• Еркін ой мінбері
  • 27 Шілде, 2021

СҰЛТАН БЕЙБАРЫС – ТҮРКІ ӘЛЕМІНЕ ОРТАҚ ТҰЛҒА

Женгиз ТОМАР,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық

қазақ-түрік университетінің Ректор өкілі, профессор, доктор

 

Аты аңызға айналған Сұлтан Бейбарыс тұлғасын елімізде ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерде де зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдар аз емес. Бұл, сөзсіз, әйгілі сұлтанның тарихта ойып тұрып орын алған қайраткерлігімен қатар, оның таңғажайып өміріне деген қызығушылықты арттыра түсуде. Осы орайда біз Сұлтан Бейбарыс тұлғасын зерттеу барысында түпнұсқа дереккөздермен жұмыс істеп, бейбарыстану ісіне сүбелі үлес қосып келе жатқан ғалым Женгиз Томармен аз-кем сұхбаттасқан едік. Женгиз Томар бүгінгі таңда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Ректор өкілі болып қызмет атқарып келеді. Профессор, доктор. Ғалым туралы толыққанды мәліметті сұхбатының соңында ұсынып отырмыз.

Құрметті Женгиз мырза, «Ақиқат» журналына Сұлтан Бейбарыс жайында сұхбат беруге келіскеніңізге алғыс білдіреміз. Бірінші сауалымызды Сұлтан Бейбарыс өміріне қатысты жұмбақтау болып келе жатқан кейбір деректерден бастасақ деймін.  Шыны керек, Мысыр мәмлүктерінің көсемі Сұлтан Бейбарыс жайында осы уақытқа дейін қаншама ғылыми-зерттеу жасалса да ұлы тұлғаның өміріне қатысты беймәлім деректер әлі де аз емес. «Бейбарыс 1223 жылы туылып, бала кезінде сатылып алынып, Айюб әулетінен шыққан сұлтан Салих Нәжім әд-Диннің жеке ұланына қабылданыпты. Сирияда әскери оқуда болып, мәмлүк әскерінде көзге түсе бастапты. Мысырдың хал-жағдайын жақсартып, онда он жеті жыл тыныштық орнатыпты. Кейбір деректерде ол ағаларының қастандығына ұшырап, тентіренді дәруіш құтқарып алып, құлдыққа сатып жіберген Хорезм билеушісінің баласы» делінеді. Сіздің пікіріңіз қандай?

– Сұлтан Бейбарыс 1233 жылы Қыпшақ елінде дүниеге келген. Ол қыпшақ тайпаларының ішінде Борчоглу немесе Борлу тайпасынан шыққан. «Ол ағалары тарапынан қудаланып, бір дәруіштің көмегімен құтқарылды және құлдыққа сатылып кеткен Хорезм билеушісінің ұлы болды»  – деген пікір шындыққа жанаспайды. Ол кезде мәмлүк болу онсыз да ерекше қасиет және басқаларға қарағанда даралық көрініс тапты.

Сұлтан өміріне қатысты кейбір жазбаларда: Бейбарыстың атасы Хора­санның билеушісі болыпты. Оның Тала, Лама, Жамақ деген үш ұлы болыпты. Әкесі қартайып, мұрагерлікке үш ұлының біреуін таңдауды жөн көріпті. Сөйтіп, таңдауы Жамақ есімді ұлына түсіпті. Бұған Тала мен Лама іштарлық жасап, інісін қашып кетуге мәжбүр етіпті. Қашқын Жамақ жолда келе жатып, арыстанға жем болғалы жатқан бір шалды құтқарыпты. Сөйтсе, ол аң аулай шығып, серіктерінен адасып қалған Хорезм билеушісі екен. Ол Жамақты көзі тірісінде бас уәзір қып ұстап, өлгесін тағына мұрагер етіпті. Жамақтың ұлы Махмұдты Жамақтың екі ағасы аңға алып шығып, қол-аяғын байлап, үңгірге тығып кетіп қалалы. Ыңырсыған дауысты естіп барған бір дәруіш баланы босатып алып, Бурса шаһарына әкеліп құлдыққа сатып жіберіпті. Сөйтіп, ол болашақта мәмлүк болатын балалар жинап жүрген Әли ибн әл-Барак деген саудагердің қолынан бірақ шығыпты. Ол Дамаскіге келгенде шаһар бегі Әлі әл-Акбаси деген адам Махмұдты (яғни Бейбарысты) Әли ибн әл-Баракқа берген қарызының өтеуіне алып қалыпты. Одан оның апасы Фатима әл-Акбаси ханым бала қылып асырап алып, өлген ұлының құрметіне Бейбарыс деген ат берілгені айтылады. Осы тұрғыдағы ойыңызды, көзқарасыңызды білсек.

– Дұрысы мынадай: Ол қыпшақ елінде тұтқынға алынған бала болды. Дереккөздерде оның отбасы туралы көңіл көншітерлік ақпарат жоқ. Бейбарысты Қара теңіздің солтүстігі арқылы Анадолыдағы Сивастың құл базарына тұтқын ретінде әкелді, содан кейін Алепподағы бір зергерге сатты, одан оны Хамадағы Айюби әскерінің қолбасшысы болған (мәмлүк ұлтынан) Әмір Аладдин Айтегин әл-Бундукдари сатып алып, Айюбилердің астанасы Каирға алып барды. Ол Айюби сұлтаны әл-Маликус-Салих Наджмаддин Айюбтың жасақтаған Бахрийе Мәмлүктері қатарына (Сұлтанның арнайы әскери жасағы) қосылды. Сіздің сұрағыңыздағы мәліметтер тарихи тұрғыдан дұрыс болмай тұр.

Жалпы, Мысыр елінде өзімізге мәлім Сұлтан Бейбарыстан бөлек, Рухи ад-Дин Бейбарыс, Руккедин Бейбарыс атты араб жазушысының есімдері аталады. Бір-бірімен шатастыруға болмайтын осы бір үш Бейбарыстың арасындағы дәнекер сынды Рухи-ад-Дин нені білдіреді? Бәлкім, бұл бір кезде Махмұд аталған баланы сатып алған әулеттің даңқтамасы (титулы шығар). Үшеуі де сол әулетке жататын шығар. Бейбарысты асырап алған Фатима ханымның «Менің саған ұқсайтын балам өлген. Сенің атың да сол сияқты Бейбарыс болсын» деуінде осындай мән бар шығар.

– Бейбарыс – мәмлүктерде кеңінен қолданылатын атау. Мысалы, басқа да Бейбарыстардың есімдерін кездестіруге болады. Алайда, мен Рухуддин лақап атымен танылған ешкімді білмеймін. Бірақ, мұндай лақап аттар мәмлүктер Египетке келгеннен кейін қойыла бастады және ол аттарды құлдың қожайындары қойып отырды.

Бейбарыс тұсындағы Мысыр мәмлүктері көбіне-көп қыпшақтардан тұрғаны белгілі. Каирда сондай қыпшақтар тұратын махаллалар Орда деп аталды. Олар араб дәстүрлерін жақтырмай, өз дәстүрлерін ұстаныпты. Осы орайда туындайтын сұрақ: Мәмлүктердің ерекшелігі, тұрмыс-салты, өмір сүру дағдылары қандай болған?

– 1250-1382 жылдар арасындағы мәмлүктер кезеңі – қыпшақ мәмлүктерінің кезеңі болып табылады. Осы кезеңде Қара теңіздің солтүстігінде орналасқан Дешті Қыпшақ деп аталатын аймақтан сатып алынған, тұтқындалған немесе ұрланған қыпшақ түріктерінің балалары Қара теңіз арқылы Анадолыдағы Сивас құл базарына, содан кейін Сирия мен Египетке жіберілетін. Бұл жүйе 830 жылдары Аббасидтер кезеңінде басталды. Түркілер Бағдат қаласына үйренісе аламағандықтан, Самарра қаласы түрік сарбаздарына арнайы құрылып, олардың сондағы қоғаммен араласып жоқ болып кетпеуін сақтау мақсатында түрік қыздарын әкеліп солармен үйлендірді. Мысалы, Бейбарыс шынайы мұсылман болған. Ол нағыз Мәмлүк мемлекетінің негізін қалаушы. Сондай-ақ өз мемлекетін Ислам шариғаты мен Шыңғыс заңдары бойынша басқарды. Ол Берке ханның қызына үйленіп, балаларына түркіше есімдер қойды. Төрт мазхабтың қазыларын тағайындағаны сияқты мемлекетті орталықтандыру саясатын да жүзеге асырды.

Айюбилер мен кейінгі Мәмлүктер кезеңінде Түркі мәмлүктердің мерейі үстем әрі ерекше орынға ие болды. Әдетте олар араб тілін аз білетін немесе мүлдем білмейтін. Олардың көпшілігі түрік әйелдеріне үйленді. Олардың балалары да мәмлүк бола алмайтын. Оларға ислам дінін үйрету үшін қыпшақ түрік тілінде кітаптар жазыла бастады. Өз араларында қыпшақ түрік тілінде сөйлесті. Олар дәстүрлі түркі киімдерін киіп жүру, әдет-ғұрыптарымен өмір сүру арқылы көбіне сол басқарып отырған араб қоғамын өздерінен төменгі деңгейде қарады.

Бейбарыстың өлімі жайында не айтар едіңіз? Бұл жайында тарихи деректер не дейді? Мысалы, Бейбарысты Тебриз билеушісі Қалауынның Дамаск әкімімен бірлесіп, сұлтанның тамағына у салып өлтіруі шындыққа қаншалықты жанасады?

– Бұл ақпарат дұрыс емес. Моңғолдарды жеңіліске ұшыратқаннан кейін Бейбарыс Антакья арқылы Дамашыққа (Дамаск) оралған кезінде кенеттен ауырып қалды, он төрт күннен кейін 1277 жылы 20 маусымда қайтыс болып, Дамашықта салынған зиратына жерленді.

Бейбарыс тұлғасына қатысты өзіңіз зерттеп тапқан тың деректеріңізбен бөлісе отырсаңыз. Бұл да журнал оқырмандарының қызығуышылығын тудырады деген ойдамыз.

– Менің докторлық диссертациям «Мәмлүктердің әскери жүйесі» жайында. Бейбарыс – осы жүйенің маңызды тұлғаларының бірі. Менің зерттеу жұмысымның көп бөлігі осы мәмлүктерге қатысты. Қазіргі уақытта мен Бейбарыстың өмірі туралы еңбек жазып, оны қазақ тіліне аударғым келеді.

Сіздің ойыңызша, бүгінгі уақыттың тұрғысынан қарағанда, тарихта Сұлтан Бейбарыс тұлғасын дәреже жағынан, жеткен жетістіктері жағынан түркі халықтарының қандай ұлы тұлғасымен қатар қоюға немесе шендестіруге болады?

Нуреддин Зенгин, Салахатдин Аюби, Алпарслан және Фатих Сұлтан Мехметпен салыстыруға болады деп санаймын.

Сұлтан Бейбарыс және мәмлүктер тарихын зерттеуіңізге не себеп болды? Жалпы, бұл тақырып сізді несімен қызықтырды?

– Бұрыннан араб тілін өте жақсы білдім. Туркияда барлығы Османлы тарихы мен Селжук тарихын зерттейтін. Ал Мәмлүктер мемлекеті маңызды бір Түрік мемлекеті болса да, ол туралы ешкім зерттеу жасамады. Бұл бойынша дереккөздердің барлығы араб тілінде болғандықтан мен осы саланы зерттеуге бағытталдым.

Сіздің көзқарасыңыз бойынша, «Бейбарыстану» бағыты қаншалықты қалыптасты, қаншалықты зерттелді? Нендей мәселелерге ерекше назар аударуымыз керек? Бейбарысты әлемге кеңірек таныту жөнінде қандай рухани-мәдени іс-шараларды қолға алған жөн деп есептейсіз?

– Бейбарыстану саласы Батыста, Араб әлемінде және Туркияда көп зерттелді. Бұған қатысты көптеген кітаптар мен мақалалар бар. Өкінішке қарай бұл зерттеулер Орта Азиядағы Түркі Әлеміне аударылып, жетпеді.

Өзіңіз басшылық қызметте отырған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті туралы және ондағы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы қысқаша мәлімет берсеңіз?

– Бұл оқу орны Туркия мен Қазақстан тарапынан құрылған Түркі Әлемінің университеті. Мақсатымыз – Түркі Әлемінің бірлігі мен бауырластығын нығайту. Қазақ студенттерімізге түрікше, Түркиядан келген студенттерге Қазақ тілін және Түркі Әлемінен келген білімгерлерге екі тілді теңдей үйретеміз. Өйткені, Түркі әлемі ретінде бір-бірімізді түсінгенде ғана бірлік болады деп ойлаймыз. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ілімі негізінде студенттер дайындауға талпынып жатырмыз. 10.000-нан аса студентіміз бар. Оның шамамен 1500-і Түркі әлемінен келгендер. Отыз жылда 80.000-нан астам түлек шығардық. Түркі әлемінің білім арқылы бірлігі мен білім сапасын көтеру жолында еңбектенудеміз.

Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Асыл МҰРАТ

Женгиз ТОМАР туралы дерек

Ол 1970 жылы Үскідарда туған. Сол жерде мектеп бітірген.  1988 жылы Мармара университеті Жаратылыстану және әдебиет факультетінің Тарих бөліміне түсіп, 1992 жылы аяқтаған.

1992 жылы Мармара университеті Ататүрік педагогикалық факультетінің Әлеуметтік ғылымдар бөлімінде ғылыми зерттеуші болып жұмыс істеді. 1996 жылы магистратура және 2006 жылы докторантура бағдарламасын Мармара университеті Түркология Ғылыми-Зерттеу институтында Орта ғасыр тарихы мамандығы бойынша  бітірген. 1993-1995 жылдар аралығында Йордания университетінде Араб және ислам тарихы, 1996-1997 жылдар аралығында Орта шығыс техникалық университетінде ағылшын тілі бойынша білім алған. 2000 жылы ғылыми зерттеуші қызметіне   Жаратылыстану және әдебиет факультетінің Тарих бөліміне ауыстырылды. 2000-2003 жылдары Эдинбург университетінің Ислам және Орта шығыс ғылыми зерттеу бөлімінде оқытушы қызметін атқарды. 2003-2005 жылдарында Дамаск университетінде өз саласы бойынша оқытушы болып жұмыс істеді.  Доцент ғылыми дәрежесін 2011 жылы алған. 2011-2014 жылдар аралығында Мармара университеті Орта шығыс ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары және Орта шығыс саяси тарихы және халықаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.  2016 жылы профессор ғылыми атағын иеленді.

1998-2017 жылдары Түркия Діни Істері қоры, Ислам энцеклопедиясы, Ислам тарихы Ғылыми Кеңесі мүшесі, 2007-2017 жылдары Ислам әріптестік ұйымы, Ислам тарихы Өнер және мәдениет орталығында зерттеу және баспа бөлімі басшысы қызметтерін атқарды. Орта шығыс және Араб географиясының тарихы мен мәдениеті жайында көптеген еңбектері бар профессор, доктор Женгиз Томар 2017 жылы Ялова университетінің ректор орынбасары қызметіне тағайындалды. 2017-2018 жылдары аралығында  Мармара университеті Саясаттану факультетінің деканы болып қызмет атқарды.

Ағылшын және араб тілдерін жетік меңгерген.Отбасылы,  екі баласы бар.

4646 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз