• Ел мұраты
  • 30 Маусым, 2021

ЕЛДІГІМІЗДІҢ АЙБЫНЫ

Әрбір халықтың тарихи жадында сақталған өзіне ғана тән құндылықтары, рәміздік белгілері болады. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан  Республикасының мемлекеттік рәміздері – елдің дербестігі мен  тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын айрықша нышандар. Мемлекеттік рәміздерсіз тәуелсіз ел болмайды. Қазақстанның мемлекеттік рәміздері қазақ халқының тарихи құндылықтары мен салт-дәстүрін бейнелейді. Сонымен бірге олар қоғамды ұйыстыруға қызмет етеді. Қазақстан Республикасы мемлекеттік туындағы ашық аспан – Қазақстан халқының бiрлiгі мен ынтымағының белгісі. Бұлтсыз көк аспан қашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Көк түс түркi халықтары үшiн қасиеттi ұғым. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Қанатын жайған қыран құс – билiк, айбындылық бейнесi. Қазақстан Республикасы  мемлекеттік елтаңбасының негiзi – шаңырақ. Шаңырақ – мемлекеттiң түп-негiзi – отбасының бейнесi. Киiз  үйдiң күмбезi түркiлер үшiн үйдi, ошақты бейнелейді. Қанатты тұлпар – ұшқыр арманның, жасампаз қиялдың, жақсылыққа құштарлықтың  белгісі. Міне, Қазақстан Республикасының мемлекеттік символы саналатын үштаған – ту, елтаңба және әнұран рәміздерінде осындай айқын да астарлы мол мағына қамтылған. Олар халқымыздың ойлау жүйесінен, ұлттық болмысы мен дүниетанымынан хабар береді. Рәміздік құндылықтардың тарихи жолы, шығу тегі ел тағдырымен, ұлттық кодымен тығыз байланысты және сонысымен де ерекше.  
Өз мемлекетіңнің рәміздерін қастерлеу – тәуелсіздікті қастерлеумен тең патриоттық парыз, азаматтық жауапкершілік. Молшылық пен әділетті қоғам орнатуды мақсат тұтқан ел мемлекет тәуелсіздігін алдыңғы орынға қоятыны бесенеден белгілі. Сондықтан елдің егемендігіне қызмет ету – ертеңгі тағдырыңды айқындайтын маңызды міндет. Бүгін өзі өмір сүріп отырған мемлекеттің болашағына алаңдайтын әрбір азамат егемендіктің ертеңіне өзіндік үлес қоса алады. Қоғам өміріне белсенді араласу, айналаңда жақсылыққа үлес қосып,  қиянат пен қиындықты азайтуға тырысу әлеуетті әлеуметтің ғана қолынан келеді. Әркім өз тізгінін өзі қолға алып, өз саласында нақты іске кіріссе қоғам берекесі сонда орнайды. Ол үшін біреулер емес, әрқайсымыз жауаптымыз. Келеңсіздіктер де бірлескен кезде жойылады. Тек өзгеге тәуелсіз, өз тағдырын өзі шеше алатын ел ғана  мұндай мақсат-мүддеге ұмтыла алады. 
Осы отыз жылда еліміз жеткен жетістіктер тәуелсіздіктің халық үшін қандай құндылық екенін түсіндіріп берді. Бұрынғы тәуелді кезеңде қиянат көрген руханиятымыз бен мәдениетіміз егемендіктің арқасында қайта жаңғырып, жаңа сапалық деңгейге көтерілді, орталыққа жаутаңдаған экономикамыз еңсесін тіктеп, өз қолымыз өз аузымызға жетті.  Мұның бәрі тәуелсіздік алған күннен бастап бір тудың астына жиналып, біртұтас қоғам болып өмір сүргенде ғана егемендіктің баянды болатынын айқын ұғынған қазақстандықтардың отаншылдығының, патриотизмінің айғағы. 
Отаншылдық сезімі тәуелсіздікке қатысты дүниенің бәрін қастерлеуді білдіреді. Соның ішінде мемлекеттік нышандары – әнұран, елтаңба мен тудың орны ерекше. Зерттеулерге қарағанда, қазақстандықтар әнұранымыз шырқалып, туымыз бен елтаңбамыз көтерілген кезде ерекше отаншылдық сезімге бөленіп, еліне деген мақтаныш кеудесін кернейді екен. Мұндай сәтте тебіренбейтіндер сирек, әрине. Отанға, туған еліңе деген бұл сезімді айтып жеткізу қиын. Ол ата-бабаларыңмен біртұтастығыңды білдіретін, әлемдік қауымдастықта өзгелермен терезесі тең төл мемлекетің бар екенін сезіндіретін, ешкім тыйым сала алмас қасиетті сезім.  
Мемлекеттік рәміздер ешқашан да қандай да бір билікке, идеологияға тәуелді болмайды. Олар ұлттықтың белгісі. Ұлт пен мемлекет – егіз ұғым.  Ұлттың төрт құбыласы тең болса, мемлекеттіліктің де тұғыры нық болмақ.  Осы құндылықты терең ұғынып, тәуелсіз еліміздің көсегесін көгерту жолында күш-жігерді аямай табандылық таныту – азаматтардың мемлекетшілдігіне, отаншылдық сезіміне тікелей байланысты. Ал отаншылдық тәуелсіздік рәміздерін құрметтеуден басталады. Тәуелсіздігіміз баянды, мемлекеттілігіміз мәңгілік болғай!    

Дана ХАЛЫҚ

1890 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз