• Ел мұраты
  • 30 Маусым, 2021

АҚПАРАТ ҚАУІПСІЗДІГІ – ҰЛТТЫҚ МӘСЕЛЕ

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,

журналист

Маусым айы – журналистердің кәсі­би мерекесі тойланатын ай. Ұлттық журналистикамыздың жеткен жетістіктері мен кемшін тұстарын сараптап, ой елегінен, сана сарабынан өткізетін шақ. Сөзсіз, еліміздің медиа саласы жыл сайын қанаттанып, салмағы да, мазмұны да артып келеді. Медиа саланың дамуына мемлекетіміздің өзі мүдделілік танытып, әртүрлі ақпараттық ресурстардың қа­лыптасуына барынша жағдай туғызып отыр. Отандық журналистика саласы уақыт талаптарымен үндесе өркендеп, ел тәуелсіздігінің нығая беруіне, демок­ратиялық құндылықтардың ілгерлеуіне, заң үстемдігінің жоғарлауына үлестерін қосуда. Құқықтық сананы қалыптастыру, азаматтық қоғам мазмұнын жаңаша деңгейге көтеру, ұлттық сана-сезімді дамыту мәселелері де ұлт журналистикасының назарынан тыс қалып отырған жоқ. Осы орайда маңызды мәселенің бірі ретінде қарастыратын бүгінгі сауалымыз  бұл – еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты өрбитінін айта кеткенім орынды болар.

Жасыратыны жоқ, ақпараттық техно­логиялар мен ақпараттық ресурстар көзі дамып, қанатын кеңге жайған сайын жекелеген мемлекеттердің, сондай-ақ тұтас қоғамның, адамдардың алдынан ақпарат қауіпсіздігін сақтау, дамыту дейтін  мәселелер пайда болып, оның айналасында әртүрлі сауалдар мен өзекті жайттар қылаң бере бастады. «Кім ақпаратқа иелік етсе, сол әлемді басқарады» деген қағида күн тәртібінде тұр. Қырғиқабақ қарым-қатынаста отырған мемлекеттердің арасындағы небір ақпараттық соғыстар өз алдына дербес тақырыптың еншісіндегі дүние. Идеологиялық майданның өтінде жүрген мемлекеттер өздерінің ақпараттық қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету арқылы елдік іргетастарын бекем етіп, тастүйін қорғаныстарын қалыптастырып бағуда. Ал біздің еліміз ақпараттық қауіпсіздік мәселесінде қаншалықты қорғалған? Жалпақ тілмен айтқанда, ақпараттық қауіпсіздік дегеніміз – елдің тыныштығы ғана емес, сонымен қатар ой-санамыздың, жан-дүниеміздің «көзден, құлақтан һәм тілден» еніп кететін жат пиғылды құндылықтардан барынша қорғану деген сөз. Интернет технологиялардың қарыштап дамыған уақытында бұрынғымен салыстырғанда мың есе ұлғайып кет­кен ақпараттық тасқынның алдында қауқарсыздық танытып қалатын болсақ, бұл бағыттағы есеміздің кеткендігі. Мұндайға жол бермес үшін, сырт елден келіп жатқан түрлі деңгейдегі ақпарат көздеріне барынша сергек қарап, олардың ұстанған ұстанымы қандай, нендей теорияларды арқау етіп келіп жатыр, азды-көпті, үлкенді-кішілі тарап жатқан ақпараттардың миссиясы қандай деген мәселеге жіті көзбен зер салып, ұлтымызға қауіп төндірерліктей дәрежедегілеріне пәрменді түрде жауап беріп, тойтарып тастап отыру да ақпараттық қорғанышымыздың әлеуетін барынша күшейтіп, мықтап арттыра түсетіні сөзсіз. Өздерінің ақпараттық қауіпсіздігін за­манауи дәрежеде қамтамасыз ете ал­майтын кез келген тәуелсіз мемлекеттің келешегі бұлыңғыр. Осалдық танытуға әсте болмайды. Тұтас ел туралы вирустай еніп кеткен жағымсыз ақпараттың өзі халықаралық имиджімізге нұқсан келтіріп, талай жылғы жинақталған жетістіктеріміз бен табыстарымызды бірақ күнде жоққа шығарып тастай алатын қауқарда екенін көзіміз көріп отыр. Атын атап, түсін түстеп жатпай-ақ қоялық, мұндай мысалдарды өзіңіз де, құрметті оқырман, жақсы білесіз ғой деп есептейміз. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – тек қана ғаламтор жүйесіне қатысты десек, қателескеніміз. Ол біздің өмірімізді тұтас қамтитын, қоғамның психологиясына, адамдардың көзқарасына, халқымыздың тұрмыс-салт жүйесіне тікелей ықпал ететін идеологиялық жүйе немесе құрал іспетті. Егер де біз өз елімізде отандық брендті қалыптастыра алмай, тек қана шетелдік тауарларды ғана тұтынып өмір сүре беретін болсақ, бұл да ақпараттық қауіпсіздігіміздің сақталмағандығының көрінісі болып шығады. Ақпараттық қауіпсіздік – бала­бақшадағы оқу құралдарынан баста­лып, мектеп оқулықтарының мазмұнына дейін жалғасады, қала берді жоғары оқу орнындағы білім және ақпарат көздеріне, сондай-ақ халықтың күнделікті тұтынып отырған ақпарат көздеріне де тікелей қатысты мәселе екенін ерекше атап айтуымыз қажет.

Қазақстан аумағында таралып жатқан ақпарат көздерінің мазмұны қаншалықты сүзгіден өтіп, сарапталып отыр? Ақпарат қауіпсіздігіне жеткілікті деңгейде мән беріліп отыр ма? Осы және басқа да сауалдарды күн тәртібіне шығарып, талқыға салудың еш айыбы жоқ. Неге десеңіз, ұлтымыздың рухани деңгейі аласарып кетпес үшін, осы елде білім сапасы төмендеп кетпес үшін ең алдымен ақпарат қауіпсіздігіне баса көңіл бөлуіміз маңызды. Шынтуайтына келгенде, ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бірнеше деңгейде және бірнеше бағытта жүргізілуі керек. Ең бірінші деңгей, әрине, бұл – мемлекеттік деңгейде. Осы маңызды түйткілге байланысты мемлекетіміз ауқымды іс-шаралар қабылдап, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барынша жетілдірілген түрлерін өмірге ендірсе, құба-құп. Ол қандай іс-шаралар дейтін сауалға тоқталатын болсақ, мемлекет өзінің шекарасын қаншалықты мызғымастай қорғап отырса, ақпараттық қауіпсіздік саласын да соншалықты кешенді түрде қорғау мәселесіне жіті көңіл бөлгені абзал. Заман ағымы, дүниенің бет алысы сондай болып кеткен соң, қайтейік, арғы-бергі, ішкі-сыртқы ақпараттық қауіпсіздігімізді кешенді түрде ойлайтын кез келді. Бүгінгі таңда қарапайым смс-хабарламаның немесе әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпарлардың өзі білдей мекемелердің үстіне қамшы ойната алатындай жағдайға жетті. Виртуалды өмірге әбден байланған, таңы тек сонымен атып, күні сол әлеммен бататын пысықайлар көбейді. Олар компьютерлік жүйелерді бес саусағындай біліп алған. Небір құйтырқылықтарды пайдаланып, мыңдаған адамдардың жеке есеп шоттарынан қомақты қара­жаттарды шешіп, жымқырып жатқан соң, қаржылық жүйеміздің өзі ақпараттық, цифрлық тұрғыдан қаншалықты сенімді қорғалған деген заңды сауал туындайды. Қазір бүкіл қоғам интернетке тәуелді болып қалғаны ешкімге де құпия емес. Интернетсіз жұмысың бітпейді. Күнделікті өмірімізге қажетті барлық ақпараттарды, деректерді ғаламтор жүйесінен ала салатын жағдайға келдік. Хат-хабар алмасу, пошта жөнелтімдерін рәсімдеу, ақша аударымдарын жасау, қыл аяғы такси шақыруға дейін ғаламтор көмегіне жүгінбеске болмай қалды. Мұның барлығы теріс пиғылды ұстанған хакерлердің оңай олжасына айналуда. Мәселе жалғыз хакерлерде де емес. Мәселе интернет арқылы түрлі теріс пиғылдарды жүзеге асыруға белін бекем байлағандарда.  Кімнің қандай мақсат көздейтінін тап басып айту қиын. Қоғамның ішіне іріткі салу, ұлтаралық араздықты қоздыру, теріс діни ағымдардың ақпараттық жұмысын күшейту сынды іс-шаралардың астарында небір заңсыздықтар да белең алып жататыны хақ. Ақпараттық қауіпсіздік тұтас қоғамды, халықты қам­титын жайт деп отырғанымыздың бір мәнісі осында болып отыр. Шетелден фейк хабарлар жолдау, қарапайым халықты әртүрлі шерулерге, митингілерге шақыру әрекеттері де ғаламтордың бетін жаулап алатыны жасырын емес. Көпшілік өздерін қызықтыратын тақырыптарды ғаламтор бетінен іздейді. Ал ол жақсы ма, жаман ба, қандай жанама әсерлер тудыруы мүмкін, бұл жағына көп мән бере бермейді. Демек, елімізде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрылым, сөзсіз, қажет. Бұл жалпы ел аумағында ғана емес, әрбір мекеменің өзінде де сондай орталықтар немесе осы мәселемен әрдайым шұғыл­данатын мамандар болуы керек. Мы­салы, дүкеннен қалта телефон сатып алсақ, оған пин-код орнатып жатуымыздың өзі жеке ақпараттық қауіпсіздігімізді ойлағаннан туындайтын жағдай. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі қаншалықты мығым қорғалғанын дәл қазір тап басып айту қиын. Интернет пайдаланушылар саны жыл сайын артып келеді. Осы фактілердің барлығы да ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Ол – қоғам, әлеуметтік орта, әртүрлі салаларда, атап айтқанда, медицинада, бизнес секторында, білім мен ғылым жүйелерінде, сондай-ақ мәдениет пен өнер, мемлекеттік қызмет салаларын да қамтуы тиіс. Сондықтан барлық саладағы ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне мән бермей, біз оны тиісті деңгейде жасақтай алмасымыз кәміл. Бұл бағыттағы нақты атқарылатын іс-шаралардың бір легі – мемлекеттік тілдегі бұқаралық ақпараттық құралдарының саны мен сапасын өсіру мәселесіне де келіп тіреледі. Жасыратыны жоқ, еліміздің ақпарат кеңістігіндегі мемлекеттік тілі­міздің үлес-салмағы жеткіліксіз болып отыр. Әлі күнге дейін көршілес елдің баспа өнімдері дүңгіршектерде самсап тұрады. Көршілес мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралдарының елімізде емін-еркін таралуы мемлекетіміздің ұлттық деңгейдегі ақпараттық қауіпсіздігіне нұқсан келтірмейді деп айту қиын. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл толып отырған биылғы мерейлі жылымызда ақпараттық саламыздың да тәуелсіздігін ілгерлете беру жайын ойластырып қойғанымыз артық болмас еді. Көршілес елдермен стратегиялық тұрғыда қарым-қатынас орнатып, сауда-саттық, экономикалық байланыстарды нығайта беруге болар. Бірақ, ақпараттық қауіпсіздік мәселесінде олардың бізге қатысты ұстанған ұста­нымдарын ой елегінен өткізіп, терең пайымдай білуіміз керек. Ойлап қарасақ, Қазақстан аумағында жұмыс істеп жатқан шетелдік қаншама ақпарат көздері бар. Олардың әрқайсысы белгілі бір елдің мүддесін қорғап, соған қызмет жасайды. Ал Қазақстанның төл басылымдары шетелдерде қаншалықты емін-еркін тарайды? Шетелдердегі ақпараттық кеңістігіміз қаншалықты қалыптасқан? Осы және басқа да сауалдар төңірегінде ой қозғағанда немесе салыстырмалы талдаулар жасағанда, баспасөз саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті бәсекелестік ортаны дамыта отырып, қалыптастыру өзекті болып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары қазіргі заманда үлкен күшке айнала білді. Жалғыз біздің елімізде ғана емес, бұл әлемде қалыптасып отырған үрдіс. Бүгінде медиа саланың талаптарымен санаспайтын құрылым жоқтың қасы. Әлеуметтік желілердің қанатын кеңге жаюы, еркін интернет платформалардың дамып келе жатқаны қоғамның ақпараттық мәдениетін жаңа биіктерге көтеретіні сөзсіз. Олай болса, ақпараттық қауіпсіздікті қатар дамыту мәселесі сол интернет алаңдарының өзінде де жүзеге аса беруі керек деп есептеймін. Тұтынып отырған ақпаратымыздың сапасына көңіл бөлу, оның журналистика саласының заңдылықтарына, адами-азаматтық қарым-қатынас мәдениетіне, сөз бостандығына, әдеп құндылықтарына қаншалықты, қала берді қолданыстағы заңдарымызға қаншалықты сәйкесетінін де пайымдай білудің артықшылығы жоқ. Барлық таралып жатқан ақпаратты сүзгіден өткізбей тұтына беру адамның санасын сансыратып, жүрегін шайлықтыратыны сөзсіз. Өз денсаулығына жіті көңіл бөлетін адам сапасы күмәнді азық-түліктерден асқазанын қорғап бағатыны сияқты, қоғамдық сананың өзін күмәнді, қисынсыз ақпараттардан қорғауды үйренуіміз керек. Әрине, Қазақстанның Батыс елдерімен салыстырғанда бұл саладағы тәжірибесі әлі де аз. Батыс ел­деріндегі медиа технологиялар өзінің шарықтау шыңына жетіп қана қоймай, әрі қарай да осы саланың жаңа көкжиектерін меңгеруге құлаш сермеп, бір сәт те тоқтап жатқан жоқ. Олар сөйтіп жатқан соң, жаңа медиа ресурстарды толыққанды игеруге қадам жасап отырған біздің еліміз бұл бағытта қарышты қадамдармен ілгерлей беруі керектігі сөзсіз. Шынтуайтына келгенде, ақпараттық қауіпсіздік бұл – қоғамның қауіпсіздігі, ұлтымыздың, мемлекетеміздің қауіпсіздігі. Сондықтан осы мәселеге барынша сергек қарауға тиіспіз.

ХХІ ғасырда бүкіл адамзаттың ой сана­сын билеп алған ақпараттық сала дейтін құдіретті күш әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі саналатын Қазақстанға да әсер етпей қоймасы белгілі. Ақпараттың таралу формалары, олардың ішіндегі идеялар мен мақсат-мұраттар, сол арқылы жүзеге асырылып жатқан қандай да бір мүдделердің барлығы нәтижесіз кетпейді. Қысқасы, ақпарат болмысы қалыптасып, ақпаратқа деген сұраныс пен қажеттілік арта түсті. Бүгінгі таңда неше түрлі сайттар арқылы, әлеуметтік желілер арқылы ел аумағында таралып жатқан ақпараттарды әрқайсысымыз сүзгіден өткізе алып, дұрыс талдап, қисынды сараптама жасай аламыз ба? Олай болса, бүгінгі қоғамда маңызды саналатын дүниенің бірі ұлтымыздың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру өте өзекті болып отыр. Ақпараттық мәдениет дегеніміз не? Ол сол қоғамда өмір сүріп отырған адамдардың, яғни, сол қоғам мүшелерінің ақпараттық тасқынға деген қорғаныш иммунитетін қалыптастыру мәселесі. Егер де біздің бойымызда ақ­па­раттық тасқынға деген қорғаныш иммунитеті қалыптаспаған болса, біз кез келген ақпараттың ақ-қарасын ажыратпай, ой елегінен, сана сарабынан өткізбей, оған имандай сеніп қаламыз да, алдағы іс-әрекеттеріміздің барлығын соған қарай бейімдеп немесе бейімделіп кетуіміз әбден мүмкін. Ертегі тілімен айтқанда, бүгінгі заманда ақпарат құдіретінің «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұрған жағдайдамыз. Себебі ақпарат философиясының тереңіне үңілетін болсақ, ол адамдардың санасымен мықтап жұмыс істейді. Белгілі бір дүниелерді насихаттайды, таратады, әлдеқандай іс-қимылдарға шақырады, алдайды, арбайды, қайткен күнде көздеген нысанасын бақылап, қажет болса, күйретіп, соның жолында саяси сауаты мен дайындығы төмендеу, өмір тәжірибесі аздау, түрлі сын-соқпақтарды еңсермеген адамдардың көмегін пайда­ланып, жымысқы пиғылдарын іске асырады. Дәл қазіргі уақыттың бедерін ой безбеніне салып, бағдарлайтын болсақ, бүгінгі заман ақпараттық реңкке боялған, ақпарат тасқынына тұтас ден қойған заман.

Ендігі уақыттар қалай болатынын болжау қиын, бірақ біздің бүгінгі өміріміз ақпарат тасқынына шырмалып, ой санамыз соған арбалып тұрғаны жасырын емес. Бірақ, бәрібір де, ақпараттық ортаның өзінде интеллектуалды медиаресурстар міндетті түрде қалыптасуы керек. Ол дегеніміз қоғамды жеңіл-желпіліктен құтқаруға, ой-өрісін биіктетуге, рухани-мәдени деңгейін көтеруге жол ашады. Жасырып-жабар несі бар, таралып жатқан интернет өнімдердің көбі дерлік адамның санасын ойландырмауға, дайын дүниені қабылдай салуға үйретіп жатыр. Мұндай бағытпен кете беретін болсақ, ертең ойлы ұрпақты қалай қалыптастырамыз? Таңертеңнен кешке дейін тек қана әзіл-оспаққа құрылған өнімдерді тұтына беру – ұлтымызды ұшпаққа шығармайтын құбылыс. Балалардың ғаламтор жүйесіндегі ойындарының өзі әлдебір кейіпкерлерді қырып-жоюға, атыс-шабыстар ұйымдастыруға құрылып, олардың психологияларына теріс жағынан әсер етіп жатқанын көре тұра, тоқтататын күшіміз жоқ. Демек, балалардың келешегін интернет платформалар толығымен жаулап алды деген сөз. Ата-ана тәрбиесін жеткілікті дәрежеде алмаған баладан ертең қандай қоғам мүшесі қалыптасып шығары да белгісіз. Осы мәселені де жіті ойланатын кез келді.

Әлемде үлкен медиаресурстар жүйесі мықтап қалыптасқанын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Мұның барлығына лайықты жауап беру, бәсекелестік таныту, қажет болған жағдайда қарсы ақпараттық шаралар қабылдау  жұмыстарына да барынша ден қоюымыз керек. Бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда, қазіргі әлем­нің даму қарқыны бірнеше есе артты. Жоғарыда айтқанымыздай, бұған бір жағы ғаламтор жүйесінің де кең қанат жаюы әсер етіп жатса, екіншіден, ақпаратқа деген сұраныс көлемі де өсті. Олай болса, бүгінде кез келген адам әлеуметтік желілер арқылы өзін қызықтырған ақпаратты өзгемен бөлісіп немесе өзі де ақпарат таратушы субъект ретінде естіген-көр­генін емін-еркін жазып, әрі қарай да тарата беретін күйге жетті.  Осыдан келіп азаматтардың ақпарат таратудағы жауапкершілігі дейтін мәселе туындады. Ақпаратпен қалай болса солай жұмыс істеу, оның алдындағы жауапкершілігіңді сезінбеу, басқа адамдардың санасына өзіңіз таратып жатқан ақпарат қалай әсер ететінін оншалықты терең парықтамаудың соңы орны толмас өкініштерге ұласып кетіп жататынына күнделікті тіршілік барысында куә болудамыз. Тағы бір себеп азаматтардың ақпаратқа сенгіштігі де өз рөлін көрсетіп отыр. Осы ғадет көп қателіктер мен адасуларға ұрындырып жатады. Бұрынғыдай біреуден шала-шарпы естігенін басқа адамға айта салатындай емес, мыңдаған, миллиондаған аудиторияға ақпарат жеткізіп, оның қандай зардабы бар екенін түсінбей күн кеше беру де ұлтымызды бақытқа кенелтпейтіні анық. Мұндағы ескеретін мәселе, ақпаратты сараптаудың қарапайым тәсілдеріне жүгінудің өзінде кемшін қалып жататынымыз жасырын емес. Мәселен, «естіп, оқып, көріп отырған ақпаратым шындыққа жанаса ма? Ол ақпаратты кім, қалай, нендей мақсатпен таратып отыр? Ол ақпарат мен өмір сүріп отырған қоғамға, отбасыма, өзіме қалай әсер етеді? Салдары қандай болуы мүмкін? Жалпы, қабылдап алып отырған ақпаратқа сенейін бе, сенбейін бе? Әлде мемлекеттік ресми органдардың ақпаратына жүгінейін бе? Жалған ақпарат пайда болған күннің өзінде мен оны әрі қарай таратуға үлес қосып жатсам, менің адами азаматтық қадір-қасиетім қайда қалады?». Міне, осындай сан түрлі сауалдарды өзімізге қоя отырып, мәселенің ақ-қарасын ажыратып алуға белгілі дәрежеде қол жеткізетін сияқтымыз.

Ақиқатын айтқанда, біз ақпарат ғасы­рында өмір сүріп отырмыз. Ақпарат ғасырында тұрмыс-тіршілігіміз, рухани-мәдени болмысымыз белгілі дәрежеде өзгеріске ұшырайтыны сөзсіз. Яғни, ақпарат біздің ой-санамызды билеп алып, қалай өмір сүруді ғана емес, қандай ше­шімдер қабылдауымызды, қандай қоғам құруымызды, қандай құндылықтарға арқа сүйеуімізді көрсетіп, даңғыл жол нұсқап отырғандай. Ілгері жүру үшін ақпараттық деректерге  табан тірейтініміз қалыпты дүниеге айналды. Басы бүтін цифрлар мен толымды деректердің астарында қандай мәселелер қылаң беретіні туралы да көп ойлана бермейтініміз рас. Қанат жайып, құлашын кеңге сермеген ақпарат тасқынының ортасында отырып өзіңді біртүрлі дәрменсіз халге түскендей күй кешеріңіз де хақ. Ора­лымсыз «шындықтар» мен күмәнді «ақиқаттардың» тізбегі кейде адамның жан дүниесін сансыратып, ақылынан адастырып кетерлік сәттер де аз емес. Жалған ақпарат таратушылар легі де бір сәт толастамай тұрғаны жасырын емес. Пәленше жерде өрт болды, түгенше жерде жарылыс заты қойылды (құдай сақтасын!), енді бір жерде осындай оқиға орын алып жатыр екен деген жел сөздер жарық жылдамдығын да артта қалдырып, есі дұрыс, оң-солын танып үлгерген жандардың өзін түзу жолынан жаңылыстырып әкететін мысалдар өмірде аз емес. Алып-қашпа ақпаратқа тексермей сенушілік психологиясы белең алған тұста, желіккендер одан сайын өршеленіп іске кірісетіні анық. Оларды тоқтататын күш әзірге жоқ. Бірақ, болу керек. Адам өміріне айтарлықтай әсер ететін ақпаратты ойыншыққа айналдыру, әлдекімдердің қолжаулығы ету зардабы кім-кімге де оңайға соқпайтын түрі бар. Жарық дүние ақпарат шынайы болған кезде ешуақытта күңгірт бола алмайды. Ал ақпарат шынайылығын жоғалтып, терістікке, көлеңкелі жақтарға көбірек қадам жасаған сайын ол ақпаратты тұтынып отырған халық, ел-жұрт мәселенің байыбына бара алмай, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін парықтай алмай қалуы мүмкін. Ақпараттарды өз мақсатына пайдалану, содан табыс табу, оны көздеген міндетке қол жеткізудің басты құралына айналдыру біздің елімізге Батыстан келгені сөзсіз. Әйтпесе, «сарыжағал басылымдар», «қара пиар» дейтін ұғымдар біздің қоғамымызда бұрын-соңды болып па еді? Болған жоқ. Болмағаннан кейін ол бізге таңсық дүние еді. Ендігі таңда осылардың парқын ажыратып қана қоймай, күнделікті және нақты өмірде қалай жүзеге асырылып жатқанын көріп отырмыз. Қазір осындай «қара пиар» жасау тәсілдерінің арқасында қоғамда қаншама азаматтардың ар-намысына нұқсан келуде. Мұның аржағында тағы да «жалған ақпарат», «теріс ақпарат» тарату басымдығы күш алып тұрғаны жасырын емес. Ақпаратты мәдени-идеологиялық қаруға айналдырған топтар оларды түрлі жағымсыз фактілермен көмкеріп, «өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай» етіп көрсетеді. Ал қарапайым халықтың барлық ақпараттың ақиқатына көз жеткізіп, тексеруге уақыты да жоқ. Ақпараттың қауіпсіздігі деген мәселе осы арада көрініс табуы керек.

Яғни, бүгінгі қоғам ақпараттың тас­қынына шырмалғанын мойындай оты­рып, жалған ақпараттармен күрес тәсілдерін мемлекетіміз барынша күшейткені абзал. Жалғыз мемлекетке сеніп қалмай, әрбір адамды, қоғам мүшесін ақпаратпен қалай жұмыс істеу керектігіне машықтандырып, арнайы мамандар жол нұсқап отырса да игі болар еді. Әйтпесе, жалған ақпарат қоғамды жаулап, өз дегенін істетуге иелік етіп алса, жағдайды қалпына келтіру, яғни, мәселенің ақиқатын су бетіне шығару қиынның қиынына айналады.

Қоғамды дамытатын басты фактор­лардың бірі ретінде – осы ақпарат қауіпсіздігі мәселесін қарастыруымызға болады. Себебі қоғам өздігінен ешуақытта дамымайды. Оның ілгері жүруіне себеп болатын «түрткі факторлар» болады. Ол түрткі факторлардың өзі таралып жатқан ақпараттарға негізделеді. Қазіргі кезде «фейк ньюс», яғни жалған ақпарат ұғымы кең таралды. Мамандар мұны Американың экс-президенті Дональд Трамптың айна­лымға енгізген термині деп те айтып жүр. Өйткені, Дональд Трамп твиттердегі жазбалары арқылы өзіне тағылған айып­тардың барлығын жоққа шығарып, барлығын «фейк ньюс» деп бағалап, қажетті деңгейде қарсы соққы беріп отырды. Яғни, Д.Трамп осылайша өзіне қатысты таралып жатқан жалған ақпараттардан барынша қорғанды. Яғни, ел президенті ретінде жеке-дара ақпараттық қауіпсіздігін сақтауға ерен күш жұмсады. Бұл қадамдары нәтижесіз емес еді. Өйткені Д.Трамптың твиттердегі парақшасында миллиондаған оқырмандары тіркелген. ХХІ ғасырда жүріп жатқан «ақпараттық соғыс» майданында ешбір ел есе жібергісі келмейді. Түрлі-түсті революциялардың пайда болуына да ақпараттық шабуылдардың тікелей ықпалы барын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Кешегі «Араб көктемі», Украиндағы «майдан» тәрізді дүмпулердің біразы әлеуметтік желілердегі жазбалар арқылы басталғаны белгілі. Демек, виртуалды өмірдегі қозғалыстар, сөздер, идеялар, тұжырымдар етек алып реалды өмірдегі жағдайлардың туындауына басты себепшіге айналуда. Қазақ қоғамында осындай ұғымдарға кеңінен тоқталып, олардың пайдасыз-пайдалы тұстарын көбірек айтуымыз керек. Сонда ғана ақпараттық қауіпсіздігімізді сақтап, қорғап, дамыта аламыз.

Ақпаратпен жұмыс істеу тәсілдерін мектеп қабырғасынан бастап үйреткеніміз абзал. Себебі бүгінгі жастар, оқушылардың қолындағы смартфон, айфондардың өзін­­де сырттан келіп жатқан қаншама ақпараттар тұнып тұр. Оларды ой-сана елегінен өткізіп, ақ-қарасын ажыратып алуға оқушылар дайын болмай шығады. Осыдан бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желілерде тараған «Синий кит» жазбасын өмірге ендіріп, насихаттаушылар қаншама оқушының өмірден баз кешуіне, өмірімен қоштасуына әкеп соқтырды. Қаншама оқушылар солардың тырнағына ілініп кеткеннен кейін ғана қоғам шу көтерді. Ресейде басталған дүние Қазақстанда да тарады. Яғни, ақпараттық қауіпсіздік шекараны білмейтін құндылық. Өйткені, ғаламтор дейтін нәрседе шекара ұғымы болмайды.

Ғаламтор жүйесі – әлемге ортақ құнды­лыққа айналып кеткеннен кейін оны тиып ұстау мүмкін де емес. Әлем ашықтыққа қарай бет бұрған соң жабулы күйде тағы да отыра алмаймыз. Барлық ақпараттық жүйелер еркін алмасып жатқан соң, миллиондаған сайттар жұмыс істеп тұрған соң, олардың барлығын шектеу, сүзгіден өткізу мүмкін емес. Әртүрлі тақырыптарды қамтитын мобильдік қосымшалардың өзі оқушылардың, өскелең ұрпақтың ой-санасын шырмап алды. Яғни, жоғарыда айтқанымыздай, адам өміріне пайда келтірмейтін, қоғамға, мемлекетке зиянын тигізетін ақпараттарға қарсы иммунитет қалыптастыру мәселесі өзекті болып тұр. Адам баласы ақпаратқа бейімделу керек пе, әлде ақпарат адамға бейімделу керек пе дейтін күрделі сауалдың да күн тәртібіне шығып келе жатқанын аңғармау мүмкін емес. Қазақстан бүгінде IT-технологиялар саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырған ел. Ел аумағын жоғары жылдамдықты интернетпен қамту, мемлекеттік салаларды цифрландыру мәселесі кенже қалып жатқан жоқ. Осының өзі ақпараттық қауіпсіздігіміздің бекемдігін мықтайтын мәселелермен қиюласып, ұштасып кетуі керек деп есептеймін. Өйткені ақпараттық қауіпсіздікті терең ойламай тұғырлы ел болуымыз мүмкін емес. Әлем бәсекелестікке, өзара жарысқа түсіп кеткелі қашан. Ақпараттық қауіпсіздігіне бірінші тұрғыда мән беретін елдер мемлекеттерінің іргетасын нығайтып, халықтарының ақпа­раттық заманның өзінде барынша сергек өмір сүрулеріне жағдай туғызуда. Сырттан «қаңғып келген» ақпараттарды қақшып алып, дұрысы қайсысы, бұрысы қайсысы екенін нақты көрсетіп, талдап, таразылап отыр.  

Ақпараттық қауіпсіздік саясатын дұрыс жолға қоюда ескеретін мәселе – тіл мәселесімен тікелей байланысты. Мысалы, шығыс елдері өздерінің төл әліпбилері – иероглифтерін қолдану арқылы да ақпараттық қауіпсіздіктерін қамтамасыз етіп отыр деп айтуымызға болады. Өйткені иероглифтерді кез келген адам оқып, еркін түсініп кете алмайды. Бұл бір. Екіншіден, ақпараттардың көбіне-көп қай тілде таралып жатқаны маңызды рөл ойнайды. Мысалы, Қазақстан жағдайында мемлекеттік тілмен салыстырғанда орыс тіліндегі ақпараттар көбірек және олардың таралу ауқымы кеңірек. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қазақ тілді медиаресурстардың дамуына кең жол ашуымыз керек. Бұған арнайы бағдарлама қабылдап, нақты жүзеге асырудың тетіктерін ойластырғанымыз абзал болар еді. Қазақ ұлтының рухани, мәдени, әлеуметтік және т.б. кеңістігі қазақ тіліндегі ақпараттарға толы болуы керек. Әйтпесе, өздерін қызықтырған сауал бойынша ақпарат іздеген қазақ оқырманы сауатты материал таба алмай, орыс тіліндегі немесе ағылшын тіліндегі медиаресурстарға оп-оңай жүгіне салады. Бұл орайда ағылшын тілін еркін меңгерген жастардың қатары көбейіп келе жатқанын да ескеруіміз керек. Яғни, біз қазақ тілді медиаресурстардың санын арттырумен ғана емес, олардың мазмұнын сауатты ақпараттармен толықтыру арқылы ұл­ты­мыздың ақпараттық қауіпсіздігін қамта­масыз ете аламыз. Бір сөзбен айтқанда, өзге тілді медиаресурстардағы ақпаратты емін-еркін тұтынып, басы бүтін солай қарай ауып кеткен мыңдаған, миллиондаған қаракөздерімізді туған тілінің кеңістігіне қайтарамыз немесе соған тікелей ықпал етеміз. Бұл – жан-жақты ойластыратын кешенді мәселеге айналып отыр. Мемле­кеттік тіл – қазақ  тілі саналатын елде бәсекеге қабілетті қазақ тілді ақпараттық кеңістік толыққанды қалыптасып, пәрменді күшке айналмаса, алдағы уақытта отандық медиакеңістіктегі үлесімізден айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Ұлт қай уақытта өзін емін-еркін сезіне алады? Ақпараттық қауіпсіздігіне қол жеткізген кезде ғана емін-еркін сезіне алады. Сол кезде ұлтымыздың бойына әбден сіңісті болып кеткен жас­­қаншақтық, өзін өзгелерден «кем сезі­нушілік психологиясынан» да бірте-бірте қол үзеді. Ұлтты алға шарықтатпай, артқа қарай тұсаулап ұстап отыратын дүние – ой еркіндігінің болмауы немесе қалыптаспауы. Ой еркіндігін қалыптастыру ісі – тікелей ақпарат қауіпсіздігін қалыптастырумен, ана тіліміздегі медиаресурстарды өте жүйелі түрде дамытумен шектесіп жатыр. Ғаламтор арқылы шетелдегі миллиондаған қандастарымызбен ортақ ақпараттық-тілдік кеңістік орнатуға да тамаша мүмкіндік туып отыр. Бірақ, мұнда да ойландыратын сауалдар өте көп.

Мәселен, әлемдегі барша қандас­тарымыз қай әліпбиді пайдаланып отыр? Бұл бағытта ала-құлалық баршылық. Таяу болашақта ортақ әліпби ретінде – латын қарпіне көшу идеясы жүзеге асырылса, бәлкім, сол кезде дүниежүзіндегі қандастарымызды осы әліпби төңірегіне топтастырып, ортақ медиакеңістік қа­лып­тастыру ісіне де қол жеткізерміз. Мұның барлығы уақыт еншісіндегі дүние. Дегенмен, үлкен қадамдар, болашақтағы ірі істер осындай ойласудан, ақылдасудан туындай берерін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Айналып келгенде, қазақ ұлтының өз еліміздегі, сондай-ақ шетелдердегі біртұтас рухани байланыстары ауадай қажет. Өткен тарихымызда біраз дүниеден қол үзіп қалдық. Жер жүзіне тарыдай ша­шырап кеткен қазақтардың бүгінгі әл­ем­­дегі өмірінің өзі бірқалыпты дей алмаймыз. Құдайға шүкір, Тәуелсіз еліміз бар. Сол Тәуелсіз мемлекетіміздің қазақ тілді медиакеңістігін қуатты әрі пәрменді күшке айналдырып, сол арқылы ұлттық бағыттағы ақпарат қауіпсіздігі мәселелерін шешуге ден қойғанымыз орынды болар еді. Еліміздің бүгінгі ақпараттық даму саясатын үлкен жолға бағыт алған, мем­лекеттің өркендеуімен бірге жылжи беретін бағыт деп санауымызға әбден болады. Шынтуайына келгенде, ақпараттық қауіпсіздік елдің санасын оятуға, рухын көтеруге, демократиялық құндылықтарды қалыптастыруға жұмыс жасауы керек. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі шешімін ертеңге қалдыратын оқшау сұрақ емес. Бұл уақыттың жалына жармасып жүріп орындайтын келелі шаруа.

1282 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз