• Тарих толқынында
  • 31 Шілде, 2021

СТАЛИНДІК ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАҒАН ӘЙЕЛДЕР

Құралай Сәрсембина,

тарих ғылымдарының кандидаты

Қазақтың қатпарлы тарихына үңіл­генде елдік пен ерліктің, даналық пен даралықтың, тұлғалықтың, түйіндеп айтқанда биік рухтың сан мыңдаған үлгілеріне жиі кезігеміз. Ұлттық рухтың қаймағы бұзылмаған заман да, сол заманның адамы да бізге түзу жол нұсқаушы. Өткен бабалардың ұрпағы үшін жан қиған ерліктері, аналардың ұрпағын естілікпен тәрбиелеген қалпы мәңгілік рухани азық. Бабаларымыз қандай жағдай болмасын ең алдымен адамдық қалыптан айырылмау керектігін ұрпағына  ұғындыра білді. Ар-ұят, обал, сауап, ерлік, елдік, даналық және өзге де өмір мәндік түсініктерді бала бойына жастайынан сіңіре білді. Алдымен адамның адам сипаты болуы шарт деген Абай формуласы, қазақ даналығының жемісі. Сол қазақ даналығымен ұлтын сүйген зиялылар сусындады. Сондықтан да, олар халыққа жақын болды. Жүсіпбек Аймауытұлы жазғандай: мен ұлтқа кіндігіммен байланып қалғанмын... оны үзе алмаймын, үзу де қолымнан келмейді…

Адам баласына өзіндей сенетін қазақ халқының басына адам айтқысыз қасіреттің орнығуы мүмкін емес еді. Алайда, адамның ойына келмейтін жауыздық түрлері, адам айтып жеткізе алмайтын қасірет қызылдар билігімен ере келді. Ұлттық болмысқа жойқын шабуыл басталды. Ұлттық рухты күретамырынан жоюдың неше түрлі амал-әдістері жасалынды. Ұлтын сүйген зиялыларды жойып, кедейдің қорғаны бола білген байлардың тоз-тозын шығарып, отбасының шырқын бұзып, әйел-аналарды, жасөспірім балаларды жазықсыз соттап, өмірдің қатігездігінен бейкүнә сәбилерді жетімдер үйлеріне тоғытып, адамның ақылына сыймас қатыгездіктің небір түрлері жасалынды. Бөлшектеу саясаты барлық саладан көрініс тапты. Тап күресі, бай мен кедейді «жауластыру», әйелін күйеуіне, баласын ата-анасына қарсы, адамдарды бір-біріне  қарсы сөз тасуға итермелеу сынды адами құндылықтарға жат жаман құбылыстар бас көтерді.

«Кәсібі мал баққан, әлеуметі рубасыға табынған жұртта тап жігі – байлар, кедейлер тобы деген нәрсе анық болмайтындығын айтып (Жүсіпбек Аймауытұлы) шырылдаған алаш зиялыларының үнін билік естімеді» де.

Қызын төрге отырғызып құрметтеп, ұлының арқасынан қағып, ер образымен өсірген қазақ рухына, түйіндеп айтқанда ұлттық санаға сызат түсті. Қызылдар билігін жамандау мақсат емес, бірақ тарихи шындық айтылғанда ғана тарихи таным шеңбері ұлғаятындығы ақиқат. Сол заманның шындығын Алаш зиялылары кезінде талдап та кетті. Ахмет Байтұрсынұлы бейнелегендей: Еркін көшкен Елің қайда? Ел қорғаны Ерің қайда? Тура айтатын Биің қайда? Би бардағы Күйің қайда? Адал көңіл Антың қайда? Жалған анттан Сақтық қайда? Бауыр тартқан Жүрек қайда? Намыс қызған Сүйек қайда? Ер орнына Еркек қалды, Көлеңкеден Үркек қалды. ...Бауыр, жүрек Талас боп тұр. Намыс, сүйек Қалаш боп тұр. Малың алдау, Талауда тұр. Жаның арбау, Қамауда тұр.

Кеңестер билігі патшалық Ресейдің заңды мұрагері. Патшалық Ресейдің отарлық саясаты салдарынан өз билігінен айырылған халықтың  саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайының мүшкіл болған­дығы да қалың жұртшылыққа мәлім. Сұлтанмахмұт Торайғырұлы талдағандай: Бұқар тұсы қазақтың бүлінгені, Күн батыстан суық жау көрінгені... Абай тұсы халықтың бұзылғаны, Қаралыққа айналып қызыл қаны... «Маса» тұсы елдігін қазақ жойған, Ұмытқан, елдік деген сөзді қойған... Одан әрі Ұлтшылдық, намысшылдықтың қарасы ұшып, Есіл-дерті шен мен шекпен болғандығы, далалық табиғатты бұзып алғандығы, жат пышағы жанын сойғандықтан, мал секілді үрку мен қорқу болғандығы айтылып, «Жеріне, елдігіне әм дініне, құрылған талай тұзақ, талай қақпан», – деген қорытынды жасалынады.

Кеңестік Ресей ұзақ жылдарға созылған отаршылық қамытынан әбден қалжырап, титықтаған халықтың жағдайын өз саясатын жүргізуге шебер пайдаланды. Сонымен, патшалық Ресейдің отарлау саясатын жалғастырған қызылдар билігі орныққан күннен бастап өзінің қол астындағы халықтарға репрессиялық шараларымен танымал болды. Ұлттық болмысымызға түскен сызаттарды одан әрі тереңдетуге аянбай кірісті. Алайда, ұлттық тәрбиенің қуаттылығы халқымыздың өз болмысынан ажырамауына себеп болды.

Ашаршылық, жаппай саяси қуғын-сүргін тоталитаризмнің табиғатынан туындады. Философ ғалым А.Айталы жазғандай: «Ал қатігездік, күшке салып зәбірлеу, шындықты бұрмалау, жасыру, ұлтты жікке, тапқа бөліп айдап салу, асыра сілтеу тоталитаризмнің мәні, оның табиғи болмысы» (Абай кз.2021, 5 наурыз). Тоталитарлық қоғамның табиғаты адамдарға жақсылық, ізгілік жасауға қабілетсіз. Алайда, осы тұста М.Шоқайдың «Жаман ұлт болмайды, жаман адам болады» деген даналығын да жаза кетуіміз керек. Қызылдар билігі мен орыс халқы түсінген адамға екі бөлек түсініктер. Кеңестердің басты қателіктерінің бірі әр ұлтты өз биігінен көрмеуі еді.

Саяси қуғын-сүргін, ашаршылық тақырыбы тәуелсіздік алған уақыттан бастап тереңнен зерттелініп келе жатқан тақырыптардың бірі. Танымал тарихшы ғалымдарымыз осы тақырып төңірегінде құнды еңбектерін жариялап, ұлттық сананы көтеруге өлшеусіз үлес қосуда. Мәселен, М. Қозыбаев, К. Нұрпейісов, М.Қойгелді, Т. Омарбеков, Қ. Алдажұманов және өзге де ғалымдардың еңбектерінің ғылыми маңызы жоғары. Отандық ғалымдардың еңбектері оқиғаның себеп-салдарын, мәнін, барысын, салдарын толықтай ашып көрсетеді. Қызылдар әкелген қасіреттің ауқымдылығы соншалықты, оны толықтай зерттеп шығу да өте күрделі. Тарихшы ғалым Т.Омарбеков: «Зиялыларды қуғындауды геноцид деуге келеді... Қазақтың бетке ұстарларының бәріне, большевик  немесе  алашордашыл болғанына қарамастан  оларға қарсы сот ұйымдастырып, арнайы тапсырмамен, бұйрықтармен көзін құртқан. ...Қазақтың ақыл-ойы бола алатын адамдардың көзін жоюдың геноцидтік сипаты бар екенін мойындаған жөн, өйткені, олардың бәрін «Ұлтшыл» деп айыптады», – деген тарихи тұжырым жасаған еді (Алаш 24kz.-04.06.2021. Ұлт зиялыларына жасалған қуғын-сүргіннің геноцидтік сипаты бар). Одан әрі ғалым 1992 жылы жоғары кеңесте аштықты геноцид деп тану жөнінде құжат қабыл-данғандығын, ол құжатқа Жоғары Кеңес басшысы С.Әбділдин қол қойғандығын жазады. Байқап отырғанымыздай, сол жылдары да тарихшыларымыздың маңдай терімен ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген.

Ал, «Ақиқат» журналының 2021 жылдың мамырдағы санында тарихшы ғалым Х.Әбжановтың «Қазақстандағы қуғын-сүргін және ұлт менталитеті» мақаласында: «Қысқасы, қуғын-сүргіннің тарихи, тұлғалық,  саяси-идеологиялық, құ­қық­тық бастауларын, ауқымы мен кезеңдерін ғылым мүмкіндігін жегумен зерделеу індеттің алдын алудың, қайта­латпаудың, зардаптарынан арылудың басты шарты. Әрі-беріден кейін, мил­лиондардың тағдырын қиғандықтан, жекелеген елдерде қолданылуы әлі де тоқтамағандықтан оны жаһандық қауіп-қатер ретінде мойындағанымыз жөн.

Кеңестік тоталитарлық қуғын-сүргіннің сипатын сөз қылғанда ол ауық-ауық ашық террорға ұласқанын, одақтас республикалардың бәрінде ұлттық және халықаралық заңдарды өрескел бұзу және қылмыстық әдіс-тәсілмен, барып тұрған имансыздықпен мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілгенін ресми бекемдеуіміз керек» – деп түйінделген-ді.

Кеңес өкіметі құрылған күннен бастап өз саясатын қуғын-сүргін шараларымен бастады. 1918 жылы 21 ақпанда РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі «Социалистік Отанға қауіп төнуде» деген лениндік декретті қабылдады. Оның 8-бөлімінде «Неприятельские агенты, спекулянты, громилы, хулиганы, контрреволюционные агитаторы, германские шпионы расстреливаются на месте преступления» [1.с.5] – деген жолдар жазылды. В.И.Лениннің өзі «…Федоров жолдас… барлық жерді уақыт жібермей тексеріңдер, жаппай тергеу жүргізіңдер. Қару сақтағаны үшін ату жазасына кесіңдер» – деген бұйрықтың бастаушысы болды [2]. Ал, 1919-жылы 14 қарашада Халық Комиссарлар Кеңесі «О рабочих дисциплинарных товарищеских судах» – деген декретінде, – еңбек тәртібін бұзушы мен себепсіз норманы орындамағандарды 6 айға дейінгі мерзімде еңбекпен түзету лагерьлеріне қамауды ұсынады [3]. 1920 жылдан бастап ВЧК-ГПУ-НКВД халық арасынан «кеңестерге қарсы мәліметтерді» жүйелі түрде жинаған [4 с.17]. Жак Россидің айтуынша 1920 жылдың басынан бастап-ақ «контрреволюциялық» немесе «кеңестерге қарсы» іс-әрекеті үшін айыпталғандарға 6 айдан жоғары мерзіммен бас бостандығынан айыру жазасы берілсе, ал 1930-жылы  РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-10 бабымен 10 жылға сотталғандар саны миллионға жетіп, ГУЛАГ халқының 25 процентін құраған.

Кеңестік саясаткерлер әрбір әлеуметтік топтың, таптың қоғамдағы орнын жете зерттеді. Мәселен,1928 жылы Кеңес өкіметі қазақ байларын төмендегідей жікке бөлген [5].1) Бай, құрметті кісі, 2) Бай, мал сатумен айналысушы (бай торговец), 3) Орташа «сасық бай», 4) Бай атқамінер.

Ал кедейлерді былайша бөледі: 1)діни көзқарасы жоғары кедей, 2) баймен жақсы араласатын кедей, 3) өзінің таптық мүддесін сезінген кедей.

Қазақ әйелдерінің қоғамдық өмір­дегі орнын мұқият зерттеген кеңес саясаткерлері, олардың саяси, құқықтық, әлеуметтік жағдайларын өз мүддесіне орай бейімдеп, өзгерістер енгізді. Осы мақсатпен ХХ ғасырдың І ширегінде саяси оқиғалардан титықтаған, қолдан жасалған ашаршылықтан қырылып қала жаздаған, ал оның алдында патшалық отарлаудан қалжырап, әлеуметтік жағдайы нашарлаған халықтың күнкөріс қиындығын кеңестік саясаткерлер өте ұтымды пайдаланады. Экономика арқылы әйелдердің саяси-құқықтық жағдайларын «өзгерту» саясаты шебер ұйымдастырылған. Әйелдерді социалистік құрылысқа тарту мақсатында қабылданған заңдар мен нұсқаулар аз нәтиже бергендіктен, конференциялар, сьездер, жиналыстар, тіпті әйелдермен жеке әңгімелесулер де жүйелі түрде өткізілген. Әрбір өңірдегі әйелдерді социалистік  құрылысқа тарту ісі туралы мерзімдік баспасөзге жариялаған мақалалардың саны да арнайы тексеріліп, нәтижесінде партия нұсқауын орындамаған  басшылар жазаланады. Осы тұстан кеңес үкіметі саясатын қызу насихаттаған «белсенділіктің» сырын да байқауға болады. Әйелдерге қатысты жүргізілген саяси шаралардың барлығы дерлік науқаншылдық сипатқа ие болды. Нәтижесінде кәсіби білімге мән берілмей,  қиыншылықтар мен олқылықтар қатары өмірден орын ала бастады.

1920 жылдан бастап республикада тұрмыстық қылмыспен күресудің механизмдері жасала бастады. 1928 жылы тұрмыстық қылмысқа қатысты заңдардың барлығы бір жүйеге келтіріліп, РСФСР қылмыстық кодексінің «Рулық тұрмыс қалдықтарын құрайтын қылмыстар туралы (о преступлениях, составляющих пережитки родового быта)» деп аталатын 10-шы тарауында жинақталады [6]. Осы заңдар негізінде кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту басталады. 1926-29 жылдардағы тұрмыстық қылмыс түрлерін талдағанда, оның шамамен 60 проценті қазақ әйелдеріне қатысты қозғалған [7]. Ал, сол кезеңде А.Штуссер қазақ халқының арасында 1924 жылдан бастап қалың мал мен көп әйел алушылыққа қарсы күрес   шаралары күшейгенімен, тұрмыстық қылмыстың азаймағандығын, керісінше жылдан жылға өскендігін көрсетеді [8]. Сондай-ақ құда түсу кәдесіне қатысқандар да партия қатарынан шығарылып, айыпқа тартылған [9].

1928 жылы Қазақстан халық соттары тарапынан ұйымдастырылған 738 көрсеткіш сот процестерінің шамамен 50 проценті әйелдерге қатысты қозғалған тұрмыстық қылмыс болды [10]. Осылайша «Патриархальды қалдықтарға» қарсы күрес жылдан-жылға күшейе түскен. 1928 жылғы 10 желтоқсандағы қазақ өлкелік БК(б)П комитетінің отырысында «әйелдерді кері кетірудің барлық түрлеріне қарсы белсенді күресу»  қажеттілігі қатаң бұйырылады. Мәселен, «…Убийство и насилие в данных случаях должно рассматриваться, как контрреволюционное преступление со стороны байства, кулачества и духовенства на одном из участков классовой борьбу на участке раскрепощения женщин…» – деген жолдардан жалпылама айып тағу үрдісінің бастамасын көруге болады. Әйелдерді азат ету «ісін» күшейту мақсатында Сырдария округіне Розыбакиев, Алматыға Ибрагимов, Қарақалпаққа Сарымолдаев жіберіледі [11].

Қазақтар көп шоғырланған аудандарда әйелдердің партия қатарына кіруі өте төмен дәрежеде болғандықтан «қазақы аудандар артта қалған» деген көзқарас қалыптасады [12]. Әйелдердің партия қатарында аз болуы «коммунист әйелдердің дұрыс жұмыс жасамауынан» деп көрсетіліп, партия комитеті арқылы «жұмыс жасамайтындарды тәртіптеу» қажеттілігі де бұйырылады. Сөйтіп, бір адам үшін бірнеше адамды жауапқа тарту үрдісі әйелдер арасындағы кеңестік саясаттан да көрініс тауып, әйелдерді социалистік құрылысқа тарту ісіне сот-тергеу орындары да жұмылдырылады.        1937-1938 жылдары «әйелдерге кесірін тигізуші бай-феодал сарқыншақтарымен күресу» мәселесі өршіп, осы мәселені кәсіподақ, партия, комсомол және колхоз жиналыстарында талқылау қарқынды ұйымдастырылады. Сонымен, саяси-экономикалық науқандарға әйелдерді, қазақ әйелдерін белсенді қатыстыру мақсаты да репрессиялық шараларға ұласты. Қалалық жерлерде әйелдері өндіріске тарту саясаты жүргізілсе, ал ауылда ауыл шарушылығын ұжымдастыру шараларына әйелдерді белсенді түрде қатыстыру ісі қолға алынды. Сталиннің өзі «Женщины в колхозе большая сила. Подавлять эту силу было бы преступлением. Наша обязанность продвигать женщин в колхозах и превратить эту силу в реальность» – деп айтқан болатын-ды [13]. 1928-1929 жылдары қазақ әйелдерінің колхоз құрылысына қатысуы туралы жиі айтылып, жұмысшы және шаруа әйелдер бөліміне саяси мән берілді. 1930 жылы «Каждая кухарка должна уметь управлять государством, в настоящее время как никогда, должен претвориться в жизнь» – деген мазмұндағы жолдар мұрағат құжаттарынан жиі кездеседі [14]. 1929 жылы 25 сәуірде өткізілген Ақтөбе округтік жұмысшы, шаруа әйелдер бөлімі отырысында Баранова деген азаматша «Коммунист әйелдерге косметика туралы ойламай, алдыңды қатарлы әйел болу үшін, коммунистік кітаптар мен газет-журналдарды көп оқу керектігін» айтады. Бұл жағдай жалғыз Ақтөбе емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүргізілген кеңестік саясаттың деңгейін көрсететін еді.

1937, 1938, 1939 жылдардағы облыстық партия жиналыстарының хаттамаларында «халық жауларын мұқият іздестіру, троцкийшілдермен күресу туралы» жиі-жиі айтылып, әйелдер де осы жұмысқа тартылады. Өндірістегі алдыңғы қатарда жұмыс жасаушы әйелдерге, «зиянкестер мен бүлдіргіштерді» тиісті орындарға хабарлап, троцкийшілдерге қарсы күресу міндеттеледі.

Сонымен, Кеңес өкіметі құрылған күннен бастап қазақ әйелдерін социалистік құрылысқа тарту ісін белсенді бастап, «тең құқық беру» саясатын қуғын-сүргін шараларымен ұластырды. Осылайша, қазақ әйелін кеңестік құрылысқа тарту саясаты қазақ қоғамының дәстүрлі дамуын күйретуге бағытталды. Осы мақсатпен «қазақ әйелі революцияға дейін күң болған» деген идеология даярланды. Тек қана саяси мақсаттан туындаған шаралар жүзеге асырылып, ОГПУ-мен қатар қызыл отаулар да әйелдер арасындағы «саяси көңіл-күйді» үнемі бақылап, жоғарыға мәлімдеп отырды.

1928-1931 жылдар аралығында жалған айып пен жала жабу әдісі күшейді және  айыпкерді мойындатудың «әдіс-тәсілдері» жетілдіріліп, ОГПУ-дің қолында peпpeccияны жүpгізyдің даяр механизмі болды. Осы механизм 1930-шы жылдардың ортасында толықтай күшіне енеді. Нәтижесінде саяси қуғын-сүргін жалпылама бағыт алады. Сот-тергеу органдарының жазалаушы қызметі саяси-шаруашылық науқандар барысында қарқынды деңгейде болған. Астық, ет дайындау, бай-кулакты тап ретінде жою, социалистік  меншікті қорғау науқандары кезінде жоспарды орындай алмаған халыққа қарсы қолданылған күштеу, зорлық-зомбылық шаралары өте көлемді. ЮХК сот-тергеу органдарының астық дайындау науқаны барысындағы «жұмыстары» туралы мәліметті екі апта сайын жинап отырған. Науқандар тұсында азаматтар үстінен қозғалған қылмыстық істердің  бірсыпырасының заңсыздығы туралы сол жылдардың өзінде-ақ айтылғандығын мұрағат құжаттары дәлелдейді. Мәселен, «…1928 жылы сотталған шаруалар өз өнімдерін сатпаған және алыпсатарлықпен айналыспаған. Олардың көпшілігінде астықты сату үшін ауылдық кеңестен алынған рұқсат қағаз болған. Астықты мұқтаждықтары бойынша сатқан. Бірақ олардың үстінен заңсыз негізде қылмыстық іс қозғалған» – деген мәліметтер сол кезеңнің ақиқатын көрсетеді. Тіпті, сол жылдары жоспарды орындамағандарды да, орындата алмағандарды да тұтқындау жоғарыдан қатаң бұйырылған [15]. Нан бағасының көтерілуіне байланысты үкімет   саясатына наразылықтар көп болған.

Әйелдерді кеңестік құрылысқа тарту науқанында орын алған кемшіліктерді  «реттеуде» саяси қуғын-сүргін шаралары бас көтереді. Тіпті, әйелдерді социалистік құрылысқа тарту ісі барысындағы қиыншылықтар төменгі партия ұйым­дарының қолдау көрсетпей, кедергі жасауынан деп те бағаланады. «Жөнсіз іс-әрекеттерді реттеу» мәселесі партия комитетіне тапсырылғанымен, оларды түзеу ісіне келгенде партия комитеті сот-тергеу орындарына жүгінген. Нәтижесінде саяси қуғын-сүргіннің  өзіндік жүйесі қалыптасты.

Ал, астық тапсырмағандардың мүлкін тәркілеу кезінде мал-мүлкінен айырылғысы келмей, кеңес өкіметіне қарсы сөз айт­қандардың іс-әрекеті «террористік акт» ретінде бағаланып, ҚК-тің 58-8 бабымен ату жазасына кесілген. Тіпті, ауылдарында бай-кулак қалмағандығын айтқан ауылдық кеңес төрағалары да осы баппен атылып кете барған. «Науқан жос­парын орындауға шамамыз келмейді» деген сөзді айтқандарды «кеңестерге қарсы үгіт-насихаты» үшін  ҚК-нің 58-10 бабымен соттау үрдіс алған. Науқандар барысында өткізілген жиналыстарда білім деңгейінің төмен дәрежесі салдарынан сөз сөйлей алмаған кеңес қызметкерлері ҚК-тің 111 бабымен жазаланған [16]. Нәтижесінде түрмелерге адам сыймай, сотталғандар адам төзгісіз жағдайда  «жазаларын» өтеген. Мәселен, мұрағат құжаттарындағы «1933 жылы 65 орындық Әулиеата түрмесінде 1200 адам қамалған. Олар отырып ұйықтайды. Түрмеде аштан өлу өте жиі кездеседі. Аштан өлгендердің мүрдесі камерада бірнеше күн жатып қалады. Тұтқындар аштықтан бір-бірінің саусақтарын тістейді. Жергілікті әкімшілік бұл жағдайға көңіл бөлмеуде» [17] – деген жолдар жан түршігерлік жағдайды көрсетеді. Түрмедегі тұтқындардың шамадан тыс болуы «таптық күрестің шиеленісуінен» деп түсіндірілді. Кейбір түрмелерде қылмыстық іс қозғалмай қамалған азаматтар да болған. Дәлел келтірер болсақ,  1931 жылы 112 орындық Қызылорда  түрмесіндегі 325 адамның  203-нің ешқандай мәліметсіз қамалғаны анықталған. Ал, 300 адамның түрме қабырғасының жанында көшеде «қамауда» жатқандығы белгілі болады [18].

1937 жылы «контрреволюцияшыл іс-әрекеті» үшін сотталғандар санының шектен тыс көптігінен бұзақылық, алып-сатарлық, ысырап қылу, aт ұрлау секілді қылмыс түрлеріне жазалау саясаты бәсеңдеген [19].

НКВД, ОГПУ орындары халық ара­сындағы әсіресе, темір жол бойындағы саяси жағдай туралы арнайы мәлімдемелерді жүйелі түрде жинап отырған. «Үкімет халықтың жағдайын ойлаған болып саясат жүргізуде. Aл, шын мәнісінде нан бағасын өсіруде. Жұмыс жасағандарға беретін еңбек ақының  өзі өмір сүруге жетпейді...» [20]. Осы секілді реніш пен наразыға толы әнгімелер ел арасында көп болған. Оны ОГПУ, НКВД мәліметтері дәлелдейді.

Мұрағат құжаттарына қарай отырып 1935 жылдың өзінде-ақ халық  арасында партия беделінің төмендегенін көреміз.    Партияны тазарту науқаны шын мәнісінде партияның беделін түсірді. Орталық Комитеттің талаптарына сәйкес құрылған тексеруші  үштіктер барлық өңірлерден орталыққа «қала мен ауылдағы партия ұйымдарын тексеру мен тазарту» туралы мәлімдемелерді үсті-үстіне жіберіп жатты. Тексеру мақсатына сәйкес құрылған сұрақтардың мазмұны өте таяз  екендігін де айта кету қажет. Мысалы, «Туыстарың құдайға сене ме?, Бухарин, Троцкий туралы не ойлайсың? – Германия мен Жапония КСРО-ға неге шпион жібереді? – Шетелдік мемлекеттер арасында шпиондар жіберіле ме? – Қазақстанда Алашорда ұйымын жандандыратын шпиондар бар ма? – Шпион-диверсиялық жұмыстың қандай ашық түрлері бар? – Неге шетелдік барлау КСРО-ға шпиондар көп жібереді? – деген мазмұндағы сауалдар рухани жұтаңдық пен саяси сауатсыздықты көрсетсе керек» [21].

Кеңес өкіметін орнатуға атсалысқан большевиктер де, кейін кеңестік құрылысқа тартылғандар да жаппай, өздері сенім артқан мемлекет тарапынан қуғын-сүргінге ұшырады. 1935 жылы КСРО ІІХК «контрреволюциялық іс-әрекеті үшін» сотталғандарға жазаларын өтегеннен кейін де тұрғылықты жерді өз epкімен таңдауға тыйым салды. Кез-келген «саяси қылмысы» үшін айыпталғандар «аса қayіпті рецидивист» атанған. РСФСР ҚК-нің 58-бабының бөлімдері ішінде, 10-бөлім ғана (Кеңес өкіметі әлсірету үшін үгіт жүргізу) «залалсыз» болған. Ceбeбі, аталмыш бап 8-10 жыл мерзіммен бас бостандығынан айыру жазасын белгілейтін еді. Ал, 58-баптың қалған бөлімдері адамдар үшін аса қауіпті болды [22].

Ол аз дегендей жазғы және күзгі егін науқаны партия ұйымдарының басшылары үшін аса қауіпті болды. Ceбeбі, жоғарыдан белгіленген жоспарды орындамағандар  саяси қуғын-сүргінге ұшырайтын еді. Әртүрлі деңгейдегі партия ұйымдарының қызметі өлкелік партия Комитетінің құжаттарында үнемі «қанағаттанарлықсыз» деп бағаланған. Ал, баспасөз беттерінде халық арасында партияның беделін түсірмеу мақсатында керісінше партия ұйымдарының қызметіне жоғары баға беру дәстүрге айналған.

1937 жылы 22 қаңтарда өткізілген Қазақ өлкелік БК(б)П комитетінің VІІ пленумының қаулысында партия жауларына қарсы күресті күшейту мәселесі қайта-қайта айтылып, әcіpece Қызылорда облысы, Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян, Қазалы аудандары, Батыс Қазақстан облысының Орда, Жамбейті аудандары, Шығыс Қазақстан облысыньң Бесқарағай, Жарма, Ұлан аудандары мен Ақтөбе облысының  Ырғыз ауданын қазақ ұлтшылдығының, ұлтшыл ұйым ордасы ретінде бағалап, оларға қарсы күресті күшейту қажеттілігі көрсетіледі [23]. Сондай-ақ барлық партия ұйымдарына қазақ контрреволюциялық ұлтшылдығына қарсы күресті шешімді әрі жүйелі түрде жүргізу қатаң тапсырылады.

Мұрағат құжаттары зиялылардың көзін жоюдың әдейі ойластырылған саясат екендігін дәлелдейді. Тіпті, сотталып, жер аударылғандарды да «үсті-үстіне» айыптау жоғарыдан бұйырылған. Мәселен, Ақтөбе облыстық БК(б)П комитетінің 1937 жылғы 31 наурызда өткізілген   мәжілісінде қазақ ұлтшылдығына қарсы күрес талқыланып, М.Тынышпаев туралы: «...Көптеген жолдастар қазақ ұлтшылдығы бізде жоқ – деп айтады. Бұл өтірік ...Біз жақында бұрынғы Алашорда жетекшісі,  кезінде сотталып, жер аударылған М.Тынышпаевтың контрреволюциялық іc-әрекетін байқадық. Тынышпаев біздің құрылыста инженер. Парторг оған жақсы мінездеме береді. Алайда, біз тексергенде Тынышпаев барлық уақытта Алашорда партиясының беделі туралы айтады екен...», – деген пікірлер айтылады [24]. Қазақтың жанашыры М.Тынышпаевтың сыртынан айтылған  «болжамдар» жоғарыға жіберілген. Алашорданың белсенді жeтeкшілepінeн бастап, оның жергілікті жерлердегі мүшелерін, тіпті олардың тума-туысқандарын қамтыған қуғын-сүргін саясаты 1937-1938 жылдары өршіп кетті. Мысалы, Қарабұтақ ауданының тұрғындары Жанұзақ, Бүркітәлі  Сисекеновке «Ұ.Құлымбетовтың агенті, алашордашылар» деген айып тағылады. Ceбeбі Сисекенов Бүркітәлінің әйелі Балқия Ұ.Құлымбетовтың апасы еді [25]. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Республикалық басшы қызметтегі зиялылар қуғын-сүргінге ұшырағанда, олардың әріптестері мен әрбір өңірлерге қызмет бабымен жіберілген кадрлары да қудалау көрді. Мәселен, Наркомсовхоз Төреғожин «халық жауы» атанған соң, көп ұзамай Жұрын ауданының қой өсіретін совхозының директорының орынбасары Молдабеков та ұсталады. Қызылорда өңірінен шыққан Молдабеков 1932-1934 жылдары Тәжікстанда қызмет істеп, одан кейін Төреғожиннің тағайындауымен Жұрынға қызмет ауыстырады.  Оған «Голощекиншілермен жұмыс жасағым келмейді, – деп Тәжікстаннан кетіп қалып, нағыз ұлтшыл Төреғожинмен тығыз байланыс орнатқан», – деген айып тағылады. «Халық жауы» атанған басшы қызметкерлердің жүрген жерлері, сөйлескен адамдары тергеуге алынған. Мәселен, Есқараев Жұрынға іc-сапармен келгенде сондағы аудандық БК(б)П комитетінің хатшысы Баймұратовқа “Есқараев Қазақ өлкелік БК(б)П Комитетінің VІІ пленумындағы үлкен сыннан кейін Исаев қатты өкпелеп, өз айналасына  адамдар жинауда... Ұ.Құлымбетовтың 1918-1919 жылдардағы ақ армияға қатысқаны туралы да материал бар...», – деп айтқан. Оны Баймұратов дәлелдейді», – деген жолдардан қудалау саясатының жүйелі түрде жүргізгендігін аңғаруға болады. «Бірін-бірін ұстап берудің арнайы жүйесі жасалынған. Мысалы, Баймұратовтың өздігінен ешкімге барып жоғарыдағыдай мазмұндағы әңгімені айтпағандығын мұрағат құжаттары дәлелдейді. Оған Есқараев келгенде сенімен сөйлесті» – деген жала жапсырылып, «Сырдария губкомының хатшысы болғанда Ходжановшылармен тығыз  байланыс орнатқан»  деген айьп тағылады [25,19-23 пп.]. 1937-1938 жылдары барлық өңірлердегі әртүрлі деңгейдегі партия комитеттері мәжіліcтepінің қалай өткізілгені, оған қанша адамның қатысқандығы да қатаң бақылауға алынады. Мысалы, Қарағанды облыстық партия комитетінің 1938-жылғы 9-тамыздағы мәжілісіне 3 партия мүшесі ғана қатысқан, ал шығыс Қазақстанда 11 шілдеде 4 партия мүшесі ғана қатысқан бюро отырысы өткізілгендіктен, «партиялық қағиданы» бұзғандар жауапқа тартылған [26]. Осы жылдары партия бюросын жиі-жиі шақыру және оған көп  адамның қатысуы, күн тәpтібіндeгі мәселелерді қызу талқылау арқылы партияны құрметтеу қажеттілігі ескеріліп, нәтижесінде мәжілістердің бірнеше сағаттарға созылуы (кейде 7-8 сағатқа да созылған) үйреншікті құбылысқа айналады. КСРО аумағында әртүрлі себептермен өмір сүрген шетелдік азаматтар да Сталиндік қуғын-сүргіннің құрбандығына ұшырады. Оқытушылар мен студенттерден «контрреволюцияшыл, троцкийшіл» мазмұндағы әдебиеттерді тартып алу науқаны 1930 жылдың ортасында күшейді.

1937 жылы жоғару оқу орындары тексеріліп, профессор-оқытушылар құрамына қатты мән беріледі. Дәлел келтірсек: «Әлеуметтік-экономикалық пәндер қафедрасы саяси үйірмелер мен семинарларға көмек бермейді. Оқу орындарында таптық саяси насихаттаулар жоғарыдан нұсқау берілгенде ғана  жүргізіледі. Барлық жоғары оқу орындарында тәрбие жұмысының жоспары да жоқ. Дінге қарсы үгіт жүргізілмейді. Партияға аз кіруде. ҚазПИ-де партияға кіруге 1 арыз ғана, ҚазГУ-де 3, СХИ-де 3 және тағы басқаларда да осындай    мардымсыз   деңгейде арыздар    берілген. Tpoцкистік-Бухариншіл және ұлтшыл-фашист бандит, шпиондарды ғылыми зерттеу мекемелерінен талқандап, сынау, өзін-өзі сынауды күшейту керек. Кітапханалар мен ғылыми-зерттеу институттарын тексеру-тазартуды аяқтап, әйел ғалымдарды қоғамдық саяси жұмыстарға белсенді араластыру керек» [27]. Сот қызметкерлері және мұғалімдерге аттестация жүргізу кезінде 1937 жылы репрессияға ұшырағандар саны күрт артады. Аттестация кезіндегі сотталғандар саны мен тізімі мұрағатта сақталғанымен, оның ішінде әйелдер нақтылы көрсетілмеген. Tек қана партия мәжіліcтepінің хаттамаларынан ғана әйeлдepді табуға болады.

1937 жылы 28 желтоқсанда КП(б)К ОК бюросы «жауапқа тартылғандардың балалары мен туыстарын оқудан шығару» туралы шешім қабылдайды. Осы шешім сан мыңдаған жасөспірімдердің тағдырына өшпестей таңба қалдырды. Қаулының орындалу барысын сот-тергеу орындары қатаң қадағалап отырған. Нәтижесінде, балаға тән көңілмен айтылған жеке пікірлер мен болмашы іc-әрекеттер партияға, кеңестерге қарсылық ретінде бағаланады.

Кеңес өкіметі қуғын-сүргінді қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктеріне  сәйкес әзірлеген. 1926 жылы «Рулық күрестің жетекшілерін жауапқа тарту» да ұмыт қалмай, осыған қатысты РСФСР Қылмыстық Кодекске 236-бапты енгізу күн тәртібіне қойылады Сөйтіп, «Рулық күреске қарсы шаралардың» заңдық негізі жасалады. Мәселен, Темір уезінің қазақтары Ғұмыр Есенқұлов, Абылхан және Ибраш Жұлбатыровтар, Мұқаш Қалменов, Мағжан Суфимулдин, Елтай Қиналин және тағы да басқа адамдар «рушыл күрестің ұйымдастырушылары» ретінде Қылмыстық Кодекстің 57-62-баптарымен айыпталады [28]. Негізсіз, дәлелсіз айыптың тағылу себебін түсінбеген олар КССР Прокуроры мен Юстиция халық комиссарына 12 беттен тұратын арыз жазған. Арыздың иелері өте сауатты азаматтар болған. Оны арыздың мазмұнынан, жазылу құрылымынан да байқауға болады. Арыздан үзінді келтірсек: «...Өкінішке орай, ОГПУ-дің тергеу орындары жеткілікті дәрежеде сауатты болмағандықтан руды контрреволюциялық ұйым ретінде анықтайды. Егер де тергеуші қазақ тілін білмесе, әсіресе рулық тұрмыспен таныс болмаса, оны түсінбейді де, әрі оны зерттеу қиынға түседі. Осы жерден тергеуші қателескен, қазақ руы ертеден патша уақытына дейін де болған. Әрбір рудың мың жылдық тарихы бар. Ал, Кеңес өкіметі 1917 жылы 7 қарашада ғана өмірге келді. Сондықтан да,  қазақ руы Кеңес өкіметіне қарсы күресу үшін пайда болды деп айтуға болмайды. Біздің біріміз «Назар», басқалары «Жекей», ал үшіншілері «Шүрен» руына жатады. Тергеушінің келесі қатесі Назар мен Жекейді бір-біріне жауласушы топ ретінде көрсетіп, Темір уезінде билікке таласады, – дейді. Шапалов жолдас Қылмыстық кодекске өзінің жобасын енгізіп, жаңа статьяларды табуда...»

Дәрігер Ғұмар Есенғұловтың зайыбы Зарина Есенғұлова күйеуінің жазықсыз ұсталуына байланысты КССР Прокуроры мен Юстиция Халық Комиссариатына арыз жазған Арыздың мазмұнына үңілсек: «...Какую родовую вражду он мог иметь против Темирбекова из рода «Жекей», против Байменшина из рода «Назар», против Худайбергена Жубанова из рода «Назар», против Суюпова из рода «Жекей», против Кулбасова из рода «Ожырай», против Қаналина из рода «Жекей». Не может быть, чтобы Назаровец – мой муж шел одновременно и против своих Назаровцев и против русских, и против Жекеевцев, и против Ожырайцев. Это абсурд 96-ой пробы с точки зрения родовой вражды, придуманной лицемерами для сокрытия своих преступлений...» [28,216 п.]. «Рулық күреске қарсы шараларды жүргізу» деген желеумен елді жікке бөлу саясаты да ойластырылады. Саяси қуғын-сүргін осылайша бірнеше мыңдаған отбасылардың шырқын бұзып, адамдардың табиғи құқықтарына нұқсан келтірді. Алты баламен қалып, күйеуінің «ақтығына» жоғарыдағылардың көзін жеткізу үшін талай жерге арызданған ананың өмірін ойыншыққа айналдырған сол бір заман талай отбасының шырқын бұзды.

Кеңес өкіметі заманында «жүз», «ру» секілді этностық, ұлттық тарихи түсініктерге үрейлене қарау үрдіс алды. Ал, бұл атаулардың ұлттық, тарихи түсінік екендігін түсіндіруге ұмтылған азаматтар «ұлтшылдар» қатарына жатқызылды. Кейін КСРО құлағаннан кейін руымен мақтану, атасымен атын шығаруға ұмтылу секілді қазақы болмысқа жат қылықтар бас көтерді.

Әйелдердің саяси қуғын-сүргінге ұшырауы ер адамдардың қудалануымен тікелей байланысты. Қазақтың ұлтжанды зиялылары қудаланғанда олардың отбасы мүшелері де қуғын көрді. Күн көріс жағдайының өте нашар деңгейі салдарынан өз малын өзі сойып жеген немесе бір уыс бидай ұрлаған әйелдер «кеңес өкіметіне қарсы зиянкестік іс-әрекеті» үшін сотталды. Халық медицинасын пайдалану арқылы адам емдеу ісімен айналысқандар да айыпталды. Астық, ет дайындау, бай-кулакты тап ретінде жою, социалистік  меншікті қорғау науқандары кезінде жоспарды орындай алмаған халыққа қарсы қолданылған күштеу, зорлық-зомбылық шаралары өте көлемді. Науқан барысында жүргізілген жазалау шараларына ер адамдармен бірге әйелдер де ілігеді. Мемлекет тарапынан жүргізілген халыққа жат экономикалық науқандарға әйелдер де ашық наразылық танытады. Аталмыш шараларға деген әйелдердің қарсылығы «әйелдердің саяси сауаты мен саяси санасының төмендігі», яғни, олардың «надандығы» ретінде бағаланған. Мұрағат құжаттарында Қазақстанға жер аударылып, өзге аймақтардан сотталып келген өзге ұлт өкілдеріне «шетелдік шпион» ретінде қарау жиі кездеседі. 1932-1934 жылдары «қоғамдық меншікке қол сұққандар» көп болса, ал 1935-1938 жылдары «контрреволюциялық», антисоветтік іс-әрекеті, пиғылы үшін сотталғандардың үлес салмағы күрт өскен.

1935 жылғы 8 сәуірдегі заң бойынша 12 жастағы балаларға да ересектермен бірдей Қылмыстық Кодекстің барлық баптары қолданылады. Айыпқа тартылған тұлғаның отбасы мүшелері даярланып жатқан  қылмысты жеткізбегені үшін 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзіммен мүлкі тәркіленіп, сотталды. Егерде отбасы мүшелері даярланып жатқан қылмысты білмесе де, бәрібір сайлау құқығынан айрылып, Сібірдің алыс аудандарына 5 жыл мерзіммен жер аударылу жазасына кесілді. Ажырасып кеткен әйелдер де ажырасқан күйеулерінің «қылмысы» үшін жауапқа тартылды. Алайда,     түрмелерде сотталған әйелдерге мән берілмей, олардың аты-жөндері де дұрыс толтырылмаған. Мұрағат құжаттарында сотталған әйелдердің әлеуметтік құрамы, жас ерекшелігі, жазалану деңгейі көрсетілмей,  тек қана жалпылама саны беріледі. Оның өзінің де жүйесіздікпен жазылғандығын ескеру шарт. Ақтөбе облысы бойынша УМВД лагерьлік бөлімінде (1549-қор) 126 айыпталған әйелдердің аты-жөндері жазылғанмен, олардың жеке істері 1973 жылғы 12 желтоқсандағы № 6 бұйрық негізінде жойылған. Осындай жойылған жеке істер жеткілікті.  Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған әйелдердің нақты есебін шығару қиын мәселе. 3 қазақ әйелі ату жазасына кесілген: Шахзада Шонанова (34 жаста); Торғай Сүлейменова (33 жаста); Мамила Танатова  (30 жасында).

Еліміздің облыстарынан шығарылған «Азалы кітап»  беттерінде жазықсыз қудаланған әйелдер (РСФСР ҚК 58 бабымен сотталғандар) туралы мәліметтер бар. Алайда, әр облыстан шыққан кітапта саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар түрлі қалыппен жазылған. Шағын мақалада барлық облыстардан шыққан еңбектерді талдау мүмкін емес. «Книга скорби. Расстрельные списки» (Сост.: В.Д. Болтина, л.В. Шевелова  Выпуск 1.-Павлодар, 1999.-220 с.) – кітабы бойынша Павлодар облысында 18 әйел жазықсыз жазаланған, оның 7-уі атылған. Якут -1; Орыс -12; Украин-1; Неміс- 1; Еврей-1; кәріс- 2.

Олардың ішінде жұмыссыз, үй шаруашылығында-2; мұғалім-1; медсестра-1; 6 монахиня, 1 шіркеу қызметкері, 1 табелщица, 2 тігінші, 1  сауыншы бар. Ал, «Қуғын-сүргiн құрбандары – Жертвы репрессий. Актюбинская область» ( Актобе, 1997, Т.1., 314 с., . Т.2., 278 с., Т.3., 250 с.) кітабы бойынша Ақтөбе облысында263  әйел саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Оның 94-і орыс; 55-і қазақ; 39 -ы неміс; 38-і украин; 13-і еврей; 6-уы поляк; 3-уі фин; 3-і татар;  2-уі белорус; 2-уі латыш; 2-уі молдаван, 2-уі грузин, 2-уі әзербайжан, 1-уі  эстон; 1-уі шешен ұлтының өкілдері. Олардың 21-і АЖК (ВМН); 28 өзге өңірлерге жер аударылған.Қалғандары түрлі мерзіммен сотталған.

Атырау облысы бойынша 97 әйел саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Оның ішінде 10 әйел Қазақстанда туған (Деректер https://ru.openlist.wiki  сайтынан алынды). Ұлттық құрамы  келесідей: орыс-26, қазақ-7; еврей-3; неміс-11; болгар-4; парсы-2; мордва-1; литовка-24; поляк-7; испан-1; белорус-1; армян-2; кәріс-1; украйн-5; грек-1; голланд-1; ұлты көрсетілмеген-2.

Бастауыш білімі бары-45; орта білімді-16; жоғары білімді-4; аяқталмаған жоғары білімді-1; сауатсыз-14.

Кәсіптері, қызметтері келесідей: жұмысшы-35; үй шаруасында-3; монашка-2; сатушы-2;белгілі бір кәсібі жоқ-8; колхозшы-4; мұғалім -2; балалар консультациясында жұмыс жасаған -3; кітапханашы-1; балалар үйінде-1; ІІХК ЕТЛ (ИТЛ НКВД)-2; флот-1; аурухана-1; тұтқында -2; теміржол-1; санитарка-2; хим.лабораторияда-1; мұнай саласында-14.

Ату жазасына кесілгендер саны-7 (ұлттық құрамы: 1 еврей, 1 голландық, 1 украин, 2 орыс, 1 мордва, 1 кәріс). Үкімнің орындалғаны туралы анықтамада көрсетілмеген.  1930 жылы 1 әйел атылған, 1937-1938 жж. 5 әйел атылған, 1941 жылы 1 әйел атылған. 34 әйел 10 жыл мерзіммен, 3 әйел 25 жыл мерзіммен, 15 әйел 7-8 жыл мерзіммен, сонда барлығы 52 әйел 7-25 жыл аралығындағы ЕТЛ айдалған.  Ал, 8 әйел 2-5 жыл аралығындағы мерзіммен ЕТЛ-ға айдалған. 15 әйелге қылмыстық іс тоқтатылған. Ал, Шығыс  Қазақстан облысы бойынша 485 әйел саяси қуғын-сүргінге ұшыраған (Деректер https://ru.openlist.wiki  сайтынан алынды).Ұлттық құрамы келесідей: Қазақтар - 42; орыстар - 246 (оның ішінде Қазақстанда туған орыстар саны - 126, Қазақстаннан тыс жерде туған орыстар саны - 123); неміс - 60; поляк - 40; қытай - 31; украин - 17 (1-уі Қазақстанда туған); еврей - 24; татар - 7 (4-уі Қазақстанда туған);  белорус - 2; молдаван - 1; дұнған - 3; шешен - 1; итальян - 1; француз - 1; эстон - 3; армян - 1; кәріс - 1; литовка - 1; фин - 1.

АЖК-47. 9-ы 1941-1943 жж. атылған. Қалғандары1937-1938 жж. ату жазасына кесілген.

Білімі: Бастауыш білімі барлар саны 106; Сауатсыздары - 38; Жоғары білімділері - 25 (6-уы аяқталмаған жоғары білімді); Орта білімді - 38 (10-ы аяқталмаған орта білімді).Әлеуметтік құрамы: Жұмысшы - 88; Колхоз шы - 49; Белгілі кәсібі жоқтар - 11; бухгалтер, кассир - 8, үй шаруашылығында - 11, мұғалім - 21, кітапханашы - 1, студент - 1, балабақша меңгерушісі - 1, медсестра - 14, врач - 4, тіс техник - 1, зейнеткер - 1, солдат - 1. Байқап отырғанымыздай саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың басым көпшілігі 1937-1938 жж. ұсталған.

БҚО бойынша сасяи қуғын-сүргінге ұшыраған әйелдерді зерделегенде (жоғарыда аталған кітаптар бойынша)  репрессияға 1919 жылдан бас­тап ұшыраған әйелдердің көптігі назар аудартты. Мәселен, 1919 жылы 22 әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың көпшілігі 1 жылға бас бостандығынан айырылған, көпшілігінде қылмыстық іс тоқтатылған. 1920-1921 жж.-13 адам (оның 4-уі 5-6 жылға сотталған).

Мұрағат құжаттары сол жылдары дұрыс толтырылмаған. Мәселен, Ақмола облыстық халық сотымен 1929-30 жылдары сотталғандар арасында 150 әйел болса, оның 29-і спиртті ішімдіктерді сақтағаны үшін, 3-уі Кеңес өкіметіне қарсылығы үшін, 6-уы жаппай тәртіпсіздікке салынғаны үшін, ал 22-сі «Кеңес өкіметі туралы әңгіме айтқаны» үшін айыпталған. Ал қалғандарының «қылмысы» көрсетілмейді.  Мысалы, 79 жасында РСФСР ҚК-ң 58-бабымен ОГПУ шешімімен сотталған (Қылмыстық ісінде жазылған) Кубжасарова Райсаны ақталғандар тізімінен таба алмадық. Отбасы мүшелері туралы жеке істерінде жазылмаған.

ЮХК-ті (НКЮ), РСФСР Жоғарғы Сотының қазақ бөлімі, округтік, облыстық халық соттары, ҚазАКСР ІІХК (НКВД) колония­лары мен еңбекпен түзету лагерьлер басқармасының құжаттарында, облыстар бойынша лагерь, түрме құжаттарында әйелдер туралы мәліметтер бар. Сонымен қатар, сол жылдардағы облыстық партия комитеті құжаттарында, ОГПУ мәлімдемелерінде де әйелдерге қатысты деректер мол. ІІМ (МВД) мұрағаты дерек қорлары туралы айтпасақ та түсінікті. Сонымен, мұрағат қойнауларында жазықсыз жазаланған аналар туралы деректер көп. Оларды іздеу, халыққа ұсыну зерттеуші парызы. Түйіндей келе, қуғын-сүргін талай халықтың басына қасірет әкелді. Қазақ халқы жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Адам сапасының күштілігінен (баланы түзу тәрбиелеу) алапат апаттан ұлтымыз әупірімдеп аман қалды. Қуғын-сүргін машинасы тегістеп өткен жолдан, ұлттық рухы қанында бар тұлғаларымыз өсіп-өніп шықты. Олар үндемей жүріп ұлттық рухтпен  қаруланған шәкірттерін даярлады. Ал, қайсар мінез, қайратты аналарымыз туралы әңгіме бір бөлек. Еріне деген адалдықтың биік мысалдарын сол бір қасіретті жылдарда көптеп кездестіреміз. Жолдасының шаңырағын құлатпау үшін қызын қасқырға тастап, ұлын арқалап қашқан аналарымыздың қасіретін айтып жеткізе алмаспыз ешқашан. Жолдас­тарынан айырылып есеңгіреп отырғанда, балаларын тірідей  тартып алып кетіп, өздерін 5-25 жыл мерзіммен ЕТЛ-не қамап, өлместің күнін көрген аналардың өмір үшін күрескен бейнесі мәңгілік тарихта қалды. Олар үшін өмір деген бала мен жолдастары еді. Жүректері мәңгілік шерге толса да, қайғыcы мен қасіреті мол азапты өмір сүрсе де, бәріне төтеп бере жүріп (лагерьден шыққаннан кейін де) балаларын жанталасып іздеп тауып алып, оқытып, тәрбиелеп адам етіп өсіру үшін күрескен аналарымыздың бейнесі мәңгілік үлгі-өнеге. Олар ерекше әйелдер еді!

Қазақ тарихында аналардың бейнесі бір төбе. Үндемей жүріп, ешкімге міндет артпай, күнделікті бейнеті бастан асқан күйбің тіршілікті еңсеріп, ыстық-суықты елемей, балаларын Адам етіп тәрбиелеп, жолдастарына тірек бола білген аналарымыз көзге көрінбейтін ерлік жасады.

Жалпы, адам өмірінде отбасының атқаратын рөлі тым жоғары. Әке асқар таудай биік, ана мейірімі бұлақ көзіндей болғанда ғана бала тәрбиесінің дұрыс болатындығы жұртшылыққа мәлім. Ж.Ба­ла­сағұн ананың ақ сүтімен берілген тәр­бие ажал жеткенше адам бойынан кетпейтіндігін жазып кеткен еді. Әр ұлттың өзіне тән келбеті, мінезі болатындығы да оқырманға мәлім. Қазақ тәрбиесі ұлттық ерекшеліктерімізге негізделген, сырттан таңылмаған, ешкімнен көшірілмеген, боя­масыз, табиғи тәрбие болатын-ды. Қызылдар билігі отбасы тәрбиесін ойрандады. Тектілікті тамырынан жұлуға бар күшін салды. Оның дәлелі – ана мен баланы қуғындау саясаты еді. Қазіргі ұлт өмірінде кездесетін жемқорлық, парақорлық, өтірік айту, уәдеде тұрмау және т.б. жат қылықтар патшаның отарлығы үдеген тұста тамырын жіберіп, қызылдар тұсында тамырын жайғандығын тарих дәлелдеп тұр. Бұл өз алдына арнайы зерделенетін тақырып.

1918 жылы қаңтарда Алаш зиялылары «Қазақ» газетінде: «…Большевиктер дәурені көпке бармас, бірақ большевиктің ылаңының кесірі тез арыла қоймас. Большевиктер – мемлекет ісінің басынан көшер, бірақ көшкенше талайды болдырып, былғап кетер» деп жазғандай, большевиктер ылаңы талайды бүлдірді де. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Красная книга ВЧК / Под. ред. А.С. Валидова.-М.: Политиздат, 1990.-250 с

2. Қараңыз: В.И. Лениннің еңбегінен үзінді мына кітап бойынша беріліп отыр:  Красная книга ВЧК.-М.: Политлитература, 1989.-Т.1. -248 с.

3. Расправа. Прокурорские судьбы. - М.: Политлитература, 1990.-319 с.

4. Советская деревня глазами ВЧК-ОГПУ, НКВД. Документы и материалы. 1918-1922 / Сост. В.Данилов., А.Берелович, Н.Верт.- М.: РОССПЭН, 2000.-Т.1.-864 с.

5. Циркуляры и приказы НКВД СССР за 1928 г. // Ақтөбе ОММ. -9-қ.; 1-т., 47-іс.- 42-п.

6. Қазақ өлкелік ВКП(б) комитеті // ҚРПМ.-141-қ.; 1-т., 2828-іс. -50-п.

7. Материалы по выполнению постановления правительства КССР за 1929 г. // ҚРПМ. -141-қ.; 1-т., 2829-іс. -15-п.

8. Штуссер А. Пережитки родового строя в Казахстане.- Новый Восток.-1929.-Книга 26-27. - С. 162-181

9. Материалы по работе среди женщин за 1929 г. // Ақтөбе ОММ.- 9-қ.; 1-т., 368-іс.- 91-93-п.

10. Протоколы заседании президиума парт. тройки за 1928-29 гг. // Ақтөбе ОММ.- 9-қ.; 1-т., 622-іс.- 193-п.

11. Протоколы совещаний крайженотдела за 1929г. // АқтөбеОММ.- 9-қ.; 1-т., 371-іс.- 15 п.

12. Докладные записки по работе среди женщин за 1937 г. // Ақтөбе ОММ.- 13-қ.; 6-т., 506-іс.-41п.

13. Маннинг Р.Т. Женщины советской деревни накануне второй мировой войны 1935-1940 // Отечественная история.- 2001.-№ 5.- С. 98

14. Қазақ Өлкелік ВКП(б)комитеті нұсқаулары. 1931 ж. желтоқсан // Ақтөбе ОММ.- 9-қ.; 1-т., 506-іс.- 35-п.

15. Жалобы и  заявления граждан 1928-29 гг. // ҚРОММ.- 1380-қ.; 1-т., 261-іс.- 25-п.

16. Совершенно секретная переписка Прокурора Казотделении ВС РСФСР // ҚРОММ. -1380-қ.; 1-т., 389-іс.- 31-36п.

17. Надзор за  местами заключении КАССР // ҚРОММ. -1380-қ.; 1-т., 263-іс.- 201-п.

18. Книга приказов по ИТК. 1930-1931 гг. // Астана ҚММ.- 65-қ.; 1-т., 5763-іс.- 10п.

19. Сводки ОГПУ за 1937 г. // Ақтөбе ОММ. -13-қ.; 6-т., 42-іс.- 38-п.

20. Сводки ОГПУ за 1935 г. октябрь-ноябрь // Ақтөбе ОММ.- 13-қ.; 4-т., 14-іс.- 68-69 пп .

21. Докладные записки, обзоры и спецсводки ОГПУ за 1929 г. // Ақтөбе ОММ. -9-қ.; 1-т., 263-іс.- 2-п.

22. Жак Росси. Справочник по ГУЛАГУ.- М.: Просвет, 1991. -Ч.1. -с.37

23. Коммунистическая  партия  Казахстана  в  резолюциях  и  решениях  сьездов,  конференций  и  пленумов (1928-1937 гг.).- Алма-Ата: Казахстан, 1981.- Т.2.-333б.

24. Циркуляры сводные ведомости и акты за  1938 г. // Ақтөбе ОММ.- 13-қ.; 6-т., 15-іс.- 65-п

25. Протоколы заседании  за 1938 г. // Ақтөбе ОММ. - 13-қ.; 6-т., 52-іс. -17п.

26. Циркуляры сводные ведомости и акты за  1935 г. декабрь // Ақтөбе ОММ. -13-қ.; 7-т., 154-іс.- 5-7пп.

27. Циркуляры сводные ведомости и акты за  1936 г. апрель-май // Ақтөбе ОММ.- 13-қ.; 6-т., 46-іс.- 32-п.

28. Жалобы отдельных граждан за 1926 г. // ҚРОММ. -1380-қ.; 1-т., 164-іс. -208-213 п.

3997 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз