• Еркін ой мінбері
  • 30 Маусым, 2021

ЕМЛЕ САУАТТЫЛЫҒЫ – ЕҢ СОҢҒЫ ІС ЕМЕС

Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ,
журналист 

 Алдағы 2023 жылы 1-сынып оқушылары латын әліпбиімен сауатын ашпақ. Бұл жаңалық біздің білім беру саламызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Бірақ әліпби ауыстыру – емле ережелерімізді түгелімен өзгерту дегенді білдірмейді. Жазу мәдениетімізде әліпби ерекшелігіне қатысты ішінара кейбір жаңғырулар болу мүмкіндігіне қарамастан, тұтастай алғанда, тіліміздің заңдылығы өз қалпын сақтайтыны сөзсіз. Осыған байланысты, жазба тіліміздің бүгінге дейінгі бір ізге түспеген проблемаларын жаңа әліпбиге өтпей тұрып шешіп алу міндеті алдымызда тұр. Бұл – әсіресе емле ережелеріне қатысты мәселе. Осы ретте шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Оған қоса, ережелерді дұрыс қолданбай, әркім өзінің білгенін істейтін «жабайылығымыз» тағы бар. Осыдан келіп жазба тілімізді сауатсыздық жайлап алады. Жаңа әліпбиге көшу – осы олқылықтарды жоюдың сара жолы болып табылады. Бұл міндеттерді шешу үшін қазірге дейінгі жазу дағдымызда кездесіп отырған кемшіліктердің табиғатына талдау жасап көрелік.

Қазақта ресми білім мәртебесіне ие адамдар аз деуге болмас. Мысалға, ғылымның сан алуан саласы бойынша профессорларымыз мыңдап, акаде­миктеріміз жүздеп саналады. Бұған ондаған том кітап жазып тастаған жазу­шы, тарихшы, журналист, мақалшы, мақалашыларды қосыңыз. Мен олардың жазғандарына, сөздеріне ғылыми баға бермекші емеспін. Тек әдеби-емлелік, тілдік жағынан көзге оғаш көрінетін кейбір жайттарды сөз етпекпін.

Осы тұрғыдан келгенде, біздің оқыр­­манға «үшібу хат» арнайтын авторларымыздың көпшілігі екі нәрсеге жете мән бермей немесе бәлкім, соған білімі мен сауаттылығы жетпей келе жатыр дер едім. Бірінші кемшілік – көпірме сөзділік. Осыдан он жылдай бұрын «Түркістан» газетіне сұхбат берген Алматыдағы орыстілді газеттің бас редакторының (атын ұмыттым) қазақ әріптестерінің шығармашылығы туралы: «Біз екі-үш сөйлеммен айтатынды олар екі-үш бетке жеткізеді» дегені бар еді. Өз басым баспа редакторы бола жүріп, әлгі сөздің асыра айтылмағанына сан мәрте көз жеткізуге мәжбүр болдым. Тек көп сөзділік қана емес, ойын дұрыс жеткізе алмаудан, сөйлемді дұрыс құрмаудан сөздің «басын жарып, көзін шығарып» жүретіндер қаншама. «Бас жаққа барыспайық» дегендей, мен авторлардың ғылыми біліктілігіне баға бермеймін дегеніммен, ойындағысын қағазға дұрыс түсіре алмаудың өзі, түптеп келгенде, автордың білімі мен біліктілігіне әрі мін, әрі сын болып табылатынын айтпауға болмас. Өйткені шын білімді адам өзінің ойындағы пікірін дәлме-дәл әрі әсерлі етіп жеткізуге болатын сөздерді қайткен күнде де дұрыс таңдап ала алады. Демек, бірінші кемшіліктің өзі тек әдеби жағынан ғана емес, ғылыми біліктілік тұрғысынан да авторды ұятқа қалдырады. Оның үстіне, жаратылыстану ғылымдарының мамандары көбінше «сахна сыртында» көзге түспей, «сөзге араласпай» жүретіндіктен, әлгіндей кемшілік әдетте аудиторияға жиі шығатын «сөз шеберлерінің» жазғандарында көзге ұрып тұрады. Мұндайда кейбір адамдардың «ол кісі профессор ғой, академик қой, білуін біледі ғой, мән бермеген ғой» деп, атақты адамдарға кір жуытқысы келмей, жуып-шаятыны бар. Бірақ ойлап көріңіз: адам өзінің есімін «мән бермей», «байқамай» үш түрлі етіп «жаза алуы» мүмкін бе? Бұл да сондай жағдай. Онда әйгілі әдебиетші академиктің он беттік мақаласында бір адамның есімін неше рет «мүмкін» болса, сонша мәрте «өзгеше» жазғанын қалай түсінуге болады? Мәселен: Йасауи, Йассауи, Иасауи, Иассауи, Йасави, Йассави, Иасави, Иассави, енді Йасови, Йассови, ... осылай кете береді. Немесе Науайы, Науаи, Новой, Новои, Навои, ... деп. Мұны мін теру деп түсінбеңіз. «Платон – менің досым, бірақ шындық – одан жоғары» демекші, тіл мүддесі – бәрінен де биік. Мұндай өрескелдіктерді танымал авторларға «қимаған» біреулер: «Олар өздері жазбайды ғой, аспиранттарға (енді магистранттарға), студенттерге жаздырған ғой» деп жатады. Бұл – «не істесе де – апам жақсы» дегеннің бір сыңайы.

Кейбіреулер «Сауатты жазу – жазушы­лардың ғана ісі» деп түсінетін секілді: «Жазушы емес қой ол кісі» деседі. Бірақ сол жазушылар мен журналистердің де кемінде 90%-ын «Сауат ашу мектебінен» өткізіп алу керек екені көрініп-ақ тұрады. Ал олардың кезінде газетте, кітапта грамматикалық жағынан сауатсыз жазыл­ған мәтіндерін (өлең, әңгіме, т.б.) сол қате қалпында мектеп оқушыларына оқуға ұсынатын «номенклатуралық» («білікті», «жоғары санатты» деген мағынада) оқулық авторлары – екінің бірі екенін қайтерсіз?! Тіпті «екінің бірі» дегеннің өзін де ұялғаннан айтамыз. Әйтпесе...

Мектептегі әдебиет пәні бойынша түсіндірме сөздік «кітабын» құрастырып әкелген автордың қолжазбасынан: «Аға сұлтан – сұлтандардың ағасы» деген «дефиницияны» көріп, «мұны қай­­дан таптыңыз?» дегенімізде, еш­бір абыржымастан: «Пәлен деген кітаптан алдым» дегені естен кетер ме. Тағы бір сондай «жоғары санатты», «номенклатуралық» автордың: «Әде­биеттану дегеніміз – әдебиетті танып білу» деген әлпетте «анықтама» бергенін де көргеніміз бар. Демек, «аурудың тарихы» («история болезни») әріден басталып,  сауатсыздық дерті тамырын тереңге жайып кеткен деген сөз. Мұны «жала» деп айтатындар да табылмай қалмас. Мұндай айыптаудан дәл бүгінгі таңда ақталып шығу қиын. Бірақ, оқулығы бар, басқасы бар, соңғы ширек ғасырда «шимайланған» кітаптар мен баспасөз материалдарын енді бір ширек ғасырдан кейін ғылыми, әдеби, тілдік жағынан зерделеп зерттейтін адамдар табылса (табылады!), бізді «артық сөзіміз» үшін солар ақтап алар деп үміт артамыз. Айналып келгенде, мәселе – ақталуда емес, ана тілі алдындағы азаматтық парыздың қолдан келер бір үлесін атқаруда.

Асылы, адам сөзді айтпас (жазбас) бұрын оны ойда (мида) түзіп алмай ма. Сөз анасы – ой. Ойда жоқ нәрсе – тілде де жоқ. Баяғыда бір ақын ағамыздың: «Мынау сұхбатқа емес, жазған мақалаға ұқсайды екен» дегені бар еді. Меніңше, сұхбаттың бәрі «бардым-келдім, айттым-көрдімнен» тұрмаса керек, оқырман одан ең әуелі сұрыпталған танымдық ой-пікір іздейді. Ойдың қайнар көзі – білім десек, сөз олақтығы мен тіл шорқақтығының себебі де сол – білім қайнарынан қайнап шығатын ой қуатының кемдігінде демеске лаж жоқ. Мұндайда ойдың (білімнің) орнын көпірме көп сөзділік басатыны белгілі. Манағы орыстілді газеттің редакторы меңзеп отырған пікірдің бір ұшығы осында жатпасын. Телеарналардың субтитрында сөзді «Салдарынан...», «Кесірінен...» деп бастай беретініне үйренген едік, енді бұл «жаңалық» «ұлт, ұлт!», «тіл, тіл!» деп шырылдап жүрген газеттердің өздеріне де көшіпті. Бұл журналистердің екі сөзді («Соның салдарынан» дегенді) бір ғана сөзбен «қысқа» айтуға тырысқаны ма екен әлде? Біз жоғарыда бірінші кемшілік деп көрсеткен тілдегі әдеби сауатсыздықты жүздеген мысалмен дәлелдеуге болады. Жалпы, бұл өзі – баршаға белгілі жағдай. Сондықтан ауызша және жазба тілдегі шаласауаттылықтың келесі екінші түрін көрсетуге көшейін.

Бұл – жазу сауаттылығы, емле мә­се­лесі. Айтпақшы, мұның өзі де – тек емле ғана емес. Өйткені, ғылыми және әдеби жағынан дұрыс түзілмеген (құрастырылмаған) сөз бен сөйлемді, мәтінді емленің ере­жесіне де «көндіру» мүмкін бола бермейді. Грамматикалық жағынан қатесіз болу үшін ол сөйлем әдеби тұрғыдан сауатты жазылуы тиіс. Шала сауатты құрастырылған сөйлемге тіпті тыныс белгіні де ережеге сай қоя алмайсыз. Сөйтіп, айналып келгенде, сауаттылықтың тілдік шарттары да бәрібір ойға, білімге келіп саяды. Яғни, дұрыс сөйлей алмаған, дұрыс жаза алмаған адамдар туралы «тілі жетпей тұр» деудің орнына ойы, білімі жетпей тұр деген орынды болмақ. Осы арада «Сауаттылықты сауатсыздар ойлап тапқан» (Александр Кумор, польшалық нақылшы), «Сөздік қоры аз автор оңай жазады» (Габриэль Лауб, чех нақылшысы) деген сөздердің астарын түсіну қиын емес. Сонда да болса, грамматикаға қатысты жиі кездесетін кемшіліктердің еске түскен біразын санамалап көрсете кетпекпін.

Жоғарыда айтылғандай, ішінде әйгілі ғалымы да, атақты дарыны да бар көптеген авторлардың мәтінді ғылыми (мағыналық) және әдеби (тілдік) жағынан дұрыс құрастыра алмауынан кейінгі «даңғыл» жол салып алған үлкен бір жосықсыздық – «орфографиядан тысқары» жазу «дәстүрі» дер едім. Бұл «орфографиясыздық» жолы­мен жүріп келе жатқандардың өзі екі топқа бөлінеді. Алғашқылары – емле, орфография дейтіннің бар екенінен ешбір хабары, түсінігі жоқ, «жатқа жазғыш» миллиондар да, екіншілері – олардың барын білсе де көңіл аудармай, білмейтіндердің тобына қосылып жүрген мыңдағандар. Осы екі топқа да қосылмайтын сауатты қазақтың саны не бары бір пайыз ғана дегеннің өзінде, олар 100 мыңнан асуы тиіс екен. Осылай деп топшыласақ, бұл тізімнің алдында ғалымдар (он шақты мың), жазушылар (мыңға тарта), журналистер (он шақты мың делік) және басқа да» «сөзшең» шешендер (оратор) авангард болып тұрса керек-ті. Өкінішке қарай, дәл осы адамдардың 90%-ы «сауаттылықты ойлап тапқан сауатсыздар» ма деп қалғандаймыз. Олардың (90%-дың) қаламынан туындаған «үшібу хаттарының» сауаттылық деңгейі адамды осындай ойға әкеледі. Тегінде, біз, қазақтар, кітапты жүріп бара жатып оқып, білімді ат үстінен қол созып ала салуды ұнататын халық секілдіміз. Әрине, инемен құдық қазатындарымызға бұл сөздің қатысы жоқ. Бірақ олардың саны 1% болғанның өзінде 100 мыңнан асатын білімпаздар елімізді 30 елдің қатарына бұдан   30   жыл   бұрын   қоса  алар   еді.

Қазақша орфографиялық сөздік кеңестік кезеңде үш рет (1963, 1978, 1988 ж.) толықтырылып шыққан екен. 1988 жылғы басылымның алғы сөзі «Қазақ жазуы күні бүгінге дейін 1957 жылы қабылданған емле ережелерін пайдаланып келеді» деген сөздермен басталады. Осындағы «күні бүгінге дейін» деген тіркесті, кейбір ішінара өзгерістерді  ескермегенде, негізінен қазір де қайталай аламыз. Ол сөздіктер Т.Мұсабаев, І.Кеңесбаев, Т.Қордабаев, М.Балақаев, А.Ысқақов секілді мүйіздері қарағайдай тіл білгірлерінің қатысуымен әрі қадағалауымен жасалған еді. Осы топтың ішінде бүгінде көзі тірі дуалы ауыздан Р.Сыздықова да бар. Ал 2000 жылдардан кейін 2-3 мәрте қайта басылған орфографиялық сөздікте әртүрлі,атсалысу, теміржол секілді кейбір сөздерді біріктіріп жазғаннан және тілімізде кейіннен орныққан ұшақ, сынып, бекет, т.б. сөз­дерді қосқаннан өзге айтарлықтай өзге­шелік жоқ. Емле ережелеріне келер болсақ, оның 1957 жылы қабылданған нұсқасы толықтырылып, 1997 жылы Р.Сыздықованың жетекшілігімен жеке кітап болып жарық көргені белгілі. Десе де, «барымен – базар» дегендей, осы сөздіктер мен емле ережелерінің өзі де жазу мәдениетімізде толық пайдаланылмай келе жатқаны өкінішті-ақ.

Мұның негізгі екі түрлі себебі бар. Біріншіден, жоғарыда айтқанымдай, көптеген адамдар емле ережелері мен орфографиялық сөздіктердің бетін ашпайды. Мектеп қабырғасынан кейін қазақ тілі оқулығымен де біржола қош айтысады. Ал «Сауатты жазу үшін реттелген емле ережелері мен сол ережелерге сәйкес түзілген толық орфо­графиялық сөздіктің қажеттігі даусыз» (Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. Алматы, «Қазақстан», 1988. – 3-бет). Екіншіден, бекітілген емле ережелері мен орфографиялық сөздікті мойындамайтын «өзінше білгіштер» көп. Олар «бұл қате, былай болуы керек» деседі. Бірақ заң қате болса да, оны орындау міндет емес пе. Егер заңды бұзса, оны жазалайды. Ал тіл заңын бұзғандарға ешбір шектеу жоқ. Сонда қалай: тіл мүддесі мемлекеттік мүддеден тысқары нәрсе ме? Мемлекет діннен бөлек болғанмен, тілден бөлек емес қой. Ол – әрі мемлекеттік тіл болса. Егер қазақтың жазба тілі әркімнің ойына келгенін істей алатын орынға айналса, мұны иесіздік жайлаған тіл демей, не дейміз?! Үшіншіден, жазба тілімізді иесіздік жайлағанының ең басты сорақы көрінісі сол – қазақ  тілінің емле ережелері толық емес, сол 1957 жылғы қалпында қалып қойған, орфографиялық сөздік 50 мың сөзден асып көрген жоқ, яғни 2 млн 500 мың сөзі бар дүниежүзіндегі ең бай тілдің 2 пайызы ғана қамтылған (Салыстыру үшін айтсақ, орыста 400 мың, ағылшында 500 мың сөз бар). Мәселен, қалаберді, менмұндалап дегендер ауызекі тілде жиі қолданылатынына қарамастан, орфографиялық сөздікте жоқ. Сондықтан, оны біреулер біріктіріп, басқалар бөлек жазады. Міне, қате неден кетеді? Емле ережелері де толық емес. Көбінше жалпылама, бір-екі мысал келтіруден аспайды. Атау есімдердің (жер, су атаулары, тарихи тұлға есімдері, т.б.) ономастикалық сөздігі атымен жоқ. Ереже мен сөздікте бардың өзін «жетістірмей» жүрген жазғандар жоқты қайтсін: Абылай хан, Абылайхан, Адам Ата, Адам ата, Ыстамбұл, Ыстанбұл, Станбұл, т.с.с. «түрлендіріп», «мың құлпыртып» жаза береді. Тіпті сөздік толық, ереже анық болмаған бүгінгі жағдайда сауатты жазудың өзі де мүмкін емес. Осыған байланысты ойларымды мен бұрын да жазған едім, сол айтқанымды қайталасам: қазақ тілінің практикалық грамматикасын (грамматикалық практикум) жасау қажет, орфографиялық сөздікті қанша том болса да, аямай, ерінбей, толық жасау керек. Онда тек түбір (негізгі және туынды) сөздер ғана қамтылып қоймай, қажет болатын жағдайда кейбір түбірлерге қо­сым­шалардың (жалғау, жұрнақ) жалғануы да айқын көрсетілмегі тиіс. Әйтпесе, бірде қалайда,  қашанда, бірде қалай да, қашан да деп «демократиялы» жаза беретіндер аз емес. Сөздердің әр жағдайдағы жазылу нұсқаларын прак­тикалық грамматика құралдарында сан қайталап, ерінбей-жалықпай, егжей-тегжейлі көрсетпек керек. Мұндай құрал мектеп оқулығының міндетті бір құрамды бөлігіне айналуы тиіс. Оқулықтағы жаттығу тапсырмалары мен хрестоматияларда, шала сауатты авторлардың кезінде қате жазған мәтіндерін сол қалпында көшіріп бергенді қою керек. Бұл үшін оқулық авторларының өздері қалт-құлт етпей, сауаттарын ашып алмағы лазым. Әйтпесе, емлелік сауаты да жоқ адамда (ол – әрі оқулық авторы болса!) қаңғып жүрген қайдағы білім?! Ономастикалық сөздікке қазақ баласы білуге тиіс отандық, шетелдік атау есімдердің жазылуы толық енгені жөн. Әйтпесе, бір тарихи тұлғаның аты-жөнін үш түрлі, ел мен географиялық атауды бес түрлі етіп жаза беру және соған ешбір ұялмау, қымсынбау – біз үшін әдеттегі жай.

Жазба тілдегі иесіздік тек осылармен ғана тынып жатқан жоқ. Оны айта бастасаң, жылағың келеді. Исі қазақтың ана тілінің, барша Қазақстанның мемлекеттік тілінің айтып тауыса алмайтын «мың бір түні» бар. Солардың бірнешеуін ғана үстірт атап өтейін.

Фольклордан бастап күні бүгінгі автор­ларға дейінгілердің шығармалары жыл сайын жүздеген немесе тіпті мыңдаған кітаптар болып шығып жатады. Жарайды, тарихи тұлғалардың сөздерін өзгертпейік, редакцияламайық (бірақ ұлттық цензураға келмейтін жерлерін арнайы зерттеулерде болмаса, көпшілік оқырманға, әсіресе мектеп оқушыларына ұсынудың да керегі жоқ), бірақ олардың тыныс белгісі мен әріп қателерін бүгінгі қалыпқа түсіріп берудің несі жөн емес? Өйткені емлелік сауаты жоқ мәтін – сауатсыздыққа бас­тайтын «даңғыл» жол емес пе. Ал біз өйтпейміз. Сол ескі (кейбірі «шыттай жаңа») мәтіндердегі былыққан емлелік қатенің ішіне оқырманды (әсіресе, мектеп шәкірттерін) малтықтырып тастап, «енді осыдан шығып көр!» дейміз. Сөйтіп отырып, «сауатты жазайық» деп ұран­даймыз. Кейбір саяси мәтіндерде де стильдік оралымсыздықтар мен тыныс белгі қателері ұшыраспайды емес. Негізгі мәтіні 1960-жылдары жазылған қазіргі Әнұранда да оңтайлы тыныс белгіні тілеп тұратын тұстар баршылық. Кейбір жоғары лауазымды адамдардың жазған, сөйлеген бір сөйлемінде сөз бірнеше рет қайталанып, ойдың, мәтіннің сиқын бұзып тұрады. Ондайды түзетудің, оңдап жіберудің несі әбес? Тіпті Абайдың өзі де бұған «қарсы» бола қоймас еді. Алайда бұл айтқанымыз бұрынғы авторлардың сөзін өзгерт дегенді білдірмейді. Мысалы, өткен ғасырдың 20- 30-жылдарындағы автордың совет, колхоз, Октябрь революциясы, февраль деп жазғанын редактордың кеңес, ұжымшар, Қазан төңкерісі, ақпан деп «түзетуіне» болмайды, ал бұл сөздерді бүгінгі автор осылай жазған болса, оларды ұлттық тілдегі баламаларына ауыстырған жөн, бірақ автор бұл сөздерді тарихи кезеңдік контекске байланысты әдейі қолданған жағдайда, редактор мәтін мазмұнына қарай дұрыс шешімді таңдай білуі керек болады. Кейбіреулер тарихи-кезеңдік мәтіндердің тыныс белгілері мен басқа да кейбір кедір-бұдырын түзетпеуге сылтау тауып, «кезінде солай жазылған... хақымыз жоқ» дегендей болады. Ондай адамдарға айтарымыз: «Сүйінбай Аронұлының жырларын алғаш қағаз бетіне түсірген адамның сауатсыздығын қайталауға біздің де хақымыз жоқ!» (Сүйінбай есімі жай мысал үшін ғана алынды). Осы тұрғыдан келгенде, сонау ауыз әдебиетінен бастап бүгінгі авторларға дейінгілердің қағаз бетіне түскен шығармаларына «емлелік реформа» жасау – бүгінгі, болашақ ұрпақ алдындағы кезекті де өзекті парызымыз. Қарапайым сауаттылығымыз батпақта малтығып жатқанда, қалай рухани жаң­ғырмақпыз?!

Орфографиялық, ономастикалық сөз­дік­терді толық шығарып болған соң, оған Тіл конституциясы мәртебесін беріп, заңға айналдыру керек. Сонда «өзі білгіштердің» әрібі, әріпі, ісләм, ісіләм, төрүк (түрік дегені) деп, қалауынша жазып және ол үшін ешкімнің алдында жауап бермеуіне жол қалмайды. Тіпті мұғалімдер, журна­листер мен шенеуніктерден бастап, профессор, академиктерге дейінгілердің жазғанындағы ғылыми, әдеби, емлелік сауатсыздықтарын беттеріне басып, баспасөз бетінде ұялтып, айыппұл салу, лауазымдық қызметінен шеттету де тәжірибеге енсе, артық болмайды. 1990-жылдары Тіл полициясын құру туралы айтылып жүретін-ді. «Ештен – кеш». Бұл рухани жаңғырудың қажетті бір талабына айналса құба-құп.

«Жыларсың ба, күлерсің бе...» де­дік. Тіпті мемлекеттік марапаттардың атауларының өзі де әр кітапта әртүрлі жазылып жүретінін қайтерсіз. Не істеріңді білмей, дал боласың. Саяси терминдер мен мемлекеттік мәнге ие жазулардың мәтіндеріне жете мән берілмеген соң, арызыңды кімге айтарсың? Ғылым ака­демиясының Тіл институтына ма? Айтпақшы, сол қаптаған институт, орталық, комитет, комиссиялар не бітіріп отырады? Тіл бақташылары солар емес пе. Осы арада А.Байтұрсынұлының: «Сорымыздың көбі – ана тілімізде оқып, білім алудың тұтқасы дүмше молдалардың... шәкірт тәрбиелеудің қарапайым жөн-жосығын да білмейтіндігінде» (А.Байтұрсынұлы. Шығармалары, 6-том) деген сөзі еске түседі. Ең өкініштісі – осы ащы сөздерді арада бір ғасыр өткенде де қайталап айтуға мәжбүр болатынымыз.

Қазір қазақтардың фамилиясында ов..., ұлы, ұрпағы, тегі, шөбересі, немересі... дегендер мидай араласып жүр. Басқа-басқа, тіпті филолог-профессордың өзі бірде ...ов, бірде ...ұлы деп қол қояды. Алаш арыстарының фамилиясын жазу мәселесі де әлі бір жағына шыққан жоқ: Байтұрсынов, Байтұрсынұлы, Құнанбаев, Құнанбайұлы... деп кете береді. Басқа-басқа, Абылай хан, Байтұрсынұлы секілді көрнекті тұлғалардың туған, қайтыс болған жылдары туралы мәліметтер де әртүрлі жазылып, дау тудырып жүретіні бар. Негізінде ресми түрде ғылыми айналымға түспеген деректер заңды құқыққа ие болуға тиіс емес. Мысалы, айталық, М.Дулатұлының туған, не қайтыс болған уақыты туралы бұрынғысынан өзгеше жаңа дерек табылған болса, онда ол дерек, Тарих институтының ұсынуымен, Терминком секілді құзырлы үкіметтік мекемеде (не комиссияда) тіркеліп, бекітіліп, ресми түрде ғылыми айналымға енгізілгені туралы ақпарат тиісті хаттама негізінде жария етілгеннен кейін ғана заңды құжат болып саналуға тиіс. Әйтпесе, «Иесіз үйді қонағы билейді» дегендей, бүгінгі кездегі секілді, иесіз ғылымды жолбикелер билеп-төстей бермек. Ал бізде тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіріп отыратын құзырлы мекеме бар ма? Бар болса – қайда? Ол өзінің шешімдерін халыққа қандай тетіктер арқылы жеткізеді? Осы сұрақтарға жауап қане?! Егер ондай тетік жоқ болса, онда әлі қалыптаспаған, буыны ғана емес, түсінігі мен танымы да орнықпаған жас шәкіртке ұсынатын үлгіміз қайсы?  Оларды сауаттылықтың сары уызымен емес, сауатсыздықтың сарсуымен ауыздандырамыз ба? Бүгінде тиянақты диагноз қоятын дәрігер жоқ емес шығар, бірақ сирек, сәл тұмауратып барсаң, бірінен кейін бірі жиырма дәрігерге жолдама береді. Диагнозды басқа дәрігерге айтқызғысы келеді, ақыр аяғында ешқайсысы да диагноз қоймайды. Науқас адам бір ай жүгіріп, 20 талдаманың қорытындысын әкелгеннен кейін, «егер аллергия болса... онда мына дәрі» деп, өзі бұрыннан білетін жаттанды рецептін жазып береді. Мұғалім оқушыны жүздеген, мыңдаған тест сұрақтарымен «оқытады». Тіл жағдайы да сондай. Сонда кімді кім күтіп жүр? Ешқайсысы да жауапкершілікті мойнына алғысы келмей, біріне-бірі сілтей береді. Иесіздік жайлаған деген осы емес пе?! Өстіп жүріп қалай жаңғырмақпыз?

Сөздіктерде бас әріппен жазылатын сөздер анық көрініп тұруы тиіс. Әйтпесе, Адам Ата, Адам ата, Алаш, алаш... деп, бір сөзді он түрлі жазып, осы жүргеніміз жүрген. Дефис пен сызықшаны, жұрнақ пен жалғауды ажырата алмайтындар, әрқайсысын өз орнында қолданбайтындар екінің бірі десем – өтірік, жүздің тоқсан тоғызы десем – артық айтқандық емес. Тырнақша, қос нүкте, үтірлі сызық­ша дегендердің де жағдайы осы шама­лас. Одағай, үстеу, шылау, жалғау, жұр­нақтардың жазылу ережесі де – әркімнің «қанжығасында». Осындайда: «бәрі белгілі ғой. Оқулықта жазулы тұр ғой» деп, жоғарыға ма, қоғамға ма, халыққа ма, кімге екені белгісіз, жақауратып, жағайымситын ура-белсенділер шыға келетіні бар. Өзіңнің де, сөзіңнің де бетіне бір-ақ түкіріп тастап, жүре береді. Олардың сөзіне ерсек, әлі де бір жарты ғасырдай сауатсыздықтың саржайлауында «сайрандап» жүре тұрармыз. Бәлкім, біреулер айтар: «Біз латын әліпбиіне көшеміз, мынаның бәрі – кириллицада болған» деп. Егер жоғарыда шет-жағасы ғана айтылған сауаттылық түйткілдерін шешіп алмасақ, олар қандай «...ицаға» көшсек те, алдымыздан шығады да отырады. Өйткені, әліпби – әліпби де, грамматика – грамматика. Емленің негізі – тіл, ал әліпби ауысқанмен, тіл – өз орнында қалады.

Қазақ тілінің орфографиясы бұрын морфологиялық ұстанымға (түбірді сақтап жазуға) негізделген болса, кейінгі кейбір ғалымдар фонетикалық, фонематикалық (естілуі бойынша) ұстанымды да ұсы­нып жүр. Осы секілді «таза» ғылыми түйіншектер де жеткілікті. Тіпті әліпбиге қатысты оңтайландыратын тұстары да болуы мүмкін. Бірақ мен мақаламды тіл маманы емес, қарапайым тіл пайдаланушы ретінде жазып отырғандықтан, «бас жаққа» барыспаймын дегенмін. Теориялық мәселелер – маман адамдардың қолында.

Тегінде, емле мен тіл – тауық пен жұмыртқа сияқты: қайсысы қайсысынан шығатыны «белгісіз» нәрсе. Осыны меңзеген болар, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Емле – жазу үшін шығарылған нәрсе,
жазу – тіл үшін шығарылған нәрсе. Олай болса, тілді бұзып, емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек» десе, тағы бір сөзінде: «Осы күнгі адамдар жазудан айырылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айырылғаннан жеңіл болмас еді. Біздің заман – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» дейді. «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы ешуақытта жоғалмайды» дегенді айтқан да Ахаң. Бірақ әрбір азамат өзінің мемлекеттік тілінде, әр қазақ ана тілінде жазып, сөйлеп қана қоймай, сол тілде мәнді, мағыналы сөйлеп, сауатты жаза білгенде ғана рухымыз жаңғырып, ұлт мерейі үстем бола түспек.

Жоғарыда «Тіл хикаясы – мың бір түн» дедім. Менің айтқаным соның шағын бір үзігі ғана шығар. Тегінде, көп талқысына тасталған сөз – көкпарға түскен серкештің халін кешетіні белгілі. Сондықтан болар, Қазақ тіл білімінің негізін салып кеткен Ахмет Байтұрсынұлының өзі де: «Ахмет, осы айтқаның жетер, тоқта! Көрдің бе, сөзің онша ажарлы емес – Ұялмай сынатарға салып топқа...» деп, көпке сөзін арнауда сақтанған екен. Солай бола тұрса да, Ахаң әлгі сөзінен кейін: «Алайда тыңдағандар бір ойланар...» деп, сол көпке тағы үміт те артады. Біздікі де «үмітсіз – шайтанның» бір үрдісі болсын деп, осы мақаламды жаздым. Түйіндеп айтқанда, емле сауаттылығы – ең соңғы іс емес.

 

 

1602 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз