• Еркін ой мінбері
  • 30 Шілде, 2021

АУЫЛДА ҚАЛҒАН АДАМГЕРШІЛІК (этюд)

Нұрғали ОРАЗ,

жазушы, «Ақиқат» журналының шолушысы

Әкей өте әңгімешіл кісі. Оңтүстіктен келген пойыз екінші Алматы вокзалының перронына жетіп табан тіреген сәттен бастап-ақ ол кісінің:

– Әй, үйге жүріңдер! Ендігі әңгімені дастарқан басында жалғастырамыз, – деген даусы естіле бастайды. – Біздің балалар «Әкеміз келе жатыр!» деп, кешеден бері дайындалып отыр. Менікі әншейін сарт мәзіреті емес, шын сөзім.

– Рақмет, көке! Қайта біз сізді шақыруымыз керек қой!

Бұл енді, пойызда әкеймен танысып, түні бойы әңгіме-дүкен құрып келген кісінің даусы.

– Ә-ә, міне, біздің балалар, - дейді әкей вагонға қарай асығып келе жатқанымызды көріп. – Қане, танысып қойыңдар!

Сөйтеді де, өзімен бірге келген кісілерді бізге және бізді оларға мақтап таныстыра бастайды. Әкеймен алпыс жыл бір шаңырақтың астында өмір сүріп келе жатқан шешейдің айтатынындай, бұ кісінің «аздап қосып» сөйлейтін әдеті бар. Айталық, ғылым кандидатын доктор, профессорды академик, қарапайым қызметкерді елге белгілі азамат деп таныстыра салу әкей үшін түк емес.

Кей-кейде соған көңіліміз кілт ете қалған­дай болса, оған да айтар уәжі дап-дайын.

– Әй, сендер қызықсыңдар-ай! – дейді екі қолын екі жаққа қарап жайып. – Бүгін доктор болмаса, ертең болады. Онда тұрған не бар? Бұ адамда көңіл деген болмайтын ба еді?! Мен соған ұмтылсын, жетсін деп көтермелеп тұрғам жоқ па!

Рас-ау, кісінің өзі есейгенмен, көңілі бала боп қала беретін сияқты. Жалпы, мақтау сөз кімге жақпайды, кімнің мерейін тасытпайды дейсіз.

Әкеймен бірге түскен жолаушылармен қоштасып, екеуміз вокзалдың алдындағы алаңқайдан таксиге отырдық. Машина орнынан лып етіп қозғалып, Абылай хан даңғылының бойымен алға қарай тарта жөнелді.

Шіркін, Алматының көркі Алатау ғой! Ақ бас шыңдары күн көзіне шағылысып, етектегі жұртқа қасқая қарап, кең құшағын айқара ашады. Тау да бүгін қалаға аузын ашса, көмейі көрінетін ақ көңіл әкейдің келгеніне қуанып тұрған секілді. Тап соны сезгендей:

– Пай-пай, Алматының жөні бөлек қой! – деді әкей терезеден тамсана қарап. – Міне, осындай әдемі қалада тұрып жатқан сендер бақыттысыңдар, жігіттер!

Бұл сөзге қараторы өңді, қағылездеу таксист екеуміздің ішіміз жылып, жүзімізге қан жүгіре бастады. Қалаңа қарап айтса да, қораңа қарап айтса да, «мақтау сөздің жан семіртетініне» дау жоқ.

– Иә, балам, өзің қай жақтансың? – деді әкей енді таксистке қарай бұрылып.

Ол бірден жауап қата салмай, іркіліп отырды да:

– Қызметті айтасыз ба? – деді әкейдің өзіне қарсы сұрақ қойып.

– Е-е, қазақ болған соң, ата салты бойынша алдымен еліңді, туып-өскен жеріңді сұраймыз да!

– Оңтүстік жақтанмын, – деді таксист қысқа ғана жауап қатып.

– А-а, оңтүстіктің қай жерінен боласың?

– Сарыағаштан.

– Өй, бәрекелде-е, өзіміздің ауыл жақтан екенсің ғой!

– І-і, Сарыағаштың дәл өзінен емес, – деді таксист сөзден тайқып. – Оның ар жағында... Әлімтау деген жер бар...

– О-о, айналайын, Әлімтау дейсің бе?! Мен ол жақты жақсы білем ғой. Кімнің баласысың?

– Әкеміз ертеректе, біздің бала кезімізде қайтыс болған. Сіз танымайтын шығарсыз...

– Мүмкін, – деді әкей әруақтың түп-тамырын қазбалауға ыңғайсызданғандай. – Әлімтау деген, құтты қоныс қой! Әсіресе, төрт түлік малға таптырмайтын жайылым. Ол жақта ел жұтапты деген сөзді естіген емеспіз!

– Иә-ә... малға жайылым жеткілікті-ау... Бірақ су тапшы. Жазда шөп қурап кетеді...

– Бірақ, ол даланың берекесі мол. «Біздің жақтың малы топырақ жесе де семіреді» дегенді естіп пе едің.

– Естідік қой.

– Ендеше, сол сөзге мән беріп, ой жүгіртіп көрдің бе?

– Қайдам-м...

– Олай болса, тыңда. Шөлейттің шөбі құнарлы болады. Жаздыгүні қурап, жапырағы желге ұшып кеткенімен, дәні жерге төгіледі. Жайылып жүрген мал соны жалап семіреді.

Ілгеріде мынадай бір қызық болған. Кеңестік империяның тізгінін ұстап отырған мәскеулік мырзалар тың игеру жылдарында шөлейт далада тұратын қазақтардың тұрмыс-тіршілігі мен денсаулығын мұқият зерттеуге бұйрық берді. Сол кезде көкөнісі, жеміс-жидегі жоқ ауылдарда тіршілік етіп жатқан жұрт неге қырқұлақ (авитаминоз) болып ауырмайды деген сауал туындады.

Өйткені олар денсаулығын тексерген ауыл-ауылдағы ақсақалдардың  сүйегі мықты, қаны таза, тістері бүтін болып шықты.

Содан бір қарт профессор шөлейт далада жайылған малдың еті мен сүтінде адам ағзасына қажетті барлық дәрумендер бар деген қорытынды шығарды.

Әне, көрдіңдер ме?!

Әкейдің әңгімесі әсер етті білем, менің көз алдыма алыстағы Әлімтау өңірі елестей бастады.

Көктем мезгілінде көкорай шөбі ырғалып, көкше теңіздей толқитын шөлейттің бір белесіне шығып алып, айнала-төңірекке қарасаң, көкжиегі керілген дарқан даланың кеңдігіне, расында да, қайран қалатынсың.

Әншейінде кеуде керіп, сол кеуденің ішіне небір асқақ армандар мен  қат-қабат уайымдарды толтырып алып жүретін пенде шіркіннің, шындап келгенде, мынау алып дүниенің бір түйір тозаңы ғана екенін сол жерде анық сезінетінсің...

– Әлімтау ежелден-ақ әулиелі, киелі жер ғой, – деді әкей әңгімесін жалғап. –Ол жақта туып-өскен азаматтарды табиғаттың өзі шыңдайды. Жастайынан еңбекке араласып, есейе келе елге тірек болатын жігіттерден айналмайсың ба! Мына менің Әлімтаудағы достарым нағыз сондай, жаны жомарт азаматтар.

Әкей енді бір-екі кісінің атын атап, әдеттегісінше жер-көкке сыйғызбай мақтай жөнелді. Өз ауылдастарының мерейі өскеніне қуанып, таксистің де өңі жылып:

– Ол кісілерді жақсы білем ғой, – деп басын шұлғып қояды.

– Иә, айтпақшы, – деді кенет әкей өзінің Әлімтауда емес, Алматыда келе жатқаны есіне түскендей қауқылдап. – Олардың осында бір Мұқан деген інісі бар. Кішкентайынан оқу-білімге құмар, ынталы жігіт боп өскен. Қазір осы Алматыдағы маңдайалды академиктердің бірі деп естимін.

Неге екені, әкейге жымия қарап отырған таксист қалада өзінің академик жерлесі бар екенін естігенде езуін жиып ала қойды. Бірақ, оны әкей байқамаған сияқты. Әлімтаудың акдемигін аспанға көтере мақтап, қарсы алдымыздағы Алатаудың бір биік шыңына апарып қоя салғандай кейіп танытып келеді.

Таксист өзінше тұнжырап, әркім өз шаруасын білуі керек қой, ол академик болса, мен де қара жаяу емеспін дегендей үнсіз қалды.

Әңгіме жол қысқартып, біраздан соң машина біздің үйдің алдына келіп тоқтады. Енді қалтамды қарманып, жолақысын ұсына бергенімде:

– Жоқ. Керегі жоқ, - деді таксист қолымды кері қайтарып.

Мен аң-таңмын.

– Неге?..

– Бүгін көкеммен танысқаныма өте қуаныштымын.

Осы сәтте әкей де оның бетіне аңтарыла қарап:

– Әй, інішек, бұл сенің еңбегің ғой! Ал, - деді. – Ал!..

– Көке... – Таксист әкейден біртүрлі ыңғайсызданғандай қысыла, күлімсірей қарап, аз-кем мүдіріп қалды. – Ештеңе айтпай, үн-түнсіз кете беруге дәтім шыдамай отыр. Жаңағы... өзіңіз мақтап, көкке көтеріп келе жатқан Мұқан менмін ғой...

– А-а, солай ма?!

Енді әкей аң-таң болды. Бірақ ол кісі мен сияқты тымырайып үнсіз қалған жоқ.

– Ой, айналайын, – деді құлашын жазып, сол қолымен Мұқанды иығынан қапсыра құшақтай алып.

Ол да көптен сағынып, көкесінің жолын тосып, күтіп жүргендей кеудесіне бетін басып, басын иіп жатыр.

Екеуінің де көңілінде мейірім, туған жерге деген сағыныш оянып, жаздыгүні шөлейт даланың сусынын бір қандырып, ағыл-тегіл құйып өткен нөсер жаңбыр секілді іштей егіліп отыр.

– Ал-л, Мұқанжан, үйге жүр! – дейді әкей әй-шай жоқ.

– Жо, рақмет, көке, – деп жатыр Мұқан алақанын кеудесіне қойып. – Келесі жолы. Бүгін емес. Әуелі мен сізді қонаққа шақыруым керек.

- Әй, Мұқанжан, сен өйтпе. Мына үйде мені күтіп, балалар дастарқан жайып отыр. Екеуміз енді асықпай, шай ішіп отырып әңгімелесейік.

– Рақмет, көке! Сізге ризамын. Бірақ... мен әлі академик бола қойғаным жоқ. Баяғыда кандидаттық диссертация қорғағаным рас. Сосын, өзіңіз білесіз, заман өзгеріп кетті ғой. Ғылымды тастап... әр түрлі жұмыспен айналыстық... бала-шаға бар дегендей...

– Ойбай, Мұқанжан-ау, қазір академик болмасаң, кейін бола жатарсың. Мен сені ол үшін шақырып отырған жоқпын!

– Рақмет!..

Қанша дегенмен, қаланың аты қала емес пе. Ауылдағыдай аңқылдап, әкей айтқандай, «арсалаңдап кіріп бара салу» деген жоқ бізде.

Содан да болар, Мұқан қызарақтап, қайта-қайта рақмет айтып, үйге кірмей кетті ақыры. Жолақысын да алған жоқ.

Үйге кіреберістегі баспалдақпен жоғары қарай көтеріліп келе жатып әкей:

– Онысы несі-ай! – деп қояды Мұқанның бұл қылығын түсінбегендей наразы дауыспен. – Дайын тұрған шай. Үйге кіріп, бір-екі кесе ішіп, әңгімелесіп кетсе болмай ма?

– Енді... – деп күмілжимін мен. – Қалалық жерде...

– Әй, – деді кенет әкей менің сөзімді аяқтатпай, бетіме тіксіне қарап. – Сендер немене, адамгершіліктің бәрін ауылда қалдырып кеткенсіңдер ме?!

Мен төмен қарап, үн қатпадым.

– Бір қалада тұрасыңдар. Бір-біріңді танымайсыңдар. Жөн-жосық сұраспайсыңдар. Араласпайсыңдар, – деп әкей жоғарғы қабатқа жеткенше  сөйлеумен болды.

Рас-ау! Біз ауылда біраз дүниемізді қалдырып кеткен сияқтымыз ғой...

2650 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз