• Ел мұраты
  • 30 Маусым, 2021

ЗИЯЛЫ ДА, ЗИЯТКЕР ҰЛТ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛЫ

Заманамыздың дүлдүлі Әбіш Кекілбай жалпақ әлемді аузыңа қарату үшін, рухани ерліктің керектігін, жалпақ әлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін, рухани  байлықтың қажеттілігін айтқан-ды. Рас-ау! Орынды тұжырым. Ал рухани ерліктің жасалуы үшін, рухани байлықтың молынан болуы үшін, тұғырлы тәрбие қажет. Рухани ерлік жасап, жалпақ әлемді аузына қаратқан Шығыс ғұламасы Әбу Насыр әл-Фараби тәрбиелеуді адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту тұрғысында пайымдайды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өз тұсында: «Білімді болуға оқу керек.  Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деген-ді. Алаштың ұлы Ахаңының осы ойлы тұжырымды сөз түйініне салмақ сала отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты кезекті Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі таңдағы аса өзекті елдік мәселелерді тереңнен суыра, таңдайды қуыра азаматтық уытпен айта білген-ді. Президент ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға, тұтас ұлт сапасын арттыруға акцент берген-ді. Турасын айтсақ, рухани жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алмақ, кейінгі жаңа ұрпақ алдында биік болмақ. Мемлекет басшысы ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін қазақ қоғамында жаңа қағидаттар мен жаңаша бағдарлар салтанат құруы тиістігін, сіз бен біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз өзгеруі қажеттілігін айрықша атаған-ды[1;2;5]. Ал бұл үрдістің толық жүзеге асуы үшін не қажет? Қажеттісі – терең білімділік, ерінбей еңбек етуге бейімділік, кәсіби дағдылы шеберлік, темірдей тәртіп пен жоғары жауапкершілік, ел-жұрттың тағдырын шешер әділеттілік, нағыз қазаққа тән адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәсекеге қабілетті мемлекет, зиялы да зияткер ұлт сонда ғана қалыптаспақ. Президентіміз: «Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру, ұлт сапасын арттыруға ат салысу. Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек. Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайлылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал боссөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді» [1, 1-3-б.б.], – деп шегелей қадап айтқан-ды. Абайша айтқанда, «Өңкей жалған мақ­танмен, шынның бетін бояйды» бо­лып жүрмейік деп, қоғамымыздағы жаман мерездердің асқынып кетуінен сақтандырады. Айтылған мәселелердің бүгінгі таңдағы өткір өзектілігінде дау жоқ. Демек, «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың Тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық арман-тілегіне қол жеткізген ұрпағы ретінде баршамызға өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз қажет. Себебі замана сынағы сіз бен бізден үздіксіз қарқынды қозғалысты, мықты күш-жігерді, табанды да қажырлы еңбекті талап етуде. Осы жолда тың тәсіл де, жаңаша ойлау да, жалпыұлттық ынтымақ та, өзара бірлесімді қолдау да қажеттігі анық.

Иә, жаңа ұрпақты алдағы сын-қа­терлерге дайындауымыз қажет. Олар еңбексүйгіштік идеялары мен құн­дылықтары негізінде тәрбиеленуі тиіс. Бүгінде тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы берілері анық. «Әрбір тәрбиеші баланы ұлт дәстүрімен тәрбиелеуге міндетті» (Мағжан Жұмабаев). Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болары даусыз. Ұлы Абай үнемі сынға алған масылдық қоғамға ешқашан жақсылық әкелген емес. Соны түсінетін жастарымыз тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі тиіс. Лайықты азамат – білімді, Отанына адал, елін, жерін сүйетін тұлға. Бұл әлемде Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Елін шынайы сүйетін азаматтарды тәрбиелеу – ұстаз парызы. Сөзсіз, тәрбие – сапалы білімнің негізгі арқауы, діңгегі. Ұлы Ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің «Тәр­биесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деуі – барша білім саласы қызметкерлерінің бой түзер бағдары. Отандық білім саласы туған жеріңе, қоршаған ортаңа, өз тарихыңа құрметпен қарауға баулып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі тиіс (ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Білім және ғылым қызметкерлерінің Республикалық   тамыз конференциясында  сөйлеген сөзінен).

Бүгінгі жаңа буынды, жас ұрпақты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында баулудың мақсат-міндеттері  қандай? Тірек етер тезисті қағидалар қандай? Басты қағидатты дәйек қандай болмақ? Біздіңше, бүгінгі білім беру, ағарту сала­сының кәсіби мамандарын, ритор-педагогтарды толғантар мәселенің бастысы – осы. Алдыңғы кезекте нақты айқын мақсат екшелсе – қол жеткізер нәтижелі меженің алыс болмасы даусыз. Осы орайда еліміздегі күллі рухани жаңғыру ісіне алғышарт болған «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалар негізінен туындар межелі мақсат-міндеттер жүйесін топтастыра ұсыну тиімді болмақ. Мәселен, «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру»  атты бағдар­ламалық мақаладағы негізгі бағыттар бойынша айтсақ, қазіргі жас ұрпақтың бәсекелік қабілетін шыңдауға баулу, бәсекелік ұғымын түсінуге, ұғынуға, қалыптастыруға, ойлана іс-қимыл жасауға ұмтылдыру («Бәсекелік қабілет» бағыты);  Ұлттық прагматизмді дамыту, төл тарихымыздағы, бабаларымыздың өмір салтындағы шынайы прагматизмнің жарқын үлгілерінен тағылым алу, қаны­мызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерте келе толыққанды жаңғыруға сусындату («Прагматизм» бағыты); Ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, ұлттық болмыстың өзегін сақтау, сипаттық тұрғыда өзгерту, ұлттық рухқа баулу, мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылуға баулу («Ұлттық бірегейлікті сақтау» бағыты); Жаңа ұрпақты білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылдыру, табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін терең түсіндіру («Білімнің салтанат құруы» бағыты); Тарихтан өзіңше тағылым ала білуге, өзіндік субьективтік көзқарастар қалыптастыруға бейімдеу. Тарихтың сабағын айқын түсінуге, тарихтың ащы сабағын түсініп қана қоймай, қазіргі құбылыстардан ой түюге, пайым жасай білуге баулу («Қазақстанның рево­люциялық емес, эволюциялық дамуы» бағыты); Дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге тырысуға, жаңа техно­логияның ағыны әкелетін өзгерістерге даяр болуға, өмір салтымыздағы түбегейлі өзгерістерге дайын болуға, өзгелердің тәжірибесімен танысуға, ең озық жетіс­тіктерін бойға сіңіруге баулу («Сананың ашықтығы» бағыты). Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы нақты жобалар бойынша айтсақ, қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынына бойлату, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарына неғұрлым дәйек­тілікпен, байыппен қа­рауға баулу, уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуға көз жеткізу («Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру» жобасы); Жаңа ұрпаққа толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасау, гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аудара отырып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау («Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы); Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атса­лысуға баулу, білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді­ме­кендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздеуге жұмыстану (Туған жер» жобасы); Жас ұрпақ санасына жал­пыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру, әр халықтың, әр өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлерін рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі тұрғы­сында қарауға, ұланғайыр жерімізді, аса бай рухани тарихымызды білуге баулу, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауын­дай байланысының ешқашан үзілмеуін қадағалау, тарихымыздағы көркем де рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін жасауға, Ұлытау төріндегі жәді­герлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мав­золейін, Тараздың ежелгі ескерт­кіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудің киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақ­тастыра келе, ұлт жадында біртұтас кешен тұрғысында орнықтыруды халқы­мыздың ұлттың бірегейлігінің мызғымас негізі ретінде қарау, жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда олардың артында өзге халықтардың белгілі бір құнды­лықтары мен мәдени символдары тұрғанын ескеру, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы тойтарыс беруге бейімдеу, Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық бел­деуінің неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтайтын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы екенін білу, мәдени-географиялық белдеудің рөлі туралы әрбір қазақстандық білуі үшін оқу-ағарту дайындығын жүргізу қажеттігін сезіну, ішкі және сыртқы мәдени туризм халқымыздың  қастерлі мұраларына сүйенетіндігін, мәдени маңыздылығы тұрғысынан біздің Түркістан немесе Алтай  ұлттық немесе құрлықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құндылықтар екеніне баса назар аудару («Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы); ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға өзіндік үлес қосуға ұмтылу, мәде­ни қазыналарымызды әлем жұртшы­лығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыруға баулу («Жаһан­дағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы); Бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына назар аударту, бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асыруға баулу, ел тәуелсіздігін бекіту, сақтау жолында қыруар іс атқарып жүрген, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздерімен олардың табысқа жету тарихының құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қоймауын баса ескеру, жаста­рымыздың өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуына қажетті үлгі ұсына білу («Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы). Сондай-ақҰлы Даланың жеті қыры бойынша айтсақ, түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңілуге ұмтылдыру, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туғанын ескеру, бүгінгі төл тарихымызға оң көзқараспен қарауға баулу. Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығының жер жүзіне Ұлы Даладан тарағаны тарихтан белгілі екенін әр кез ескеру (Ұлы Даланың бірінші қыры – «Атқа міну мәдениеті» бойынша); Ұлы Даладағы ежелгі металлургия жөнінде түсінік беру, экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныстың өте жоғарылығын, мүмкіндіктердің аздығын, кәсіпорындардың тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүрлігін түзетуге бағыттау (Ұлы Даланың екінші қыры – «Ұлы Даладағы кенді металлургия» бойынша); Ұлы Даланы мекендеген ата-бабаларымыздың дүниетанымы мен құндылықтарын білуге, өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті негізінде рухани бағдарын айқындау, жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысын символ тұрғы­сында тануына бойлау (Ұлы Даланың үшінші қыры – «Аң стилі» бойынша); Жаңа ұрпақты түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға, бабаларымыздың өз тұсында аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасағанын тануға, Дала өрке­ниетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологиясына терең үңілуге, ежелгі бабаларымыздың зият­керлік дәстүрлерінен хабардар болуға баулу (Ұлы Даланың төртінші қыры – «Алтын адам» бойынша); Қазақстан жерінің тәжі, күллі түркі әлемінің бесігі Алтай өңіріне мән беруге, дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесінің пайда болуына, Ұлы Дала төсіндегі жаңа кезең бастауына назар аударту, өнер мен ғылымның, әлемдік сауданың орталығына айналған орта­ғасырлық қалалар тарихына бойлату, Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды тұлғалар тағылымына үңілуге баулу (Ұлы Даланың бесінші қыры – «Түркі әлемінің бесігі» бойынша); Еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды, яғни, Еуразия құрлығының кіндігінде орнала­суына назар аударту, Ұлы Жібек жолы жүйесі негізіндегі мәдени, зияткерлік ынтымақтастықтың қалыптасуына, дамуына мән беру, дала белдеуіндегі өркениетке баулу (Ұлы Даланың алтын­шы қыры – «Ұлы Жібек жолы» бойынша); Жаңа ұрпақтың назарына асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлел­денгенін сала келе, туған еліңнің жусаны мен жуасына мән беруге баулу (Ұлы Даланың жетінші қыры – «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» бойын­ша). Бұл айтылғандарға қоса, тарихи сананы жаңғыртуға сәйкесті ірі жобалар бойынша айтсақ, тарихи сананы жаңғыр­туда дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне қатысты тұстарды жан-жақты ой елегінен өткізуге, терең зерде­леуге баулу. Бабаларымыздың өмірі мен ғажап өркениеті жөніндегі сандаған деректі құжаттардың әлі де ғылыми айналымға түспегенін аңғарту, жаңа ұрпақтың өз тарихына қатысты мақтаныш сезімін ұялату, отаншылдық тәрбие беру («Архив – 2025» жобасы); Көпшілік санасындағы тарихи үдерістердің тұлғатану сипатына мән беру, өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтуға баулу, Ұлы Дала­ның ұлы есімдерін, тұлғаларын өнеге тұтып, олардан тағылым алу, жастар өнерінің креативті әлеуетін дамытуды жүйелеу, жандандыру, Ұлы Дала тұлға­ларын кешенді формада насихаттау («Ұлы Даланың ұлы есімдері» жобасы); Қазақстанның күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» екенін таныта түсу, жаңа ұрпақты Түркі халықтарына ортақ туындылармен таныстыру, бүкіл түркі әлемі үшін қазақ елінің киелі орындарын насихаттау («Түркі әлемінің генезисі» жобасы); Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу бағытында, «Ұлы даланың ұлы өрке­ниеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құру негізінде білімді дәріптеу, туризмді дамытуға баса мән беру («Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі» жобасы); Ұлы Дала мұрагерлерінің өткен мыңжыл­дықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері арқылы, дәстүрлі музыкалық аспап­тарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасы негізінде көшпен­ділердің бай мұрасымен танысуға, тағылым алуға, жүйелі зерттеуге, дәріп­теуге, іздеу-зерттеу экспедициясына шығу­ға баулу («Дала фольклоры мен музыкасының жолы» жобасы); Қазіргі заманғы жаңа ұрпақтың тарихи таным-түйсігінде кино өнерінің ерекше орынға иелігін ескере келе, Қазақстанның өрке­ниет тархындағы үздіксіз дамуын аңғарту, Ұлы Даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын пайдалану негізінде ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыру, қазақтың бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғаларын таныстыру («Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» жобасы бойын­ша), т.б.[3;4]

Қазіргі таңда бүгінгі ұрпақты рухани ерлік жасар азамат ретінде, рухани байлығы мол тұлға тұрғысында ел патрио­ты сапында баулуда жоғарыда біз сана­малаған мақсат-міндеттерді жас буын бойына жұғысты етуге тер төгуге тиіспіз. Себебі адам дүниеге патриот болып тумайтынын білеміз. Егер де жоспарлы да жүйелі түрде, кешенді де мақсатты түрде, екі жақты  сенімді түрде жұмыла қолға алсақ, нәтижесіз қалмасымыз сөзсіз. Түк істемеген адам ғана қателеспес, сірә! Осы ретте Махамбет бабамыз атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Рухани жаң­ғыру» институты да биылғы оқу жылында жоғарғы ретте айтылған мақсаттар желісінде әзірленген кешенді жоспар негізінде жолда кездескен сан алуан кедергі, қиындықтарға қарамастан іс-шаралар шоғырын жүйелі жүзеге асыруда. Өзге әріптестеріміз үлгі тұтар нәтижелі істеріміз де молынан табылады. Мәселен, ең алдымен, «Рухани жаңғыру» институты ғалымдарының даярлауымен «Рухани жаңғыру» жаңа ұрпақты ұлттық рухани құндылықтарға баулу ісі, айқын мақсат, нақты міндеттер межесі» атты әдістемелік көмекші құралы (3,0 баспа табақ) әзірленіп, басылым көрді.  «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында се­риалды конфе­ренциялар, семинарлар, дөңгелек үстел­дер ұйымдастырылып, тақырыптық дәрістер оқылып, моно­графия, оқу құралдары әзірленіп, мақалалар жазылды, авторлық шеберлік сағаттары өткізілді. Мәселен, «Ұлт сана­сының жаңғыруы және Ұлы Дала құндылықтары» тақырыбындағы халық­аралық ғылыми-тәжірибелік конфе­ренциясының ұйымдастырылуы; «Жұбан Молдағалиев» энцикло­пе­диясының әзірленіп, басылым көруі; «Махамбет» журналының тұсаукесер рәсімінің өтуі; университет ғалымдарының шеберлік сағаттарының (мастер класс) ұйым­дастырылуы; «Адам дүниеге патриот болып келмейді» – «Человек не рождается патриотом» (ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы бойынша) атты дөңгелек үстел басындағы келелі кеңестің өтуі; «Рухани жаңғыру» институтының «Рухани жаңғыру» – «Ryhani jangyry» жаршысының жарық көруі, т.б. Айталық, тап осы бағдарлар жүйесінде М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан универ­ситетінде Батыс Қазақстан облысы Білім басқарма­сымен бірлесе отырып, «Рухани жаңғыру» институтының ұйым­дас­ты­руымен «Адам­заттың екінші ұстазы», «Шығыстың Аристотелі» атанған энци­клопедист ғалым, ғұлама ойшыл Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Әбу Насыр әл-Фараби – Ұлы Даланың рухани ұстазы» тақырыбындағы халықаралық онлайн-дөңгелек үстелі өткізілді. Ұлы Даланың ұлағатты тұлғасы Әбу Насыр әл-Фараби мұрасын бүгінгі жаңа ұрпаққа таныту, насихаттау мақса­тында ұйымдастырылған халықаралық онлайн-дөңгелек үстел жұмысына универ­ситеттің профессор-оқытушылары мен магистрант-студенттеріне қоса, Орал қаласы мектептерінің тарих пәні мұға­лімдері, педагог-зерттеушілері көптеп қатысты. Дөңгелек үстелдің алғы сөзін «Әбу Насыр әл-Фараби – әлемдік өрке­ниеттің рухани үлгісі» тақырыбында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры, б.ғ.к., профессор Серғалиев Нұрлан Хабиболлаұлы алып, ғалым мұрасын зерделеудің, кейінгі ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Жиын барысында фарабитану іліміне қатысты бірнеше тақырыптық баяндамалар жасалды. Бұл ретте п.ғ.д., профессор Қыдыршаев Абат Сатыбайұлы «Әбу Насыр әл-Фараби – Ұлы Даланың рухани ұстазы» тақырыбында баяндама жасап, ғұлама ғалымның мол мұрасына қатысты кең көлемді ауқымды ойларды таразылады. Дөңгелек үстел барысында онлайн жүйесінде «Еуразия халықтарының достастығы» ОХА басқарма төрағасы, Орынбор мемлекеттік университетінің Оңтүстік Орал тарихы мен этнографиясы ҒЗИ директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор (Ресей Федерациясы, Орынбор қ.) Амелин Веналий Влади­мирұлы «Әл-Фарабидің әлемдік филосо­фияға қосқан үлесі», Н.Чернышевский атындағы СМУ Тарих және халықаралық қатынастар институтының халықаралық қатынастар және Ресей сыртқы саясаты кафедрасының доценті, тарих ғылым­дарының кандидаты (Ресей Федерациясы, Саратов қ.) Лапенко Марина Влади­мирқызы «Әл-Фараби – түркі әлемінің ұлы ойшылы» тақырыптарында баяндама жасады. Сондай-ақ жиын барысында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыс жөніндегі проректоры, география ғылымдарының кандидаты, профессор Қажымұрат Мақсотұлы Ахмеденов «Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани – ХХ ғасырдың әл-Фарабиі, фарабитанудың негізін салушы ғалым», «Рухани жаңғыру» институтының ғылыми қызметкері Шайхиев Тұрар Төлегенұлы «Әл-Фара­бидің мемлекеттік билік және басқару туралы ілімі», магистр-оқытушы Танзенов Даниял Жұпмағамбетұлы «Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» тракта­тындағы білім мен тәрбие мәселесі», Орал қаласы, №1 ЖОББМ тарих пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Билялова Гүлбаршын Тасқалиқызы «Оқу-тәрбие үрдісінде әл-Фарабидің тәлім-тәрбиелік идеяларын тиімді қолданудың жолдары», ҚР Президенті атындағы атаулы шәкіртақы иегерлері, филология факультетінің студенттері Бөлекбаева Жеңісгүл Қамбар­бекқызы «Әбу Насыр әл-Фараби Ұстаз тұлғасы жөнінде», Батырғалиева Әйгерім Батырғалиқызы «Ұлы дала ғұламасы», Батенова Альбина Қобыландықызы «Әбу Насыр әл-Фарабидің «Риторика» трактаты туралы» тақырыптарында өзіндік талда­маларын ұсына алды. Шара барысында университеттің Ғылыми кітапханасының директоры Әлімбекерова Тоты Еркін­қызының жетекшілігімен «Әбу Насыр әл-Фараби – адамзаттың екінші ұстазы, Шығыстың Аристотелі» тақырыбында көрме дайындалып, онда университеттің ғылыми кітапханасының библиографы Алена Викторқызы Наугольная тарапынан кең көлемді сипаттама жасалды; Не болмаса, «Рухани жаңғыру» институтының ди­ректоры, п.ғ.д., профессор А.С.Қы­­­­­дыр­­шаевтың жалпы редактор­лы­ғымен қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдығына орай «Жұбан Молдағалиев» энциклопедиясы басылым көрді (Жұбан Молдағалиев. Энциклопедия. Бас редак­торы А.С.Қыдыршаев. – Орал: «Полиграфсервис» ЖШС баспасы, 2020. -608 бет+16 бет түрлі-түсті фо­тосурет). Энциклопедия – грек тілінен ау­дар­ғанда жинақы ойдың туындысы. Энциклопедияға енгізу үшін Жұбан ақынға қатысты 300-ден астам тұлға хақында, 500-ден астам елді-мекен атауы мен алуан еңбектердің мәліметтері дайын­далып, Жұбан Молдағалиевтың екі мыңнан астам өлеңдері талданып, үзінділері әзірленді. Энциклопедиямен жұмыс 2020 жылдың наурыз айынан қыркүйек айына дейін жүргізілді. Энциклопедияның тұсаукесер рәсімі 2020 жылдың 26 қыркүйегінде Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткізілді; «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында еліміздегі тағы­лымы мол мәнді оқиға – «Махамбет» республикалық әдеби-мәдени, танымдық журналының жарық көруі. «Махамбет» журналының құрылтайшысы әрі шыға­рушысы «Болат-медиа» мекемесінің жоспарына сәйкес 2020 жылдың жел­тоқсан айының 4-і күні Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан универ­ситетінде (Орал қаласы) аталмыш журналдың бір жылдық толық санының таныстырылымы өткізілді. Ел Тәуелсіздігі мерекесі қар­саңында өткізілген «Махам­бет» журна­лының таныстырылым-тұсаукесерінің эпиграфы ретінде Махам­бет сынды қыранқия биігіндегі ақынның «Арғы­мақтың баласы аз оттар да, көп жусар, Азамат ердің баласы аз ұйықтар да, көп жортар» секілді өлең тармақтары алынды. Бұл шараға «Махамбет» журналының құрылтайшысы әрі шыға­рушысы «Болат-медиа» мекемесінің директоры, «Үш қоңыр» республикалық әдебиет, мәдениет және өнер газетінің бас редакторы Батыр Болат Батырұлы Алматы қаласынан арнайы келіп қатысты; «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шеберлік сағаттары (мастер класс) тұрақты түрде өткізілуде. Мәселен, «Абай – тұтас қазақ ақыл-ойының барометрі»; «Мәңгілік Ел – Тәуелсіз Қазақстанға – білікті маман» (Жоғары оқу орны студенттерінің іскерлік қарым-қатынастағы сөйлеу білік-дағ­дылары); «Махамбет баба мектебі – ұлттық патриоттық тәлім негізі» (Ақын шығармашылығына негізделген тіл сабақтарындағы кешенді тіл ұстарту тренингілерінің фрагменттері) шеберлік сағаттары; 2021 жылғы қаңтардың 30-ынан бастап университеттің «Өркен» газеті бетінде «Рухани жаңғыру» инсти­тутының студенттерге арналған «Шешен сөйлей білеміз бе?» айдары ашылды. Айдардың эпиграфы ретінде «Шешендік – тұлға көркі, ақылмен билеу өнері, тіл өнері мен сөйлеу мәдениетінің ең жоғарғы сатысы», «Сөзің – өзің. Өнер қағидасына сай сөйлеу қажет. Тіліңді жаман сөзден сақта, жақсы сөзге бапта» тұжырымдары алынған. Қазіргі таңда «Шешендік – тұлға көркі», «Ақыл иесі – сөз иесі», «Шаршы топта сөз бастау оңай ма?» материалдары жарық көріп үлгерді, т.б.

Қысқасы, адам баласы өзін-өзі рухани жетілдіру арқылы жетіледі десек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы кешенді іс-шаралар бүгінгі жаңа ұрпақтың тұлға тұрғысында қалыптасуына алғышарт болмақ. Олай болса, классик жазушы, ойшыл Әбіш Кекілбайға сүйенсек, ұрпақтың ұрпаққа қалдырар ең асыл мұрасы  өзі бастан кешкендерден  түйген азды-көпті рухани тәжірибесі емес пе. Одан қол үзген қауым  сөзсіз, келешегінен қол үзген қауым болмақ. Шынтуайтында, рухани әлемнің қашан да қанағатсыз әлем екендігі айқын. Демек, кез келген микробтар сияқты рухани микробтардан да тек есік-терезені тарс қымтап қойып сақтана алмассың. Ендеше, берік рухани иммунитетімізді қалыптастыру жолында жұмыстанайық, келелі істі кешіктірмей қолға алалық.

 

         Абат Қыдыршаев,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің

«Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі

Ботагөз Ербөлекова,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің магистранты

Ләйлі Мақсотова,

 М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің магистранты

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы // «Egemen Qazaqstan» газеті, №2, 5 қаңтар 2021 ж., -1-3-б.б.

2. «Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік». Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, республикалық «Egemen Qazaqstan» газеті, №62, 2 сәуір 2019. -1-2-б.б.

3. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы // «Егемен Қазақстан» газеті, №70, 12 сәуір 2017.  -1-2-б.б.

4. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы. «Егемен Қазақстан» газеті, №223, 21 қараша 2018 ж. 1-2-б.б.

5. Қыдыршаев А.С., Танзенов Д.Ж.  Жолдау өзегі – ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру // «Үш қоңыр» Республикалық әдебиет, мәдениет және өнер газеті, №37 (504), 11 қыркүйек 2020 жыл. 1-бет.

6. Қазақ афоризмдері (Ақыл-ой антологиясы: бағзыдан бүгінге дейін). Құрастырушы Е.Шаймерденұлы, Алматы: Алматыкітап баспасы, 2012. -320-б.

16933 рет

көрсетілді

3409

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз