• Ел мұраты
  • 30 Шілде, 2021

ТАЛАНТТЫ ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ БАР

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз лауазымына заңды түрде кіріскеннен кейін елімізде Президенттік жастар кадрлық резервін жасақтауды тапсырды. Бұл идеяның басты мұраты – болашақта ел басқаратын азаматтарды даярлау, осы мәселеге күн ілгері мән беру мақсатымен тығыз байланысты екені сөзсіз. Сөйтіп, елімізде ең талантты, қабілетті деген жастар  300 адам іріктеліп, 2019 жылы Президенттік жастар кадр резервінің құрамына енді.

Әртүрлі саладан іріктеліп, таңдалған жастар еліміздің экономикасына, мемлекеттік басқару аппаратына, білімі мен ғылымына, мәдениеті мен өнеріне үлесін тигізетіні сөзсіз. Қазірдің өзінде олар лауазымды қызметтерге тағайындалып, өздерінің кәсіби маман екенін байқатуда. Өзінің келешегін күні бұрын ойлайтын ел алдымен жас азаматтардың қабілет-қарымын шыңдап, тиісті дәрежеде көңіл бөлетіні түсінікті. Осындай стратегиялық шешім арқылы үлкен жобаға жол ашып берген Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасы өз өміршеңдігін алдағы уақытта көрсетеріне сеніміміз кәміл. Өйткені, олардың барлығы бірдей Президент болмаса да, мемлекеттік басқару аппаратында, үлкен жауапты қызметтерде елі мен жерінің көркеюіне еңбек етіп, перзенттік үлесін қосып жатса, қанеки. Демек, бұл – талантты жастардың иығына артылған үлкен жүк әрі зор сенім деп қабылдауымыз керек. Сонымен қатар, мұндай бастама міндетті түрде жалғасын табуы қажет. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халық даналығы бар емес пе. Талантты, қабілетті жастарды саясат ісіне көбірек тартып, ұлт шаруасына араластыруымыз керек. Себебі олардың ойлары – ұшқыр, көзқарастары қалыптасқан, әлемдік тенденцияларды жақсы игерген деп пайымдауымызға болады. Ал бүгінгі таңда 300 жастың жұмысқа орналасуы қалай жүзеге асырылып жатыр деген мәселе ойландырмай қоймайды. Бақсақ, бұл бағытта айтарлықтай игі жаңалықтар жоқ емес екен.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайыл­ғанованың хабарлауын­ша,300 адам­нан құралған Президенттік жастар кадр резервінің 57 % немесе 171 резервші 2020 жылы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор компа­нияларындағы түрлі позицияларға жұмысқа орналастырылыпты. «Басқа резервшілерді жоғары басқарушылық лауазымдарға тағайындау үшін олардың мансаптық сатылардан өтуі арқылы жұмыс тәжірибесі мен құзыреттерін одан әрі жетілдіруі қажет. Осыған байланысты арнайы әзірленген бағдарламалар бойынша тұрақты оқытуды көздейтін резервшілерді дамытудың жеке жоспарлары әзірленді және бекітілді» деп атап өткен Анар Жайылғанова биыл да Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Президенттік кадр резервіне кезекті конкурстық іріктеу жүргізуді және оған жаңа көзқарастар мен бастамалары бар 50 кәсіби менеджерді қабылдау жүргізілетінін хабарлады. Қазіргі уақытта Агенттік Президенттің тиісті Жарлығы жобасын дайындап, оны жария талқылауға және мүдделі мемлекеттік органдармен келісуге жолдапты. Осылайша, алдыңғы іріктеу тәжірибесін ескере отырып, кандидаттардың құндылық бағдары бойынша талаптар тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралған. Атап айтқанда, резерв қоғамдық мүдделерге басымдық беретін адамдар арасынан құралмақ. Рекрутинг өзгертулер де нақты тәжірибесі бар трансформациялық көшбасшыларды анықтауға бағыт­талған. Осыған байланысты резерв критерийлері қайта қаралыпты. Яғни, байқағанымыздай, кешенді жұмыстар жасалып-ақ жатыр. Жастар саясатына мемлекеттік тұрғыдан назар аударылуы – қажетті іс. Лайым, игілікті іс өз жал­ғасын табуы керек.

Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тә­уел­сіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Дарынды жастардың бәрі шетелде жүрген жоқ. Ел ішінде де білікті әрі білімді өрендер жетіп артылады. Біз оларды басшылардың жаңа буынын даярлауға барынша тартып жатырмыз. Менің бастамаммен құрылған Президенттік кадр резерві – осының айқын дәлелі. Жобаның келесі кезеңінде қоғам мүддесіне адал көшбасшыларды іріктеуге ерекше назар аударамыз. Билік органдарындағы азаматтар, ең алдымен, ұлттық мүддеге берік болуға тиіс» деуі жайдан жай емес. Өйткені, біздің елге ұлттық мүддені терең сезінетін жастар керек. Ұлттық мүддені терең сезінген азаматтардың арасынан мемлекетшіл қайраткерлер, елім деп еміренген тұлғалар өсіп шығады. Президент айтқандай, жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек. «Осы орайда Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандырған жөн. Оны білікті әрі білімді жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдырамыз. Бұдан бөлек, мен азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынамын»  деді Қ.Тоқаев.

Ақжан КЕРІМ

1153 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз