• Тарих толқынында
  • 30 Шілде, 2021

АДАЛДЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ

Көрнекті мемлекет қайраткері Мінайдар Салин жөнінде

Меңдіқараның дарынды ұлы

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын аса құнды мақаласы туған жері үшін аянбай еңбек етіп, бүкіл ғұмырын мемлекетімізді өркендетуге арнаған тұлғаларды қадірлеуге, есімдерін ұлықтап, олардың ғұмырларын кейінгі жас толқындарға ғибрат етуге жол ашты.

Өткен күндерге бір сәт назар аударатын болсақ, біздің киелі Қостанай өңірінен де қаншама ұлы да парасатты азаматтар шыққандығына көз жеткіземіз. Әрине, олардың бәрінің атын атап, түсін түстеп жату да әсте мүмкін емес. Дегенмен де, өткен жылы 116 жылдығы өз ұрпақтары арасында аталып өтілген Мінайдар Сәлімұлы Салиннің қазақ халқы үшін орны қашан да бөлек.

Ол тек кіндік қаны тамған өңіріміздің ғана емес, барша ұлтымыздың мақтанышы әрі қадір тұтар перзенті болды. Көрнекті мемлекет қайраткері ретінде де заман­дастары мен тұстастарының жадында мәңгілік қалды.

Ал осы даңқты жерлесіміз жайлы танымдық-тағылымдық дүниені жазар алдында біздің облыста кәсіпкерлікпен айналысатын Серік Омаров пен Мінайдар ағаның Алматы шаһарында тұратын аяулы қызы Роза апамызбен тілдесудің сәті түсті.

Секең халық алдында жүрген заман­дасымыз ғой. Ол маған бірде: «Сіз күллі еліміздің мақтанышына айналған ардақты ағамыз Мінайдар Сәлімұлы туралы қалам тартсаңыз, орынды болар еді» деген ұсынысын білдірді.

Әрине, талай жүректері елім, халқым деп соғатын тұлғалар жайлы жазып келе жатқандықтан, мен де оның пікірін қолдап, жазуға бел будым. Оның айтуы бойынша деректер мен дәйектерді іздестіріп, бірқатар мәліметтерге қанықтым.

Абыз аға туралы алынған суреттерге қарап отырып-ақ кейіпкеріміздің қандай нар тұлғалы бауырымыз, білімді де білікті басшы, ізін басып келе жатқан інілері мен қарындастарына бағыт сілтеп, жол көрсетер, жаны ізгі кісі болғандығын пайымдау қиынға соқпас еді.

Біздің өңі­­рі­мізде Мең­діқара деп ата­латын сұлу өңір бар. Бұл жақтың таби­ғаты да өте көркем. Сулы-нулы, жасыл орманды келе­тін ауданды білмейтін адам жоқ. Өзіміз де талай жолымыз түсіп, оның қай­­таланбас сұ­лу­лығына, адамдарының кеңпейілділігіне, дархан­дығына, адал­дықтары мен еңбек­сүйгіш­тіктеріне таңқалғанымыз бар.

Ол жайлы қаншама адамдардан жылы лебіздер естідім. Солардың бірі – өзіміз ерекше сыйлайтын, білім қуған жастарға Қазақстан тарихынан дәріс беріп, шәкірттерін біліктілікке баулып жүрген тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы дер едім.

Онымен аталмыш ауданға сапарлас болған бір кезімде кейіпкеріміз туралы қаншама жүрекке жылы тиетін сөздер айтты. Басқа да аймақтан шыққан көптеген аға ұрпақ өкілдерінің ғұмырларын зерттеу мен жазу қажет ететінін де есіме салды.

Уақыт өте берді. Асыл аға туралы жинағандарымды сұрыптай келе, қолыма қалам алдым. Сөйтсем, оның өмірі шы­нында да келешегі жарқын жастарға өнеге боларлықтай екен.

            Іскерлігімен ерте көрінді

Қолымдағы деректерге көңіл бөліп отырсам, ол 1904 жылы көктемнің шуақты кезеңі – сәуір айында бұрынғы Меңдіқара болысының Күзек ауылы, қазіргі Қаратал кеңшарында дүниеге келіпті.

Ол уақыттың ұлдары мен қыздары өте еңбекқор болатын. Мінайдар Сәлімұлы 1921 жылға дейін ағасының шаруашылығында жұмыс істеп, әбден шираған. Жылдың он екі айында келіп отыратын елді мекендегі науқанды жұмыстардың бел ортасында жүрген.

Сонымен қатар, білімге шексіз құштар бозбала көршілес Ресейдің Қорған облы­сына қарасты орыстың станица мектебінде білім алды. Жастайынан алдына үлкен мақсат қойған жігерлі жас жігіт одан ары да тек қана алға қарай ұмтылумен болды.

Жасы келген жерлесіміз әскер қатарына алынып, ерекше мәртебеге ие бөлімдерде қызмет етті. Онда да көптің бірі атанған жоқ. Өзінің қажырлылығы, талапшылдығының арқасында алғы шептен көрініп отырды.

Осы арада тағы да біраз мәліметтерге назар аударуға тура келеді. Өйткені, ол сонау 1923 жылдан бастап Орынбор қаласындағы рабфакта оқыды. Мұнда өзі секілді кіл дарынды жастар жан-жақтан жиналған-ды.

Оның бойындағы ерекше қасиеттер тым ерте көрінді. Ұйымдастырушылық қабілеті де өзгелерді тәнті етті. Сондықтан да шығар, 1926 жылы Қостанай шаһарындағы округтік прокуратураның хатшысы атанды.

Ағамыз кезінде қазақ жастарының ара­сынан алғашқылардың қатарында комсомол қатарына қабылданды. Ол кезде оған тек қана іскер де жалынды жігіттер мен қыздар қабылданатын.

Жалынды жастың кедейлер комитетінің хатшысы болғанын да біреу білсе, біреу білмес. Ол өзіне тапсырылған жауапты міндет бойынша ауылдық жерде комсомол ұйымын құруға белсене атсалысты.

Орынбор қаласындағы рабфакта көп болған жоқ. Денсаулығына байланысты оны уақытша тоқтатуға тура келді. Сонау 1931-1932 жылдары Қазақ коммуналық жоғары оқу орнының кешкі бөлімшесінде білімін тереңдетті.

Сондай-ақ Алматы шаһарына жақын орналасқан көркем қала, яғни, Талғар шаһарындағы ауыл шаруашылық техни­кумын ойдағыдай тәмамдады. Ол уақытта мұндай дарынды жастар аса көп те емес-ті.

Жылдар өткен соң, ол заман талабына сай білім алуды мақсат тұтып, Мәскеу қаласындағы СОКП-ның жанындағы жоғары партия мектебін бітірді. Негізгі қызметінен қол үзбей жүріп, мұратына қол жеткізді.

Оның өткен кезеңдердегі айшықты жылдарына тоқталсақ, көпке тағылым боларлықтай. Сол шақтарға шолу жасасақ, Мінайдар Салин 1925 жылы округтік бір конференцияда Қостанай округтік комсомол мүшесі болып сайланды. Сонымен қатар, округтік комсомолдың бюро мүшелігіне де енді.

Ол аз десеңіз, замандастары оны жас пионерлердің округтік бюросына төраға етіп сайлады. Бұл жерде 1928 жылға дейін аянбай тер төкті. Жастармен жұмыс істей жүріп, өзі де қай жағынан болсын әбден шыңдалып, кемелденді.

Жасқа тән жалын танытып

Кезінде комсомолдың жастар арасында беделі де, ролі де жоғары болды. Ол бозбалалар мен бойжеткендер үшін үлкен бір мектеп-ті. Мұнда өзін-өзі көрсеткен Мінайдар секілді ағалар кейін басқа да биік белестерге көтеріліп жататын.

Осы сөзіміздің жарқын дәлелі ретінде ол 1930 жылы коммунистік партия қатарына алынды. Өзіне үлкен сенім артылып, 1938 жылға дейін түрлі жауапты лауазымдарда болды. Кеңес органдарында және басқа да жауапты қызметтерде әбден шыңдалды. Машина-трактор станциясы саяси бөлімі басшысының орынбасары секілді жұмыстарда да көпке танылды.

Сол 1938 жылы еліміздің комму­нистерінің ІІ съезінде Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитетінің мүшесі болып сайланды. Іле республикамыздың жер шаруашылығы жөніндегі халық комиссарының орынбасары дәрежесіне жетті.

Жыл өткен сайын оның халықпен байланысы да нығайып, қай жағынан болсын мәртебесі өсті. Абырой-беделі де барынша арта түсті. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі және үшінші хатшысы лауазымына көтерілді.

Өзін жан-жақты көрсеткен адал да парасатты азаматқа үлкен сенім жүктелді. Ол бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің екінші хатшысы болып тағайындалды. Бұл 1942 жыл еді.

Табиғаты көркем де адамдарының жүректері күндей шуақты болып келетін өңірдің жұртшылығы оны қуанышпен қарсы алды. Өңірді өркендетіп, өзін лайықты басшы ретінде көрсеткен оған ерекше құрметтің белгісі ретінде облыстық атқару комитетінің төрағалығы секілді лауазымды қызметті де ойдағыдай атқарды.

Осы мерзім ішінде ол жергілікті ағайын­дармен тіл табыса жұмыс істеп, артында өшпес ізін қалдырды. Жергілікті бауырларымыз ол еліміздің бір шетінде жатқан Батыс Қазақстан облыстық партия комитетіне бірінші хатшы болып жіберілгенде қимай қоштасқан-ды.

Онда 1945-1952 жылдар аралығында білікті басшы екендігін жергілікті азаматтарға дәлелдеді. Жаңа облыста да тек іскерлік қырларымен көптің құрметіне бөленіп, мемлекет қайраткері ретінде айрықша еңбек сіңірді.

Жоғарыдағы басшылар Мінайдар Сәлімұлы Салиннің жауапкершілік жүгін жоғары сезінетін маман екендігін ескеріп, мұның алдында өзі қызмет бабымен болған Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетіне бірінші хатшылық қызметке бекітілді. Өзі бұрын халықпен қоян-қолтық араласа жұмыс істеген өңірге оралған соң, білек сыбана аянбай еңбек етті. Бұдан кейінгі ғұмыры оның тек қана республика деңгейіндегі лауазымдарда болуымен қалың қауым мен зиялы азаматтардың жадында мәңгілік сақталып қалды.

Сонымен ол 1953-1974 жылдар аралығында Қазақстанның ауыл шаруа­шылығы министрлігінің аппаратында бірнеше лауазымды жұмыстарда болған­дығын да айтып өткеніміз абзал. Осы жерде министрдің орынбасары және басқа да аса жауапкершілігі мол лауазымдарды атқарды.

                 Балалары жайлы сөз

Ол туралы деректерге сүйенетін болсақ, ағамыз 1974 жылы дербес зейнеткер атанды. Кім мәңгілік жүреді дейсіз? Ол ұзақ науқастан кейін 1983 жылы қазан айында көз жұмды.

Оны білетіндердің сөзіне қарағанда, ағамыз – өте қарапайым, кісі баласына қиянат жасаған жан емес. Ол сүйікті жары Биғайша Бейсекеева екеуі ұзақ жылдар бойы қос аққудай жарасып, бақытты ғұмыр кешті.

Ағамыздың жанұясының сәнін келтірген бәйбішесі де Қостанай өңірінің қызы болатын. Ол негізінен үй шаруашылығымен айналысты. Отағасының келген қонағын жылы қабақпен қарсы алып, шаңырақ иесінің алаңсыз қызмет атқаруына жағдай жасады.

Егер ағамыз өткен кезеңдерде халық­тың алғысына бөленіп, кісілігімен, пара­саттылығымен есімі ел аузында жүрсе, бұл кісінің де қосқан үлесі айтарлықтай екендігі айтпаса да түсінікті.

Мінайдар аға мен Биғайша апамыз төрт балаға тәлімді тәрбие берді. Бірақ сонау нәубет жылдары, яғни ашаршылық кезеңдерінде ұлы Русиян және қызы Майя ерте шетінеп кетті.

Содан кейін Равиль және Роза есімді балалары дүниеге келіп, ерлі-зайыптының өмірін барынша нұрландыра түсті. Равиль ағамыздың бақилық болғанына да біраз жылдар өтті. Оның артында төрт ұлы қалды. Бір перзенті Арыстан біздің әріптесіміз болатын. Кезінде телевизия саласында спорт тақырыбын шеберлікпен жүргізгені көпшілікке аян болса керек. Оның жан жары Галя бұл күндері Германияда тұрады.

Мінайдар ағаның сүйікті бір қызының есімі – Роза. Ол бұл күндері кезінде ағамыз ғұмыр кешкен Алматыдағы Достық даңғылы, 14-үй, 15-ші пәтерде тұрады. Былайша айтқанда, әкесінің саналы ғұмыры өткен шаңырақтың берекесін келтіріп отыр.

Роза Мінайдарқызы елімізге белгілі ғалым. Биология ғылымдарының кандидаты. Тынымсыз ізденіс үстіндегі профессор. Қазіргі таңда республикамыздағы Ыбы­рай Алтынсарин атындағы, сондай-ақ педагогика ғылымдары академияларының корреспондент-мүшесі.

Өз саласын жетік меңгерген аяулы апамыз ұзақ жылдар бойы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология факультетінде жастарға дәріс берді. Қаншама ғылыми еңбектер жазып, білікті шәкірттер дайындады.

Оның отағасы Марат ағамыз да техника ғылымдарының кандидаты, доцент болатын. Оның негізгі кәсібі металлург еді. Ғұмырын қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы ұлттық университеттің дамуы мен өркендеуіне бағыштаған айтулы азамат еді. Бұлардың қазіргі таңда Балнұр есімді бір қызы бар. Оның мамандығы психолог. Кезінде анасы қызмет атқарған университетті тәмамдаған.

Сүйіп қосылған жары екеуі Тимур есімді ұлдарына тағылымды тәрбие берді. Соның жемісін қазір көріп отыр. Апамыз осы перзенті жайлы әрдайым жылы лебізін білдіреді. Ол біз, яғни барша қостанайлықтар үшін де үлкен мақтаныш.

Роза Мінайдарқызымен сұхбаттасудың өзі бір ғанибет. Жан сарайы сұлу, рухани жағынан бай қазақ қызының айтары да мол. Онымен хабарласып, хал жағдайын біліп тұрамын. Өзі әлі тың да сергек.

Салауатты өмір салтын берік ұстанады. Йогамен шұғылданады. Ғылыми ізденістерін үнемі жалғастырып келеді. Алдағы уақытта әкесі Мінайдар Сәлімұлы жайлы материалдарды жинақтап, тағылымдық жағы кейінгілерге үлгі боларлықтай кітап шығармақ.

Оның сөзіне қарағанда, Мінайдар Сәлімұлы балаларына қамқор, ағайын-туысқа мейірбан, жаны жайсаң әке болған. Анасы екеуі тату-тәтті ғұмыр кешкен. Заманында олар қазақтың біртуар әрі көрнекті перзенттерімен өте сыйласып, дастарқандас болған.

Ерекше ағамыздың замандастары ел мүддесін қашанда жоғары қойған. Атақ пен мансапқа, қу дүниеге қызықпаған. Кітап сөрелеріне рухани кемелдікке жетелейтін тағылымдық еңбектерді жинаған.

Қайда қызмет атқармасын алғы шеп­тен көрінген, ұлағатты сөзі, жеке басы­ның үлгісімен көпшілікке ұнаған Мінайдар Сәлімұлын мәртебелі атақтар мен марапаттардың өзі іздеп тапты.

Кезінде салтанатты жиындарда кеуде­сіне тағылған үш Еңбек Қызыл Ту, төрт «Құрмет Белгісі» ордендері мен он екі медаль осы сөзіміздің нақты айғағы емес пе. Бұл марапаттар абзал азаматтың жұртшылық арасындағы беделін барынша арттыра түсетін.

Сондай-ақ ол сонау бір жылдары халық қалаулысы атанып, сайлаушыларының өзіне жүктеген аманаттарын барынша мінсіз атқаруға тырысты. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері өткен жылдарда қос рет КСРО және екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты болып сайланғанын да ерекше мақтанышпен айтып өткіміз келеді.

Біздің құрдасымыз әрі Қостанай өңіріне танымал бауырымыз Нұрлан Қабдырахметов даңқты жерлесінің мағыналы өмірін өзгелерге айтудан еш жалықпайды.

Иә, Мінайдар Сәлімұлы бүгінгі жарқын өмір үшін тер төгіп, бүкіл саналы өмірін ұлтымыздың мәртебесін асқақтатуға арнаған қайталанбас ерекше тұлға еді. Мұндай азаматтарды қалай құрметтеп, есімдерін ардақтасақ ешқашанда артық болмайды.

 

Оразалы Жақсанов,

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері

1802 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз