• Тарих толқынында
  • 30 Шілде, 2021

«ҚАЗАҚ» АТЫМЫЗДЫ ОСЫЛАЙ ҚАЙТАРЫП ЕДІК...

Бұл мақала көрнекті тарихшы, академик Кеңес Нұрпейісовтің көзі тірісінде жазып қалдырған соңғы мақаласы екен. Мақалада «қазақ», «қайсақ», «қырғыз» атаулары ғылыми тұрғыдан талданады. Бұл туындысын Кеңес аға шәкірті Қайни Шәймерденованың қолына аманаттап тапсырып кетіпті. «Ғалымның хаты өлмейді» деген ақиқат сөзді алға тарта отырып, қалың оқырман қауымның назарына ғалымның аманат мақаласын ұсынуды жөн көрдік.  

«Кең болғанмен соншама қыр біздегі

Өз жерімде өзімді жүргізбеді.

Қазақ деген атымды тартып алып,

Қырғыздарға қосақтап,

қырғыз деді!» 

Ақын Қадыр Мырзалиевтың осы өлең жолдарында патша отаршылдары күштеп таңғандықтан бірде «қайсақ», бірде «қырғыз-қайсақ», одан соң «қырғыз» аталып, ұлттық намысы қорланып, екі ғасырдан астам уақыт бойы (XVII ғасырдың басынан 1925 жылға дейін) өзінің тарихи шын атынан айырылып келген қазақ халқының жігері құм болған көңіл-күйі тап басып айтылып, дәл берілген.

XVIII ғасырдың бас кезінде бәзбіреулер көршілес екі халықтың антропологиялық, этникалық және тіл жақындығынан оларды бір елге жатқызып, қазақтарды қырғыздар деп атап кетуі әбден мүмкін. Өйткені, орыс халқы өкілдерінің сібірлік қырғыздармен (Енисей мен басқа да Сібір өзендерінің аңғарларын XVII ғасырға дейін мекендеген қырғыздармен) қазақтардан бұрын да аралас-құралас жүргендері тарихтан белгілі.

Қазақтардың қырғыз аталуына байла­нысты Міржақып Дулатов ұсынған жорамал көңіл аударарлық. Ол өз болжамын 1923-жылы «Қызық Қазақстан» журналында жарияланған «Қазақ, қырғыздың аты, тегі туралы» мақаласында айтқан болатын. Алаш арысының пайымдауынша, XVII ғасырға дейін қырғыз халқының бір бөлігі: «Сібірді мекендеп тұрғанда орыстың қалаларын дамылсыз шауып, мазасын кетіре берген... Сондықтан, орыстың ұғымында «қырғыз» деген сөздің өзі жау, шабағаншыл мағынасында орнап қалған. Ал қырғыздардан кейін әрі көп, әрі орысқа бағынбай өз алдына отырған... қазақтарды да қырғыздай жек көріп, лағынет орнына «қырғыз» деп атаған («Қазақ әдебиеті», 1991 жыл, 5 сәуір). Ал патша отаршылдары қазақтың қазақ екенін біле тұра, оларға «қайсақ», «қырғыз» деген сияқты аттарды зорлап таңып, оның іргелі халық ретіндегі намысын екі ғасырға жуық уақыт бойы қорлап келді.

Қазақ халқына күштеп тағылған «қыр­ғыз-қайсақ», «қырғыз-қазақ», «қырғыз» атаулары орыс тіліндегі әр түрлі әдебиетте және құжаттарда XVIII ғасырдың жиыр­масыншы-отызыншы жылдарынан бастап кездесе бастайды. Бұл сөздерді алғаш рет жазбаша айналымға енгізгендер Оңтүстік Орал  және Сібір арқылы қазақ өлкесінің солтүстік аудандарында болып, қазақтармен алғаш жүздескен патша үкіметінің әскери, дипломатиялық және жергілікті басқару аппаратының қызметкерлері еді.

XVIII ғасырдың отызыншы жылдарынан ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарына дейінгі мерзім аралығында Қазақстан Ресейге түгелдей бағындырылып, соның салдарынан оның отарлы аймағына айналып тынғаны белгілі. Патша үкіметі Қазақстан сияқты боданын тырп еткізбей билеп-төстеп ұстаудың құралы ретінде 11 казак-орыс әскерін жасақтады (казачье войско). Ұлы Қазан революциясына дейін солардың төртеуі: Сібір,  Орынбор, Орал және Жетісу казак-орыс әскерлері Қазақстанда болды.

Казак-орысты қазақпен шатастырмау үшін патша әкімшілігі ресми түрде қазақты «қырғыз» деп атап, ал нағыз қырғыз халқына «қара қырғыз», «жабайы қырғыз» деп мазақтаған ат берді.

Ұлы Қазан революциясынан көп бұ­рын зиялы қауымның алдыңғы қатарлы өкілдері қазақ, қырғыз халықтарының атын бұрмалауға қарсы болып, олардың жеке-жеке халықтар екендігін дәлелдейтін көптеген ғылыми еңбектер жазды. Бұл ретте Шоқан Уәлихановтың артында қалдырған мұралары ерекше орын алады. Мәселен, «Ресей империясының географиялық-статистикалық сөздігі» атты кітапқа енген «Қырғыз-қайсақтар» атты мақаласында ол «Қырғыз-қайсақтар» немесе «қырғыз-қазақтар» еуропалық Ресейдің оңтүстік-шығысы мен оңтүстік Сібірге дейінгі, Қытай Жоңғариясы мен Қоқан хандығының аралығындағы ұлан-ғайыр өлкені мекендейтін халық... Қырғыз-қазақтардың дұрыс аты қазақтар», – деп жазды (Ч.Валиханов. Собр. соч. в пяти томах. Т. 4. Алматы, 1985. С. 197.). 

«Ал орыс құжаттарындағы «қара қырғыз» аталып кеткен қырғыз халқы,  – дейді одан әрі Ш.Уәлиханов, – Ыстықкөл бойын, Текес өзенінің жоғарғы ағысын, Шу мен Талас өзендерінің аңғарын, Тянь-Шань тауының күнгей жағын, сонымен бірге Памирдің таулы жазықтарын мекендеген түркі тілдес халық. Оларды қазақтармен шатастыруға болмайды» (бұл да сонда). Шоқан осы екі туысқан халықты этникалық құрамы жағынан да, әлеуметтік-экономикалық құрылымының ерекшеліктері тұрғысынан да ажырата білу керек деп санаған. Осылардың бәрін тәптіштеп айта келіп, ұлы ғалым тағы да былай деп жазған: «Қырғыз-қайсақтардың ұлы жүзі – бір ғана қазақ деген халық, ол қытайлар «бүріт», орыстар «қара қырғыз» деп атайтын қырғыздардан ерекше. Бұл екі халықтың тілінде де, тегінде де, дәстүрінде де айырмашылықтар бар» (Ш,Уәлиханов. Таңдамалы шығармалар. Алматы, 1980. 97-бет).

1895 жылы жарық көрген Брокгауз бен Ефронның энциклопедиялық сөзді­гінің 29-томында (95-бет), 1914 жылы жарияланған ағайынды Гранттардың энциклопедиялық сөздігінің 2-томында (143-бет) қазақ пен қырғыздың екі түрлі екендігі айтылған. Гранттар сөздігінде: «Көшпенділер (қазақтарды айтып отыр – К.Н.) Қырғыз деген атты көршілерінен (орыстардан – К.Н.) алды. Олар өздерін қазақпыз дейді, олармен көршілес түркі тайпалары да бұларды қазақ деп біледі».

Дер кезінде айтылған осындай ғылыми пікірлермен патша үкіметі мүлдем санаспады. Керісінше, кез келген орыс емес халықтың атын бұрмалау, оларға менсінбей қарау патша үкіметінің ресми саясатының құрамдас бөлігі болды. 

Өз елінің аяққа тапталған ұлттық намы­­сын оятып, жігерін жанып, оның түскен еңсесін көтеру үшін көзі ашық ағаларымыз «Айқап» сияқты журнал, «Қазақ» тәрізді газет шығарды. Бұл басылымдарда от­ар­лық езгі жағдайында жалпы демо­кратиялық қозғалыстың көкейтесті мәсе­лелерін (әлеуметтік-экономикалық, саяси-ағартушылық, т.с.с.) көтерген мақалаларымен қатар, қазақ халқын қорлап, оған менсінбей қараудың көрінісі болып табылатын оның тарихи шын атын бұрмалауға наразылық білдіру сарынындағы мақалаларға да кең орын беріліп отырды. Соның бірі «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 2 және 3-сандарында жарияланған түрік баласының (авторының бүркеншік аты) «Қазақ тарихы» деген мақаласы. Мақала авторы: «Қазақ – қазақ, қырғыз өз алдына қырғыз, бұлардың арасында ешбір ілік жоқ. Түрікмен мен башқұрт қандай басқа-басқа ел болса, қазақ пен қырғыз да сондай басқа-басқа ел» дей келіп, өз ойын: «Орыстардың, әсіресе үкіметтің қазақты қазақ демей, қырғыз деп жүргені рас. Бірақ олар өзінің енді «казачье» атына залалы тимеу үшін – қате болса-дағы қазақты қырғыз деп атап жүр. Өзіміздің, әсіресе басшылардың қазақ пен қырғызды айырмағаны қате, кешірілмес айып... Орыстың атты әскері казакқа жол беріп, біздің қазақ өзінің атынан айырылып қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ», – деп түйеді. «Қазақ қазақ болып қалу үшін, – дейді автор одан әрі, – өзіміздің әдет-ғұрыпқа сай қазақ мәдениетін құрып, қазақ әдебиетін тұрғызу қажет». Өкінішке қарай, бәрін де жарылқайды деген Совет өкіметінің алғашқы сегіз жылында да қазақтар ресми құжаттарда бұрынғысынша қырғыздар болып, қазақ халқы қырғыз халқы болып аталып қала берді. Тіпті, 1920 жылы құрылған республикамыз ресми түрде РСФСР-дің құрамындағы Қырғыз Автономиялы Совет­тік Социалистік Республикасы болып аталды. Мұндай жағдай революцияға дейін тарихи шын аты «қара қырғыз», «сарт», «тараншы», «самоед» болып бұрмаланып келген еліміздің басқа халықтары бойынша да орын алып, сол күйі өзгеріссіз қалды. Бұл бір жағынан осы ұлттардың селқостық, жігерсіздік күшінің сіріжандылығына байланысты болса, екінші жағынан қоғам мүшелерінің белгілі тобының әлі де болса ұлыдержавалық шовинистік көзқарастан айырыла, арыла қоймағандығының көрінісі еді.

Ол ол ма, жиырмасыншы-отызыншы жылдары мемлекеттік, партиялық ресми құжаттарда «нацмен» («национальное меньшинство» тіркестерінің қысқартылған түрі) деген термин кең орын алды. Мәселен, Қазақстан жағдайында біздің республиканы мекендеген орыстан басқа халықтар (оның ішінде қазағы, өзбегі, қырғызы, ұйғыры бар) «нацмендер» болып шыға келді.

Совет өкіметінің алғашқы жылдарында қазақпен қатар басқа да кейбір халықтардың өзінің тарихи атымен аталмай келуі, орыс емес басқа жұрт өкілдерінің «нацменге» айналуы Ұлы Қазан революциясына дейін патша үкіметінің ресми саясаты қалыптастырған ұлыдержавашыл психо­логияның адам санасынан әлі кете қоймаған белгісі еді. Мұндай көріністер, сөз жоқ, қазақ халқы тарапынан іштей наразылық туғызды. Республикасының атауы бұрмаланып, Қырғыз АССР-і аталғанымен, ресми құ­жат­­тарда қазақтарға «нацмен» есімі таңылғанымен, әрбір қазақ өзін қазақ деп атады және өзінің тарихи шын атының қалпына келуін, жаңадан құрылған советтік тұрпаттағы мемлекеттігіне қазақ атының берілуін қалады.

Мұндай жағдай ел басшылығына ара­ласып отырған азаматтарға демеу де, қолдау да болды. Сондықтан да, рес­пуб­ликамыздың партия ұйымының алғаш­қы журналы «Известия Киробкома и Оренбургского губкома РКП(б)» деп аталса, сол ұйымның қазақ тілдегі органы «Қызыл Қазақстан» (қазіргі «Ақиқат»), тұңғыш кіндік газетіміз «Еңбекшіл қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») аталуы тегін емес... Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Сейітқали Меңдешев, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Сәдуақасов, Әбдірахман Әйтиев сияқты жиырмасыншы-отызыншы жыл­дар­дағы жауапты партия және совет қызметінде, оқу-ағарту салаларында қызмет еткен азаматтар қазақ халқының тарихи шын атын өзіне қайтару жолында аз тер төккен жоқ. Соның ішінде 1922 жылғы маусым айында «Еңбекшіл қазақ» газетінің редакторы болып тағайындалған, сол жылы желтоқсанда республика Халық Комиссарлары Советінің төрағасы болып сайланған Сәкен Сейфуллиннің осы мә­селеге байланысты атқарған еңбегі ерекше. Сондағы Сәкен тұжырымдаған басты қағида: 1920 жылы құрылған республика өзінің аты жөнінен де, заты жөнінен де қазақ халқының советтік негіздегі ұлттық мемлекеті болуы керек, ол «Қырғыз респу­бликасы» емес, Қазақ республикасы аталуы қажет, ал ондағы мемлекеттік тіл, ресми кеңсе тілі қазақ тілі болуы керек, көпшілік болып қоғамдық өмірдегі бұрынғы отаршылдықтың қалдықтарымен күресу қажет деген көкейтесті мәселелерге саяды. Сондай мақалалардың бірінде Сәкен: «Қағаз бетінде теңдік алғанмен... іс жүзінде кейбір беттерде теңдік ала алмайтындарын әр ұлттың өзінен шыққан коммунистері артығырақ біледі... Мемлекетке, коммунист партиясына бұрын кем болып келген ұлттан шыққан «ұлтшылдық» қатерлі ме, жоқ бұрын ұлық, қожа болып қалған зор ұлттан шыққан «өзімшілдік», «отаршылдық» қатер­лі ме?» деп сұрақ қоя келіп, оған РК(б)П ХІІ съезінің  шешімдеріне сүйене отырып былай жауап береді: «Партияның әм Совет үкіметінің жалпы істеріне, жалпы бағытына ең үлкен қатерлі, үлкен кеселді, зиянды нәрсе бұрынғы зор болып қалған елден шыққан «отаршылдық», «өзімшілдік»... Ең аянбай күресетін затымыз осы» (Сейфуллин С.Шығармалар. 5-том. Алматы, 1963. 156-157 бб.).

Сәкеннің пікірінше, «отаршылдық» пен өзімшілдіктің немесе ұлыдержавашыл шовинизмнің қалдықтарының бірі қазақ халқының Ұлы Қазан жеңісінен кейін де өзінің тарихи шын атына ие бола алмай келе жатқандығы еді. Бұл ойын ол 1923 жылғы 15 ақпанда «Еңбекшіл қазақ» газетінде шыққан өзінің «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» деген мақаласында толығынан айтты да. Онда былай делінген: «Бұл күнге шейін қазақты орыстар «киргиз» деп келді. Не себепті қазақты орыс «киргиз» деп  кеткенін тексермей-ақ, ол киргиз – қырғыз деген аттың қалайша қазаққа жапсырылып кеткенін баяндамай-ақ, енді бұл тарихи қатенің түзетілуі керек екенін жұртқа айтқым келеді.

Орыстың патшасы қазақты қаратып алып, жалпы қазаққа «киргиз» деген ат жапсырылған соң, орыс патшасының төрелері, жасауылдары қазақты біртүрлі қор, мүгедек, мақау жануар деп санап, «киргиз» дегенде біртүрлі менмендік қиянатпен, қорлаған мазақпен айтатын болды. Ақ патшаның «шарапатына» мәз болған мырзалар қазаққа жоғарыдан төмен қарап, тұмсығын кекірейтіп, пысқырып, «киргиз» дейтін болды. Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда: «Ах ты, Палкан! Киргиздан да жамансың», – дейтін болды.

Ақ патшаның жасауылдарының, төре­­­­лерінің бұл сөздері орыстың надан халық­тарының арасына да жайылды. Келе-келе тұрмыстың игілігін өзгелермен бірдей еш уақытта қазақтың көруге лайығы жоқ деп ойлайтын болып, қала тұрмысына түсіп, оқып, тазарақ тұра бастаған қазақты көрсе таңырқап: «Қарашы, тіпті өзін «киргиз» дейтін емес!» – деп тамсанып жүретін болды.      

Қазақтың бір қылығын жақтырмаса: «Белгілі, енді киргиз болған соң қайтуші еді!» – дейтінді шығарды. Қырға шыққан шабармандары, жасауылдары қазаққа зорлық қылғанда, қазақты қорқытқанда көзін алартып, тісін қайрап, «Уһ, кирги-из» дейтін болды. «Киргиз» дегенді әлгі мырзалар біртүрлі ызбарланып, тістеніп айтушы еді.. Енді ол күндер өтті. Октябрь төңкерісі қазақққа бұлай қарауды тыйды. Енді қазақ та бір, басқа халықтар да бір. Қазір әр жерде осындай тарихи қателер түзетілді, һәм мұндай түзетілген аттарды Совет хүкіметі де қатты ықтияттықпен қабыл  алды. Мәселен,  Хиуаны қазір «Хорезм» жұрты дейтін болды. Сартты «өзбек» дейтін болды, һәм бұл түзетіліп қойған аттарды Совет хүкіметі қолданып кетті. Біз «киргиз» деген атты жоғалтып, «қазақ» деп кетсек, басқа халықтар да бізді «қазақ» деп, осы атты қолданып кетпек. Біздің үлкен бір кемшілігіміз – осы күні басқа жұрттан бұрын өзімізді өзіміз «киргиз» дейміз. Әуелі біздің «Қызыл Қазақстан» журналы орысша: «Кизил Киргизстан» деп аталады. Бұл біздің едәуір әлсіздігімізді көрсетеді. Әгәрдә біздің қазақ жігіттері бұл қатені түзетеміз десе, оп-оңай түзетіп әкетер еді.

Біздің әр қазақ жігіті «кир» деген періні тастап, қоймастан «қазақ» деген сөзді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңіріп үйрету керек. Қазақстанның орталық хүкіметі «Киргиз» деген есімді жойып, «Қазақ» деген есімді қолдануға  жарлық (декрет) шығару керек. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!»

Міне, Сәкен Сейфуллиннің осы пікірімен сабақтас, сарындас ой толғаныстарын жиырмасыншы жылдардың бірінші жар­тысында жоғарыда есімдері аталған және аталмаған ондаған қазақ зиялылары сан рет айтты да, жазды да. Осындай қо­ғамдық-саяси белсенділіктің нәтижесінде республикамызда бұрынғы патшалық отарлау саясатының, сол кезеңде қалып­тасқан ұлыдержавалық шовинистік көзқа­растың қалдығы болып табылатын қазақ халқын бұрмалап атауды жою үшін қажетті жағдай қалыптасты. Мұндай саяси хал-ахуалдың пісіп-жетілуі 1924 жылдың соңына  қарай Орта Азияның ұлттық-мемлекеттік тұрғыдан межеленуіне тұспа-тұс келді. Осы межеленудің нәтижесінде сол кезге дейін Түркістан АССР-інің құрамында болып келген Жетісу және Сырдария облыстарының қазақтар мекендеген уездері Қырғыз (Қазақ) АССР-іне қосылды.

1925 жылғы 15-19 сәуірде республиканың жаңа астанасы Ақмешітте  Қазақстан Советтерінің V съезі тұңғыш рет өлкеміздің барлық аудандары еңбекшілерінің өкілдері қатынасқан жағдайда өтті. Осы съезд қабылдаған қарарлардың ішінде үлкен саяси мәні бар шешімнің бірі – қазақ халқының бұрмаланған, патша отарлаушылары XVIII ғасырдан бастап зорлап таңған  теріс атын – «қырғыздар» атауын өзгертіп, оның тарихи шын атын – «қазақтар» деген атауды қалпына келтіруі болды. Сонымен қатар, съезд Қырғыз АССР-ін Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы деп қайта атады, республиканың жаңа астанасының да аты өзгертілді. Ақмешіт қаласы Қызылорда деп аталды. Көп кешікпей Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің Президиумы съезд шешімін бекітіп, былай деп қаулы етті: «І.Қырғыз Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы деп өзгертілсін. ІІ.Үкіметтің орналасқан жері Ақмешіт қаласының аты Қызылорда деп өзгертілсін».

Қазақстан Советтерінің V съезінің шешімдерінде «Қазақ» және «Қырғызстан» сөздері орыс тіліндегі тіркестерде «казаки», «Казакстан» деп жазылған болатын. Орысша бұл сөздерді осылай жазу 1936 жылға дейін сақталды. Қазақ АССР Орталық Атқару комитетінің 1936 жылғы 9 ақпандағы қаулысына сәйкес орыс тілінде «казахи», «Казахстан» деген неғұрлым дәл атау қабылданды.

«Қазақ» атымызды осылай қайтарып алған едік.    

             Кеңес НҰРПЕЙІСОВ

тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

Қазақстан ҰҒА академигі

1803 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз