы шығармалары, 16 томдық. Алматы, 1979 жыл. 15-том, 37-бет), – деп қазақ халқының береке-бірлігі, ынтымағы, бауырмашыл, ешкімді жатырқамайтын мәрттігіне сүйсінеді. Сөйте отырып, осыншама ынтымақ, бірлік, бауырмашылдық Октябрь рево­люциясына дейін (1917 жыл – Т.С.) тұтас мемлекет болмаған елге қайдан келгеніне ақылы қайран болыпты. Оған буырқанып, ағамызды есекке теріс мінгізу ыңғайсыз, өйткені Сәбит Мұқанов Кеңес өкіметінде өмір сүріп, соның идеологиясымен тыныс алған, қолдаған, сол заманның жазушы-қоғам қайраткері. Оның үстіне немістің ұлы ақыны Гетенің: «Ең ұлық суреткердің өзі өз заманының ықпалынан  озып кете алмайды», – деуі де негізсіз емес. Советтік идеологияның агрессиялық саясаты, отары, бодан, ұсақ, тәуелді халықтардың өткен тарихын көпе-көрнеу жоққа шығарған антихалықтық ұстанымын сол қалпында қабылдап, «жақсы атанудың» амалынан аспаған. Әйтпесе арнайы жоғары оқу орнын бітірмегенімен, Сәбит Мұқанов тәрізді өз бетімен оқыған-тоқығаны мол, ақын, жазушы, драматург, мемлекет пен қоғам қайраткері, артында мол мұра қалдырған қазақтың жарты әлемге танымал тұлғасы әлемде көшпенділер өркениеті орын тепкенін; Орталық Азия «жұмақ-пұшпақ» саналғанын, оның олай болуына үш фактор: географиялық, әлеуметтік-саяси және адамгершілік қасиеттері шарапаты тигенін, сол Орталық Азия, Европалық кеңістікте мекендеген империялар мен әлеуметтік-саяси режимді бастан кешіп, бел ортасында дәуірлеп, түркі туыстас ағайындарға мемлекет құрып, Ата Заңның құдіретімен қоғамды қалай кемелдендіру мүмкіндігіне үйреткен қазақ халқы болғанын әлем мойындағанынан хабары жоқтығы ешкімді сендірмейді. Одан беріде Шығыс Дешті-Қыпшақ мемлекеті қазақтың төл мемлекеті болғанын; ол: «Ертіс-Енисей – солтүстігін, Балқаш пен Сырдария өзені – оңтүстігін, Орал-Волга даласы, Қарақұм, Мойынқұм – батысын, жеті өзенді Жетісу, Жоңғар қақпасы – шығысын қамтып жатқан орасан кеңістікті алып мемлекет құра білген халықтар санатынан көрінгеніне қазақ перзентінің мерейі өсудің орнына, барды жоққа шығаруы ағамыздың білімсіздігінен емес, білгенін Кеңестік идеологияның популистік, өктем саясатына жеңдіруі санаған шындыққа саяды.

Қоғамдық сана мен азаматтық сананың мұраты әділеттің ақ жолынан таймай, рухани жолдағы ең үлкен күресі, ең әуелі адам өзінің хайуандық инстинктімен күресіп, нәпсінің ықпалымен болмыс заңдылығын бұрмалаудан тиылып, оларды жеңе білуінде жатыр. Қылышынан қан тамған ақ патша мен қазақтың авто­но­миясын жойған большевиктердің ызғарынан ықпай, елін отарлық езгіден азат етіп, тәуелсіздігіне қолын жеткізу үшін өмірін де құрбан еткен Алаш қайраткерлері елең-алаң шақта қазақтың оқыған, елге аты мәшһүр азаматтарына «Қазақ» газе­тінде: «Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс қылыңдар. Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан Алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар» («Қазақ» газетінде жарияланған мақа­ланы 11.09.2020 ж. «Қала мен дала» газетіне ұсынған Ағабек Қонарбайұлы), – деп ел тағдыры жанын мазалаған қазақтың аймаңдай біртуар ұлдарына біртуарлығынан айнымай, өзгелерге жол көрсетуге шақырады. Бұл – жаны жәннатта болғыр Сәбит Мұқановты да, бүгінгі ел тізгінін қолында ұстағандарды да, рухани жан байлығымен жұрттың құрметіне бөленіп жүрген «қазақтың бас адамдары, көсемдерін» де халықтың обал-көз жасына қалмай, қашан да жеке бас мүддесінен Алаштың мүддесін жоғары қойып, Алла сыйлаған ерекше жаратылыс, білім-парасатын, қажыр-қайратын, керек болса өмірін де күмілжімей соған арнауға шақырған. Оларға шолтиған пенделік өмір емес, ұрпақтар қастерлеп өтетін мәңгілік өмір сонда ғана бұйыратындығын ескертеді.

Германияның канцлері Отто фон Бисмарк: «Шенеуніктері жақсы елді жаман заңдармен де басқаруға да болады, бірақ шенеуніктері нашар болса ешқандай жақсы заң көмектесе алмайды», – деп ол да ел тізгінін ұстағандардың интеллектуал, азаматтық тұлғасы биік, ел басқаруда бай тәжірибесі бар, адамгершілігі жоғары, өмірдегі қиыншылықтың, қайшылықтың бәрін ақылмен, біліммен жеңіп отыратын шенеуніктің тағында мығым отыруы бәрін шешетінін өз басынан өткере отырып, дана қорытынды жасаған. Әйтсе де, өмірдің қай саласын алып қарасаң да, тұзсыз астың дәмі кірмейтіні тәрізді, заңсыз ешқайда аяқ баса алмайсыз, тірліктің мәні, мазмұны соған тіреледі. «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» демекші, қазанатыңыз – осы заң. Сондықтан, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық, Азаматтық процессуалдық кодекстер мен нормативтік құқықтық актілерден сауатты болса, қой үстінде боз торғай жұмыртқалаған заманда өмір сүрер едік. Жақсы заңның мотивациясы жаман шенеунігіңізді тақ тұрмақ, табалдырықтан аттатпасы анық. Бәріміз де Ата Заңнан сауатты болуға ақпараттық технология мен ғылыми-техникалық прогрестің үздік жетістіктерінің мүмкіндігі зор. Әрбір азаматтық парызы мен міндеті – Конституцияда көзделген қағидаларды бұзбай, конституциялық құндылықтарды қорғаумен бірге, заңдар мен құқықтық актілерді бұлжытпай орындау, талабын берік сақтау – өмір сүруді жеңілдете түспек. Асылы, заңның пәрменді, мықты болуы оны халықтың дұрыс қабылдауына, көңілінен шығуына байланысты. Әйтсе де, көптің аты – көп. Қазақстан халқын зорлап мәжбүрлеуге жеткізбей, өз қалауымен азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мін­деттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің иірімдерін сүзе меңгеруінің, заңды консолидациялаудың маңызды факторларының қат-қабатын да игертудің артықтығы жоқ. Ол үшін Ата Заңды насихаттайтын фемида қызметкерлері сауаттылығы, жүйелі, салмақты, тегеурінді, ізгі ниет, ілкімді істері, білімділігі ауадай қажет.

«Заң газетінде» (21.08.2020 ж.) Зәбира Аманова есімді заңгер қызымыздың: «Әл­ем­дегі ең жас конституциялардың бірі са­налатын Қазақстанның бас құжаты айналдырған отыз жылдың ішінде талай жақсы істердің жаршысы болғаны дәлелдеуді қажет етпейді», – деген тұжырымын оқып, көңіліміз орта түсіп қалды. Апыр-ау, жай қарапайым оқырман емес, білдей заңгер азаматшаның, біріншіден, қай Конституция жайлы әң­гіме қозғап отырғаны бимәлім. Екін­шіден, академик С.З.Зимановтың «Казах­ский суд биев – уникальная судеб­ная система» монографиясын, ол жетекші боп шығартқан «Қазақтың Ата заңдары» таңдамалы жинақтарының 10 томын оқымауы Заңнама ғылымынан сауаттылығына күмән келтірері қисынды. Басқаны былай қойғанда, тек соларды оқыса, Конституциямыздың («Ата Заңның» – Т.С.) әлемдегі ең жас Конституция ма, жоқ өркениетті елдерге шарапаты тиген көне Ата Заң ба, соны ақыл-парасатымен пайымдаса, шала түсінік, жеңілтек пікірдің шоғын тұтатпас еді.

Қазақтың бас құжатының Зәбираша тек отыз жылдық өмірбаяны барына қалың жұртты шатастырмас үшін Ата Заңның тарихына біраз ғылыми шолу жасауға тура келеді. Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ата Заң жайлы мақаласында: «Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ. Ұялмайтынымыз – Ұлы Дала төсінде ұлттың ұятын түгендеп, өмірлік ұстанымын шегендеген өз жолымыз болды. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы»; әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы» еді қазақ елінің қайнар бұлағы» («Егемен Қазақстан», 28.08.2020 ж.), – деп «қазақ елінің қайнар бұлағы» – Ата Заңымыз сонау XVI-XVII ғасырдан бастау алатынын мақтан тұта­ды. Ғалымдарымыздың ұзақ жылғы зерттеулері нәтижесінде нормативті қазақ заңнамасының үш құнар тартқан арнасы барын жіліктеп шағып беріп отыр. Бірінші арна – халықтың қалыпты құқықтық институты; екіншісі хандардың атын иеленген кішілі-үлкенді нормативті құқықтық ережелер; үшіншісі – аты-жөні белгісіз өткеннен қалған өсиет-өнеге: «Атадан қалған үлгі», «Биден қал­ған жол өнеге, жол-жоралғы сөз» т.т. Аталғандарға қосымша, халықтың көне ғасырларда қолданып, кейінгі ұрпаққа мұра боп қалған: Шыңғыс хан дәуірінен жеткен құқықтық ескерткіштер «Жасақ заңы», «Юань әулетінің тарихы» қаншама ғасырлар түркі халықтарына мінсіз қызмет етті. Көшпенділер өркениетін қалыптастырып, мемлекетінің іргетасын берік өруге, бастысы «әділ қазы, алтын таразы» міндетін мінсіз атқарған «Әдет заңдары», «Жарғы»», «Дала заңдары», «Билер заңдарының» ерекшелігі – олар санаға сіңімді, қысқа да нұсқа, ырғақты, құлаққа жағымды үні, әуенімен естілетін,тілге жеңіл, жүрекке жылы», шапшаң қабылданатын формада боп кел­ген. Ал Ұлы Даланың құқықтану мен сот тәртібінің «Алтын ғасырын» жасаған билер – дала кемеңгерлерінің мектебінен өтіп, солардың батасын алған, қызыл тілдің шешені, істің логикалық түйінін тапқан алғыр, қазақ Заңнамасының тарихына қанық озық ойлы адамдар қатарынан. Осы көнеден келе жатқан, бергі ғасырларда өмірге келген Заңнамаларымыздың бәрін оқып, зерттеп, озық үлгілерін бойына сіңірген Абайдың 1885 жылы өмірге келген «Қарамола Ережесі» – ғылымға, білімге, әділдік, адалдық, шындыққа суарылған, ізгілікті өмір сүрудің заңына жетік кең арналы Заңнама. Осы «Ережемен» жете танысқан заң ғылымдарының корифейі, академик С.З.Зиманов: «Оно несло и выполняло одновременно несколько функций: регулятивную, управленческую, объединительную, охранительную и гуманистическую. Оно было в широком смысле законом и властью, источником общественного бытия и нравственности, искусством «духовной ценностью» («Казахский суд биев – уникальная су­деб­ная система». А., «Атамұра» 2008 г. с. 187), – деп әділдік, адалдық, ру­хани байлықтар мен шындық тәрізді моральдық құндылықтарды басты тұғыры еткен ерекше қуатты Ата Заңның дүниеге келгенін жүрегі жарыла қуанып, Абайдың заңгерлік білімі мен қабілетіне сүйсінеді. Зайырлы, құқықтық мемлекеттің кез келген азаматы әділетті Ата Заңнан із­дейді. Ата Заңы мықты мемлекеттің болашағы да жарқын болатыны Абайды осындай «Ереже» жазуға құлшындырады. Ақиқатына жүгінсек, Қазақ өлкесіндегі қазақ тілінде жарық көрген праволық құжат – 1885 жылы май айында Семей облысының Қарамола дейтін жерінде бес дуан елінің билері мен құрметті адамдарының съезінде  қабылданып, бекітілген, 73-баптан (статьядан) тұратын «Қарамола Ережесі» деп атау алған заң нұсқасы. «Ереже» 1886 жылы Қазан университетінің баспаханасында татар тілінде арап әрпімен басылған. Көрнекті заңгер ғалым Ғибрат Валиев: «Ұлы ақын Абай Құнанбаев тарихта өзінің есімін «Қарамола Ережесінің» авторы, ғұлама заңгер ретінде қалдырды. Мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы, сот деген үш тармаққа бөлінсе, ұлы Абай үшеуіне де тікелей қатысқан» («Заңгер», №2, 2020 ж.), – деп оның заңгер ретіндегі тарихи қызметін ашып көрсетіп береді. Бірақ «тікелей қатысқан» деген тіркес оның жалғыз атқарған орасан зор еңбегін жоққа шығарғандай ойға жетелейді. Академик С.З.Зиманов: «Правдивое и глубокое описание казахского правосудия оставил и Абай Кунанбаев, мыслитель и поэт, крупнейший знаток казахского древнего права и правосудия, живший во второй половине ХІХ века» («Казахский суд биев – уникальная судебная система». А., «Атамұра» 2008 г. с. 103), – деп ұлы ойшыл, ұлы ақын Абайдың ұлы заңгерлікті де қанжығасына байлап, жеке-дара «Қарамола Ережесі» – Қазақ занамасын жазып қалдырғанына сүйсініп, мерейленген.

Арнайы Заңнама саласынан білім беретін жоғары оқу орнының табал­дырығын аттамаған, сөйтсе де қазіргі күллі заң ғылымының корифейлерін академик С.З. Зимановтан бастап Абайдың құқықтану ғылымы саласындағы білімі түпсіз теңіздей тереңдігін мойындатқан. Ол – тек өз дәуіріндегі Заңнамалармен қанағаттанбай, сонау көне ғасырлардан сүрленіп жеткен Ата Заңның ұңғыл-шұң­ғылына дейін қаза зерттеп қоймай, өзі ғұмыр кешкен кезеңнің әлеуметтік, саяси, қоғамдық жайына қанық, демократиялық құрылымдар мен азаматтық қоғам принциптерін терең меңгерген энцик­лопедиялық дүниетанымның иесі. Далалық өркениеттің аса ірі тұлғасы Абай ұлы ақын, ағартушы, философ, ұлы заңгер, теңдесі жоқ Төбе би, композитор, публицист, аузы дуалы шешен, рухани көсем, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде жарқырай көрінеді. Халық мүддесіне беріле тер төккен оны Жамбыл ақын Пайғамбар санаса, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың рухани бағытын нұсқайтын Темірқазық жұлдызына баласа, ол – көкірек көзінің тұжырымы. Портретте трендтік сипат жоқ, Алла Қазақтың қа­мын жеп сыйлаған біртуар перзенті, ұлт мүддесін күйіттеген толағай рухты көсемі. Тектілік пен бекзаттықты бойына жинаған асылдың сынығы.

Миллиондардың біріне ғана жаратушы сыйлайтын үздік те ізгі қасиеттер қонған Абайдың құқықтанушылық ой-пікірлерінің қалыптасуына игі әсер еткен табиғи ар­на­лардың алғашқысы – туған ортасы. Абайдың би болуына оның әлеуметтік ортасы, династиялық тәрбиесі ықпалын тигізгені анық. Бабасы Ырғызбай да – қызыл сөздің уызына жарыған атақты би. Оның баласы Кеңгірбай да теңдесі жоқ би саналған. Ағайын-туғанды бір-бірінен бөлмей, бірлікті, ынтымақты кие тұтқан дархан жүректі, әділ би боп өмірден өтіпті. Әділдігінің, дархан жүректілігінің бір дәлелі өзі өмірден озар шағында «би» титулын ағасының баласы Өскенбайға тапсырған. Өскенбаймен қатарлас, өз кіндігінен дүниеге келген Ералыға «би» титулын ұсынбауы, оны оның биік деңгейде алып жүретініне сенбегенінде жатыр. Ол да қатардағы билердің бірі саналған. Тобықтылықтар арасында: «Ісің адал болса Өскенбайға бар, арам болса Ералыға бар», – деп Өскенбайды әулие тұтқан әңгімелердің таралуы жайдан-жай емес. Замандастары Абайдың өз әкесі Құнанбайды қазақ Заңнамасының төркінін, қайнар бұлағын жете білетін адамдардың қатарына қосқан. Поляк халқының Қазақ­станда айдауда болған ұлы перзенті, ғалым Адольф Янушкевич Құнанбай мен Вишневский (Сібір қазақтарының шекара бастығы, генерал) экспедициясында болған шағында Құнанбай жайлы: «Қарапайым қара халықтан шыққан Құ­нан­бай жаратылыстан ақыл-парасат дарыған, керемет зерек, қара тілге шешен, байыпты, тыңғылықты кісі, халқының қамын ойлайды, оған жақсылық жасасам дейді; елінің ежелгі жол-жобасына, әл-құранда жазылған шариғат жолына аса жүйрік, Ресей өкіметінің қырғыздар жөніндегі заң ережелеріне өте жетік; қара қылды қақ жарған әділ, адал азамат; Құнанбай халқының қамқоры, оны жұрт Пайғамбарындай көреді, сондықтан одан ақыл-кеңес алуға тіпті бір қиырдағы ауылдардан жас пен кәрі, бай мен кедей ағылып келіп жатады. Тобықты деген мықты рудың қалауымен ол болыстық қияметке сайланып қойған, елден ерек білгіштігінің арқасында бұл қызметті тасқаяқтай қағыстырып, тамаша жақсы атқарды, оның айтқаны екі болмайды, қабағын қақса, іс орнына келіп жатады» («Қазақстан архивтері» №3, 2020 ж. 20-21 б.), – депті ең жақын досы Густав Зеленскийге жазған хатында Құнанбайдың ірі, дара тұлғалығын  тілі жеткенше ашып, ғажайып, келісті келбетін, рухани болмысын алдыңа тосады.

Қазақ ежелден баласын атақты билер отырысына апарып, күннің күнінде сол алдына қара салмайтын тұлпарлардың қатарынан көруді армандаған. Ұлы ақын, Төбе би Абайға өз бойындағы ел­ді таңқалдырған озық қасиеттерін дарыта жүріп, оны азырқанған Құнанбай балаларының ішіндегі дара туысымен ерекшеленген Ибраһимді 6 жасында би, шешен, дана қариялар бас қосқан думан, қызу таласы өрттей лаулаған жиындар өтетін Қарқаралыға жиі апарып жүрген. Өйткені, болашақта ел тізгінін ұстаған әкім, би болатын адам, өмірден көрген-түйгені мол, ақыл-парасатқа кенен болумен бірге, ел бас иген атақты тұлғалардың алдынан өтіп, сынақтан мүдірмей, батасын алғаны талап етілген. Өйткені, «қабырғадан қар жауып, бораны қардан тау үйіп жатса да атан менен нарға күш; ел шетіне дау мен қоса жау келсе – қабырғалы биге күш». Абай бесіктен белі шықпай жатып әкесінің игі ықпалымен Қарқаралыда да, ақ түйенің қарны жарылған киелі дастарханының төрінде де батырлық, билік, әділдігімен ел құрметіне бөленген аса ірі тұлғалар: Құнанбай, Есеней, Алшынбай, Ерден, Шыңғыс (Шоқан Уәлихановтың әкесі – Т.С.), Қоңырқұлжа, т.б. халқының көшін бастаған көсемдерінің сол тұстағы ісі, сөзі, пікірі, ұстанымы – Өмір атты керуен-көшінде артына өшпес із қалдырған, Дала ғұламаларының академиясынан өту жас Абайға киелі қасиеттерді бойына ерте сіңіріп, жасына жетпей ержетуге өріс ашты. Демек, Абайдың әже, әке тарапынан да, ана тарапынан да, замандас тарапынан да алғаны нарға жүк боларлық.

Абайдың сөз бастап кетсе – шешен, ел бастап кетсе – көсемдікке ұмтылуында оған  даңғыл жол ашқан екінші саты, арна: өз бетінше ден қоя оқыған, құныға тыңдаған ауыз әдебиеті шығармалары туған халқы­ның өмірі мен дәстүрін, арманы мен мұңын жас жүрегіне сіңіре білуі. Олармен қоса, ол Қазақ Заңнамасының байырғы-құқықтық жүйесінің негізінде мәдени-демократиялық дәстүрін өрістеткен, жан-жақты білігі, табандылығы, адалдығы, әділдігі, халық ісіне беріле еңбек етуімен есімдері тарихта алтын әріппен жазылған билердің басы «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы биді», «Мен болсам халық үшін жүрген адаммын» дейтін Төле биді, «Өмірім – өзгенікі, өлімім ғана өзімдікі» деуден танбаған Әйтеке – әулие билерді дәріптейтін аңызға бергісіз еңбектері мен ұстанымдарын терең зерттеп, үлгі тұтты. Ата Заңның алтын ғасырын жасаған, ұлт­тық құқықтық соттың шежіресінде мәңгі қалғандардың негізгілері: Аяз би, Едіге, Қазыбек би, Есет би, Бала би, Доспол би, Ақтайлақ би, Мөңке би, Байдалы би, Шона би, Сайдалы би, Аққошқар би, Ерден би, Тоқсаба би, т.б. жүзден асқан танымал билердің бәрі – Абайдың мектебі болған. «Биі жақсының – елі жақсылығын» олар өз өмірлерімен дәлелдеп өтті. Көшпенді қазақтардың билер соты арды бірінші орынға қойған. Олар: «Малым жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «Ханда қырық кісінің ақылы бар, биде қырық кісінің ары, білімі бар», «Шыннан өзге құдай жоқ», «Адал би – әділ би», «Турашыл би – елін оздырады, тумашыл би – елін аздырады» дейтін халықтың моральдық, нормативтік принциптерді қастерлейтін құқықтық принциптерді арқау еткен мақалдарды басшылыққа алған. Қазақ билерінің мектебі жайлы құнды зерттеулердің иесі А.Зуев: «... свет­лые страницы далекого прошлого, когда в тихом укладе патриархальной жизни он был столь же чист и правдив, как сама жизнь («Киргизский народный суд. Журнал министерства юстиции, СПБ, 1867 №3, с. 161-162), – деп тамсана ой толғағанына еш таңданбаймыз, «шыннан өзге құдай жоқ». Қазіргі заңгерлеріміз ежелгі билер сотының бүгінгі соттарда кездеспейтін  екі артықшылығын сүйсіне атап жүр. Біріншісі, олар дау-жанжалды табан астында шешіп, қолдарына қоғамдық өмірдің тізгінін берік ұстаған; екіншісі, айызыңды қандыратыны – қатысып отырған жұрт бірліктің, ынтымақтың қасиетін арттырып, оның тізгінін берік ұстауды басты мұрат тұтты. «Би есть живая летопись народа, юрист или законовед его» (Н. Козлов). Қылмысты ашып, талдауда, жаза бұйыруда билер халықтың ежелгі, қазіргі Заңнамасы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрып заңдары, мақал, мәтел, көне шежірелер, билер тұжырымдарын жете білетіндіктен, соның негізінде қылмыскермен жоғары адамгершілік принциптерімен диалог құрып, оны қатысып отырған жұрттың бейбіт талқылауына ұштастырып, бір­лескен тұжырыммен іске нүкте қойған. Құда да – риза, құдағи да – риза». Ака­демик С.З. Зиманов қазақ даласындағы би-судьяның ерекше бағаланатынын: «... би-­судья должен быть обладать рядом при­о­бретенных качеств, необходимых для реализации целевых идей бийского судопроизводства. К таким качествам относятся мудрость, красноречие вести диалог с равными себе соперниками, знание обычно – правовых, судебно-прецедентных норм в историческом измерении, а также установленных или введенных ханами законодательств» («Казахский суд биев – уникальная судебная система». А., «Атамұра» 2008 г. с. 6), – дейді.

Қазіргі бір қылмысты ашуға неше ай, жылдарды араға салып, шала-пұла шешіп жүрген судьялардың халық билерінен адалдығы, білімі, қылмыскермен тіл табысуға олақтығы, диалог жүргізуге қабілетсіздігі, даналығы, шешендігі жағынан салыстыруға келмейтіндігі көріп, естіп жүрген шындық. Бұған намыстанудың реті жоқ, қазіргі технология, ғылым шарықтау шегіне жетіп отырған шақта еңбек, ғылым, білімді ерттеп мінген маманға тауға шығу, төбеге шыққаннан да жеңіл. Тек ұйқыны, жалқаулықты, енжарлықты жеңуге күш-қайратың мұқалмаса болғаны. Ұлы Абайдың: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзетіп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – деуі байырғы құқықтық дәстүрге негізделген дала Заңнамаларының қуат-күшін меңгерген, өзіне толық сенімді ұлы заңгердің тұжырымы. Адам да – тылсым материк. Қылмыскердің қылмысын ашарда оны көзін құртып, жайратып салуды мақсат тұтпай, оның осы жаман жолға баруының құпия сырын тарқаттырып, өзің оған биік адамгершілік, имандылық тұрғысынан қарап, шындыққа қарай аттасаң; тартар тозағыңнан құтқаратын Қадыр пейілді тексеруші, би екеніңді ашуды шегертіп, ақылмен ырқыңа қарай жүруге бейімдей алсаң, сонда ғана сенің би ретіндегі тұлғаң асқақтай түспек. Дана, шешен, пікірлесіп отырған жауапкерімен еркін сөйлесіп, диалог жүргізуге шебер, жан-жақты білікті, қайсар, табанды, сабырлы, халық ісіне арлы көзқараспен қарауға дағдыланған Абайға жұрт құмар болған. «Абайға барсақ, билігіне құлдық», «Абай­дың бітімі – арман шегі» екеніне ол асып-таспаған, мүмкіндігінше қылмысын мойындап, ақталғаннан кейін далада қалған азаматқа қол ұшын беріп, біразын өзіне жалданушы ретінде жұмысқа алып, бар жағдайын тудырып, еркін еңбек етуіне мүмкіндік берген. Кейін олар алаңсыз, адал қызметімен көрініп, отбасын құрып, мал жиып, тәуелсіз шаруашылық құрып, Абайға шексіз рахметін айтып, жөнін тапқан.

Хан, ұлы қолбасшы, кемеңгер Абылай хан: «Батыр қол бастайды. Қол бастайтын батыр болу да қымбат; Көсем жол бастайды, жол бастайтын көсем болу да қымбат; Шешен сөз бастайды, бәрінен де ел тағдырын шешетін шешен болу қымбат», – деуі қазақ би-шешендерінің қоғамдағы теңдессіз қызметін, тарихи орнын ұлы тұлғаның өмірлік шындыққа сүйеніп бағалауы. Тарихтан аян, қалмақ­тар тұтқиылдан шабуылдап алып кет­кен тұтқындарды қайтарып, қалмақ қонтайшысын бейбіт қатар өмір сүруге шақыруға барған делегацияны зұлым, қу, қанішер билеуші қабылдап, қазақтарды қырып, аттарын жылқыға қосуға ше­шім қабылдайды. Алайда жыртқыш қонтайшының бұл агрессиялық саясатын шешен, би, жауқазындай он бес жасар Қазыбектің найзағай ойнатып, өрт шарпып, теңізді тулата сөйлеген сөзі қонтайшының астам көкірегін басып, арам ойына тұзақ құрып, жап-жас қазақ баласы хан сарайын теңселтіп, жау жағының салын суға кетіріп, жаушылардың дегеніне көнбесең, басың далада қалар сәттің туарын мойындатады. Қонтайшы төңірегіндегілермен ақыл қосып, Қазыбектің талабы бойынша күллі тұтқындарды босатып, бәріне ат мінгізіп, шапан жауып, басын иіп шығарып салады... Абылай ханның «бәрінен де ел тағдырын шешетін шешен болу қымбаттығының» дәлелі осы.

«Этнограф, заңгер, қоғам қайраткері, ақын Абайдан сан қырлы талантты бұдан былайғы өмірінде ғажап құбылыс – қазақ сахарасында жарқ еткен ренессанс, ерекше феномен ретінде жан-жақты ашыла түсуіне» (Серікбай Қосан) үшінші арнаның құнары басымырақ нәр сыйлаған. Ол Батыс пен Шығыстың ғылыми ой-санасын сыншылдықпен бойына дарытты. Соларды ақыл таразысынан өткізе келе, өз айналасын қоршаған әділетсіздік қазақ халқын аздырып бара жатқанын, оның болашақ ұрпақтың тәрбиесіне теріс ықпалын тигізетінін байқап басы зеңіп, ақылы айрандай ашығаны жұртқа аян. Отаршыл патшалықтың саясаты – қазақ сахарасында ескі қалыптағы рушылдық, патриархалдық-феодалдық құрылыстың ұйтқысын бұзғысы келмеді. Ол отарланған ел мәдениетсіз, ескі қал­пына берік боп, сол көне күйінде қала беруін жөн санады. Қазақты ақсақалдық, феодалдық жобадағы билеріне бұрынғы неше алуан сорақы, жабайы түрдегі жол-жобасын үнемі сақтап отыруға құрық берді. Құн дауы, қалың мал, көп әйел алу, барымта сияқты надандық, ескілік әдет-қалыптың бәрін сақтап отыруға патшалық саясаттың өзі жәрдемші болды. Болыс, билер, елубасылар, тілмәш деп аталатын патшалықтың әрі тыңшы, әрі көзі болған адамдар жаңағы тергеу ісінің барлығын орындатып отыратын аппарат саналды. Сотты жоғарғы деңгейде жүргізген қа­зақ билерінің қасиеті орыстар толық отарлап алып, бар билік қолына өтіп, 1822 жылғы уставтың шешімінен кейін жоғалды. Патшалық законы, сот, әкімшілік орындары қазақ ішінде, атқамінер ортасының айла-тәсіл, салт-індетінен түк білмейтін. Олақ кеңселерді олай да, бұ­лай да алдап, атқамінерлер машық болған мінез – өтірік арыз болатын. Жауын мықтап жоймақ болса, ұлыққа шабады. Онда қаныпезер, алаяқтар нысанаға алған өздерінен бағасы артық, төңірегіне ел үйірілген кісілердің үстінен «кісі өлтірді», «ауыл шапты», «жер өртеді», «патшаны жамандады» тәрізді жалған жалалар жауып, сот алдында өтірік фактіге жан беру, жалған куәлар тарту етек алды. Өздері парақор, қолдарына ұры ұстаған, өтірікке мөр басқыш, приговор бергіш би, старшын, елубасылардың қарасы көбейді. Осы азып-тозған қоғамның шалшығы ұлы Абайды да айналып өтпеді. Халықтың қамы емес, ел сорына біткен озбыр жуандар, қиянатшылар қосыны қайда да жолы даңғыл, абыз Абайдың ел алдындағы беделін жығып, сазға отырғызуға өңмендеп, өтірік пәле-жала жабумен, 12 үлкен іспен тергеліп, 3-4 ай Семей түрмесінде жатып, бейнет шегеді, ар-намысына сызат түсіреді, бірақ дала данышпанын жардан құ­латпақ болғандардың арам пиғылдары әшкереленіп, Абай ақталып шығады. Дұшпандарының айтағына ерген, пасық, надан Ү.Бөрібаевтың домалақ арыздары оның пілге үрген кәндендігін әйгілеп, жақсыға оқ атқан жымысқылығы халық қарғысының оғына байлады.

Абай текті тұлға болғандықтан, орын­сыз жерде балта шауып, қызыл тілдің уытын бейпіл шашпаған. Жасыратыны жоқ, ол – патшаның жоғары биліктегі, жоғары лауазым иелерімен жоғары сакралды деңгейде байланыста болған қоғам қайраткері. Старшындар, болыстар, билер, ояздар, жандаралдар – барлығы іс-әрекеттерімен Абай өмірбаянына қатысты. Өзі де халық қалауымен 4 мәрте болыс, 2 мәрте би болғаны мәлім. Ондағы мақсаты шен алып, шекпен киіп, халық есебінен байып, шалқып өмір сүріп, арзан атақ-абыройға ие болу емес. Көрнекті қазақ ғалымы Хайыржан Бекхожин әділ байыптайтындай: «Демократияшыл және әділетшіл Абай өз заманында қазақ арасындағы бұрынғы ру-ақсақалдық, бектік-феодалдық, қожа-молдалардың, алыпсатар-саудагерлердің қалың бұқараны түрлі жолмен қанауына қарсы күрес ашты». Асылы, нәпсі ықпалында жүрген адамдар өз құлқыны үшін ешқандай қылмыстан тартынбайды. Олар парақорлық, көреалмаушылық, бәсекелестік, зорлық-зомбылық тәрізді қоғам өмірінде зиянды құбылыстарды өршіткені оны күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан бездірді. Терең толғана келе, ол рухани жолдағы ең үлкен күреске білек сыбана кірісіп, өз халқын өзі тұралатқандардың жүрегіне ар, ұят, адамгершілік дәнін егіп, олардың өз бойындағы хайуандық қасиеттерімен күресіп, жексұрын әрекеттерінен безінуге, нәпсісін ауыздықтап, жеңе білуге күш салды. Сөйтіп «қайран елі қазағы» екі жақты қанауды бастан кеше жүріп, өз ішіндегі жағымсыз әрекет, қылмыс, дау-жанжалмен өздері күресіп, бұрынғы Дала билері орнатқан заманды қайыруға белсенділіктерін арттыруларын көкседі. Өйткені, Абай кезіндегі қылмысты тергеу, қылмыскерді соттау процесі көңілден шықпай жатты. Мәселен, патшалық өкіметі тергеу, соттау жұмыстары жөнінде өзінше бір тәсіл қолданады. Қазақ ортасының дау-шары патшалық тергеу орындары мировой судья, окружной суд сияқты кеңселерге түссе, патшалықтың өзінің заң-законы бойынша тергелетін. Ал, ел ішіндегі көпшілік талас-тартыс, дау-жанжал, сан қылмыс атаулы көбіне патшалық сотынан бұрын болыс, болыстағы билер, қазақтан сайланған адамдар тергейтін болған. Ел ішінде кісі соттаудың алды бір қақтығыс емес, талай пәлені ушықтырып жатты. Олар кей кездері барымта, төбелес, шабуыл, арты толып жатқан сияз, тартыс-жұлыстарды балапандатып жатты. Оны себебі патшаның заң-законымен тергеу қазақы салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр, ғұрыптан қашық тұрды, кереғар, тосын, әділетсіз, күштеуге негізделген сот параномиясы былықтың отына май құйды. 1822 жылғы патша уставы негізінде билерді бұрынғыша халық сайламай, болыстар сайлайтындықтан, сол кездейсоқ, болыстың ыңғайын баққан парақор, әділетсіз билердің шектен шыққан цинизмі елдің береке-бірлігін ірітті. Соны көзімен көріп, зығыры қайнаған Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов: «Заман бұрынғыдай болса, Абай алаштың атақты билерінің бірі болуы шүбәсіз. Біліммен би болып, жұрт билейтін заман өтіп, таспен би болатын заманға қарсы туған. Абай жұрт алдында білімін салғанда, басқалар малын салған, жұрттың беті малға ауып, ел билігі Абай қолына еркін тимеген» («Қазақ» №39, 1913), – деп заңды ластап, арам қолдардың қолжаулығына айналған биліктің сыйқы мен оны түзейтін білімділердің жолын кескен кесапаттың оңалмайтын кесірін нұқып көрсетеді. Халықтың саяси-әлеуметтік, рухани кемелденуіне нұқсан келтіретін инфекциялардан емдейтін иммунитет қалыптастыратын даланың көкірек-көзіне айналған ракурттардың барынан жоғын қалаған.

Жалынды, жанды, өткір сөзді, шаныш­па тілді, сатиралы ащы мысқыл, улы күлкі, өмір зейінді, даланың лүпілдеп соққан жүрегі, халық даналығының таразысы Абай жайлы Мұхтар Әуезов: «Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде біз патшалықтың дәл өзін сынап, қар­сылық сөз сөйлегенін кездестіре ал­маймыз» (Шығармалар жинағы. Жиырмасыншы том. А., «Жазушы», 1985, 10-б.), – деп, таңданады. Естеріңізде шығар, бозбала Абайдың бір мәжілістегі ел тізгінін қолына ұстағандармен пікір таластырып, «әдептен аттаған» сүйікті баласын төбе басында сөзге тартқан Құнанбай «орысшылсың» дегенде Абай: «Оның қолында зор қуат, өнер, білім бар. Егер сол өнер-білімді үйренуден қашсақ, ол – надандық болар, жақсылық болмас. Мен өнер-білімі үшін орысшылмын», – деп ақылды әкені де дилетанттығы емес, профессионалдығымен алдын тосқан. Әйтсе де Абай сол патшаның өзін сынап, бар өмірін түрмеде өткізетін мағынасыз әрекетті қолдамауын саналы түрде жөн санаған. Есесіне, сол патшаның жергілікті жердегі қазақ елі сияқты бұратана жұртты билеп отырған саяси жүйесін және губернатор, ояз, болыс, тілмәш, би, старшын, елубасы, атшабар, қазақтан шыққан ұсақ чиновниктер үйірін барынша тілі жеткенше әшкерелеп, масқаралап, әжуалап, мінеген. Орыстың біліміне, ғылымына, өнеріне барынша құштарлығына байланысты, ол ұлы халыққа, патшасына тіл тигізуді сатқын­дыққа балаған. Азаттық-демократиялық, революциялық қозғалыстың теориясымен сусындаған ұлы қайраткерлердің Рос­сия­сына тіл тигізбеуді берік ұстанды. Есесіне Пушкин, Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов, Салтыков-Щедрин, Некрасовтардың патшалық биліктің халықты езіп, қанап, құлдықтың шегіне жеткенін, көрші шағын мем­лекеттерді экспансиялап, жаулап алып, отаршылдықтың қамытын кигізіп, дискриминациялауы, қорлап, барын тартып алып, жойылып кетудің деңгейіне жеткізгенін сынап, нақты фактілермен агрессиялық қылықтарын өлтіре сынауы Абайды сабырлылықтың тізгінін бекем ұстауға медиатор болуға мәжбүрледі. Агрессиялық саясат жүргізген Россия империясын Абай халқының қасіретін азайту, қараңғылықта, надандықта, бодандықта тағдыр тәлкегіне айналуынан құтқаратын шарапаты тиетін бір амалын тауып, дипломатиялық иммунитет қалыптастыратын оңтайлы сәттің тууын сарыла күтті. Сондай-ақ, бұл шақта қазақ жуандары мен атқамінерлері де билік басындағы орыстармен әмпей болуға итін салды. Оның шарлатандық сыйқын ұлы жазушы, тарихшы Мұхтар Әуезов: «Ру басылар, болыс, билер, бір жағынан патшалықтың заңындағы өздеріне пайдалы жақтарын, өз үстемдігін күшейту, нығайту үшін берік ұстанды. Сол арқылы мал, сома, байлықты ғана емес, басқа да көп жем айыратын. Жақсы қыстау, ен жайлау, мол су сияқтыларды өз басына, өз атасына қаратып, талай момын көпшіліктің жерін алып, жермен бірге күн көргішін, еркін алып жүретін қу, пысық, сұм-сұрқия, жуан феодалдар көп еді» (Жиырмасыншы том, 1985ж. А. «Жазушы». Монография. 46-б.), – деп қазақтан шыққан аз ғана шен-шекпенділер отаршылармен бірге еңбек сауған қарапайым халқының етін жеп, қанын сорып жатқан қорқау, жыртқыштық сипатын әшкерелейді. Абай өмір сүрген дәуір тарихын сараптайтын зерттеу еңбектерін безбеннен өткізгенде аңғаратынымыз, патшалық законы, сот, әкімшілік орындары қазақ ішінде, атқамінер ортасында айла-тәсіл, салт-індетінен түк білмейтіні. Қазақтан шыққан, қу құлқынның құлдары, шарлатандар орыстың олақ кеңселерін олай да, бұлай да алдап, атқамінерлер машық болған мінез – өтірік арыз болған. Бұқара халыққа тізесі батқан сұмдардың қолына кісен, аяғына қақпан құруға білімі, ақыл-парасаты, күш-қайраты жетеді-ау деп қауіптенген тұлғалардың түбіне алдын-ала жету үшін көзін жоймақ болса, ұлыққа шапқан. Оған «кісі өлтірді», «ауыл шапты», «жер өртеді», «патшаны жамандады» тәрізді төбе шашың тік тұрар жалған жалалар жабудан шімірікпеген. Ең масқарасы, сот алдында жалған айыпталушының қылмысы шын екендігіне жан беру, өтірік куәлер тарту да сол кездегі соттарда жиі кездесетін құбылысқа айналған. Ай дер ажа, қой дер қожа жоқ, бетімен кеткен экссестер билік басындағы жемқор орыс басшыларының аузын алып, көзін байлап тастағандықтан, өздері парақор, қолдарына ұры ұстаған, өтірікке мөр басқыш, приговор бергіш би, старшын, елубасылардың саны қалай артпасын?.. Солардың жалған домалақ арызының уын даланың көкірек көзі Абай да жұтқанын жоғарыда айттық. «Осы домалақ қағаз жазуды Абай өз заманында өз еліндегі асқынып бара жатқан дерт дәрежесінде түсінген, жұртты содан тыйылып, тоқталуға шақырған» (Ә. Нұршайықов).

Ел қамы емес, ел сорына біткен озбыр жуандар, қыянатшылардан тартқан азабы көтеремге айналдырып, жүйкесін жұқартқан қалың елдің шын әділетті іздей­тін көп момын, көп бұқарасы Абайдың тірелген тұйықтан жол тауып, әділ таразының билігін айтуын күтті. «Не көрсем де Алаш үшін көргенім, Маған артық ұлтым үшін өлгенім» (Мағжан Жұмабаев). Абай да «Алаш үшін бәрін көріп, ұлты үшін өлуге» бас тіккен ұлтжандылығы сол, арызшы, мұңдыларды, зорлық, қорлық көргендерді көп тыңдап, солардан үлкен сырлар ұғады. Алтыбақан алауыз жұртты, күш сынасқан, күндестікпен күн кешкен замандастары, олардың бойындағы жамандықты, ойындағы надандықтың асқынуы, әпжыландардың арбасуына ұласқан эскалациясын көзімен көріп, амалы таусылғандықтан қарсы қозғалыстың катализаторына айналмасқа лажы қалмады. Черчилль жазбақшы: «Егер адамның жан-дүниесі ұлы болмаса, ол ұлы адам да, ұлы суретші де, ұлы қайраткер де бола алмайды, уақыт оның ізін қалдырмастан жұтып қояды», – деп ұлы адам ұсақ-түйек қақтығыстармен тынысын тарылтпай, жан-дүниесінің ұлылығын ашатын ірі креативті саяси-әлеуметтік, рухани эвтаназияны жүзеге асыратын жаңа парадигмасын ойлап тауып, жүзеге асыруымен ұлылығын дәлелдеу қажеттігін ескерткен. Оңаша ойдың отын маздата жағып, Абайдың келген шешімі – отарлық бұғауындағы Қазақстанды тұншықтырып, тұмшалаған ауыр қараңғылықты жарығымен нұрлан­дыратын демократиялық, зайырлы, құ­қықтық және әлеуметтік құндылықтарды орнықтырудың бар қуат-күші Заңда. Оның приоритеті тек құқық нормаларының жиынтығы емес, елдің ынтымағы мен бірлігін, тұрақтылығы мен келісімінің, елдің қоғамдық-саяси құрылымының құқықтық сипатын негіздеп, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін айқындаушы негізі күш, ұлттық құндылықтарымыздың, рухани кодымыздың, діліміздің берік қорғаны, кепілі. Қазақ үшін күресіп, қазақты түзетем деп дүниенің озық ойларын, жаңашыл ілімдерімен қаруланған Абай, төрт мәрте болыс, екі мәрте би болып сайланып, тыңға түрен салып та бай­қады. Бұл салада да ол тағдыршешті мәсе­лелерге баса назар аударып, өз дәуі­рінің аса ірі пассионарлық тұлғасы ретінде мойындалды. Оның болыс, би, төбе би қызметтерін қалай атқарғанын заң ғылымының докторы, академик С. Зиманов бізше, жан-жақты байыптапты: «Он не стал противиться настояниям одноаульцев быть бием-судьей в их спорах. Он стал демонстрировать народность и демократичность «древнего» суда, отправляемого биями и тем самым приобрел широкую известность как муд­рый, справедливый судья-би. Избирается он Төбе-бием (старшим, верховным бием) в сложных публичных судебных процессах. Его решения и судейский авторитет были очень попу­лярными в народе». Ал, Абай өмірін жете зерттеп, ұлы роман-эпопея жазып, мақалаларды ұсынған кемел суреткер Мұхтар Әуезов: «Абай как крупный бий и в бийском судопроизводстве по силе своей спра­ведливости и чистоты совести не имел равного в роде Тобыкты в прошлом и в свою эпоху» (А. Құнанбаев. Толық жинағы. Том ІІ. А., 1940 ж. 275-б.), – деп би сотын жүргізуде туабітті интеллектуал, зерделі феномендігінің үстіне жан жомарттығы, көңіл пәктігі, сезімнің ақтығы, имандылық хақтығымен «Абайы бар қазақ адаса қоймасын» (Қалтай Мұхамеджанов) көңіл­деріне бекем орнықтырғаны хақты­ғын баса көрсетеді.

Отарлық жүйені бастан кешіп отырған қоғамда билер мен басшылардың халық көңілінен шықпауының кілтипанын Абай: «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолы»; «Есім ханның ескі жолы»; әз-Тәуке ханның Күлтөбенің басында күнде кеңес құрғанда дүниеге келген «Жеті Жарғысын» білмек керек. Шыңғыс ханның «Юань әулетінің тарихы», «Жасақ заңын» өзегінен өткізсе қор болмайды. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендіктен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып төлеу соларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки, тіпті жоқ», – деп протекционизм жайлаған, автаркия тұншықтырған қоғамда цинизм үстемдік құрып, мемлекетті күйретіп тынатынынан сақтандырған. Бұған Россия империясы бодандықты шегіне жеткізіп, қазақ қоғамының еркіндігін жойып, ескі заңды әлсіретіп, түпкілікті иелігін жүзеге асыру барысында ескі билерді аластатып, өз заң жүйесін енгізудің амалын қарастырып, параномияның асығын алшы түсіруі де себепкер.  

(жалғасы бар)

431 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №6

30 Маусым, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы