• Ұлттану
  • 30 Шілде, 2021

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БІЛІМ ОРДАСЫ

Меңдеш ИсҚалиев,

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар  және әлем тілдері университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Бүгінде Ұлы дала кеңістігінде тәуелсіз Қазақстан әлем танитын, керегесі кең, өзгелермен терезесі тең өркениетті ел дәрежесіне жетті. Мұның айқын көрінісі  – үстіміздегі 2021 жылы тәуелсіздікке 30 жыл, ал, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің шаңырақ көтергеніне 80 жыл толып отыр.

Тарих үшін 80 жыл көп болмағанмен оқу ордасының қалыптасып дамуы, Республиканың білім беру жүйесіндегі алатын орны мен атқарған қызметтер ауқымы тұрғысынан аз уақыт емес. Бұл жылдарда бүкіл әлем кеңістігінде, елімізде ғасырларға татырлық іргелі өзгерістер орын алды.  Біздің университетіміз де өзгерді.

80 жылдық тарихы бар оқу ордасының өткені мен бүгінін айту арқылы да дәлелдеген жөн болар. 1940 жылы 9 қыркүйекте елімізде 12 шетел тілдері институтын ашу туралы СССР Халық Комиссарлар Советінің қаулысы жарық көрді, оның ішінде Алматы педагогикалық шетел тілдері институты да бар еді.

Алайда, осы қаулының іске асырылуы 1941 жылдың үлесіне тиді. Сөйтіп, бір жылдан соң 1941 жылдың қыркүйек айынан институтқа студенттер қабылданып, оның алғашқы саны 132 еді, оның тоғызы қазақ қызы болды. Оқу процесін ұйымдастыру неміс және ағылшын тілі кафедраларына жүктелді. Онда 21 оқытушы қызмет атқарды. Олардың ішінде Мәскеудің мемлекеттік педагогикалық шетел тілдері  институтының түлектері болды. Институттың  материалдық базасы өте шағын, оқу корпусы бұрынғы кітап­хана техникумының ғимараты еді. Институттың қалыптасуы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді. Институт ұжымы ел басына түскен қиындықтарды түсіне, бөлісе білді. Шама-шарқыларына қарай алғашқы емтихан сессиясын толық үлгеріммен аяқтап, оқудан тыс уақытта институт көркемөнерпаздары әскери дивизияларда концерт қойып, әске­ри госпитальда жараланғандар жанында кезекшілік етіп, ауыл шаруашылығы жұмыс­тарына қатысып, қолдарынан келгенінше өз үлестерін қосты.

Ұлы Отан соғысының қиын кезеңінде де студенттер қатары өсіп, 1945/46 оқу жылында 292-ге жетті, 1945 жылы инс­титутты алғашқы 89 жас маман бітіріп, өмірге қызу араласып кетті. Олардың ішінде М.М.Әшірбекова, А.А.Берман, Ж.Тат­тыбаева, Н.А.Фрязинова, К.Т.Жүсіпова, А.А.Исен­гелдина, В.В.Бажановалар, Ж.К.Куа­нышбаева институтта 30-40 жыл­дан аса ұстаздық етіп, бүгінімізге жол салғандарын әрдайым мақтаныш етеміз.

Бұлардан кейін институтты үздік бітірген бір дүркін түлектер Д.В.Комарев, Н.М.Кұрманбаев, А.П.Комаров, П.Г.Козлов­тар ғылым докторы, професссор, кафедра меңгерушісі, декан, проректорлық дәрежеге жеткен институт ұстаздарының алтын қорын құраған ғалымдар болатын.

Университетіміздің тарихында оның қалыптасуы мен дамуына, 70-80 жылдарда ағылшын факультетіңің деканы ф.ғ.қ., Молдажаров Ж.М., неміс факультетінің деканы ф.ғ.к., доц. Молдатаев Е.А., француз факультетінің деканы доцент Айтжанов Т.Б., кафедра меңгерушілері Арынов М.Г., Әбдіғалиев С.А. белгілі дәрежеде үлес қосты.

Абылай хан атындағы Қазақ халық­аралық қатынастар және әлем тілдері университеті – Орталық Азия  аймағындағы бірегей, республикадағы жалғыз оқу орны. Бүгінде университетте 30-ға жуық кафедра, 500-ге жуық оқытушы, оның ішінде 25 академик, 58 ғылым докторы, профессорлары, 165 ғылым кандидаты, 32 доктор Phd қызмет істеуде. Қазақтың  бас ақыны,Ұлы ағартушы Абай өзінің оныншы қара сөзінде «ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық ешбір ғибадат орнына бармайды» деп уағыздауын тағы бір еске түсірейікші. Ал, ғылымның негізі терең білімде жатыр. Өркениетті елдің рухани негізін – оқу-ағарту, білім, тәлім-тәрбие қалайтыны ақиқат.

Абылай хан атындағы Қазақ халық­аралық қатынастар және әлем тілдері  университеті (Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ) – республикадағы әлемнің 14 тілінде жоғары кәсіби білім беретін жалғыз университет және гуманитарлы халықаралық бағытта мамандар даяр­лайтын ірі ғылыми-оқу кешені болып саналады.

Отандық білімнің қөп деңгейлі үздіксіз сабақтастық жүйесі университетте бака­лавриат (17), магистратура (14), PhD-докторантура (4), білім беру бағ­дарламалары арқылы ұсынылған. Ғылыми-зерттеу орталықтары, кәсіптік білім беру ғылыми-зерттеу институты олар үшін база ретінде қызмет етеді. Орта кәсіптік кластерлік негізде білім беру жүйесі 4 колледж, 1 мектеп, 1 балабақша арқылы жүзеге асырылуда.

Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ келесі 12 халықаралық қауымдастықтың мүшесі болып табылады: Университеттердің Халықаралық Қауымдастығы, Еуразия Пасифик Юнитет, Туризм және бос уақытты ұйымдастыру қауымдастығы, Меймандық және туризмді зерделеу Дүниежүзілік қауымдастығы, Еуро­падағы Қонақүй бизнесінің жетекші мектептер қауымдастығы, Франкофондық университеттердің халықаралық қауым­дастығы, Мәскеудің мемлекеттік халықаралық қатынастар институты, «Халық­аралық қатынастар»  қоры,  Ха­лық­аралық Жоғарғы мектеп ғылым академиясы, ТМД мемлекет - қаты­сушыларының тілдері және мәдениеті бойынша базалық ұйым, Еуропалық тілдер бойынша кеңес, ШЫҰ ел мүшелерінің гуманитарлық университеттерінің кон­сорциумы, ЕврА3ЭБ-тің Лингвистикалық университеттер консорциумы.

Университет 49 білім мекемесімен, халықаралық ұйымдар мен елшіліктермен серіктестік тұрғысында бірлесіп бака­лавриат, магистратура, докторантура бағдарламаларын дамыту жолында. Университет келісім негізінде АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Швейцария, Австрия, Бельгия, Болгария, Нидерланды, Чехия Республикасы, Испания, Италия, Словакия, Польша, Жапония, Корея, Қытай, Түркия, Мысыр, Латвия, Малайзия елдерінің серіктестерімен, сондай-ақ ТМД (Ресей, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан) зерттеу институттарымен тұрақты байланыс орнатты.

Университет көптеген халықаралық ғылыми және білім бағдарламаларының белсенді серіктестігі. Түрлі құрылымдық бөлімшілер «Еуропалық одақтың» бағалау модельдерін ҚазХҚжӘТУ функциялары мен процестерін ауыстыру (ЕО- ҚазХҚжӘТУ). Консорциум мүшелері: Италия, Франция, Ресей, Қазақстан, Словакия, (Казтур 10028-95), «Жібек жолы» (Испания, Нидерланды, Қазақстан), «Әлеуметтік білім» (Ұлыбритания, Бельгия) және тағы басқа біріккен Еуропа жобаларын жүзеге асыруда, Erasmus+EDUQAS «ЖОО-ндағы Университет-Бизнес-Мемлекет ынтымақтастығы арқылы білім беру сапасын қамтамасыз ету жүйесін енгізу» енгізіп, Tempus (2011-2015) «STUdents self-governance & Democratic Involvement in Kazakhstan» STUDIK; Tempus (2011-2015) «Documentation for Quality Assurance of Study Programmes» DOQUP жобалары және тағы басқа біріккен Еуропа жобаларын жүзеге асыруда.

Университетіміз Хайнань тропиктік теңіз университеті, Ухань университеті, Оңтүстік-Батыс (Чунцин) университеті, Анталиядағы туризм академиясы, Ланьчжоу университеттерімен бірлескен диплом, 2+2 бағдарламаларымен   жұмыс   үстінде.

Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-де шетел елшіліктерінің қолдауымен құрылған 14 Мәдени ресурстық орталық бар, олар Қазақстан мен Орта Азиядағы шетел тілдерін оқытудың ғылыми негізделген әдістемелік орталығына айналып отыр. Университетте оқу-әдістемелік бірлестік (ОӘБ) желісі бойынша Қазақстанның 100 жоғары оқу орындарымен екіжақты байланыс орнатылған, аймақтың 35 жоғарғы оқу орны осы ОӘБ Кеңесінің мүшелері болып табылады.

Ал, қазір университетімізде алты оқу корпусы, үш жатақхана үйі, асханалар,бір миллионнан астам кітап қорына ие қітапханасы жұмыс істейді. Қапшағай көлінің жағасында тынығу орны, жаңадан тұрғызылған спорт залы, гуманитарлық оқу залдары, техникалық әдістеме, компьютер сыныптары бар. Яғни, оқуға қажетті материалдық, техникалық және оқу-әдістемелік базалары жеткілікті. Саяси және рухани шыңдалуға бағытталған бірнеше клубтар қызмет атқаруда. Бүгінде университетте шетел филологиясы: екі шетел тілі, аймақтану, филология профилі бойынша, аудармашылар, халықаралық туризм, халықаралық саяси және эконо­микалық қатынастар, халықаралық құқық және журналистика, коммерция және жарнама бойынша мамандықтар дайындау, университет құрамында мамандарды қайта дайындау институты, лингвистикалык және халықаралық туризм, лицей-колледждері, қашықтықтан оқыту лабораториясы, кандидаттық және докторлық диссертация қорғау кеңестері (2010 ж.дейін), 2014 жылдан бастап университетте 3 диссертациялық кеңес жұмыс атқарып отыр (шет тілі: екі шет тілі, шетел фило­логиясы, халықаралық қатынастар маман­дықтар бойынша) американ-ағылшын, Жапония, Оңтүстік Корея, үнді тіл орталықтары ашылып, студенттеріміз бен аспирант, магистрлерімізге, оқы­тушылар қауымына қызмет етуде. Университетімізде бұрынғы еуропалық-ағылшын, неміс, француз тілдерімен қоса түрік, жапон, парсы, үнді, қытай, араб, испан, корей тілдері де тереңнен оқытылуда. Осыған орай университетіміз халықаралық университеттер ассоциа­циясына толыққанды мүшелікке еніп, халықаралық байланысы да кең қанат жаюда. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, ФРГ, Австрия, Бельгия, Испания, Түркия, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Үнді, Пакистан, Египет университеттерімен  тәжірибе алмасу жақсы дәстүрге айналып, ол тұрақты, сипатқа ие болып отыр.

Сол сияқты Қытайдың, Жапонияның, Түркияның, Оңтүстік Кореяның, Үндіс­танның, Тәжікстанның, т.б. жастары білім алуда. Міне, осының бәрі тәуелсіздік жылдардың жемісі.

Іргерлі оқу орны соңғы жылдары нарық қыспағынан жол тауып, соны қадам жасап, акционерлік қоғам мәртебесін алып, жан-жақты жаңарып келеді. Осы мақсатпен соңғы жылдары ашылған «Менеджмент және халықаралық коммуникация фа­культе­ті», «Экономика және құқық» фа­куль­­тетінің түлектері еңбек нарығында танымал болып үлгерді.

Нарық ықпалы өмірдің барлық жағына да қатысты. Өйткені, оның негізгі қозғаушы күші – бәсеке.

Ал, бәсекеге төтеп бере алғандар өмір­ден өз орындарын алуда. Бұл орайда оқу орны білім жүйесіндегі бәсекеде өзінің лайықты  орнын сақтайды деген үлкен үміттеміз. Оған жоғарыда оқу базаларын  нығайту бағытындағы нақтылы шаралар, жүйелі оқу бағдарламалары дәлел бола алады.

Бұл – оқу орнының маңдайшасындағы атын өзгерту ғана емес, мазмұндық құры­лымдық терең өзгерістер, үлкен жауап­кершілік. Оқу әдістемелік бағдарламалар, оқытудың үздіқ технологиясын енгізу, тео­риялық-мазмұндық жағынан оқу құралдары мен оқулықтар жазу, оны студенттерімізге ұсыну, отандық жәңе әлемдік оқу кеңіс­тігіндегі үлгі-тәжірибелермен жете танысып, соны оқу процесіне енгізу білім сапасын жаңа биіктерге бастайтыны сөзсіз.  

Университеттің 60-жылдардың бас кезіндегі түлектері бүгінде оқу ордасының ғылыми әлеуетін толықтырып, оның мәртебесін көтеріп, әсіресе институттың университет атануында, оның Қазақстан жоғары мектептер жүйесінде алдыңғы шептен  көрінуіне  зор үлес қосып келе жатқан бүгінгі университет ректоры –Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық Ғылым академиясының ака­демигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәлима Сағиқызы Құнанбаеваның ізгі істері мен ерен еңбегі ерекше атауға тұрарлық.

Академик С.С.Құнанбаеваның жетек­шілігімен Қазақстан Республикасында шетелдік білім берудің Тұжырымдамасы жасалды. Осының негізінде шет тілдерін оқытудың оқулығы мен оқу-әдістемелік құралдары жарық көрді.

Академик С.С. Құнанбаеваның оқулығы «Conceptually-grounded cognitive-lingual basics of  forming a multilingual»  ағылшын тілінде Лондонда басылымға ие болды. С.Құнанбаеваның бұл оқулығы Оксфорд және Кембридж кітапханаларының қорына енді.

Сәлима Сағиқызының тікелей қаты­суымен ТЕМПУС ҚазТУР, Жібек Жолы халықаралық туризм бойынша және қонақ үй менеджменті магистрлік бағдарламасын қашықтан оқыту әдісін іс-жүзіне асыруда.

Профессор С.С.Құнанбаева жетекшілік ететін ғылыми мектеп шет тілінде білім берудің халықаралық талаптарына бейімделген ұлттық жүйесін қалыптастыру  әдістемесінің негізін қалады, ол болса шет тілін оқытудың жалпы еуропалық стандарттарымен үндестігін тауып, алыс-жақын шет елдерге танымал болды.

Бүгінде Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті шет тілі мамандарын дайындау бойынша Республикада бірінші орын, ал гуманитарлық және экономикалық маманданған Қазақстан университеттері арасында үшінші орын және ҚР-да жетекші жоғары оқу орын­дарының арасында алғашқы ондыққа ие болып отыр.

Халықаралық стандартқа сай шетелдік білім берудің озық технологиясын игеріп, көп салалы көп дәрежелі мамандар даярлаудағы жетістіктері үшін университет 2002 ж. Австриялық құрметті крест белгісімен, 2004 ж. Халықаралық сапа мен Маркетинг академиясының «Еуропалық Сапа» алтын медалімен, 2005 ж. Еуропа ықпалдастығына қосқан үлесі үшін «Біріккен Еуропа» құрмет медалімен, 2007 ж.  Жастарды интеллектуалдық дамытуға қосқан үлесі үшін «Сократ» Халықаралық атағын жеңіп алды. Университет 2018 жылы  Қазақстанда ЭРАЗМУС+ бағдарламаларын дамытуға қосқан үлесі үшін марапатқа ие болды.   Бұл марапат  ICL (Imperial college London/ Лондон империялық колледжі), CRE (The club of the Rectors of Europe/ Еуропа ректорлары клубы )  және EBA (Europe Business Assembly/ Европалық Оксфорд бизнес ассамблеясының) өзара шешімі бойынша берілді.

 2020 жылы «Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті» АҚ  АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы (World Confederation of Businesses) Дүниежүзілік бизнес конфедерациясының  The BIZZ Award беделді халықаралық сыйлығын иеленді. Bizz Awards сыйлығына бизнесті басқаруда жоғары сапаға ие болған және инновацияда алдыңғы қатардағы компаниялар ие болады.  Сондай-ақ 2020 жылы мамырда European Award for Best Practices 2020 (Brussels, Belgium) марапатына ие болды.   «European Awards for Best Practices» жүлдесін European Society for Quality Research - ESQR (Еуропалық сапаларды зерттеу қоғамы) Еуропалық ұйымы табыстайды.

2013 жылдан бастап QS универ­ситеттерінің әлемдік рейтингісінің 801+ қатарына енді.  2020 жылдан бастап   QS университеттерінің «заманауи тілдер/ modern languages» пәндік рейтингісі бойынша әлем университеттерінің 301-320 қатарына кірді. Ал, QS университеттерінің аймақтық рейтингінде (QS EECA Ranking) 2021 жылы 221-230-орынды иеленді.

Университеттің көп жылғы ғылыми-әдістемелік тәжірибесін негізге ала отырып, 2008 жылдан ҚР Білім және ғылым министрлігі қаржыландыратын ілеспе аударма бағдарламасын дамытуға арналған институт болып жарияланды.

Алматы шет елдер педагогикалық институтында 1970 жылдарға дейін ұлт кадрлері, оның ішінде ғылыми атақ-дәрежесі бар мамандар саусақпен санарлықтай ғана болды. Ұлттық мәні бар осы проблеманы шешу мақсатында сол жылдарда институтты үздік бітірген түлектерін КСРО-ның орталық қалаларына жолдамамен аспирантураға жіберу арқылы реттеу қолға алынып, ол өз нәтижесін бере бастады. Оған қоса институттың өз ішінде де аспирантурасы ашылып, ғылыми дәрежелі кадрлердің ұлғаюына үлкен ықпал етті. Шет елдері институтының университет атанып, оның оқу-әдіснамалық, ғылыми-методикалық потенциалын көтеріп, ха­лық­аралық дәрежеде танымал болуына олардың орындары ерекше. Атап айтқанда Ә.Қ.Ахметов  – Ұлыбританияда, М.К.Исаев – Үнді елінде, Қ.Омаров – АҚШ-та, Н.Оңжанов – ФРГ-де, А.Құспанова – Бельгияда, М.Жарбусинова, Х.Даирова – БҰҰ-ның жанындағы өкілеттілік қызметін атқарды. Ал басқа да елші­ліктер мен халықаралық саяси-эконо­микалық ұйымдары мен бизнес құрылымындарында, министрлік пен ведомстволарда,білім-ғылым саласында жауапты қызмет атқарып келе жатқан түлектер еліміздің, университетіміздің мақтаныштары.

Бүгінде университет ректорының оқу ісі жөніндегі проректорынан бастап (проф.А.Т.Чакликова) кезінде осындай жұ­мысты атқарған (проф. Е.Н.Сыздықова, проф. М.Р.Сабитова, проф. С.Исабеков, проф. Қ.Рысалды, профессор М.К.Қар­мысова, М.Әбілғалиева, проф. Т.Есим­ханов, проф. Н.Сарсембаева, проф. К.Дүйсекова, факультет декандары мен кафедра меңгерушілері проф. Т.Аяпова, доценттер Б.Жұмағұлова, А.С.Ермағамбетова, университет проф. Д.Тұяқаева, профессор С.Булатова, доцент Г.Давлетова, доц. Б.Шпекбаева, ғылым кандидаты Д.Құсаи­нова, ғылым докторлары Ф.Исмаилова, А.Загидуллина) осы институт түлектері. Олардың ұзақ жылдар оқу орнының қалыптасуы мен дамуына қосқан игі істері арқылы оның кешегісі мен бүгінгісін айқындап, болашаққа сенім артуға болады.

Білім, тәлім-тәрбие беруде, кәсіптік даярлық пен әлеуметтік саланы дамытуда, студент жастардың ой-өрісі, дүниетаным көзқарасын тереңдетуде қоғамдық және педагогика ғылымдарының рөлі ерекше  екені белгілі. Бұл салада қарымды еңбек ете отырып, Ә.Қанапин бастаған профессорлар – С.Кенжебаев, А.Темірбеков, Т.Сабиров, К.Оспанов, З.Әбілова, И.Ф.Назаров, А.В.Дидковский, Е.Л.Виленский, А.Мұх­таров, И.Ақынжанов білім ордасының тарихында үлкен із қалдырды. Бүгінгі университет профессорлары М.Дюсенов, М.Исқалиев, С.Бөлекбаев, Д.Раев, С.Мұсабеков, ал филология ғылым саласында С.К.Ахметова, В.Махпиров, А.Ислам, Р.Т.Икрамова, Т.Д.Кузнецова, А.М.Иванова, А.Қ.Артықбаева, У.Т.Тани­кина, Б.Қалиев университеттің ғылыми мәртебесін көтеруде белсенділік танытып, ерекше үлес қосып келе жатқан ардагер ұстаздар да университеттің алтын кітабына еніп отыр.

Университеттің алдыңғы қатарлы міндеттерінің бірегейі оның бәсекеге қабілеттілігін халықаралық және ұлттық аккредитивтік талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ғылыми, кәсіптік білім  кластерлік басқарудың біртұтас тұғырнамасын интегративті модульдық – біліктілік білім бағдарламасы жүйесін қалыптастыру жүзеге асырылуда. Мамандарды жұмыс берушілердің тап­сырыстарына сай сапалы қажеттілік тұрғысынан даярлау, сөйтіп келісім шарт негізінде болашақта жұмысқа орналастыру мәселесін шешуге ықпал етпек. Ғылым-білім процестерін оперативті басқару, ұйымдастыру және бақылауды жүзеге асыруда біртұтас ақпараттық-цифрлық менеджментті енгізуге аса мән бермек. Университет оқытушыларының мамандық дәрежесінің сапасын жақсарту, олардың кәсіптік дәрежесін көтеру жағдайында – мақсатты білім бағдарламаларының көп қырлылығына назар аударылуда. Бұл болса шетелдік және ішкі бағдарлама жүйесі арқылы асырылатын болады.

Барлық базалық мамандықтар бойын­ша Мемлекеттік нұсқау және халықаралық талаптарға сай кәсіптік-салалық оқу кешендерін ағылшын тілінде шығару таяу уақыттың міндеттері болып табылады.

Абылай хан атындағы Қазақ халық­аралық қатынастар және әлем тілдері университетінің болашақтағы мақсаты халықаралық деңгейдегі білім-ғылым ордасына айналып, үздік жоғары орындарының жаһандық QS рейтингі орынды сақтау.

Шет тілдерін үйрету арқылы «әлемді ашудың», танудың жоғары миссиясын орындау жолында және Қазақстан Республикасындағы парасаттық қауым­дастықтың  танымал көшбасшысының бірі ретінде халықаралық сала мамандарын даярлау барысында болашақта да өзінің бар күш-жігерін жұмылдыратын болады.

3208 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз