• Ел мұраты
  • 30 Шілде, 2021

ПАРТИЯЛАРДЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ

Әрбір мемлекетің саяси жүйесінің дамуына, қоғамның демократиялық үдерістерге сай ілгерлеуіне сол мемлекеттің саяси партиялары айтарлықтай үлес қосатыны белгілі. Өйткені партиялар өздерінің сайлаушыларының  (бұқара көпшіліктің деп түсінуге де болар) мүдделерін биік мінберлерде қорғап, қоғамдағы көптеген маңызды мәселелерді шешуге қадам жасайды. Бұл ретте Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің партиялық жүйесі кезең-кезеңімен дамығанын байқауға болады. Әрине саяси плюрализмнің орын алуы, яғни партиялардың ұстанған бағыты мен бағдары бір-біріне ұқсамауы, тиімді стратегиялық бағдарламаларының болуы, халықтың сенімінен шығатындай саяси қадамдар жасауы уақытқа сай жетіліп отырды деуге негіз бар.

Зерттеуші Қуаныш Асылов «Қазіргі замандағы Қазақстанның саяси партиялары» атты еңбегінде: «Қазақстанның партиялық-саяси алаңы 1990 жылдардың алғашқы жартысында саяси партиялардың дүниеге келуімен сипатталды, алайда, олар орнықты саяси ұйымдар критерийлерінің бәріне дерлік сәйкес бола алмады. Партиялық құрылыс үдерісі саяси идеологияның жиі ауысуы, әлеуметтік базаның жетіспеушілігі және партиялардың басым денінің саяси бағдарламаларының айқын болмауы жағдайында өтіп жатты» деген тұжырым жасайды. Ғалымның айтуынша, саяси партиялар мемлекет өмірінде маңызды роль атқарады. Аталған институт азаматтық қоғамның тепе-теңдігін қалыптастыруға септігін тигізеді және мемлекеттік саясатты құру ісінде халықтың ерік-жігерін білдіруге жәрдемдеседі. Сонымен қатар Қ.Асылов «Тәуелсіздік жылдарында елімізде заңнамалық база мен жүйе қалыптасты, онда тіркелген әр қоғамдық бірлестікке саяси күреске қатысудың тең мүмкіндігі берілген. Партиялардың алуан түрлілігі, елдің қоғамдық-саяси өмірінде олардың ролінің нығаюы қазақстандық қоғамның демократия принциптеріне бейілділігінің айғағы болып табылады. Қазақстанның партиялары қалың бұқара топтарының және қоғамның барлық санаттарының мүдделерін білдіру мен қорғау бағытын ұстанады.

Саяси партиялардың негізгі мақсаты әр азаматтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыру жолымен өркендеген, бәсекеге қабілетті және демократиялық мемлекет құру болып табылады» деп өз ойын өрбіте түседі.

Ғалымның пайымдауынша, отандық партия алаңының қалыптасуы мен қайта құрылу кезеңдері бағалы тәжірибе жинақтау мүмкіндігін берді, олар, тиісінше, іс үстіндегі партиялардың құрылуының іргетасына айналды. Бүгінгі күні партиялар дәстүрлі жұмыс үлгілерімен қатар, әлеуметтік базаны кеңейту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы саясатты дәйекті жүргізіп келеді. Осы ретте Қазақстанда партиялық құрылыс үдерісі әлі аяқталмағанын ескеру қажет. Жаңа технологиялардың жедел дамуы саяси партиялардан өздерінің бағдарламалық құжаттарын әзірлеу және тұрғындармен қарым-қатынас мәселелеріне қатысты жұмыс тәсілдерін қайыра форматтауды талап етеді. Жалпы, тәуелсіз еліміздегі саяси партиялар қоғамдық дамудың әр кезеңінде халықтың саяси көзқарасын қалыптастыруға ықпал еткенін жоққа шығара алмаймыз. Тәуелсіз жас мемлекеттің саяси партиялары да белгілі бір дәрежеде тәжірибе жинақтау, пісіп-жетілу, кемелдену сатыларынан өтіуі тиіс болатын. Ең басты мұрат – түрлі саяси ойындарың соңынан кетіп, ел бірлігін шайқап алмау, халықтың адал сеніміне селкеу түсірмеу. Бұл тұрғыдан алғана еліміздегі демократиялық жаңғырту процестері саяси партиялардың қызметіне кеңінен жол ашқаны сөзсіз. Олар өз электоратын қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды ерін жүргізе отырып, ел ішінде абырой-бедел жинауға ден қойды. Саяси партиялардың Парламенттегі басым көпшілікке ие болуы олардың сайлауалды бағдарламаларының толыққанды жүзеге асырылуына мүмкіндік беретіні анық. Сондықтан да еліміздегі саяси партиялар Парламенттегі басым көпшілік дәрежесіне жетуге тырысып бағатыны ақиқат. Қалай дегенмен, партиялардың арасындағы саяси бәсекелестік жыл өткен сайын дамып, пікір алуандығына қарамастан, олардың ел мүддесі жолындағы ұстанымдары бір арнада тоғысып жатқаны абзал.

Себебі мемлекетіміздің іргетасы берік болып, тәуелсіздікті нығайту үшін, мықты экономикалық жүйе құру үшін, халықтың талап-тілегіне жауап беретін қоғамдық құндылықтар көкжиегін барынша кеңейту үшін саяси партиялардың нақты бағдарламалары да шынайы өмірге жақын болып, нәтижелі іске асырылатындай дәрежеде көрініс тапса дейсің. Соңғы жылдары еліміздің саяси кеңістігінде республикалық партияларға деген қызы­ғушылық өсіп келе жатқандай сезіледі. Ел-жұрт әрбір партияның бағдарламасы қандай екенін, оның көшбасшылары кімдер екенін жете зерттеп танысуда бұрнағы жылдардағыдай немқұрайдылыққа бой ұрып отырған жоқ. Бұл да болса, халықтың саяси сана-сезімі өсіп, қоғамға, елдің келешегіне деген ұстанымдары барынша айқын болып келе жатқанын білдіреді. Демек, енді саяси партияларымыз тек қана сайлау кезінде бой көрсету машығын артқа тастап, күнделікті айналысатын жұмыс кестелерін пысықтай түсу керектігі осы тұрғыдан маңыздана бермек. Биліктің өзі партияаралық бәсе­келестіктің орнауын заңдық-құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етуге мән беріп келеді. Мысалы, елімізде «парламенттік оппозиция» ұғымы заң жүзінде бекіп, іске асырыла бастады.  Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамдағы ең маңызды мәселелер алдымен Парламентте талқылануы тиістігін айрықша атап көрсетті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында жаңа сайлау науқанына дейін саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси  өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту жөнінде қандай шаралар қабылданғанын былай деді: Бірінші. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық  заңға және «Қазақстан Республикасы Парла­ментінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңға түзетулер енгізу арқы­лы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толықтырулар жасалды.

Енді Парламент Мәжілісі тұрақты коми­­теттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады. Сонымен қатар, парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Сондай-ақ бір сессия кезінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болады. Бұдан бөлек, саяси партиялар фракцияларының жетекшілеріне Парламент палаталарының бірлескен отырыстарында, Парламент Мәжілісінің пленарлық отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдауларда және басқа іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілді құқық беріледі. Екінші. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңда және «Саяси партиялар туралы» заңда қарастырылған ережелер бойынша парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл норма Парламентке және жергілікті өкілді органдарға әйелдер мен жастарды тартудың тиімді жолы ретінде олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізеді.

Үшінші. Алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Пропорционалды модель әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келеді, саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал етеді, саяси партиялардың жұмысын жандандырады.Бұл жаңа бастамалар партияларға еліміздің саяси жүйесіндегі ұстанымын нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер береді, - деді Президент.

 Қорыта келгенде, еліміздің саяси партиялары мемлекетіміздің игілігін арттыру жолында білек сыбана еңбек етулеріне барынша жағдай жасалып келеді. Бұл орайда саяси партиялардың белсенділігі қажет. Қоғаммен, халықпен етене жұмыс жасап, өңірлердің өзекті мәселелерін қозғап, бұқараның мүддесін қорғауға күш салуы керек. Ең бастысы саяси жаңғыру үдерістері партиялардың да өз дәрежесінде серпін алып, жандануымен тұспа-тұс келіп отыр. Барлығы да оңынан болғай дейміз.

Әділет ЕРНҰР

1032 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз